ӨНЕР АЛАҢЫ – ЖАБАЙЫ САУДА БАЗАРЫ ЕМЕС
03.02.2023
368
0

Халықтың көңілін сәулелендіруде театрдың орны бөлек. Сахнаға жан бітіріп, көрерменнің сезімін селт еткізетін қойылымдарды көпшілік назарына ұсыну үлкен еңбекті қажет етеді. Осындай өнер ордасының бірі – Құдыс Қожамьяров атындағы Республикалық Мемлекеттік Академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрындағы бүгінгі ахуал турасында театрдың көркемдік жетекшісі, театр және кино артисі Мұрат Абдуреимұлымен әңгімелескен едік.

Қызметкерлерді дойбының тасындай ауыстыра беруге болмайды

– Мұрат Абдуреимұлы, бірнеше орталықта басшылық қызмет атқардыңыз. Мемлекеттік мекемелерде жауапты жұмыстарда болдыңыз. Екі мәрте мәжіліс депутаты болып сайландыңыз. Енді, міне, театрдың көркемдік жетекшісі ретінде өзіңізге ең жақын өнер саласында жүрсіз. Айналаңызда болып жатқан жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз?

– Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрында қызмет істеп келе жатқаныма елу жыл болды. Он төрт жасымда алғаш рет театр сахнасына шыққан едім, театр мен үшін өмірімнің бөлшегі, отбасым секілді. Театрдың жұмысы күндіз ойымнан, түнде түсімнен шыққан емес. Осы жылдар ішінде әрине, басқа да қызметтер атқардым, екі рет депутат болдым. Бірақ ойым да, қиялым да театр маңынан алыстап кеткен жоқ. Міне, соңғы кезде ұлт жанашырларының шақыруымен, сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлованың тағайындауымен қайта келіп, театрда төрт жылдан бері көркемдік жетекші болып қызмет етіп келемін.
Театр деген – халықтың дәстүрі, тарихы, өнерінің жинақталған орталығы. Қазақстандағы жалғыз кәсіптік ұйғыр театр осы Алматы қаласында ғана бар. Бұл театр – Алматыдағы ғана емес, әлемдегі бірден-бір ұйғыр театры дер едім. Ұйғыр ұлтының отаны болған Шыңжаңның өзінде ұйғыр теа­тры жоқ. Ұлтымыздың мәдени ошағы тек Қазақстанда ғана өз жұмысын кедергісіз жалғастырып жатыр. Театрдың директорынан бастап, есік күзетшісі, еден жуушысына дейін осындай ұлы міндеттің мойындарында екенін сезінуге тиіс. Қазақстанның мүмкіндік беріп, театр жұмысына көңіл бөліп келе жатқанының қадіріне жетуге тиіспіз. Ал театрды дамыту, дәрежесін өсіру осындағы қызметкерлердің қабілеті мен ізденуіне тікелей байланысты. Қазір көптеген азаматтар бүгінгі көз алдындағысын ғана ойлайды, ертеңін, ұлттың болашағын ойламайды. Соңғы кезде театрдың басшылары жаппай ауысып жатыр. Бұл өзі бір науқан секілді асқан жылдамдықпен жүргізілуде. Жастарда жігер бар, білім бар, бірақ тәжірибе жоқ. Оларда менеджерлік бар, бірақ ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік жоқ. Сондықтан кейбір ауыс-түйіс үрдісі театрлар үшін үйлесімсіз жағдай деп ойлаймын.
Мен жастардың билікке келуіне қарсы емеспін. Отыз сегіз жыл бұрын өзім де 34 жасымда осы театрға директор болып келгенмін. Алайда мекемелерді «жасартудың» жөні осы екен деп, тисе – терекке, тимесе – бұтаққа, келсін- келмесін қоя беруге болмайды. Театр кәсіпорын немесе бизнес орталығы емес, бұл жерге театрмен «ауыратын», отымен кіріп, күлімен шығатын адамды қою керек. Театр – өнер ордасы екені анық, десе де, өнерде жүр екен деп, шоу­менді, жалаң айғайшыл артисті алдыға шығарып қойғаннан театр марқадам таппайды. Концерт қойған адамның бәрі театрды меңгеріп кетуі екіталай. Бұл жерде ұлттық драматургия бірінші орында тұруға тиіс. Тағы бір мәселе, театр жұмыссыздарды еңбекпен қамту орталығы емес, бұл жердегі әр адамның дара, дербес орны бар. Оларды дойбының тасындай ауыстыра беруге болмайды. Театр актерінің шеберлігі бір күнде қалыптаспайды. Оған ондаған жылдар кетеді. Жүйелі жұмыс істеп келе жатқан бір адамның мінезі, әлде басқа бір шарты үйлеспей қалды екен деп, қуып жіберсе, оның орнына келген жаңа адам өнерді кері кетіріп ақсататыны сөзсіз. Бастық болған адам келеді, кетеді… Ал театр орнында қалады. Әлгі келген бастық көз алдындағы мүддесі үшін, олай тартып, былай тартып соңынан өзі де тайып тұрады. Сонда ұлттық мәдениетімізге залал келтіргеннен басқа оның пайдасы қандай?.. Менің ішімнің ашитыны содан, қай министр болсын, осы жағына назар аудару керек. Кез келген мекемеде бұрыннан келе жатқан ақсақалдар, аузы дуалы аға буын, мол тәжірибесі бар ақылмандар бар. Солармен санаспай, өз білгенінше белден басу өнердің өрісін тарылтады, құтын қашырады.
Бізде қойылып келе жатқанына қы­рық жыл болған спектакльдер аз емес. Олардың мәнін түсінбей: «Бұл қойылғалы көп болып кетіпті. Оны репертуардан алып, осы заманға лайықты дүниелерді қоюы­мыз керек», – дейтіндер табылады. Ол спектакль неге қырық жыл бойы қойылып келе жатыр? Өзегінде не жатыр?.. Онымен санаспайды да, сызып тастайды. Баяғының «Шаш ал десе бас алатын» өлермендері секілді. Спектакль­дің түпкі мазмұнын білген адам олай істемес еді.
Үш жыл бұрын шыққан мәдениет туралы заңда «Концертте фонограммамен ән айтуға болмайды» деп белгіленген. Біз сондықтан «Нава» және «Яшлиқ» ансамблі­не фонограммасыз, жанды дауыста ән айтқызамыз. Театрда мүлде фонограмма қолданылмайды. Кейбір фонограммаға үйреніп алған әншілер, театрға тосыннан келгендер өнердің аурасына әлі де кіре алмай жүр. Фонограммамен ән айту көрермендерге үлкен құрметсіздік болар еді. Кейбіреулер соның бәрін белден басып, керісінше, әрекеттер жасайды. Ондай жайттар, біріншіден, заңды аяқасты етуде, екіншіден, өнердің құнын түсіруде. Фонограмма – телеарнада, тойда өтуі мүмкін, сахнада өте ұят, театрда мүлде жараспайтын масқаралық.
Қорыта айтатын болсам, театр – ұлттың ұйтқысы, біз театрдағы ұлттық болмысымызды жоғалтып алмайық. Бұл міндет – бүгінгі күннің талабы, болашақ ұрпақ алдындағы бізге жүктелген аманат.

Бір адамға шектен тыс билікті беру – өнер шаңырағына жараспайды

– Өзіңіз айтып отырғандай, театр­ – орны бөлек өнер ордасы. Оның жұмысы әрі нәзік, әрі күрделі де маңызды. Біздің өнер ұжымдары мен заңдарымыздың сәйкестігі қаншалық дәрежеде деп ойлайсыз?

– Біршама уақыттан бері бір жаман әдет жалғасып келе жатыр. Директорға шектен тыс билік берілген. Әр жылы директор әр қызметкермен бір жылға шартқа отырады. Жыл соңында келісімшарттың уақыты толады да, оны жалғасты алып қалуды немесе жұмыстан кетіруді жеке директор өзі шеше береді. Қызметкерді жалғасты қалдыру үшін өзі ғана шешетін дара билік беріп қойған басшыға. Бұл мүлде дұрыс емес. Әсіресе театр секілді өнер ордаларында өте жаман әсер тудырады. Бізде жастармен қатар, ардагерлер, зейнеткерлер қызмет етеді. Өйткені олардың театрда өзіне тән орны бар. Оларды қуып жіберсек, театр ақсайды, репертуар алға жылжымайды. Жасы үлкен артистер мен зейнет жасындағы аға буын дұрыстап рөлдерін алып шығудан бұрын, біз жұмыста бармыз ба, жоқпыз ба деп алаңдай бастайды. Көңілін уайым торлап, жүрегін қайғы басады. Ал директор қаласа қайта алады, қаламаса, қақпаның сыртына шығарып жүре береді. Көпшілік үшін өнердің дәрежесін көтеруден гөрі, билігінің дәрежесін көтеру бірінші орынға айналады. Театр футбол клубы емес, егделерді шығарып, жастарды алып отыратын. Ол – буындар мен буындардың жалғас­уы, ұрпақтың сабақтастығы.
Бір адамға шектен тыс билікті беру өнер шаңырағына жараспайды. Әр жылы қалбырға салып, елеп отыратын ережені доғару керек. Бұндай үрдіс адамдарды алаңдатады, жұмысқа құлшынысты азайтады. Ақылдастар алқасы, көркемдік кеңес жоқ жерде, дұрыс қойылым болмайды. Осы заңның парламенттен қалай өтіп кеткеніне таңым бар. Мүмкін бұл заң басқа жұмыс орнына үйлесетін шығар, біздің саламызға томпақ. Мұндай жауапкершілігі үлкен шаруаны бір адамның мойнына артып қоюға болмайды. Егер ол парасатты адам болса, бір сәрі, өзі білмейтін, білген адамның тілін алмайтын болса, жұмыс тоқырайды. Егер оның қызметі адам алу, адам шығару болып, ұйып отырған ұжымның берекесін қашырса, сәтсіздіктен аяқ алып жүре алмайды. Актер – өнер адамы, оның миында өзінің рөлін сомдау басты орында тұруы қажет. Ұстанымы, мінезі, шеберлігі әр алуан. Қандай да бір басшыға ұнап өмір сүруді көздемейді де. Ең бастысы, ұлттық театрға пайдасы тисе, оны міндетті түрде қолдауымыз керек.
Менің айтайын дегенім, осы «бір жылдық келісімшарт» деген тармақшаны заңнан алып тастау керек. Егер бұл бапты алып тастамаса, талай адырақбайлардың кеудесін өсіріп, талай таланттың еңсесін түсіріп түбіне жететіні анық. Келісімшарттың уақыты жақындаған сайын адамдар жұмыс істеуден бұрын басымен қайғы болып, жүйкелері жұқарады. Өмір бойы артист болып келе жатқан адам, аяқ астынан жұмыстан шыға­рылса, ол енді не істей алмақ?!. Күн­көріс қамы бар, бала-шаға асырайды, несие төлейді… Енді келіп жолортада ығыстырып жіберсе, олардың құқығы мен адамдық бостандығына қол сұққандық емес пе?.. Осы заң нормасын қоғамда талқылап, дұрыс арнасына түсірмесек, дара билікке жол ашатын, демократияны тұншықтырып, диктатураны күшейтетін жағдай қалыптасады.

Не ұлттық емес, не заманауи емес дүниені шығарып күлкіге қалуға болмайды

– Төрт жылдан бері өзіңіз көркемдік жетекшісі болып келе жатқан театрдың шығармашылық базасы, қойылымдардың жағдайы туралы не айтасыз?

– Театрда қойылым, шығармашылық деген басты бағдар бар. Бізде елу шақты қойылымның тізімі тұрады. Солар үздіксіз түрде айналып отырады. Оның елу пайызы – ұйғыр авторларының жазған драматургиясы. Өзгелері – қазақ, орыс, туысқан түркі халықтарының авторлары, одан қалса алыс шетелдердің пьесалары. Біз тағы әр жылы бір рет мемлекеттік тілде, кәдімгі қазақ тілінде спектакль қоямыз. Драматург Дулат Исабековтің «Мұрагерлер» деген шығармасын қазақ тілінде сахналадық. Оны көргендердің бәрі таңғалды. Артистеріміз қазақ тілінде өте жақсы сөйлей алады. Мемлекеттік тілге құрметіміз шексіз, тіл мәселесі бізде жоқ. Бізден басқа ұлттардың театрынан ондай қойылымдарды кездестіру некен-саяқ. Міне, осындай таңдаулы дәстүрлеріміз бұрыннан келе жатса да, кейбіреулер оның байыбына аса бара бермейді. Олар «жаңалық» жасаймыз деп, жүрісінен жаңылады. Олардың миында ұлттық драматургияны дамытудан гөрі, шетелдік байқауларға, конкурсқа қатысатын қойылымдарға басымдылық беріп, ат, атақ шығару­ды көздейді, осы заманғы, музыкалық, эстрадалық «моданы» қуалап кетеді.
Жаңашылдыққа қарсы емеспін. Ал жолдан шығып, лағып кетуге үзілді-кесілді қарсымын. Соңында не ұлт­тық емес, не заманауи емес, қойыртпақ дүниені шығарып күлкіге қалуға болмайды. Тәжірибе алмасу негізінде былтыр Елік Нұрсұлтан және Гаухар Адай деген жас режиссерлерді шақырып, жаңа қойылым жасадық. Г.Насырованың «Меніменен сырласқын» және А.Шапектің «Атақты Галені» біршама сәтті шықты. Ондай жаңалықтарға жол ашамыз, қуанамыз. Театр дәстүрден жаңылып, тұтастай экспериментке айналып кетсе, көрермендерімізден айырылып қаларымыз даусыз.
Шетелден арнайы ұйғыр театрын көргісі келіп іздеп келетіндер, зерттеушілер бар. Біз оларға өздерінің дүниесін аударып еліктеп-солықтап жүрсек, олар үшін түк те қызық емес. Ұлттық сипатымыз бірінші орыннан түспеуге тиіс.

Қазақтың буын биін де көрсетеміз

– Ұйғыр халқында ұзақ ғасырлардан бері келе жатқан «Он екі мұқам» деген күрделі шығарма бар. Осы туындының мән-маңызы қандай?

– Шынында бізде ұйғырдың «он екі мұқамы» деген қазына бар. Оның ұлт­тық бояуы қанық, тарихи мәні терең. Онда оқиға, музыка, ән, би түгел араласады. Алайда ол қойылымдарда эстрада болмауға тиіс. Кейбіреу өзі түсінбейтін болған соң, оны заманнан қалған ескілікке балайды, уақыты өткен деп санайды. Шынтуайтында, мұқамға ұйғыр ұлтының барлық қасиеттері кіргізілген. Сондықтан мұқам – ауыздан-ауызға жетіп, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан түбі бір түркі халқының мәдениеті. Сондықтан 2005 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Біз театрымыздың атына сай етіп қазірге дейін он екі мұқамның алты мұқамын сахнаға шығардық. Бірақ соңғы кезде ақша өте аз бөлінді. Мұқамды қою үшін, киім-кешек, музыкалық аспаптар, орындаушылар, сахналық көріністер, бишілер, талантты әншілер керек. Қаржы едәуір көп кетеді. «Он екі мұқам» – ұйғыр халқының ғана емес, арысы күллі түркі халықтарының мәдени байлығы. Оны бірізділікке түсіріп сақтап қалу – жалпыға ортақ парыз. Сол міндет тарих алдында ұйғыр ұлтының мойнына жүктелген секілді. Осы сахнаға шыққан алты мұқамның әрбіріне пьеса жазылды. Көріністер ойналды. Бұрын тек қана концерт ретінде беріліп келген мұқам жаңарды, түрленді. Осылайша көрерменнің көңілінде қалатын, жүрегіне жететін дүниені алып шықтық. Күні ертең тарих «Он екі мұқамды қазақ­стандағы ұйғыр театры сақтап қалған болатын» деген сөзді айтатын болады. Өзге аудармалар мен эстрадалар тез өшіп кетеді. Ал он екі мұқамға сіңірген еңбек уақыт өткен сайын жарқырап көрінетін болады. Ол ешқашан өшпек емес.
Осы дүниелердің сахнаға шығуына көрнекті жазушы, белгілі драматург Ахметжан Аширидің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол кісі жасының ұлғайғанына қарамастан, ұлт үшін аянбай тер төгіп келеді. Бүгінгі күнде одан басқа біреу ондай тарихи шығарма жазып бере алмас еді. Біз өзіміздің тырысшаңдығымыз арқылы аз ақшамен үлкен жұмыс тындырып жүрміз. Алда тағы алты мұқам, алты қойы­лым жасауымыз керек. Егер біз қойған осы мұқамдар Ыстамбұлда әлде өзге бір түркі мемлекетінде қойылса, олар «Рақмет Қазақстанға!» деп айтар еді.
Мұқам дегенді сіз бен біз ойлап тапқан жоқпыз. Ол – ата-бабамыздың ақыл-парасатының жауһары. Ұлт болып қалу үшін осындай айқын ен-таңбалар ауадай қажет. Ол үшін ақша жұмсауға, аянбай еңбектенуге тура келеді. Олай етпесек, жаһандануға жұтылып кетеміз. Бұл – сонау ертеден келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің бізге жеткен жұрнағы. Ендеше, оны өшіріп алмау – ұрпақтардың борышы. Осы күнге дейінгі әр мұқам әртүрлі тарихтан елес береді. Біреуінде буддизмді, біреуінде шаманизмді, енді бірінде манизмді, тағы бірінде асыл дініміз исламды көрсеттік. Өйткені оның бәрі түркілердің басып өткен жолы болатын. Ендігі алты мұқамда түркі ұлттарының өзіне тән ән-билері де жеке-жеке көрініс табады. Солардың қатарында қазақтың буын биін де көрсетеміз.
Біз бірыңғай ән-бимен ғана шығара салмай, шағын сюжеттер мен эпизодтар қосу арқылы тарихи тұлғалар мен аңыздарды тығыз ұштастырдық. Бұл тәсіл көрерменге қатты әсер етті. Халық алғыс айтып, ризашылықтарын жеткізді.

Түрлі-түсті жарықтар қойылымды басып кетсе, өзекті идея көміліп қалады

– Отыз жылды артқа тастап, Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақ­стан құру идеясымен тың белеске бет бұрдық. Еліміздегі жүріп жатқан реформалар сіздің ойыңыздан шыға ма?

– Реформа дегенді «бұзу, өзгерту» деп түсінетіндер бар екен, шындығында, олай емес. Мысалы, басшылық ауыстыруды реформа деп ойлайтындар бар секілді. Өйткені ұйғыр театрында аз ғана уақыттың ішінде төрт директор ауыстырылды. Бұл эксперименттерден театрдың көсегесі көгеріп отырған жоқ. Өнер алаңы – жабайы сауда базары емес. «Ешкі сойса да қасапшы сойғаны дұрыс» болады. Біз қалыптасқан ұрпақ сабақтастығын, театр мектебін үзіп алмауымыз керек. Қатты қартайып сөйлеуге шамасы жоқ, жүруге қуаты қалмаған кісі болса, оның жөні бөлек. Оған рақмет айтып, шығарып салуға болады. Ал әлі де мүмкіндігі жететін, ұстаздық көрсетер ұлыларымызды майданнан қуу – шектен шыққандық болар еді. Мысалы, қазақ театрында жұмыс істеп келе жатқан Асанәлі Әшімді, Есмұхан Обаевты, Тұңғышбай Жаманқұловты, өзге де мақтаныштарымызды «Сен қартайдың, енді кете бер!» деуге болмайды ғой! Олардың келіп-кетіп жүргені, арасында рөлге шығуының өзі – таңғажайып сабақ. Біздің де сондай мықтыларымыз бар. Орын босату деген жақсы. Егер оның орнын басатын кадр, лайықты артист дайын болса. Өнер – алдында айтып өткенімдей, саяси сахна, бизнес клубы емес. Әр өнерпаздың пісіп-жетілуіне ұзақ мерзім кетеді. Сондықтан асылдарымызды бағалауымыз керек.
Біз «Құдыс Қожамьяров атындағы республикалық Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры» деген аттың үдесіне шығуға тиіспіз. Ол салмақты қайыспай көтеруге міндеттіміз. Жеңіл қарауға әсте болмайды. Барынша тырысып, он екі мұқамды толыққанды қойып шықсақ, үлкен жеңіс болар еді. Ол үшін бізге қыруар қаржы керек. Дұрыс бағытта басшылық, ұжымдық бірлік-ынтымақ қажет. Театрды «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстайтын қабілетті басшы керек. Ол келген адам тек «қызметші», ұйымдастырушы ғана. Сол үшін де оның жеке бас пайдасы мен орынтағына емес, ұлтқа қызмет еткенін қалаймыз!

– Қазір сіз де аға буын актерлердің бірісіз. Кешегі театр мен бүгінгі театрды салыстыра сараптағанда нені байқайсыз?

– Театрдың мықтылығы сол – оның ұлттық болмысының болғандығында. Бұрын да солай, қазір де солай, театр – ұлттың ұйытқысы. Біз секілді саны аз ұлттар үшін тіпті де солай. Көше басқаша, қоғам басқаша болып кетіп барады. Енді келіп театр да солардың сойылын соқса, даңғаза дүрмекке ілесе шапса, ұлттың менталитетін еске салып тұратын ешкім қалмайды. Жас көрермендердің ойы, көзқарасы өзгерсе де, біз олардың ағымымен кетпей, олар біздің дәстүрімізге келуге тиіс, ұлттан аулақ кетуге болмайды. Жас режиссерлердің танымы, түсінігі мен фантазиясы ерекше, өзгеше болатыны анық. Бұл бізді қуантады. Олардың жаңашылдығын, тапқырлығын қолдаймыз. Дегенмен олар сахналанған шығармаларды заманауи тәсілдермен, техникалық құрал-жабдықтармен алға шығарамыз деп ойлайды. Театрда көріністер, кейіпкер сөзі, қимыл-қозғалыс деген бар. Бар нәрсе мазмұнға қызмет етуге тиіс. Ең ақырында ұлттық болмысымыз ашылады. Даңғырлаған музыка, жалт-жұлт еткен түрлі-түсті жарықтар қойылымды басып кетсе, өзекті идея көміліп қалады. Сөзді сыйлаған, тілді қадірлеген халықпыз. Басты нысана көңіл көтеру емес, ойландыру, толғандыру, ертеңді еске салу болмақ. Бір ауыз сөзге жинақтасақ, тағы сол ұлттық болмыстан адаспауымыз керек.

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір