Екі әңгіме

Азат ӘКІМ
АҚШАНЫҢ
БІР АТЫ ӘЗӘЗІЛ
Осы жайсыз оқиғаны аудан орталығы болып есептелетін стансадағы үлкен-кіші кезінде түгел естіп білді. Стансаның теміржол мекемелерінің біріндегі токарь шеберханасында жұмыс істейтін Әбдібай үш аяқты мотоцикл сатып алу үшін ұзақ уақыттан бері қаражат жинап жүретін. Ара-тұра көлденең түсетін табысы бар. Құдай қаласа, желден жүйрік көлікке айналатын ақшасын кейде бір іштей ризашылықпен түгендейді, санап қояды. Біреу үптеп кететіндей жиі орнын өзгертіп тыққыштап жүреді жиған-тергенін. Жеке үйдің қуыс-қолтығы көп. Соңғы рет кебеже ішіндегі әйелінің көктем-күз айларында киетін қызыл етігінің бір сыңарына таза шүберек қиындысына орап салып жатты. Оншақты күн өтісімен жоғын іздеп таба алмай қойғаны. Сан сапалақ шаруа есін шығарғандай қайда жытырып жібергенін ұмытып қалыпты. Кейде үйге емес, отын сарайдың төбесіндегі белдік ағаштың қуысына немесе шаң басқан, қабырғадағы шегеде ілулі тұрған ескі самаурынның өңешіне жасыратын. Бес-алты бөлмелі үй-жайы мен сарайындағы ты-
ғуы мүмкін мүкәмәлді ақтарып-төңкергенімен ештеңе табылған жоқ. Әйелі мен баласы да ештеңе білмейтіндей.
Бәйбішесі қаражат өзінде тұрса шырғасы шықпастан сақталатынын айтады. Алайда, әйел қызықпайтын мүлкәт бар ма? Қолына түскен ақшаны қайда кеткенін тізбелейтін де ойсырайтып тастайтын. Айтқан уәждері рас, бірақ тиын-тебеннің басын құрауға қанағаты, ынта-пейілі жоқ. Жалғыз ұлы көше беттегі алқам-салқам шарбақты тәртіпке келтіргенін, қисайған дарбазаны тіктегенін жақсы көретіндей. Әрі-бері өткен жұрттан ұялатын сияқты.
– Қой, балам, мотоцикл сатып алсақ, ағайын-туыстың берген байғазысына дарбаза мен шарбақты түгел жаңалармыз, – деп басу айтады әкесі. Жетінші класты бітірген баласы Маусым бірде шәй үстінде әзіл-шыны аралас сөйледі.
– Сол ақшаны тауып алсам, ешкім білмейтіндей бір жерге тығып тастаймын.
– Әуелі тауып ал! – деп әкесі мұртының астынан күлетін. Із-түзсіз жоғалған ақша үлкен уайым әкелген, әкесі баласынан күнде тәптіштеп сұрайды.
– Үйге ешкім келген жоқ. Сен алмасаң, кім алады? – дейді. Баласы азар да безер болатыны түсінікті.
– Алғаным жоқ, көке. Мен не істеймін ол ақшаны?
– Мүмкін, бір жерге тығып қойған шығарсың.
– Ол ақшаны өмірі көрген жоқпын. Көрмесем қайда тығамын?
Сенбі күні көршісі, құрдасы Мәулен көшеде Маусымды кездестірді. Жазғы каникулдың кезі.
– Көңілсізсің ғой, – деген Мәулен.
– Әкемнің бір керегіне жинаған азын-аулақ ақшасы бар еді. Сонысын қай жерге жасырғанын ұмытып қалыпты, бірақ мені кінәлі санайтынын қоятын емес, – деп жауап берді Маусым.
Жасөспірімдер бірін-бірі туған бауырындай іштартып жүретіні рас, сырлары бір. Аудандық кітапханаға бірге барып жатса, көркем әдеби кітаптарды қосылып таңдайтын. Ара-тұра қармақтарымен балық аулау үшін қалашық сыртындағы Ақөзекке бара жатады әңгімелері тасып-төгіліп.
– Жоғалып табылғанды жақсы ырымға балап жатады, табылар, – деді Мәулен алаң көңіл досын жұбатқандай.
Сол Әзәзілдей ақшасы түскір ақыры қайыр әкелген жоқ. Әкесі бір ай бойы құлағының құртын жегесін Маусым шарт кеткен көрінеді. Адам намысының құлы. Жексенбі күні әкесі сәске түсте ауладағы көкөністің арам шөбін отауға шықса, отын сарайдың бір қапталында арқанға асылып тұрған баласын көріпті. Бүгін таңертең кешке дейін мұрсат беретінін, осы уақыт ішінде ақшаның бір хабарын айтпаса, ағайын-туыстың талқысына салатынын ескерткен. Ағайын-туыстың өзі қатарлы ұлдары мен қыздары құлағдар болатынын ойлаған, алдын ала ұяттан өртенген баласы жалынып-жалпайып, шыр-пыр болса, көкесі ұрлығының үстінен түскендей одан сайын екіленіп кетіпті. Ашу алда, ақыл артта.
Көп ұзамай-ақ сол ақшасы құрғыр табылғанында қайда тыққаны енді есіне түскен әкесі морт сынған. Жалғыз ұлдың күйігі оңай ма?! Әбдібайдың шашы бір күнде ағарып кетті.
Осы суық хабар көрші тұратын Мәуленнің жан-дүниесін астан-кестен күйге түсірді. Екеуі бір айда, бір күнде өмірге келген, желкілдеп қатар өскен досының күтпеген ажалы алқымында өксік болып тұрғандай. Ілгеріде әкесі Мақаш әскери комиссариаттың шақыруымен Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысып еді. Украина жерінен айықпас дерт тауып қайтты да, ақырында сол ауруынан көз жұмды. Маусымның мезгілсіз қазасына асқар таудай әкесі бүгін қайтқандай қатты қайғырғаны рас.
Бір күні түс көрді Мәулен. Түсінде аудандық кітапхананың оқу залында Маусым мектеп оқушыларына арналған газет тігіндісін ақтарып отыр. Көңіл хошы жоқтай көрінді.
– Көңілсізсің ғой, – деді Мәулен амандасқаннан кейін.
– Әкемнің бір керегіне жинаған азын-аулақ ақшасы бар еді. Сонысын қай жерге жасырғанын ұмытып қалыпты, бірақ мені кінәлі санайтынын қоятын емес.
– Уайымдама, оның жолы жеңіл, – деп жатыр Мәулен. Бір есептен ақшаны тыққан жерін айтса, оны қайдан білетінін сұрайтындай көрінді. Тығырыққа тірелгенімен досын құтқарып қалу үшін жұрттың бәрі хабардар болған құпияны құлағына сыбырлап айтып жатты.
– Кебеженің ішіндегі қызыл етікті қарасын, ақша сол жерде тығулы тұр.
Бір ғажабы, Маусым таңқалған жоқ. Ештеңе сұрамады да. Әкесі айдаған белсебеттің артына мінгескен Маусымды түсінде тағы да көрген. Әлденеге жарысып күлген екеуі көңілді. Қарсы кездескен Мәулен дауыстап сұрап жатыр.
– Табылды ма?
Маусым құрдасы бас бармағын көрсетті, бәрі жақсы дегені шығар. Сол арада Мәулен жердің астынан ба, әлде жеті қат көктен бе? Төтенше дауысты есітігендей болғаны.
Тағдыр ісіне неге араластың, құлыным?! Тағдырдың жазғанын кім, қашан бұзып еді?! дейтін сияқты. Және де марқұм болған әкесі Мақаштың дауысына ұқсайтындай. Қасіретті, өкінішті үн. Үлкен қателікке бой алдырғандай, ойда-жоқта күнәға батқандай жаны қысылып кетті жасөспірімнің. Таңертең төсегінен тұрған жоқ. Елгезек, өмірді қалай көрсе, солай қабылдайтын, жасы үлкенге, қатар-құрбыларына сәлемінен жазбайтын Мәулен мәңгілік ұйқыға кетіпті.
Осы оқиға уақытқа салсаң әлдеқашан болғандай, ал көңілге салсаң күні кеше болған сияқты. Маусымға, сондай-ақ, Мәуленге күнәлар дарымауы керек еді. Зейіндері түзу, ой-ниеті таза екеуі аяқ астында ақирет бақшасына аттанып кетті.
КӘМІЛ СЕНІМ
Ердос былтыр жасы толғасын белгіленген тәртіпке сәйкес зейнетке шықты. Баяғыда жоғары білімі туралы дипломы қолына тиісімен жалпы білім беретін мектепте оқытушылық жұмыстан бастады еңбек жолын, осы ұстаздық қызметінен игілік іздегені рас. Соңғы жиырма бес жыл бойы Астана қаласындағы №5-ші мектепте тарих пәнінен сабақ берген, үлгерімі нашар бірқатар оқушыларының ішкі мүмкіндігіне сенімін оятты. Шәкірттерін ілгері күндерге жетеледі, адал еңбекті сүюді, тарихын бағалай білуді, ұлт тарихынан сабақ алуды хал-қадерінше үйретті. Оқушыларының ішінде осы күні елге, халыққа сыйлы болған аты дардай азаматтар өсіп жетілді.
Ғимараты ескілеу, бірақ көзіне ыстық білім шаңырағына ара-тұра арнайы баратын. Ізін басып келе жатқан әріптестерімен әңгіме-дүкен құрса, көңілі жадырап сала береді, бір жасап қалғандай сезінеді өзін. Кейде қаланы қақ жарып жатқан Есіл өзенінің жағалауында қыдырыстайтыны бар, бір күні әуесқой балықшыларды қызықтап тұрғанында қалта телефоны жанына желеу халық әуенін баяу ырғақпен ойнап қоя бергені.
– Мені танисың ба? – дейді көңілді дауыс. Бала күнінен таныс-білістей бастырмалатып әкетіп барады. Алматы қаласында, жоғары оқу орнында бірге оқыған Сейітқазы екен. Астанадағы қалалық оқу бөлімінде қызмет істейтін, бір жыл кейінгі курс түлегі Көпжасардан алғанын айтты телефон нөмірін. Елордада өтіп жатқан методист-оқытушылардың республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысу үшін облыс орталығы Орал қаласынан келіпті. Оқу бітіргелі қырық жылға жуық уақыт өтті, адамның түр-тұлғасы өзгеруі табиғи болса, дауысы айнымастан сақталатыны қайран қалдырды!.. Екеуі Республика даңғылы мен Иманов көшесінің қиылысында кездесетін болып сөз байласты.
Қызыл іңірде уағдаласқан жерде курстасын күткен Ердос Алматыда өткізген уақыт туралы ой қаузады. Жастық дәуреннің әңгімесі көп. Бірде осы Сейітқазы екеуі ЖенПИ-дің екі қызымен бірге Көктөбеге шықты. Алдында «Арман» кинотеатрында бейкүнә жандардың кісі қолынан қаза табатын, бойжеткен қыздардың ар-ұяты аяққа тапталатын көркем фильмді қызықтаған, мазмұны ауыр оқиғасы жаныңды құлазытатындай. Көктөбеде қыдырыстап жүргендерінде Ердос қыздарды дәмханаға шақыратын ниетін білдіріп еді. Жаңағы киноның әсері ме? Ілгеріде
А.Чехов атындағы кітапханада танысқан, әрдайым көңілді жүретін Гүлшарасы қарсылық танытқандай қабағын түйіп тұр. Алған бетінен қайтатын түрі жоқ.
– Кеш батып келеді, қараңғы түспей қайтуымыз керек, – дейді төмен қарап тұрып. Ақырында Ердос аспалы жол арқылы жүретін, құстың ұясындай көлікке мінгізіп салды бойжеткендерді. Оңаша қалған жастар дәмханада емін-еркін отырып шарап ішті, әлсін-әлі түсі сары құмыраға құйып әкелетін әйгілі портвейн шарабы да, әңгіме-дүкен де түбіне жеткізетін емес. Шараптың қы-
зуы еңсеріп бара жатқасын қау-қауласып сыртқа шықса, аспалы жол тоқтап қалыпты, екеуі амал жоқ, Көктөбеден жаяу түсті. Сүрлеу-соқпағы болмағасын еңіске тартқан қадамдары өнбей қойды, бір заматта ит тұмсығы батпайтын ну жыныс қалақайдан әрең дегенде жол тауып шықты. Үсті-бастары қалақайға таланып қалыпты, Сейітқазы шөлдегенін, қаталап шөлдегенін айтып келе жатқан. Жол-жөнекей кездескен сарайдың ішінде сіріңке жағып су іздеп жүр.
– Мына қоянды қара! – дейді жіңішке сымнан жасаған жәшікті көрсетіп. Сол салпаң құлақты қойнына салып алды Сейітқазы. Қоян тыныш жата ма? Екпіні қатты тепкісімен екі өкпесін тесетін болғасын аяқ киімінің бауларымен төрт аяғын тырп еткізбейтіндей қылып байлап тастады. Ердостың жалдап тұрған пәтері Көктөбенің етегінде болатын, Балқан тауға барып келгендей үйдің көше беттегі отырғышында жан шақырды екеуі. Оңаша, шағын қонысжайдың құлпын ашып, жарықты қосып, түн ішінде әлгі ор қояннан жас сорпа жасап ішті.
Көп ұзамай кілт тоқтаған такси көлігінен ұзын бойлы, сырбаз, мұнтаздай киінген Сейітқазы түсіп жатты. Қолында жұқа, түсі қара былғары портфелі бар. Бірқыдыру жерде тұрған Ердосты бірден таныса керек, оң қолын көтеріп мезіреті жасап жатыр. Екеуі құшақтасып қауышты.
– Ереке, ор қоянның дәмі тіл үйіретін сорпасы есіңде ме? – деп қояды Сейітқазы амандық-саулық сұрасқаннан кейін. Ердос езу тартып күлді.
– Адам жасы ұлғайған сайын көп нәрсе ойынан шығып кететіндей, бірақ көк пияз және қара бұрыш қосқан қоян сорпасын ұмытқаным жоқ.
Сейітқазы шалғайдан келген қонақ, шаңырағын көруге шақырған Ерекең келіні дастархан дайындап жатқанын жеткізді.
– Ықыласыңа рахмет, бауырым! Жақын жерде мейрамхана болса, жол баста. Ақшасы менің есебімнен, – деді курстасы. Әңгімесіне қарағанда, Астанада тұрып жатқан туған інісі Санкт-Петербургте іссапарда жүргесін келген күні амандығын біліп шығыпты, шәй да қойдырмапты. Сейітқазы ішкі ойын тарқатып сөйледі.
– Бала-шаға емеспіз. Ешкімді, туған-туыстың өзін әбігерге түсіргім келмейді. «Зейд» қонақүйінде жатырмын. Оның үстіне үйде емін-еркін сөйлесе алмаймыз.
Сағынышты көңілмен сыр бөліскен екеуі «Шымкент» дәмханасына бас сұқты. Курстастар арақ-шарап ішпейтіндіктен кәделі ыстық тамаққа тапсырыс берілді. Күннің аптабы кешкісін де қайтпай қойғасын ба? Сейітқазы сондай-ақ мұздай сыраны қолай көретіндей.
– Әуелі сыраңды әкел, айналайын. Жолды ашып алайық. Басқа да бұйымтайымыз болса, қосымша айта жатамыз, – деді жас даяшы қызға.
Ердос Алматыдағы жоғары оқу орнына әскер борышын өтеп келгесін, сондай-ақ, бір жыл құрылыста жұмыс істегесін түсті. Сейітқазы мен оның қатар-құрбылары мектепті бітірген бойы студент атанғасын үш-төрт жас кіші.
– Айтпақшы, Ереке, жеңешеміз қай жақтың қызы? – деп сұрады.
– Қоянның жас сорпасын айттық қой. Сол жолы Көктөбеге бірге шығатын, дәмханаға барудан ат-тонын ала қашатын Гүлшарамен бірге, міне, оқу бітіргелі бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз.
– Гүлшараны курстастардың кейбір мерекелік іс-шарасына ертіп әкелетінсің, бір көргеннен жақсы әсер қалдырды. Сүйкімділігімен қатар мінезі бар қызға ұқсатқанмын, мінезі жоқ бойжеткен өмірлік жарың бола алмайды, әрине.
Сейітқазы өткен уақыт туралы әңгімеледі. Білім-білігін тереңдеткен, көңіл аңсарын тапқан Мәскеу аспирантурасын үздік бітіргені өз алдына, тарих ғылымының кандидаты атағын қорғап шығыпты. Қостанай облысының тумасы болғанымен, дәм-тұз тартқасын ұзақ жылдар Орал облыстық әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған көрінеді. Қазір Жайық жағасындағы қаланың жоғары оқу орнында декан екен.
Сейітқазы тершіген маңдайын таза орамалымен сүртініп жатыр.
– Сыраның уыты күшті, маңдайым терлеп сала берді. Сен де жанға дауа сыра ішсеңші.
– Шет жағасын айттым ғой, тұңғышымыз өмірге келгенде ішімдікті үбдірім қойдым. Күніне бес мезгіл намазға жығыламын, жылда ораза ұстау парыз.
Сексеуіл шоғы дәмін кіргізетін бапты тамаққа – төрт істік жас қой еті мен екі саптыаяқ сыраға тапсырыс алды даяшы қыз. Оқулық сипатындағы үш-төрт әдістемелік кітаптар жазғанын өміріндегі елеулі жетістіктеріндей көретін Сейітқазы әңгіме ауанын өзгертті.
– Иә, Ереке, өзің туралы ештеңе айтпадың ғой. Ұрпақтарың айта жүретіндей не бітірдің?
– Әуейі болып кеттім, – деп айтқысы келгенімен Ердос ішкі ойын іркіп қалды. Оның өзіне мәлім себебі бар-тұғын, ұстаз еңбегі түсінген жанға инемен құдық қазғандай. Дәулет, атақ қуған адам мектеп жұмысына бармайтыны белгілі. Барды қанағат тұту, өзінің бақытын шәкіртінің бойынан, шәкіртінің болашағынан іздеу мұғалім пешенесіне жазылғандай. Ешкімге жалтақтамайтын рухани жетілуді көкседі. Өзінен өсіп-өнген ұл-қыздарын да жастайынан осындай көзқарасқа үйретті. Адал, қарапайым тірлік кешті.
Кейбір адамдар сыртынан мысқылдап күліп жүретінін білетін. Күлсе күлетіндей-ақ ілік бар еді. Құпия ұстағанымен жас күнінен бері көкейін тескен арманынан пайғамбар жасынан асып кеткенше айныған жоқ. Үкілеген арманы өмірге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын. Ара-тұра оңашада: «Бір мәрте құс сияқты ұшатындай мүмкіндік жасаңызшы, Жасаған ие!» деп таусылып мінәжат етіп жатады.
Түс бекерге ене ме? Бірде түсінде көк жүзінде қалықтап ұшып жүрді. Ақшаңқан бұлттармен араласып самғап жүргенінде тәубесін айтып жатты, төмен қараса, жер бетіндегі адамдар құрт-құмырсқа сияқты өріп жүр, айналып келгенде, тіршілік қамымен күнін өткізетін құрт-құмырсқадан айырмашылығы жоқтай. Түннің бір уағында төсегі жанында әлдекім бұрын-соңды есітпеген ән салып жатқасын оянып кетті. Сыртта ай сүттей жарық, жаздың жаймашуақ түні. Салған әні жан тебіренткен қоңыр дауыс Есіл өзеніне барғанды хош көретіндей.
– Есілге барып қайтайық, – дейтін сияқты. Құс ұйқы кемпірі түн ішінде не әбігерге түскенін сұраған. «Қапырық түннен ұйқысы қашқанын, таза ауаға шыққанды көңілі қалап тұрғанын» айтқасын асығыс-үсігіс сыртқа шығып кетті. Табиғат пен адамдар тыныстап жатқан бейуақыт, пәтеріне тиіп тұрған өзен жағалауы тым-тырыс. Толық, жарық ай, қисапсыз көп жұлдыздар селт етпестен тынып қалыпты. Көзге көрінбейтін, бірақ қапталдасып жүрген әлгі жұмбақ жан ананы-мынаны сұрап қояды.
– Жүрегің алып ұшып тұр ма?
– Жүрегімнің қағысы бірқалыпты, – деп жауап берді Ердос.
– Құс сияқты ұшқың келе ме?
– Ұш десең ұшайын.
Енді бір сәтте әнтек соққан желмен бірге көкке көтеріле берді Ердос. Алысқа ұзамастан сол төңіректі айналып ұшты. Әлі күнге дейін тап осындай шат-шадыман сезімді басынан кешпепті. Баяғы балалық шағы қайта айналып келгендей жан-дүниесі ашылып сала берді. Көз ұшында туып-өскен ауылы көрініп тұрғандай, аулада самаурынға шәй қойып жүрген көк көйлекті келіншекті ізет-ибасы жарасты жеңешесіне ұқсата берді.
– Төмен қара, – дейді серігі. – Не көріп тұрсың?
– Есіл жағалауында бұралқы иттер қаңғып бара жатыр.
– Жоқ, сен су түбіне көз сал!
– Ә, иә, көрдім! Су табанында екі үлкен балық тыныстап жатыр.
– Сол балықтар әлеуетіңді сезінсін, суға бір сүңгіп шық.
Көк жүзінен сары ала қаз сияқты қалықтап түсті Ердос. Көңілді серігінің сүйкімді дауысына бойы үйренгендей, жаңағы балықтарды тауып алғанын сұрап тұрғасын киімдерін шешіп тастады да жалаңбұт суға түсті. Су астында емін-еркін, жас балықтай жүзетіні орасан зор қуаныш әкелді. Шөп-шалаңы аралас шұңқырда тыныстап жатқан екі тұқының қара жондарына қос алақаны қатар тиісімен тұнбаны шаңдатқан балықтар тұс-тұсына қашып кетті.
– Тағы қандай тапсырмаң бар? – деді судың бетіне шыққасын. Оған да, бұған да мәз жас баладай дауыстап күліп жатыр.
– Тапсырма емес, тілек. Аяғыңның желі бар ма? Жоқ па? Соны бір байқастап көрші.
Есіл жағалауындағы тақтайдай тегіс табан жолмен жүгіре жөнелді Ерекең. Бұрын-соңды желден де жүйрік жүгіретіні қаперіне келмепті. Жағалаудағы көп отырғыштардың бірінде отырған қыз бен жігіт сүйіспеншілікке мөлтілдеп толған сырласуын кілт үзді.
– Елес пе? Әлдене құйындай жүйткіп өтті!.. – дейді жігіт аң-таң күйі.
– Мен де сездім, – деп қоштап қойды жас қыз. Қас-қағымда ұзап кеткенімен жастардың өзара сөйлескені ап-анық естіліп тұр. Кейін қарай қайта жүгіріп өткенінде әлгі жігіттің көңілі тағы да елеңдеп сала берді.
– Екінші рет әлдене зу етіп өте шықты!..
Шаһардың шетіне дейін аяғы аяғына жұқпай жүгіріп қайтқанымен шаршағаны сезілетін емес, жайлы ұйқыдан оянғандай тың, сергек.
– Маған серік болғың келе ме? – деп сұрады қамқоршысындай әулиесі.
– Менің атым Сары Салтық.
– Серік болғым келеді, – деп шынын айтты Ерекең.
Күндер өтіп жатты. Анда-санда Сары Салтық түн ішінде ізіне ертіп кетеді, бой сергіткенді өзінің де көңілі қалап тұратын. Осындай түндер рухани әлеміне жаңа, жасампаз күш-қуат бітіретін, шыбын жаны жеті қат көктің сауабын сезінгендей оңашада Жаратқанға дұға-ризашылықтары таусылмайды.
Тағы бірде түн ішінде сыртқа шықпақшы болып жатқанында қойнында жататын, қолындағы кенже баласынан көрген тұңғыш немересі ыңырсып бір аунап түсті. Есімі Тасжарған. Сүйікті немересімен бірге күндіз қыдырып жүргенінде кейбір көрші-қолаңы кімнің баласы екенін қалжыңдап сұрайды.
– Атамның баласымын! – деп аузын толтырып жауап беретін үш жасар құлыны. Ара-тұра іштей ой қаузайды байыбымен. «Бүкіл жүрек сырын амандық болса, кәмелет жасына толса, осы жаман немереме айтып кетермін. Бәлкім, Сары Салтықпен таныстырармын». Түн іші ғой. Кез келген дыбыстан оянып кететін кемпірі әдеттегі сұрағын қойды.
– Шалым-ау, қайда жиналдың?
– Кейде жүрегім қысылатындай, далаға шықсам бойым жеңілдеп қалады.
– Ибай, онда бара бер, бізге керексің!..
Жас күнінен бері арзу тілегіне қосқан жасырын сырын неге жария етуі тиіс? Онда оның қадір-қасиеті қалмайтын сыңайлы. Таяуда су астында жас шортанды індетіп қуғаны есінде, қалың қопаға сүңгіп кеткенінше екі рет құйрығынан тартып зәре-иманын көзіне көрсетті. Иә, тылсым дүние бүгін пайда болған жоқ. Табиғат аясында, сондай-ақ неше алуан тұрғындары бар үлкен қалада сыры құпия құбылыстар бой көрсетіп жататыны таңсық емес сияқты. Өткен жолына қараса, ойы мен бойын таза ұстауға ұмтылыпты, бала-шағасынан, ағайын-туыстарынан қымсынатындай ештеңе жасаған жоқ. Жасаған иеге сенді, осы кәміл сеніммен өмірден өткісі келеді.
* * *
– Үндемей қалдың ғой, – деді Сейітқазы. – Сонымен бала-шағаң айта жүретіндей не шаруа бітірдің, Ереке?
– Суда жүзуді үйрендім.
– Суда жүзуді бала күнімізде бәріміз де үйренген жоқпыз ба?
– Жоқ, мен суда балықтан да жылдам жүземін. Ілгеріде су түбінде ұйқтап жатқан екі тұқыны оятып жібергенім бар.
– Өмір қажытқан-ау өзіңді, Ереке. Оралдың қызы, баяғыда бірге оқыған Алуа есіңде ме? Сол құрдасымыз сені бір көргісі келеді. Әзіз жандай көреді өзіңді.
– Қалта телефонымның нөмірін бер, хабарласайық. Амандық-саулық сұрасайын.
Келесі күні Ердос меймандостық танытты. Көздері үйреніскен «Шымкент» дәмханасында отырды екеуі. Өтіп кеткен күндердің қызығы көптей көрінетін әдеті. Бірге оқыған ұлдар мен қыздар туралы әзіл-қалжыңы аралас ұзақ әңгіме айтылды. Курстастардың қайда жүргені, кейінгі тағдыры туралы Сейітқазының мағлұматы мол болып шықты, жарық дүниеге құштар, армандары көп кейбіреулері пәниден ертерек кетіп қалыпты.
– Өмірге өлу үшін келеді ғой адам, жандары жәннатта болсын! – деп бет сипасты.
Ертеңіне Сейітқазыны әуежайда шығарып салды Ердос. Сыралғы жолдасы күтпеген кездесу, шер тарқатып әңгімелесу жаныңды тазартатынын айтып жатыр. Ақырында бір-біріне жақсы тілектерін қосты.
– Құс сияқты ұшатындай, балық сияқты жүзетіндей, желден де жүйрік жүгіретіндей көңіл-күй сыйласын өзіңе, бір Алла! – деді Ердос курстасының қолын алып тұрып.
– Жақсы сөздер ғой, Ереке. Рахмет!..– деп толқып қоштасты Сейітқазы.