СЕКСЕННІҢ СЕҢГІРІНЕН ТАРТҚАН СЫР
22.01.2016
2351
0

5_tom_Untitled-7Медеу СӘРСЕКЕ

 

Медеу Сәрсеке жыл басында сексен жастың төріне көтерілді. Сонымен бірге, биыл «Семей қасіреті» деп атаған, көлемі 852 бет, сыпыра шерге толы хикаятын жариялады. Автордың өзі 1949–91 жылдары жасалған ядролық жарылыстардың дүмпуін білетін (жазушы алғы сөзінде «37 жыл және екі ай радиация күлін жұтқан пендемін» депті), Ертіс бойындағы қалың елдің ауыр қасіретімен тағдырлас қаламгер. Бойы еңкіш тартып, қолына таяқ ұстаса да, қаламы қолында. Өткен жылы 8 томдық «Шығармалар жинағы» жарық көрді. Тарихшы Бекмахановтың ғылыми ерлігі мен азаматтық ерен еңбегін паш еткен ғұмырнама кітабы ғалымның туғанына 100 жыл толу мерейтойы қарсаңында екі тілде қайыра жарық көрді. Ал «Семей қасіреті» хикаятының жөні бөлек: күллі семейліктер тартқан зұлматты жазушылық ділмен, ауыр айғақтармен түре ашқан шығарма. Мұның бәрін тізбелеп айтып отырғанымыз – қаламгердің 80 жасқа толу мерейтойын Ертіс өңіріндегі жұрт салтанатты түрде атап өтпекші. Сол мерекенің қарсаңында жазушымен тілдескенді дұрыс деп білдік…


 

– Студент кезіңізде, яғни бұдан 60 жыл бұрын инженер болуға әзірленіп жү­ріп, әдеби қауымға үйір болып, ға­лым­дығымен қоса жазушылығы ерен Ақ­жан Машанов, Ебіней Бөкетов сынды академиктердің ықпалымен қалам­гер­лік өнерге жақын болыпсыз. Яки студент Медеу Сәрсекеев пен бертінде бір­­­неше ғұмырнама, романдар мен хи­каят­­тар жариялап әрі драматургия жан­рын да меңгерген Медеу Сәрсекені сал­ғастырып байқаңызшы.

– Он жеті жасқа дейін қала бетін көр­ме­ген ауыл қазағымын. Рас, үздік оқыдым, ғы­лым сырын білуге ынтам ерекше күшті бол­ды. Бағыма орай ұстаздарым да білімпаз жан­дар еді. Әдеби кітаптар оқуға құмар­лан­дым. Алтын медаль иеленуім мені ҚазГМИ-де (қазіргі Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да) бі­лім алуға мүмкіндік туғызды. Ескерту парыз: сол жылдары осы оқу орнында шынайы біл­гірлер дәріс оқитын-ды, Ленинградтан, Киев пен Харьковтен эвакуация легімен ке­ліп, Алатау баурайында біржола тұрып қал­ған саңлақ ғалымдар Машанов, Бөкетов сия­қ­ты жергілікті білімпаздардың тез ширауына әсер еткені сөзсіз. Мысалы, профес­сор А.Б.Резников үзілісте бізге: «Жастар, ке­ше мен опера театрының жаңа қойылы­мын көрдім. Епонешникова жүзіктің көзінен өт­кендей сұлу әрі ерекше дауысқа ие дарын иесі. Күләш ханым да мені ерекше сүйсін­дір­ді. Ол енді нағыз бұлбұл!.. – Лепіре сөй­леп тұрады да. – Тек сендерді көрмедім. Кеш­кі уақытта не бітіресіңдер?», – дейді. Сон­дай сауалды Борис Александрович ем­ти­хан үстінде де сұрауы ықтимал. Сол үшін театр­лардың премьерасын  қалдырмаймыз. Мен әкемтеатрдағы «Асауға тұсаудың» маусым ашылар қарсаңдағы қойылымын мін­дет­ті түрде тамашалайтын едім. Жә, әлгі сұ­рауың­ның тоқетерін айтайын: 1960-70 жыл­дардағы студенттердің  ғылым мен өнер­ге, әдеби кітаптар оқуға құштарлығы ере­сен зор еді. Мектепте жүргенде-ақ мен Әуе­зовтің «Абай жолын» оқымаған қазақ ба­ласы нағыз қазақ емес  дейтінмін. Заман да, талап та өзгерді. Қазір қарсы алдымда 100 студент отырса, кәміл  сеніммен  айтамын, солардың 95-і  бірде-бір әдеби кітап­тың бе­тін ашпағандар. Ең шатағы, оқуға да ын­тасы жоқ. Емтиханды оқулық­тардағы  жал­пы­лама түсініктермен тапсырады. Студент жас­тар ғана  емес, оқыту­шы­лар да оқы­май­ды. Менің кітаптарымның алғаш­қылары 1960 жылдары 20-30 мың дана болып ба­сыл­ды. Бертіңгілері – 100 мың  данадан. 2001 жылдан бергілерінің таралымы – 5 мың, қа­зір­гілері 2 мыңнан… Солардың  бір­де-бірі сатуға  түспейді, кітап  дүкендері де құрыды. Қазіргілердің ермегі – интернет…

SARSEKE Medeu NevadaSemey обложка– Сіз әдебиет әлемін ғылыми-қиял жан­рында бастап, ақырында қа­лам­гер­лер қауымы аса үйір емес деректі та­қы­рып­қа бой ұрып, ғұмырнама кітаптар жаз­дыңыз. Мәскеудің «ЖЗЛ» сериясында жарияланған «Сәтбаев», «Бөкетов», «Бек­маханов» сынды туындыларыңыз арқылы ха­лыққа танылдыңыз. «Семей қасіреті» де солардың жалғасы…

– 1963 жылдың жазында Медеу шат­қа­лын­дағы сауықханада демалдым. Әдебиет институтында істейтін бажам Балтабек Ыс­қа­қов бірде телефон шалып: «Сені академик Ә.Х.Марғұлан көргісі келеді», – деді. Бұ­рын-соңды кездескен кісім емес, шаруам да жоқ. Келсем, жазу үстелінің шетінде ме­нің қияли хикаяттарым жатыр. Әлекең ғұ­ла­ма соларды парақтап отырып, біраз мақ­тау айтты. Әсіресе, оқиғаны өрбітуім жайын­да… Содан бір мезетте: «Қарғаш, қия­ли жанрды тежей тұрып, Қаныш Иман­тайұлы туралы деректі кітап жазуға кіріссең қай­теді? Саған мен осы істе ақылшы болуға әзір­мін…», – десін. «Қанекеңдей ұлының ғұ­мыр жолын, елі үшін атқарған алуан ісін да­р­алап, ғылымын саралап көрсету – қиын іс, өрем де жетпейді…», – деп едім, Әлкей Ха­қанұлы кенет: «Міне, біздің қазақтың бей­шаралығы. Техникалық білімге иесің, әде­­биетке  бейімділігің бар, келешек өмірі­ңе ру­хани азық болар ой айтсам, «Ойбай, шамам келмейді…» деп азар да безер боласың.  Ау, сонда мен қазақтың маң­дайы­на біткен ұлы Қаныштың ғұмыр жолын әс­петтеуге Мәс­кеудің жебірейін шақырамын ба? Сен ме­нің қарнымды қарадай ашырдың, Медеу шы­рақ…»,– деп қолын сілтеді. Мен төмен қа­рап: «Аға, кешіріңіз, күтпеген ұсы­ныс айт­тыңыз. Бірден жә деуге батылым жетпеді…», – деп ақталып едім, Әлекең: «Жарайды, қар­ғаш, ойлан. Тек қолымнан келмейді  де­ген­ді  айтпа. Бұл шаруаны саған сенгендіктен жа­садым!..», – деді. Екі-үш тәулік ұйқым бұ­зы­лып, мазам кетті, қиял құсы аспанда ша­рықтаған жасаң кезім, содан бір күні ұсынысын қабылдағанымды білдірдім. Ол кісі «Е, бәсе!» деп қуанып, сол күні-ақ із­де­ніс­тің жалпы сүреңіне байланыс­ты ойларын шерт­ті. Қаныш Имантайұлының 12 жасында Се­мейге оқу іздеп келіп,
1914-20 жылдарды Ертіс жағасындағы қалада өткізгенін мұра­ғаттар арқылы даралаудан соң Әлекең ме­ні Қаныш ағаймен таныстыратын болды. Ұлы­тауға, Том мен Мәскеуге баруға тура ке­леді, ал Алматыдағы ізденісті қосымша ай­тамын деді…

Амал не, алты-жеті айдан соң жағдай күрт өзгерді. 1964 жылдың ақпан айының бі­рі күні Мәскеу радиосы академик Қ.И.Сәт­баев­тың ауыр сырқаттан Кунцево аурухана­сында қайтыс болғанын хабарлады. Өзекті өр­теген өкініш, ұлы қандасыммен жүзбе-жүз кездесіп, өмір жолына бағыт-бағдар ала алмай қалғаным жаныма батты… За­уыт­тағы жұмысымнан қалт еткенде облыс­тық мұрағаттағы біршама деректерге қо­лым жеткен-ді. Төрт-бес жылға созылмақ зерт­теу  жобасын да ойластырып қойған­мын. Ең бастысы, мәнді де мәртебелі тақы­рып­қа бой­лап енуге құштарлық пайда болған.

– Яғни, ол кезді ауыр өндірісте іс­тей­сіз, уақыт жөнінен әр күніңіз шектеулі ма­мансыз…

– Зауытта істейтін адам арқандаулы ат сияқ­ты. Десем де сенбі мен жексенбі – өзі­ме тиесілі. Сол күндері әдеби еңбекке жұм­сауға дағдыланған адаммын… Көкейімді мық­тап жайлаған Қанекең тақырыбына бой­лауды ойлап, Алматыға сапар сәті түс­кенде Геология институтының дербес мұра­ғатына бардым. Мұрағат бастығы Додонова ізетпен қабылдағанымен екі бөлмедегі 17 шкафтың бірде-біріне жолатпады. Айтуынша, сонда жатқан бумаларды тіркеуден өт­кізбей, бірде-бір іздеушіні кіргізбейді-міс. Не деймін, ізденісті уа­қыт­ша тоқтаттым…

1964 жылдың аяқ шенінде Семей об­лыс­тық партия комитетінің секретары Әнуар Кәкімжанов ағай шақырды. Әде­биетке құмарлығымды білетін-ді. Сөйтсем, Қазақстан КП ОК-нің насихат бөлімі шақыр­тыпты:  екі түрлі  қызмет ұсынбақ;  алғаш­қысы «Білім және Еңбек» журналына бас редак­тор болу, екіншісі «Социалистік Қазақ­стан» га­зетінің өндіріс бөлімін басқару. «Медеу інім, жуықта сені обкомға қызметке ша­қыр­дық, әдеби еңбекке жақынмын деп бас тарт­тың. Енді, міне, Алматыдан ұсыныс түсті, Үл­кен үйдің ұсынысынан бас тартуға бол­май­ды. Өйтетін болсаң екінші мәрте ша­қырмайды. Үй-ішіңмен ақылдасып, біреуін таңдауға әзірлен. Бұл менің саған ағалық ақы­лым…»,– деді.

Мен екеуінен де бас тартып, «Социа­лис­тік Қазақстанның» Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы меншікті тілшісі болуға келістім. Жур­налда, иә газетте жұмыс істеудің қия­мет ауыр іс екенін «Лениншіл жаста» еңбек еткен 1958-59 жылғы он айда бастан кешкен пақырмын. Ал тілшінің тірлігі уақыт жө­нінен өзгерек… Қысқасы, Өскеменге қо­ныс аудардым. Уақыттан кеңшілік туды. Сол қыста-ақ ғылыми-қияли жанрда тол­ға­ған «Жетінші толқын» хикаятымды аяқтап, баспаға ұсындым. Қанекеңнің қосағымен танысып, ғалымның мұрағатында ізденіс жа­с­адым… 1965 жылдың көктемінде Жазу­шылар одағынан жеделхат алдым. Бірінші хат­шы Ғабит Мүсірепов ағай қол қойған ақ­парда: Семейде ашылған Жазушылар бө­лімшесіне секретарь болуды ұсыныпты; бұл енді көктен тілеген жақсылықты жерден таптым дегендей, шығармашылық жұмыс­пен емін-еркін шұғылдануға таңғажайып еркіндік… Қуана келістім. Сәуір айының
15 жаңасында Семейдегі Жазушылар бөлім­шесін ашуға бұйрық алдым. Сол міндетті мен 33 жыл атқарып, 1997 жылы зейнетке шықтым.

– Демек, шығармашылық ойла­рыңыз­­ды өрістетуге, әсіресе уақыт жө­ні­нен де кеңшілікке қолыңыз жетті. Сәт­баев тақырыбына емін-еркін кіріс­тіңіз…

– Төрт-бес жыл шұғылданып, деректі ғұ­мырнаманы аяқтап, ғылыми-қиял жанрына қайта ораламын деп ойлағам. «Жетінші толқын» хикаятымның орыс тіліне де аударылып, 100 мың дана болып күллі Одаққа та­ралуы – осы жанрға түбегейлі енуге жол аш­қандай көрінген…  Алайда Қанекең ғұмы­ры­на ізденісім 13 жылға созылды. Та­қырып­тың күрделілігі, құштарлығым, одан да гөрі ұлы Қаныштың жұртқа әйгілі атағы, металлогения саласында жасап кеткен жаңа ғылымының әлемдік даңқы ғұмыр­наманың әр бетін, тарауы мен бөлімдерін сан мәрте қайыра қотаруға, екшеуге, тү­зеуге мәж­бүр­леді. Әлбетте сол туынды ғы­лыми негізде жа­зылғанымен қарапайым оқырман құ­мар­т­ып оқитын әдеби еңбек болуға тиіс (Өзі­ме міндет еткен әдеби талабым да осы: қан­дай да туындыны оқырман бесінші, иә онын­шы бетінен аспай жауып тастаса – жазу­шы басты міндетін атқармады деп есе­п­теймін). «Молодая гвардия» баспа­сының «ЖЗЛ» сериясымен шыққан басылымдарды мен өмір бойы жинаған адаммын. Үйімдегі кітапханамда бес жүзден астам кітап бар. Солардың кейбірін, бірнеше мәрте басылған ше­деврлерді қайыра оқып, рахатқа бататын едім. «Сәтбаевты» да сондай үлгіде тол­­ғап, «Болмасам да ұқсап ба­ғуға» тырыс­тым. Осы жылдарда жеті-сегіз қаланы шар­лап, Ұлытау алқабына төрт мәрте барып, Қанекеңе  серік болған еңбек адамдарының ауызекі естеліктерін тың­дағанда-ақ (ұзын саны төрт жүздей адам) неше түрлі таңға­жайып оқиғаларды дәп­теріме түртіп алған­мын. Сол ізденіс те оқиғаны сюжетпен өр­бі­туге көмектесті.

– «Сәтбаев» ғұмырнамасын «Жазушы» баспасына қашан ұсындыңыз?

– Ғылыми, әдеби сыннан кедергісіз өт­кен соңғы  нұсқаны 1975 жылдың  көкте­мін­де тапсырдым. Соны тексеруге Дулат Иса­беков тағайындалды. Редактормен жұ­мыс бір­ жарым айға созылды. «Ұлы Қаныш­тың елге мәшһүр тұлғасы жап-жақсы ай­қын­­­дал­ған…» деген пікірмен дайын қол­жазба шіл­де айында бас редакторға ұсы­нылды. Төлен Әбдіков пен Дулатты шақырып, қайын атам­ның жайлау  үйінде «жуғаным» есімде. Әдеби рецензияны академик М.Қаратаев берді, түйін сөзі – «Сәт­баев­тың дабыра ата­ғына лайық туынды». Ғылыми жөнін шұқшия тексерген Геология институтының ғалым-гео­логтары да (Едрисов, Жәмінов және Нұра­лин) сол тақылеттес мақұлдау білдірді. Қыс­қасы, «Сәтбаев» «Жазушы» баспасы шы­­ғармақ жаңа топтама «Жайсаң жан­дардың» бірінші кітабы болып, 60 мың дана таралыммен, 25 баспа табақ көлемде қоңыр күзде жарық көрмек. Қаламақымның 60 пайызы қолыма тиген соң-ақ бала-ша­ғам­ды алып, Балтық теңізі­нің жағасындағы жазушылардың «Шығарма­шылық үйі» Ду­бул­тыға аттандым. Бұл сапардан қыр­күйек­тің 3-і күні қайттық. Сол қар­саңда «Жазу­­шы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұ­ма­баев телефон шалды. Биязы мінезге ие, парасаты мол кісі еді. Екі-үш жыл бұрын өмірден өтті, топырағы торқа болсын! «Медеу, біздің жаққа кел­гін…», – деді. «Әбеке, жайша ма? Кітабымнан қателік табылды ма?..».  Әбекең сабырмен: «Бұл енді телефон­мен айтар жайт емес, келгенде ес­тисің…», – деді. Келесі күні ұшақпен жеттім. Әбекең маған қаралы жаманатты естірткендей шырайда кібіртік­теп отырып: «Сәтбаевтың» терімі тоқтатыл­ғанын мәлімдеді. Тілім байланып, үнсіз отырмын. «Қолжазбаңды оқы­дым. Кітабың оңды, Қанекеңнің алып тұл­ғасы жап-жақсы сомдалған. Оқиғаны баян­­дау мәнеріңе риза болдым, деректі жанр­­ға ебің мықты екен. Қысқасы, әділдік үшін күрес, сол үшін мені не деп жазғырсаң да ренжімеймін.., – деп жұбату айтты Әбекең. – Қолжазбаңды өзіңе қайтарамын». «Алмаймын, өйтер болсам – Имашевтің қас­тандығына мойыған боламын!». Сол сөз­дерді айқаймен айттым. Әбекең ақырын ғана: «Медеш, қыжылыңды түсінемін. Сенің қолжазбаңды сұраушылар көбейді. Құдай жөні алып кет! Үндеместер алып кетіп, бір­жола құрта ма деген де қаупім бар…», – деді. «Жарайды, алайын. Тек  тіркеу журна­лы­на қол қоймаймын». Қысқасы, солай ет­тім (Үш жылдан соң келісім шартқа қара­сам, 13-тармағында: «Шығарма баспаның кінә­сінен жарыққа шықпаса – автор қала­ма­қы­сын толық алуға қақылы…» делініпті. Соны Әбекеңе көрсетіп едім, ол кісі: «Ида Борисовнаға арыз бер, қаламақыңды түгел аласың. Мен де, сен де шатақ сөзден аулақ боламыз», – деді. Нұсқаған әйел – авторлар құқығын қорғай­тын мекеменің бастығы. Төрт мың сомға таяу қаламақы алдым. Сол қар­жы, сенесің бе, Мәскеуге жиі барған са­парларыма септігін тигізді).

– Меніңше, тежеуге түскен кітаптың Мәс­кеуден 100 мың дана болып жариялануы ерекше оқиға болған…

– Екі жылға созылған нәтижесіз күрес­тен түңілген соң 1978 жылдың басында ғұмырнаманың жолма-жол аудармасын порт­фельге салып, «Молодая гвардия» бас­пасының әлемге әйгілі «ЖЗЛ» редакциясына бардым. Рәсім бойынша республикалар ұсынатын қолжазбалар әуелі ана тілінде шығуға тиіс. «Бұл кітапты орыс тілінде және сіздер үшін жаздым. Өйткені, Сәтбаев – одақ­тық алып тұлға…», – дегеніме редакция мең­герушісі Ю.И.Селезнев күмәнсіз иланып, 600 беттен асқан қолжазбамды кедер­гі­сіз қабылдаудан соң: «Қазақстанда мұны қандай ұжымға тексертеміз?» дегенде мен: «Рецензияны тек қана мәскеуліктерден сұраңыз, Қазақстанға жіберсеңіз – тек қа­н­а мақтау түседі, өйткені, Сәтбаев – біз­дің ұлттық мақтанышымыз», – дедім. Редакция меңгерушісі сол уәжіме имандай сенді. Ең ғажабы, 6-7 айдан соң редакция портфеліне түскен үш рецензия (біреуі әдеби) оңды болып, «Сәтбаев» баспаның 1981-85 жыл­дардағы жоспарына енді. Осы хабарды ресми хаттан білген соң-ақ мен дегбірсіз­ден­дім. Әлқисса, содан 1978 жылғы жел­тоқсан айында Мәскеуге жетіп, ақын досым һәм кен инженері Кәкімбек Салықов сол жылдары КОКП ОК-де аса  жауапты қыз­мет­те болатын, үйіне емес, жұмыс орнына барып, дайын қолжазбаны таяу жылдарда жарыққа шығаруға көмек етуін өтіндім. «Не істейін, кімге айтамын?» – деді қайран Кәкең. «Мәс­кеуде Қаныш ағамыздың есімін ардақ тұта­тын үш қайраткер бар. Олар Таисия Алексеевна жеңгеміздің қайтыс болардан бірер ай бұрын, 1976 жылы ескерткен адамдары – А.Н.Косыгин, Е.П.Славский және П.Я.Ант­ро­пов…»,– деп едім, Кәкімбек Салықұлы үкі­мет мүшелерінің телефондары жазылған кітапшаны ашып: «Жә, қайсынан бастаймыз? – деді – мынада Антропов екеу…». П.Я.Антропов КСРО-ның Геология министрі міндетін атқарған қайраткер. Сол қарсаңда Петр Яковлевич Атом министрі Славскийдің орынбасары болатын. Қаныш ағамызбен қарым-қатынасы 1939 жылы басталып, не­бір игі шаруаларды тізе қоса атқарған до­сы екенін 1965 жылы жарық көрген «Академик Сәтбаев» кітабында жа­рияланған естелігінен оқығанмын. Тоқетерін айтқанда, Кә­кең Петр Яковлевичпен сөй­лесіп, Жез­қаз­ғанда кенші болғанын, Қаныш Иман­тайұлы­ның шәкірті екенін мәлімдеп, мені де келіс­тіре сипаттаудан соң трубканы маған ұсын­ды. Мен ол кісіге академик Сәтбаев ту­ралы деректі кітап жазғанымды, сол жайын­да  өзіңізбен ақылдаспақ
шаруам бар де­дім. Ол жайсаң кездесуді келесі күнге та­ғайындады…

Сөйтіп, келесі жылдың ақпан айында «ЖЗЛ» редакциясынан Мәскеуге шақырған же­делхат алдым: кітабым 1980 жылдың жос­парына  ауысыпты; одан кейінгі оқи­ғалар ертегідей жылдам өрбіді; редакция мең­геру­шісі ұсынған аудармашы С.Плехановпен жұмысты Мәскеуде бастап, соңғы екі бөлімді Ертіс жағасынан жалдаған оңаша қоныста, қоңыр күзде аяқтадық. «Сәтбаев» ғұмырнамасы 1980 жылдың күзінде жарық көрді. Кітаптың қазақшасы содан кейін де сегіз жыл «түрмеде» ұсталып, 1988 жылы «Жа­лын» баспасынан 30 мың дана таралым­мен жарық көрді.

– Кейінірек сол кітабыңыздың орысша нұсқасын тыңнан қосылған алты та­раумен «Өнер» баспасы  100 мың  дана та­ралыммен және ерекше көркемдеп шы­ғарыпты…

– Ұлы Қанышқа деген оң көзқарас XXI ға­сырға дейін өзгерген жоқ. Осы уәжге екі түрлі айғақ келтіремін: 1989 жылдың көк­темінде біздің ел академик Сәтбаевтың туғанына тоқсан жыл толу тойын бүкілха­лық­тық мереке етіп өткізді… Сол тойға дайын­дық басталған кезде мен Баспа ко­митетінің  жаңа бастығы Қалет Закарья­нов­қа барып, «Сәтбаевтың» орысшасын қайыра шы­ғаруды ұсындым. Бастық  осы мәселемен шұ­ғылданатын орынбасары Мұхан Мамажа­нов­қа селектор арқылы жалғасып, «Сәт­баев­тың мерейтойына қандай кітаптар шы­ғарамыз?» деп еді, ол А. Брагиннің «Мыс күм­бездің қазынасы» және Ш.Қ.Сәтбаева құ­растырған «Қаныш аға» атты естеліктер жи­нағын атады (Бұл кітап та 70 жылдары ме­нің ғұмырнамам сияқты құрдымға жө­нелтілген-ді). Бастық орынбасарына менің нақ­ты ұсыныспен келіп отырғанымды ес­кертіп еді, «Сәрсекеев – нағыз нахал! Был­тыр ғана оның «Сәтбаевының» қазақшасын 28 баспа табақ көлеммен шығардық. Биыл ғана емес, таяу жылдарда оған су татырмай­мыз…», – деп күшене айқайлады (Сол кітапты Мұхан шенеунік 14 жыл «түрмеде» ұстағанын кәперіне алған жоқ). Кабинет иесі маған: «Естідіңіз бе, ұсынысыңыз өт­педі…», – деді. Мен үстел шетінде жатқан жұ­қалтаң бір кі­тап­ты нұсқап: «Брагиннің хикаяты мы­на­ның қалыңдығындай жұқа кітап…», – деп орнымнан тұрдым…

…Бір ай өткен жоқ, «Өнер» баспасының ди­ректоры Сұлтан Оразалин Семейге телефон шалып: «Медеке, сүйінші! «Сәтбаевтың» орысшасын біздің баспа жеделтетіп, 100 мың дана етіп екі айда шығаратын болды. Қолжазбасын жеткізіп беріңіз…», – десін. Ке­лесі күні Алматыға келіп, әуелі комитетте іс­тейтін сыйлас досым Зейнолла Серік­қа­лиевке бардым. Ол мені құшақтап: «Медеу, осы үйдегі ноқайларды қатырдың. Бұрнағы күні Орталық комитеттің секретары Өз­бе­кәлі Жәнібеков біздің бастыққа телефон шалып: «Сәтбаев тойына қандай кітап­тар шы­ғарасың, тізіміңді әкел!..», – депті. Жұтаң тізімді оқыған секретарь әлдебір хатты ұсынады. Сөйтсе ол – академик Арықтай Каю­пов бастап, жиырма шақты геологтар қол қойған ашулы хат: М.Сәрсекенің Мәс­кеу­ден шыққан «Сәтбаевының» Қазақстанға шамалы бөлігі келді, сол кітапты біз жаяу ба­зардан 40-50 сомға алдық. Бұл болса құ­нан қойдың құны. Биылғы мерейтойға ар­нап Баспа комитеті сол кітапты неге шы­ғармайды? Бұл да, сайып келгенде, ұлы ға­лымды бұрынғыша елеп-ескермеудің сал­дары. Турасын айтқанда, аруаққа жа­салған кезекті қастандық! Сол жайтты, жол­дас секретарь, түзетуді сұраймыз…», – деген сипатта жазылған қасаң сөздер. Біздің бастық не дерін білмей, төмен қарай­ды. Жәнібеков айбарлы азамат, үстелді тықылдатып: «Екі айда «Сәтбаевтың» орысшасы менің алдымда болмаса – жұмыстан босат деген арыз әкелесің. Түсінікті ме, бар жөнел!», – депті. Қалекең бізге жыларман бо­лып  сүмірейіп келді де, әуелі Мама­жан­овқа шүйілді, одан кейін маған… Қысқасы, «Өнер» баспасы сенің кітабыңды екі айда шы­ғаратын болды. Қолжазбаң қандай күй­де?». «Міне, дайын, жыл басында әзірлеп қой­ғамын. Мәскеулік баспадан шыққан кітапқ­а алты тарау тыңнан қосылады…», – де­дім.

Осы жерде айта кету керек, Қаныштың кі­табын шығаруда мәрттік танытқан да тұлғалар болды. Ұлы Қаныштың туғанына 100 жыл толуы қарсаңында, сол мерекеге сыйлық ретінде әзірленген «Қазақтың Қанышы» аталған роман-эссем (бұрынғы ғұ­мырнаманың қосымша тараулармен то­лықтырылған нұсқасы) 11 б.т. көлемге қыс­қартылсын деген бұйрықпен тағы да біраз «кескіленетін» болыпты. Демек, машинкамен басылған нұсқасы бір мың беттен асқан  қолжазбадан 250 бетті жете­ғабыл қысқартуым керек. Мен бұған көн­бей, Алматыда тұратын кенже қызыма телефон шалып: «Жарым сағатта көлігіңмен баспаға жет, қолжазбамды, өзімді мына бүлік жерден әкет!..», – дедім. Абай көшесімен келе жатқанымда көлікті Абылай даңғылындағы «Атамұра» баспасына бұрғыздым. Баспа иесі М.Құл-Мұхаммед бұдан үш жыл бұрын Семейде, үйімде қонақ болып отырғанда: «Қанекең тойы қашан? Сол кезде сүбелі бір кітабыңызды ақы-пұлсыз шығарып бере­мін…», – деген-ді. Мұхтар Абрарұлын орнынан кабинетінен таптым. «Өзіңе «Сәтбаевтың орысша нұсқасын келер жылдары ұсынбақ едім, ол әзірше дайын емес. Сондықтан мына кітабымды әкелдім…», – деп өзім тап болған қиянатты қынжыла баяндадым. Мұхтар інім маған ожырая қарады да, сірә, өңім де түтігіп тұрса керек, Медеке, төргі ка­бинетке барайық…», – деді. Бардық. Шкаф­тан француздың «Hеnnеssу» коньягын суырды да бүйірлі бокалға толтыра құйды, өзіне кішкене рюмкеге. «Аға, мынаны дем алмай ішсеңіз – тілегіңізді орындаймын. Кіта­быңызды Қанекең тойына шашу ретінде шығарамын…», – деді. «Шөлмекті шкафқа қой!» дедім де, коньякты көмейден әрі асырдым. Ширек сағаттан соң баспа иесі бір топ қызметкерін шақырып: «Медеу аға ең басты туындысын бізге ұсынып отыр. Осы туындыны ең қымбат фин қағазына, 5 мың дана етіп, екі айда көркемдеп шығарып, ұлы Қа­ныштың туғанына 100 жыл толу мерейтойына тарту етеміз. Асқар Алтай, редакторлық міндетті саған жүктеймін: «Медеу ағаның рұқсатынсыз бір жолын қысқартсаң, сөйтті деп бұл кісі арыз айтса – сол күні жұмыстан кетесің» дегенді қадала айтты.

«Қазақтың Қанышының» тұсаукесер рә­сімін «Ғалымдар үйінде» сол жылғы 5 ма­мыр күні өткіздік. Баспа иесі маған 500 да­на кітапты сыйлыққа берді. Жүз шамалы кі­тапты сол жиынға келген ардагерлерге та­ратты…

Сол кездегі ҚР үкіметі төрағасының орынбасары Иманғали Тасмағанбетов те «Сәтбаев­тың» орысша толықтырылған нұсқасын 2002 және 2003 жылдары Алматыда мен Мәс­кеуде шығаруға мол қаржы бөлгізді.

Ескертер гәп: 1980 жылдан беріде түр­лі­ше атаулармен қазақша да, орысша да 14 мәрте жарияланған Сәтбаев туралы барлық кітаптарымның жалпы таралымы 320 мың дана болды; шүкір дерлік айғақ!.. Деректі проза біздің әдебиетте кенжелеп дамыған жанр, біздің қаламгерлер романдар мен хикаяттар  жазуға әуес. Әсіресе, өз ұлысы­нан шыққан батырлар тарихын әспеттеу бертін­де бәсеке жарысқа айналды. Әлбетте, «Көш­пенділер», «Елім-ай» тәрізді озық үлгі­ле­рі­мен қатар, оқылған бетте ұмыты­ла­тындары да аз емес. Ал шетел әдебиетінде жағдай мүл­­дем басқаша. Мысалы, француз  әдебие­тінде деректі жанр мен эссе, иә естеліктерді шығару ерекше сұранысқа ие. Оқырман сұранысы солай, сондай кітаптар әуелі аз таралыммен шығарылады да, сұранысқа орай миллион данаға көтеріледі. Мысалы, академик  Сахаровтың «Есте­ліктері»  әлем­нің 10 тіліне аударылып, таралымы 18 мил­лион­ға жеткен. Белорус жазушысы, деректі жанр­ға әуес Светлана Алексиевич (өз елін­де оппозициядағы қаламгер) өткен жылы Нобель сыйлығын иеленді.

Осы жөнмен қарағанда менің ғұмыр­на­ма еңбектеріме рухани сұраныстың әл­гіндей межеге жетуін мен ұлы Қаныштың ел­ге мәшһүр зор атағына саямын. Сол жайт­ты түсінбеген, шынтуайтын айтқанда, түсін­гісі келмеген бұрынғы кейбір басшы­лары­мыз­дың күйкі қылықтарына таң қаламын. Сайып келгенде әділдік жеңді, күні кеше өздерін жер кіндігі санаған шенеуніктердің кейбіріне көше де бұйырған жоқ, ұмыт болды. Ал Қ.И.Сәтбаевқа Қазақ­станның 9 қа­ласында кеуде мүсіні, иә зәулім ескерт­кіш тұрғызылды. 1999 жылы есептегенімде Қаныш есімі берілген 19 орта мектеп, университет пен техникалық институт бар еді. Қазақ  ғалымының есімі Қырым жұлдыз­шысы С.Черных  ғарыш әлемінен ашқан Кіші пла­нетаға берілді…

– Медеу аға, әңгімемізді түйіндейік. Сіз бір  ғана Сәт­баевпен тоқтаған жоқ­сыз. Ол кісінің дара үлгісін ғылымда жалғастырып, өз мектебін сомдаған Ебіней Бөкетов туралы сүбелі еңбек жаздыңыз. Соған да сұ­раныс күшейіп, соңғы он жылда сол ғұмырнаманы екі тілде 7 мәрте шы­ғарыпсыз. Демек, оған да сұраныс бол­ған… Өткен жылы өзі­ңізбен жасаған сұх­батта  тарихшы Ер­мұхан Бекмаханов туралы деректі романыңызды 12 жыл толғап, 2010 жылдан бері соны да екі тілде бес мәрте жариялатқаныңызды айтқансыз…

– «Шығармалар жинағымның» 6-шы томы – «Ноқталанған Бекмаханов», демек, осы ғұмырнаманың алтыншы басылымы жа­рық дүниеге келді деп есепте. Осы деректер де әлгінде мен айтқан жайттың айқын дәлелі. Бүгінгі оқырман халқымыз туған дара тұлғалардың ғұмыр тарихына әуес. Осыған орай тағы бір мәнді жайтты ескертуді парызым санаймын: Қаныш Имантайұлының ғұмыр жолын өрнектедім деп, ғұмырнама кітабымды «Жазушы» бас­пасына тапсырғанымда ол кісінің қайтыс болғанына небәрі 11 жыл өткен-ді. Нақ осы гәп турасында деректі жанрдың атақты шебері Моруа антибиотиктерді ойлап табушы, ағылшын ғалымы А.Флемингтің әйеліне жолдаған хатында: «Сіз мені кеше ғана өмірден озған еріңіз туралы ғұмырнама кітап жаз дейсіз. Сэр  Александрдың ғылыми ерлігін танығысы келмеген, мазақ еткен жаулары түп-түгел тірі отырғанда мен осы хикаятты қалай жазамын? Олар маған күйкі шындықты жаздыра ма? Осы себептен де француз әдебиетінде қаһарманның шынайы сипатын қиял-қоспасыз бейнелеу үшін елу жыл керек дейтін қағида қалып­тасқан. Соны мен қалай бұзамын?..», – деген ойын мен бертінде білдім. Білдім де өзім ба­сымнан кешкен жағдайлардың себебі мен салдарына басқаша түйсікпен қарай­тын болдым.

– Сұхбат соңында Ертіс жағасында ірге теуіп, 1991 жылы ғана біз­дің Президенттің  жарлығымен Ресей аймағына қоныс ауыстыруға мәжбүр бол­ған, қазақтың байырғы даласын ра­диация күлінің үймесіне айналдырған шер­лі оқиғаларды шерткен «Семей қа­сіреті» атты кітабыңыз осы аптада «Фолиант» баспасынан түрлі-түсті әрі құбы­жық бейнелі суреттермен жарық көріпті…

– «Семей қасіреті» оқырманға әзірше жет­к­ен жоқ. Оның тұсаукесері 29 қаңтарда менің 80 жылдық мерейтойыммен қоса Семейде өткізілмек. Сол себепті ол туралы ештеңе  айтпаймын. Оқырман пікірін кү­темін. Тек бір жайтты ғана ескертемін: мен сексеннің сеңгіріне көтерілген өмірімнің жартысына жуығын жарылыс тарсылынан зардап  шегіп, біржола  таратылған  Абыралы ауданының тумасымын. Сондықтан да ішімде тұншыққан қыжылды осы туындымда бүкпесіз жаздым. Содан не өнгенін оқыр­ман айтсын. Өзің де. Кітабымды сый­лай­мын, оқы, уақыт  тапсаң – тағы да кезде­се­міз…

– Жүрекжарды әңгімеңізге рақмет! Қа­ламыңыз бен қажыр-қуатыңыз қа­жы­масын! Мына тойыңызға да редакция атынан құттықтау айтамын!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

 


 

«Алыпты алып қана арқалай алады. Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М.Сәрсеке ұлықтады. ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда оның «Сәтбаевы» әлемнің 112 еліне тарапты! Бұл – заңғар ғалымның есімін туған жұртында айтқызбай жүрген кешегі кереғар заманда Медеудің ерлігімен жүзеге асқан іс. Мансұқ тақырыбын отыз алты жыл бойы жалғыз арқалаған қайсар жазушы ұлы тұлғаның дүние жүзі тойлап отырған
100 жылдық мерейтойына «Қаныш елі», «Қазақтың Қанышы» атты жаңа туындыларымен келіп отыр. Ұлтымыздың ұлы перзенттерін ұлықтаудың
үлгісі осындай-ақ болар…».

 Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы. 

12 сәуір 1999 жыл, Алматы.

 (М.Сәрсекенің 1999 жылы жарық көрген «Қазақтың Қанышы»

роман-кітабына айтқан пікірі).

ПІКІР ҚОСУ