«Әлем елдері өзара саналы түрде тәуелділік дәуіріне келуі керек»
«Тәуелсіздік» деген сөз қымбат болып тұрғанда, «әлем елдері өзара саналы түрде тәуелділік дәуіріне келуі керегі несі» дерсіз? Бұл – ақын Олжас Сүлейменовтің сөзі. Олжекеңнің ойлары біздің қоғамға кейде түсініксіз болып жататыны бар. Ақын бірде асып сөйлейді, бірде тасып сөйлейді. Алайда дәл осы сөзінің жаны бар. Өйткені – әлем тұтас. Ал тұтас әлемге үйлесімділік пен өзара тәуелділік керек.
Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Олжас Сүлейменовтің бұл философиялық формуласы қазанның 26-сында Алматыда өткен Еуразия мәдениеттерін жақындастыру Халықаралық форумына негіз болды.
«Дүниежүзіндегі зорлық-зомбылық ошақтары, өркениеттер қақтығысы, идеологиялық діни көзқарастар – мұның бәрі тұтас жалпыға ортақ адамзаттық сананың жоқтығынан», – дейді сарапшылар.
Қазақстан, Испания, Үндістан, Франция, Түркия, Ресей елдерінің озық ойлы өкілдері «Әлемдегі мәдени сәйкестік», «Өзара тәуелділік мәдениетін дамытуға арналған білім» тақырыптары төңірегінде ой бөлісті.
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің ойынша, біз саналы түрде өзара тәуелділікке келуіміз қажет. Біз, әлем елдері бір-бірімізге тәуелді екенімізді терең түсінуге тиіспіз. Бірақ бұл бастама саналы, мәдениетті түрде, өзара тепе-теңдік ауқымында жүргізілуі керек.
«Бүгінгі жиынды планетарлық сананы қалыптастыруға жасалған игі қадам дер едім», – деп ойын түйіндеді Мұрат Мұхтарұлы.