Қанша оқысаң – соншалық оқымағаныңды білесің…
04.08.2023
1863
0

Кітап оқу арқылы адам баласы көркемдікке қанығып қана қоймай, ғылыми мәні зор дүниелермен де жете таныса түседі. Әр құнды дерек арқылы әлемді таниды, өзін таниды. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп кітап оқудың қыр-сыры жөнінде баяндап, өзі тәмамдаған жинақтардың танымдық мәніне баға береді.

 «Қазақ әдебиеті» газеті «Қазір не оқып жүрсіз?», «Кімді оқып жүрсіз?», «Не үшін оқып жүрсіз?» – деген сауалдарды алға тартқан екен. Қазір біз демалыстамыз. Яғни Парламент депутаттары үшін бір ай көлемінде өңірлерге барып, ел-жұртпен жүздесіп, қабылданған заңдардың қалай жүзеге асып жатқанын бір қадағалап қайту, әлеуметтік, экономикалық, тұрмыстық және мәдени салалардағы түйткілді мәселелерді назарға алу – басты мақсат. Осы орайда жақында Жетісу облысына барып қайттым. Аймақта жүзеге асып жатқан жақсы өзгерістер бар. Президент жарлығымен жаңадан ашылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен және облыстық, аудандық мәслихат депутат­тарымен жүздестім. Текелі қаласында, Ескелді би ауданында болдым. Бірқатар өзекті проблемаларды қойын дәптерге түртіп алдым.
Сол сапардан келгеннен кейін аздаған демалысты пайдаланып, ежелгі дағды бойын­ша «кітап кеміруге» бас қойдым. Әдетте қалыптасқан дағды бойынша айына төрт кітап оқу мақсат-тұғын. Көз нашарлаған соң мұны ептеп азайтып, айына екі кітап көлеміне түскенбіз…
Бірақ бос уақытты тиімді пайдалану керек. Сондықтан екі аптаның ішінде Бауыржан Омарұлының «Жүректің көзі», Мәмбет Қойгелдиевтің «Қиянат автономиясы», Райхан Имаханбеттің «Ғасыр саңлағы», Махаббат Бигелдиевтің «Өзім айтам…», Зиябек Қабулдиновтың «Султанмамет Султан; государственный деятель, дипломат и батыр», «Жұмабай Шаяхметов туралы деректер мен материалдар», Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты шығарған «Цинская империя и казахские ханства» деген кітаптарды бас алмай оқып шықтым.
Көркем кітаптарды тез оқимын. Деректі кітаптарды қайталап оқығанды жақсы көрем. Тарихи тақырып қатты қызықтырады. Сондықтан бұл бағыттағы кітаптарды астын сызып, ерекше белгілер салып оқитын дағдым бар.
Бауыржан Омарұлының «Жүректің көзі» атты кітабын жарыққа шыққан кезде бірсыпыра көктей шолып оқыған едім. Ұзақ жыл газетте жұмыс істеген кез­де қалыптасқан «тез оқу» техникасы бар менде. Мұны білмейтін кісілер: «Қалай тез тауыстыңыз?» – деп сұрап жатады. Бұрынырақта «Наука и жизнь» деген журнал болды. Сол журналдың 1978 жылғы бір нөмірінде «Тез оқу техникасы» деген үлкен мақала шыққан. Курстас досым Бейбіт Сапаралы елден бұрын осы әдісті игерген еді, бізге де жол сілтеді. Соның пайдасын газет шығарып жүргенде көп көрдім. Талай жылдан бері көп ретте сол техниканы пайдаланамын.
Адамның көз жанары фотоаппараттың обьективі секілді: кітапты не мақаланы көзді жүгіртіп, әріп қуалап оқуға, сонымен қатар тұтас абзацты бір-ақ қамтып көруге болады; бұл үшін көзді жаттықтыру керек, кітап оқығанда сөз бен сөйлем арасын тұтас жалғап, мағыналық тұрғыда қамтып отыру қажет. Бастапқыда бұл көзге оңай емес, әр әріптің не әр сөйлемнің артынан жүгіріп, тұтас абзацты көзбен қамту қиынға түседі. Әбден жаттығу үшін бірнеше жыл уақыт керек. Сонда көз талмайтын болады. Жазылғанның бәрін үтір, нүктесіне дейін қалдырмай қамтып оқу үрдісі қалыптасады.
«Не үшін оқып жүрсіз?» деген сұрақтың жауабы сауалдың өзінде тұрғандай. Оқу үшін оқисыз ғой әрине. Жас кезде, студенттік кезеңде, тіпті одан кейінгі орта жылдарда да кітапты талғамай оқитын едім. Қолға түскен жаңа кітапты оқып бітіргенше асығатынмын. Бұған біздің журфактағы курстас достар арасындағы «кітап оқу бәсекесі» қатты ықпал етсе керек. Біздің курста кімде-кім жаңа кітап оқып келсе, соны ерекше екпін салып айтатын. Мәселен, «бүгін Достаевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын оқып шықтым, керемет екен, оқиғасы былай» деп аздаған ақпарат берсе болды, курс­тағы қыз-жігіттер таласа-тармаса аталған кітапты оқып шығуға ұмтылатынбыз. Соның арқасында студенттер арасында «кім бұрын оқиды?» деген шынайы бәсеке орныққан. Осындай «оқу жарысының» да пайдасы көп тиді кезінде…
Оқыған кітап – рухани байлық. Оқығаныңды ел-жұртқа айтып отырсаң, бұл пайдалы ілімге жатады. Бұрын осындай бір дәстүр бар еді, кісілер жиналғанда жаңадан оқыған кітап туралы, алған әсерің жайында әңгімелеп берсең – оқығаның «айналымға» түседі, талай адам тың ақпаратқа қанығады. Өкінішке қарай, әлеуметтік желі кітап оқуға деген ынтаны кемітті. Кітап оқу «ескіліктің қалдығы» сияқты қабылданатын болды…
Сонымен «Не үшін оқисыз?» дегенде алдымен өзім үшін оқимын. Өзімнің жан-дүниемді байыту үшін! Қанша оқысаң – соншалық оқымағаныңды білесің…
Бауыржан Омарұлының «Жүректің көзі» кітабында Талғат Бигелдинов, Әбіш Кекілбаев, Серік Қирабаев, Ақселелу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы, Әзілхан Нұршайықов, Серік Негимов, Кенжеғали Мыржықбай, Дүйсен Қасейінов, Дихан Қамзабекұлы секілді талай азаматтан алынған сүбелі сұхбаттар бар. Әзілхан Нұршайықовқа «Қазір ғой дәптердің жеті атасы толып тұр. Ал соғыста қандай қағазды пайдаландыңыз?» – деп сұрақ қояды автор. «Қысқасы, қолға не түссе соған жаздық. Соғыстан 16 күнделік алып келдім», – деп жауап береді Әзекең.
– Күнде жазасыз ба? Үзіліп қалатын кезі болмай ма? – дейді кезекті бір сауал.
– Күнде жазам. Ешқашан үзбеймін. Бұл – мен үшін тамақ жеу, шай ішу секілді үйреншікті дағдыға айналған нәрсе. Жазбасыма болмайды, – деп майдангер жазушы өзінің жазу дағдысынан хабар береді.
Ал Әбіш Кекілбайұлымен сұхбатта автор: «Жазушы-ғалым Ақселелу Сейдімбек бір әңгімесінде Сіздің газет тапсырмасы бойынша Лев Толстой туралы деректер мен дәйектерге толы мақаланы бір түннің ішінде жазып бергеніңізді жыр қылып айтады. Біреулер бір ай бойы жазатын мұндай дереккөзі көп танымдық дүниені жедел жазып тастауыңыздың сыры неде? Осынша мол мағлұматты жадыңызда сақтайсыз ба, әлде кітапханаңыз бай ма?» – деген сауал тастайды. Бұған Әбіш ағамыз: «Мен негізінде кітаптан бас көтермейтін адаммын. Бірақ бұған қарап мені күні-түні жазу үстелінде отырады деп ойлауға болмас. Көбіне-көп кітап оқимын. Сондықтан мені көптеген мәселелер қызықтырады. Өзімді қызықтырған мәселелерге үнемі жауап іздеп жүремін. Сол жауапты тапқанша тыншымаймын. Мағлұматтарды жадымда ұзақ сақтайтыным да, кітаптарға көп жүгінетінім де рас. Кітапханам анау айтқандай бай емес. Бірақ өзім білетін қаламдастарымның қай-қайсысының да кітапханасынан қораш деп ойламаймын», – деп жауап беріпті.
Бауыржанның Ақселеу Сейдімбектен алған сұхбатында ғалымның шифр-конспектіні қалай қолданатыны, «қазір бұрынғыдай он-он бес сағат үстел басында отыра алмайтыны», «көп болса, екі-ақ сағат жұмыс істейтіні» айтылады. «Мұхтар Мағауинге қалай қарайсыз?» – деген сауалға Ақаң: «Мен оның өзімен аразбын. Бірақ оның дарынымен араз емеспін. Мейірім қанып отырады оның жазғандарына. Менің жүрегімдегіні айтып жатса, ырза болмай қайтесің. Оны мойындамасақ, бетпақтық болар еді. Мінезі оның өзімен бірге кетеді. Ал жазғандары халықтың игілігі болып қалады», – деп жауап береді.
Ақаң да, Әбіш аға да, Әзілхан, Талғат, Серік ағаларымыз да өмірден өтіп кетті. Айтқандары мен жазғандары халықтың игілігі болып қалды. Бауыржанның кітабынан үлкен ағаларымыздың өмір жолынан сыр суыртпақтайсың, тағылым аласың, ағалардың ірілігін көресің. Мен енді осындағы деректерді қайтемін? Баз біреулермен тілдесе қалғанда дерек ретінде Баукеңе сілтеме жасай отырып, тілге тиек етемін. Пайдалы ма? Пайдалы…
Сол секілді Махаббат Бигелдиевтің «Өзім айтам…» кітабы замандасымыздың өмір туралы ой-толғаныстарымен қызықты. Мәмбет Қойгелдиевтің «Қиянат анатомиясы» кітабы құнды деректерге толы. Қызыға оқыдым. Талай мәліметтің астын сызып қойдым. Райхан Имаханбеттің Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Ғасыр саңлағы» атты кітабы да – сондай, Алаш ардақтысының өмірбаян деректеріне қаныға түсесің. Зиябек Қабулдиновтың «Султанмамет султан» кітабында да тың деректер мол.
Тарихи тақырыптар ерекше тартып тұрады. Сол себептен Жұмабай Шаяхметовтің өмір жолына қатысты деректі құжаттар мен материалдарға толы кітапты құныға оқып шықтым. Бәрі де нақты құжаттармен таңбаланған. Біз әдетте шындықты, ақиқатты көп іздейміз. Кезінде жабық болған архив құжаттары талай сырды ақтарып, алдыңызға шығарады. Кітап сонысымен де құнды.
«Цинская империя и казахские ханы» деген кітап та сондай тарихи құжаттарға негізделген. Қазақ пен қытай елі арасындағы қарым-қатынастың қалай болғаны, қазақ хандарының қалай әрекет еткені нақты құжаттармен баяндалады. Бұл кітапқа да менің тарапымнан талай белгі соғылды. Белгіні не үшін қоямын? Адамның басы компьютер емес. Жадың қанша мықты болса да уақыт өте келе ақпарат ұмыт бола бастайды. Кезекті бір жазбаға бір кезде оқыған деректерің қажет болып қалатын кездер болады. Сол кезде кітапты бастан-аяқ қайта оқып шығудың, не ақпарат іздеп уақыт жоғалтудың керегі аз, бірден белгі соғылған беттерді ашып, қарасаңыз болды, «қажет, өте қажет, аса маңызды, керек» деген арнайы белгі қойылған парақтан іздеген деректерді жинап ала қоясыз…
Ақиқатын айтайын. Бұрын кітапты өзім үшін оқитынмын. Қазір кітапты тек өзім үшін ғана оқымайтыным да рас. Ағайынды Гримдердің ертегілерін, Дхан Мукержидің «Хари мен Кәри», Эрих Распенің «Мүнхаузеннің басынан кешкен хикаясы» деген кітаптарды немерелеріме дауыстап оқып беремін. Адамды оқуға үйрету үшін әуелі тыңдауға үйрету керек! Жастайынан құлақтарына сіңе берсін деген тілек. Қысқасы, осы.

Нұртөре ЖҮСІП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір