ҚҰЛАҚТАН КЕТПЕС СОЛ БІР ӘН…
14.09.2022
1676
0

Қайрат МАЛҒАЖДАР

Соғыстың соңғы әні

Той болса біздің ауылда
Күмісхан апаң ән салар…
Күллі жұрт сонда тамсанар.
«Керман ит болды-ау
көлденең»…
Осы әнді бір бастаса,
Көзіне жасы тығылып,
Қоңырша даусы құмығып
Тоқтайтын апа…
«Беу, де, өлең!..»

«Кешегі Керман болмаса,
Біздің де бақыт өрлеген»…
Арманды әні үзіліп,
Моншақтап жасы төгіліп,
Көмейді шемен кернеген.

«Па, шіркін!» – дейтін атамыз
Қияқтай мұрты жыбырлап.
«Соғыстан соңғы ән еді-ау…» –
дейтұғын тәтем сыбырлап.

Келтіріп әннің ырғағын,
Күрсінетін терең кейуана…
Соғыстың салған жарасы –
Бітпейтін шер ғой бейдауа.

Соғыстың соңғы үніндей
Құлақтан кетпес сол бір ән.
…Шегін күмбірлетемін:
«Ахау де, айдай,
домбырам…»

Үлбі
Сарқыра, Үлбім, сарқылма,
Жарқыра, Үлбім, жарқылда.
Жағаңда жырлап мен тұрсам,
Аңқылда, жаным, аңқылда!

Үлбіреп тұрған жағаңа
Үңіле аттан кеп түстім.
Үмітпен қайран толқының
Қойнына кірген Ертістің.

Ақ көбік толқын шашылып
Жағаңды келіп өбеді.
Өскемен күні төбеден
Шуағын суға төгеді.

Сүйкімді менің Үлбім-ау,
Сүйікті менің Үлбім-ау,
Ғашық боп қалғанымды да
Қашыққа кетіп білдім-ау…
Аязда
Сақылдап тұр сары аяз,
Дірдектейді кербесті,
Суатқа келем жетелеп,
Бусанып тұр жер беті.

Өзеннің үсті ақшулан,
Шуда тартқан сияқты.
Аппақ қырау көміпті
Қамысты, шиді, қияқты.

Үкінің бетін жабатын
Сіресіп қапты қап тығын.
Сүйменім қолды қариды,
Құрыды лезде аптығым.

Болмадың деп тезірек
Оқыранып тұр кер бесті.
Тықырлап ол да тынымсыз,
Жұлқылайды делбені.

Шелектеп месті толтырдым,
Мейілін салып ішпеді,
Ойнақтай ала жөнелді
Суық су қарып іштегі.
Кер бесті кетті ауылға,
Суатта қалдым солпиып.
Әрең жеттім-ау үйіме,
Су болған киім қоқиып…
Ақ Ертіс
Ертісті өрлеп ел көшкен,
Өзегімен ымдасып,
Толқынымен тілдескен.
Барқытбел, Сауыр-Сайқаннан
Ағылып елі жүздескен.
Ертісте тұнған ырыс-құт.

Ертісті еңсеп ел қондырып,
Жағаға жұртын толтырып,
Қанжайлауға үй тіккен.
Қалбатау мен Шыңғыстау,
Сай-саласы – қалың қау.
Аспан көкпен шендескен.
Шыңдары бұлтпен теңдескен.

Ертістің бойы – ен байлық,
Ертісті еңсеп кең көшкен,
Жазғы байтақ, кең дала,
Қиырына болмас көз жеткен.
Ертіс пен Өбтің арасы –
Құлыңдының даласы,
Орда қонып ел кеткен.
Тұяғы тиген тұлпарың
Дауылдан жүйрік желдеткен.

Ертісті еңсеп ел көшкен,
Қала түзіп, шаһар сап,
Отан еттік құрметпен.
Ер түріктің ұрпағы –
Батыр қазақ ұланы.
Жерін сүйіп әспеттеп,
Түйір тасын күзеткен
Ақ Ертіс бойы – атажұрт.
Алтай қысы
Ақ ұлпа қар – айнала,
Аппақ мамық тау, дала.
Ақ көңілді қазақтай
Төк, аспаным, аяла,

Төк күмісті уыстап,
Сай-салаға, бұйратқа.
Қымта жердің қойнауын,
Қар құйып жазық, ойпатқа.

Бүрке ағашты, бұтаны,
Кіреукелеп тоғайды.
Ақ желегін жамылтып,
Жасандырған Алтайды.

Аппақ мына маңайым,
Ниет те ақ, пиғыл да ақ.
Дәл қысындай Алтайдың
Көрген бар ма қысты нақ?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір