ҰЛТ ҰСТЫНЫН АЙҒАҚТАР РӘМІЗДЕР
09.06.2022
184
0

Қазақстан Республикасының рәміздері еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінінің  және болашағының  арасындағы  сабақтастықтың негізгі жарқын көрінісі деп айтуға болады. Рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілектерін жеткізетін құнды белгілер.

Осыдан отыз жыл бұрын – 1992 жылдың  4 маусымында Отанымыз аса маңызды тарихи белеске қадам басты. Егеменді ел болуға бет бұрып, жаншылып қалған рух пен жасып қалған ұлттық санамыз дүр сілкініп, Тәуелсіздік нышандары – Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз қабылданды. Бүгінде Мемлекеттік рәміздер күні бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін мерекеге айналды. Бұл елдің тәуелсіздігін, патриотизм рухын, халықтың қаһармандығы мен даналығын, болашақтың жарқын мұраттарына деген ұмтылысты білдіретін құндылық бағдарларын бейнелейді.

Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр.

2007 жылғы 4 маусымда бекітілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздеріміздің пайдаланылу тәртібін нақты белгілеп берді. Мемлекетіміздің Елтаңбасы  «таңба», «белгі», тіпті «мұра» деген ұғымды білдіреді. Қазақстанның қазіргі таңдағы Елтаңбасы үлкен еңбектің арқасында, қос сәулеткер – Жандарбек Мәлібек пен Шота Уәлихановтың шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде дүниеге келді. Елтаңбадағы шаңырақ –  ұлтымызға тән басты  нышан. Ол  қазақ үшін қай кезде де береке мен бірлікке үндейтін белгі болып саналған.  Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздеріміздің бірі – көк ту. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.  Кез-келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын  жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір кезеңінде  сол жұрттың Әнұранына айналған. Әнұранның авторы – Шәмші Қалдаяқов (әнін жазған), Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев.

2022 жылы 3 маусымда Алматы музейінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві және Алматы Музейі  бірлесе ұйымдастырған «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны» атты көрме мен  дөңгелек үстел өтті. Көрмеге Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қорынан мемлекеттік рәміздер тарихына қатысты құжаттар: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері жөніндегі Республикалық комиссия отырыстарының хаттамалары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әскери рәміздер туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысы сынды құжаттар мен Алматы музейі қорындағы фотосуреттер қойылған. Мұнда 50-ден астам мұрағаттық құжаттар, хаттар мен фотосуреттер және экспозицияның бір бөлігі мультимедиялық форматта ұсынылды. Дөңгелек үстелге Алматы қаласының белгілі қоғам қайраткерлері мен  зиялы қауым өкілдері қатысып, ғалымдардың, дуалы ауыз ақсақалдарымыздың дәрісі сөз болып, теңдесі жоқ тағылымдар талқыланды.

Бабалар сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікті тәу етіп, тұғыры биік Туымызды, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызды, ұлттық рухты  көтерер Мемлекеттік Әнұранымызды құрметтеп, қадірлей білу – бүгінгі, ертеңгі ұрпақтың парызы!

Нұрсана ҚАНАҒАТҚЫЗЫ,
174 мектеп-гмназияның 11-сынып оқушысы

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір