Қонаев дәуірінің сыр-мұңы мен жай-жапсары туралы сөз қозғау біз үшін күрделі тақырып. Ол заманның бары мен жоғын бағалап, талдап, таразылау үлкен қабілет-қарымды қажет етеді. Сол үшін де ел тізгінін ұстаған абзал азаматтың қасында жүрген, көзін көрген, замандас бола білген ел ағаларын сөзге тартқанды жөн көрдік. Жабайхан Әбділдин, Кеңес Аухадиев, Өмірзақ Сәрсенов сынды қайраткерлер Қонаев дәуірінің қиыншылығы мен қуанышын қатарлас өткерген ел зиялылары. Ең бастысы, бұл ағайындар Қонаев сынды дәуір перзентінің Елі мен Жері үшін сіңірген теңдессіз еңбегі мен азаматтық әрі тұлғалық позициясын жан-жақты саралап, талдап бере алатын жандар…
– КСРО уақытында іргелес республикаларға беріліп кеткен не берілмекші болған Қазақстанның жекелеген аудандарын қайтарып алуда, тіпті, бермей қалуда Қонаев қаншалықты ерлік жасады? Қазақстанның оңтүстік аудандарын – Өзбекстаннан, Ақмоланы – Неміс автономиясынан аман сақтап қалған Қонаев – елін, жерін сүюдің қайталанбас үлгісі ғой. Ол уақыттарда Қонаев өзін қалай ұстады? Қылышынан қан сорғалап тұрған Орталықтың дегенімен жүрмеудің соңы неге апарып соқты?
Кеңес Аухадиев: Сіздің қойған сұрағыңыз Н.С.Хрущев ел басқарған кезең туралы. Н.С.Хрущев Оңтүстік Қазақстан облысының үш ауданын мақта өсіру үшін Өзбек КСР-іне берейік дегенді арсын-гүрсін айта салған жоқ. Ол да сөзін дәлелмен тұздықтайды ғой. Мысалы, Өзбекстан мақта өсіреді, осы саладағы тәжірибесі бұрыннан мол. Кеңес халқы – бір елміз, мақта өсіруіне жер жетпей жатыр екен дегендей сөзбен басталады. Иә, сол заманда да бұл сөзге бірден тойтарыс беріп, батырлық танытқан жандар табылды. Бірақ, ол орнынан алынып, оның одан әрі жұмысқа араласуға мүмкіндігі болмай қалды.
Саясаткер болу қай уақытта да оңай болған емес, ал ел тізгіні мен ел билігі өз қолына емін-еркін тимеген Кеңестер Одағының заманында саясат тіптен сан қатпарлы, көп астарлы еді.
Бұл оқиғадағы Қонаевтың қадамына келер болсақ, саясаткердің қабілеті мен ерекшелігін бағалауымыз керек. Саясаткер ең бірінші өзін емес, халқын ойлайды. Әлгіндей мәселе көтерілсе, соның оңтайлы, өз жұртының пайымына қарай шешудің жолын іздейді. Димекеңнің сабырлылығы сол дәуірдің бір айласы еді. Димекеңнің үш ауданды да өзбектерге беруге болмайды, өзіміз де мақта еге аламыз деген қарсылығына қарамай, үш ауданнан айырылдық. Димекеңнің екі жылға Бірінші хатшы қызметінен кететін уағы да, міне, осы кез. Хрущев кеткеннен кейін, орнын Л.И.Брежнев басты. Димаш Ахметұлы Брежневпен достығын пайдаланып, әлгі үш ауданды өзімізге қайырып алды.
Ал, Ақмола туралы айтар болсақ, ол уақытта Қазақстанда бір млн-ға жуық немістер тұратын, қоныстанған жері – солтүстік аудандар. Ол халықтың ешқандай кінәсі жоқ. Қазақстанда неміс автономиясы құрылады екен деген әңгіме сол тұста өрттей қаулап кеткені рас. Бірақ арнайы қаулы шығып, осындай болсын деген ресми әңгіме айтылмады. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды», – дейді ғой қазақ. Димекең ол жағдайдан хабардар. Бұл сөз жастарға жетіп, қарсылық танытты. Мен ол кезде Алматы облысын басқарамын. Қалада оқып жүрген жастар, егер немістерге автономия берілетін болса, біз де қарап қалмаймыз деген хат жазды. Ақмолада жастар манифистация жасап, оны Димекеңдер қолдап, қысқаша айтқанда, сол жағдайды сәтті пайдаланып, Мәскеуге барып, мәселенің басын ашып алды. Сонымен ол әңгімеге нүкте қойылды.
– Жабайхан Мүбәрәкұлы, философ маман ретінде Қонаевтың тұлғалық қасиеті несімен ерекшеленетінін тіліңізге тиек етсеңіз…
Жабайхан Әбділдин: Әлемде әрбір тұлғаның, әрбір халықтың өзіндік орны бар. Мысалы, қазақ халқын әлемдегі басқа ұлттармен салыстырғандағы орны қандай дейтін болсақ, жалпыадамзаттық құндылықтарға бізде кім үлес қосты деген сұрақтың жауабын іздейміз. Егер ғылым жайлы айтар болсақ, қазақ халқы кімді туғызды дегенде, Шоқан мен Қаныш ауызға ілігеді. Әдебиеттен кімді бердік дейтін болсақ, Абайды, Әуезовті, Мұқанов пен Мүсірепов, Мұстафиндерді мысал қыламыз. Қазақ халқы музыкадан кімді шығарды дейтін болсақ, Жұбанов пен Тілендиевті еске аламыз. Ән өнерінен Күләшті, Бибігүлді айтамыз. Әскери тұлға дегенде көңілімізде Бауыржан Момышұлы есімі тұрады. Осы азаматтарды қазақ халқы дүниеге әкелген. Қазақ халқының көшін бастаған тұлға кім деген сауалға жауап іздесек, Абылай ханды өте ерекше қабылдаймыз. Себебі, қазақ халқының жоңғарды жеңуінде, қазақ мемлекетін қалыптастыруда Абылай ханның рөлі өте жоғары. Кеңес өкіметінің кезінде, тоталитарлық режимде жетпіс жылға жуық ғұмырын өткізген ұлттан қандай мемлекет қайраткері көш бастап, қазақтар кімді кие тұтты дегенде – Қонаев тұлғасының шоқтығы биік. Ол үлкен ақыл иесі еді. Бір жағынан академик. КСРО-дағы Саяси бюроның мүшесі айналдырған оншақты адам болса, Қонаев солармен қатар жүрді. Л.И.Брежневтің досы, үш дүркін Еңбек Ері атанған кісі. Ол туралы айтқанда халыққа, оның экономикасына, мәдениетіне, ғылымына, қазақ халқының жалпы ілгерілеуіне нендей еңбек сіңірді деген сұрақтың жауабын іздеу керек.
– Қазақстанды шикізаттық республикадан өндірістік өңірге айналдыру қаншалықты тиімді еді? Осы салаға Қонаевтың сіңірген еңбегін айта кетсеңіздер…
Кеңес Аухадиев: Осы күнгі жастар бейхабар болар, ол кезде бар мәселе Орталықта (Мәскеуде) шешілетін. Жоспар деген бар. Мәскеуде бар жағдай талқыланып, әр республикаға бюджет бойынша ақша бөлінетін. Ол уақытта шикізатқа да, өндіріс мәселесіне де тікелей Орталық араласады. Мәскеудің ортақ қазаны қалай шешеді – солай болады. Бізден мұнай шықса, басқа жақта соны өңдейтін зауыт салынуы мүмкін. Дегенмен, бюджет бөлінуінің өзі жан-жақты есептелінетін. Сондықтан бұл жағынан біздің республика Ресейден де, басқа республикалардан да кем болған жоқ. Димекең Қазақстан Орталық Партия комитетінің Бірінші хатшысы болып, өткен ғасырдың екінші жартысында, тыныштық заманында 25 жыл елін басқарды. Сөз жоқ, сол жылдары еліміздің барлық өңірлерінде көптеген заводтар мен фабрикалар салынды. Турасын айтсақ, Қазақстан экономикасының ерекше өсіп, мәдениетінің гүлденген кезі еді.
Жабайхан Әбділдин: Қазақстан 1953-54 жылдары қандай еді? Сол кезеңнен 1986 жылға дейінгі жолға көз жіберсек, айырмасы жер мен көктей. Жалпы экономика, өндіріс жағынан Қазақстан Қонаевтың уақытында Одақ көлемінде үшінші орынға көтерілді. Әрине, оның көлеңке жағы да бар. Ол тікелей Қонаевқа байланысты емес. Қазақстанға тың игеруге, өндірісті көтеруге байланысты Ресейден, Украинадан халық ағылды. Өзге халықтар үлесі артқаннан соң, орыс тілі басымдық алды. Екінші қырынан алғанда Орта Азия республикаларымен салыстырғанда үлкен өндіріс қайнап жатқаннан кейін Қазақстанда қазақ халқының да, оның азаматтарының да, қыздарының да деңгейі өсті деп айтуға болады. Басқа республикаларға қарағанда, әрине, біздің негізгі көзіріміз – жеріміздің үлкендігі, негізінен құнарлылығы, Қазақстан жерінің керемет байлығы. Біздің жерімізде Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар дегенді Қонаев дәуірінен бастап айттық. Қазақстан мыс қорыту жағынан, тіпті, әлемде өзіндік орны бар ел. Көмір, мұнай, темір, сирек кездесетін металдарды шығаруда жетістігіміз болды. Бірақ шикізат шығару басымдық алды. Қазір де солай. Өндірісте Ресей, Украина, Белорусиядай болғанымыз жоқ, бірақ ол жағынан да ілгерілеу бар еді. Қонаевтың уағында экономикамыз үлкен қарқынмен дамыды деп айтсам, өтірік емес.
Менің әкем жалпы жақсы қорытынды жасайтын адам еді. Кеңес өкіметі құлаудың алдында, бір күні әкемнен елді басқарған басшылар, олар патша дейді ғой, патшалардың қайсысы елге жайлы еді деп сұрадым. Өзім ішімнен Ленин әлде Сталинді атайды ғой деп ойлағанмын. Бірақ ол кісі «Ең дұрысы – Брежнев», – дегенде мен қатты таңғалдым. Брежнев елді сөзге иіріп әкететін тұлға да емес еді ғой. «Неге олай ойлайсыз?», – дегенімде, әкем: «Бұл кісі халыққа жамандық жасамайды екен. Брежнев уағында халыққа мал ұстатты, ешкімге тиіскен жоқ, ұрынбады, соқтықпады», – деп еді. Ол уақытта Брежневтің кезеңіне тоқырау деген айдар тақты ғой. Мен де сол тоқырауыңыз осы күнгі тұрақтылық па деп қаламын. Қонаев осы ел жақтаған Брежневпен дос болды. Қазақстанда қазақтың әл-ауқатын, ауылдың жағдайын көтеруге үлкен ықпал жасады. Объективті түрде қарасақ, біздің экономикамыздың, ауылшаруашылығының, өндірістің үлкен қарқында дамыған уақыты – сол кезең. Әрине, ол заманның да ішкі наразылығы бар еді. Сол кезде мектеп бітірген қазақ жастарын түгелдей ауылда қаламыз дегізіп ұрандатқан мезгіл болды ғой. Қаладағы интеллигенция бұған наразы болдық. Неге қазақ халқы ауылда тұруы керек дедік. Себебі, біз ауыл мен қаланың айырмашылығын білеміз ғой. Қаладағы адамның білім, білік, тұрмыс деңгейінің артықтығын айтпағанның өзінде, қала ең әуелі – шешуші фактор. Өзге тілді ұлттар қалада көп шоғырланғандықтан, тіл мәселесінде кілтипан табылды. Алайда, ол уақыттың желі басқа жақтан соғатын. Қазақ тілін ұлықтағандар ұлтшыл аталатын. Қонаев екі қабат ғимаратты қазақша балабақша салдырғанның өзі қанша әңгіме болғанын көзі көргендер ұмыта қойған жоқ. Мұның барлығын айту керек.
– Өмірзақ ағай, Қонаев Қазақстанның әрбiр аймағына сай кәсiп пен нәсiп тауып бердi деген сөз рас па? Маңғыстауға – мұнай, Қарағандыға – көмiр мен темiр, Павлодарға – ауыр индустрия, Семейге – жеңiл өнеркәсiп, Жамбылға – фосфор өндiрiсiн орналастырды. Бұл тәсiл ауылдарға дейiн жеттi ме?
Өмірзақ Сәрсенов: Жеткенде қандай! Мынау Алматы облысында Балқаш деген аудан Iленiң Балқашқа құятын жағын мекендейдi. Димекеңнiң арғы атасы Азнабай осы жердi, Күртi мен Iле өзендерiнiң арасын мекендеген. Мұнда сен айтқан мұнай мен газ, темiр мен көмiр жоқ. Осы ауданда күрiш өсiру жобасын Дiнмұхамед Қонаев жасаттырды. Бұған дейiн күрiш дақылы жер бетiнде мұндай солтүстiк белдiкте өсiрiлмеген. Қонаев ғалымдарға осы Балқаш ауданының Бақбақты, Ақдала аймақтарында күрiш өсiруге болатындығын дәлелдеттiрдi. Содан соң арнайы қаржы бөлiп, күрiш танаптарын жасатты. Iле дариясынан берi қарай каналдар қаздырды. Жолдар салды. Жаңа шаруашылықтар ашты. Сөйтiп, мұнда iрi күрiш алқабы пайда болды. Кеңес Одағы осы дақылға деген зәрулiктен құтылды. Жергiлiктi халыққа кәсiп те, нәсiп те келдi. Ауылдар көркейдi. Жұмыс орындары ашылды. Қаншама техника келдi. Әрбiр ауылға мәдениет, денсаулық сақтау ошақтары салынды. Жергiлiктi халық осының игiлiгiн әлi көрiп отыр. Бұрынғыдай самолеттер ұшпаса да, басқасын сақтап қалды. Жекешенiң қолына тиген шаруашылықтар сол күрiшiн егiп, сатып өз күнiн көрiп отыр. Мұнай мен темiрсiз де тентiреп кеткен жоқ. Осыны Қонаевтың көрегендiгi дер едiм.
– Осы арада Қонаев және қала салу тақырыбына соға кетсек. 50-ге жуық қаланың Қазақстанда бой көтеріп, көркеюіне үлес қосты деп жатамыз. Сол елді мекендердің салыну, жобалану тарихы қалай еді?
Жабайхан Әбділдин: Барлық қалалардың салыну тарихын біле бермеймін. Білетін бір-екі қаланы айта кетейін. Павлодар – Кереку қаласы. Сол елде мен туғанмын. Сондықтан оны жақсы білемін. Соғыстың алдында, 1939 жылы облыс болған. Оның алдында Кереку Семейге қараған шағын ғана қала еді. Әрі кетсе 40-50 мың халқы бар. Жаяу-жалпылы аралайтын елді мекен еді. Сол қала 1950 жылдардан қарқынды дамыған, Қазақстандағы ең мықты қалалардың біріне айналды. Ақсуды алсақ, Ермак деген кішкентай ғана аудан еді. Екібастұзда да түк жоқ еді. Міне, осы сипатты қалалар көтерілді. Қала беталды көтерілмейді. Экономиканың, өндірісінің дамуына тікелей байланысты ол. Алматы қаласы туралы әңгіме бөлек. Біз сол заманда да Алматыны кемсінгеніміз жоқ. Бірақ сырттан келгендер «үлкен ауыл» дейтін. Қонаевтың заманында Алматы таңғажайып қалаға айналды. Ол енді Алатауымен, бау-бақшасымен ғана емес, келісті сәулетімен де мен деген астаналармен таласа алатын болды.
Кеңес Аухадиев: Димекеңнің уақытында 43 қала салынды. Жамбыл облысындағы Қаратау деген қаланы алайық. Ол жақта фосфор зауыттары іске кірісті. Шымкенттегі Кентау Ащысай полиметалл кенішін байыту жұмыстары үшін салынды. Балқаш комбинатын өркендету үшін Балқаш қаласы қанат жайды. Мұнайлы қала Шевченко. Тіпті, қасымыздағы Қапшағай қаласын алайық. Қонаевтың инициативасымен, басшылығымен салынған. Осының арқасында төменгі жақтағы Балқаш ауданында күріш егіліп, бірнеше жаңа созхоздар құрылып, екіншіден, Алматыға қосымша электр энергиясын беретін болды. Үшіншіден, қандай әдемі көл пайда болды. Мен Алматы қаласы мен Алматы облысын он бір жылдай басқардым. Сондықтан кезінде астанамыз болған Алматыға да тоқтала кетейін. Димекең бұл қалаға ерекше көңіл бөлетін. Ол кісі Алматыны шын мәніндегі астана етуге бар күшін, барлық беделін, тіпті, бар ақыл, айласын жұмсады. Бәрін тізіп айтпай-ақ қояйын, дегенмен Медеу мұз айдыны, Республика және Оқушылар сарайы, Әуезов және Лермонтов атындағы театрлар, Алматы мақта-мата комбинатының Мәдениет сарайы, тұңғыш 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, шығыс үлгісінде салынған «Арасан» моншасы, тағы тағылар.
Қонаев ірі ғимараттар салғанда да халықтың жағдайын ойлайтын. Мен өзім білетін бір-екі жағдайды айта кетейін. Қазіргі қалалық әкімдік орналасқан үй бұрын Орталық партия комитетінің үйі еді. Оған Мәскеу әдейі ақша бөлген. Сол ғимаратты қайда орналастырар мәселесі қаралды. Сонда Димекеңнің ұсынысымен ол ғимарат Абай даңғылының жоғары жағындағы өңкей бір-біріне жабысқан тоқал тамдардың (ол уақытта халық «Шанхай» дейтін) үстінен түсетін болды. Соның арқасында Фурманов көшесі мен Желтоқсан көшесінің аралығындағы Республика алаңындағы үйлер бұзылып, 1500-ден аса отбасына жаңа үйлер берілді.
Сол сияқты Лениннің 100 жылдығын атап өтуді де ел игілігіне бұра білді. Соны пайдаланып, Ленин (қазіргі Республика) сарайын салдыртты. Ленин (қазіргі Достық) даңғылын жаңарту керек деп, 1-2 қабат ескі үйлерді бұзып, ежелгі тұрғындарға тағы да баспана салып беруге қол жеткізді.
– Зиялы қауымның қазақы рухты оятуына, қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін зерттеп, дамытуына қаншалықты жағдай жасалды. Кеңестік саясаттың құрығы ұзын кезде Қонаев ұлт руханиятының жоқшыларына қорған бола алды ма?
Кеңес Аухадиев: Димекең әдебиетке, мәдениетке ерекше көңіл бөлетін, ақын, жазушыларға өте жақын болатын. Ол кісі Мәскеуде оқып жүргенде Үлкен театрдағы және басқа да театрлардағы спектакльдердің барлығын көргенін, ондағы ойнаған әртістердің аты-жөнін айтып отыратын. Соғыс жылдары Алматыға көптеген әртістер келді, біраз фильмдер Алматыда қойылғанын білеміз. Солармен де тығыз араласқанын, тікелей көмек көрсеткенін білеміз.
Қонаев қазақ әдебиеті мен мәдениетіне ерекше көңіл бөліп, қамқорлық жасап жүретін, ал енді Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, тағы да басқа ақын, жазушылармен тікелей араласатын. Шәкен Аймановпен, тіпті, отбасымен араласып, дос боп кеткен. Асанәлі Әшімовтің айтуынша, Димекең Аймановқа неге осы «Қыз Жібек» фильмін қоймайсың деп сұрап және ол фильмнің шығуына үлкен әсер еткен.
Олжас Сүлейменовтың «Аз и я» кітабы үшін Мәскеу жаппай қаралай бастағанда Қонаевтың оған сабырмен ара түскенін барлығымыз білеміз.
Ілияс Есенберлин «Көшпенділерді» жазғанында, одан кейін Әнуар Әлімжановты Қонаев қолдап отырғанын арыз жазып, «әшкере қылмақ» болғандарды да өкіне еске алуға болады.
Димекеңнің Нұрғиса Тілендиевпен қалай араласқанын ел біледі. Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев Димекеңнің өмірінің соңына дейін араласып, туған күніне келіп, әңгіме-дүкен құрысып жүрді.
Жабайхан Әбділдин: Бұл кісі ғылымға, мәдениетке ерекше көңіл бөлді. Қонаевтың уақытында ғалымдарды, жазушыларды, әншілерді қатты дәріптеді. Қазақстанның Ғылым академиясының Кеңес өкіметі кезіндегі мәртебесі теңдессіз еді. Ғылым академиясы құрылған 10-15 жылдың ішінде бізден бір топ адам Лениндік сыйлықтың лауреаты болды. «Сәтпаевтың геологиялық картасы» дегенде кім-кімнің де аузының суы ағатын. Ол заманда Лениндік сыйлықтың лауреаты Нобель сыйлығынан артық болмаса, кем емес еді. Академияның жылдық жиналысында әр жылда бірінші күні басынан аяғына дейін Қонаевтың өзі қатысатын.
Ол кезде Алматыға ұшақ келіп қонарда: «Қазақ Советтiк Социалистік Республикасының астанасы Алматыға келдік. Мұнда Ғылым академиясы бар», – деп таныстыратын. Ғалымдар Қонаевтың дәуірінде ең элиталы категорияға жатқызылды. Олардың жалақысы да жоғары болды. Мен академияда вице-президент болып жүрген уақытта ұшақта З.Камалиденовпен кездесіп қалдым. Әңгімелесіп отырып, жөн сұрасқанда мен одан екі есе, Обком хатшысынан үш есе жоғары жалақы алатынымды білдім.
Қазақстандағы ең талантты, ең ақылды адамдар ғылымға ұмтылатын. Тіпті, аспиранттардың өзінің мәртебесі биік еді ғой. Академик деген арман ғой, докторлық қорғасаң – барлық проблемаң шешіледі деген ұғым қалыптасты қазақ халқында. Өкінішке орай, сол академия қазір қоғамдық ұйым ғана. Қазір өтірік академиктер көбейді. Шын академиктердің өзі сондағыдай құрмет көрмей отыр.
Екінші ең мәртебелі ұйым – Жазушылар одағы. Ауылдың баласы ғалым дегенді білмейміз ғой, бала күнімде үлкен ақын не жазушы болсам деп армандадым. Ең мәртебелі адам – жазушы ғой ол заманда. Әуезов, Мұқанов, Мүсіреповтерді бәрі жаппай оқитын. Жұбанов, Тілендиевтерді кім білмеді ол кезде? Әуезовпен бірге шәй ішсең – кереметтей деңгейге жеткен сияқты болатынсың.
Ол Олжасты да аман сақтап қалды. Бұл оның біздің мәдениетімізге деген үлкен қамқорлығы деп білемін. Бірінші басшы экономика, саясатпен міндетті түрде шұғылданады ғой. Ол – оның негізгі міндеті. Ал халықтың мәдениетін, ғылымды дәріптеу мемлекет қайраткерінің негізгі қаракеті болуы керек.

– Қонаев туралы сөз қозғағанда Желтоқсан көтерілісін айналып өту мүмкін емес. Одан кейінгі тексеру, тергеу жұмыстары және бар. Сол уақытта Қонаев ісімен айналысқан Калиниченко және Гдлян секілді тергеушілер Димекеңе: «Сізге басымды иемін» деген екен дейтін сөз бар. Осы әңгіме құлағыңызға шалынды ма?
Жабайхан Әбділдин: Ол кезде тергеушілердің не дегенін мен білмеймін. Бір нәрсе анық – Желтоқсан – Кеңес өкіметіндегі тәуелсіздіктің басы деген дұрыс әңгіме. Кеңес өкіметіне қарсы көтерілуге болмайды деген қағида жұрттың санасына әбден сіңіп қалған уақытта қазақ жастары ол ұғымның быт-шытын шығарды. Ф.Искандеровтің баяғыда «Ойланған қоян» деген әңгімесі болды. Қоян әбжыланды көрсе қорыққаннан орнынан қозғала алмай қалады екен. Әбжылан асықпай жылжып келіп, көбігін шашады да, оп-оңай жемтігіне айналдырады. Бір күні бір қоян ойланады: «Мен ғой жүйрікпін. Әбжылан көрсем неге қашып кетпеймін, неге қозғала алмай сіресіп қаламын?», – дейді. Сөйтіп, саналы түрде әбжыланның алдына барып, арлы-берлі ойқастайды. Жылан қуа алмайды, жақындап келсе, қоян қашып кетеді. Сөйтіп, өзіндегі қорқынышты жеңген қоян әрі-беріден соң әбжыланның үстінде секіріп ойнайтын болыпты. Міне, Желтоқсан оқиғасынан кейін жұрт бойындағы қорқынышын жеңіп, империяға қарсы шығуға болатынын түсінді. Бізден соң Грузиндер көтерілді. Прибалтика елдері, тіпті, ақылдылық танытты, олар араларына арандатушыларды жібермей бәрін сауатты жасады.
МГУ-дың студенттері Желтоқсан туралы естігенде: «Демек, қазақтар мал емес екен», – депті.
Кеңес Аухадиев: Димекең 82-ге қараған шағында өмірден озды. Оның өмірі үнемі шуақ шашқан шаттықта өте қойған жоқ. Оған 1985 жылдан бастап, әсіресе, 1986 жылдың желтоқсанынан кейін жала да жабылды, күйе де жағылды. Найзасы ұзын билік Димекеңе шүйлікті. Қазақтың игі жақсыларымен қосақтап қойып, жерден алып, жерге салды.
Димекең өзі де зейнетке кетуге дайын болатын. Еліне еңбегі сіңген, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған Қонаевты жөнімен, жолымен зейнетке шығарып салуға болатын еді ғой. Бірақ Горбачев мәселені басқаша шешкісі келді. Он сегіз минуттың ішінде Димекеңді қызметінен алды. Одан кейін жастар көшеге шықты. Желтоқсан оқиғасы басталды. Оның қорытындысын білесіздер. Димекең қиын жағдайда қалды. Оны қорлағандай болды. Бірақ елдің бірлігін, ынтымағын өз мүддесінен үнемі биік қойып үйренген Димекең ешкімге өкпе айтып, ашуланған да жоқ, жала жаптың деп ұрысқан да емес. Өзінің сабырға, ақылға жеңгізген маңғаз мінезімен абыройына абырой қоса білді.
Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жағдай Димекеңнің тағы бір биік қырын ашты. Колбиннің тексерушілері келіп: «Сізге теледидар сыйлапты, сол қайда?», – деп сұрапты. Димекең: «Рас, ондай сыйлық бар еді. Соны Колбиннің кабинетінен жақсылап қараңыздаршы, сонда тұр», – деген ғой. Шынында да сол жерден шыққан. Қосымша жалақысы бар ма деп тексергенде, қосымша жалақысы түгілі, академик ретінде алатын ақшасын жас ғалымдарға берілсін деп қалдырған. Өз отбасының мүлігін (пианино, кілем, вазалар, т.б.) Алматыдағы № 105 балалар бақшасына сыйға тартыпты. Ол кісі осындай таза болғандықтан аман қалды.
Ал тергеушілер өйтіпті деген мәселені естіген жоқпын. Ондай адамдар бас ие қоймайды. Менің де көрмегенім жоқ қой. Желтоқсанның ұйымдастырушыларының бірі деп прокуратураға – Әскери прокуратура, КГБ, Мәскеуден келгендер он сегіз рет шақырған – барлығын көрдік.
– Бәрі сырт айналып жатқанда ақсақал қарапайым адам ретінде ренжіген нышан байқатпады ма?
Кеңес Аухадиев: Біразын жоғарыда айттым ғой. Турасын айту керек. Желтоқсан пленумы өткеннен кейін Димекеңнің тәрбиесін көрген, бірнеше облыстарды басқарған, Еңбек Ері атанған, тағы да басқа үлкен қызмет істеген азаматтар теріс айналғанын білеміз. Тіпті, кейбіреулерінің сәлемдесуге жарамай қалғаны Қонаевқа жеңіл тиген жоқ. Бірақ біреудің атын айтып, назаланғанын естімедік.
– Қонаевтың адал өмiр сүргенiнің үлгi тұтар тұстары көп шығар?
Өмірзақ Сәрсенов: Бiр мысал келтiрейiн. 1959 жылы Алматыға Вьетнамның көсемi, халықаралық коммунистiк және жұмысшы қозғалысының көрнектi өкiлi Хо Ши Мин келген. Мәскеудiң тапсырмасымен Қонаев оны қарсы алған. Хо Ши Мин – сан рет сан елде тұтқындалған, 1929 жылы сырттай өлiм жазасына кесiлген күрескер. Сол еңбектерiн сыйлап Қонаев оның Кеңес Одағына келу шығынын көтерiп алып, елде қысылмасын деп, едәуiр кеңес ақшасын бередi. Мына ғажапты қараңыз, Хо Ши Мин қайтарда әуежайда бiр тиыны да жұмсалмаған сол қаражатты қайтарып берген. Қонаевтiкi мырзалық емес, кiшiлiк болса, Хо Ши Миндiкi ырзалық емес, кiсiлiк болатын. Жиырмасыншы ғасырдың алыптары осындай өлшемдермен өмiр сүрген. Қонаевқа сондықтан халықтың құрметi шексiз болды. Өйткенi, ол ел дәулетiн жеке басына жұмсаған жоқ. Тiптi, жалақысы мен академик ретiндегi айлығын балалар үйiне аударып беретiн.
– Қонаев дәуірі Cіз үшін несімен есте қалды?
Кеңес Аухадиев: Қонаев – ғасыр адамы. Ғылым академиясында сексен жылдығын атап өтіп жатқанда Димекең күліп: «Мен капитализмде туып, социализмде өмір сүріп, капитализмде өлетін болдым», – деп еді. Ол дәуір Димекеңнің дәуірі. Сол дәуірде Қонаевтың тәрбиесін көріп өскен адамның бірімін. Облысты басқарып жүрген кезімде Қазақстан Орталық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Қонаевтың көзінің тірісінде елмен бірге Халықаралық Қонаев қорын құрдық. Димекеңнің ерекше еңбек жолын, үлгілі адамгершілік қасиетін болашақ ұрпаққа жеткізу үшін еңбек етіп жүрмін.
Димекеңнің дәуірінен ерекше есте қалған бір-екі жағдайды айта кетейін. 1972 жылы бүкіл Кеңес Одағында партия билетін ауыстыру басталып еді. Мен ол уақытта қаладағы Совет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. Сол жылы Қонаевқа №11 партия билетін тапсырдым. Мен ол кісінің бірінші рет қолын алғаным еді. Димекең ауданға облыс және қала басшыларымен бірге келді. Партбилетін алғаннан кейін жайғасып отырып, ауданның, қаланың жағдайын айтып, маған тілек білдіріп, бата бергендей болды.
Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып жүрген кезімде Велихов деген академикпен сөйлесіп қалдым. Сонда ол кісі қазақ жастары математика саласынан, тіпті, ешкімге жол бермейді ғой деп, таңғала айтып еді. Шынында да ол кезде қазақ жастары Мәскеуде, Новосібірде, Украинада көп оқитын. Естен кетпейтін жағдай.
Жабайхан Әбділдин: Қонаевты жеке басыма қатысты екі оқиғаға байланысты өте жақсы білемін. Салық Зиманов институт басшылығынан түсіп қалып, үлкен шу шыққан уақытта, менің де басым дауға ілікті. Жеке ғылыми жұмысыма шүйлігіп, көзқарасымды сынап дегендей, түрлі тиісулерден көз ашпай қалдым. Алайда, ақиқат жеңіп, Ғылым академиясы президиумының ұсынысынсыз-ақ, Қонаев мені Философия және заң институтының директоры қылып тағайындады. Бірде Қонаев институт директорларын қабылдайтын болды. Мен араларындағы ең жасымын. Бәрі академик, мен профессор. Бұл ортаға сiңiспегенмiн. Өзара қауқылдасып тұрған кезде бір бұрыштан Қонаев көрінді. Бәйкен Әшiмұлына қарай келе жатқан секілдi еді. Академиктер қатарласа бастады. Мені ешкім танымайды ғой деп, шеттеу тұрып қалып едім. Бәйкен Әшiмұлына екi-үш метр жақындағанда Қонаев мен жаққа кілт бұрылып, «Әуелі профессормен амандасайық», – деп қолымды алды. Мен қатты таңғалдым. Жұрт та серпiлiп кеттi. Кейін ойласам, менің шеттеу тұрғанымды біліп, ортаға сіңістіріп жіберу мақсатында жасаған қадамы екен ғой.
Бірде біздің институт философтардың бүкілодақтық симпозиумын өткізуді мойнымызға алдық. Қонаевтың көмекшісі хабарласып, «Қонаев қонақтарды өзі қарсы алуға қарсы емес» екенін айтты. Мен, әрине қуанып кеттім. Келген қонақтарды, азулы академиктерді қуанышпен қарсы алып, елдің экономикасы, бүгінгі жағдайы туралы ерекше ықыласпен әңгімеледі. Мен сол кезде ол кісінің елдің болашағы үшін жаны қалай ауыратынын түсіндім.
Асқар Қонаев бізге Президент болып келгенде арада біраз алыпқашпа әңгiмелер жүрді. Бiрақ ол таза адам едi. Менiң орынбасарым – академик
М.Баймаханов. Әйелi – Роза Ахметқызы. Баймаханов үлкен кiсiнiң күйеу баласы, Роза туған қарындасы болса да туыстығын пайдаланып көкірегін көтерген емес. Сондықтан Қонаев орнынан кеткенде, оларға ешкім бір ауыз сөз айта алмады. Жалпы олар отбасымен таза, адал жандар еді ғой.
Қазақ «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді ғой. Қонаев мынаны жасамады, ананы жасамапты деп айтуға болмайды. Димаш Ахметұлының Брежневпен жақындығының арқасында, өзі де сүйкімді адам еді ғой, адаммен күліп сөйлесетін, жұғымдылығының арқасында Орталықтағылардың (Мәскеудегілердің) бәрі оны ерекше сыйлады. Ерекше құрметтеді. Біз оның осы қасиетін ұмытпауымыз керек. Ол – өз дәуірінің адал перзенті.