Екі мәрте қайталанған «16 желтоқсан»
06.01.2012
1736
0
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
 

816581_843063836___________________________Жыл сайын миллиондаған отбасы бабасының жүз жылдығын еске алады.
Ал, бүкіл халық болып атап өтетін ғасырлық мерейтой иелері аз. Биыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – жүз жыл толып отыр. Қатарлары оны Димаш дейтін. Жасы кішілері Димеке десті.
Оның өмірлік тәжірибесі адамның тағдыры дұрыс қалыптасуы үшін дер уақытында әрі дарынды болып тууы керек екенін дәлелдеді. Ол 1912 жылы дүниеге келді. Егер де бірнеше жыл бұрын туған болса – 1937 жылдың зобалаңына ілігер еді, ал егер бірнеше жыл кейін туса – қатардағы жауынгер боп майданға аттанар еді.
Сталиндік зұлмат ең қажет мамандарды қидай сыпырып әкеткен саладағы институтты Мәскеуде, жас мамандарға деген сұраныс өктеп тұрған кезде, дер уақытында тәмамдады. Сөйтіп, ол жасы отызға келгенше қатардағы инженерден Алтайдағы ірі кен орнының басшылығына дейінгі жолдан өтіп, ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілді. Одан соң – ҚазКСР Ғылым Академиясының Президенті, ОК хатшысы, Министрлер Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы, СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі болды.
І
Мен ол кiсiмен 1962 жылдың жазында таныс­тым.
Онда мен ата-анаммен бiрге Коммунистiк даңғылы мен Киров көшесiнiң қиылысында, 1952 жылы салынған Алматыдағы тұңғыш төрт қабатты үйдiң екiншi қабатында тұратынмын. Мектепте оқи жүрiп, жазғы каникул кезiнде құрылыста жұмыс iстеймiн – Ет-сүт өнеркәсiбi министрлiгiнiң жаңа салынып жатқан ғимаратының екiншi қабатына көтерiлетiн ағаш көпiршемен iшiне сұйық бетон құйылған темiр қоларбаны итерiп шығарып, аздаған тиын-тебен табамын. 1956 жылы бұл ғимарат Жазушылар одағына берiлдi, ол қазiр де сонда орналасқан.
Ал 1957 жылы ҚазМУ-дың геологиялық-географиялық факультетiн бiтiрген мен сол ғимаратқа барып, Одақтың жастармен жұмыс iстеу жөнiндегi хатшысы Сейiтжан Омаровтың қолынан М.Горький атындағы Әдебиет институтына қазақ әдебиетiн орыс тiлiне тәржiмалау жөнiнде жаңа ашылып жатқан көркем аударма бөлiмiне жолдама алдым. Сонымен бiз, Болат Жансүгiров, Мереке Майлин және мен сияқты оққа байланған әкелердiң ұлдары, сондай-ақ Әбдiлда Ботпаев пен ауылдың қазақшасын бiзден жақсы бiлетiн Орал казагы Иван Голубев бәрiмiз жолға шықтық.
1961 жылы Алматыға оралып, «Адамға табын, Жер, ендi» дейтiн поэма жаздым, Америка мен Франция барып, студенттер алдында Гагариннiң ерлiгi жайында жыр оқыдым. Алғашқы екi кiтабымды шығарып, КСРО Жазушылар одағына қабылдандым. Менiң өлеңдерiм бүкiлодақтық радиодан, телевизиядан күн құрғатпай оқылып, газеттерде жарияланып жатты.
Мен танымал бола бастадым. (Жақында мерейтойыма байланысты маған жiберiлген хабарға бақсақ, 1961 жылдан берiде Қазақстанда ондаған мың Олжастар пайда болған екен. Әрине, денi қазақтар, дегенмен, орыстары да, татарлары да, немiстерi де бар… Мен Әзiрбайжанда Олжас Мамедовтың Лондондағы Олимпиадаға дайындалып жатқанын, Германияда Олжас атты жас шешен жiгiтi бизнестi игере бастағанын бi­лемiн).
Менiң атымды авторлық есiм деуге болады: оны әкем Омар өзiнiң сайыпқыран бабасы Олжабай батырдың құрметiне қойған екен. Ал менiң «адастарымның» туған айы-күнiне қарап отырсам, олар да менiң базбiр елеулi кiтаптарымның жарық көруiне немесе кейбiр мәндi iс-әрекетiме орай солай аталғанын байқаймын. Мәселен, 1989 жыл «Невада-Семей» қозғалысына, КСРО халық депутаттарының съезiне, Семей маңындағы және Жаңа Жердегi сынақтардың тоқтатылуына байланысты есте қалды…
Дегенмен, 1986 жылғы желтоқсанда да, 1987 жылғы наурызда да, 1991 жылғы тамызда да, 1994, 1996 жылдары да туған Олжастар бар… Тiптi, сәбилерi де бар.
…1962 жылдың сол бiр жазғы таңында мен әлдебiр жұмыстарыммен Жазушылар одағына асығып бара жатқанмын. Киров көшесiнен өте бере бойшаң келген бiр кiсiнi басып озып, бұрылып артыма қарадым да танып, сәлем бердiм. Қонаев екен. Ол Жазушылар одағынан сәл жоғарырақта тұратын және Республиканың басшысы болса да жұмысына ешкiмдi ертпей, жалғыз өзi, жаяу барушы едi. Димаш Ахметұлы қолымды қысып:
– Менi шығарып салыңыз. Көптен берi сiзбен таныссам деп жүр едiм, – дедi.
Бiз Одақтың алдынан өтiп, Алаңмен жүрiп отырып, жоғары билiктiң бәрi – ҚКП Орталық Комитетi, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесi орналасқан шомбал ғимаратқа жеттiк. (Қазiр онда университеттердiң бiрi iрге теуiптi).
Лифтiмен ол кiсiнiң кабинетiне көтерiлдiк.
Күмiс сауытқа салынған стақандармен шай әкелiндi. Печенье.
Кабинетінде жарты сағаттай отырдым.
Әңгiмемiздiң екi сәтi есiмде қалыпты.
Димаш Ахметұлы:
– Жазушылар мен әртiстер кiдiлеу халық қой. Не айтады, қандай арыз-құрызы бар? – деп сұ­рады.
Неге екенiн қайдам, сол жерде өзiнiң шағын пәтерiне ұдайы бiреулердi шақырып, «бас дайын!» деп лепiргендi тәуiр көретiн бiр ақын жайында айтқаным есiмде. Бiлетiндердiң айтуынша, оның тоңазытқышында үнемi бiрнеше қойдың басы тұрады екен. Екi-үш килограмм ет асып, үстiне қойдың басын салып әкелсе, үй иесiнiң келген қонаққа арнап бiр қойды сойып тастаған сақилығын көрсететiндей болса керек. Бiрақ со­ның алдында ғана бұл қулықтың күлмәнi ашылып қалып, күллi жазушылар ұжымы соны жырдай ғып айтып жүрген болатын. Бұл жолы оның үйiне еттiң жайын бiлетiн бара қалып, бастың ас­тындағы сиыр етiнiң дәмiн қапысыз таныған ғой. «Ендi сенiң үйiңе келсем бе! Тiптi, алдап соғып, шошқа етiн беруден тайын­бас­сың!..», – деген көрiнедi.
Пұшайман болған үй иесi дүкеннен, тiптi, базардан да қой етiн таба алмағанын айтып, бая-шая болса керек.
Қонаев ойламаған жерден менiң әңгiмемдi мән бере қабылдады. Ол ашық байланыс арқылы Қалкомның бiрiншi хатшысымен жалғасты да:
– Бүгiнде дүкен сөрелерiнде қанша қой етi бар? – деп сұрады.
– Жетпiс тонна, Димаш Ахметұлы!
– Ал кеше? Бұрнағы күнi қанша болды? Маған бiр аптаның мәлiметтерiн жiбершi. Еттiң барлық түрiнен. Сиыр етiн де ұмытпа, – деп маған көз қысып қойды. – Жазушылар қой етi жетiспейдi деп шағым айтып жатыр. Кiтап жазылмай қалатын түрi бар.
Осыны айтып, байланысты үзді. Содан соң:
– Үйленгенiңiздi бiлемiн, – дедi басқа үнмен. – Ата-анаңызбен, ақарлы-шақарлы бауыр­ла­рыңызбен үш бөлмелi пәтерде тұратын көрiнесiз. Бiз жастарды қолдауымыз керек. Қазiр сіздің бүкiл­одақ­­тық, тiптi халықаралық атақ-даңқыңыз бар.
Ашық байланыстың тағы бiр түймесiн басты. Кейiн бiлдiм, жауап берген Орталық Комитеттiң iс басқарушысы Соколов екен.
Димаш Ахметұлы:
– Бiздiң үй қашан берiлушi едi?
– Жоспар бойынша, қаңтарда берiлуi керек, Димаш Ахметұлы!
– «Сүлейменов Олжас – үш бөлме» деп түртiп қой.
– Түртiп қойдым, Димаш Ахметұлы!
ІІ
Бұдан соң Қонаевты жарты жылдан кейiн көрдiм. Кремльдiң Съездер Сарайының директорлар ложасынан.
Қазақ КСР-нiң Мәскеудегi Мәдениет күн­дерi. Елiмiздiң осы ең үлкен залында бiздiң өнер шеберлерiмiздiң концертiн өлеңмен ашып жүргенiме бiрнеше күн өткен. Мiне, ендi 1962 жылғы 16 желтоқсандағы сол кеште үйреншiктi болып қалған қалпыммен әлi жабық тұрған перденiң алдындағы сахнаға шығып, Қазақстан мен Ресейдiң тарихи достығы туралы осы оқи­ғаға арнайы жазылған өлеңiмдi оқып тұрмын. Бiр көзiм сахнаның сол қанатындағы үкiмет ложасына топтала келiп жайғасып жатқан СОКП Орталық Комитетi Төралқасының (Саяси Бюро бұрын солай аталатын) мүшелерiнде. Хрущев, Суслов, Буденный, Ворошилов, Микоян… (Бәрi түгел есiмде қалмапты). Бiрақ орталарында Қонаев жоқ. Ал келгендерi – Қазақстан өнер ше­берлерiнiң концертi. Димаш Ахметұлын да шақырып, Хрущевпен қатар отырғызулары керек едi ғой. Республикаға деген құрмет белгiсi болар едi, бiздiң де көңiлiмiз көтерiлiп қалар едi.
Өлеңiмдi оқи тұрып, оң жаққа қарадым. Директор ложасында жападан-жалғыз Қонаев отыр екен. Қасында жан адам жоқ.
Зал мен ложалардың қол шапалақтауына көмiлген өлеңнiң соңғы жолдарымен бiрге перде жайлап екiге жарыла бердi. Үкiмет ложасы ала­қанды ұрып жатыр. Директор ложасында қол соғып Қонаев тұр, маған ол аса көңiлдi көрiне қоймады.
Оң қанаттағы пердемен iлескен күйi сах­наның артына шықтым да Мәдениет министрi Ләйлә Ғалымжанованы тауып алдым. Көрген жайым­ды айттым. Ол менiң бақылағаныма тү­сiнiк берген болып жатыр. «Димаш Ахметұлы – Төралқа мүшесi емес, олармен бiрге болмай, директор ложасында отырғаны содан. Партиялық тәртiп солай».
Концерттен соң, күндерге қатысушылардың бәрi орналасқан «Мәскеу» мейманханасында бiреу маған концертiмiздiң өзi кешiгiп бас­тал­ғанымен, Орталық Комитет Алқасының бә­рiбiр кешiгiп келу себебiн түсiндiрдi. Оның мә­жiлiсi ұзаққа созылып кетiптi. Оңтүстiк Қа­зақстанның мақта өсiрушi аудандарын Өзбек КСР-не беру туралы мәселе қаралса керек. Қонаев қарсы болыпты. Мақтаның өнiмiн өзiмiз де арттыра алатынымызды дәлелдеп тұрып алыпты. Бiрақ Хрущевты елдiң мақта егiстiгiн барынша арттырып, оған Орта Азияның күллi су ресурстарын бағындыру дейтiн ой дендеп алған болатын.
Мен осы идеяның төркiнi туралы талай жыл­ғы ой кешулердi бастан өткердiм. Сөйтiп, Жер жаһанды ба­ғындыруға немесе соңғы соғысқа дайындала бас­таған шала сауатты көсемнiң желөкпелiгiмен бiр мақ­сатқа жұмылдырылған саяси, әскери, табиғи-шаруашылық мәндегi көптеген факторларды салыстыра келiп, әртүрлi ау­қым­дағы бiрнеше проблемалардың шығу төркiнiн бiлдіретiн жайға көзiм жеттi.
60-шы жылдардың бастауы – ракеталық-ядролық қаруланудың ушыққан тұсы. Хрущев оқтұмсықтардың қуатын еселеп (100 мега-тон­наға дейiн!) арттырумен бiрге, ракета тасығыш­тарды өндiрудегi сандық және сапалық артық­шылықтарға жетудi көкседi, бұл құрғақ зымыран отынының қорын арттыруды талап еттi, ал ол үшiн көп мөлшерде, аса көп мөлшерде мақта қа­жет едi.
СОКП ОК Төралқасының 1962 жылғы 16 желтоқ­сандағы мәжiлiсiнде Өзбекстанның алдына бүкiл жерiн мақта алқабына айналдырып, оған Қазақстанның бiрнеше ауданын қосу мiндетi қойылды; КСРО Мем­лекеттiк жоспарлау комитетiне жаңа су қой­маларының құрылысына ақша бөлу, Сырдария мен Әмудария суларының көп бөлiгiн соларға бұру мiндетi жүктелдi, ал бұл Арал теңiзiнiң тартылуына соқтырды.
Хрущевтың империялық әпербақандығы 1963 жылы дүниежүзiлiк соғысқа соқтыра жаздаған Кариб дағдарысын туғызды. Оның 100 мега­тон­налық бомбаны көксеген арманына ядрошыл ғалымдардың бәрi, соның iшiнде сутегi бом­басының атасы Андрей Сахаров өре түрегеле қар­сы шықты. «Егер ашық атмосферада, су ас­тында және ғарышта осындай күштi сынау жалғаса берсе, онда атом бомбасының қажетi де болмайды, себебi, бүкiл адамзат сынаулардан-ақ өлiп бiтедi». 1963 жылы сынаулар жер астына көшiрiлдi. Бiрақ Хрущев жiберiп алған есесiнiң орнын толтыруға жанталасумен болды, сөйтiп, ақыры 1964 жылдың күзiнде СОКП ОК Төралқасы Пленум шақырып, Хрущевты орнынан алды. Әлемдiк апат қаупi ұзақ жылдарға кейiн шегерiлдi. Химиктер мақтаның зымыран отыны ретiндегi маңызын едәуiр кемiттi. Брежнев Қазақ­станның бiрқатар аудандарын өзiне қайтартты. Бiрақ жаңа су қоймалары шөл далаға телегей суын жайып, жұмыс iстей бердi. Ұжымшарлар мен кеңшарлар оны сорға айналдырумен болды. Ал тұзданған топырақты шаю үшiн судың қажеттiгi одан әрi арта түстi. Осындай соры қалың шеңбердiң қақ ортасында Арал қалды. Бiр кезде Каспиймен жалғасып жатқан теңiз-көл мил­­­лиондаған жылдар бойы толығып, көгiлдiр көр­кiмен тартып, балығымен байлығын шалқыта берген едi. Сол ендi делiқұлы бiр диктатордың кесiрiнен тан­дыры тартылған жансыз бассейнге айналып, тұздығы Тауратта айтылатын Өлi теңiзге ұқсап барады.
Бұл тек 1962 жылғы 16 желтоқсаннан арна тартатын алуан кесапаттың бiр парасы ғана.
Түнде мейманханада ең нақты әрi өзiмiзге түсiнiктi жаңалықты – Қонаевтың орнынан алынғанын естi­генде бiз мұндай кесапат жайынан мүлдем хабарсыз болатынбыз.
Жаңалық әкелген адам, тiптi Димаш Ахметұлының орнына кiмдi тағайындағанын да бiлмейдi екен. Бәрiмiздiң қабырғамыз шындап қайысты. Әртiстер бұл қайғыны басудың бiр-ақ амалын тапты – бәрі жабылып сылқита iштi, мен де солармен бiрге iштiм.
17-сi күнi таңертең менi әлдебiр мәскеулiк адамдар оятып, ванна бөлмесiне кiргiздi де бетi-қолымды жуып, тiсiмдi шаюға ғана мұрсат бердi. Киiмiмдi де ауыстырғызбастан (түнде концерт костюмiмдi шешпестен ұйықтап қалған екенмiн), Ленин Тауларындағы Қабылдау Үйiне апарды. Сол жерде творчестволық интеллигенцияның Манеждегi көрмеден кейiнгi Хрущевпен атақты кездесуi өттi. Мен кездейсоқ үш жүздiң тiзiмiне iлiнiппiн: «дөкейлердi» жинау жөнiндегi нұсқауын Хрущев тек кеше ғана берiп, республи­калардың өкiлдерiн Мәскеудi шарлап жүрiп сүзуге тура келiптi. Қазақстаннан кездесуге барғандар Мәдениет министрi Ғалымжанова, Шәкен Айманов, Ғабиден Мұстафин және мен болдым. (Бұл кездесу жайында жеке бiр очеркте егжей-тегжейлi айтармын деймiн). Илья Эренбургтiң, Эрнест Неизвестныйдың, Солженицынның сөздерi тартымды болды. Хрущевтiң өзiнiң де: «Мен Джон Кеннедиге айттым, джаз дегендi не үшiн көресiң деп сұрадым. Ол дегенiң негрдiң музыкасы емес пе дедiм!..» – деген жетесiз сөздерi қызық көрiндi. Сол кездегi ең интернационалдық идеологиясы бар елдiң партия ұйымдастырушысы айтқан сөздiң сиқы – осы. Дегенмен, бiздiң музыкамызды ол мақтады: «Кеше қазақ музыкасының кон­цер­тiнде болдым. Нағыз халық музыкасы деп соны айт, қайдағы бiр джаз емес!» – дедi. Соны айтып, бiр жа­ғына қарай түкiрiп тастамақшы да болды. Бiрақ оң жа­ғында Суслов отыр екен. Ал солында – Микоян. Де­генмен, со­лардың бiреуiне жыны шашырады бiлем.
… Мәжiлiсiз ұзақты күнге созылды, әңгiмемiз бiтпедi. Хрущев қалған сөздi Жаңа жылда айтуды ұсынды.
Сөйтiп, наурыздың басында, бiрақ кеңейтiлген құраммен Кремль Сарайына жинады.
Ондағы екi көрiнiс туралы айта кеткен жөн. Хрущев бастаған Төралқаның күллi құрамы ортадағы ұзын үстелге жайғасқан. Өзiнiң айт­қандарын аса ұната қоймағандарды Хрущев Төралқа үстелiнен қымқа төменiректегi мiнберге бiрiнен соң бiрiн суырып шығарады. Солардың iшiне мүлдем қол соқпағандар да немесе өзгелердей белсендiлiк танытпағандар да iлiнiп кетiп жатыр. (Евтушенко екеуiмiз кешiгiп кел­генбiз, сондықтан бiздi әлi iшке кiргiзе қоймаған. Бiз есiк шымылдығының артында тұрғанбыз. Болып жат­қан жайдың бәрiн көрiп, естiп тұрмыз. Бiрақ қол ша­па­лақтай алмайтын едiк).
– Сен кiмсiң? Кәне, берi шық, айт мына жұртқа, – деп ақырып қалды көсем залдың ортасында отырған мен бiлмейтiн бiреуге саусағын шошайтып. Анау орнынан тұрып, өткелекке шықты да аяғын сенiмсiздеу басып келiп, мiнберге көтерiлдi. Аты-жөнiн айтып (онысы есiмде жоқ):
– Менiң төрт балам бар… – дегенi.
Никита Сергеевич, бiреудiң жалбарынған сөзiн естiсе, кешiрiмдi болатын. Ол қолын бiр-ақ сiлтеп, мик­рофонға бiрдеңе деп мiңгiрледi де әлгi бейшараны мiнберден босатты.
Тура осылайша және сондай себеппен дерлiк қырағы көз Хрущев «маңдай алдымызға» Андрей Вознесенскийдi шығарды. Оның үстiне, ол Хрущевтiң ара-тұра көз тастап қойып отырған тiзiмiнде де бар бо­латын. Тiзiмдегi «формализм» деген сөзге көзi түс­кен ол ақынға Батыстың әшекейiн қойып, партия үй­рететiндей, халықтың тiлiмен жазу керектiгiн айтты.
Жауап сөзiн Андрей алыстан бастады:
– Мен, өзiмнiң ұстазым Владимир Маяковский сияқты, партия мүшесi емеспiн, бiрақ…
Хрущев орнынан ұшып тұрып, жұдырығымен үстелдi қойып қалды:
– Ал мен партия мүшесiмiн және соны мақтан етемiн!
Зал оның сөзiн аяқтатпады, дүрлiге көтерiлiп, бiрнеше минут бойы аяқтарынан тiк тұрып, қол соқты. Абырой!
(Тiлшiлердiң бiреуi Хрущев пен Возне­сенскийдiң осы бiр бақытты сәтiн суретке түсiрiп

1963 жыл. Мәскеу.

алыпты. Кадрда: Андрей – мiнберде, ал оның артындағы Хрущев жұдырығын жоғары көтерiп, әлдене деп айғайға басып тұр. Сурет Батыстың белгiлi газеттерiнiң бәрiне шықты).
Зал саябыр тартқанда Андрей өзiнiң «Ленин Лонжимода» дейтiн өлеңiн оқып беруге рұқсат сұрады. Хрущев рұқсат еттi. Андрей өлеңiн оқы­ды. Әрине, кәдiмгi оқырмандар аудитория­сындағыдай бола қойған жоқ. Дағдылы шабыт та жоқ. Тек ұйқасы бар ақпарат айтылды десе болар. Сондайлық байыпты мәнер мен бiрнеше рет қайталанған Ленин аты Никита Сергеевичтiң жүрегiн елжiреткен болу керек. Ол орнынан кө­терiлiп, Вознесенскийге қолын ұсынды. Ақын мен Билiктiң қол алысуы да объективтен тыс қалмады. Бiрақ бұл сурет бiрде-бiр газетте жарық көрген жоқ.

 
III
Бұл кездесулердiң қорытындылары бүкiл елде талқыланып жатты. Бұған байланысты Идеологиялық кеңес бiздiң Алматыда да өттi. Кездесулерге қаты­су­шылардан басқа, шешендер де жазып әкелген сөз­дерiн оқып, бұрынғы басшылықтың идеологиялық және шаруашылық қызметiндегi кемшiлiктердi сын тезiне алып, шала бүлiндi. Жұмсартып айтқанда, «тоқталып» жатты. «Қонаевтық» дүниенiң бәрiн талқандап жатты. Кеткендердi кемсiту дәстүрi Ресей мен Қазақстанда ХХ ғасырдың өн бойында тәрбие­ленген болатын және ол жақын арада толастай қояр деп ойламаймын. Бұрынғының бәрi – ескiрген, демек, олар қажет емес, болашаққа зиянды дейтiн ой бүтiндей бiр ұрпақтардың санасына зорлап сiңiрiлдi. Ал егер бұрынғының бәрi ескiрген болса, онда ескiрмейтiн, мәңгiлiк ештеңенiң болмағаны ғой. Демек, уақыт ағысымен шайылып, тазарып, алмағайып заманалардың өртi мен өтiнде шыңдалып, ұлттық тарих деп аталатын тұтас құйманы құрайтын мiнез-құлықтардың, iс-әре­кеттердiң, ер есiмдерiнiң еренсiз қалғаны ғой. Ол жылы мен сталиндiк цензорлар бiздiң ортақ әуле­тiмiзден сызып, өшiрiп тастаған есiмдердiң бәрiн бiле бермейтiнмiн, ал тiрнектеген еңбекпен қалпына келтiрiлiп жатқандар өте аз, мардымсыз болатын, өзiм­дi қадiрi мен қасиетi жоғары халықтың ұрпағымын деп сезiнуiм үшiн маған да аздық ететiн. Болат Жансүгiров пен Мереке Майлин үшеуiмiз Шоқанның «қырға сауат өсек-аяңды өршiту үшiн келдi» деген сөзi туралы талай әңгiме өрбiтетiнбiз. Бiз 30-шы жылдары жаланың кесiрiнен тiрiлердiң тiзiмiнен сызылған, тiптi бiр кезде өмiр сүргендердiң де санатынан қалған жазушылардың аттарын бiлетiнбiз.
Сол жаңағы Идеологиялық кеңестен мен тағы бiр сабақ алдым. Бiр кезде ерсi болады-ау деп қысылмай Қонаевтың алдында бәйпең қаққан жасамыстау бiр роман жазғыштың ендi (кеңестi жүргiзiп отырған) жаңа басшының көзiне түсiп қалмақшы болып, бұрынғы басшыны iске алғысыз етiп жамандағанын көрдiм.
Сөз кезегі келгенде мен Кездесуден алған әсер­лерiм туралы қысқаша мәлiмдеп, бiздiң мәдениетiмiз үшiн оның қандай пайдасы болатынын айттым. Жолай Андрей Вознесенскийдыiң өз ұстазы Маяковский се­кiлдi коммунист емес болса да Владимир Владими­ро­вичтiң кеңес ақындарының iшiндегi ең коммунистiк ақын еткен өнегесiнен үлгi алмақ ойы барын айтқысы келгенiн түсiндiрiп өттiм. Оны маған Кремльден соң Андрейдiң өзi айтқан болатын. Бiрақ оның сөзiн бөлiп, аяғы абыройсыздыққа ұласты.
– Қайдағы абыройсыздық?! – деп арт жағымда бiреудiң үстелдi қойып қалғанын естiдiм. Төрағалық етушi Хрущевқа елiктеп тұр екен. – Никита Сергеевичтiң Вознесенскийдi қалай сынағанын өзiң естiдiң емес пе?!
– Мен Хрущев Вознесенскийдiң қолын қысқанын көрдiм, өйткенi ол ақынның сөзiн бөлуге болмайтынын түсiндi. Регламент бойынша менiң әлi бiр минутым бар. Қонаев туралы бiр ауыз жылы сөз таппаған қадiрмендi жазушыға көмектессем деймiн. Жазда мен Димаш Ах­метұлымен кездестiм. Қалада қой етiнiң тап­шылығына байланысты сiздiң сиыр етiн же­генiңiздi айтып бердiм. Қонаев дереу қалкомға телефон соғып, қой етiн көбейтудi тапсырды. Ал мұны партиялық басшының қатардағы жазушыға жасаған қамқорлығы демей не деймiз?
– Қой етiн жегiш ағам «қатардағы жазушы» дегенiм үшiн маған көпке дейiн өкпелеп жүрдi.
…Әкем Әбдуәли Қарағұлов Алматы облыстық «Жетiсу» газетiнiң бас редакторы болып iстейтiн. Кеңестен қатты қабарып, ренжiп қайтты. Сонда анама айтқаны:
– Бiттi, ендi мiндеттi түрде қуып шығады. Ол­жас тағы да артық сөйлеп кеттi. Қонаевты жақтады. Сегiз адам бiр менiң жалақыма қарап отыр­мыз. Оның тапқан қаламақысы өзiнiң бiр аптадағы жұмсағанына ғана жетедi.
Менің баяндамамды бір әрпін қалдырмай қай­талауыма мәжбүр еткен шешем сөзімнің мағы­насын ұқты да, әкеме:
– Олжас дұрыс айтады, – деді.
Содан соң қарындастарым мен інімді та­мақ­тандыруға асүйге кіріп кетті.
Үнсіз түксиген Әбекең менің арқамнан қақты. Мен оны құшақтадым.
Сол жолы Құдай қақты: оны жұмыстан шы­ғармады, мені шығара алмайды. Себебі, еш жерде жұмыста жоқпын. Еркін суреткермін. Жылына екі кітапша өлең жазамын. Одан бөлек Шәкен Аймановтың «Атамекен» фильміне сценарий жазған «Қазақфильмде» штаттан тыс сцена­ристпін.
Фильм жарыққа шықты, сол 1964 жылы мен «Қазақфильмнің» сценаристер кеңесінің мүшесі, алты айдан соң кеңестің бас редакторы, Көркемдік кеңестің мүшесі болдым. Студияның директоры – Камал Смаилов.
1964 жылдың күзінде Хрущев зейнеттік демалысқа шығып, орнына Брежнев келді де бірден ККП ОК (Кеңестік Коммунистік Партияның Орталық Комитеті) Бірінші Хатшылығына Қонаевты алдырды.
Мұндай орын алмастыруға көпшілік арасынан қуанған да бар, өкінген де бар. «Қазіргі басшылық жүйенің және жолдас Қонаевтың жеке басының кемшілігін» тізіп шыққан шенеуніктер оған, әсіресе, қатты қапалы еді.
Димаш Ахметұлының қайта оралуы мені адамдық тұрғыда қуантты, бірақ тасым өрге домалай қояды-ау деп емексіген емеспін. Кездесуге жұлқынбадым, өлең-жыр да арнамадым, газеттегі мақалаларымда да не оның, не Брежневтің есімін атамай, әдебиетші ретінде жазған кітаптарым арқылы өсуді көздедім. 1964 жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығының алғашқы лауреаты болдым. 1967 жылдың қарашасында Бүкілодақтық Ленин Комсомолы сыйлығын тұңғыш алған кеңестік ақын атандым. (Сол жылы Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстым).
Осы сыйлықтардың бәрі Қонаевтың көкірегіне, «еліміз Әуезовтан кейін тағы бір Ленин сыйлығын ала алады» деп ұялатқан сенімді идеология жөніндегі хатшы Саттар Имашевтан естідім. Өзіне шақыртқан ол «Адамға табын, Жер, енді» секілді мазмұндағы Ленин туралы жалынды поэма жазуға «әлеуметтік тапсырыс» берді (көсемнің жүз жылдығы жақындап қалған болатын). Ол «Правданың» редакция алқасымен басылымның екі бетіне бірден жариялау жөнінде келісіп қойған. Тіпті, «ересек Ленин сыйлығына» да ұсынып үлгеріпті. Осының бәрі басшылықтың ықыласы дегенді емеурін арқылы білдірді. Қонаевты ғана емес, Брежневті де түсінуге болатын еді.
Мен ол кезде Шумермен, Ассириямен, Бабылмен айналысып, Түркілер ізінің түп негізін іздеуге кірісіп кетіп едім. Біздің дәуірімізге дейінгі 7 ғасырда тасқа басылған ассириялық деректерді оқу үстінде Ас­сирияға Каспийдің батыс жағалауынан келіп шабуыл­даған көшпенділердің империяны 28 жыл билегені жайлы деректерді ұшыраттым. Олардың ишкуз деген атауын түрік-әзірбайжан халықтарының «Қорқыт ата» эпосында сақталған этнониммен салыстырып қарадым. Оғыздар әлемді – іч оғыз (ічкі-ууз) және таш-оғыз (таш-ууз) деп екіге бөлетін. Яғни, өздерін «ішкі ха­лық» десе, қалған түркілер мен түркі еместерді – «сыртқы халық» деп атайды екен. Мұндай этноцентризм шамасы о баста барлық этностарға тән болса керек. Меніңше, Славяндар әлемді біз (мы) және біз емес (немы) деп бөлген. Соңғы сөз дами келе «немы» – «сөйлемейтіндер» болып – нем есть>немец шыққан. Ал бірінің сөзін бірі түсінетіндер – словяне деп аталған.
Осының бәрінен бас тартып, баяғыда өтіп кеткен, әбден таптаурын тақырыпқа оралу қиынның қиыны еді. Жас күнімде Ленин жайлы өлеңді жазып, ол турасындағы бар шындықты түсіндірушілердің ақи­қатын білгенге дейін жазып тастаппын.
Бірнеше ай бойы тақырыппен шындап арпалысып, жүздеген бет жаздым да. Бірақ поэмаға шынайылық жетіспегендіктен жүрмей қойды. Жасауы мол кемпірге үйленуге тұп-тура мәжбүрлегендей халден арыла алмадым. Ешкімнің көзіне ілінбеген, еңбегі де еленбей жүре беретін сүйкімді ғашығым жеңді. Көсемнің мерейтойы қарсаңында 1969 жылы, махаббат деген сезімінің шынайылығы үшін зынданға салынған Шамхатқа хан Ишпақтың ғашықтығы туралы «Қыш кітап» жарық көрді. Саттар Нұрмашұлының бұған көңілі қалып, наразы түр танытты: «Біз саған кім туралы жазуды өтіндік? Ал сен кім жайында жаздың? Бабыл жезөкшесі ме?!. Бұл үшін саған Бабыл сыйлығы ғана лайық!»
«Қыш кітапты» француз және поляк сыншылары: «Кеңес әдебиетіндегі үздік поэма. Онда жауызды адамға айналдыратын махаббат қана айтылған», – деп бағалады.
Мен сол жылы Жазушылар одағының төрағасы болып сайландым. Жұмыс бабында Имашевпен жиі кездесуге тура келді. Оның көңіл-күйіне қарап, қолдан шығып кеткен Ленин сыйлығы үшін мені басшылық кешіргенін, әлі де үміт бар екенін ұқтым. Күте тұруға келістік.
Алайда, 1975 жылы «Аз и Я» жарық көріп, ойға алған жоспардың бәрінің быт-шыты шықты.
КОКП ОК-нің үш бірдей – мәдениет, үгіт-насихат және ғылым бөлімдері біріге жұмылып, 1976 жылдың қаңтарында қауіпті кітаптың талқылауын дайындап жатты. ОК-тің Қаулы Жобасы әзірленді (1948 жылдан бастап елде әдеби шығармаға Қаулы шығарылмаған еді).
Енді сыйлық жайына қалып, авторды құтқару мен «Халықтар достығы лабораториясы» саналған республиканың беделін сақтап қалуды ойлау керек еді. Оның үстіне кітапты Сусловтың өзі «ұлтшылдық пен пантюркизмнің энциклопедиясы» деп тапса, әлдебір мәскеулік журнал «сионизм» дегенді де қосақтап жіберді.
Мұндай жағдайда «республиканың қатардағы жетекшісі» қандай қадамға баруы тиіс?
Мысалы, 30-шы, 40-шы және 50-ші жылдардағы әріптестерімнің кітаптарына қара таңба басып, өз­дерін: «бір биеден ала да, құла да туады» деп ұстатып жіберген еді ғой.
Қанша дегенмен, қарсы тұруға болатын еді, уақыттың өзі 30-шы жылдардағыдай емес. Әйтсе де жаңа тәжірибенің қорытындысы қандай уақыт болса да сатқындыққа кедергі келтірмейтінін көрсетті. Адалдық пен оңбағандық кезең-кезеңге, жік-жікке бөлінбейді. Халық – әртүрлі тұлғалардан құралған күрделі құбылыс. Жоғарыдан төменге дейін. Бірақ қоғам үшін, онда да жоғарыға жоғары санатты адамдардың жетуі үшін тірі қалу аса маңызды. Яғни, адал жандардың мол болғаны дұрыс. Онда халықтың пейілі таза, әрі іргесі бүтін. Тіпті халықтың өсуі мен құлдырау санына қарап, тура сол кезең мен басқа кезеңдерде елді қандай адамдар басқарғаны туралы кесте жасауға болады. Ондай көрсеткіштерді мен студент күнімнен жақсы білемін: 1926 жылы респуб-
лика аумағында қазақтардың саны 6 миллион 200 мың адам болса, 1939 жылы 2 миллион 100 мыңға төмендеді. Сандардың дәл бұлай құлдырауы – Сталинге және елді 30-шы жылдарда басқарған «қатардағы басшыларға» шығарылған тарихи жаза. Осыдан кейін 13 саны қазақтар үшін де бақытсыз сан екенін ұғасың: 1939 – 1926 = 13. Қазақ халқының қасіреті жайлы жазылатын болашақ романның атауы – «Он үш».
…Қонаев ОК екінші хатшысы Валентин Карпович Месяцпен бірлесіп басқа жоспар жасады. Димаш Ахметұлы кітапты Брежневке апарып, уақыт тауып, оқып шығуын өтінеді.
Арада біраз уақыт өткен соң телефон соғып: «Леонид Ильич, оқыдыңыз ба?», – деп сұрайды. «Иә, оқыдым». «Ұлтшылдық бар ма екен?!». «Ешқандай ұлтшылдық көрмедім». «Суслов бар дейді ғой». «Сусловтың қатысы қанша!.. Мен жоқ дедім. Бітті».
Сол кезеңмен салыстырсақ, айыпталған кітап үшін бұл ең жоғары рецензия еді.
Осылай болғаны туралы Д.А.Қонаевтың мемуарларынан оқып, білдім. Естеліктерде баяндалмаған кей жайттарды автор «екеуіміздің арамызда қалсын» деп, өзіме айтып берді.
Бірақ Суслов КОКП ОК-де талқылау өткізуге ұмтылысын тоқтатпады, тіпті, мерзімін, қаңтардың аяғына жоспарлап та қойды. 1976 жылдың 20-шы қаңтарында Месяц мені қысқа әңгімеге шақырды. «Димаш Ахметұлы сізге талқылауға қатыспауды ұсынады. Ауырып қалыңыз. Өзіңіз тіркелген емханаға барыңыз, денсаулығыңыз жайлы анықтама береді. Соны хатқа тіркеп, Мәскеуге шамамен ақпанның ондарында ғана бара алатыныңызды хабарлаңыз».
Дәл солай істедім.
Ақпанның 4-де Алматыда Қазақстан Компар­тиясының съезі өтті. Жазушылар одағы басқармасының үш хатшысы да – съезд делегаты. Дәстүр бойынша бірінші хатшы ОК мүшесі болып сайланып, екінші хатшы ОК мүшелігіне кандидат ретінде тіркелетін. Ол кезде мен үшіншімін, екінші – Шерхан Мұртаза, бірінші – Әнуар Әлімжанов.
Екінші күні, съезд аяқталардың алдында бас­қарушы органның сайлауы өтеді. Алдымен ОК мү­шелікке кандидаттардың тізімі оқылады. Әліппе бойынша. Әнуар Әлімжанов алғашқылардың бірі. Шерхан екеуіміз оның қолын қыстық. Үшеуміз тура Президиумнің қарсы алдында, залда отырмыз. Қазір ОК мүшелігіне съезд ұсынған кандидаттардың тізімі оқылады. Біз ,әрине, «Мұртазаев» деген фамилияны тағатсыз күтудеміз. Шерхан маған сыбырлап: «Біткен соң менің үйіме тартамыз. Бас дайын». Ол алғаш рет сайланып отыр. Атап өту керек. Тізім оқылып жатыр. «М» әрпінің қатары да келіп жетті, бірақ «Мұртазаев» жоқ. Мен Қонаевтың қасында отырған Месяцтің көңілін аударып, Мұртазаевты көрсетіп, «фамилиясын ұмыттыңыздар!» демекшімін. Сөйтіп отырғанда тізім де аяқталды. Кенет:
– «Сүлейменов Олжас Омарович», – деген дауыс саңқ етті. Сонда ғана Месяц біздің жаққа қарады, мен Мұртазаевқа сілтеп: «Қателік кетті!» деймін ым қағып. Валентин Карпович қолын болар болмас қана жазып: «Қайтем, болары болды!» деген ыңғай танытты.
Бүгін осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, шындығында қалай болғанын Шерханға түсіндірудің сәті түскені бір ғанибет. Түсіндіру керек, себебі, ол сол күннен кейін, бәрін менің «пысықтығымнан» көріп, амандаспайтынды шығарған еді.
Мұндай ауыстырудың неліктен керек болғанын кейіннен білдім. Сөйтсем, мені ОК Пленумының құрамына Үш Бөлімнің талқылауы және партиялық сынның өтпеуі үшін кіргізіпті. Егер талқылау өтсе, республикаға соққы болар еді.
Ал, партиялық элитаның өкілін дәл бұлай сынға алу мүмкін болмағандықтан, талқылауды республика үшін қауіпсіздеу – КСРО Ғылым академиясында өткізуге ауыстырған. Талқылау 1976 жылдың 13-ші ақпанында өтті. Бізден ғылым бөлімінің меңгерушісі Санжар Жандосов, Республика Ғылым академиясының вице-президенті, тарихшы Ақай Нүсіпбеков және «Жазушы» баспасының бас редакторының орынбасары Геннадий Толмачев қатысып отырды. Талқылау таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін үзіліссіз жалғасты. Жиын протоколы академиялық «Вопросы истории», «Вопросы языкознания» журналдарында жарияланды. Бірақ онда менің түйін сөзім берілмепті. Соны ретін келгенде қайталай кетейін: «Академик Борис Александрович Рыбаков талқылауды ашып тұрып, «Алматыда орыс мәдениетін аяқ асты еткен оспадар, антиорыстық кітап жарық көрді» деп мәлімдеді. Маған Мәскеу мен Ленинградтағы, Киев пен Қиыр Шығыстағы көптеген оқырманнан «сіздің кітабыңыз ұлы орыс мәдениетіне және әдеби ескерткішіне ынтық сезімін білдірген» дегенді айғақтайтын хаттар жиі келеді. Мен олармен келісемін. Құрметті академик кітаптағы ондай жәйтті байқамапты. Ол республикалардағы авторлардың Ресейге ынтықтығын тізе бүгіп тұрып жеткізетініне дағдыланып қалса керек. Маған ондайды ешкім үй­реткен жоқ. Пушкин де, Абай да».
«Аз и Я» кітабы тек әдебиетке ғана мықты ықпал жасап қойған жоқ. Егер біздің әдебиетшілердің бірі, тіпті, саясаткерлердің өзі «Аз и Я»-ның тағдыры жайлы диссертациялық зерттеу жасағысы келсе, онда оған осы бір туындының ықпалымен шыққан деректерді жинастыруы мен зерттеуіне көптеген жылы кетер еді.
«Аз и Я» туралы бәрінен де қазақ әдебиеттануында аз айтылды. Менің есімде Мұрат Әуезовтың бір ғана ғажайып жұмысы қалыпты. Есесіне, кітап пен оның авторы туралы, өзімізге етене жақын жанр – «домалақ арыз» түрінде көп нәрсе жазылды.
ІV
1986 жылдан кейін бұл жанр өте белсенді өрістеді. Бұйырса, ол күндерді егжей-тегжейлі баяндайтын бөлек очерк жазбақ ойым бар.
Енді, 16 желтоқсанда басталған істің кей қо­рытындылары түйінделген ҚКП ОК-нің наурыздағы пленумына бірден ойысайын. Алдымен, Қонаевты барлық партия органдарының құрамынан шығару шаралары басталды.
Жұрттың көз алдында Бюро мүшесі әнші құстай сайрады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына білімді, сабырлы, артық ауыз сөзі жоқ Саламат Мұқашұлы (ұмытпасам, оны солай атайтын) бекітілген болатын. Кіріспе баяндама жасаған ол жарты сағат бойы, аздап қысылған кейіппен Қонаевтың тұлғалық кескіні елімізде қалай қалыптасқанын әңгімеледі. Алайда, пленумға қатысушылар әдеттегідей баяндамадан соң қол соқпады. Тек әрбір жерден шапалақ даусы естілді. Содан соң залдан Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әуелбеков орнынан атып тұрды да:
– Алдымен Сүлейменов пленумға Қонаев туралы фильмге қандай қаржы жұмсалғанын баяндасын. Толықметражды фильм!.. Жеке басқа табыну, міне, осыдан басталды!
Шындығында, 1981 жылдың соңына қарай Мем­лекеттік киноны басқарып отырған кезімде ОК-ға шақырды. Сонда маған Бюроның екі мүшесі бірдей Димаш Ахметұлының 70 жылдығына байланысты мерейтойлық фильм түсіруге тапсырма беріп: «Бұл Бюро мүшелерінің ұжымдық сыйлығы», – дегенді қадап айтты.
Мен киностудиядан деректі фильм түсіруге дағ­дыланған, мықты режиссерлердің бірі Юрий Пискуновты шақырдым. Екеуміз бірнеше күннің кешкі мезгілінде Қонаев қатысқан деректі таспалардан қажетті кө­ріністерді кесіп алдық. Бірақ толық­мет­ражды, ең бол­мағанда, бір сағаттық фильмге мате­риал жетпеді: өйт­кені, ел басқарып отырған онжылдықтарда Қонаевтың қызметтегі бейнесі киноархивте өте аз екен.
Содан соң, Саяси Бюро мүшесінің жеке күзетшісі, комиссар Анатолий Ивановичтен көмек сұрауға тура келді. Оның қолында Димаш Ахметұлы отбасы ортасында, жеке өзі демалғанда, аңшылыққа шыққанда түсіруге рұқсат берілген әуесқой кинокамерамен түсірілген бейнетаспа бар еді.
Кең аудиторияға арналмаған бір сағаттық фильмді сөйтіп жинақтадық. Фильм 1982 жылдың 12 қаңта­рында, Құрманғазы көшесінде орналасқан қабылдау үйінің шағын залында, кешкі мерейтойлық дастарханда бір рет қана көрсетілді. Мерейтой салтанатына адам көп шақырылмаған еді, оған Орталық Комитеттің Бюро мүшелері және облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары ғана қатысты. Отырыс асабасы Бәйкен Әшімов мерейтой иесіне барлық меймандардың атынан дайындалған жалғыз сыйлық – осы фильмнің алғашқы көрсетілімі екенін хабарлады. Оған мен де шақырылдым. Мерейтой иесі үшін бұл тосын сый болды. Мен оның дәл сондай көңілді кейпін бұрын-соңды көрмеппін. Әсіресе, экранға Анатолий Ивановичтің бұрын көрсетілмеген көріністері шыққан сәтте – шын бақытты еді.
Көрсетілім аяқталғаннан кейін дуылдата қол шапалақтаған жұрттың бәрі лебізін білдіргісі келді.
Асаба: «Мұнда жақсы аттылар жоқ, бәріміз теңбіз, яғни, алфавит бойынша сөйлейміз, – деді. – Сөйлер алдында алдымен тамақ жібітіп алатын дәстүрді білесіздер, қобалжығаннан тамағымыз кеуіп қал­масын».
Осы бір келеңсіз дәстүр, қазақстандық билікке Сталиндік дәуірде келген болатын. Құзырындағылардың денсаулығының мықтылығын, обкомның тынымсыз жұмысына төзімділігін арақпен тексеріп отырған. Ең алғашқы болып дастарқанға Әуелбеков жақындады. Хрустальдан жасалған құтыны тауысып, мерейтой иесіне керемет сөз арнады.
Дәл осындай сценарий бойынша бәрі сөйледі. Маған да хрустальді бокалдың сынынан өтуге тура келді.
Енді міне, бас жазатын да уақыт келгендей. «Жеке басқа табыну». Әр ай сайын студия «Советский Казахстан» хроникасын таратып, экранға шығардың алдында бір сағаттық бағдарлама міндетті түрде ОК-ның бақылауынан өтіп отыратын.
Бірде Қонаев өзі телефон шалды:
– Мына хабарда мені екі рет көрсетті. Қысқар­тыңдар. Бір рет көрсетсе де жетеді.
– Зауыттың ашылуында сіз болдыңыз ғой. Сай­лаушылардың алдында сөз сөйледіңіз. Қалай қысқартамыз?!
– Сайлаушыларды қалдырыңдар. Ал зауыт туралы келесі хабарда берерсіңдер. Газетке жазды ғой, сол да жетеді.
Жұмыс барысында ол ылғи өзіне аса қатаң қарайтын. Киноархивте оның бейнесі сол себепті сақталмаған. Қазір де, болашақта да мұндай тәжірибені есте сақтамау үлкен күнә болар еді.
Бірақ пленумның мінберіне шақырғанда мерейтойлық фильм туралы ештеңе айтпағанды жөн санадым. Мені өйткені үйреншікті емес көрініс көңілді аудара берді. Қатардағы пленумға қатысушы ретінде залда Саяси Бюро мүшесі Қонаев отырды. Оның айналасындағы (оң жағы да, сол жағы да, алдыңғы, артқы) орындардың барлығы да қаңыраған бос. Және бір-бірден ғана болса ештеңе емес қой, екіден, үштен. Тіпті, жұқпалы ауруға ұшыраған адамға жоламағандай айналасы тып-типыл. Міне, осының бәрі маған қатты әсер беріп, жанымды ауыртты.
– Жолдастар, – дедім, – сіздерге не болған? Осында отырған қай-қайсысыңыз да кеше ғана Қонаевтың қасына жақындап, қолынан қысып, ең болмағанда пальтосына қол тигізуді армандамап па едіңіздер, енді жанына жақын отыруға ұялатын болғансыздар ма?!
Не туралы айтқанымды келесі очеркімде жазамын. Мінберден түстім де Қонаевпен амандасып, жанына барып жайғастым. Мұны адамгершілік тұрғыдан жасаған аз ғана жақсылықтарымның бірі деп, еркек ретінде мақтана аламын. Бұдан кейін, пленум
О.Сүлейменовтің ісі мен тәртібін қарауды парткомиссияға тапсырды.
Идеология жөніндегі хатшымен қарым-қатынасым ерекше еді. Ол бұл орынға КГБ төрағалығынан келген. Сол кездегі жазушылар съездерінің бірінде: «Бұл орынға бақшашы келер деп күткенбіз, сөйтсек, ағаш отаушыны тағайындаппыз» – деп қалжыңдағаным бар. Идеология жөніндегі хатшы мен бұрын жұмыс істеген жердің бәріне өз адамдарын жіберіпті. Олар Мемкино мен «Киностудиядағы» құжаттарды ақтарып, менің қаржылық құжаттарға қойған қолдарымды іздестірген. Сонда, Қонаевтың мені Мемкиноға Төраға етіп тағайындаған кездегі екеуара әңгімемізді еске түсірдім. Негізі, Кинематографистер одағының басшылық қызметі көңілімнен шығатын. Ол жерде кинорежиссерлік жас толқынмен жұмыс істейтінмін. Қонаевқа да бұл жоба ұнайтын, бірақ ол мұндай жобаны Мемкино секілді ақшасы бар тиімді жерде ғана жүзеге асыруға болады деп есептейтін. «Қаржы жөнінде ештеңе білмеймін», – деп, бас тарттым. «Білгір қаржыгерлерден орынбасарларыңыз болады.
Сіз тек шығармашылық үдерістерді ұйымдастырумен айналысыңыз. Қаржылық қағаздардың бірде-біріне қол қоймаңыз». Шынымен де бірде-бір құжатқа қол қойған жоқпын.
Содан соң партиядағы мүшелік жарналарымның қандай екенін тексеруді ұйғарыпты. 1969 жылдан мұқият түрде қарап, жаңсақ кеткен тұстарымды ақыры тапты. Сөйтсем, 700 сом артық төлеп жіберіппін. Парткомиссия әрине, мұны күтпеген еді: артық төлем үшін қатардан шығаруға болмайды. Көңілсіз түрде ескерту жасады: «Партия сіздің садақаңызға мұқтаж емес. Жарғыда қанша қажет болса, соны ғана төлеңіз. Түсініктеме жазыңыз».
Мен жазушыға айлықтан өзге қаламақы да төле­нетінін, ал оның жарнасын есептеу қиын екенін айттым.
Бұдан кейін ОК мүшесі ретінде мені тексеруді ұйымдастырушының да жарнасын, ОК-тың өзге мүшесінің, яғни, Идеология жөніндегі хатшының партиялық жарнасын тексеруін талап еттім. Жарғы бойынша құқым бар. Ал менің талабым орындалмаса, осы талаппен КОКП ОК-іне шағымдануыма да болады.
Бұл уақыттарда барынша қоғамдық пікір қа­лыптастыру жұмысы басталып кеткен. «Правдада» пленумның есебі жарияланды. Онда бес құс фабрикасының директоры, «қасапшы» Д.Ковинько мен О.Сүлейменовтың байланысы жазылыпты. Обкомның жаңа хатшысы Алматы облысындағы фабриканың қақпасынан өзін қарсы алмағаны үшін Д.Ковиньконы 10 жылға отырғызуға тырысқан еді. Ол болса барлық табалдырықты тоздырып жүрiп, маған өзінің депутаты есебінде өтініш айтқан. Мен 1983 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне Іле округы бойынша депутаттыққа түскен едім. Ол өзi осы өңірде аталған фабрикаларды құрып, күллі облысты құс етімен қамтамасыз етіп отырған болатын. Сөйтiп, оны қорғап қалдым, алайда сол кез­дегі обком хатшысы Қонаев кеткен соң ОК-тің екінші хатшысы болды. Пленумда: «Жолдастар, ойланып көрелікші, ақын мен «қасапшыны» не байланыстыруы мүмкін? Түсінуге болады ғой?..», – деген сұрақты қойған сол едi.
Залда отырып мен, бала күнімнен құс етін же­мейтінімді айтқанмын. Алайда сол жауабым «Правдаға» жазылмай қалды.
Мәскеудегі Орталық өнер үйіндегі кездесуде Юлиан Семеновқа залдан: «Правдада» Олжас Сүлейменовтың жағымсыз қылықтары туралы жазды. Бұл жайында сіз не білесіз?», – деген сұрақ қойылды.
Юлиан қысқа ғана жауап берді: «Мен «Правданы» оқымаймын. Алайда Олжас – алмас секілді. Ал алмасқа шаң тұрмайды».
«Казправдаға» «О.Сүлейменов Орталық Комитеттің басын қашанғы айналдырады?», – деген редакциялық мақала басылғанда, Димаш Ахметұлы: «Демек, олар сіздің ұсталуыңыз үшін қоғамдық пікір дайындап жа­тыр. Тез арада Мәскеуге кетiңiз», – деді.
1951 жылдың оқиғасы қайталанды. Ол кезде Әуезов пен Сәтпаев Мәскеуді пана тұтқан еді. (1987 жылдың нау­рыз айы. 1937-ден кейiн арада елу жыл. Мерейтой.)
Мен Мәскеуге ұштым. Сәтпаев өзін елдің ең үздік геологы деп таныған КСРО Ғылым Академиясын па­налаған. Әуезов әуежайдан бірден Александр Фадеевтікіне тартқан. Ол қасына Тихоновты қосып алып, үшеуі Ескі алаңға, үлкен кабинетке барған. Мұхтарды қуғынға ұшыратқан «Қазақ халық ертегілері» кiтабының профессор Седельников (ол кейін Әдебиет институтында ежелгі орыс әдебиетінен дәріс оқыды) тәржімалаған нұсқасын апарады. Кітап ең үздік баспа – «Художественная литературадан» жарық көрген. Қазақстандық газеттер мен «Коммунист Казахстана» журналында көреалмаушылар ұйымдастырған жалған мақалалар жарық көріп жатты. Онда Әуезовті қыз­ғанатындар ұлтшыл, хандар мен байларды мадақтап жүр деп айыптады.
Ақыры, Әуезов Мәскеуде ММУ-де дәріс беру үшін қалдырылды. Сәтпаев те ол жерде жұмыссыз жатпады.
Мәскеуде бір ай болдым. Юлиан Семенов мені Набережныйдағы пәтерінде мантымен тамақтандырды. «Өзбекстан» мейрамханасынан жеткізілген шикі мантыларды ол түшпәрә секілді үлкен кастрөлге қай­на­татын. (Одан кейін оған Алматыдан құрыш қасқан апарып бердім).
ОК-тің мәдениет және идеология жөніндегі хатшысы Александр Николаевич Яковлевпен кездестім. Біздің арамызда бірнеше жылға созылған достық қарым-қатынас бірден орнады. Сол күндері кездес­тір­ген ағайындардың бәрі менің кітаптарымды оқыпты. Олардың арасындағы тым жастары қазір – белсенді саясаткерлер мен кәсіпкерлер.
Сондай кездесудің бірінде Александр Николаевич:
– Менің алматылық әріптесім, сенің әлгі «орман отаушы» қарсыласың енді, қатты сүрінді. Салықтарын төлемепті. Туған партиясын үптеген. КГБ-дан ауыс­қанда, генералдық зейнетақыдан жарна төлеуді тоқтатқан. Тек Орталық Комитеттің жалақысынан ғана төлеп тұрыпты. Үш жыл бойы сөйткен, бұл – өте көп уақыт. Заң бойынша, өзің де білесің, үш ай төлемегені үшін партиядан шығарып жіберуге болады. Және кімді? ОК хатшысын ба?! Ботқа жасады ғой. Енді қай­теміз? – деді де, жанында отырған КГБ-ның үлкен генералына қарата сөйледі. – Жігітке обал, ортақ әріптес. Маған да, саған да. Мүмкін қазақтарда шиеленген түйіндерді шешудің халықтық жолдары бар шығар?
– Бар, – дедім, – дала жолдары тау, жоталардың арасымен өтеді. Кейде таудан дәу тас төмен домалайды. Ол жүруге кедергі жасайды. Тастарды түсіріп жіберетін ой-шұқыр таппайсың. Сондықтан жүргізуші тасты жақын тұрған жотаға барынша күшеніп, қуысқа тығып жібереді. Болды. Сөйтіп жол қайта ашылады.
– Сонда шұқырға түсірмей, жотаға көтерілу керек пе? Шығыс, шынымен де өте нәзік нәрсе екен. Сен­дердікіндей қиналуға тура келеді.
(ҚазКСР Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағасы Саламат Мұқашұлы зейнетке шықты. Біраз уақыттан кейін оның орнына жас болса да, генералдық зейнетке жіберу үшін Бюро бұрынғы идеология хатшысын тағайындады. Партия асырып төлеуді қажетсінбейді және жеткізбей төлеуді кешірмейтінін дәлелдеді).
1987 жылдың мамырында мен Алматыға қайттым. ОК Бюросы мені Жазушылар одағын басқаруға қалдырды.
Мәскеумен Юлиан Семенов арқылы хабарласып тұрдым. Ол Юрий Пискуновтың телефонымен ре­жиссердің үйіне сағат қаншада келетінімнен де хабардар. Өзара келісіп, ешкімнің атын атамай, сөйлесіп тұ­ратын. Біз бір бірімізді екіұшты сөзбен ұғы­са­тынбыз.
Қонаевтың ізіне қуғын түсіп, нысанаға алынды. 1987 жылдың маусымында өткен КОКП ОК Пленумында оны Саяси Бюроның құрамынан шығарды.
Геннадий Толмачев екеуміз Димаш Ахметұлын әуежайдан күтіп алдық. Бос әрі ыстық әуежайда тұр­ған Ту-34 ұшағына трапты әкелгенде бізде жақын­дадық.
– Олжас, бізді суретке түсіріп жатыр, – деді Геннадий сыбырлап.
– Түсірсе, түсірсін. Димекеңді түсіріп алды. Оны бізден басқа ешкім күтіп алмайды.
Жоқ, траптың жанына қара «Волга» сырғып келіп тоқтады. Ішінен екі күтіп алушы шықты. Солардың бірі маған «Буревестникте» ойнаған Аман секілді көрінді. Димаш Ахметұлы траптан бірінші болып түсті. Біз төс қағыстырып амандастық.
– «Орман отаушы» пленумда Желтоқсандағы жастарды көтерген сіз – екеуміз деді, – деп, Димекең ақы­рын ғана күбірледі. – Сақ болыңыздар.
Біз оны көлікке отырғыздық та, өзіміздікіне бет­тедік.
V
Әйтеуір бір күні мен Кремль билігі мен бүтін КСРО ғимаратының астына білінбейтін бомба қойған 1987-ші жылғы шілде пленумы жайлы толығырақ айтарым анық. Саяси Бюродағы босап қалған орындарға Мәскеу қалалық комитетінің жетекшісі, Саяси Бюро мүшелігіне кандидат Борис Ельцин таласты. Тіпті, бос орынның уәде етілгені де анық. Бірақ Горбачев Александр Николаевич Яковлевті ұсынды. Сонымен қатар, Никоновты да кіргізді. Ал, Ельцинді кейінге қалдырды.
Кабинетіне жұлқынып кірген ол Горбачевтің алдына қызметтен кету туралы арызын тастайды.
Михаил Сергеевич:
– Борис Николаевич, алдыда қазан пленумы бар ғой. Мерекелік. Революцияның 70 жылдығы. Мәскеу көсемі сондай жауапты сәттерде Саяси Бюроға кіруі тиіс. Ал мына пленум өткінші. Шалдардан құтылып жатырмыз. Мәскеуді шират және қазанға дайындал.
Горбачев «ішуді доғар» деп бетіне айта алмады. Мәскеу ұйымына ішкіш адам жетекшілік жасайтынын күллі партия біліп алған-ды.
Егер Михаил Сергеевич сол кезде Ельциннің арызын көзінше жыртып, қоқыс салғышқа тастаса, елдің бү­тіндігі сақталар еді.
Горбачев алайда алғашқы қателігін қапыда жіберіп алды. Арызды қабылдап, жұмыс үстелінің тартпасына салғанын көрген Ельцин қазан пленумында бұл арыз жалпыға жария боп, қызметтен тайдырудың амалы қарастырылып қойғанын алдын ала ұқты.
Қазан пленумында Горбачевтің баяндамасынан кейін жарыссөзге бірінші болып Мәскеу басшысы шақырылды. Әй-шәйға қарамаған Ельцин қайта кірер есікті «қатты жапты». Одан кейін сөйлегендер Ельцинді тарпа бас салды. Дәл сол арада Горбачев екінші қателігін жіберді. Ельциннің сөзін кінәлап, жабылудың орнына жұртты баяндаманы талқылауға шақыруы керек еді. Оны тоқтатпады, есесіне ертесі күні етжеңді болып шыққан «Правданың» беттері Ельцинді қатты жазғырған шабуылға толы еді. Ол солай қаһарманға айналып шыға келді. Қайта құру Партия мен Дер­жаваның талқандалуымен аяқталды.
Біз Юлиан Семеновпен бірге 1987 жылды тұтас, 1988 жылды жалпы қамтып Қонаевты арашалап қалу үшін күрестік. Оның төңірегіндегі біраз адамды отырғызып та тастады. Енді оның өзіне іс қозғау үшін материалдар жинау басталған-ды. «Пара берушілер» сұралып, «халықтың қалауы бойынша бюсті алып тастауға» дайындық жүріп жатты. Ел арасында «Қонаев баяғыдан-ақ астыртын миллионер болатын» деген қауесет таратылды. Тіпті, кейбір сандар – «үш миллион доллар, нан ұрсын!» деген дақпыртпен үстемеленді.
Осындай сөздерді естіген сайын есіме 1984 жыл түсе берді. Қонаев Жапонияға Партия делегациясының жетекшісі ретінде Мәскеуден ұшып шықпақшы. Оған арнайы ұшақ бөлінген, Зухра Шәріпқызын бірге ала жүруге де рұқсат етіледі. Мәскеуде мені Саясибюро мүшесінің көмекшісі Дүйсетай Бекежанов іздеп келді де: «Олжас сен жақында ғана шетелден оралдың ғой, қалтаңда аздаған валюта қалды ма? Бес не он доллар болса да. Апамызға дүкен аралау үшін», – деді.
Қалтамнан бар-жоғы 100 доллар табылды. Зухра Шәріпқызы маған Токиодан сыйлық ретінде – жұбайыма желпуіш әкеліпті. Шамасы өзі үшін алған желпуіштің бірі.
Бір күні, 1988 жылы Юрий Пискуновтың пәтеріне қоңырау соғылды, ұзақ, қалааралық. Юлианның дауысын жазбай таныдым:
– Олжас, жеңіс! Енді бәріне де түкіргенім бар!
– Не дейсің? Есім айтылмасын деп келістік қой.
– Олжас! Бұл мен ғой, Юлиан Семенов, оңбағандар тыңдаса тыңдай берсін! Димаш Ахметұлына бюстке ешкім тимейді, оған қарсы ешқандай іс қозғалмайды деп айт. Ол бұған дейін болғанындай әрі болатынындай тап-таза! Бұны саған айтып тұрған мен, Юлиан Семенов! Сенде осыны бәрін жеткіз. Тек оңбағандар ғана естімесін!..
Менің ержүрек досым Юлиан осындай еді. Әрбір ауыл тұрғыны «сүйіншісін» қуана күтетін жаңалықтың жаршысы болатын.
Сол тұстағы, 1987-1988 жылдардағы бір жарым жыл Димаш Ахметұлының өміріндегі ең ауыр кезең туыстары мен аздаған достарына да оңай тимеді сол жылдар. Иә, азшылыққа ғана. Геннадий Толмачев естелік кі­табын жазуға ұдайы барып, көмектесіп тұратын. Дә­рігер – Ахат, аспаз – Саша және ол жайлы кітап жазған Серік жанында жүрді. Жиендері келетін. Сосын күзет қызметінің бұрынғы қызметкерлері.
Бірде, 1987 жылдың басында жолыққанымда кітап сөресін айналшықтап жүр екен. Кітапханасын ретке келтіріп отыр. Кітаптарды қайта реттеп орналастыруда. Еденде бірнеше томдықтар жатыр.
– Кітап көбейіп кетті. Кейбіреуінен, құтылуға тырысудамын.
Мен, бір-екеуін қолыма алдым. Таныс авторлар. Керемет автографтар – «Халықтың әкесіне…», «Ұлы лениншілге…», с.с. Жасыратыны жоқ, олардың әрқайсысы Қонаевтың қолынан марапат, пәтер, көлік, сыйақы алғандар. Ал сосын зым-зия жоғалғандар. Осы бір жағдайда ол әлдебіреу туралы іші қайнап тұрып: «Опасыз», – деп еді. Мен сонда римдіктердің: «Арсыздар емес, тектілер ғана алғыс айта алады», – деген қанатты сөзін мысалға алдым. Қатысушылар мынандай арнау сөздерді оқуы үшін бұл кітаптардан Жазушылар Одағында көрме ұйымдастыру туралы ұсыныс тастадым. Ол күліп: «Одан не шығады? Олар бәрібір тү­зелмейді: обал дегенді білмейді ғой олар», – деді. (Бұл оқиға туралы мен осыдан жиырма жыл бұрын өзімнің бір сұхбатымда айтып едім. Жақын арада газеттердің бірінен 1988 жылы Зуһра көз жұмған қайғылы оқиғада Н.Назарбаев көңіл айта барғаннан кейін ғана, Қо­наевтың пәтерінен көріне бастаған өзге бір «көз­көр­геннің» аузымен айтылған осы оқиға туралы оқыдым. Тек соңғы уақыттарда ғана, біз бұрынырақта көр­ме­гендер хал-жағдай сұрап келе бастады. Олардың ішін­де еденде кітаптары шашылып жатқандары да бар еді).
Димаш Ахметұлы Қонаевтың өмірінің соңғы жылдары Маркестің «Патриархтың күзі» романының тақырыбын еске түсіреді. Орталық газеттердің мен­шікті тілшісінің бірімен болған әңгіме есіме түсті. 1986 жылдың күзі. Мен онымен бірге құс фабрикасының жанындағы ауылдағы Д.Ковиньконың үйіне барып келгенбіз. Ешқандай да сарай емес. Қылмысты істе жазылғанында фабриканың ақшасынан тұрғызылған салтанатты монша да жоқ. Жонылған тақтайлардың саңылауы көрініп тұратын қолдан тұрғызылған монша. Мен «Литературная газетаға» жазбаққа бекідім. Журналист мені райымнан қайтарғысы келді: бұл сон­шалықты керек іс пе? Болашақ туралы ойланыңыз. Қонаев қартайды, бұдан әріге бара алмайды. Ал обком хатшысы жалындап тұр, болашағы бар. Астаналық облыс. Ол бәлкім, патриархтың орнын басар. Саясаткер болсаңызшы.
Жарты жылдан кейін ол: «Көрдіңіз бе, ол екінші хатшы болды. Соның етегінен ұстау керек. Колбин уақытша біреу ғой. Ал сіз кімді қорғаштайсыз? Құсшы мен патриархты. 60 жылдары сіз Қонаев қайта орала алатыны және жеңіспен оралғаны үшін қолдадыңыз. Ал сексенінші жылдардың соңында оның ешқандай да болашағы жоқ кезде оны қолдап-қорғаштаудың қаншалықты қажеті бар? Ол зейнетте ғой, – деді.
Мен оған:
– Әрекетімді түсіндірейін. Жазушы, журналист немесе саясаткер әлдекімді қолдап тұрып (Ковинько немесе Қонаевты) әлденені де қорғайтынына сенімі болуы керек деп есептеймін. Ақиқат болмай-ақ қойсын, әділдік, шындықты, мысал үшін. Облыстық ханға бас имеген адам түрмеде отырмауы, ал ғұмыр бойы халқына адал еңбек етуге тырысқан адамның өмірінің соңғы сәттерінде де кейін де жала жабылмауы, қорланбауы тиіс екеніне мен бек сенемін. Оның үстіне, Қонаев секілді ұлы адам, Қонаев секілді тұлғалар 20 ғасырдың босап қалған кеңістігінде аз сәтке ғана пайда болып, сақталды.
21 ғасырда өзгелер туады және өзінше ұлылар болады. Әрбірін сақтайтын боламыз. Сонда ғана шын мәніндегі ұлттық тарих пайда болады.
Париж қаласы, 5 қаңтар, 2012 жыл.
ПІКІР ҚОСУ