Мәдени ренессанс – «Қазақ»
26.06.2015
3101
0
Madeni«Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген нақыл бар. Бұзуға құдіреті келетін сөздің түзетуге де құдіреті келеді. Сөз – қару, мұны бұзуға жұмсасақ, бұзады, түзеуге жұмсасақ, түзейді. Сөзін жұртты түзеуге жұмсай бастаған жұрттың өзі түзелуге бет алғанын көріп отырмыз», – дейді «Қазақ» газетінің алғашқы саны. «Қазақ» газеті сөзінің әлқиссасын қара бұқараға «газета» дегеннің не екенін, оның пайдасын, іргедегі татардан бастап, мұхиттың арғы бетіндегі Американы мысал етіп, басылымы мықты елдің өзі де мықты болатыны жөнінде соқырға таяқ ұстатқандай тәптіштеп түсіндіруден бастапты. Заманның беталысын аңдаған соң әлі де алаңсыз жатқан жұртының бейқамдау қалпына қан жүгіртпек ниеттен туған «Қазақ» салған жерден орысқа есесін күнде жіберіп жатқан қазақтың мүддесі үшін терін сығыпты. Әсіресе, жер бөлісі, оның бер жағында тіл мәселесі, қазақтың тарихы (тарих деген ұғымды түсіндіре отырып) күн тәртібінен түспегенін байқауға болады. Ә дегеннен басқармаға (редакцияға) жиі келіп түсетін хаттардың аз болмағаны қазақтың хат білетіндерінің бұл газетке үлкен үміт артқанын дәлелдейді. Осыған қарама-қарсы (әсіресе, газет өмірінің алғашқы кезеңдерінде) газетке деген күмәнді көзқарастар да, түсініспеушіліктер де болғанын аңдау қиындық туғызбайды. Қалай болғанда да заңдылық. Алғашқы адымдар, қанатқақты кезеңнің еншісіне бұйырған қиындықтар.
Қазақ баспасөзінің атасы «Қазақ» газеті шыққан сонау 1913 жылдан бері тартып қарасақ, біраз асуларды артта қалдырған қазақ журналистикасының қазақ халқы үшін маңызы қандай болды? Өткені мен бүгінін қысқаша шолсақ не айта алар едік?
Бүгінгі әңгіме осы туралы…

– Таза қазақ тілінде, қазақ ұлтының мүддесі үшін шыққан тұңғыш әрі ірі басылым «Қазақ» газеті десек, қазақ жур­на­листикасы «әумин» деп қол жайып, «әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кі­рі­сейікті» айтқалы ғасыр озыпты. Ел екі рет жаңарар уақытты шолып көрсек, не байқауға болады?
Сағатбек Медеубекұлы:

– «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығы рас болып шықты. Бір ғасырға екі жыл жетпеген уақытта қазақ халқы қоғамдық-әлеуметтік қалыбын екі мәрте өзгертуге мәжбүр бол­ды. Біз тарихта «формация» деп атап кет­кен жүйенің бірі – капитализмнің дәмін та­тып үлгірмей, феодалдық-буржуазиялық қоғамның орнына социалистік қоғамды күштеп ор­натуға кірістік. Сол большевиктік төңкеріс қанмен әкелген жүйе қазақ деген халықтың жүйке-жұлынын үзуге жү­йелі түрде күш жұмсады. «Колхоздастыру», «кәмпескелеу» желеуімен халықтың негізгі рухани – затындық байлығын оқ­пен отап, қылышпен қырды, сталиндік- го­лощекиндік қуғын-сүргіннің негізгі мақ­саты да – халықтың ақыл-ойын ада ету. Ақылы жоқ халық ойланбайды. Айда­ға­ныңа көнеді. Мынау ұлан-байтақ жер парасаттан босайды. Топастық меке­ніне айналады. Іріп-шіріген капитализмді бас­тан кешіріп жатқан патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын қазақ даласына жүргізуге арналған, тілін көрсетіп, тісін жа­сырған, «Түркістан уалаятынан» бастап қазақ елі «журналистика» дегеннің атын естімесе де затының шет жағасын көре бас­тады. «Дала уалаяты» да қазаққа жа­қын­дау болғанымен, ол да қазақ деген ұлттың рухани ұстынын босатуды көзде­ген. Қазаққа қарсы осындай мылтықсыз май­дан­­ның басты қаруына қарсы тұрар­лық қару керектігін білген Ахаң бастаған зиялылар «Қазақ» газетін шығарды. Ол ғана емес ұлттың рухын оятып, бодандыққа бой бермеуді көздеген басқа басылымдар да шықты. Бірақ «күш қазандай қайна­ды, күресуге дәрмен болмады». Оған үш себеп болды. Біріншісі – бодандықтың қа­мы­ты ғасырлар бойы бас көтертпеген жал­пы қазақтың қарсы тұруға сана дайын­­дығының болмауы; екіншісі – сырт­қы күштің қуаттылығы; үшіншісі – қазақ зиялыларының мүмкіндігінің аздығы, ба­рының әлсіздігі.
Содан бергі өткен жолын көктей шолып өтсеңіз, қазақ журналистикасының кеңестік идеология құрбаны болғандығын білесіз. Азат ой, бостан сана болмады. Бірақ солай бола тұрса да, ұлттың рухын жоғалтып алмаудың амалын тапқан санаулы ғана саналы тұлғалар газет бетін­дегі сөзінің астарына ой әдіптеп отырды. Оны оқи алғандар ойына ой қосты. Жігерін жасытпады. Рухы мықты журналистер Кең­ес­тік ұранды көтергенсіп, көкейінде ұлттың қамы тұрғанын аңғартты. Тіпті, «қа­зақ» деген сөзді жазғызбақ түгілі, ай­туға болмайтындай идеологиялық тепкін ке­зінде тайсалмай 22 наурыз күнгі нөмір­дің алғашқы бетін жасыл бояумен берген Сейдахмет Бердіқұловтың ойын бүкіл қа­зақ түсінді. Осы бір ғана мінезі үшін де ха­лық оны батыр санады. Болмаса социализ­мнің алып соқасын сүйреткен «Социалистік Қазақстан» газетінің Бас ре­дак­торы газет соңына «Балғабек Қы­дыр­бекұлы» деп қол қойды. Мұның да астарында да үлкен мән жатыр еді. Сол жалғыз ғана «ұлы» леген тіркеменің ішінде ұлтына деген ұлы сүйіспеншілік жатқанды­ғын бұқара қазақ түсінді. Осыншама қыс­паққа қысылған сайын ұлттық рух ширыға түсті. Ұлттық рух ширыққан сайын ұлттық журналистика да буырқана түсті. Ширыға бас­тады. Қандай сұрапыл саясат бақылап тұрса да еліне деген сүйіспеншілікті, ұл­тына деген махаббатты, адамдардың бір-біріне деген ынтызарлығын насихаттау арқылы ұлтының ұстынын сақтап қалған да ұлттық журналистика. Бұның өзі арнай ғылыми тұрғыда зерттейтін тақы­рып.
Сұлтанхан Аққұлы:
– Біріншіден, «Қазақ» газеті жарыққа шыққан тарихи кезең – исі қазақтың әлі де болса сөзге тоқтайтын заманы болатын. Екіншіден, «қазақ – қиямет-қайымға дейін қазақ болып өтпекші» деп газеттің 1913 жылғы алғашқы сандарының бірінде Түрік баласы – Әлихан Бөкейхан жазған­дай, «Қазақ» жарыққа шыққанда қазақ қоғамы – аталы сөзге, көзін ашып, көкіре­гін оятатын ақыл-кеңеске, қалың елді ға­сырлық ұйқыдан масадай шағып оятатын баспа сөзіне, ұлттық сана-сезімін қозды­ра­тын үндеуге, адасқан елді алға жетелей­тін ұранға, ұлттық идеяға зәру еді. 5 жыл­дан сәл-ақ ұзақ ғұмыр кешкен (1913-1918 ж.ж.) жападан-жалғыз «Қазақ» газеті мен осы тұңғыш жалпыұлттық басылым аңсап, арпалысып өткен ұлттық тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жақын кезеңінде шығып тұрған саны көп те сапасы жоқ мыңдаған басылымды, ХХ ғасыр басындағы «Қазақ» пен ХІХ ғасыр басындағы мыңдаған газет­тің қазақ қоғамына деген ықпалын, әсе­рін, атқарған саяси, мәдени-ағартушылық, ақыр аяғында тарихи ролін тіпті салыс­тыру­ға тұрмайды. Оған бір-ақ мысал келті­рейін. 1985 жылы Ұлыбританияның Оксфорд университеті жанындағы Орта Азия­ны зерттеу орталығының және Фран­ция­дағы Сорбонна университетінің ғалым­дары ХХ ғасыр басындағы мерзімді қазақ баспасөзі туралы жаза келіп, Алаш зиялылары мен «Қазақ» газеті қазақ қоға­мын­да мәдени төңкеріс – мәдени ренессанс жасады деп бағалады. Міне, «Қазақ» газе­тіне Батыс ғалымдары берген мұндай жоғары бағаны бүгінгі саны көп те, сапасы жоқ қай қазақ басылымына бере аласыз?
Одан да зор мысал келтірсем: көрші орысқа ХІХ ғасырдың 30 жылдарынан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дерлік тарыдай шашылып бодан болып қосы­ла­мын деп жерінен де, ұлттық мемлекеттігінен де жұрдай айрылған қазақты ХХ ғасырдың басында ұйыған сүттей ұлт қылып қалып­тастырған да «Қазақ» газеті емес пе еді? Осы тарихи фактіні кім теріске шығара алады!? Классикалық ұғымдағы ұлт болып қалыптасты деуге негіз, тарихи дәлел керек болса: 1917 жылдың күзінде бүкіл-
­ре­сей­лік құрылтай жиналысына қазақ елін­де үш саяси партия – Әліби Жангелдин бастаған бәлшебектік социал-демо­крат­тар, Көлбай Тоғысов құрған «Үш жүз» және «Алаш» партиялары сайлауға түскені тарихтан мәлім. Міне, алғашқы екі партия бірде-бір депутат өткізе алмаған болса, бүкіл саналы қазақ «Алаш» партиясын қолдап, оның 43 депутаты мандат алғаны мәлім. Міне, қазақ өзін бір ұлт – Алаш ұлты­мын деп сезініп, Алаш партиясын қол­­дады. Алаш пен қазақтың синоним ұғым екенін кім кімде біле бермейді. 1917 жылғы бұл сайлау – қазақ ұлтының қалыптасқанын паш етті. Бұл, өз кезегінде, «Қазақ» газетінің және оны шығарып тұрған «Алаш» зиялыларының еңбегі мен жеңісі болатын.
– «Қазақ» газеті ашылған тұста Қы­лыш­­баев деген қазақ газет басқар­ма­сына былай деп хат жазыпты: «…Газета деген керек нәрсе ғой, ендігі за­манда дүнияның қаруы, діннің тіреуі, тіршіліктің серігі газета болған соң, артын ойлаған, алдын болжаған көзі ашық жұрттар газетаны жанындай кө­реді. …Газетаға дегенде күш-көмегі, мал-дәулетін аямайды. Бірақ есіңізде бол­сын, бұл ай­тыл­ғанның бірі енді біз­дің қазақтан табылмайды. «Бұл қа­ғаз­дың не керегі бар? Ол не береді?» – деп оқуды, жазуды қадыр тұтпаған, керек қылмаған қазақ сенің газетаңа ақша шы­ғара қоймайды». Бұл сол за­мандағы қа­зақтың газетке (журна­лис­тикаға) де­ген көзқарасы деуге болады. Қазір ше? Қазақ баспасөзі осы бір жа­ғым­сыз психологияны өзгерте алды ма?
Сағатбек Медеубекұлы:
– Ол психология қазіргі қазақтың бойын­­да әлі де бар. Кейде Абайша «көңіл­сіз құлақ ойға олақ» екеніне көзің жетіп, «бойда қуат, ойда көз болмаған соң айтпа сөз» деп түңіліп те кеткің келетін кездер бар. Сөйте тұра, Мағжан құсап: «бастыра киген тымағын, ұйқы басқан қабағын, бұрынғы ескі заңымен, алдындағы малымен, бірге тұрып, бірге өрген Алаш деген елім бар, неге екенін білмеймін, сол елімді сүйемін» деп өзіңді-өзің жұбатасың да «Мен жас­тарға сенемін!» деп еңсеңді тік­тейсің. Тіктейміз-ау, бірақ «Жастар маған сене ме? деген сұраққа жауап іздеуді ұмытып кететін кездеріміз де аз емес…
Сұлтанхан Аққұлы:
– Қылышбаев деген бір қазақтың өз қоғамынан соншама түңіліп жазғанымен мен үзілді-кесілді келіспеймін. Оның сөзінен пәлендей тұжырым жасаудың өзін тіпті санаға қон­байды. Неге десеңіз, ХХ ғасырдың басында газет шығаруға ғана емес, жалпы ұлт­тық мәселелерді шешуге келгенде де қа­зақ дүние-мүлкін аяған емес. Мысалға, «Қазақ» газеті отаршыл биліктің қасақана қудалауына ұшырап, талай рет жабылу қаупі төнгенде, ел ішіндегі байлары, оқыған-тоқығандары, тіпті ортақолды шаруалары 50 тиыны бол­сын, 1 патша рублі, 5 немесе 100 рубль демей, қолын­да­ғы тиын-тебенін аяды ма. «Қазақ» газе­тінің бір санында тіпті қазақ­тардың сонау Қытайдан 600 патша рублі сомасында ақша жинап жібергенін жазды емес пе? Ол кезде бір аттың құны 8-10 рубльден аспайтынын ескеру керек. 600 рубльге жаңа газет шығаруға болатын.
ХХ ғасыр басында қазақ байлары өз­дерінің ұлтшылдығымен, ұлттық сана-се­зімімен қазіргі Қазақстандағы бар табиғи байлығымызды сүліктей сорып отырған мультимиллионерлерден, миллиардерлерден әлдеқайда жоғары тұрды. Мы­сал­ға, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы» га­зеттері, «Абай» журналы кімнің қаржысына шығып тұрды? Одан қалса, 1917 жылғы І Жалпықазақ съезі, қазақтың ұлттық мем­лекетін қайта тірілткен ІІ Жал­пықазақ съе­зі кімнің қаражатына ұйым­дас­ты­рылып өтті? Қазақтың мемлекеттік бюд­жеті бар ма еді? Алашорда үкіметі құ­рыл­ғанмен, Азамат соғысы кезінде бұ­қара халықтан салық жинау мүмкін емес еді де, үкімет жұмысына, елді қор­ғайтын Алаш атты әскерін жасақтауға қажетті қара­жаттың бәрін қазақтың бай-меценаттары жинап берген жоқ па еді?! ХХ ғасыр ба­сындағыдай кіршіксіз бай-меценаттар тіпті бүгінгі Қазақстанда некен-саяқ. Ол дәуірде тамсанып «мы­науың шіріген бай» дегендегі қазақтың бар дәулеті – малы ғана емес пе еді! Мал болғанда да – 5-10 мың бас жылқы ғой. Бүгінгі қазақ байла­рының меншігінде мұ­най, газ, қара түсті металл, алтын-күміс кен байлықтарына қо­са, небір зауыт-фабрика, комбинат… әй­теуір жоқтың бәрі бар. Алайда, қайсысы ұлтқа жаны ашып, байлығымен бөлісіп отыр? Бұл – ащы да болса ақиқат.
Ал «Қазақ» газетіне оралсам, Қылыш­баев не дейді, тарихи фактілер не дейді? Алғашқы саны шыққан 1913 жылдың ақ­панынан 1915 жылға қарай «Қазақтың» жалпы таралымы 3 мыңдай болса, 1917 жылға қарай 8 мыңнан асып жығылды. Салыстыру үшін айтсам, ХХ ғасыр басында Ресей империясының астанасындағы оқырманы ең көп деген мерзімді басылымы 10 мың данадан аса бермейтін. Ал қазақ даласында бір дана газетті бүкіл ауыл, тіпті болыс болып оқыды емес пе? Ол – ол ма, 1915 жылдан бері қарай «Қазақ» жалпыұлттық басылымнан халықаралық басылымға айналғанын қайда қоясыз?! Газетті Ресейдің жоғарғы оқу орындарында (Киев, С.Петербор, Мәскеу, Қазан, Том) оқып жүрген қазақ студенттерінің жаздырып оқитынын айтпағанда, Қытай қазақ­тары мен Түркия оқырмандарының жаздырып алатынын неге естен шығаруы­мыз керек?!
Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында баспасөзге, жур­на­лис­тикаға осындай көзқарас болған. Қылышбаевтікі адасу.
Ал енді сіздің «Қазір ше? Қазақ баспа­сөзі осы бір жағымсыз психологияны өз­герте алды ма?» – деген сұрағыңызға тоқ­талсам, жауабым мынау: Жоқ, өзгерте алған жоқ. Керісінше, ХХ ғасырда болма­ған «жағымсыз көзқарасты» қазақ бас­пасөзі мен журналистикасы ХІХ ғасыр­дың басында өзі қалыптастырып, соны күннен күнге күшейтіп, нығайтып отыр. Өйткені, ХХ ғасыр басында бұқара халық «Қазақ» газетінің сөзіне құрандай сенді. «Қазақ» би­ліктің сөзін емес, халықтың сөзін сөй­леп, мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. 1916-1917 жылдары «Қазақ» газеті отаршыл Ресей билігіне қарама-қа­тар көлеңкелі парламент пен үкімет мін­дет­терін қоса атқарғанын айтуға, оны та­ри­хи шындық деп мойындауға тиіспіз. Мысал керек болса, 1916 жылы IV Мем­лекет­тік думадағы мұсылман фракциясы­ның бюросына қазақтың өкілетті өкілі ретінде кім бару керек деген шешімді «Қазақ» ұсынса, қоғам келісті. Батыс майдандағы қара жұмысқа қазақтан жігіт алу туралы орыс патшасының 1916 жылғы 25 маусым жарлығы шыққанда, оны орындауға үн­деп, шешім қабылдаған «Қа­зақ» редакциясы болса, қалың бұқара оны орындады емес пе? Қазақтан атты милиция – Алаш атты әскерін жасақтауды ұсын­ған да, І-ші және ІІ-ші Жалпықазақ съездерін шақырған да кім еді? «Қазақ» газетінің сапасына, жеткен белесіне бүгінгі бірде-бір басылым жете алмай тұр. Оның ең басты сыры – бүгінгі басылымдар, оның ішінде теледидар да бар, бұқара халықтың сенімінен жұрдай айрылып отыр. Кімнің сөзін сөйлейтінін өздеріңіз де жақсы білесіздер…
– Біздің қарапайым халық көп жағ­дайда журналистиканың міндетін жаңа­лық­тар қызметімен ғана өлшей­тін­дей әсер қалдырады. Бұл, бәлкім, әлгі «Қа­зақ» газетінің тұсауы кесілер тұстағы түсініктің әлі де толық жетіле қой­ма­ға­нының көрінісі болар. Жур­на­листі шығармашылық адамы емес, қо­ғамдық қызметкер ретінде қабылдау басымдау сияқты. Журналистік шы­ғармашылығы немен өлшенеді?
Сағатбек Медеубекұлы:

– Ұлтына құлай беріле ынта-шынта­сы­мен беріле қызмет етумен өлшенеді. Жур­налист сәт сайынғы ақпарат ағынының құлы болма­ғаны жөн. Нақтырақ айтсам, журналист ақпараттарға қызмет етпеуі тиіс, керісінше ақпараттарды ұлтының ке­регіне шығар­машылықпен жаратуы қа­жет.
Сұлтанхан Аққұлы:
– Мен мерзімді баспасөзді, журналис­тиканы шығарма­шылық мамандық деуден гөрі, қоғамның айнасы, қоғамның санитары, тамыршысы, емшісі дер едім. Журналистика мен жазу­шылықты шатастырмауға тиіспіз. Жақсы журналистке, шебер журналистке Мұхтар Әуезұлының немесе Ілияс Есенберлиннің бай тілін меңгеру шарт емес. Журналистке қоғамның тыныс-тіршілігін, демін, дертін, көңіл-күйін, ұм­тылысын, арман-мұратын қалт жібермей бақылап, соны қоғамның өзіне айна сияқ­ты еш бояусыз көрсетіп отыру. Егер қазір оқырман қолына кез келген қазақ басылымын алып онда көрініс тапқан кез кел­ген оқиға, құбылыс туралы мақаланы, жур­налистік репортажды не қысқаша ғана жаңалық хабарды оқыса, ол материалдан оқиға-құбылысты көзімен көр­ген­дей сезім, әсер алмайды. Ол не оқиды? Дұрыс айтасыз: ол журналис­тің көзқа­ра­сын, әсерін, пікірін, тұжымырын оқиды. «Шайнап берген нан ас болмайды» деп дана қазақ жай айтпаған ғой. Менің айтарым – журналист өзінің әсерін, пікі­рін, көз­қарасын, тұжырымын қалтасының ең түкпіріне тығып қоюы керек. Ол болған оқи­ға-құбылысты еш бояусыз, бүкпесіз, ақ­ты ақ, қараны қара етіп беруге тиіс. Оқыр­­ман оқиғаны өз көзімен көріп, құла­ғы­­мен естігендей әсер алуға тиіс. Ал ол оқи­­ғадан қандай да бір пікірге келуді, тұ­жы­рым жасауды журналист оқырманның үлесіне қалдыруға міндетті. Журналистика деп осыны айтады. Мұнда шығармашылық­қа еш орын жоқ. Нағыз журналист, шебер журналист бейтарап көзқарас ұстауға тиіс. Журналист, баспасөз құралы оқиға­ның куәгері, қоғамның айнасы. Қоғам қан­дай болса – соны айнытпау көрсету – жур­налистиканың, баспасөздің міндеті.
– Бәсекелестік – дамуға жетелейді, ол рас. Бірақ оның да зиянды тұстары жоқ емес сияқты. Рейтинг көтеру деп жүрміз ғой. Немесе таралым көбейту. Қандай да бір бағдарлама ашылса төрінде «жұлдыздар» отырады. «Қазақ» газетін Алаш арыстары халықты тәрб­ие­лей­міз деп ашқан жоқ па еді? Біз ұлт­­тық журналистиканың осы бір қа­сиет­ті қағидасын ұмыт қалдырғандай­мыз. Халықты тәрбиелеу мен соның бо­дауында кету… Осының түбі бізді қайда апарады?
Сағатбек Медеубекұлы:

– Журналистика – халық пен биліктің ор­тасында ақпараттар ағынының алтын кө­пірі. Оның басты міндеті – бұқараны ақпараттандыру. Бірақ ол – құрғақ ақпараттар қоймасы емес. Әр ақпараттың астарында ұлттық мүдде, мемлекеттік мұрат, халықтық арман, бұқаралық аңсар тұруы керек. Әр ақпараттың артында адам тұрады. Журналистика тарихи таным құралы да, ха­лық­қа тағылым тарататын мектеп те, сонымен бірге, ол көңіл кө­тер­тер қызмет те атқарады. Рас, ол тәрбие құралы да. Бірақ құрғақ дидактикалық желі емес. Ол концерттік мекеме емес. Ол әншілер мен әртістердің ойына келген сөзін емін-еркін айта беретін сахнасы емес. Ол – халыққа ойлы сөз, нәрлі пікір таратар мін­бер. Ол – халықтың мұңын мұңдап, жо­ғын жоқтай­тын алаң.
Сұлтанхан Аққұлы:
– Біріншіден, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға жуық кезеңінде шынайы бә­се­келестікке қол жеткізе алмай жүріп оның «зиянды тұс­тарын» кім қайдан байқап қойды екен?! Ал шын рейтинг көтеру үшін – кез келген баспасөз құралында бүгінгі қоғамдағы ең өзекті проблемалар, ал он­дай проблемалар шаш-етектен келеді, ашық­тан-ашық, еркін әрі терең талқ­ы­лануға, сарапталуға тиіс. Екіншіден, ең өзекті проблемаларды ашық, еркін, терең әрі жан-жақты талқы­лау-сараптау үшін Конституцияда көрсе­тіл­ген сөз бостан­дығы еш шектеусіз қам­та­масыз етілуге тиіс. Үшіншіден, баспасөз құралдары арасында шынайы бәсекелес­тік болуға тиіс. Төртіншіден, Қазақстанда «мемлекеттік» деген ақпарат құралы болмауы керек. «Мемлекеттік» деген кешегі келмеске кет­кен совет империясының ең ауыр мұра­сының бірі. Естеріңізге сала кетейін: 1998 жылдың 2 сәуірінде Президент Н.Назарбаев «өркениетті елдердегі сияқты Қазақ­станда да мемлекеттік баспасөз құралы деген болмайды» дегені бар еді. Сондағы ойы – «Хабар» агенттігінің 49, 99 пайызын жеке қолға беріп, ірі жеке-меншікті ме­диа-холдинг құру болып шықты. Бесін­ші­ден, Қазақстанда қоғам­дық, тәуелсіз, бей­тарап теледидар ашатын уақыт әлде­қашан пісіп жетілген.
– Қазіргі ұлттық журналистиканың жағдайы былайша белгілі. Кейде «Сөз түзелді!» – деп сенімді айта алар жағ­дай­­да емеспіз-ау деген ой келетіні бар. Осы қалпымызды не түзейді? Қан­дай тетік­тер іске қосылмай жатыр? Жур­­на­лис­­ти­каның түзелуіне алдымен кімдер мүд­делі болуға тиіс?
Сағатбек Медеубекұлы:

– Қазақ жу­рналистикасы қисық деп кім айтты? Қазақ журналистикасы қазіргі за­манауи технологиямен қаруланған, өзі­нің ұлтына қалт­қы­сыз қызмет етіп келе жатқан, мемле­кетінің рухани ұстынын ұстап тұрған, қоғамдық сананың қозғаушы қызметінен айнымаған алып жүйе. Ол сонысымен бағалы да қадірлі. Қазақ журналистикасы өзінің осы міндеттерін атқаруда әлемнің кез келген журналистикасымен иық тірестіре алады, әрбірден соң көбінен озық та…
Сұлтанхан Аққұлы:
– Ел боламын десең, бесігіңді түзе! – деп бір дана айтқан екен. Қазақ мектеп­те­­ріндегі жалпы білімнің және журналис­тер­ді тәрбиелейтін жоғарғы оқу ме­­ке­­­ме­леріндегі кәсіби білімнің жайын жетілдіру керек. Оның жайын бүгінгі журналистердің сауатсызды­ғынан анық байқайсыз. Екіншіден, жур­налис­тиканың түзелуіне мемлекет, дәлі­рек айтсам – ресми билік мүдделі емес, қоғам мүдделі деп кесіп айта аламын.

«Дөңгелек үстелді» жүргізген
Алмас НҮСІП.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір