Құла бестінің құдіреті
Жазушы Гүлзат Шойбекованың шығармашылығы туралы толғаныс
Жас буын, керісінше, кеңес кезеңіндегі әдебиетке сын көзбен қарап, олардың бәрін «ішіне замана желі қармасқан» дімкәстар қатарына қосып, түбегейлі жоққа шығарып жатады. Ақиқат әрқайсысы өз жағына бұра тартар осы екі алуан көзқарастың ортасынан шығатын болар: кеңес дәуірінде де (саясат сойылын соққан уақытша дүниелермен қатар) айтары бар, астары терең, көркемдік қуаты зор ғажайып әдебиет жасалды, деңгейі өте жоғары жақсы шығармалар (бір қайнауы ішінде қалған шикі, шалажансар шатпақтармен бірге) қазір де жазылып жүр.
Өз басым әдеби ортадағы айтыс-тартыс, түрлі пікірлермен шаруасы жоқ, «мен өйтіп жатырмын, бүйтіп жатырмын» деп, әлі жазылып бітпеген жартыкеш «туындысының» өзін алдын ала жарнамалап, жер-жаһанға жар салып жүретін қиқушыл қауымнан да алыс, тек жазуын ғана білетін еңбекқор қаламгерлерге құрметпен қараймын. Үн-түнсіз жүріп-ақ, өзгеге үлгі ғып көрсетер «Құм қойнауы» сынды жұмыр да шымыр талай дүние берген жазушы Молдахмет Қаназ ақсақал жақында 80 жасқа толды. Тым-тырыс қана талай іс тындырып үлгерген Гүлзат Шойбекова да – осы қатардағы қаламгер.
«Бұрым» атты алақандай шығармасымен-ақ қыз бұрымының қазақ аруының ары ғана емес, ұлтының құндылығы екенін де ұқтырған жазушының «Мұғалім» әңгімесін оқып отырғанда жадыңызға Акутагаваның «Мұғалім Мориі» жылт етіп, бір оралып өтуі мүмкін. Бірақ артынша ол мұғалім мен бұл мұғалімнің жалғыз ғана ұқсастығы бар екеніне көз жеткізесіз – екеуі де өз кәсібіне адал берілген жандар. Болды, байланыс осы арада кілт үзіледі, әрі қарай зейнет жасына жеткенде вокзалда ұсақ сауда жасап жүрген, дорбасында қалған он шақты самсасын бір жас жолаушыға «сатып алшы» деп өтінетін, соның есесіне оның әлденуақыт әуреленіп отырған сөзжұмбағын оп-оңай шешіп бере салатын Зағипа апайдың тағдырына араласып кете барасыз, баяғы ұстазын көріп тұрып, танып тұрып, сәлем де бермей қайқиып жөнеген кейіпкердің ішкі арпалысына енесіз.
«Торытөбел» хикаятында балалардың қолынан қант жеп үйреніп, олардың айтқанын орындап, қызыққа кенелтетін, елдің көзқұртына, осы шаңырақтың сүйікті малына, қымбат қимасына айналған торытөбел тұлпарды ақырында басқа біреудің алып қашып кеткеніне өлердей өкінесіз, кейіпкерлермен бірге қиналасыз.
«…Жаңа оқу жылы басталып, мектепте алғашқы қоңырау өтіп жатқанда біз Торытөбелдің бірнеше рет ышқына кісінеген даусын естіп, үйге қарай тұра жүгірдік. Шаңдатқан көше ортасында тұрған апам екі өкпемізді қолымызға алып жеткен бізді көріп:
– Жетпегір-ай, алып кетті-ау! – деді кінәлі жүзбен.
– Торытөбел! Торытөбел! – деп айқайлаған Әріпхан екеуміздің жандаусымыз күңірене шықты. Торытөбелдің тұяғының шаңы басылмаған жолмен жүгіріп келеміз, жүгіріп келеміз. Жетіп алсақ, Бақыттың желкесін үзердей булығып, жылап келеміз.
Торытөбелдің бірнеше рет ышқыга кісінеген даусы талып-талып естілді де, басылды. Біз қанша жер қуғанымыз белгісіз, өкпеміз өшіп, жығылған жерімізде өкіріп, топырақты сабалай-сабалай, артымыздан апам келгенше жатыппыз. Апам бізді жұбатарға сөз таппай, топырақ пен жасқа малшыныған бетімізді кезек-кезек етегімен сүртіп, алып қайтты. «Торытөбел келеді» деген жоқ, «жыламаңдар» да демеді.
Біздің ендігі бар үмітіміз әкемізде еді. Әкеміз кешкілік келіп естігенде:
– …Ел болмас жүгермек-ай! – деп жер таянып отыра кетті.
«Алып келемін» деген сөз әкемнен де шықпады.
– Көке, көке, баршы, алып келші! – деп тұс-тұстан шуласа жалындық.
– Жоқ, – деді әкем өз-өзіне келген соң, – ол жиендік жасады, қайтып алуға болмайды. Әкелген күнде де ол енді бізге мал болып жарытпайды.
Осы сөзі үшін мен әкемді алғаш рет жек көрдім.
Қазақтың жазылмаған заңын – ата салтын жек көрдім.
Кісінеген аттың дауысы құлағыма тисе әлі күнге Торытөбелдің үні ме деп, жүрегім шым ете түседі. Бірақ жер бетіндегі бірде-бір жылқы малының кісінесі Торытөбелдің сол күнгі азалы даусын қайталай алған емес» («Торытөбел» хикаяты).
Гүлзаттың шығармашылығына тән басты ерекшеліктің бірі – ізденіс дер едім. Оның кейіпкерлері тыным таппай, үнемі әлденені іздейді де жүреді. Анасының бейітін табамын деп жүріп, көкейін тескен сан сұрақтың жауабын да қатар іздейтін, тәжік ақсақалы – көпті көрген көнекөз Рави ата сыр ғып шерткен хикаялар арқылы талай жайтқа қанығатын ару болсын («Сағыныш» хикаяты); ата-ана, ағайын-туғанынан түгел айрылып, барар жер, басар тауы қалмай, қырғыннан тірі қалған жалғыз бозінгенге мініп, Тибет асып, одан Үндістанға өтетін, табан тірер топырақ, таяныш болар жанашыр жұртқа ділгір жасөспірім балалар болсын («Үш бала» хикаяты); өзін дәл өзіндей түсінетін, сезінетін, бағалайтын адам таппай, бақыттан да, сол бақытқа апарар бағыттан да адасқан әйел болсын («Қалампыр иісі» әңгімесі)… бәрі-бәрі әйтеуір ізденіс үстінде. Тартысты сюжет, тартымды баяндау тәсілінің арқасында оқырман да кейіпкерлермен бірге ойлана бастайды, бірте-бірте өз өміріне, өз тіршілігінің мәніне үңіліп, кітапты ашық қалдырып, әлдебір алыс нүктеге тесіліп, өз санасында көптен кілкіп, кетпей жүрген сауал атаулының жауабын қатар іздеп кеткенін аңғармай қалады. Автордың түпкі мақсаты да осы – оқырманды ғұмыр құпиясын бірге іздеуге шақыру шығар, бәлкім?..
Жалпы, жазушы Г.Шойбекова әрдайым мән-маңызы жойылмайтын, адам баласын кеше де ойлантқан, бүгін де толғантатын, ертең де елеңдетіп, алаңдата берер тақырыптарға әуес секілді. Әрине, осы дәуірде өмір сүріп отырып, қазіргі қоғамның қордалы уайымына, замандастың жанын жегідей жеген зарға құлақ аспау, бүгінгі адамның ішкі әлеміне үңілмеу әсте мүмкін емес. Гүлзат сонда да айналадағы құбылыстар мен өзгерістерді көкейінде қорытып, жүрегінің елегінен өткізіп, күйкі тірлік күйбеңі деңгейінде, уақытша алаң, кезеңдік қатер сипатында кебектей еленіп қалатындарына мән бермей, мезгіл елеуішінің ұсақ торынан өтіп, арада қанша мерзім өтсе де өңін бермейтін өміршең ой орамдарын ғана сұрыптап алатындай. Бұл – нағыз жазушыға қажет, соның ғана бойында кездесетін сирек қасиет.
Г.Шойбекова шығармаларының ішінде «Ұлтабар» хикаятының орны ерекше. Біз жоғарыда сөз еткен ізденістің көкесі де осында. Асқазанмен байланыса қабысқан бұл мүшені қазақ неге ұлтабар деп атаған? Неге оның дәлме-дәл орысша аудармасы, жалпы өзге тілде баламасы жоқ? Қойдың ұлтабарын жеген келіншектің бәрі ұл туа бере ме? Осындай сан-сапалақ сұрақтың бәріне кейіпкер тынбай жауап іздейді. Оған осы тақырыпта ізденіп жүрген бір дәрігер көмектеседі. Шығарманың едәуір бөлігі осы дәрігер жігіттің әңгімелерінен тұрады. «Сөзден сөз туып, онкологтар өз саласы бойынша бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, дабырласып отырған. Кенет олар әйел жатырындағы онкологиялық ісіктердің операция кезінде табылмай қалатынын, қашып басқа ағзаға емес, тура ұлтабарға барып жасырынатынын айтып қалды. Ал ұлтабардағы ісіктер – жатырға…
– Ұлтабар мен жатырдың қандай байланысы бар? – деп мен жұлып алғандай сұрақ қойдым. – Ұлтабар – ас қорыту органы, ал жатыр жыныс мүшесіне жатпай ма?
– Білмейміз, – десті олар, – білмейміз. Алланың бір құдіреті!»(хикаяттағы дәрігердің бесінші әңгімесінен).
«Алланың құдіретінің» құпиясын ашуға ұмтылған дәрігер мен жазушының ізденістері шынайы оқиғалармен, өмірлік мысалдармен сәтті көмкерілген. Хикаятта адамның ой өрісін кеңейтер мол мағлұмат та бар, өзінің ұлы халық екенін сезінбестен, дүниедегі өзге жұрттың миына кіріп те шықпаған, өзінде ғана бар даналық түйінді ғаламға жариялауды да, ғылымға ендіруді де ойламайтын қазақтың бейқамдығына деген алаң да аз емес. «Ұлтабар» хикаясы кейіпкердің керемет түс көруімен басталады. Жалпы түс – жазушы Гүлзат шығармаларында жиі кездесетін құбылыс. «Түс көру-көрмеу – менің еркімнен тыс құбылыс… Мені ата-анам емес, бала жастан көретін түстерім тәрбиеледі дегенге кім сенер? Қандай кемшілігім, қателігім болса, желкелеп тұрып көрсететін, жазалайтын кім? Қауіп-қатердің, ауру-сырқаудың, қайғылы қазаның келе жатқанын алдын ала ескертетін кім? Кейде не істеу керектігін айқын айтса, кейде небір ғажап сұрақтар (менің санамды ашу үшін болар) қоятын кім? Мен неге алдын ала сезуге тиістімін? Әрбір оқиғаны өз уақытынд ғана білсем болмас па еді?»дейді хикаяттағы Ағира. Бұған «Өмір сүру ережесі» әңгімесіндегі құдіретті зор Дауыстың мына уәжі жауап іспетті: «Сен не, жер бетіндегі бүкіл тіршілік иелерінің өмірі көк әлемімен байланысты екенін білмеуші ме едің? Адамдардың білімі жетпеген ойларына мен түс арқылы бағыт-бағдар беремін, оны шын ақылды адамдар өмірінде дамытып, жетістікке жетіп жатады, ал сен сияқты ақымақтар өздігімнен еңбек еткім келеді дейсің. Түсің де – сенің өміріңнің бір бөлшегі».
Жалпы, «Ажал аузында» (бұрын баспасөзде «Өмір сүру ережесі» деген атпен жарияланған болатын) – жазушы шығармашылығындағы шоқтығы биік туындының бірі. Бұл өмірден баз кешіп, тіршіліктен түңілген пенде Қадір түні Жаратқанға жалбарынып, өзіне өлім тілейді. Сол түні ол көзге көрінбейтін, тек құдіретті зор үні ғана естілетін Дауыспен тілдеседі. «Өзіне өлім тілеп отырып та терезеден түскен жарықтан көз алмаған» пенде мен сол тылсым Дауыстың мазмұнды диалогы біздің өмір сүру туралы дағдылы түсініктеріміздің тас-талқанын шығарып, көзқарасымызды түбегейлі өзгертеді. Әңгіме тұмшаланған санасы қайта ашылғандай болған кейіпкердің «Ассалаумағалейкүм, Жарық Күн! Ассалаумағалейкүм, Адамдар!» деген сөздерімен аяқталады.
Түс құдіреті, түс тылсымы жазушы кітабының атауына арқау болған «Ей, менің құла бестім!» атты әңгімеде де бар. Кейіпкердің үнемі түсіне енетін құла бесті – оны қауіп-қатерден, қате қадамнан сақтандырып жүретін, ұмытып кетсе сағындыратын, баяғы балалық шағын аңсататын бір тылсым күш, тынымсыз арман секілді. Ал маған бұл құла бесті – шығармашылық адамының қалғып бара жатқан ұшқыр қиялын үнемі түртіп оятып, қайрап, қанаттандырып отыратын, оны пендеуи пиғылға ұрынудан сақтандыратын, өмірге суреткерлік көзбен қарауды әрдайым еске салып жүретін рухани темірқазық, шабыт қайнары секілді сезіледі. Жазушы Гүлзат Шойбекова құт дарыған сол құла бестісінің – құнарлы ойының, қасиетті қаламының құдіретімен мәңгілік мәнге ие шығармалар жаза берсін деп тілейік.
Төлен Әбдікұлы ақсақал дұрыс айтады: «Қазақ әдебиетінің алтыны ғасыры енді туады». Жақсы шығармалар жазылмай жатқан жоқ. Тек оқу керек, көре білу керек, тани білу керек.
Сәкен Сыбанбай