ҚАТЫН КҮРЕС
Қаттырақ есте қалған қатын күрес елу жетінші жылдың ерте көктемінде, Каганович атындағы колхоздың клубы алдында болған.
Қамыспен қымтап жабылған клубтың алдындағы алаңды ажырық қаптап, өгіз арба, ат арба, тіпті трактор таптап өтсе де қыңбайтын. Қой-ешкі қадала жұлып жеп, тықырлаған сайын тырмыса тығызданатын.
Бұл ауыл әуелгіде Әуенбастау аталыпты. Әуенбастау дейтұғын қайнардың басында әлдебір әулие кісі отырған екен. Қайсыбір кезенейлі кезең келгенде елді де, ауылыңызды да алауыздық айнытыпты. Қу дүниеге талас бұзып тыныпты. Әуенбастау қайнарының көзі бітеліпті. Әулиенің қайда ғайып болғанын аңғара алған адам жоқ. Ел алдындағы, ауыл алдындағы таңдау былай болған дә. Бір жақта – әулие, екінші жақта – қу дүние. Данышпандарыңыз деген-ақ емес пе: «Қу дүние – байлыққа батқан сайын тоймайтындардың, дәулетке қанағат қыла алмайтындардың орны; ал әулие дүниеге – һәм қанағатсыздар мен сабырсыздарға һәм назар жықпайтын адами зат».
Қара шекпенділер қаптаған. Олар Әуенбастау ауылының адамдарын Қаратауыңыздың қуыстарына қарата қуып тастап, ерекшелеу елді мекеніңізді Евгеньевка атандырды.
Он жетінші жылғы қазанда тауқыметті төңкеріс жүзеленген. Ақтар мен қызылдар қырқысқан. Қазекем қорғансызданған. Қырылған. Колхоз құрылды. Байлар мен кулактар қуылды. Жергілікті жұртыңыз тау қуыстарынан төмен түсіп, Евгеньевкаға көше-көше болып қоныстана бастады. Қара шекпенділердің үрім-бұтақтарымен татуласып, тамырласты. Коллективтің жырын жырласты. Артынша ашаршылық жайлады. Тәркілеуге тіркесе келген тіміскі апат жұртыңыздың үштен екісін жалмап, жалаңдады. Жадынан жаңылып, жасыған еліңіз есін әзерлеп жинағанымен, әлжуаз-тұғын. Кісі қолындағы нанға жалтақтайтын.
Отыз үшінші жылдың жазында Евгеньевка ауылы Ораз Жандосов атындағы артельге айналды. Төрт-бес жыл өтер-өтпесте Каганович атындағы колхоз болды.
Колхозыңызға Каганович аты берілерде біраз әңгіменің өрбігені, там-тұмдап талқылау өткені де ып-рас. Әуенбастау атауын, әйдік әулиені айта бермейтін тұрғындарыңыз Кагановичіңіз бен оның жарылқаушысы Сталин көсеміңізді ұмытпайды-ау.
– Ораз Жандосов халық жауы екен, колхозымыздың атын ауыстыруымыз керек, – депті сол кездегі председатель. – Аудан басынан Лазарь Моисеевич Каганович жолдастың аты ұсынылып отыр. Ұлы көсеміміз Иосиф Виссарионович Сталин жолдастың сенімді серігі. 1883 жылы дүниеге келген. Жастайынан большевиктер партиясының күрескері болып шыныққан. 1926 жылдан бері Политбюро мүшесі, ЦК хатшысы…
– Еліміз бойынша Етікшілер одағының төрағасы ғой ол кісі, – депті сонда білмейтін бәлесі жоқ Жаңбырбай арбакешіңіз қулана жымиып. – Ол одаққа ұлы көсеміңіз Сталин жолдас та мүше. Мына мәсі тігетін Қожагелдіден бастап, бәріміз бірауыздан қолдаймыз. Қуаттаймыз.
Ашаршылықтың ашкөзденген үрейі мен үрегейлігіне отыз жетінің ұңғысы үңірейген тажалы қосыла ұлыған. Сол жылғы күзде Каганович ауылынан алғашқылардың қатарында сол Жаңбырбайыңыз қамалған. Айдалған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа кагановичтіктерден жүз жиырма боздақ кетіп, жетпіс бесі оралмаған. Оңалмаған. Колхоз. Елу жетінші жылдың ерте көктеміндегі қатын күрес те ұмытыла қоймас-ау. Одан он жыл бұрын ажырықты алаңда атағы жер жарған Қажымұқан өнер өрістеткен. Ол шамамен былай болған.
Жетпіс жеті жасқа іліккен күш атасы Каганович колхозының клубы алдында, ажырықты алаңда малдас құра отырыпты. Жаңа ғана жейдесін шешіп, лақтырған. Омырауы да олпы-солпы. Көптің көңілі толмағандай көрініпті. Шашын ұстарамен сыпыртып тастағанына екі-үш күн болған-ау. Тып-тықыр. Басы тым үлкен екен, жуан мойнымен тұтасып тұрыпты. Мойны мен басына құшырланғандар қайтадан қарнына қараса, қатты қапаланатындай. Тізелеріне дейін төмендеп, қатпарланатынын қайтерсіз. Қайран-ай. Қолдарының қары да босаң-болбырлау ма, қалай…
Бұл кезде күшті-күшті жігіттеріңіз жуан-жуан, ұзын-ұзын, сом-сом темірлерді тасып біткен. Су диірменнің ескі тасын он шақтысы жабылып, әзер дөңгелетіп әкелген.
Кенет балуан атаңыз ажырықтың мамығына бір аунап алып, ұшып түрегелген. Каганович колхозы дүр сілкінген. Қажымұқаныңыз екі қолын екі жағына созып жіберіп, қайта бүккені сол екен, болбыр көрінген бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, түйдектене томпайып, шымырланып шыға келген. Көрермендеріңіз күш атасының қарны қайда кеткенін білмей, әжептеуір-ақ әлектенген.
Қажымұқаныңыз қаншама сом темірлерді қамырдайын илеген. Иіп-иіп байлаған. Мойнына салып та майыстырған. Беліне орап та қайыстырған. Шалқалай жатып, қалың тақтайларды қатар қойғызып, жәшік арбаны үстінен өткізген. Оң жағында он жігіт, сол жағында он жігіт жабыла жабысқан темір арқанды да шыр айналдыра шиырып, арбакештерді шашып тастаған. Диірменнің тасын кеудесіне қойғызып, жас арландайын Атымтайға алып балғамен ұрғылатқан.
Сәлден соң Каганович колхозының даңқын дүрілдеткен дәулескер жыршы Ерімбет сырнайын сызылтып, күш атасын жырға қосқан. Өз өлеңінен соң атақты Айтбай ақынның «Қажымұқанның жиырма жеті жасында орыс қызымен күрескен хикаясы» дастанын әуелеткен. Надежда деген орыс қызы ел-елдердегі еркек балуанның бәрін жығып, бірнешеуін шейіт кетіріпті дә. «Ендігі жерде мені жыққан балуан ерім болар, жығылғанын малай санармын», – деп масаттана мағлұмдапты. Ерімбет жыршы Айтбай ақынның дастанын жалғап:
«Тостағандай көздері, керме қасы, Жерге тиген бұралып, жібек шашы. Алтын саусақ, ақ борық, қыпша белді, Он тоғыз, жиырмаға жеткен жасы… Ақ бетінде кіршік жоқ, қызыл ерін, Денесінен таппайсың кемдік жерін. Қажымұқан балуан, қайдасың деп, Майданға келіп тұрды байлап белін…». – деп бір қайырады. Айтбайшалап. «Сол кезде Қажымұқан шомбал нардай,
Астаудай екі иығы болып жардай. Пердеден шыға келді жерді теңсеп, Айбаты ажарланып атқан таңдай. Надежда қыз да көрді, бұ да көрді,
Саясат: бір-біріне сәлем берді.
Шабатын жолбарыстай шегінісіп,
Теңдейлесе ұмтылды теуіп жерді.
А-а-ай, игай-гигай; игой-гигой,
игай-гө-гө-ө-өк» – деп сосын үдете түсіпті.
Алайда алып балуаныңыз қыздан қатты қауіптенеді. Шынымен-ақ шошиды.
«Қажекең тілек тіледі,
Айналайын бабам-ай!
Жығылсам, кірдім дініне,
Әңгіме болды бұл қалай?!
Әйелден топта жығылып,
Қалмайын елге табаға-ай.
Дуада болшы, ата-ана,
Құбылды қалай заман-ай…»
Осыны айтқан Қажекең Надеждамен жарты сағат алысады. Жер қозғалып, тау теңселгендей. Екеуі тең екен дә. Қай-қандай жағынан да. Не-нендей жөнінен де. Қажекең шаршай бастайды. Надеждаңыз жігітті бірнеше мәрте домалатады-ай. Жанашырлары жанұшыра шырыл қағады-ай, Қажымұқанның. Кенет Қажекең қаһарға мінеді.
«Ду-ду еткен дабыстан, қайрат
қылар арыстан.
Шынымен қыздан жеңілсе, жарылып
өлер намыстан».
«Көтеріп алды басына,
Көрді халық алыстан».
«Жер солқылдап, дірілдеп,
Надежда сұлу күлімдеп.
Бауырға алды Қажекең,
Әлішері – пірім деп…»
Осылайша Қажымұқан Надежданы жеңеді. Хас сұлу жарына теңеді. Бірін-бірін өбеді. Балуаныңыз бертініректе: «Омбыда ол сұлудан екі ұлым бар. Ғалиолла, Ғабдолла», – дейді екен ғой.
Ерімбетіңіз Айтбай ақынның дастанын тауыс-тәмам етеді. Қажымұқаныңызды Көкбұлақтың көкорай тепсеңіндегі қара шаңырағында күтеді. Сол қырық жетінші жылыңыздан кейін кагановичтіктер күреске қатты құмарланған. Әр жыл сайынғы ажырық аужалып, мамықтанар көктемде күрес мейрамын ұйымдастыратын ұжымға айналған.
Он жылдың айлары аунап, сулары сырғығанда елу жетінші жылдың ерте көктемінде қазақша күрестен жарыс өткен. Клубтың алдында. Ажырықты алаңда.
Жарысыңыз қатын күреспен аяқталған. Тауарихта таңбаланып қалған қатын күрес. Шамамен былай болған деседі.
Елуінші жылдарыңыздың ортасында соғыстан оңала алмаған Сы-Сы-Сырыңыздың жүдә қатты жүдегені дүниежүзіне аян-дүр. Әсіресе елу жетінші жылдың қысы қатты қаһарланған. Каганович колхозының қой-ешкісі қынадай қырылған. Өңкиген өгіздері мен іс-көлік аттары һәм шошқалары әзер аман қалған. «Сельмаг» қаңыраған. Магазинде бір метр мата жоқ-тұғын сол жылы. Жарлы жұртыңыз жамап киіп қуануға үйреніп үлгерген.
Баяғы Евгеньевтердің ұрпақтары мен олардың аталарына ілесіп келгендер бірсін-бірсіндеп Кагановичіңізден көше бастаған. Қазекеңдер орекеңдермен қимай-қимай қоштасып, құшақтарын ажырата алмай жыласып-сықтасатын. Бесқасқаның белінен әзер қайтатын. Шығарып салушылар. Колхоз орталығында орекеңдерден толыққанды төрт-бес отбасы мен бірқанша жесір кемпір ғана қалған.
Күрес мерекесі талқыға түскен. Өткізбесек, Қажымұқанның аруағынан обал дескен. Колхоз төрағасы төрт метр шибарқыт пен төрт метр шыт тауып әкелген. Шибарқыт еркектерге. Шыт матаңыз қатын күреске.
Еркектердің күресіне қатысушылар едәуір еді. Қызықсыз болған жоқ. Қырық жетінші жылы Қажымұқан ақ жейдесін сыпырып тастағандай, жігіттердің бәрі де жамаулы-жасқаулы шоқпыттарын лақтырысты. Қабырғаларын біртіндеп санауға болатындай көрінгеніне күрсіне күбірлескен кемпір-шалдардың жанарлары жасаурады. Ағаш ұстасы Атымтай айрықша жеңіске жеткен. Ажырықты алаңда аянбай арпалысқан. Төрт метр шибарқытты жеңіп алған.
Қатын күрес қырғын қызыққа батырған. Колхоздың партбюро хатшысы сегізінші наурыз, Сы-Сы-Сыр халықтарының достығы және коммунизмнің көп кешікпей салтанат құратыны жөнінде біраз әңгімелеген. Әйел жолдастарды қызу құттықтаған. Қатын күрес қазақта да, басқа бауырлас ұлттарда да бұрыннан бар екенін ерекшелей ескерткен. Бәйгеге төрт метр қызылала шыт мата тігілетінін хабарлағанда, алаңды айнала тұрғандар ду қол шапалақтап, отырғандар түрегеп кеткен.
Қатын күреске ешкім шыға қоймаған. Алғашқыда. Клуб алдындағы алаңда тым-тырыс тыныштық орнаған. Қамыс шатырдың айыршөкесіндегі нәуірзек құстың «сүт-сүйт», «сүт-сүйт» деген сүйкімді үні ап-анық естілген. Алаң толы адам көктемнің көзайым құсына қуана қараған. «Жарықтық-ай, келіпті ғой… Жақсылықтың нышаны ғой…» Дескен.
– Кәне-ки-и-и! Кім шығады? Қатын күреске-е-е?! – деп, төреші боп жүрген мектеп директорының дауысы бұзған. Тыныштықты.
Ешкім жоқ. Жиналғандар қауіптене бастаған. Қызықтан құр қалатындай. Құр қайтатындай.
– Ал, кәне-ке-и-и-и! – деді директор шіңкілдеп.
– Мен шығам… Міне-ки-и-и-и! – деген дауыс естілген.
Жұрт жапырылған. Кім екенін біле алмаған.
– Кім-әй, кім?!
– Ол кім-әй?!
– Бұл кім өзі?!
– Мектеп директорының дауысы әйелдікіндей, мына дауыс еркектікіндей ғой!
– Кімнің қатыны болды екен-ей, а-а?
Елді қайран қалдырып, Елена сұлу шықты ортаға. Ерофей комбайншының қызы Елена ғой кәдімгі. Каганович колхозынан тең таппай, аудан орталығындағы бір өкіметтеу орекеңе тиіп, көп ұзамай қайтып келген. Елена сұлу атанатын. Қыз кезінен. Бойы сұңғақ-тұғын. Әдепкіде. Күйеуден ажырап келгеннен кейін қатты толып кетті. Сонда да сұлу-ақ. Көлкілдеген көйлек киіп, көлкектей көлбеңдеп жүрер ме еді Еленаңыз. Әттең-ай… Тұрмыс төмен. Ерофей егістіктен масақ теріп, самогон айдайды. Ішіңкірейді. Әйелі аурушаң.
Еленаның шашы қап-қалың, сап-сары. Қос бұрым етіп өреді. Омырауындағы «өртеңгірлері» өршеленіп, өрге шапшитындай шайқақ қағады. Аяқ-қолдары аппақ. Жұп-жұмыр. Колхоздың қара жұмысында жүретіні жүдә білінбейді.
Мінекиіңіз, ажырықты алаң ортасында Елена сұлу тұрыпты. Өмірі үстінен тастамауға мәжбүрлейтін майда ақ гүлді қызғылтым көйлегі кең ғой. Бірақ тым тозыңқы екен дә. Оңып кетіпті. Төрт метр шыт матаны жеңіп алса, тәп-тәуір көйлек шығады, әрине. Тарлау болады, әлбетте.
Әлденеден ыңғайсызданған, алайда батылдығын әдейілеп еселеуге тырысқан Елена сұлуыңыз ағаш ұста Атымтайға жалт етіп бір қарағандай болған. Біраз жұрт байқаған.
– А-а-ал! Енді Еленамызға қарсы кім ба-а-ар? – деді төреші үнін зорайтпаққа зорланып. – Кәне-ки-и-и?!
Шығатын емес. Ешкім. Клубтың жанындағы бөрене бағананың басынан радиошелек Мәскеу уақытын мағлұмдады.
– Шынымен-ақ шықпас па екен ешкім?
– Ұят-ай…
– Ұятың нең, масқарамыз шы- ғайын деп тұр-ау.
– Ай, Атымтай! Шибарқытты алдың ғой. Шапан тіктірсең, төрт метр шыт керек астарына. Сен шықсаңшы! – деді ағаш ұстаның қылжақбастау құрдасы.
– Несі бар, қазекемнен қатын табылмаса, шығады Атымтай! – деп қостады екінші біреу.
– Шықсын-шықсын! Қажекеңдей күш атасы да орыс қызы Надеждамен күрескен! Жеңіп шыққан!
– Қажекең Надежда қызға қошқардай-қошқардай қос ұл таптырған! Анаңғараңдар! Анаңғараңдар! Атымтайға Елена да қарап тұр! Қалап тұр!
– Шығар едім! – деген сонда колхоз шеберханасының ағаш ұстасы Атымтай батырыңыз. – Бірақ бұл қатын күрес емес пе? Атымтай атымды Қатынтай қойып құтырмақсыңдар ма? Ол болмас…
Анығында Атымтайыңыз Елена сұлуыңызға елеңдейтіндердің бірі-тұғын. Тап осы сәтте де іштей Ерімбет жыршының әуенімен шумақтан шуақ шашыратқан.
«Е-е-ей, Елена-а-а!
Елена, айналайын ыпыныңнан;
Қос қолдап қысайыншы мықыныңнан.
Мен құшсам, ішің ішке кіріп кетер;
Қарнындай Қажымұқанның
ытырылған…»
деген. Үнсіз-тілсіз ғана. Ақындығы жоқ емес-ті.
Тағы да талай минөттер өткен. Құрдастары қайтадан Атымтайға тиіскен.
– Атымтай! Өзің шықпасаң, қатының шықсын!
– Ертең – сегізінші наурыз. Өз еркі өзінде, – деп құтылды Атымтай.
– Қараңғағыр! Несі бар?! Күресемін! Жығылсам, жер көтереді. Салмағым да жеп-жеңіл! – деп алаңға Атымтайдың қатыны шыққан. Сонда.
Қатпа қара Қатшакүл атанып кеткен, Каганович атындағы колхоздың керемет кетпеншісі ғой. Еленамен жасы шамалас. Бойлары да бірдей. Бірақ Еленаны екіге жарса, қос Қатшакүл шығары хақ.
Қатшакүл жамаулары жиірек, көнетоз көйлегінің етегін Атымтайдың әскерден киіп келген сарғышкөк сымына шалбарланып алды. Еленаның ескіріп кеткен кең көйлегі былайғылар қатты қызығатын кос балтырын жауып, тобығына түсіп тұрыпты. Еңкейгенде. Алдынан.
Ысқырық қайта-қайта қышқырады. Қатпа қара Қатшакүлдің қос қолы Еленаның көл-көсір белінен қапсыра алмай қиналады. Төреші тағы ысқырады. Екеуін айқастыра ұстастырады. Шайқас шиеленісе түседі. Қатын күрестен қызық нәрсе кемде-кем шығар, сірә. Елена да, Қатшакүл де біресе аса сақ бола қалады. Қатты аңдысады. Ал алқына-жұлқына ұстасып, алысып кеп-кеп кеткенде ше, күллі Каганович колхозы қоғадай жапырылып, айқай-сүрең үдейді.
– Қатшатай! Намысты берме! Қатшажан…
– Жамбасқа сал, жамбасқа!
– Жамбасы Еленаға төтеп бере ме?!
– Белден қыссаңшы! Белінен!
– Елена! Елена! Қатып қалған бәлені бірден лақтыра салмайсың ба? Несіне әуреленесің әлдеқандай қылып?!
– Қырқа шал! Қорықпа-а-а! Қырқа шалшы!
– Ауының ортасына оң аяғыңды салып, сол аяғыңды мықтап тіреші! Сөйтіп, кілт көтерші!
Күтпеген құбылысты Қатшакүл жүзелейді. Алаң толы адамды аң-таң қалдырып, Еленаны жерден жұлып алады. Жамбасқа салардай, қырқа шалардай қимыл танытып, иығынан асыра биікке көтереді. Омбы шаһарында Надежда қызды жеңген Қажымұқанға Айтбай ақын арнаған дастандағыдай ғой. «Шынымен қыздан жеңілсе, жарылып өлер намыстан. Көтеріп алды басына, көрді халық алыстан!»
Бұл жолы жұртыңыз алыстан емес, жап-жақыннан көрген. Қатшакүл Еленаны қалайынша жоғары көтере алды – мүлде жұмбақ-тұғын. Кең көйлегінің етегі төмен түскенін айтсаңызшы. Еленаның. Алғаш балтырлары. Сонсоң сандары. Топ-толық, топ-томпақ тағысын-тағылары… Тұп-тұтас, түп-түгел күйінде жарқ та жұрқ жарқыл шашады-ай. Сонда. Ақ бұлттар қалқыған аспан астында.
Ажырықты алаң толы колхоз жұрты аз ғана сәт аңтарылып қалып, артынша аһ ұрады. Еленаның ешқандай да дамбалы жоқ екен дә…
Елена есеңгіреп, естен танғандай күйде басын төмен салып тұрыпты. Төреші қатпа қара Қатшакүлдің қолын көтеріпті. Колхоз төрағасы сәл-пәл сасқалақтаңқырапты. Төрт метр шыт матаны Қатшакүлге тапсырыпты. Қатын күрестің жеңімпазы кенет шытырлаған төрт метр шытты жазып кеп-кеп жіберіпті. Бір жарым құлашын өлшеп, қақ айыра, қақырата жыртыпты.
– Ей, Елена! Еліңе тіке қарашы! Мұңдасқа мені санашы! Дамбалға жарытпағандар жерге қарасын! Көтер басты! Мә, екі жарым метрі саған, бір жарым метрі маған! – депті ғой сонда қатпа қара Қатшакүліңіз.
Алайда қатын күрестің арты шатақ-шатпаққа айналыңқыраған. Ерофейлер самогон ішуді еселеген. Намыстанып, ауылдан көшпекке әрекеттенген. Ауданға әлдекімдер әдеттегіше арыз айдаған. Колхоздың төрағасы, партия бюросының хатшысы және мектеп директоры ауданға шақырылып, жауап алынған. Қатшакүлді де қайта-қайта тергеген.
– Коммунизмнің белсенді құрылысшыларына жат әрекетке жол бергенсіз. Озат колхозшы Елена Ерофеевнаның абыройына елеулі нұқсан келтіргенсіз. Мойындайсыз ғой мұныңызды? – депті тергеуші ақырғы шақырғанында.
Қатшакүліңіз ығырланған ғой әбден. Іштей ойланыңқырап, аздап жымиыңқыраған. «Елена сұлудың абыройын аспанға көтермедім бе қайта, қараңғағыр» дегісі келген. Алайда есін де, езуін де жылдам жиып:
– Мойындаймын. Коммунизмнің құрылысшысы ретінде кешірім сұраймын. Бірақ күрестің аты күрес екенін ескерулеріңізді өтінемін, – деген.
Қатын күрес кикілжіңінің қиын түйінін қатпа қара Қатшакүлдің тікелей өзі бейбіт шешпекке септескен. Атымтайына ағынан жарылып: «Бәле-жаланың алдын алайық. Құрбандыққа шалайық, менің есіл еркелігімді. Еленаға елпіл қағасың ғой. Ол-дағы оттай жанып жарқырайды-ай. Сені көрсе. Бердім ырзалығымды», – деген.
Ел біледі. Еленаңыз Атымтайыңызға Аманқұл мен Есенқұл атты екі бірдей ұл тауып берген. Қатшакүліңізді ханымдай күтетін қасиетінен танбаған.
Қатын күрестен кейін бірер жыл артта қалғанда, Кагановичіңіз партияға қарсы топтың бастаушысы атанып шыға келген. Колхоздың атын тағы да өзгерту керек-ті. Жаңадан ақталған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің бірін таңдамақ талқыланған.
–Үшеуі де лайық, қолға са- лайық, – деген ұсыныс түскен. Бірнеше дауыс артықшылығымен Сәкен есімі еншіленген.
Еліңіз егемендігін алған 1991 жылы Лазарь Каганович тоқсан сегіз жасында дүниеден өтіпті. Кезінде Қазақстанның әрбір ауданында Каганович атындағы колхоз немесе совхоз болғанын жүдә жақсы білген көрінеді. Етікшілер одағының ерені.
Жұрт айтады. Атақты ағаш ұстасы Атымтайдың Қатшакүлден туған қызынан да, Еленадан көрген екі ұлынан да біршама балуандар өсіп-өрбіп жатыпты.
Мархабат БАЙҒҰТ