Барзақ әлеміне «барып қайтқан» қария
03.06.2022
2512
0

Таң алдында оянып, төсегінде ты­пыр­шып жата алмаған Таңатар бет-аузын шала шайған соң, керзі етігін қоңылтаяқ киіп есік алдына шықты. Ауланың бәрі аппақ қар. Аяқ астының бәрі сықырлап тұр. Шиыршық атқан шымыр аяз бетін шымшылай бастады. Кеше күн шайдай ашық еді, түс ауа жапалақтап бастаған мамық қардың соңы, кешке қарай қиыршықтанып барып, қырбыққа ұласты. Түннің бір уағында, ішін тартып ұли соққан қарлы боран басталды.

Іргедегі Балқаш көлі жақтан соққанақ түтек боран құтырынып барып, таң ата сая­бырсыды. Жалпы бұл жақтың ауа райын адам болжап болмайды. Қазір жадырап тұрған күн, аяқ астынан бүлінетін долы қатынша, бұрқ-сарқ қайнап, жер мен көктің арасын жұлып жейтін дауыл­ға ұласып кете беретініне Көкжиде елінің еті үйреніп алған.
Көне есіктің шиқылын естіген қо­ра­дағы әкесінің қоңыр биесі бірден оқы­ранып қоя берді. Биыл қысыр қал­­ған, жануардың жоны жылтырап, жұтынып-ақ тұр. Күн ұзақ қолы бос әкесі Жақыпбектің айналдыратыны да осы – қоңыр бие. Сылап-сыйпап, екі уақыт тартылған жемін береді, уақытымен шөбін салып, астын да мұнтаздай таза ұстайды.
Кезіндегі ауданға белгілі партия қыз­меткері, ағайынға сыйы мол Жақып­бек ақсақал зейнетке шыққан соң, Таңатарды қара шаңырақтың иесі атандырып, алдына біраз мал салып берген. Қойдың кезегін жаяу бақпасын деп сатып алған қоңыр тай, биыл міне, бесті шығып бұлаңдап тұр. Жұмысқа онша жұғымы жоқ, ерке өскен мұның қиқалаңына кеңестің қатал тәртібімен өскен әкесінің пысқырғаны бар ма? Мектеп бітірген соң, «ең болмаса, техникум аяқтап, қолыңа бір жапырақ қағаз ал, ертең керегіңе жарайды» дегенде, қырсығып оқымай қойған өз обалы өзіне. «Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі» бол дегендей, енді барлық қара жұмысқа осы қоңыр биемен қатар жегіліп жүр. Әйтеуір, кейін басына тиген соң, тиіп-қашып жүріп училище аяқтап, электриктің куәлігін алғаны да үлкен олжа болды.
Дегенмен Аллаға шүкір, бірге туғандары Бөрлітөбе ауданының әжептәуір қызметкерлері. Мәншүк әпкесі аудандық оқу бөлімінде қызмет атқарса, Нұрлан ағасы іргедегі Ақтоғай поселкесін басқарып отыр. Қара шаңырақта әкелеріне қарап отырған соң, олардың барлығы қолдағы барын осында тасиды. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Құдай оңдағанда, келіншегі Күләй пысық болып шықты. Үйдің де, түздің де шаруасына мығым. Оның үстіне, шекесі торсықтай Ерлан атты ұл тауып берген соң, келіннің айы тіпті оңынан туды. Қалбалақтаған қайын атасы немересіне еркелетіп «Ерлаш» деп ат қойып, сағат сайын өбектеп, күніне мың айналып, жүз толғанады. Үйде отырса бар мейірін соған төгіп бәйектейді, түзге шықса, қорадағы қоңыр биесін төңіректейді. Зейнеткер деген аты болмаса, Жақыпбек ата әлі өте ширақ. Өмірдің теперішін көп көріп, еңбекпен пісіп-қатқан ақсақалдың әлі белі де бүгіле қойған жоқ.
Қыз бала қашанда ата-анаға қамқор ғой, үйдің үлкені Зәкіш әпкесі күні бойы тыным таппайтын әкесін қалада біраз тынықсын деп, Текеліге алып кеткеніне де бір жетідей болып қалды. Содан бері жұмысқа бармай тұрып, ертеңгісін қорадағы аздаған малды жайғау Таңатардың мойнына жүктелген.
Бүгін де таңертеңгілік асын асығыс іше салып, шеңгелмен қоршалған қора­дағы мұздан сіресіп, қатып қалған шөпті суырғанша да бір шай қайнатымдай уақыт өтті. Исі танауыңды жаратын жусан мен изен араласқан қыр­дың еркекшөбін ұсақ малға шашып біткен Таңатардың мая шетіне белін жазуға отырғаны сол еді, сықырлап аула­ның сыртқы есігі ашылды. Ішке еппен басып ауылдың үш-төрт үлкені енді. Бұл үсті-басындағы шөпті қағып, алдарынан шығып амандасамын ба деп ойлағанша, олар асығыс үйге кіріп үлгерді. Сырт киімін қашаға іле салып, іле-шала соңдарынан салды. Дастархан басына жағалай киімшең орналасқан әлгілердің қабағы қатыңқы. Тамағын бір кенеп алып, сөз бастаған Жанайдар ақсақал алыстан орағытып келіп: «Ұзақ жолдың алысы – өлім» деген, қарағым. Жаны жайсаң Жақыпбегім өмірден өтті, әкеңнен айырылып қалдық! Болған іске, болаттай бекем бол. Соны естіртуге келдік», – деп мұның қолына тілдей телеграмманы ұстатып жатып, өзі де еңкілдеп қоя берді.
Қаралы хабарды естіген бетте, шай құюға енді ыңғайлана берген Күләй келін шар ете қалды, шешесінің жылағанын естіген ерке Ерлан ай-шайға қарамай бақыра жөнелді. Оған үйдің ішін басына көтеріп, әкесінің замандасы қара кемпір қосылды. Жарықтықтың дауысы мұнша ащы болар ма, сай сүйегіңді сырқыратып әкетіп бара жатыр. Қара шаңырақ әп сәтте қара жамылып, күңіренді де кетті. Мең-зең болған Таңатар бейбақ еңіреп барып, Тоқан мен Қазездің құшағына құлады.
Әлден уақытта көзінен сорасы ағып, телеграммаға көз жүгіртті: «Отец помер. Срочно приезжайте. Закиш.» деген жазуды ежіктеп оқығанша көзі қарауы­тып, тағы да талықсып кетті. Үй­дегілер тоқтап, аз-кем тыныштық орнап, саябырсыған сәтті пайдаланып ақсақалдар басу айтты. Енді Жақыпбек атамыздың мүрдесін тезірек ауылға жеткізу жағын ақылдасу басталды. Дереу ауыл-аймақ пен жан-жақтағы ағайынға хабар беріліп, телефон мен телеграмма соғылатын болды. Қыстың күні қырауда сонау Текеліден мәйітті жеткізу үшін көлік іздеу керектігі тілге тиек етілді.
Әбүйір болғанда, осы үйдің ортаншы ұлы Орман ауылда беделді бас инженер еді. Әкесін соңғы сапарға аттандырудың барлық жүгі соған түсетін сыңайлы. Түске қарай, багы бензинге лықа толтырылған УАЗ-452 маркалы машина Текеліні бетке алып, суыт жүріп кетті. Марқұмның сүйегін алып қайту үшін ағайын арасынан Айтқали, үлкен ұлы Нұрлан мен осы әулеттің пысық жиені Кеңшілік жіберілді. Жолда керегі болар деп, әлгі телеграмма Кеңшіліктің қалтасына салынды.
Марқұм Жақыпбек – көзі тірісінде абыройлы адам болатын. Қарт коммунист уақтысында «Алғазы» балық зауытын басқарып, зауыттың жұмысын ұршықша үйірді. Бір қызығы, жас кезінде жұмысына сонша мығым ақсақал жасы ұлғайғанда өте аңқау әрі аңғал жанға айналды. Алды-артын ойламай, болған істі бажайламай, балаша аңқылдап жүре беретінді шығарды.
Қария қызмет атқарған кезінде ешкімді алаламай, елдің бәріне қолынан келген жақсылығын аямаған секілді. Сондықтан болар, түстен кейін аудан орталығы мен маңайдағы ауылдардан халық шұбырып, Көкжидеге қарай ағыла бастады.
Қорадағы семіз қос тұсақ пен Ерланның сүндет тойына деп жемге байлап отырған, еділбай тұқымдас көкшулан ісек атаның аруағына арналып құбылаға қаратылды. Есіктің алдына киіз үйі тігіліп, қазан-қазан ыстық бауырсақ пісірілді. Мола қазуға қарулы жігіттер сайланды. Марқұмның кешкі қонақасына дайындық қызу жүріп жатты…
Халық арасында «буханка» аталып кеткен УАЗ машинасы Лепсіден шыға, бар жылдамдығын қосып, шамасы келгенше қойқаңдап-ақ келе жатыр. Бірақ ақ қар, көк мұздың еркін көсілуге мүмкіндік беретін түрі жоқ. Жүргіншілер Текелідегі діттеген көп қабатты үйдің ауласына келіп тұмсық тірегенде, қыстың қысқа күні әлдеқашан ұясына батып кеткен еді. Жүргізуші Марат машинаны ыңғайлы орынға қойған соң, Айтқалимен Кеңшілікті алдыға салып, Нұрлан екеуі әйдік кілем салған зембілдерін көтеріп, ақырын бес қабатты үйге кірді. Зәкіштің пәтерінің терезелеріндегі шам самаладай жарқырап тұрғанымен, аулада қыбыр еткен тірі пенде көрінбейді. Мына көрініске аң-таң болған бұлар, алқымдарына келіп тығылған өксіктерін басып, үшінші қабатқа көтеріле бастады. Қаланың адамдары қызық осы, арыстай азамат өліп жатса да, қыңқ етпейді, бәтшағарлар. Ең болмаса, бір-екеуі келген-кеткендерді қарсы алып есіктің алдында тұрса, нелері кетеді?! Сансыз сұрақ пен дүдәмал ойлар ауылдан келгендерді иектеп әкетіп барады. Осының бәрі ашуларын туғызып айғай салып, «аттандап» жіберуге итермелеп-ақ тұр.
Олай жасайын десе, құрып кеткір қалаңның салт-дәстүрі басқаша. Текелі саған күндіз-түні алыстан «ой, атам-ау» деп дауыс салып, аттың басын жіберетін Көкжиде емес. Аңқылдап тұратын, қайран аталарын жоғалтқаны барлығының қабырғасын қайыстырады. Соны ойлағанда, күңіренген мына бейбақтарға енді баспалдақпен жоғары қарай қарға адым жасау, мұңға айналды.
Әлгілер әзер дегенде сүйретіліп, үшін­ші қабаттағы пәтердің алдына келіп, тың тыңдады. Мұнда тананы құлаққа ұрғандай тыныштық орнаған. Кеңшілік жаймен есікті итеріп көріп еді, ашық тұр екен. Мысықша жер табандап, ішке енді. Аяғының ұшымен басып, дәлізден төргі бөлмеге өтті. Енді бір мезетте, қарсы алдындағы қызыл диванда қалғып-шұлғып «Социалистік Қазақ­стан» газетін оқып отырған, Жақыпбек нағашысына көзі түсті. Ар жағы, көрген түстей. Көзі бұлдырап, басы айналып, талмаурап барып нағашысының алдына жетіп құлағаны ғана еміс-еміс есінде.
Бір-екі минуттан соң, есін жиып, көзін бажырайтып «атам-ау» деп аттан салған мұны, шошып кеткен нағашысы сілкіп тастап, орнынан өре түрегелді. Кеңшіліктің екі аяғы аспаннан келді. Шал түк түсінсе, бұйырмасын. Мына сойқан жиені, түн ішінде тағы да көк суға тойып алған ба, өзі?! Сол мезетте жатын бөлмеден, ұйқылы-ояу Зәкіш атып шықты. Жиен ағасының «аттандап» тоңқалаң асып жатқанын көріп, жақындарының біреуі «о дүниеге» жүріп кеткенін жүрегімен сезгендей, ол да бар дауысымен айғайға басты. Тып-тыныш тұрған пәтердің аяқ астынан, астаң-кестең, ию-қиюы шықты. Кешқұрым ғана есік алдында тірі жүрген қара шал «кетіп қалған-ау» деп долбарлаған астыңғы-үстіңгі қабаттағы көршілер «ой, бауырымдап» осылай қарай жосылды. Не керек, қараңғыда мүлгіп тұрған тау ішіндегі Текелі әп сәтте азан-қазан болды.
Ожаумен суық су әкеп, жиенінің бетіне бүріккен Жақыпбек ата: «Кеңшілік-ау, әкесі өлгенді де естіртеді. Жаным-ау, айтшы, қайтыс болған кім өзі?» – деп кемсеңдейді. Қалтасынан қол орамалын шығарып, біреудің атын айтса, өзі де «ойбай» салуға дайын тұр.
Аң-таң болып ауыздары ашылған Нұрлан мен Марат естерін енді жиып, зембіл мен кілемді тастай салып, жерде тырайып жатқан Кеңшілікке ұмтылды. Екі жақтан демеп, бойын тіктетті. Қара пальтосының қалтасынан телеграмманы шығарып, Зәкішке ұстата берді.
Көзі атыздай болып, шарасынан шыққан Зәкіш мән-жайды жеделхатты оқығаннан соң барып ғана түсінгендей болды. Әкесі қалада көп жатқысы келмей соңғы күндері ауылын сағынып, «қиғылық» сала бастағаннан кейін, таңер­тең амалсыздан үйдің кенжесі Таңа­тарға «Отец болен. Срочно приезжайте!» деп жеделхат соққаны есіне түсті. Ондағы ойы, телеграмма арқылы жұмыстан сұрану бауырына оңай болсын дегені.
Ал, шын мәнінде, істің жайы былай болған еді. Сол күні таңертең ауылдың пошташысы Қаныша апай жұмысына әдеттегіден ерте келеді. Кешегі қатты боранда зақымдалған сымдардың кесірінен үстел үстіндегі бебеу қаққан сары телефон «қақалып-шашалып» дұрыс жұмыс істемейді. Ауданнан хабарласқан телеграфистің дауысы үзіліп-созылып, анық естілмейді. Қырсық шалғанда, Зәкіштің қаладан «Отец болен. Срочно приезжайте!» деп соққан жеделхаты, Лепсі арқылы ауылдың поштасына мағынасын мүлде өзгертіп: «Отец помер. Срочно приезжайте!» деген мәтінде жеткен.
Сабасына түскен Зәкіш аптығын басып, «қайғыларына» ортақтасқан көр­шілерін үйлеріне қайтарды. Тілі «кәлимаға» келген Кеңшілік пен Айт­қали тұспалдап отырып, болған жайды «марқұм» Жақыпбек атаға жеткізді. Бір ғажабы, жүрегі нашар Жәкеңнің мына «қайғылы хабарға» мыңқ еткені байқалмады. «Осы күнгінің пошташысына дауа бар ма, өзі?» – деп қолын бір-ақ сілтеп, сүт қосқан қою шайын одан ары сіміре берді.
Күні бойы жол ұрып, әбден діңкелеп келген жігіттер аяқ-қолдарын жазып, дем алайын десе Жақыпбек ата «тұр да тұр, тездетіңдер, ауылға кеттік» деп жат­қыз­байды. Басу айтқан Айтқали бауыры: «Ағасы-ау, өлтіресің бе енді, шаршадық, демалып таң ата шығайық» десе, «Ойбай, құдай-ау, біз ертең түсте жеткенше қорадағы қоңыр биемді, ана антұрғандар, менің «жаназама» сойып тастамай ма?» – деп зар илейді.
Шалдың айтқанынан қайтпайтын қырсықтығын білетін ағайын бір тамақ ішіп алып, түн жарымында амалсыздан қайта жолға шықты. «Бас та бас, біз барғанша, аналар қоңыр биемді сойып тастайды»,– деп қиғылық салған қария жол бойы өзіне де, өзгеге де не ұйқы, не тыным бермеді.
Таңертеңгі сағат онның мөлшерінде алыстан «мен мұндалап» Лепсінің де қарасы көрінді-ау. Бұлар өліп-талып Көкжиденің шетіне ілінгенде Жақыпбек атаның мазасыздығынан әбден мезі болған Кеңшілік машинаны кілт тоқтатып, кілемнің орауын жазып: «Шал, жат мұнда, біз жақта өлгендер үйге оралып кіреді», – демесі бар ма түсін суытып. Сонда шал шынымен абдырап: «Құрып кетсін, жатпаймын, бәлесінен аулақ»,– деп безек қағады. «Марқұмды» тыныштандырған бұлар қасқайған қара жолдан ауылға қарай бұрылды.
Үйдің алды ығы-жығы, сүйек күткен қарақұрым халық. Жан-жақтан келген ет жақын туыстардың жылай-жылай көздері бұлаудай болып ісіп кеткені анадайдан байқалады. «Атам-ау» деп күңіренген қалың ел. Қайғы жұтқан ағайынның алдында марқұмның әпкесі Қайнет апа: «Айдалаға барып, қаңғып өлген, бауырым-ау мені тастап кеткенің бе?» – деп аңырайды.
Екпіндеп келіп есіктің алдында тоқтаған машинаға, Жәкеңнің ұлдары мен қыз-келіндері «әкем-айлап» лап қойды. Әлден уақытта ортаңғы есік ашылып, екі бүктелген Жақыпбек «марқұм» жерге секіріп түсті. Қалтасынан Ерлашкасына алған ойыншықтары мен мәмпәсиі сау етіп шашылды. Мына тосын көрініске тап болып, қан жылаған жарты ауылдың тұрған жерлерінде жүрек талмасы ұстап, талып түсті. Қалған жартысы жағасын ұстап, «астапыраллалап» басы ауған жаққа қарай лаға қашты.
Жақыпбек қарттың «қырылып» жатқан халықта шатағы жоқ, алдынан шыққандарды итеріп тастап, сүріне-қабына қоңыр бие байланған қораға тартты. Жануарының аман екеніне көзі жеткеннен кейін көңілі жайланып, үйге кірді.
Ауылдың іші гу-гу, алыпқашпа әңгіме. Біреулері Жәкеңді өліп, қайта тірілген әулиеге теңесе, екіншілері жын-періге балауда. Оны ұрып тұрған «тірі аруақ» жоқ. Дастарханның төріне шығып алып, кешеден бері қай құрдасы мен құдасының келіп «көңіл айтып», қайсысының қалыс қалғанын түгендеуді бастап кетті. Көзілдірігін киіп, келіннің қолындағы көк дәптерден «жаназасына» жақын туысқандары мен көрші-қолаңның қандай мал атап, қанша ақша әкелгенін тексеріп шықты.
«Әлгі мен өлгенде қай келін шыны­мен, ескіше дауыс салып жылады? Шай­гүл ме, Барқыт па?» – деп туған келіндерін тағы бір тергеп өтті. Көңілі көншіген соң, жатын бөлмеге өтіп, қорылдап қалың ұйқыға кетті.
Әкесінің «өліп-тірілгені» Таңатарға да жаман болған жоқ. Қора малға, әмиян ақшаға толды. Алды Қаскелең мен Текеліден келген құдалар, арты Алматыдан жеткен ағайын-туыс пен бес баланың құр­дас­тары, қала берді бүкіл ауыл «атамыз ­жүзге келеді екен» деп ырымдап, екі күн бойы «жүздетті».
Кейін ауылда әлдебіреудің қайтыс болғандығы жайлы хабар келсе, Жақыпбек атамыз көңіл айтып бармас бұрын Күләйға: «Әй, келін, сол өзі мен өлгенде «жаназамда» болды ма, қолына не ұстап келіп еді?!» – деп сұрап алатынға ұқсайды.
… «Барзақ әлеміне аттанып», қайтып келген күннен кейін араға тура аттай алты жыл салып барып түп нағашым Жақыпбек ата 1991 жылдың күзінде бұл фәни жалғанмен мәңгіге қоштасты. Қаралы хабарды қайтара алған алыстағы ағайын мен құда-жегжат марқұмның о дүниелік болғанына көздері әбден жетіп, үш мәрте анықтап сұрап алғаннан кейін ғана, билет кассасына қарай бет алған көрінеді.

Есенай Іңкәрбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір