Ата Заңның жаңа жобасы «өткелден» өткелі тұр
28.05.2022
226
0

Бүкіл халықтық таңдау – референдум өткелі жатыр. Соған үн қосайық деген ниетпен қолымызға қалам алдық.

«Конституциялық сотты қалпына келтіреміз». Бірақ, қалай?

Өзіңіз білесіз, қолданыстағы Ата Заңда Президент ел Үкіметінің басшысын тағайындайды. Әрине, қос палаталы Парламенттің келісімімен. Орынбасарлары, министрлері соның аясында. Жоғарғы соттың төрағасы, бас прокурор, сайлау комиссиясының төрағасын айтпай-ақ қоялық, Парламентіңіздің бір емес, қос палатасының да төрағасын Президент ұсынады. Ал енді төрағалардың қос палатаның төріне еш қарсылықсыз өтетіні анық. Тағайындау дегеніміз сол.
Жасырып керегі не, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформа жасайтынын айтып, «Конституциялық сотты қайта қалпына келтіреміз» дегенде, «Алдыңғы билік тұсында бір қолға шоғырланған тежеусіз құзыретке лайықты тосқауыл қойылатын болды» деп қол шапалақтап қуанған едік…
Негізі, Президенттің шексіз билігін тежейтін жалғыз тетік осы –Конституциялық сот. О баста ниет болмады ма, әлде негізгі заңға өзгеріс жасайтын жұмысшы тобының мүшелері Тоқаевты дұрыс түсінбеді ме, бұл мүмкіндік қолдан кетіп бара жатқан сияқты…
Біздің ойымызша, Конституцияның іс жүзінде орындалуын қадағалайтын тегеурінді билік тармағы – Конституциялық соттың төрағасын тағайындаудың билігін Президентке емес, Парламентке беру керек. Себебі, ол – (Парламент) халық билігінің жүзеге асып, халық үнінің естілетін жері. Халық өкілдері бас қосқан құзыретті орда. Онсыз да оның (қос палаталы Парламенттің) төрағасын президент ұсынады, яғни тағайындайды. Олар қайда барады президенттен асып? Сондықтан Парламентке аз да болса өзіне сай билік берілуі керек. Бұл осы жолғы үлкен мақсаттардың бірі – «ықпалды Парламент» тұжырымына да сәйкес келеді.
Ата Заңның орындалуын қадағалайтын Конституциялық соттың төрағасын тағайындауды Парламентке беру керек деуіміздің тағы бір себебі, Ата Заңды кім бұзуы мүмкін? Қазіргі жағдайда, бүгінгі күнге дейін, оны жалғыз ғана билік тармағы бұза алатынына көзіміз анық жетті және одан аузымыз оңбай күйді, ол – ең жоғарғы атқарушы билік.

Кәсіби Парламент.
Ол қандай болады?

Ақыры Парламент туралы сөз қозғадық қой, жаңа Ата Заңның жаңа редакциясындағы оған қатысты тармақтарға да тоқтала кетейік. Бұл тараптағы біздің көзімізге түскен жалғыз жаңалық – бұрынғы Есеп комитеті енді Есеп палатасы болып қайта құрылып, Парламентке жылына екі рет есеп беретін болыпты. Парламент үшін бұл – тым мардымсыз өзгеріс.
Біздің ұсынысымыз – Үкімет халық өкілдерінің бас қосқан жері ретінде есеп беруі керек. Сонда ғана бюджетті қабылдаған органның атқарушы билік алдындағы беделі артады, десі жүреді, ықпалы күшейеді. Әйтпесе, ренжімеңіз, Үкіметтің бұған дейін істеп келгеніндей, депутаттардың сұрағына сырғытпа жауап беріп, жүре тыңдағаны тыңдаған.
Есеп комитеті – Парламент мүшелерінің заңдық, экономикалық, есеп-қисаптық сауаты төмен кезде құрылған аралық орган болуы мүмкін. Өзге елдерде бұл жұмысты Парламенттің әлеуметтік істер жөніндегі комитеті арқарады. Олар бюджеттің атқарылуын бақылайтын аса маңызы қызметті өліп бара жатса да, басқаның қолына бермейді. Оларды сондықтан да «кәсіби Парламент» дейді. Біздің Парламент те келешекте сондай кемелділікке ұмтылуы керек. Заң шығару жұмысымен ғана айналысып, құлақ молдасы болып отыра бермей, Ата Заңды редакциялау ісіне де белсене араласып, өзінің заңды құқығын қорғауы, жоқ болса, талап етуі керек. «Жыламаған балаға емшек қайда?» деген қанатты сөз осындайда айтылады. Біздің Парламент дүниедегі ең можантомпай Парламент екені белгілі. Ал ұмтылмаса, серпілмесе, сол босбелбеу, пәрменсіз қалпында қалғаны қалған.
Сол үшін біз, екінші кезекте, Парламентті ықпалды ету үшін, халық өкілдерінің бас қосқан жері ретінде, оған сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау құқын беруді де ұсынамыз. Әрине, сайлау комиссиясының төрағасын Мәжіліс төрағасы ұсынып, қалған халық қалаулылары дауыс беру арқылы анықтауы керек. Сонда сайлау комиссиясының беделі көтеріліп, сайлаушылардың дауыс беруге деген тым сұйылып кеткен ынтасы қайта оралады, белсенділігі артады.

Жауапкершілік кімде?

Енді «есеп беретін Үкімет» тұжы­рымдамасына келейік. Үкімет Президентке есеп береді. Айтып жату артық. Өзін зор лауазым ғана емес, елдегі екінші, қолынан нақты іс келетін, қиын күрмеулерді шеше алатын құзыреті бар қызметке ұсынған кісіге есеп беріп, не болып жатқанын баяндамай көрсін, қане, бір-ақ күнде төрт аяғы көктен келсін. Болды. Басқа ешкімге есеп бермейді. Тек бюджетті өткізетін кезде ғана сәл кішірейіп, Парламенттің алдына барып, сұрағандарына хал-қадірінше жауап беріп, көз майын тауысып жасаған бас жоспарын өткізіп алса болды. Одан кейін құйрық ұстатпайды. Бұл, әрине, дұрыс емес. Әлгінде де айттық, ол (Үкімет) Парламент алдында да, бір жылда екі рет болмаса да, бір рет есеп беруі керек. Ал Есеп комитетінің сырт­тай жасаған жанама есебі –есеп емес, бос сөз. Үкіметтің өз аузынан тікелей жауап алу керек.
Сөзді қорыта келе айтарымыз, қолданыстағы қазіргі Ата Заңның авторы Назарбаев болса, қаласын, қаламасын, өзгеріс енгізілген Конс­титуцияның авторы Тоқаев болады. Өйткені бұл сол кісінің билігі кезінде, сол кісінің бастамасымен өңделіп, «өткелден» өткелі тұр. Заң тармақтары қатысты мамандардың қолымен жазылып жатқанымен, жұмыс сол кісінің ниетімен, жол-жорығымен атқарылуда. Сондықтан алдын ала ойланып, ұзақ болашақты назарда ұстап, көрегендік танытып, жұртқа зардабы тиетін қажетсіз әурешіліктен аулақ болуы тиіс.
Жоғарыда айтқан ұсыныстарымыздың маңызын толық түсіне алмағандарға мына жайды мықтап есте ұстауды ескертеміз. Құқықтану ғылымының тарихымен танысып шыққан кез келген адам бір ақиқатқа анық көз жеткізер еді: демократия, сөз бостандығы, адам құқы атаулының жалғыз жауы – ежелден бері билік. Билік көрпенің шетін өзіне қарай тартқан сайын, бұқара халықтың еркіндігі шектеліп, қысыла түседі. Содан барып көптің қарсылығы, заңды талабы туындаса керек. Бір сөзбен айтқанда, адамзаттың тарихы – қара халықтың өзіне тиесілі құқығын, бостандығын, еркіндігін өз қолына алуға деген талпыныс. Бұл – біз де, басқалар да ешқашан қаперден шығармауға тиіс мәселе.

Серік НҰҒЫМАН, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір