БАРАҚ ӨТКЕЛІ
Қазақ жерінің шығысындағы жазық дала мен жазира жоталардың күншығысы мен теріскейін үлкен тағадай иіле түсіп қоршай жантайған Қарт Алтай таулары мен дегелең жоталары мыңдаған шақырымға созылған. Осы таулардың иықтасып келіп Қиыр шығыс жеріндегі Саян мен Верхоянға жетіп жығылатын ақ басты, сүйір ұшты найзадай көкке шаншылған шыңдары мен құзар-құзар шыңыраулары осы өңірдің үстімен өтетін қара суық ызғарлы желі мен дауылды ақ түтек боранына ғана тосқауыл емес-ті. Бұл таулар көшкен елге де, азаттығынан айырғысы келген қалың басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес қамал болған еді. Қазақтың ұлы даласы сонау сақ-ғұн дәуіріндегі Еділ қаған заманынан бері қарай санасақ Шыңғыс хан, барлас руынан шыққан Тарағай бидің баласы атақты жиһангер Ақсақ Темір, Тоқтамыс хан, Ақ Орда, Алтын Орда шайқастары мен қазіргі қазақ-қалмақ соғыстарының куәсі болған жерлер.

Бұл жолғы шайқас та соның бірі еді. Алдағы болатын кезеңдерде, тарих дөңгелегі айналған сайын қазақ жұртының өмірге келер болашақ ұрпағының алдында әліде қаншама қан-төгістер күтіп тұрғанын ешкімде болжай алған жоқ.
Таң қараңғысының көбесі сөгіліп, пердесі түріле Шар өзенінің теріскей тұсындағы ұзыны мен көлденеңі ат шаптырым жазық адырдағы қазақ-қалмақ шайқасының жеңіспен аяқталғанын тойлаған орта жүздің аламандары шейіт болғандарын жер қойнына тапсырып жорық шатырларында тағы біраз аялдады. Дәл сол жылы болатын қазақ қосындарының жорық жолы Баянтау, Қарқаралы бағытында басталғанымен, бас-аяғы екі-үш айдың ішінде Қалбатаудың жазық адырлы алқабы Шар маңына келіп бір-ақ тұмсық тірегені. Бұл кезде Жоңғар түмендері де бар күшін жұмсап, табан тіресе соғысуға жанталаса дайындалу үстінде еді. Көп ұзамай-ақ Балқаштың айналасын иемденіп жатқан «Аңырақай ханның бес мыңға жуық қолы осы жерге келіп, ошарылды» деген қазақ әскерінің жортуыл шолғыншы жасақтары хабар әкелді. Сол жылы көпті көрген сұңғыла адамдардың айтқаны да келді. Қарт Алтайдың қысы май тоңбайтындай жылы, қар барысының таутаны қар үстіне балалап мәулендерін аяқтандыратындай жұмсақ болады деген-ді. Байқампаз қарттардың жыл басталмай тұрып айтқаны келіп, баһар айының басында сіресе кіреукеленіп жатқан қар астына қызыл су жүгіріп, аптаға жуық жыртық көрпедей әр жерінен тесік қалдыра елеусіз ғана ери, барлық нышандарын білдіре көктем туғанын көрсеткен еді. Қазақ жерінің шығысына бет алған жорықтың жолы болатынының хабаршысындай биылғы жылы көктем ерте шықты.
Иә, дәл сол жылы болатын қалмақтың ұлыс бектері мен хандарының бастары қазақ жерінде мәңгілікке қалғаны. Осы жылдарға дейін қара ағаштай қалың найман жасақтарының соңдарында шұбатыла асу бермес таулар, сағым қуған ескі сүрлеу жолдар қалды.
Өткен жылғы соғыста орта жүздің аламандары қазақ жерінің күнгейіндегі Барқытбелді бөктерлеп былайғы тұсы ағысы қатты Қатынсудан өтіп, бір күншілік жердегі Ақшоқыдан ары асқанда Қараүңгір дейтін өзенге жетіп тоқтаса, түстігі Еміл, Алакөлдің арғы жағымен иықтасып жатқан Тоқта тауына дейін барған еді.
Алайда бұл қоныстарда қазақ жұртының бір дуан елі сиятындай мекендерде қырық тарам керуен жолдарын бауырына басып сыңсыған қалмақтар иелік етіп жатқан-ды. Қалмақ болғанда да осы уақытқа дейін жеңілістің дәмін татпаған төрт ойраттың бірі жанкешті дүрбіттер болатын. Олар алғашқы жоңғар аттанысы кезінде-ақ осы қоныстарға иелік етіп, сіресе баттасып жатып алғандарына да міне, ұзын ырғағы қырық жылдай уақыт өтіпті. Олардың бұл шұрайлы өлкелерді оңайшылықпен қолдан бермесі алғашқы айқастарда бірден көрінді. Қалың дүрбіттер өздері мекен еткен қоныстарының ішіндегі ең киелі санайтындары Ұрыжар маңы еді. Осы уақытқа дейін қазақ батырларының жоңғар-қалмақтарымен қидаласып өткізген ұрыс жорықтарында түсінгені олар өздерінің күре салып ғибадатхана тұрғызған жерлерін жандарын сала қорғайтын әдеттері. Ұрыжар өзенінің теріскейіндегі салынған күре – ғибадатхана алаңына жиналған бір топ кешіл, келең, кеңкулері қолдарындағы алтын бұрхан мүсіндерімен киіз кітаптарын көтере буддаға жалбарынып жорыққа аттанған қалмақ қосындарының тілеуін тілеп, етектері жер сызған қызыл шекпендері желбірей шығарып салды. Көп ұзамай-ақ Ұрыжар өзенінің құбыласындағы жазық алаңқайда түзем құрып, даңғара-дабылдарын ұрып қазақ аламандарын ұрыстың алғашқы күні де басталып кеткен еді. Сол шайқаста дүрбіт тайпасына қарасты бектері мен зайсандарының ұлдары кезекпен-кезек жекпе-жекке өздері тіленіп шығып жатты. Алғашқы шайқас Қолқа Зайсанның үлкен ұлы Серенжаппен мыңбасы Шынқожа батыр арасында болып, қалмақ батыры шапшаң қимылды Шыңқожаның тақымында кетті.
Иә, осы оқиғадан бері жылдан аса уақыт өтіпті-ау. Шығысқа ат басын бұрған аттаныстың бас қолбасы Қабанбай өзінің жіберген жаушыларының мәліметіне сай қазақ қосындарын үш бағытқа бұрды. Бөгенбай батыр бастаған қалың қол қақ маңдайдағы ортада олар Қарғыбаның Зайсанға құяр айлағына табан тіреді. Керей Жәнібек батырдың оң қанат сарбаздары Барқытбелдің теріскейіндегі жоңғарлардың күшті қарсылығына ұшырап, аса тез алға жылжи алмай бөгеліңкіреп қалды. Ал көкжал Барақ бастаған сол қанат жасағы Қалбаның қалың бұйратын жаудан арылтып, Ертісті өрлей жылжу керек болатын. Енді, міне қазақ қолы Шар өзенінің түбінде түзем құрып тұр. Сонау жылдардан бері, тіпті шежіреші жыраулардың ұзақ жырларында жиі айтылатын Қалба өңірінің терістігі мен түстігі, күншығысы мен құбыласын қазақ хандығынан бері найманның матай жұрты қоныс еткен деседі. Түстігі сонау Аягөз, Балқаш жерлерін бауырына басқан төрт төлегетайдың бірі садыр жұртымен иықтасып жатыр. Терістігі мен шығысы шапшыма тік шыңдарын айға білеген Бұқтырма мен Ертіс бойындағы Қарт Алтайдың қойны-қонышын жайлаған жеті көкжарлы ұрпағымен бастары төсекте, малдары төскейде бірігіп жатқан он екі абақ керейдің ата-қонысымен шектескен. Алты арысты орта жүздің найман, керей қолы Қалбатаудың теріскей баурайына жақын түмен басы Көкжарлы көкжал Барақтың кіндік қаны тамған жерден бір күншілік жерде. Шығысқа қарай аттанған осы қолды Абылай ханның жарлығымен найман, керей жұртына тапсырған болатын. Ата қоныс қара орман туған жерлеріне бет алған шайқаста қайрат көрсетіп, көзге түсіп қалуға әркімнің де бар таласы, батырлардың бәрі-ақ ынталы болатын. Тіпті жүзбасы батырлардың өзін былай қойғанда мыңбасылар ақнайман Жаман, бура Ақпантай, сарыжомарт Танаш батырлардың арасында да қылаң берген бәсеке де жоқ емес-ті. Туған жердің шетіне тұяқ іліндіре ентелеп көңілдері алап-ұшып жүрген сол батырлар түмен басының алдына келіп, рұқсат сұрады… Көкжал Барақтың үнемі қасынан табылатын қандыкөйлек замандас-құрдастары мен інілерінің қайсысына кезек берерін білмей сәл ойланып қалды. Ойланып қалды да лезде:
– Сап-сап батырлар, қалмақ жағының бет-алысын байқайық. Қарсы жақтан кім шығар екен. Егер жоңғар қолы жекпе-жекке жүзбасы батырларының бірін шығарса, біздің жақтан да соған орай теңдесіне бата беруіміз керек қой – деп, өзінің зор даусымен гүр ете қалды. Кешегі шолғыншылардың айтқандарына қарағанда жоңғарлар бас құрап өткен жылғы жеңілістің есесін қайтармақ ниетте екен.
Қалба таудың теріскей тұсындағы томарлы кепешін қыңырайта жантайған шоқыларының жұтқыншағынан бастау алып, еңіске қарай жарыса құлдилаған Қарасу мен Шар өзенінің екі аралығындағы аңғарлы жазықта екі жақтан жиналған бір түмен қол тұр. Жау қарасы онша көп емес сияқты. Ұзаса үш-төрт мыңның айналасында. Бұл жолғы майдан алаңы мүлде басқа бағытқа бұрылып бара жатты. Жоңғардың ойлағаны қазақ аламандарының екпінін түбегейлі тоқтатып оларды кейін серпіп тастау емес секілді. Ұйыса жиналған әскердің соңында асыға жиналып жүктерін артып көшуге дайындалып жатқан қалмақ күреңдері байқалады. Абыр-сабыр атандарға жүк артып тоғанақтарын толтырып жатқан елді аман-есен жоңғар жұрты жиі қоныстанған тұсқа асырып жіберу болса керек. Өздерінше түзем құрып, қазақ-қалмақ соғыстарының барлық үрдісін сақтағандай кейіп танытқанымен біраз уақытқа дейін ортаға жекпе-жекке ешкімді шығармай найқалып жүрді де қойды.
Қазақ қосындарының оларды қозы көшіндей жерге келіп күтіп тұрғандарына біраз уақыт өткен. Енді болмаса қалмақ шебіне атой сала лап қойғалы тұрған мезетте қарсы жақтан астында құйрық жалы төгілген жирен қасқа аты бар бір дәу қалмақ әскерінің жүзбасы суырылып шыға берді. Астындағы аты мен үстіне қабаттап киген сауыт сайманына қарағанда жай ғана жүзбасы емес, қалмақтың көп зайсаңдарының бірі қордалы байдың тегінен екенін әйгілегендей. Сауытының сыртынан жамылған желбегейі де қытайдың қаракөк түсті ламбегінен оюлап тігілгені көрініп тұр.
Қалмақтар жағы «жекпе-жек» десіп шуласып кетті. Қазақ қосындарының ішінде жекпе-жекте ысылған жүзбасы батырлар аз емес еді. Қалың қаракерей ішіндегі Дәулетбай, тоқпақ Қасабай батырлар осы жолғы кезек менікі дегендей дайын тұрған. Бірақ түмен басы Көкжарлы көк жал Барақ бұл жолғы сайысты өзінің бауырларынан бастамақшы ниетте болып, айналасына көз салды. Осы кезде астындағы қаракөк айғырын ойната бастырып түмен басыға тақай берген бір жас батырға көзі түсті. Барақ оны бірден тани кетті. Жеті көкжарылының үлкені «көкжарлының қайраусыз қара қылышы» атанған Қаратай батырдың үлкен ұлы Бескенің тұңғышы Дәулеттің немересі заманында «құратайдың қос бөрісі» деген атпен құба қалмақты шулатқан жүзбасы Есбол батыр еді. Бүгінде Есболдың туған ағасы Байберді батыр жеті көкжарлы жұртында Барақтан кейін аты аталып мыңбасы дәрежесіне көтерілген. Қазірде Байберді батыр сапта тұрған түземнің маңдай тұсындағы өзінің мыңдығының алдында жер тарпып, ауыздығымен алысып тұрған ала аяқ, қаракөк тұлпарының үстінде байыз таппай тұр. Астындағы қаракөк айғырының басын тарта ырқына жібермей түмен басына тақай бере Есбол:
– Қалмақ батыры дүрбіттен шыққан бір қаракөк болуы керек. Өзі дәл маған арнап жіберілген секілді, жас мөлшері де менімен тұстас көрінеді, алғашқы сайысқа маған батаңызды беріңіз! – деді атынан қарғып түсіп, бір тізерлеген күйі екі алақанын жайып.
– Жолың болсын, «көкжарлының қайраусыз қара қылышы» атанған Қаратайдың ұрпағы емессің бе! Жауыңды жайратып абыройыңды асқақтата ата даңқын жалғастырып қайт! – деген оған ықылас білдіре.
Барақ батырдың сөзі аузынан шығуы мұң екен, сол мезетте-ақ Есбол бұдан ары бөгелместен сарт етіп қаракөк айғырына қарғып мініп қалмақ қосынына қарай айқас алаңына құйындата жөнелді. Ежелден келе жатқан салт, дағды бойынша екі жақта бір-бірінен жөн сұрасып алатын-ды. Бірақ бұл жолы бәрі де басқаша өріс алды. Есболдың қаракөк аты айқас алаңының орта тұсына жетер-жетпестен қарсы жақтан жирен қасқа атқа мінген қалмақ батыры жұлдыздай ақты. Екі жақтың батырлары найза сілтейтін қашықтыққа жеткен мезетте-ақ бір-біріне кезек күттірместен қаруларына бар күштерін сала ұмтылысты. Алғашында-ақ шақыр-шұқыр етіп найзалары қолдарындағы қалқандарына қатты екпінмен тиіп сыртқа тайқып кетті. Әзірше бір-екіден найза сілтесіп өтті. Біздің ұшындай үшкір найзаның шарқылдаған үнімен қашырлаған қалқанның дыбысынан басқа ештеңе естілер емес. Қалмақ батырының астындағы жирен қасқа ілкімді ұшқыр жылқы екен. Ат екпінімен Есболдың қасынан сағымдай зулап өте шығып, алысқа ұзамай таяқ тастам жерде шұғыл кілт бұрылып, қарсы шауып найзасын оңды-солды сілтеп жүр. Қанша шапшаң қимыл танытқанымен Есбол қалмақ батырының найзасынан зорға қорғанып қалқанын екі қолына кезек алмастырып, өзіне оңтайлы сәтті күтті. Екі жақ та түзем алдындағы шағын алаңқайда айқасып жүрген қос батырдан көздерін алар емес. Айқас созылған сайын түмен басының көңіліне күдік ұялай бастады. Біраз уақыт өте қаратай батырының қимылы ширай түскендей болды. Қалмақ батырының астындағы ұшқыр жирен қасқа аты болдыра бастағанын сездіргендей сауырынан тер тамшылары саулай ат ағынымен Есбол батырдың жанына өтіп бара жатып тағы бір рет найза сілтеп үлгерді. Оның сілтеген найзасының екпінінің қаты болғаны сондай, батыр найзасының ұшымен қағып үлгергенде екеуінің де қаруы анадайға ұшып барып жерге қадалған күйі сабы теңселе ырғақтап біраз тұрып қалды. Дәл осы кезде жирен қасқаның басын бұра сала қынабынан қылышын суыра қалмақ батыры Есболға өшіге ұмтылды. Талай ұрысты басынан өткерген Есбол өзіне қарай ағызып келе жатқан жауының екі арасындағы ара қашықтықты тез шолып өтті. Шолып өтті де өзіне қарай жүйткіп келе жатқан қалмақтың қолындағы қылышының жетер-жетпес тұсына келді-ау дегенде қаракөк айғырды шұғыл бұрды. Қылыш сілтер аралыққа жеткізбей өзінің дағдылы әдетімен андыздай жүйткіп келе жатқан ұшқыр аттың қарсы алдына ағын суға көлденең кездескен алып қара тастай талыстай талтайып тұра қалды. Қарсы алдында тұрған қара айғырдың айбарынан сескеніп, жирен қасқа жалт бұрылды. Жалт бұрыла бергенде бір қолында қылышын, екінші қолында қалқанын жүйрігін тақымымен икемдеп келе жатқан қалмақ батыры ерден түсіп қала жаздап еңкейе бере ат жалынан шап берді. Оның оң қолына қыса ұстаған қылышы жерге суси түсе берді. Дәл осы сәтте қаракөк айғырдың үстінде отырған Есбол батыр ат жалына жабыса еңкейген қалмақтың қара құсын көздеп бағанадан бері қыса басқан тақымындағы басының үлкендігі шәугімдей Алтайдың шынар қызыл қарағайынан жасалған шоқпарын екі аяқты үзеңгіге тірей сілтеп қалды. Жойқын күшпен сілтенген қарағай шоқпар өз дегенін істеді. Қолының құрышы қанғаны сонша, болат дулығаға тиген қарағай шоқпардың дыбысы Есболдың құлағына ызыңдай жетті. Сол ызыңнан болат дулыға қабысып қалғандай сияқтанды. Оның аттан аунап құлап бара жатқанын іштей сезіне артына бұрылып қарады. Қалмақ батыры ерге түзеліп отыруға шамасы келмей аттың жалынан ұстаған күйі жирен қасқаның бауырына қарай сырғи берген екен. Есбол сол күйі артына қарамастан, ағындап өтіп кетіп барып, қайта бұрылды. Қаракөк айғырдың басын бұрып қарағанда Шар өзенінің құбыла жазығындағы ат тұяғымен илектеле тапталып майда ұлпаға айналып кеткен топырақтың шаңын бұрқ еткізе құлаған жоңғар батырын байқады. Іле-шала дәл қасынан ойнақтап иесіз бос тізгінін сүйретіп шыға берген жирен қасқаның шылбырын іліп алып, Есбол өз қосынына қарай асығыс тебіне ызғыта жөнелді. Оның қалқан ұстаған оң жақ қапталы аман болғанымен найзаның ұшы қадалған сол жақ иығы мен қара саны жаралы еді. Торғай көз бадана сауытының әр жерінен шылпылдап шыққан қан іздері байқалады. Тегі қалмақ батыры да осал жау емес көрінеді. Есболдың ұлы денесіне найзасын дарыта алмай сауытының сыртынан тілгілеп шабақтай берген тәрізді. Бірақ жеңістің буына қызып алған Есбол жарасын елейтін түрі жоқ. Түмен басының алдына келіп ақсия күліп:
– Барақ батыр, батаңыз қабыл болып ата даңқын асқақтатып оралдым, – деді өзінің де қатты жараланғанынан ақталғандай кейіп танытып. Түмен басы Есболдың үсті-басы қан басқан түрін көріп дереу арттағы бақауыл тобына жөнелтті де қарсы жақтан жекпе-жекке шығам деген белгі болмаған соң, жедел дабыл қақтырып жаппай ұрысқа белгі берді.
Көп ұзамай-ақ, айнала айғай-сүреңге ұласып, соңы қаптама соғысқа жалғасып кете барды. Бағанадан істің осылай кері бұрылатынын күтіп тұрғандай дүрбіттер де атының басын шығысқа қарай бұрып жосылып берді.
Арада екі-үш күн өте қалмақ зайсанымен болған жекпе-жекте қатты жараланған Есбол жүзбасы келместің атын жетектеп мәңгіліктер мекеніне мәңгілікке аттанып кете барды. Қанды қасапта өлгендерді жер қойнына тапсырып, жеңістің тойын тойлап, бір түмен қол Шар бойында біраз аялдап қазақ қолы шығысты бетке алды. Қалың қосын соңында қаза болғандардың зираты менмұндалап көз ұшында қалып бара жатты.
Иә, жеті көкжарлының қаратай бұтағынан тараған құратайдың қос бөрісінің бірі жүзбасы Есбол батырдың қырық серкенің майы мен жылқының қылы қосылып өрілген мазары әлі күнге дейін Көкжарлының қаратай ұрпағының көкжал батырының бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасындай болып Шар өзенінің құбыласындағы ескі қорымдардың ішіндегі ерекше еңселі биік қалпында менмұндалап тұр.
Алда Бұқтырма өзенінің Ертіске құяр айлағының түстігінен Құзғындының теріскей тұсынан бастау алып, Сарымойнақ өткеліндегі жазықта қазақ қосындарын үлкен айқас күтіп тұрды. Бір түмен қолды шығысқа қарай бастап бара жатқан Барақ батырдың көзі жеткені жалпы екі ғасырға жуық «ұлы жоңғар хандығы» деген атпен қазақ даласын дүбірге толтырған қалың ойрат әулетінің күні батуға айналғаны.
Алға озыңқырап кеткен бура Ақпантай батырдың мыңдығы жеті иректі Ертіс өзенінің бойындағы Қалбатаудың шығысқа қарай жантая сұлаған жоталарының кезеңшесіне таяу тұсынан өтетін аңғарына жеткенде, қалың қалмақпен қоян-қолтық ұстаса кетті. Олар осылайша бір-бірінен ажыраса алмай сіресіп тұрғанда, қатын бесін мезгілінде түмен басы Барақтың негізгі қолы келіп ошарылды. Салған жерден қаптама ұрыспен шабуылдайын десе қалмақтар тұрған Ертістің жағасы қалың ағаш болғанымен бергі қазақ қолы келіп тірелген қапталы ағаш пен бұта-қарағаннан тұлдыр жетім тырдай жалаңаш. Тағы бір ойы өзеннің жайылмалау таяз тұсынан өте шығайын десе, қалың ағаш ішіне жасырынған мергендер шиті мылтықтарымен садақтан оқ жаудырып қия бастырмайды. Ертістің арғы жағасындағы биік тұрғылар мен оңтайлы тұстарының барлығына жоңғар жасақтары бекініп алыпты. Барақ жауға қарсы осы уақытқа дейін ешбір айла-тәсіл ойластырмай тұрған Ақпантай батырға ренжи:
– Қаншама уақытты босқа өткізіп, қалың қалмаққа қарсы қарап тұра бергенше бір амалын таппадыңдар ма?!
– Қалмақтар бізді дәл осы жерде күтіп алуға дайындалғаны белгілі. Өзеннің арғы жағында әдейі құрылған тұзақ та болуы мүмкін. Бір жағынан өздеріңді күттік, келісіп пішілген тон келте болмайдыны ескергенім ғой, – деп Ақпантай батыр бір сәт үнсіз отырды да лезде серпіліп түмен басының бетіне күле қарады, – жарайды олай болса бәріміз бірігіп бір амалын іздейік. Барлық мыңбасы, жүз басы батырлары менің жорық шатырыма жиналсын, – деді де өзі атының басын шұғыл бұрып жүріп кетті.
Бір шай қайнатым уақыт өте Барақтың алты қанат жорық шатыры икемделіп, абылайша жаппа ретінде құрылып болды. Қосын соңын ала келген мыңбасы, жүзбасы батырлар да жиналып болып қалды.
Түмен басы көкжарлы Көкжал Барақ кеңдеу етіп тігілген жорық шатырының қақ төрінде қабылан терісінің қалың ойдың үстінде отыр.
Балдырған(4-5) жасынан туған әкесінен айырылып, әкесінің ағасы Шонаның тәрбиесін алды. Сығыр жасына (14-15 )жетер-жетпестен балаң қолына найза алып, кісесіне алмас қылыш байлаған екен. Ес біліп бозбала(16-17) жасына жеткеннен бері көк сүңгі мен қайқы қылышты жанына сері етті. Содан бері еліне, жеріне тиген жауды қоғадай жапырып жамсатып келеді.
Көкжал Барақ ауыр күрсінді.
Шатырға таяу жуан терек түбінде байлаулы, еті қара қайыстай қатып сіңірленіп алған ала аяқ ақжал аты ішін тартты. Осы мезетте алыстан тым алыстан құлағына Шеген жыраудың домбырасының қоңыр үні жеткендей болды. Оны домбыра тартысынан бірден-ақ кім екенін танығандай. Екінді мезетіндегі тымық ауамен оның дауысы үдей түскендей болады. Әлде алдағы болар ұлы шайқасқа дем бергендей шайырдың жыры айналасына алапат күш берген тәрізді, мына жарық дүние ішін тарта тына қалыпты. Шеген жырау оның дәл қасында отырып жырын ақтарғандай күйде. Жалды батыр Шеген жыраумен өткен Шыңғыстау, Шаған шайқастарында бірге болды. Қарап отырса, жарты ғасырға жуық өмірі ат үстінде болып жерін қорғаған екен. Осы өткен өмірінде әйгілі Аңырақай шайқасынан бастап, Бұланты, Шыңғыстау, Шаған, алдарында болатын ұлы Шорға шайқасының сыбағасы да оны күтіп тұр. Тіпті осыған дейін болған қытай-сібе соғыстарының да басы-қасында болыпты.
Орта жүздің аламандарын басқарған сол қанат түмендерінің батырлары Барақтың жорық шатырына түгелдей жиналып болып ішке кіргенде, қақ төрдегі қабылан терісінің үстінде жартастай болып батырдың өзі ғана отырған еді. Есіктен кірген батырлар түмен басының екі жақ қапталын жағалай өздерінің дәрежелеріне қарай жайғаса бастады. Батырлар түгел кіріп болған кезде, ерлігі елге аңыз болған айбарлы түмен басының сөзі ұзаққа бармады.
– Адамзат баласы ойлап таппайтын амал жоқ шығар. Бізден бұрыңғылар айтқандай у бар жерде оның заһарын қайтаратын усойқы да болуы керек қой. Кеш батып қас қарайғанша жер жағдайымен танысып шолып қайтайық. Қосынның соңы әлі келе қоймаған болуы керек, оларды дұшпанның көзіне әзірге шалдырмай, тоқтатып қойғанымыз жөн болар. Осы жерге жетіп үлгерген жасақтар бізден хабар жеткенше орындарынан тапжылмай тұратын болсын. Жорық шатырын әдейі құрғыздым. Өзеннің арғы бетіндегі жау қосындары біз осы жерде біразға дейін дамылдайды деген ойда болсын, – деді түмен басы. Жорық шатырындағы өзге батырлар да Барақтың шешімін мақұлдап бас изесті. Түмен басының бұл болжауы дұрыс еді.
Барақ сол күні екінді мезгілінде алдыңғы топтың соңын ала келген қолды жаудың көзіне түсірмей соңынан ертіп жеті иректі Ертістің бойын жағалап өткел іздеп жүріп кетті.
Ақ қабақ ай аспан төріне көтеріле өзен жағасының суының таяз тұсын іздеп қалың қосын баяу жылжып келеді. Әзірге буырқанған Ертіс өткел берер емес. Өзеннің кейбір тұстары тіпті Мұңғұлдың Қобы құмында кезіп жүретін алып тағы түйелердің бурасы атанған қаптағайдың өркешінен де асатындай мөлшерде, тіпті терең екен.
Таң қылаң бере Барақтың қалың қолы негізгі жасақтан ат шаптырым жерге ұзап барып, таяздап қалған Шибастау өзенін кешіп өтіп Терісайрықтың Ертіске құяр айлағына жете ат басын ірікті. Бір шай қайнатым уақыт өте жан-жаққа барлау тобын жіберіп алған соң өздері аттарының алапат жол аяңына басты. Тарбағатай тауының құбылаға қараған жоталарынан бастау алған Терісайрық өзенінің жағалай жайғасқан құз шапшыма тік шатқалдарын аралай аласара жатаған тартып дегелең төбелерге айналып, Ертіске жетіп, ұртын толтырады. Осы толтырған арнасын ұлы өзенге сарқа салатын тұсында бірін-бірі қуа жарысқан сары құм шағылдар бар.
Дәл қазір де Алтайдың табиғатына жаралған паңдық пен кербездік мінезі жасқаншақ момақан күй кешіп, кезінде одырайған жоталары кішірейіп белгісіз бір мұң басқандай күйде. Осынау Терісайрық өзенінің дамылсыз тынбай аққан суы, кешегі фәниден бақилыққа мәңгілікке кеткен Өтей әулетінің аруақтарының соңынан қалғысы келмей асыға да, ашына ағады. Жоңғардан алар өшін, бүгінгі ұрпаққа айтар базына өкпесін судың жағасына жайғасқан құм шағылдарынан алғысы келгендей өзінің ақ көпіршік толқындарымен аяусыз ұрғылайды. Жақын маңда ыңырана ашуланып өзінің асау гүріліне басып арқырап жатқан тау өзендері алдағы болар азат елдің еркіндігі үшін болатын қанды оқиғалардың куәсі болатындай. Тау мен жер киесін қалмақ қиянатына қарсы бағыттап, жеті көкжарлы балаларын туған жерлеріне аттандыруға дайындап жатқандай күйде. Дәл қазір де күйініш пен өкініштің кек пен ызасын бойынан лақ еткізіп шығаруға буырқанып, түнеріп алғанға ұқсайды.
Қарт Алтайды сонау ерте кезден бері қара ағаштай тоғыз таңбалы қалың найман елінің ергенекті тармағынан тарайтын сүгіршіден өрбіген жеті көкжарлы жұрты мекен еткен. Қазақ елінің шығысы Алтай өңірінің терістігі мен күнгейін, түстігі мен құбыласын ата мекен қара орманына айналдырған ергенектінің ұрпақтары қөкжарлы, саржомарт, бура үш ағайынды болып тарамдалған екен. Осы көкжарлы ұрпағы Шыңғыс хан заманынан бері Алтайдан үш рет ауып, үш рет қайтып оралған деседі тарихта. Көкжарлыдан тараған жеті ұлдан өсіп-өнген халықтың саны сол кездің өзінде-ақ өр Алтайдың қойны-қонышын бірге жайлап бес дуан елге айналған екен. Қарт Алтайдың күнгейі жеті көкжарлыдан тараған Өтей жұртының Жер-Анасы, атамекен қонысы болған, ескі сүрлеудің ізі қалған қара орман, жаз жайлауы, қыс-қыстауына айналған құтты мекені. Бүгінде де солай.
Барақ сол күні шығыстан таң шапағы белгі рауаңдай бастағанда қарсы беттегі қалмақ қосындарына бетпе-бет келіп аңдысып тұрған қазақ жасақтарын сол орнынан қозғамай-ақ ұзын саны үш-төрт мыңның айналасындағы шағын қолмен жеті иректі Ертістің Сарымойнақ өткелінен өте шықты. Бұл өткелді түмен басы бала кезінен білетін. Терісайрықтың Ертіске құяр айлағының осы бір қысаңдау таяз тұсының Сарымойнақ аталуы өзен жағасының жағалай көмкерген сап-сары құм шағылдарымен байланыстыратын өзінің Өтей жұрты.
Сол күні күн көтеріле бере өзеннің оң жағасында самсып түзем құрып тұрған жоңғар әскеріне қарай қазақ қосындары жақындап келе жатты. Осы жолы жоңғар жағы қазақ қосындарын өзеннен бері өткізбей жанталаса дайындалып тұзақ құрғанымен оларды Барақтың түмендері ойламаған жерден шапты. Қалмақтар өзен бойына жағалай қозы көшіндей аймақты күзеткенімен алыстан орағытып келіп сол қанат әскері күтпеген жерден артқы шептен келіп тиді. Өзінің туып өскен жерін өзіне қайтармай жанталасып жатқан жоңғарларды көрген түмен басы әйгілі найман, керей батырларының алдында «қалмақтың қарсы шыққан бірде-бір жауынгері тірі қалмасын» деп жарлық айтты. Дәл осы кезде Барақтың есік пен төрдей ақжал атын қасындағы атқосшыларының бірі алдына көлденең тарта берген еді. Бұл кезде күн көзі Алтайдың қарлы шыңдарының қарсы бетіндегі сары түсті құм шағылдары көмкерген өзеннің күнгей бетін жалай бастаған шақ болатын. Кенет «Аруақ!», «Аруақ!», «Қаптағай!», «Жәнібек!» «Ақсопылаған!» айбарлы ұран шықты. Ойламаған жерден айбарлы ұран шыққанда самсып тұрған жоңғар қосындары сасып қалды. Артқы жақтан айналып келіп соққан Барақ батыр бастаған сол қанат түменінің негізгі қолы еді. Қазақ қалмақ соғысының барлығына дерлік қатысып, ерлігі қазақ-қалмаққа бірдей шыққан сан айқаста жекпе-жекте көзге түскен жау жағына бұрыннан белгілі батыр. Ақжал атын қол алдына көсілдіре салып қалың жасақ алдында екі қолындағы қаруын оңды-солды шайқай бұлғап құйындатып келе жатқан болат сауытты батырды көргенде жоңғарлар жағы «Көкжарлы көкжал Барақ» деп шу ете түсті. Бұл кезде Барақ бастаған қалың қол қалмақ түземіне жетпей-ақ жау жағының шет жағы шетіней берген еді. Екі жағынан қоршауға түскен қалмақтар енді сасқалақтай бастады. Олар алғашында соғыстың басын қарсы бетте түземде тұрған қазақтар жекпе-жектен бастайды деп ойласа керек. Ержүрек кейбіреулері қарсы шауып қарсылық көрсеткенімен, біраз уақыт өте көпшілігінің қаша шегінгендері сезілді.
Көп жасақ көптігін істемей қоймайды ғой, Сарымойнақ өткелінен қозы көш жерде болған шайқас, қазақ әскерінің жеңісімен аяқталды. Осы шайқастың үстінде Көкжал Барақ жекпе-жекте қалмақтардың бас батыры торғауыттан шыққан Балдынза ноянды өлтіріп, қазақ қосындарына жол ашты. Сол кезде Алтайдың терістігі мен күнгейін, түстігін төрт ойраттың тайпалары басып алып, бауырына баса баттасып жатып алған болатын. Олар өз әскерінің жеңілісін ести салысымен, жайлауда отырған қалың жоңғар жұрты шығысқа қарай үрке көше жөнелді. Бір бөлігі Қарғыба, Хабарсу арқылы Тарбағатай жеріндегі Маңыраққа қарай бет алса, енді бір бөлігі Құзғынды асуы арқылы Білезік, Алқабек өзендерінің бойымен Өр Алтайдағы Тәңіртауға қарай бет түзеп, тура тартыпты. Жеңістің буына масаттанған қалың қолдың алдыңғы тобы оларды өкшелей қуып торғауыт пен ұраңқай көшінің жартысын басып қалды. Ал ертерек қимылдағандары Алтай асып Ұзынжота, Қарайрық, Өскелеңді басып өтіп, орыс еліндегі Алтай жеріне қарай жосылып берді. Қуғыншы жүздіктер оларды орыс жеріне дейін қуып барып кері қайтты.
Сол уақыттан бері Сарымойнақ «Барақ өткелі» деген атауға ие болып ел аузында жатталып, бүгінгі ұрпаққа даланың ауызша тарихының сахнасы арқылы жеткен еді. Жеті иректі Ертіс бойындағы осы «Барақ өткелі» сол оқиғадан кейін бір жарым ғасырға жуық өз атауымен ел есінде қалған екен.
Арада бірнеше күн өткенде қалмақтың тағы бір батыры Күршім ноян жекпе-жекте Барақ батырдың қанжығасында бас кетті. Бұл енді қазақ-қалмақ қанды жорықтары заманындағы қилы заман тарихының бөлек беттері еді.
Ел айтады, сол жылғы шайқастың соңы Тарбағатай жеріндегі Шорға маңындағы қазақ әскерінің жеңісімен аяқталған еді деседі. Араға қаншама жылдар салып орыс патшасының қазақ жерін отарлау саясаты басталған уақыттан бері бұл өткелдің атауы қолданыстан жойылды. Іле-шала «Казнаковский переправа» деген мәні мен мағынасы жоқ атауға ие болып, бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.
Мынау ұлан-ғайыр қасиетті де қадірлі жеріміз тұнып тұрған тұтас шежіре. Қазақ жерінің әрбір атаулары халықтың өзі таққан, аялап ардақтаған киелі сөздерінің тұнығы. Өткенге мұрағат, ұрпаққа ұлағат қалдыру әрбір адамзат баласы үшін қала берді халқымыздың тарихы үшін қажетті құндылық деп түсіну – заманымыздың талабы. Бүгінгі біздің заманымызға жеткен жер-су атауларының өз тарихы, дүниеге келу сыры мен мәні бар.
Әр заманның өз тарихы, өз жырау-жыршысы бар. Замана ағысына байланысты жыршылардың шығарған жыр-толғаулары сол дәуірді дәлме-дәл көрген суреттей көз алдыңа әкеледі. Осы Барақ өткелінің дәл қасында биылғы жылы қараша айының соңында Бұқтырма су қоймасын қақ жарған көпір салынып бітті.
Талай жыл сағындырған арман көпір,
Құшағын бар халыққа жайған көпір.
Халыққа игілікпен қызмет етер,
Құтты болсын ең үлкен Найман көпір, –
деген төрт жол өлең жолдары қазірде әрбір шығыс өңірінің еңкейген кәрісінен еңбектеген жасына дейінгі елдің аузында жатталып қалды.
Тіпті кім айтса да, кім шығарса да дәл тауып айтылған сөз дегенді осы өңірді жайлаған тағы да қалың ел айтады.
Жердің аты – тарихтың хаты.
Қарт Алтайдың қазынасы мен байлығы, тектілігі мен беріктігі тек қарттығында ғана емес, баурайын мекен еткен оның құты мен парасатына айналған ұрпағында емес пе?!
Кейде сол ұрпақтарының арасындағы кейбіреулері уақыт озып жылжыған сайын өз елін, өз жерін ұмыт қалдырып, Табиғат-Анасынан қол үзіп бара жатқан секілді.
Ондайларды ел мен жер кешіргенімен, Табиғат-Ана, өткен тарихымыз, біздің еркіндігіміз бен азаттығымыз үшін өз өмірін құрбан еткен аруақтар кешірер ме екен?
Тоқтар ҚАРАТАЙ,
Өскемен қаласы