ШАҒАТАЙ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАҢБАЛЫ МОНЕТАЛАРЫ
15.05.2022
1261
0

Қазіргі таңда халықаралық музейлер күнін жыл сайын 18 мамырда мерекелеу дағдыға айналды. ҚР Мемлекеттік орталық музейі 2006 жылдың 18 мамырынан бастап ел музейлерінің ішінде алғаш­қысы болып осы мейрамды ресми түрде өткізіп келеді. Биыл 17-мәрте ұйымдастырылып отырған «Музей түні» ел президенті бекітіп берген «Балалар жылы» аясында өтеді.

Өткен ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1958 жылы Алматының №52 мектебінің екі оқушысы қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан «Горный Гигант» колхозының аумағынан күміс монеталар көмбесін кездейсоқ тауып алды. Александр Клещенко мен Сергей Дробышев есімді ересек балалар өздері тауып алған «олжаны» жергілікті өлкетану музейіне өткізеді (қазіргі Орталық музей). Өкінішке қарай, көмбенің қалай табылғаны жөнінде мардымды ақпарат жоқ. Алайда балалар музейге табыстаған бұл монеталар уақыт өте келе маңызы зор тарихи дерекке айналды.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған бұл шығыстық нумизматика жәдігерлері (XIII-XIV ғғ.) – әртүрлі кескіндегі таңбалар. Алматының дәл түбінен табылған аталмыш көмбені еліміздің тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар Шағатай монеталарының Алматы көмбесі деп атауға болады.
Көмбенің күміс дирһемдерінің бәріне дерлік (1386 сақтам бірлік) таңбалар салынған. Белгілі бір дәуірдегі мемлекеттің саяси-экономикалық, шаруа­шылықтық, әлеуметтік әл-ауқаты мен жекелеген билеушілердің өміріне байланысты тарихи фактілерді сараптап, талдап, сол кезеңнің тарихи объективті хроникаларын қалпына келтіруде жалпы нумизматика саласының, оның ішінде таңбалы монеталардың қосымша дереккөз ретінде атқарар міндеті зор. Әдетте таңбалы монеталардың аверсінің (Av.- беткі жағы) ортасына билеуші ақсүйек әулетінің таңбасы салынып, оны айналдыра легендасы (монетаның соғылған жылы, эмитент (монетаны соқтырушы билеушінің есімі) пен ақша сарайының атауы), ал реверсіне (Rs. – артқы жағы) мұсылмандықтың белгісі «кәлима шәһада» (куәлік беру сөзі) жазылып отырды.


XIII ғасырда құрылған Шыңғыс хан империясы сол уақыттағы саяси және геосаяси мәселелерге байланысты ыдыраған соң, қазіргі Қазақстан аумағы оның ұрпақтары Жошы, Шағатай және Үгедей басқарған өз алдына дербес ұлыстардың құрамына кірді. Саяси, сауда-экономикалық, этно-мәдени және этно-әлеуметтік тығыз қарым-қатынаста болған көшпелі және жартылай көшпелі бұл ұлыстар көрші мемлекеттермен әртүрлі соғыс жүргізіп, кейде өзара қақтығысып та отырды.
Сол дәуірлердегі Шыңғыс әулетінен тараған әрбір билеуші өзі басқарған мемлекеттің экономикалық дербестігін дамыту және таныту мақсатында – арнайы ақша сарайларын (монетный двор) салдырып, өз аттарынан шығарған алтын (динар), дирһем (күміс) монеталарға таңбаларын да қоса соқтырды.
Музей қорындағы аталмыш монеталар орта ғасырларда Шағатай ұлысының құрамына кірген Алмалық, Андиган, Бұхара, Йанги, Қашғар, Кендже, Маргинан, Орду Базар, Отырар, Ош, Пулад, Самарқанд, Тараз, Термез, Ходженд, Шаш қалаларының ақша сарайларында соғылған. Шағатай монеталарының Алматы көмбесінің ішінде Бұхара, Термез қалаларында соғылғандары сан жағынан үлкен басымдыққа ие. Бұл кешеннің құрамында XVI ғасырда шыққан Жошы дангалары да кездеседі.

Музейлік тарихи тың дереккөз саналатын осы монеталарға орта ғасырларда Шағатай әулетін билеген Үгедей үйінің өкілі Қайдудың таңбасы салынған. Екі ұлыстың (Шағатай және Үгедей) басын біріктірген Қайду 1271 жылы Тараз қаласында таққа отырады. Қайдудың таңбасы ортасында белдемше сызығы бар «S» () әрпіне ұқсас. Қайдудан кейін оның ұлдары мен жақын туысқандары өздерінің атақты аталарының таңбаларын қолданған. Сондай-ақ бұл монеталарда 1281 жылы Шағатай ұлысының тағына отырған Қайдудың үзеңгілес досы, әрі cаяси одақтасы Дуаның да таңбалары жиі кездеседі. Дуаның таңбасы астыңғы жағында көлденең бір сызыққа бекітілген «Ф» () әрпіне ұқсас. Сол заманда Алматы қаласы Қайду хан иелігінің құрамына кірді. Қаланы ханның жақын туысқаны биледі. XIV ғасырдың басындағы Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы сан алуан өзара тартыстар мен соғыстар осы қаланы айналып өтпегенін байқаймыз. Бұл қала біраз уақытқа дейін тыныс-тіршілігін тоқтатты десек те артық айтпаған болар едік. Мұның дәлелі ретінде қарастырылып отырған Шағатай монеталарының Алматы көмбесінің XIV ғасырдың алғашқы онжылдығынан кейін, яғни 1307-1308 жылдардағы ойраннан кейін қалыптасқанын айтуға болады.

Қайду мен Дуа хандардың таңбалары музей қорындағы шағатай монеталарының бәріне басылған. Тек Қайду ханның немесе оның туысқандарының таңбаларын соққан ақша сарайлары: Самарқанд, Бұхара, Шаш/Ташкент, Отырар, Алматы, Қашғар, Пулад, Хотан, Орду, Еміл, Кендже, Тараз.
Қайду мен Дуа хандардың таңбаларын қатар соққан ақша сарайлары: Андиган, Алмалық, Йанги, Тараз/Йанги, Тараз, Кендже, Ош, Маргинан. Осы аттары аталған орта ғасырлық қалалардың барлығы Қайду мен Дуаның иелігіне қарады.
Кез келген таңба атадан балаға берілгенде қосымша белгілердің жалғануы немесе алынып тасталуы арқылы өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Монеталардан таңбалардың кейде тігінен, кейде көлденеңінен түсіп отырғанын байқауға болады. Кескіндері де пішіні жағынан біркелкі емес, кішірейген, үлкейген, қисайған күйінде соғылғандары да бар. Бұлардың барлығы монетаны соғуда қолданылатын Аv. және Rs. штемпелдеріне қаншалықты дұрыс жасалғанына және олардың соғылу деңгейі қандай дәрежеде дұрыс жүргізілгеніне байланысты болса керек.

Монетадағы таңба бірінші кезекте меншікті білдіретін, әрі оның заңдылығын негіздейтін, әрі қуаттайтын белгі. Сондықтан да орта ғасырларда таңба атауымен салықтың бір түрі бекер аталмаған болуы керек. Нумизматикалық ескерткіштердегі таңбалардың бірінші міндеті – шаруа­шылықтық, оның ішінде жекеменшіктің есебін жүргізумен байланысты болса, екіншісі, дербес билікті саяси мағлұмдау. Сонымен қатар монетадағы таңба оның иесінің (эмитент) ақша шығару құқығына ие болуын қамтамасыз етті. Бұл – әрине, ақша шығарушының тұрғысынан қарағандағы көзқарас. Шағатай ұлысында соғылған таңбалы монеталардың негізгі қызметтерін логикалық қисынға сай баяндасақ:
– Біріншіден, белгілі бір ақша сарайынан (қала) соғылып шыққан монетадағы таңба сол аймақтың меншік иесі мен оның ортақтасы (совладелец) туралы хабар береді.
– Екіншіден, Шағатай ұлысының барлық ақша сарайларында соғылған бүкіл монеталарына (кейбір сирек жағдайларды ескермегенде) Дуаның, Дуа мен Қайдудың немесе жеке Қайдудың, сондай-ақ Шағатай мен Үгедей ұрпақтарының таңбаларының соғылуы оларды өзге мемлекеттердің және хронология жағынан басқа уақыттың монеталарынан оңай ажыратуға мүмкіндік берді.
– Үшіншіден, монетадағы таңба оның иесінің мемлекеттік иерархиядағы мәртебесінің жоғары екенін мәлімдейді.
– Төртіншіден, монетадағы таңба кескінінің өзі Шыңғыс ұрпақтарының біреуіне тиесілі екенін көрсетеді.
– Бесіншіден, монетадағы таңба оның иесінің билік құруы, жоғарғы мансапқа жетуі жеті атасынан бері «Тәңірінің құтымен» жалғасып келе жатқанын меңзей отырып, оны заңды түрде растайды.
Сонымен, Шағатай ұлысының монеталарындағы таңбаларды зерделей отыра мынадай пайым жасауға болады. 1. Монетадағы таңба меншіктің белгісі. 2. Монетадағы таңба жеке меншіктің, әрі дербес биліктің белгісі. 3. Монетадағы таңба заңдық және саяси тұрғыдан негізделген ерекше маңызды харизмалық жүкті көтерді. 4. Таңба мұрагерлік жолымен билеушінің ұлдарының біреуіне берілді, ал қалғандары кескіндері өзгеріске түскен немесе пішіндері мүлдем өзгеше таңбаларды алды.
XIII-XIV ғасырларда Шыңғыс хан әулеті билеген түркі мемлекеттерінің монеталарындағы таңбалар әртүрлі зат-бұйым­дар мен төрт түлік малға салынған таңбалармен салыстырғанда барынша көп ақпараттық мағыналық, заңдық және саяси мәнге ие болды. Монетадағы таңба бірінші кезекте, меншікті білдірумен қатар билеушінің заңдылығын, оның «Құдай берген билігінің» пәрменділігін танытатын харизмалық күш-қуатты білдірді. Екінші кезекте, сол билеушінің «алтын ұрықты» әулетке жататынымен бірге оның ешкімге тәуелсіз жеке басының билігін, ол басқарған дербес мемлекеттің бүкіл экономикалық-әлеуметтік әлеуеті соның қолында екенін көрсетті. Үшінші кезекте, таңбалы монеталар билеушінің (эмитент) қазынасына түсетін ақшаның кіріс-шығыс бөлігі мен дүние-мүліктің есебін жүргізуге және оларды соқтырудан (сикка) түсетін салықтың көлемін бақылап отыруға көмектесетін индикатор рөлін атқарды.

Жасұлан БЕЛТЕНОВ,
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір