Қазақ арманы – төл арманымыз
«Егемен Қазақстанның» №2 санына Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы жарық көріпті. Шыны керек, оқып шығып ойға қалдық. Соңғы – алтыншы бетіндегі «!» белгісіне келіп тірелдік те, газетті шетке ысыра қойып, жазуға кірістік…
Атам қазақтың «арық сөйлеп, семіз шық» деген сөзі біреудің намысына тиіп, ашуын қоздырса, енді бірінің жүрегін де қозғамайтынға ұқсайды, ал үшіншісі секем алады екен. Сөзді кие тұтып, Сөзге бас иіп, Сөз атты Ғаламға сапар шегудің адам білмейтін жолын қазақтан сұраңызшы. Алашымның «табанына батқан шөңге, менің маңдайыма батсын»-ды қай ауыз айтар екен деп мына ел елеңдеумен келеді. Сөз салмағы таразы басына түскенде кімнің артық айтып, кімнің кем түскенін және ол іске айналғанда ғана Халық өз бағасын бере жатар! Көп түкірсе бақа ойнайтын көлшік емес, көл болатыны көңіл кілтін тапқанда жүзеге асатыны мәлім.
Сайлауға бару, «Жолдауға – қолдау» көрсету азаматтық борышымыз десек, онда жаңа бір бастамаға да мойын бұрып қарау адами міндетіміз. «Ұлт жоспары» арман сөзінен басталуының өзі арыдағы идеяны аңғартса керек. Мақаладағы қазақстандық арман, кадрдың кәсіби деңгейін көтеру, Заң саласындағы реформалар, еңбекті бағалау, ашық мемлекет, бәсекелестікті дамыту, сыртқы инвестиция, инновациялы-индустриялық бағыт туралы концепциялар ескі мен жаңа арасында туындаған, сараптан өткен салмақты дүние секілді көрінді. Ескінің жаңасын, жаңаның ескісін ала отыра Президент Бізге өз жоспарын ұсынып отыр… Алайда, Алла алдында мойындайықшы, көп айттық, көп жаздық, көп енді, көп… Дәл осы тұста елдің сенімін, сеңдей сетінеген үмітін оятып, оның аңсаған арман-аңсары, алдына қойған мақсат-мұраты, әлі де оң өзгерісті, жаңа лепті күтіп жүргенін де есепке алуымыз қажет-ақ. Әлгіндей жоспардың толыққанды жүзеге асуы үшін халықтың соған деген ынта-ықыласы, ниеті қажет екенін бәрі білер. Бұл бастама ауылдың бір ақсақалы айтпақшы, «тағы бір нәрсе шығарды ма?»-ның қанжығасында кетпес үшін, іс керек. Үмітсіз – шайтан! Бәріне де қажеті осы ғой! Жаңа жылды – Мешін жылын жаңа идеямен бастау жақсылықтың нышаны дер ек. Замана жүрегінің лүпілін, Уақыт тынысын, Ғасыр қан-тамырының соғысын уағында, дер шағында ести алсақ болғаны…
Жол – қазақтың болжампаздығын байқататын, «алты қырдың астындағыны» алыстан көретін қабілетін дамытқан фактор. Бүгінгі кезде арманға қол жеткізу үшін Қобыландының ерлігі, Ертөстіктің көзсіздігінен гөрі, Абайша тәпсірлегенде «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қажет екенін ескерейік. Бірге болсақ, бір болсақ қана Ұлы жоспарға, ұлт мүддесін биік көрсету мақсатына, алдымыздағы тым ұзақ жолды… ұлы жолды бірге жүріп өте аламыз. Сонда ғана «Американ арманы» емес, қазақ арманы – төл арманымыз бар екенін мына меңіреу Әлемге паш етеміз!..
«Қазақ әдебиеті».