Артық мақтау мен жастық кез
08.01.2016
2310
0
1d0f79d«Әдебиет әзелгі мұратынан айнымақ емес». Күні кеше дүниеден озған Әбіш Кекілбайұлы ПЕН-клубтың Ақтөбеде өткен жиынында жасаған баяндамасының тақырыбын осылай қойған екен. Көп ішінде ғұмыр кешіп, сырласуға жан таппай жалғыздықтан жапа шегіп жүрген, бірақ жазуға адал бір бейбақ қаламгердің құлағына  естілер-естілместей ғана осылай сыбырлағың келеді. Әдебиеттің болашағына алаңдаған күйреуік сезімін қайраттандыра түсіп, екі көзінің қайта шамшырақтай жарқырай түскенін қалайсың. Оның жүрегіндегі үміт отының лаулағанын көргің келеді. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Бүгінгі күні қайта-қайта айтып жүрген сөзіміздің бәрі ертеректе айтылып қойға­нын, жазылғанын да талай рет естіп, сан рет оқыдық. Пайғамбарларға түскен төрт қасиетті кітапта-ақ адамзатқа керек бү­кіл өсиет, дұрыс жол айтылып қойғанға ұқ­сайды. Тек діни ұстанымдар ғана емес, қарапайым тіршіліктегі қағидалар мен адамгершілік қасиеттердің бәрі сонда бар сияқты. Бірақ солардан бөлек бүгінге дейін жазылған, жазылмақ кітап қанша. Бір нәрсені әр түрлі формада ғана қайта­лап жатқанымыз болмаса, жаңалық аш­ып жатқан түгіміздің  жоқтығы бәсенеден белгілі жайт.  Бірақ инсан табиғаты ұмытшақ емес пе?!
Баяндамаға тақырып етіліп қойған сөз­ді, кітаптан кітап қоймай шығарып жат­қан, өзіне тиесілі, тиесілі емес атақ­тар­дың бәрін иемденіп жүрген «жазар­ман­дардың» құлағына айғайлап айтып, көз алдына үлкен әріптермен бақырайтып жазып қойғың келеді. Күні кеше ғана ит­тің етінен жек көрген адамын бүгін газет­тің бір бетіне көзін бақырайтып қойып мақтайтын принципсіз ағаның алдында ұстанымы жоқтығын айыптап, кіжінгің келеді. Тірісінде ең аяулы жанның ит те­рісін басына қаптап, жүрегін ауыртқан топтың ол өлген соң, өтірік мүләйімсіп, елден ерек қайғырған болған пәтуасыз­дығын бетіне салық қылсам дейсің. Бірақ одан өзгерер адам бар ма?! «Адам қатты өзгереді» деген сөз тек жаман жағына бай­ланысты айтылар сөз сияқты. Әлгі кітап жазғыш, кітап шығарғыштар туралы Әбіш Кекілбайұлының бір сөзі дәл айтыл­ған. «Дағдарыс – дерт. Қоғамдық дағда­рыс – қоғамдық дерттің асқынуы. Әдебиет қоғам денесіндегі қызуды айна-қатесіз дәл мөлшерлейді. Оған жолығатын дерт медицинадағы мешелге қатты ұқсайды. Әдебиеттегі дағдарыс та мешелге ұшыра­ған адамдай тез айығып кете алмайды» дейтін де өзі емес пе еді!
«…Қағаз күйелемесе басы ауыратын (графомания) адам көрмегендей асқын­дады. Ол кітап саласын біржолата өз қол­дарына қаратып алды. Бұрын жоғары жақтың қас-қабағына қарайтын – енді көшеге, бұқаралық сананың бұралаңдары мен әрқилы ағымдарға құлақ тікті. Тоғы­шарлық  көзқарастардың көңілін аулады. Неде болса, ерінбегеннің бәрі етікші бола қоймағандарымен, жүз пайыз сауатты ел екеніміз басқа салада байқал­ма­са да, кітап “бастыруда” әбден көзге ұрып тұрды. Шығатын кітаптардың саны жағы­нан баяғы көрсеткіштерімізді басып озу­ға айналдық. Жазушылық ұйым мүшелері мыңға жуықтап қалды деседі. Солай бола тұра, кітап шығару үшін сондай ұйымда тұру-тұрмау шарт болмай қалды. Біздің жазғыштардың желөкпелігі тек мұнымен ғана шектелген жоқ. Өзің шығартқан кітап­тың әрі авторына айналды. Өзі жазу­ға қабілеті жетпейтіндер өзге бір “жазарманды” жалдады. Ат шығарудың хан базары қайнай түскені сонша, шаруашылық басқарып, омырауын моншаққа толтыр­ған бір танысым: “Әлдеқашан сүйегі қу­ра­ған падишалар мен данышпандар аузыңа май, астыңа иномарка ұсынбайды ғой”, – деп ашықтан-ашық бопсалады. Неде болса, кейінгі жылдары шыққан  кітаптарға дес берсеңіз, еркектеріміздің екіден бірі не генерал Голль, не маршал Жуков, әйелдеріміздің екіден бірі құры­ғанда Диана ханшайымдай болып кеткен түрлері бар».
Сонда әдебиеттің әзелгі мұраты қан­дай еді? Ежелгі римдіктер көркем сөз шеберлерін төртке бөлген екен: шешендер, ақындар, философтар, тарихшылар. Цицерон тарихты шешендіктің жоғары түрі деп атайды. Ерте заманда, орта ға­сыр­да, гуманизм дәуірінде тарихқа осы көз­қа­распен қараған. Кейін келе ағыл­шын­дықтар әдебиетті ойлап табу дең­гейінде қа­рай бастаған соң, бүкіл әлем осы көз­қарасқа көшкен сыңайлы. Ежелгі Грек, Рим заманында шешендік өнер елдегі саяси жағдайды ғана реттеп қой­май, халыққа насихат жасаған. Жыраулар мен би-шешендердің заманында әдебиеттің қандай қызмет атқарғаны белгілі. Әр дәуірдегі шығармалар сол заманның айнасы болды. Ұстазы, үлгі көрсетушісі, сын­шысы болды. Осы әзелгі мұратынан бүгінгі әдебиет те айнымайды. Егер сол ұстанымды ұстай алмай, біздің дәуіріміз­дегі әдебиет сол мақсатты ақта­маса, біз­­дің жазып жүргеніміз әдеби шы­ғарма ма деген сауалға жауап іздеуіміз керек болады. Әрине, бүгін ақын, жазушы атан­ған ешкім өзінің шығармасын жоққа шығарғанын қаламайды. Бірақ өзіне де, шығармасына да күмәнмен қарайтын­дардың көп болғаны дұрыс сияқты. Әйт­пе­се, тым сенімді түрде ақынмын, жазушымын дейтін болдық.
Ян Парандовский жиырмасыншы ғасырдың басында «жазушы» деген сөзді шектен тыс қолданып жүргендерін жазады. Демек, ол дерт бүгін ғана пайда бол­ған құбылыс емес. Қай кезде де осылай болғанға ұқсайды. Сол сияқты, «автор» деген сөздің де күнделікті қолданатын қарапайым сөз болып, әуелгі мағынасы­нан айырылып қалғанын жазады. «Автор ол жазушының ең жоғары дәрежесі екенін бүгін ешкім ойламайды. Латын тілінен бұл сөз кеңейту, көбейту деген етістіктен шығады. Ертеректе мемлекеттің шекарасын кеңейткен қолбасшыларды осы атақ­пен марапаттайтын болған. Осы жағынан келгенде халықтың рухани байлығына үлкен үлес қосқан, әдебиет көкжиегін таңғажайып шығармаларымен кеңіткен жазушыларға ғана тиесілі ат еді. Бірақ қазір автор деп түс жоритын кітап жаз­ған­дарды да атаймыз».
Мейлі, ол сөздің қолданыс аясы тым қа­рапайымданып, мағыналық өрісі тарылса да, қалам ұстап жүрген қыз-жігіт­тер өзін «автор» болуға лайықпын ба деп осы бір көзқараспен бір рет өзіне қарап көрсінші. Қазақ руханиятының шекарасы солардың есімімен кеңіді ме, шығармасымен байыды ма? Түк жазбай жатып, көкірек керетін аурудың қайдан шыққанын таба алмай әуре болдық.
Өзі бүгін оқып білгенін жұрт білмейді деп ойлап, «жаңалық ашатындардың» тұмсығы бұл жерде жоқ. Мағауин ақса­қал­дың «Мен» ғұмырнамалық романында келтіретін «Қаламға және оның жазуына» серт деген қасиетті аятты бүгінгілер кә­дім­­гі біз ұстап жүрген қалам деп ұқса ке­рек. Мағауиннің қолданысынан кейін жаппай қайталауға ұрынған қасиетті сөздің қадірін білместен оңай қолдана салу да жазудан жүрексінбегендіктен-ау. Қорықпай жазудың, қорықпай айтудың ар жағында ішкі цензураның жоқтығы, талғамның атымен көрінбейтіндігі анық. Жасы жиырма беске жетпей тоғыз-он кітапты жазып тастадым дейтін заман­дастың «батырлығына» риза боласың. Өзі енді таныған ақынын «еленбей жүр» деп айта салатын бағаның да қалай айтылатынын болжау қиын емес. Аты Алашқа мәлім, өз жерінде үлкен баспасөз ор­талығын басқарып отырған ақынға тілек­тес болғаны, әрине, қуантады. Бірақ сорлы ғып көрсету білмегендік. Жалпы, қазір бір ақынды, жазушыны еленбей жүр деп айту модаға айналған…
***
Тұрсын Жұртбай «Жетісу» газетіне берген сұхбатында бір мысал айтады: «2011 жылы Пекиндегі ұлттар универси­те­тінде профессор ретінде дәріс бердім. Жексенбі сайын шетелдік ұстаздарды түрлі саяхат орындарына алып шығады. Ұлы Қытай қорғанына бардық. Америка, Англия, Канада, Франция, Австралия, Жапония, Моңғолия профессорлары бір­ге жүрдік. Дастарқан басында Лондоннан келген ағылшын тілі және әдебиеті пәні­нің мұғаліміне Шекспирдің «Гамлетін­дегі» бір сөзді айттым. Әйгілі «Бола ма, жоқ па?» деген. Қазақ та, қытай да ағыл­шын­шаға аударып берді. Ағылшынның мұға­лімі түсінбеді. «Сіз Шекспирдің сөзін аударып тұрсыз ба?». «Иә! Сол айтпай ма?». «Кешіріңіз, профессор, мен «Король Лирдің» маманы едім. Шекспирдің «Король Лир» деген трагедиясы бар. «Гамлет­тің» маманы емеспін». Ағылшын тілі мен әдебиетінің оқытушысы Шекспирдің «Гамлетін», біздің он жылдық білімі бар кез келген бала білетін сөздің астарын түсінбеді. Міне, осы тілге әдебиетке деген қазіргі көзқарастың үлкен қайшылығы осындайда туындайды. Демек, келешекте бізде де «Желсіз түнде жарық айды» айтатын, бірақ Абайдың кім екенін біл­мей­тін оқырман пайда болады. Қысқасы, қазақ оқырманының санасын тәрбиелеп, талаппен деңгейін өсіру керек».  Абайдың әнін айтып, өзін  білмейтіндер пайда бол­ға­лы қашан. Ағылшын тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі есесіне «Король Лирді» жақсы біледі ғой. Ал қазір бізде бәрін біл­гісі келетін, бірақ ештеңе білмейтін мамандар көп. Әр жерден үзіп-жұлып оқығанын, әр кітаптан жүгірте шала оқы­ғанын, біреуден шала естігенін қойырт­пақ­татып жазып, я айтып бергенде өзің ыңғайсызданасың. «Білмеймін» деп айтуды ар көретін қылық жастыққа ғана тән емес екен… Баяғыда бір ғұламадан сұрақтарына жауап алу үшін қиыр­дан бір жолаушы келіпті. Ғұлама жолаушының қырық сұрағының үшеуіне ғана жауап беріп, қалғанын білмейтінін айтқан. «Сіз үлкен ғұламасыз, қаншама адам сізден сабақ алады» дегенде, «мен білмейтінімді өтірік айта алмаймын» деген мазмұнда жауап бергенге ұқсайды. Ал біз қазір қырық сұрақтың үшеуіне ғана жауап бермес едік…
***
Бұрынғы зерттеулердің басын қосып, бір кітап шығарып, өзін автормын деп  жазу, оны қайта-қайта айту да ақылға оғ­аш қылық. Жас жастығын істеген шы­ғар, бірақ теледидардағы сұхбаттарын жиып-теріп, «Кітапхана» деп кітап етіп, оның басына өзін автор ғып көрсеткен ағаның қылығын түсіне алсақшы.
Талғам өзгерді дейміз. Озықты тозық­тан, жақсыны жаманнан, көркемді ұсқын­сыз­дан айыра алатын талғам бұрын қан­дай  болды екен.  Әдебиетпен ғылым­ды қатар алып жүрген бұрынғылардың классик қалпы толық бітімін сақтаған, ескірмейтін қасиеттеріне таңырқаумен қарайсыз. Бүгін журналистикаға араласса болды, әңгімелерінен де публицисти­ка­ның буы бұрқырап тұратын әлсіздік қай­дан шықты? Осы әлсіздік бізді өлер­мен­дікке әкелді. «Мен бармын» дегісі кеп әр газетке бірдеңесін тықпалаған қалам­гер ағайын. Әлеуметтік желіге тіркеліп, өз бағасын өзі түсірген ақын аға. Оның да көкейінде бар екенін сездіру. Бұқара­ның жалпақ шешейлігі мен кісімсінген сөздеріне араласып, соларға пікір жазып, талғамсыз оқырманның өтірік қолпашы мен сүйкімсіз мақтауына мас болып отырған қалпы баяғы. Арасында бір-екі пост жазып, жұртты «дүр еткізіп» қойып, желінің ар жағынан масаттана жымиятындай…
***
Жазушы айтты:
– Көтермесiн егес бой!
Талап өстi,
талғам өстi,
көп өстi ой!..
Ұйқас дейсiң,
ұйқасқанның барлығы –
ПОЭЗИЯ емес қой!
Ақын айтты:
– Салмағыңыз бiраз, ә?
Бағаланар ойлар оза,
жыл оза…
Олай болса,
ұйқаспағанның бәрi
емес, досым, ПРОЗА!
Жарасқанның осы «Жазушы мен ақын» атты әзіл-шыны аралас өлеңі езуіңіз­ге күлкі үйіргенімен терең шүңетіне тарта береді. Поэзия мен проза туралы ойлануға итермелейді. Қазіргі поэзиядағы тақпақшылдықты еске түсіреді. Проза­дағы қызыл сөз қуалап, мылжыңдауды ойға салады. Бүгінгі бір ақын, бір жазушы досым бір-біріне осы сөзді айтып тұр­ғандай. Екеуі біріне-бірі бірдеңені дәлелдегісі кеп, қызылкеңірдек болып тұрғаны. Абай атамыз айтпақшы, «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма? Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін». Ақынды тыңдасаң онікі, жазушыны тыңдасаң, сонікі дұрыс сияқты. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген ұстаным біздікі. Қайсынікі қисындырақ, соған сеніп қаламыз. Содан кейін ақынды жатып кеп мақтаймыз. Өзіміз соған қатты сенеміз. Ертесі жазушым ақындікінен қисындырақ сөз сөйлесе, кешегі мақтауымыз бен мойындауымыздан тұра кеп қашамыз. «Бай­қамаптық, жаңылыппыз» дейміз. Бізге мақтау да, одан жалтару да өте оңай. Не анаған, не мынаған ұстатпайсың. Соған өзімізді ақылды санап, рахаттанамыз. Пікіріміздің тұрақсыздығын, ойы­мыз­дың тайғақтығын ешкім байқамаған­дай «ақылман» боламыз. Ал біздің осы қалпымызға Абай күледі. «Шіркінде ес болсашы сезед деген» деп…
Поэзия бүкіл жанрдың бастауы сияқ­ты. Көп сөз зергерлері өздерінің шығар­ма­шылық жолын әуелі поэзиядан баста­ған. Оған әлем әдебиетінен де, өз әде­бие­тімізден де мысалдарды молынан келтіруге болады. Поэзия бүкіл жанрларды тізіп қойып, оларды әр мезгілге теңесе, әрине, көктем болар еді.  Осы жағы­нан алғанда поэзия жастыққа тән. Көп ақындар өздерінің бар бере алатын жемісін отыз жасына дейін төккен. Отыз жасында өлген Шелли мен Төлеген, олардан аз ғана жас үлкен Байрон, жиырмаға жетпеген жасында Рембо өлең жазуды қойды. Қазақ ақындарының көбі қырық бес жасты меже етті. Ал енді Құдай ғұмыр беріп, ұзақ жасаған ақындар да негізгі жақсы өлеңдерін сол жастық шақтарында жазған.
Парандовскийден тағы бір сөз: «Қа­лам өз табиғатымен-ақ ғажайып скипетр, кімнің маңдайына жазушы болу жазылса, ол жас кезінде-ақ саналы түрде болмаса да, ішкі түйсік арқылы өзінің сөзге билік жүргізе алатын қасиетін сезеді. Он бес жастағы пафостан арылмаған Флобердің сөзі: «Өнерге бағынайық. Ол ұлттан да, корольдер мен тәждерден де биік. Біздің жүрегімізді қасиетті диадеманы басына таққан қалпы билейді».
Жастыққа тән пафостың жарасым­дылы­ғы жас ұлғайған сайын сүйкімсіздене беретін сияқты. Уақыт өткен сайын әде­биет­ке қойылатын талаптың күшейгені сияқты, кері қарай пропорционалды түрде жылжитын пафостық сезім жас ақынға үлкен армандар жүктейді. «Жас ақын өзінің сөз виртуозы екенін көрсет­кісі келіп тұрады» дейді білетіндер. Сөз жасап, ой қуалап жазылатын жас кездегі өлеңдерге кешіріммен қараған­ның өзінде, ақындықтың жастыққа тән екенін де ұмытпаған жөн сияқты. Қай жасқа дейін сөз қуалап, пафоспен жазуға болады? Осы шекара әлі анықталмаған. Мағ­жанның, Сұлтанмахмұт пен Лермонтовтың жасына келсе де қып-қызыл сөзді езіп отырған замандастың өлеңдерін оқыған кезде біз қайда бара жатырмыз деген қорқынышты сұрақ пайда болады. Жазу­ға ыңғайы бар жас ақынды, я жазушыны шектен тыс мақтаудың кесірін де аз көріп жүрген жоқпыз. Артық мақтаудың кесі­рінен мықты ақын, жазушы болып алған жастар сенің бірауыз пікіріңді көтере алмайды. Жасы жиырмадан енді асқан адамның есімінің астына «алаштанушы-ғалым, әдебиетші-жазушы» деп анықтама бергендігі өз орнын білмеу ғой. Керісін­ше, соның мықтылығын біз мойындап, солай деп айтсақ, жарасымды, орынды болар еді. «Сын біреуді тұқырту емес, оған қанат бітіру», – деді Иранбек ағамыз. Жөн сөз! Бірақ артық мақтау оны өз қо­лың­мен құрдымға итеру. Сыныңды ысырып, мақ­тауың­ды ғана қабылдайтын за­ман­­дас­тарың тура сын айтылған уақытта ештеңе демесе де, әйтеуір бір ыңғайы келгенде өзіңді тұқыртуға тырысады.
Айбол Исламғалиев деген жас ақын­ның «Көктемгі идиллия» деген жыр кітабы шықты. Айболдың ақындық қабіле­тіне бір сәт күмәнданбайсыз. Бірақ Айболдың өлеңдерін оқып отырып, оның ақын ағаларына қатты еліктейтінін бай­қа­мау мүмкін емес. Парандовский айт­қан сияқты Айбол өзінің сөз виртуозы екенін де көрсеткісі келеді. Оқығанын білетін өлеңдері арқылы айтқысы келеді. Оның өлеңдерінде стереотиптер де бар. Ақын өлімін болжайды деген көзқарас қатты байқалады.
***
«…Ең аяулы мезеттерді есіме ап,
Періштеге күліп қарап өлсем ғой».
***
«…Алақаның жаба салсын көзімді,
Соңғы дұға оқылғанда аспаннан».
***
«…Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін,
Әділетсіз қаланың салтын күндеп».
***
Өлім туралы жырлау жасқа қарамай­тын шығар. Бірақ өлімді көп айту, тра­фарет­тік құбылыс. Ондай қалың ойға, тұманды қаланың көшесін кезгенше, тәтті сәттерді, аяулы сағыныштарды жыр­лаған өлеңдері әлдеқайда жақсы, әлдеқайда шынайы. Поэзия өмір десе, ақын үшін өмірді шынайы сүргенге ештеңе жетпесе керек.
«…Қайтем енді, аяулым, сенген едім,
Жалықтыра қоймады елді өлеңім.
«Сағындым», – деп, жүрмін ғой көкке қарап,
«Сағындым», – деп, алдашы сен де мені», –
деген сағыныш жайлы өлеңі әр оқыр­манына таныс сезім. Қайырымы бар махаббатты күтетін әр ғашық-жүректің ең іңкәр күйі.
Айболдың басқа ақындарға еліктеп жазатынын жазғыруға да болмайды. Ең бастысы, жас ақында еңбек, іздену бар. Ізденіс әрқашан өз жемісін береді. Реймонт Сенкеевичтің «Трилогиясына» қатты қызығып, өзі де жаза бастаған. Сол себепті, өзінің «Мужиктерінің» тақырыбын тауыпты. Айбол да біреулерге ұқсай жүріп, ұқсамауды іздеп жүрген болар.
Оның өлеңдерінде ақындықтың табиғаты сезіледі. Поэзия әлеміндегі идиллиясын табу үшін де ұзақ сапар керек. Ол қанша жылға созылатыны жас талаптың өзіне байланысты. Жалған филосо­фия поэзияға жат. Ой айту, оқыр­ма­нын ойландыру керек болса да, қатты дидактика оқырманды жалықты­рады. Поэзия – сұлулық. Поэзия – мөлдір. Қалың тұманды тұнық суретке түсіру де – поэзия. Бірақ оның сапасы қандай болады, ол объективке байланысты тағы. Осы жас ақынның кішкентай сүрлеуі болашақта даңғылға айнала ма, оны болжау тым қиын. Біздің қолымыздан келетіні: тек сәттілік тілеу!
***
Ә. Кекілбайұлы адамзат тарихындағы бір тәмсілді еске салады. Валак пен Валаам туралы ежелгі оқиға. «Израильдің Есорван алғанын көріп ес қалмайды. Енді кідірсе, кезек өздеріне келуі мүмкін. Валак патша әулие Валаамға ат шаптырады. Израильдықтарды дуалап беруді өтінеді. Валаам көпке дейін бұған көнбейді. Ақырында Моавқа аттанады. Енді жете бергенде астындағы есегі тырп етпей, тұрып алады. Әулие аямай қамшы басады. Аяқастынан есек сөйлеп қоя береді.   Сөйтсе, Жаратқан Ие Валаамның өз дуасын өзіне қарсы жұмсап, Израильді бір қатерден сақтап қалыпты. Өйткені, әулие бұл сапарға пара алғасын аттанған екен. Содан дуасының күші жойылыпты.
Інжіл заманындағы әулиелердің күні мұндай болғанда, қазіргі қаламгерлік еңбектің жағдайы қандай болмақ? Әлгі бір аяқ астында тіл біткен ақылды есектің айтуынша, басқаларға әсер ете алар ықпал иесі еңбегіне шын алғыстан басқа өтем дәмете алмауға тиісті екен. Оған Жаратқан әлгі ақиқаттан көзапара аттамақ болған көрсеқызар өз қожасын дер кезінде арам істен тыйдыру үшін тіл бітіріпті. Ендеше, әу бастан “Әдебиет – киелі іс” деп тегіннен тегін айтылып жүрмесе керек».
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір