Айнаш Қасым. Қазтуған толғаулары
Айнаш Қасым
Ноғайлы-қазақ әдебиеті дәуірінің өкілі – Қарға бойлы Қазтуған халқының басына төнген ауыртпалықты сезіп, елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін қамығып, кейінгі ұрпаққа сол кезең тынысы жайлы жыр қалдырған жырау. Өмірі мен шығармашылығы туралы жарияланған мәліметтерге сәйкес, ол қазіргі Астрахань облысына қарайтын Красный Яр ауданы, Еділдің төменгі салалары – Бозан, Ақтұба өзендері маңында дүниеге келген.
Қазтуғанның ғұмыр кешкен кезеңі жайлы екі түрлі пікір бар: қазақтың әдебиеттанушы ғалымдары жыраудың дүниеге келген уақытын ХV ғасырдың 20-30-жылдарымен байланыстырса, ноғай зерттеушілері Қазтуғанды ХVІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген Ноғайлы жырауларының бірі деп атап, Ноғайлы шежіресіндегі деректерге сілтеме жасайды.
Көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан Сүйініштің ұлы Қазтуған жырау Еділдің Ақтұба, Бозан салаларының бойын жайлаған түркі тайпаларының көсемі, әскербасы, һәм баһадүр болған. Жырау «Мадақ жырында» қаһарманға тән бет-бейнесі мен кескін-келбетін таныту үшін батырлар жырындағы дәстүрге сай өзінің автопортретін әсірелегенімен, көркем сипаттап берген. Келесі бір толғауында да жырау өзін «буыршынның азуына», «бөкеннің санына», «бұғының мүйізіне», «бидайықтың соғарына», «Қашағанның құрығына», «Ақ Орданың сырығына», «қойдың көсеміне» теңеп, жау жүрек батырдың өр келбетін сомдады.
Жырау ғұмыр кешкен Ноғайлы дәуірі XIV-XVI ғасырлардағы Ноғай Ордасы билігімен тікелей байланысты. «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» атты еңбектегі мәлімет бойынша, «Ноғай», ноғайлықтар, «Ноғай Ордасы» деген ұғымдар алғаш рет XVI ғасырдың басында ғана пайда болды. Бұған дейін ноғайлар өздерін «маңғыт», өз ұлысын «Маңғыт жұрты» деп атаған. Оларды көрші халықтар да осы атаумен таныған. XIII ғасырдың II жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша билеушісі түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кірген. Осыдан барып «Ноғай» ордасы ұғымы шыққан.
Тарихтан Ноғай Ордасының XVI ғасырдың II-ші жартысында бірнеше дербес иелікке ыдырауы барысында мыңдаған ноғай отбасының қазақтың Кіші жүзінің құрамына енгені белгілі. Бірақ олардың қазақтың ешбір жүзі мен руына жатпайтындығына қарамастан, тіл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып ұқсастығы бойынша қазақтар мен ноғайлар бір-біріне өте жақын халық. Ноғайлар қазақтармен бауырластығын «Ноғайлар эм казаклар быр казаннан шыккан халк» деген мақал арқылы да байланыстырады. Өзара туыс ұлттар – ноғайлар мен қазақтардың бірге көшіп жүрген заманын Ш.Уәлиханов: «Жәнібек билік құрғанда туыс екі Орда – қазақтар мен ноғайлар бірге көшіп-қонған осы заман қазақ жырларында «алтын ғасыр» деп аталады» деп жазды.
Сондықтан төсекте басы түйісіп, төскейде малы тоғысып, селбесіп тіршілік еткен ноғайлы-қазақ тұсында жазылған шығармаларды ортақ мұра, ал оларды тудырушыларды бір ұлт болмаса да, туысқан халық ретінде қарастыру керек.
«Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» атты толғауында жыраудың өзі «ноғайлы, қазақ жұртым» деп екі халықты бірлікте атап, кейінгі ұрпағының болашағына алаңдаушылық білдіріп, таусылады:
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді,
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары-ай!
Ноғайлы дәуірі әдебиетінің белді мүшесі Қазтуған жыраудан өмір, атамекен, туған ел және ел бірлігі тақырыбындағы жырдан құралған әдеби мұра қалған. Әйтсе де жырау жырлары толық сақталмаған. Біздің заманымызға Қазтуған шығармашылығының бір парасы ғана жетті деуге болады. Бірақ соның өзі жырау шығармашылығы жайынан, жырау өмір сүрген тарихи алмағайып кезең тынысынан біршама мағлұмат бере алады. Осы ретте Қазтуған поэзиясының тақырыбы жайлы ғалым Ә. Дербісәлиннің: «Қазтуған толғаулары… қазақ халқының халық болып құрыла бастау тұсындағы жақсы қоныс, жақсы мекен іздеу мәселелерінің сол алыс замандағы жаңғырығы, поэзия өмірінде сақталған шағын ескерткіш үлгісі тәрізді кейінгі дәуірге жетті. Бұлар өз дәуірі мен шығарушысы жайында кішкентай болса да елес, ұғым бере алса, поэзия эволюциясындағы белгілі бір кезеңнің көркемдік дүниетанымы тарапында нышан таныта алса, өз міндетін артығымен орындаған саналады», – деген пікірі көңілге қонымды.
Үзінді күйде жеткен «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» және «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» деп аталатын толғаулары Қазтуғанның қазақ әдебиеті тарихынан өзіндік орын алуына негіз болды.
«Ноғайлы» еңбегінің авторы Ә.Сарай ноғай ғалымы А.И.Сикалиев зерттеулеріне сілтеме жасап, Қазтуғанның «Жембойлық» атты көлемді толғауы болғанына тоқталып, «Жембойлықтар Ноғайлының бір ұлысы бола тұра Ноғайлының қарсы аттаныстарына қосылмай, қайта қалмақпен ауыз жаласып кеткен. Сөйтіп олардың өз жұртына жасаған опасыздығы дастанға арқау болған» деп жаңа бір деректің ұшығын алға тартады:
Алдаспан мен мақсым тапса,
Бұ жембойлық дегенің
Алты атасын сатады.
Әлемге әлек келгенде,
Алып ноғайлым арқа бойында
Қантөгісе өлгенде,
Бұ жембойлық туғаным,
Атандай шеке беріп жатады.
Әдебиетіміздегі жыраулар поэзиясы туған жердің тұтастығы, бүтіндігі, ел бірлігі, берекесі, тәуелсіздігі сынды келелі мәселелерді қамтуымен құнды. Ғасырлар тезіне төтеп беріп, біздің заманымызға толыққанды түрде болмаса да, жарым-жартылай жеткен жыр-толғаулардан олардың идеясы ел мүддесі болғаны дәлелдене түседі.
Ел бірлігі мен берекесі, ынтымағы, тәуелсіздігі, атақоныс, туған жердің ыстық әрі қымбат болатыны Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрт» деген толғауында шынайы көрініс тапқан. Жыраудың ғұмырбаяндық жылнамасы іспеттес осы жырдың маңызы ерекше. Атасы Сүйініштің күйеу болып барған, анасы Бозтуғанның келіншек болып түскен жұртында дүниеге келгенін ерекше ілтипатпен тілге тиек еткен жырау туған жер, өскен өлкесінің кереметтігін сипаттау арқылы перзенттік шынайы махаббатын білдіріп, елінің тәуелсіздікке қол жеткізуін көксейді, ел тұтастығын армандайды. Бұл жерде бір кездері Ноғай Ордасы салтанат құрғаны мен бүгінде ол күндердің келмеске кеткеніне өкініш білдіруі жырау жырынан анық аңғарылады:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт.
Немесе
Салп, Салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менің ордам қонған жер.
Жырау осы толғауда туған жерінің құт-береке қонған мекен екенін мадақтау үшін әсірелей суреттеуге бой ұрады. Төменгі жолдарда аллитерациялық тәсілді пайдалануы нәтижесінде әрбір жол дауыссыз «ж» дыбысынан басталып, толғаудың көркемдік ерекшелігін күшейте түскен:
Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Құт-қонып, береке ұйыған мекенді есті адамның өз еркімен тәрк етпейтіні белгілі. Бірақ ел басына күн туып, қалмақ пен орыс екі бүйірден қыспаққа алғанда Қазтуған мен оның жұрты бастарына күн туғандықтан, атақоныстан безіп, жан сақтау үшін «ұлы Ұрымға, қызы Қырымға» қоныс аударады.
Туған жерінің бел баласы Қазтуған тіпті «жабысы мен тайын да», «жары менен сайын» да теңестіріп, жырға қосады. Жырау үшін туған жердің қарапайым шырмауығы мен тамырлы жеміс – ботташық сияқты шөбі де, сазан балығы мен бақасы да ыстық. Оларды да жырау назардан тыс қалдырмай, сипаттағанда гиперболалық теңеуге жүгінеді:
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Ел іргесі сөгіліп, кіндік қаны тамған атажұрттан қол үзген кезеңде Қазтуған жырау «Қайран менің Еділім» деп күңіреніп, артында қалғандарға Еділ бойының қайырын тілейді.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!
«Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» атты толғауы «Арайна билер арайна, Арайна десем, болғай ма?!» – деп басталады. Орталық ғылыми кітапхана қорының қолжазба бөлімінде осы «Арайна» есіміне қатысты латын қәрпімен жазылған мынадай мәлімет бар: «Қазтуғанның Арайна атты жолдасы қазалы болып, өтерінде кейінгі жырлардың бәрі «Арайна» деп аталса екен деп өсиет қылыпты-мыс». Бірақ жырау шығармалары біздің заманымызға толық жетпегендіктен кейінгі толғауларында Қазтуғанның жолдасының соңғы өтінішін қалай орындағаны беймәлім. Осы толғаудан Қазтуған жыраудың елдің болашағына алаңдаушылығы, туған жердің тыныштығының қаймағы бұзылғанына күйінуі анық аңғарылады.
Туған жерден өз еркімен бас тарту қаншалықты қиын болғанына қарамастан, мұсылман баласын құтты мекендері – Еділ мен Жайық арасы мен Астраханды қоныс етпеуге, ол жерлерден қашуға шақырады. Еділден кетпесе қалмақтың басып алатыны, Жайықты тастамаса, кәпірлердің, яғни орыстардың жаулап, қала салатыны, Астрахань қаласын да солардың тартып алатыны тарихи шындыққа дөп келеді:
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Аштарханды қоныс етпеңіз,
Шәһәрін оның алады.
Ел тәуелсіздігінің туған жердің суы, тіпті тау-тасы сияқты табиғаттың құрамдас бөліктерінің азаттығымен, еркіндігімен айқындалатыны белгілі. Сондықтан жырау ұғымында Еділ, Жайық, Ойыл әлеуметтік мәнге ие. Бір Еділдің өзі жалпы ел бейнесін ассоциацияласа, Жайық – сол елдің жаны, Ойыл – халқының ақыл-парасатының ошағы – ой ұғымымен астасып жатыр. Жырау:
Еділді алса елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?
Ойылды алса ойды алар,
Ойлашы, сонда не қалар? –
деп күйінеді. Жан мен ойдан айырылған елде қауқар мен қайрат қалмайтынын білген жыраудың жаны налып, күйзеледі.
Аман-саулықты мал-жанның амандығын сұраумен бастайтын, малмен көзін ашатын қыр баласы үшін төрт түліктің маңызы зор. Қазтуғанның туған жеріндегі бір кездегі «жабағылы жас тайлақ жардай атан болып», содан көбейген Ойсылқара тұқымына да жатжұрттықтардың қол салатыны жырау жанына қаяу түсіріп, қабағына кірбің ұялатқандықтан бұл жайттар да Қазтуған жырына арқау болған:
Жаз кіреге жақсы деп,
Дулығалы нарды алар,
Қыс кіреге жақсы деп,
Шудасы қалың айырды алар.
Жырау ғұмыр кешкен кезеңде Орта Азия аумағында шамандық, тәңірлік, христиан, манихей, будда, ислам сияқты діндердің болғанына қарамастан, ислам дінінің рөлі зор болғаны Қазтуған толғауларынан жақсы көрініс тапқан. Орта ғасыр әдебиетінің өкілі Қазтуған дүниетанымындағы тәуелсіздік ұғымы ислам дінімен, мұсылмандық таным-түсініктермен, қағидаттармен астасып жатыр. Жырау төмендегі толғауында өткен күндерді армандап, кәпірлердің билігі күшейгендіктен мұсылманның басынан бағы тайып, тәуелсіздіктен айырылып, ғәріп халге түскен күйін қынжыла баяндайды:
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары-ай!
Бірақ Қазтуғанды барлық толғауында үнемі сары уайымға салынып, торыға беретін пессимист жырау деуге болмайды. Қазтуған жырау «Белгілі биік көк сеңгір» атты толғауында хас батырларға тән қажыр-қайратын ұштап, намысын қайрап, нағыз жырауларға тән екпінмен елге дем беріп, рухтандыра түседі:
Азамат ердің баласы,
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп!
Қазтуған толғауларын алғаш рет Ғабдолла Мұштақ «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» атты жинақта топтастырды. Кейін жыраудың толғаулары «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді.
Қазақ әдебиеттану ғылымында жыраулардың өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты жеке-дара ғылыми мақалар жазылып, жыраулар поэзиясының ерекшеліктері мен оның фольклорлық туындылармен байланысы жайлы мәселелер үнемі зерттеушілердің назарын аударып келді. Осы ретте белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың, әсіресе М.Мағауиннің, Қ.Сыдиқовтың, Ә.Дербісәлінің, Х.Сүйіншәлиевтің, М.Жармұхамедұлының, Ж.Тілеповтың зерттеулерін, «XV-XVII ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы», «Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» сынды ұжымдық монографияларды атаған орынды.
Академик С.Қирабаевтың «Қазақтың дербес мемлекет болып, ұлттық әдебиетін жасаған тұсына оралсақ, XV-XVII ғасырлардан басталатын жыраулар поэзиясын атаймыз. Бұл дәуірдің әдебиеті де хандар заманының идеясын жырлайды деген сылтаумен көп жыл жабық жатты» деген пайымынан жыраулар поэзиясындағы ел бірлігі, тәуелсіздік идеялары көп сөз бола қоймауының себебін түсінуге болады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ әдебиеттану ғылымында тыңға сүрен салып, беті жабулы күйде қалып жатқан мәселелер зерттеліп, жаңаша пайымдаулар мен тұжырымдар жасала бастады. Жыраулар поэзиясы да зерттеушілердің назарына ілінді. Дегенмен Қазтуған жыраудың шығармашылығы мен ғұмыр кешкен уақыты туралы деректердегі екі ғасыр айырмашылығын біріздендіру әлі де болса тереңірек зерттеуді қажет етеді.
Қорытындылай келе айтарымыз, Қазтуған – ел дағдарып, сарсылғанда соңынан жұртты ертіп, топ бастаған көсем; шаршы топта суырылып шығып, сөз сөйлеген шешен; кейінгі ұрпаққа ноғайлы-қазақ дәуірінің аужайын аңғартатын толымды жыр қалдырған жырау.
ПІКІРЛЕР1