«Қасиетті парызымызды» ұмыт қалдырмайық!
01.04.2022
3312
0

Қазақстан Республикасының
Президенті,
Жоғарғы Бас Қолбасшы
Қ.К.Тоқаевқа

Аса мәртебелі
Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің 16 наурызда жасаған Жолдауыңызды мен «Наурыз реформасы» деп атадым.
Сіз Конституцияның отыздан астам бабына өзгеріс енгізуді ұсындыңыз. Дау жоқ, Сіз ұсынған жобалар мен қабылдаған шешімдердің қай-қайсысы да тарихи оқиға ретінде қабылданды.
Әсіресе Президенттің жақын туыстарының саяси лауазымдарға тағайындалуы мен квазимемлекеттік құрылымдарды басқаруына шектеу қою және оны Конституциямен бекіту туралы бастамаңыз.
Бұл – Қазақстанды зор қауіптің бірінен мәңгі құтқаратын қорған болары хақ. Өткеннен сабақ алу деген осы. Енді Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдық тарихында президенттің жақын туыстары мен жақын адамдары жағынан сан мәрте қатерге ұшыраған тағы бір сала бар. Ол – шеттен келетін қазақ көші. Өзіңіз өте жақсы білесіз 2007 жылы Үкімет басына опасыз Кәрім Мәсімов келген күннен бастап қазақ көшінің басына қара бұлт үйіріле бастады.
Атап айтар болсақ, 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған «Шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулысының күшін жойды;
Үкімет жағынан әр жылы 20 мың отбасыға деп бөлініп келе жатқан квотаны пышақпен қиғандай тоқтатты;
Одан да сорақысы, 2011 жылдың 22 шілдесінде Тұңғыш Президенттің №478 жарлығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы Парламенттің қос палатасынан өтіп, президенттің қол қоюына барғанда, аталған заңдағы «Сондай-ақ Қазақ­стан аумағынан кеткен адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретінде тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса», – деген норманы орта жолдан алып тастаған.
Кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір жиналысында жазушы Смағұл Елубай арқылы Елбасына айтқызып, «түсіп қалған» мәтінді 17 күнде қайта қалпына келтірттік.
Тимур Құлыбаев: «Егер ереуілшілердің жетекшілері туралы айтатын болсақ, ол жақта Алматыдан барғандар жетекшілік етіп жүрген жоқ. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар. Ол жаққа келетін адамдар санын баяғыда-ақ, шектеу керек еді» – деп, 2011 жылғы «Жаңаөзен оқиғасын» шеттен келген қандастарымызға жапты.
Тимур Құлыбаевтың сол жаласы 2013 жылы желтоқсанда қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заң қабылдатумен тынды.
Оның сыртында «Халықтың көші-қоны туралы» заңына басы артық «Анықтамалар» сұрайтын нормалар енгізіп, қандастарымыздың құжаттану процесін барынша қиындатумен болды.
Одан қала берді, Өзіңіз Сыртқы істер министрі болып тұрған кезіңізде қолданысқа енгізген Қазақстанға келгісі келетін этникалық қазақтар үшін бір жылға көп мәртелі тегін виза беру тәртібін Қанат Саудабаев Сыртқы істер министрлігін басқарған мезгілде үш айға үш мәртелі виза беретін деңгейге түсіріп тастады.
Әдейі жасалған осы кедергілердің кесірінен қазақ көші бұрынғы қарқынын зор дәрежеде төмендетті. Атажұртқа оралған қандастарымыз құжаттана алмай, жемқорлық пен қағазбастылықтың құрбаны болды.
Сөзім дәйекті болу үшін айта кетейін, қисық жасалған заңдардың салдарынан, 2015 жылы 307, 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз бес жылсыз Қазақ­станға орала алмайтын әкімшілік жазаға тартылып, келген еліне қайтарылыпты.
Құдайға тәубе, күнді түнге жалғаған күресіміздің арқасында қазір көші-қон процестерін реттейтін заңнамалар Елбасымыз бен Өзіңіздің тіке араласуыңызбен сол кедергілерден айтарлықтай арылды.
Енді өтінішімізге келсек, мамандардың бағамдауына қарағанда, қазір алыс-жақын шетелдерде әлі 6-7 миллион қазақ бары айтылуда. Ертең сол қандастарымыздың бәрі болмаса да, басым бөлігі тарихи Отанына оралады. Себебі этникалық қазақтар шоғырлы қоныстанған көрші мемлекеттердегі саяси жағдайлар мен қысымдар қандастарымызды ұлттық болмысынан айырып, Қазақстанға көшуге мәжбүрлеп отыр.
Сіз Президент болып сайлана салғанда: «…Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз!» – дедіңіз.
Әрине Сіз ел басқарып тұрғанда, Ұлы көштің жолын ешкім тоса алмасы анық. Сондай-ақ алты-жеті жылдың ішінде бар қазақтың атажұртына қотарыла көшіп келуі де мүмкін емес. Бірақ өткен отыз жылдықтағы жасалған қарсылықтар мен кедергілерді ескерсек, қазақ көшінің ертеңгі болашағы бізді қатты алаңдатады. «Қазақтың санының көбеюін, Ұлттық мемлекет болып нығаюын қаламайтын ішкі және сыртқы күштер тағы қастық жасай ма?» – деп қауіптенемін. Кейбір елдерде түрмеден шығып келіп президент болған азаматтарды да көріп отырмыз. Оны ойласам, тіпті зәрем ұшады…
Сол үшін Сізден «Наурыз реформасы» қарсаңында Қазақстан Республикасының Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» – деген норма енгізуді, сөйтіп қазақ көшінің керуені мәңгі тоқтамайтын етіп шегелеп беруіңізді өтіне сұраймын. Мұндай тәжірибе әлемге тарыдай шашылған халқын жиып алуға шындап кіріскен мемлекеттердің біразында бар екен.
Мысалы, шеттегі этникалық қырғыздардың саны бір миллионға жетпейтініне қарамастан, дәл осындай норма Қырғыз Республикасы Конституциясының 50-бабының 3-бөлігінде тұр.
Аталған норма сол кездегі жас депутат Өмірбек Текебаевтың ұсынуымен және ықпал етуімен 2007 жылы Қырғыз Конституциясына енгізілген екен. Содан бері Қырғыз елінде бес президент ауысты, Қырғыз Конституциясы үш рет өзгертілді. Бірақ шеттегі этникалық қырғыздарды Отанына оралтуға арналған ол норма олардың Баш Мизамынан алынған емес, әлі де сақталуда.

Аса мәртебелі
Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Егер бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясына енсе, шекара сыртында қалған миллиондаған қандастарымыздың Отанына оралу тағдырын мәңгілікке шешіп қана қоймай, Сіз жасағалы отырған «Наурыз реформасының» тағы бір зор жетістігі ретінде бағаланып, Жаңа Қазақ­станның жаңа тарихына алтын әріппен жазылатынына сенімдімін.
Бір сөзбен айтқанда, өзіңіз айт­қан «Қасиетті парызымыздың» орындалғаны осы болып есептелер еді.
Бұл – менің ғана емес, Елімізге оралған бір жарым миллион және оралудың сәт-сағатын күтіп отырған алты-жеті миллион қандасыңыздың арманы мен тілегі деп білгейсіз.

Зор құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір