«Зайсанның жайсаң балуандары»
31.03.2022
707
0

 (Жазушы, журналист Асқар Сәбитовтің кітабына қысқаша шолу)

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ақын, жазушы, журналист, сазгер, бар ғұмырында адамгершілік мұраттарды ардақ тұтудан айнымаған абзал жан – марқұм досымыз Асқар Жұмаханұлы Сәбитов құрастырған, дұрысы, түгел дерлік өз қолымен жазып шыққан «Зайсанның жайсаң балуандары» деп аталатын жаңа кітап оқырман назарына ұсынылып отыр. Бұл – жазушының қиялынан емес, нақты шындықтан туған деректі шығарма, кейбіреулері өмірден озып, көпшілігі қазір де арамызда жүрген спорт майталмандары, дене күші мен айла-тәсілі, шеберлігі мен тәжірибесі толайым ұштасқан қазақтың атан жілікті, темір топшылы балуандары туралы жинақ. Шығармада ұлан-байтақ жеріміздің бір пұшпағынан, еліміздің бір облысының бір ғана ауданынан шыққан балуандар туралы мәліметтер келтірілген. Сонау хандық дәуірдегі, одан кейінгі патшалық Ресейдің құрамына өткен бодандық кезеңдегі, кешегі «бәлшебектер» билігі тұсындағы қадау-қадау көзге түскен балуандар емес, есейдің құрмына енгенРебірқатары спорттағы алғашқы қадамын сәбеттік кезеңде бастағанымен, негізінен еліміз тәуелсіздік алып, екі жарым ғасырға созылған отаршылықтың езгісінен арылып, сол бір сұрқай жылдары жығылған туымызды қайта көтеріп, дербес мемлекетке айналған соңғы отыз жылдың ішінде аты шығып, танымал болған қазіргі замандастарымыз жайында айтылады. «Отан­ – отбасынан басталады» деген ұлағатты сөз бар, әркімнің де патриоттық сезімі өзінің туып-өскен жерінен, ұшқан ұясынан, ауылынан, үлкен өмірге алғаш қадам басып, білім алып, ой өрісін кеңейткен, дүниетанымын қалыптастырған мектебінен тамыр тартады. Елді ел қылып, халықты ұйыстырып отыратын мәйегі, ұлт діңгегі, ел бірлігінің өзегі – еліміздің сондай бас көтерер азаматтары, туған жердің ары мен намысы үшін атойлап атқа қонар біртуар ұлдары мен қыздары. Бүгінгі балуандар – кешегі батырлар, олардың бәрі бірдей танымал бола бермейді, теледидардан көрмейсіз, кезінде атағы шықса да бұл күндері елеусіздеу күн кешіп жатқан болуы әбден ықтимал. Күнделікті көшеден көріп, күн сайын қасыңызда жүрген адамның бір кезде аудан атынан ту көтеріп, аламан бәйгеге түскенін білмеуіңіз ғажап емес. Ал оларды мақтан тұту керек, Махамбет батыр айтқандай, «өлгеннен кейін жыламай», көзі тірісінде құрметтеген жөн. Бұрын білмесеңіз – біліңіз, танымасаңыз – танысып қойыңыз, міне олардың аты-жөні, суреті, атқарған қызметі, сіңірген еңбегі түгел осы кітапта көрініс тапқан. Қарапайым ғана адамдар, ер намысы мен ел намысы  сынға түскен шақта білегін сыбанып, балағын түрініп, дүйім жұрттың алдында сайысқа түсуден тайынбаған балуандар. Зайсанның жайсаң азаматтары!

Аудан әкімі С.Зайнулдиннің алғысөзімен ашылып, филология ғылымының докторы, профессор, сол өңірден түлеп ұшқан Қ.Күдеринова ханым жалғастырған балуандар туралы жылнамадан небір сен тұр, мен атайын деп тұрған саңлақтар жөніндегі деректерге қанығасыз. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Жанәділ Атаев, педагогика ғылымының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылым академиясының құрметті профессоры Еркін Уанбаев, 1994 жылы Югославияда өткен әлем чемпионатында жасөспірімдер мен жастар арасында қоса-қабат чемпион болған Әлия Мейрамғалиева, тағы басқа көптеген балуандар туралы осы кітаптан біле аласыз. Бір-бірлеп санаған жоқпыз, бірақ кітапты асықпай парақтап шыққанда көзіміз жеткені – мұнда осы ауданнан шыққан жүзден астам балуан жайында мәліметтер келтірілген екен. Мол дерек, қымбат қазына! Және олардың спорттағы жүріп өткен жолын, жеткен жетістіктерін статистикалық тәсілмен тәптіштеп тізіп өтпей, журналистік дәйектілікті сақтай отырып, жазушылық көркем тілмен әсем суреттеген. Сөзіміз жалаң болмауы үшін мысал келтірейік.

«Ертіс өзені бастауын Қытайдағы Өр Алтайдан алғанымен, қазақтың жайсаң елінің жазық жерінде арнасы кеңейіп, суы молығып, Ақ Ертіс енді Қара Ертіс болып шымырлай ағып, Зайсан көліне келіп құяды. Осы Ертістен бір арна бөлініп шығып, қазақтың құйқалы топырағын таспадай тіліп өтіп, Ертіс-Анасының омырауын қайта келіп емеді. Оны Кендірлік өзені деп атайды»…

Халқымыздың даңқты балуан қызы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Гүлжан Исанова туралы мақала осылай басталады. Көріп тұрсыз, журналистік дәлдік пен жазушының көркем тілі мінсіз кірігіп кеткен. Өз басым «Қара Ертіс» деген тіркесті әр жерден кездестіріп жүргеніммен неліктен олай дейтінін білмейтінмін, «Ақ Ертіс» деген тіркес бар екенін мүлдем естімеппін. Енді біліп жүретін болдым. Алтайдан басталып, Зайсан көліне құятын Ертіс пен оның бір саласы Кендірлік өзені жайында айтылған екі-ақ сөйлем, соның өзі де картадағы суретті көз алдыңызға мөлдіретіп әкеліп тұрған жоқ па?

«Өкен балуан жайлы ойлансам болды, шығандап кетемін. Анасы Нұрғази марқұм да есіме түседі. Ол кісіні көзім көрді ғой, көршілес Қуаныш ауылында тұратын. Бірде әкем екеуіміз ат-арбамен Қуаныш ауылының шет жағасымен Дайыр ауылына қарай өтіп бара жатқанбыз. Қырманда жем тартылып жатыр екен. Үстінде шекпен, күләпарасын киіп, тұмшаланып алған бір адам ер азаматтың жұмысын істеп жүр. Әйел адам сияқты… Шынымен солай екен. Әлгі жем тартқышты тоқтатты да бізге қарап дауыстап:  

 – Әй, Жұмахан, арбаңды бері әкел. Екі мөшек жем қаптап қойып ем, Кәнуәрбек келіп алып кетем деген. Әлі жоқ. Өз обалы өзіне. Саған салып жіберейін. Алып кет! – деп айғай салды. Әкемнің «бәле болады» деп шыр-пыр еткеніне қарамай, атты жетектеп әкелді де екі мөшек жемді арбаның үстіне атып ұрып:

–  Әй, Жұмахан, үстін бірдеңемен жаба сал. Ал енді жөнел! Біреу-міреудің көзі шалып қалмасын, –  деп жүрдек әрі күшті торы биенің сауырынан артық еті жоқ, шымыр саусақты, күректей алақанымен салып қалды. Былай шыға бере әкем:

–  Нұрғази балуан деген тәтең осы кісі. Балалары шетінен балуан, – дегені әлі есімде. Мені баласынды ма, кім білсін. «Әй, бала, арбадан түс. Қаптың бір жақ шетін көтеріс» деген жоқ. Жем толы қаптарды жеп-жеңіл көтеріп, арбаға асықтай атып ұрғаны әлі көз алдымда».

Қандай сурет! Зайсан өңірінде аты аңызға айналған Өкенге (шын есімі Нұрмұхамбет Хасенов) балуандық өнердің, алып күштің анасынан дарығаны да, сол кездегі әлеуметтік жағдайдың кейбір қырлары да, социалистік құрылыс кезінде қарапайым адамның тұрмысына, мал-жанына ешқандай мән берілмеуі салдарынан халықтың осындай ұсақ-түйек ұрлықты күнкөрістің амалы деп біліп, ондайға арланбайтыны да – бәрі де өз-өзінен көкейіңізге құйыла қалады.Жазушының шеберлігі дегеніміз осы.

Өмір – сынақ, Құдай-Тағала беріп те сынайды, алып та сынайды. Адам баласы соның екеуіне де шыдап, барда тасымай, жоқта жасымай, талайына түскенді тоңқылдамай, тосырқамай қабыл алуға тиіс. Халқымыздың осынау даналығын көкірегіне сіңіріп өскен өрендеріміз талай жерде жолы кесіліп, жөнсіздік пен жолсыздықтың құрбаны болса да ешқашан мойыған емес. Кейде көпе-көрнеу қиянатқа, әлімжеттікке ұласып жатқан әділетсіздікке де тап болған. Сонда да налыған емес, ешкімге кектенген жоқ, жауласпады да, ондай ұсақтыққа салынудан өздерін жоғары ұстады. Соның бір мысалы ретінде балуан қыз Әлия Мейрамғалиеваны тыңдап көрейік.

«1995 жылы әлем чемпионаты Ресейде өтті. Жарыс өтпей жатып Ресей мен Украинаның, Беларустың медальдарды бөлісіп алғанын кейін білдім. Бар күш-жігерімді сала күресіп жүріп, мәреге қалай жеткенімді білмей қалдым. Ақтық айқасым беларусь қызымен. Бозкілем үстіндеміз. Лақтырамын, есептемейді. Төрт ұпайға лақтырсам менің ұпайымды оған береді. Жауырынын тигізіп, ұстап жатып алсам да есептемейді. Ақыры жеңісті беларусь қызына беріп, ол – чемпион, мен күміс жүлдегер болдым. Өкініштен өксіп жылағаным-ай! Қасымнан өтіп бара жатқан қырғыз төрешісі:

–  Азия чемпионатында қысым жасап, саған екінші орын беріп ем. Бұл жер тіпті сұмдық қой! Таза жеңістің өзін есептемейді, –  дегені»…

Әрі қарай автор жалғастырады. 

«Әлияның арманы мен мақсаты олимпиада чемпионы болу екен. Самбо олимпиадалық ойындар бағдарламасында жоқ болғандықтан дзюдоға ауысып, Қазақстанда өз салмағы бойынша №1 балуандыққа дейін жетіп, әлемдік деңгейге көтеріледі. Ендігі мақсат – олимпиада шыңын бағындыру. Бапкерлер Әлияға: «Олимпиадаға сен барасың» деп талай жыл алдап, шын мәнінде басқа қызды даярлаған. Асқақ арманынан айырылғандай болып түңілген Әлия бапкерлеріне қатты ренжіп, ұсыныс жасап жүрген осы Бауыржанына тиген де кеткен. Кейін әлгі бапкерлері жалынып-жалпайса да «күйеуім рұқсат етпейді» деп Олимпиада додасына қатысудан бас тартады»… Бұл да тектілік.   

Кітапта ғұмыр дерегін растайтын нақты құжаты болмағандықтан аңыз әңгіменің кейіпкері деп саналатын, шындығында өмірде болған, кейінгі ұрпақтары қазір арамызда жүрген алып күш иелері, нағыз халық балуандары туралы да айтылады. Жоңғарға қарсы күресте аты шығып, бүкіл қазақ даласына әйгілі болған халық қаһарманы, керейдің бас батыры Ер Жәнібектен бата алып, 18 жасынан бастап күреске түскен, өле-өлгенше жауырыны жер иіскемеген Бұланбай балуан бір төбелесте 5-6 қытайды қамшымен ұрып өлтіріпті. Және соны императордың алдына өзі барып мойындап, алып күшінің дәлелі ретінде жан баласы көтере алмаған әйдік тасты көтеріп, басына бостандық алған екен. Киесі түйе болғандықтан күресер алдында боташа боздайтын Жақтау, әйгілі Бұланбай балуанның тікелей ұрпағы, атасы көтерген тасты көтере алмаса да соған жетеқабыл, өзінен басқа ешкімнің шамасы жетпеген тасты соның қасына апарып қойған Байғозы туралы әңгімелердің ешқандай  аңыз емес, шынайы оқиғаларға негізделген өмір шындығы екенін қай қазақ та тап басып таныры сөзсіз. Өйткені біздің тарихымыз тасқа басылмаған, қағазға жазылмаған, атадан балаға ауызекі әңгіме түрінде жеткізіліп отырған. Бір ауыз өтірік қосуға болмайды оған, өйте қалсаң біреулер күмәндануы мүмкін, ал өткенінен күмәні бар халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі тұманды, алдағы уақытта ел болып сақталып қалуы қиын. Сондықтан күні кешеге дейін, сәбет өкіметінің жалған идеологиясына уланып, миымыз атала болып кеткенше қазақ баласы ешқашан өтірік айтып көрмеген. Өзін-өзі сыйлайтын адам ешқашан өтірік айтпауға тиіс. Тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартып отырған, марқұм Сәбитов Асқар Жұмаханұлы құрастырған «Зайсанның жайсаң балуандары» деп аталатын кітапта да бір ауыз өтірік жоқ екеніне күмәніңіз болмасын, құрметті оқырман.

Сөзіміздің соңында осы кітаптың жарық көруіне ұланғайыр еңбек сіңірген, автордың көзі тірісінде берген уәдесінен айнымай, өзінің жеке баспасында тергізіп, баспаханасынан басып шығарған Махмут Қосмамбетов мырзаға айырықша ризашылық білдіреміз. Жарнама деп қабылдамаңыздар, кітапты алуға ынта білдіріп, қызығушылық танытқан оқырманның «Үш қиян» баспасына хабарласуына болатынын ескерте кетпекпіз.

Нұрлан ҚАМИ, жазушы

                                              

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір