Кәмел Жүністегі.  Елін Сүйген Ерлер Партиясынан есеп
14.03.2022
1499
0

Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қазақ елі үлкен қуанышпен қарсы алып, мерекеледі. Бәрі жақсы. Ел теледидардан қаншама қазақ азаматтарының Сіздің қолыңыздан марапат алып жатқанын көріп отырды. Әрине, солай болуға тиістіде ғой. Азамат соған лайық па? Лайық болса бәрі жөн. Мейлі алсын. Бірақ Тәуелсіздіктің аспаннан салаң етіп түсе салмағаны да анық. Қазақ баласы азаттық үшін күресіп баққан, талайлар жанын құрбан еткен. Арғы тарихқа тоқталмай-ақ қоялық. Бергі, кешегі ХХ ғасырдың 60-жылдары екі жарым жылдай астыртын күрес жүргізген «Есеп», оның соңынан ілесе шығып, ел ішін елеңдеткен «Жас тұлпар» тағы тағы бірінен соң бірі шыққан астыртын ұйымдар Тәуелсіздіктің 30 жылдығында  аталмай кетті. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Марат Сембин, Хасен Қожахмет сынды ерлік көрсеткен талай азаматтардың бір де біреуінің марапатқа ие болмауын немен түсіндіруге болады.

Әрине, бұл Президенттің кінәсі емес, бұл Мемлекет басшсының маңайында жүрген министрлердің, қала мен облыс әкімдерінің, ішкі саясатты қадағалаушы азаматтардың қазақ тарихына селт етпей қарауының кешірілмес күнәсі.Бұл Ежов тасқа басып кеткен «враг народа» деген қара таңбаның әлі де өшпеген сұрқия көрінісі ме деп қалғандайсың. Бауыржан Момышұлы «Қанмен жазылған кітап» деген еңбегінде, «ерліктің атаусыз қалуы – халықтың трагедиясы» деп жазған екен.

Кешегі астыртын күрес жүргізген ұйымдардың қай-қайсы болмасын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қол қусырып келмегені анық. Әрқайсының өзіндік үлесі бар. Соған сенемін. Мен жетекшілік еткен «Есептің» (Елін Сүйген Ерлер Партиясы) мына бір атқарған істерін елге есеп  ретінде ұсына аламын.

Есеп бергенде мен түрмедегі жағдайлардан басқа, жаналғыш жендеттердің Петропавлда «Камера смертниковке» қамап қинағанын, Челябі түрмесінде пышақтап, карцерлерде сабап, ағаш кесіп жүргенімде балтаның сабы сынғаны үшін итке талатқанын сөз етпейік-ақ қояйын.  Мен жалпы бес роман, 10-нан аса хикаяттар мен әңгімелер жинағының, зерттеу кітаптарының авторымын. Олардың қандай қиындықта жүріп жазылғаны туралы осы арада айта кетсем артық болмас. 

Елге қайтып оралған соң, ендігі жол бейбіт күрес жолы болу керек деп шештік.  Халықты сол арқылы ұйқыдан ояту керек,  32-нің қырғынын  37-нің сұмдығын зерттеп, елге беру керек. Атын атауға тыйым салған Бұхар жырау, Асан қайғы, Шортанбай жырау,  Мағжан ақынның  жырларын тауып  жасырын түрде  елге тарату қажет.  Сол сияқты Қыздарбек күйшінің   атылып кеткен  шәкірттерінің  күйлерін  сақтап қалуды міндетіміз деп таптық. Орыс мектебіне физрук болып орналастым. Дені орыс. Жақтырмай қарсы алды.

1966 жылы Қарағанды радиосы «С чего начинается Родина?» деген әнді К. Жүнісовке арнап береміз» деп хабарлаған еді. Үстімнен алғашқы арыз сарт ете қалды. ЧК келді. Тексерді. Кім ұйымдастырды? Қандай қатынасы бар? Біраз сүйрелеп барып тоқтады.

Ештеңе жазуға болмайды.  «Үйіңнен бір бет жазба тапсақ, тағы 10 жылға айдаймыз» деп ЧК қатты ескерткен.

1967 жыл. Қараша айы. Тарихтан сабақ беріп жүрмін. Саяси сенімсіз адам неге тарихты оқытады деген күңкіл жетерлік.  Ойда-жоқта сабағыма Е. Ахметов кірді. Ол инспектор емес. Басқа мектепте музыкадан сабақ беретін. Сірә, күңкілдеуші топтың әсері ме? Не тексеріс, әлі күнге түсінбеймін.

1968 жыл.  Қайрақты кенішінде  28 жыл бойы ұстатпай жүрген Дауылбаймен кездесіп қалдым  Кім екенімді білген соң ол батасын берді  Бұл кісінің Дауылбай екенін  қайын атам Тұрекеңнің,  «ей, мынау Дауылбай ғой!» дегенінен білдім .    

1968 жыл. Рухани шаршап жүрмін. Ештеңе жазуға болмайтыны қатты қинайды. Бұл деген  аузы  мұрыныңды бітеп, тұншықтырғанмен бірдей. Өзімді басу үшін аңшылықпен айналысамын. Жәкен, Қоңыр деген жігіттер маған ілескен. Жәкен: «Райкомдағы кейбір қулар: «Сен Кәмелмен бірге жүресің, ол саған не айтып жүр, не деп азғырады?» деп, мазамды алады», – дейді.

1969 жыл. Үт айы.  Оқу бөлімі біздің үйге екі орысты орналастырды. Аудандағы гуманитарлық пәндерді оқыту жағдайымен таныспақшы екен. Біреуі Свердлов жағынан. Тарихшы екені көрініп тұр. Екіншісі қайдан екенін ашып айтпады. Ол мектепке барған да жоқ. Күндіз бірер сағат шығып келеді де үйде отырады. «Кітаптарың жақсы екен» деп үйдегі бар кітап, қағазды қотарып шықты. Тарихшысы үш күн бойы сабағыма кірген. Кетерінде «Вы отлично ведете урок. Зачем пишут?» деп қалды. Сонау жоғары жаққа арыз кеткен ғой.

1969 жыл. Бұдан бұрын Ескей жыршымен кездесіп, жүк машинасының үстінде теріс қарап отырып, ол оқыған Мағжанның өлендерін бірен саран әріппен өзім танитындай етіп жазып алаған едім. Енді бүгін өзі іздеп үйге келді. «Батыр Баянның» ғажайып нұсқасын ерекше көркем тілмен жырлап отыр. Жазып алатын құрал жоқ соған қатты өкіндім.

1970 жыл. Анекдот айтқансып, менен сыр тартқандардан құтыла алмай қойдым. СЭС-те істейтін бір жігіт Карл Маркс туралы, «әлгі Карло Мырло» деп бастап социализмді жамандаған болады. Ана бір мектептің мұғалімі «әйелдер күнін неге жасаған» деген анекдотты шұбыртады. Иә, сол мұғалім мен ұсталғаннан кейін 10 классты бітіріп жатқан інім Рашид туралы, «халық жауының інісі. Мұны да құрту керек» деген еді.

1971 жыл. Жазған бірен саран өлеңдерімді әкем ұстаған құран мен басқа да кітаптардың арасына жасырып қойғам.

1972 жыл. Қазан айы. Орыс мектебінде (қазаққа бізді жолатпайды) оқу ісінің меңгерушісі болып істеп жүр едім. Үстімнен облысқа тағы арыз кетіпті. «Бывший халық жауы, көкейіндегі көне көксеуінен қайтпаған» оны неге завуч қояды дегендей.

1973 жыл. Аздап жазып жүрген күнделігім жоғалып кетті. Лагерде бірге болған жолдастарымның адрестері де жоғалған. Олар – «ЧК» кез келген уақытта  есікті ашып үйге кіре береді ғой.

1975 жыл. Жаңа мектепке кіргенбіз. Директор Қабжанды октябрь айында орнынан алып тастаған. Мектеп өте суық. Бірінші этажда +10-12 градус, екінші этажда +7 градус, үшінші этажда +5 градус. Даладағы аяз – 35 градус. Мұғалімдердің де, балалардың да киініп жүруін тапсырдым.

Екінші тоқсанның ортасында Дәрия жағынан бір орыс әйелін әкелген еді директорлыққа. «Сіз неге директор болмайсыз?» – дейді ол. Қайдан білсін. Ол әйел екінші аптада кетіп тынды.

Шала-жансар мектеп жағдайын көруге Райком, Райсполком дегеннен ешкім аяқ баспайды. Мектепті алып шығу үшін 3-4 жігіттің басын қосып арпалыстық. Білемін. Мектеп қақаған аяздан қатып қалуға жақын тұр. Жылу жүйесі бір қатса, бәрінің талқаны шығады. Мұның соңы «халық жауы әдейі қатырды» болып шығуы мүмкін. Оның арты тағы «айдау».

Май айының үші күні завучтықтан босату туралы оқу бөліміне өтініш бердім. К.Әбілдин қабыл алмады.

1976 жыл. 2-3 қыркүйек айы. Мектепте 900-ге жуық оқушы бар. Немісі мен орысы 50-60 қана бала. Басқасы тегіс қазақ. Орысшадан хабары жоқ, не шала-пала сөйлейтін баланы әке-шешесі орыс мектебіне сүйрейді. Сол балалардың көбі 6 не 7 классқа дейін тілі жетіп, орысша еркін сөйлей алмайды, сол себептен оқуға деген ықыласы да төмен, не сөнген.

Мұны тоқтату үшін (әрі балалар қазақша оқысын деген ниет бар) бірінші классқа қабылданатын балаларды сұрыптау ұйымдастырдым. 50-ден аса баланы көрші қазақ мектепке жіберттім. Ең қызығы, соларды алып кету үшін сол мектептен бір мұғалім келмеді. Түсінемін. Олардың «халық жауы» менімен қатынаста болғысы келмейді.

1977 жыл. Қаңтар айы. «Запорожец» деген машина алдым. Тағы арыз. Кім алып берді? Қайдан алды? Мұндай адамның мәшинелі болуы қауіпті. Қайда барып, не істеп жүргенін кім біледі, кім бақылайды. (Сол қауіптері дұрыс-ау, осы. Көлігімнің арқасында Шортанбай жырауды, Қыздарбек күйшіні біраз зерттедім. 1984 жылы 24 октябрьде түнде үйден шығып кетіп, Ағыбай батыр басына көктас қойдық қой. Тағы-тағы талай іс тындырдым).

1977 жыл.  Шілде айы.Шортанбайдың жырларын айтқандығы үшін екі рет сотталып, 18 жыл түрмеде болған Анарбек жыршымен кездестім. Ол кісінің керемет тәуіптігі де бар. Сонысы үшін өзін әлі қудалайтын көрінеді. Менімен жылап көріскендей болды.

1977 жыл. Тамыз айы. Қызылтау өңіріндегі шопандар тойына бардым. Бұл жақта алғаш болуым. Көпшілік жұртты танымаймын. Қатарласа берген бір жігіт, «сізді танымадық, қай жақтан боласыз» деді. Ақсу — Аюлыдан екенімді айтып аты-жөнімді атадым. «Е-е, – деді ол, – естуім бар. Сол жердегі бір жігіт үкіметке қарсы болыпты, пікірі түзу емес дегенді естігенбіз, ол сен екенсің ғой. Ал айтшы, не болып қалды соншама, қарсы шығатындай?» Жасқансамда іштегі жатқан кейбір пікірді айта бастадым. Қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқанын, қазақ кадрларының өспейтіндігін, экологиямыздың бүліншілікке ұшырағанын сөз еткенмін. Бейтаныс жігітім Ағадыр ауданының комсомол комитетінің басшысы екен. «Бос сөз бәрі, еліміздің дамығандығын көре алмайтындардың шығарған әңгімесі. Міне, жүрміз ғой өсіп, қазақ кадрлары өсіп жатыр. Көре алмайсыңдар. Сендерді жер қалай көтеріп жүр?» – деп өзеуреп екі қолын әрлі-бері сілтеп үлкен жиналыста отырғандай, екілене жөнелді. Мынаның жанында енді қалу қауіпті екендігін түсіндім де, ебін тауып сытылып кеттім. Иә, оның сол жерде мені ұстап беруі мүмкін еді.

1978 жыл.  Қазан айы. Арыз. Леонид Ильич Брежневке. «К.Жүнісов – бұрынғы саяси қылмыскер. Балаларымызды орыс мектебіне алдыртпайды» деген арыз кетті.

1978 жыл.  17 шілде. Алматыға бару үшін поезға мінгенбіз. Поезға билет жоқ. Бірақ зайыбым Ғалия екеумізге екі кісілік купені кассыдағылардың біреуі өзі әкеп берді. Поездің асханасынан барып ас ішкен едік. Купеге келісімен екеумізде сілейіп ұйықтап қалыппыз. Оянсақ, жерде 25 сом ақша жатыр. Қалталарымызды сипасақ бір тиын ақша қалмапты. Бәрін сыпырып кеткен. Бұл әрине ЧК-нің жұмысы. Мені Жазушылар одағына барғызбаудың амалы. Төлеубайдан қарызға 1мың теңге сұрап алдық. Ертеңгі таңертенгі 10-ның шамасында Жазушылар одағының есігін ашқанбыз, бір кабинетте Қадыр Мырзалиев пен Қалихан Ысқақов отыр екен. Өлең әкелдім деген соң Қадыр қолын созған. «Ертең кел, жігітім, оқып қоярмыз» деді. Онан шығып Олжастың кабинетіне келдім. Мән жайымды естіген соң, сіздер туралы естуім бар еді деп қуана қарсы алды. Олжасқа да жазған өлеңдерімнің екінші данасын беріп кеттім. Бұлардың ішінде лагерде жазған бірен-саран өлеңдерде бар еді. Ертеңінде жолыққанымызда Қадыр «Қымыз» деген өлеңіме қайта-қайта тоқтап, «мынау қалай?» дей берді. Мен: «Қадеке, орыстың ормандарын еріксіз аралап келген жайым бар еді» дедім. Қадыр сұңғыла екен: «Жігітім, мұңайма, ол ормандарды бабаларың басқаша аралаған», – деді. Қалихан тұрып: «Кеше айттым ғой, мына жігіт тегін адам емес деп. Ал, жігітім, өлеңге бойың да, ойың да сыймайды екен. Сібіріңді сағынып жүрмесең өлеңіңді қой. Прозаға көш», –  деп  жөн айтты.

1978 жыл. «Бұрынғы политзаключенный неге завуч болып істеп жүр? Оны қуу керек!» деген шу шықты.

1979 жыл. Анарбектен Шортанбай жыраудың жырларын магнитафонға жазып алдым.

1979 жыл. Мойынтыдағы  Қази ақын 90 жаста екен. Қыздарбек күйші туралы мол мәліметтерді жазып алдым. Келер жылы Қази кайтыс  болды

1979 жыл. «Жұлдыз» журналына «Апақтың құласы» деген әңгімем шықты. Күні бүгінге дейін бірде-бір әңгімемді бірде-бір газет қабылдамаған еді. Редакторлар  аты-жөнімді естігенде үркіп кетеді.

1979 жыл. 2 қыркүйек-20 қыркүйек. Ақтөбеден бірінші классқа алып келген Монахов деген бала қазақша сайрап тұр. Орысшасы шала. Әрі 15 км Ақтөбеден келіп оқу керек. Бар қазақтың баласы орысша оқуда. Ал сонда бір орыстың баласы неге қазақша оқымайды? Іште ыза мен өкініш.  Монаховты машинаға салып алып, Ақтөбеге мектепке тапсырдым. Тағы арыз кетті. Арызданушы әке-шешесі емес, өзіміздің қазақ. «Міне, көрдіңдер ме, қазақ түгілі орыстың баласын орысша мектепке алмайды» деген. Тексеріс келді. Тартыстық. «Монаховты күнде мектепке әкеліп тұрасыңдар ма?» деймін. Оны ешкім мойнына алмайды. Ақыры Монахов қазақша оқыды.

1980 жыл. 28 декабрь. Жаңа жылды қарсы алу сәтіндеміз. Мектеп алдындағы алаңға біраз хайуанаттардың мүсінін қардан соқтырып қойдым. Мұрат Бөдешұлы бастаған жігіттерге үлкен плакаттарға жеке-жеке он екі мүшелге кіретін хайуанаттардың суретін салдырып, шырша мейрамы өтетін спорт залдың қабырғаларына айнала ілдірттім. Мектептің директоры А. Суворова дем аламын деп үйіне кеткен. Кім жеткізгенін білмедім, директор құстай ұшып жетіп келді. Келді де айқайға басты: «Что за безобразие? Кто позволил вам проповедовать исламскую религию? Что за ужас?».  «Здесь нет никакой религий» деймін. «Это что, это что» деп суреттерді көрсетіп булығып жатыр. «Тогда я буду вешать портрет Иссуса Христа». «Пожалуйста» дедім мен. «Итак мы празднуем мнимый день рождение Христа под видом нового года». Беті қайтқан мектеп директоры ашуға булығып шыға жөнелді.

1980 жыл. Қазақстанның Ресейге «өз еркімен қосылғандығының» пәленбай жылдығы келе жатыр деген дақпырт жиналыстар басталған. Соның біріне барудан бас тарттым. «Неге?» десті. «Қазақстан қатын емес». «Не дейсің?». «Қазақстан қатын емес. Байға тиерде қатыннан ғана сұрайды, өз еркіңмен тидің бе, әлде зорлады ма?» – деп жауап бердім. Менің «Қазақстан қатын емес» дегенім елді шошындырды. Ол сөзім жетер жеріне жетті.

Иә, аман қалмадық. Мамыр айының 23 күні кешке балаларымды дәрі шашып талдырып тастап, КГБ үйді тінту жасады.   Мәселе, мені тізе бүктіруде еді. Жығылып, жалындырғысы  келген.

5 жасар қызым Аяш атасының үйіне қашып кетті. Бізді өлтірейін деп жатыр деп. Күнде таңертен жүгіріп келеді де, біздің амандығымызды көріп, құстай ұшып қаша жөнеледі. Өзінде үрей. Осы жағдай қара күзге дейін жалғасты. Мен берікпін. Ал отбасым қасіреттің үстінде. Көрші-қолаң, жолдас дегендер біздің  үйге келуді қойған.

Бір түнде Алматыға жеттім. Осы сұмдықты досым Қалихан Ысқақовқа айтып едім, түсі бұзылып кетті. Сабырлы адам еді. «Енді байқа. Мыналар сені өлтіруге бет алған екен. Осы уақиғаны енді айтсаң, ажалыңды жақындатасың. Пышақтың жүзінде тұрсың. Түнде далаға шықпа. Күндіз де далада жалғыз жүрме. Ерекше сақтан» деп қоштасып, жылдамдатып пойызға мінгізіп жіберді. Қалекең осы сөзін өзі өмірден өткенше айтып, ескертіп өтті.

1980 жыл.  Шілде айы. Шортанбай жыраудың басына көк тас қойдық. Оны «Қазақ әдебиетіне» әдейі арнап тұрып жаздым. Газеттің редакторы Шерхан Мұртазаға барып, Шортанбай туралы жазғанымды ұсындым. Егер материалды жарияламайтын болса, қара халықтан бес-он мың адамның қолын жинап, Алматыдағы, одан ары Мәскеудегі ЦК ға жолдайтынымды айттым.

1980 жыл. Қазан айының 19-ы. Тағы да арыз. «Жау ниетінен қайтпаған адам». Бұл жолы ЦК-ға жазыпты. ЦК-ның өкілі (Орталық комитеттің өкілі) И.Қанапиянов Ж.Қошанов деген тексере келген. Ауданға шақырды. Ауданның  І хатшысы М. Абаханов тексерушімен бірге отыр. Ауданға алғаш келгенде мектеп аралай келген Абаханов: «Жігітім, жүзің өте таңқаларлық, іскерлігің көрініп тұр, сені оқу бөлімі басшысы қойсам ба екен?» – деген еді. Қазір жүзі солғындау. Тексеруші сан сұрақтың астына алған. Бірер сағаттан кейін босатты. Әзірше тұтқындаған жоқ.

1981 жыл.  Қазан айы. Оқу бөлімінің тарихшылар секциясының жылдағы отырысын мен басқарамын. Қазақ тарихына әр класста 7-8 сағат қана беріледі. Оның өзін Ресей тарихының әр кезеңіне бір сағаттан шашып жіберген. Секцияның отырысында «осы қалай, балалар не түсінеді мынадан?» деген сауал тастадым. Тарихшылар «иә, дым түсінбейді» деп қостай кетті. Ендеше, әр класстағы сол 7 не 8 сағаттың басын біріктіріп, тұтастай оқытайық» деген едім, бәрі қостады, жыл бойы қазақ тарихын солай оқытып келе жаттық.      Мұнымыз әлде кімдерге ұнамапты. Тағы арыз.

Тексеруші бар тарихшыны шақыртып, зілді-зілді сөздер айтты. Кінәні маған артып жатыр. Тарихшылардың басы салбырап кетіпті. Үнсіз едік, кенет Просторный мектебінің тарихшысы Н.Злоедова: «Почему вы его обвиняете, вы все решили так, почему молчите?» – деп шыға келді. Бұрма мектебінің мұғалімі Н.Шанникова «В чем его вина» деп талай сөз айтты. Бұлар Қазақстанға айдалып келгендердің ұрпағы еді. Үнсіздік бұзылды. Кәмен Ибраев, Марал Туғанбаевтар қостай жөнелген. Шуылдасып кетті. Ескерту алып, оны да риза етіп, шығарып салдық.

Иә, бір күні (күні күнделікте бар) көрші мектептің мұғалімі М. Қосылбеков: «Кәмел, саған айтарым бар. Сенің үстіңнен соңғы арызды айдаушылардың ішінде біздің мектеп директоры бар», – деп және де біраз адамның атын айтқан. Аты-жөндерін атағым келмейді, балаларына обал.

1982 жыл. «Дос көңілі» деген алғашқы кітабым шықты. Бергенім он бес баспа табақ еді. Шығарғаны үш табақ. Қалғанын цензура жібермей қалыпты.

1982 жыл. «Мектеп оқушылары үзілісте қазақша сөйлейді. Бұл сіздің әсеріңіз» деп директор Суворова жиі ренжиді. Енді, міне, Педсовет. Оқушылардың сабақ үлгерімінің төмендігі олардың қазақша сөйлеуі десіп жатыр. Әнебір өзеуреген қатын: «Надо запретить детям даже дома разговаривать на казахском языке», – деп лепіріп тұр. Тағы біреуі, «неге біздегі еркектер қазақша сөйлеседі?» деді. Еркек дегені төрт-ақ адам. Тас маған атылып жатыр. Қызу талқы. Біз үнсізбіз. Жұбайым Ғалияға мұндай мәселеге араласпа деп тапсырғанмын. Шыдау керек. Шыдай алсақ үндемей жүріп біраз іс атқаруға болады. Бұлардың бізді мектептен қуу туралы мәселе көтеруі мүмкін. Онда түбі неміс А.В. ғана қарсы шығар. Орысшаны жақтағандар барып-барып шаршап тынды Құрал ғана, «қазақшаны күштеп тыю –Конститутцияны бұзу» деп қалды.     

1983 жыл. Мамыр айы.Үкімет пен партия басына Черненко келген. Мектеп, оқу саласы жөнінде біраз пікірі газеттерге шыққан. Соны талқылап, қостау жиналысы бізде де өткен. Ауданнан келгендер сөзді маған берді. Черненконың пікірін негізінен қолдай отырып, тағы мынандай-мынандай өзгерістер енгізсе, өте дұрыс болар еді деп сөзімді аяқтаған едім. Төртінші күні Ағадырдан КГБ-нің адамы келді. Капитан екен, фамилиясы есте жоқ. Үстімнен «Үкімет пен партия саясатына қарсы» деген арыз түсіпті. Әр сөзімді жіктеп, дәлелдеп айтып шықтым. «Мына айтқандарыңыздың бәрі дұрыс қой. Сізді халық жауы деп жазып еді» дейді капитан. Директорымыз Телпекбаевтың өңі бұзылып кетіпті. Қорыққаны да.

1983жыл. Қыркүйек айы. Көшеде «Шолақ Мәшен» аталып кеткен азамат бұрылып келіп амандасты. Кеңшоқы жағының адамы. «Бір айтарым бар еді саған, ішіме симай жүр» деді. «Осы қыста Жезқазғаннан пойызға мініп, күні бойғы жүгірістен шаршап, купенің үстіңгі полкасына жата кеткенмін, ұйықтап қалыппын. Пойыз біраз жүрген соң ояндым. Астымда отырған екі адам ортаға бір коньякты қойып, қызу әңгімеге кірескен екен. Байқаймын біреуі капитан шендес, КГБ-нің қызметкері. Бір кезде ол жанындағысына, «ей, ана жатқан кім? Сөзімізді естіп отырмасын» деді. Жүзі ақ сары Мәшен орысқа қатты ұқсайтын. Жанындағы жігіт «орыс қой, мас қой деймін, мен келгелі басын көтермей қорылдап жатыр» деді. «Е, жарайды ендеше, – деді капитан. – Сен әлгі біздің тапсырмамызды орындап жүрсің бе? «Жұлдыз» журналында көптен істеп жүрсің, анау Кәмел Жүнісов деген сендерге жиі барады. Оның редакцияға апарған әңгіме, повестерін еш уақытта «Жұлдызға» шығаруға болмайды. Осыны есіңе мықтап сақтап ал». «Иә-иә, – дейді «Жұлдызда» істейтін жазушы. – Оқимыз да сырып тастаймыз жазғанын. Бірақ, итің талантты, жақсы жазады. Жаудың осылай жазатынына таңмын. Өткенде «Қоңыр құлжа» деген повестін біреуге ретін тауып, өзің пайдалан деп ұрлап беріп жібердік». «Дұрыс жасағансыңдар, – дейді капитан, – Жүнісов деген ізін білдірмейтін нағыз жау. Талай жігіттерді де, сұлу қыздарды да өзіне жанастырып бақтық. Бірақ бірде-біреуін өзіне жақындатпайды. Ал сендер тапсырысты мықтап орындап тұрыңдар». Осы екеуінің әңгімесін естіген сайын, беттеріне қарамай, қорыққаннан қорылымды үдетіп жата бердім. Таң біліне Жарыққа жеттік-ау, анау екеуі ұйықтап қалған. Мен білдірмей киіндім де, ептеп сырғып түсіп, аман-есен сол жерден кеткеніме қуандым. Қалай тірі жүрсіңдер. Осыны айтайын деген едім» деді Шолақ Мәшен.

1984 жылы оқу бөліміне инспектор болып ауыстым. Енді мектепте қалуға болмайды. Жоғарғы класта «Обществоведение» деген сабақта әр кез ретін тауып, талай-талай толғамды ой-пікірлерді оқушы санасына сіңіретін едім. Бақылауға түсіп қалдым. Ендігі қызметім – инспектор. Оқу бөлімінің басшысы Төлен  Мусинді   Райкомға шақырып, АПО басшысы, үшінші хатшы мен туралы қатты ескерту жасапты. «Қатты бақылау керек, жүріс-тұрысын, өзгелермен  арақатынасын назарда ұстау керек», – депті.

1985 жылдың 19 наурызында Оқу бөліміндегі әріпесім Амандықов Тезекбай маған былай деді: «Кеше  Төлен Мусин мен  Зәрубай Сүйіндіковті райком бастығы Абақанов шақырып алып, тура 2 сағат әңгімелесіпті. «Әлгі Кәмел не істеп жүр? Зейнолласы да сонда. Районаны көтересіңдер ме, әлде құлатасыңдар ма? Кәмел не жазып жүр? Байқаңдар, бәле болмасын. Оған сенуге болмайды. Директорларға тапсырыңдар, сақ болсын», – депті».   Оның сөзінен ұққаным, бізге қатысты  сақтық шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.  КГБ бізді қайта қолға алып жатқанын сезіп жүрдік. КГБ Абақановқа тапсырыс берген ғой. Түрменің есігі тағы ашылып келе жатқандай…

1985 жыл. Т.Мусинге Райкомнан Мұқашев деген адам  2 рет телефон шалып,  бізді және біздің әйелдерімізді оқу саласынан жұмыстан шығарған приказды алып келуін тапсырыпты. Кеше Райкомдағы  жиналыста Талды мектебінде бір қыздың жүкті болып қалуына оқу бөлімі кінәлі дескен. «Өйткені ол жерді Алашордашы (Кәмел, Зейнолла) басып алған, соларды қуу керек», –  деген шешім қабылданыпты.

Бірінші хатшы Абахановқа бардым. Қонаевқа баратынымды естігенде қатты абыржыды. «Мен емес, мұны III хатшы Потапова айтты», – деді. Потапова Абахановқа жапты. Сасқан  Потапова сөз арасында облыс басшысы Давыдов өзін Шетке хатшылыққа жіберерде: «Осындай ярый националист бар. Оларды «ежовых рукавицах» ұстау керек» деп тапсырды», –  дегенді де айтып жіберді

1985 жылы «Жұлдыз» журналына Олжас Сүлейменовтің тікелей араласуымен «Көксеу» атты повесім жарық көрді. Алматыға барған едім. Қалихан Ысқақовтың кабинетінде Сырбай Мәуленов, Ақселеу отыр екен. «Сені бұлар еш уақытта да жарыққа шығармауы керек еді. «Көксеуіңді» оқыдым. Өте жақсы хикая. Бұлар сенен жеңіліп барып, амал жоқтықтан жариялағанын түсініп отырмын. Тап осылай жазатын азамат қазаққа керек қой. Тартынба», – деді. Иә, біз саяси лагерьде жүргенде латыш Кнут Скуинекстің сол лагерьде жазған өлеңдері Латвияның газеттерінде жарық көріп жататын. Ал біз сол лагерьден босап келгенімізден бері 20 жылдай уақыт өтсе де, көрген күніміз мынау. Неткен сорлы халық едік. 

1986 жылы  «Құба белдер» романын жаза бастадым. Жазғанымнан  жазбай отырған уақытым өте көп. Кітап жарыққа шығар деген үміт аз. Әрі-беріден соң өзімнің де қайда боларымды кім білсін?!

1987 жылы Алматыдағы мұғалімдерді жетілдіру институтында бізге лекция оқыған Юрий Аравин деген біреу  қазақтың домбырасы туралы қисынсыз әңгіме айтты. Тіпті «Одна палка, два струны… Онымен қандай музыканы жетістіріп орындауға болады?» – деп күлді. Қол көтеріп, сөйлеуге рұқсат сұрадым да, орнымнан тұрып: «Сіздің мұныңыз қателік, сол домбырамен поляктың «Поланез Огинскиін» орындап жүр біздің жігіттер. Ал менің үйімде көнеден келе жатқан жеті түрлі домбырам бар», – деп Аравинді жерге қараттым. Қазақтың күйлері, домбырасы туралы екі сағаттық лекция оқыдым.

1987 жыл. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін ел іші аласапыран күй кешіп жатқан. Сәуір айында Алматыға шақырылып, жан-жақты  тексерілдік. Бұл – ұзақ әңгіме. Қайта келдік. Желтоқсан жастарын даттаған жиналыс барлық  жерде өтіп жатыр. Бізге Райкомнан К.Тілеубергенов келген. Біраз сілкіледі жастарды. «Пікір айтыңдар», – деді. Бәрі – үнсіз. Мен де – үнсізбін. Қашанғы кеудемді оққа тоса берейін. «Сіз, сіз айтыңыз», – деп бәрі мені нұсқайды. «Мына халық сізді нұсқап отыр, сіз сөйлеңіз», – деп ширықты Райком өкілі. «Жоғарғы я төменгілердің бірінен қателік кеткенде…» – деп бастап қазақ жастарын жақтап, ұзақ сөйледім. Райком өкілі ширықты.  «Біз сізді білеміз, қостамай тұрсыз бізді. Сөзіңіз тап бір жаудың сөзі секілді», – деп тәмамдады ол сөзін.

1987 жылы  «Жазушы» баспасынан «Көне хикая» деген кітабым шықты. Соңғы сәтте әлдебіреулер кітабымды шығармауға тырысқан екен. Бас редактор – Мұхтар Мағауин табан тіреп айтысып отырып, еріксіз шығартыпты.

1987 жыл. Жаппай кісі атуды зерттеу мақсатында Зекен Бәкіров деген ақсақалды алып, «Қос доңғал» жаққа бардық. Мақсатым  жасырын түрде осы жайт  туралы деректі фильм жасау болды.

1987 жыл. Алматыда жетілдіру институтында курста жүргенімізде Жәрдемалиева (есімі еске түспей тұр) деген келіншек бізге төрт сағат лекция оқуға тиісті еді. Ол кісі лекциясын былай қоя тұрып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы ашына сөз сөйледі. Төбе шашың тік тұратын оқиғалар. Мен бұның жайдан-жай кете салмайтынын  білдім. Жанымдағы қазақ жігіттеріне: «Ертең тексеріс болады, мойындамаудың амалын қарастырыңдар», – дегенді айттым. Іле курстағы орыстар Жәрдемаливаның үстінен арыз жазыпты. Алматыдан ауылға аман-есен келген едім. Бір айдан кейін жазылған арыз бойынша екі рет жауапқа шақырылдым. Қалай болғанда да, мойындамадым. Жәрдемалиеваның лекциясын «міне, былай деген еді» деп қайталап айтып бердім. Ежірейген бәлелерден зорға құтылдым.

1988 жыл. Шет ауданының 60 жылдық мерейтойы келіп қалды. Аудан басшысы Сағымбай Медеубаев баяндамасын оқып тұрып: «32-нің аштығы туралы халыққа кеңінен айтайық», – деген менің ұсынысымда қабыл алғанын жеткізді. Райкомның  Мұқашев деген қызметкерін 10 күндік іссапармен архивтен материал әкелуге жіберген. Оның әкелген материалы кісі күлерлік. «Шетте 12 мың адам болған екен, соның 2 мыңы аштан өлген», – деген қағаз әкелді. «Бұл өтірік», – дедім мен. Маған архивке кіруге рұқсат жоқ. Сонда да райкомның 1-хатшысы –Медеубаевтың ерекше нұсқау жолдауымен архивтің табалдырығын аттадым. Сөйтіп, пәленбай күн отырып, Шетте 48311 қазақ болғанын, содан 1933 жылы 5021 адамның тірі қалғанын тауып алып келдім.

1988 жылы ашаршылық кезең және жаппай кісі ату туралы деректі фильмді  түсіру жұмыстарын (жасырын түрде) бастадық.

1989 жыл. Жұрттың беті бері бұрылған. Осыны пайдаланып аудан басшысы С.Медеубаевқа Наурыз мейрамын  өткізу туралы ұсыныс жасадым. Наурыздың  17-сі күні  алғаш рет Наурызды тойладық. Райкомнан С.Медеубаев қана жүрді. Райком, Рай исполкомның қалған қызметкерлері терезеден сығалап отырды. Милиция бастығы С.Адамбеков те арамызда…

1990 жылы ашаршылық және топтап кісі ату туралы директі фильмді түсіріп біттік.

1990 жылы. Қазақ тілі қоғамын құру қарсаңында  ІІІ секретар Л.Русиновамен  сөзге келіп қалдық. «Бізді қуып жатырсыңдар. Қайда барамыз?» – деді ол. «Сізге ең жақын жер – Корея», – деп жауап беруге тура келді. Қазақ тілі қоғамының жиналысына оқу бөлімінің жігіттері келген жоқ.

1991 жылы «Өнер» баспасынан «Көксеу» атты кітабым жарық көрді. Баспаның директоры Сұлтан Оразалинов менің кім екенімді естігенде: «Ойбай-ау, 1960-жылдары сендердің листовкаларынды мен де таратқанмын», – деп біраз оқиғаны айтты.

1991 жылы үстімнен тағы арыз түсіпті. «Беті қайтпаған ұлтшыл. Түрмеде шіріту керек», – депті. Мұны облыста жүріп  естіген жазушы Аппаз Қаражігітов қатты үрейленіп, таң атысымен  маған телефон шалды. «Бізде зәре жоқ. Ал сен сабырлы кейпіңде қалай отырсың?» – деген еді ол сонда.

1991 жыл. ГКЧП деген шыққан райкомдағылар қуанып жүр. Мені мұқатады. «Азар  болса, тағы  бір соттарсыңдар, бірақ бұл ұзаққа бармайды. Хунтадай болып отырсыңдар ғой», –  дедім.

1992 жыл. Аудандық газетке редактор болып келдім. Сол күні газет атауы «Заман» деп  өзгертілді. Бұрын «Ильич туы» еді. Райкомдағы жиналыста шу шықты. «Заман» деп өзгертуге кім рұқсат берді? «Ильич туы» неге алып тасталынды?» – деген мәселе көтерілді.

«Социализм құлап жатыр. Неге соны сақтауға ұмтылып, көшеге шықпадыңдар? Соны айтып, ту ұстап шығар кім бар, кәне?» – дедім. Бәрі үнсіз қалды.

1993 жыл. Шортанбай жыраудың 175 жылдығына орай жыраудың ғұмырнамасы бойынша Алматыдан телехабар жүргіздім. Жанымда Жеңіс Қашқынов болды.

 1994 жыл. Почтадан телефон соқты. Христиан дінін үгіттеген 500 кітап жеткізіліпті. «Келіңіз», – дейді маған. Бардық. Жанымда – Жәкен Ақыжанов. Бухгалтерім – Асқар. «Бұл туралы әкімшілікке неге айтпайсыңдар?» – десем, «Қойш соларды», – деп қолын сілтейді. «Қазір жоямын», – деп 500 кітапты машинаға тиеп алдым. Бес-алты кітапты: «Балаларға әжетке қажет», – деп әйелдер сұрап алды. Нұра тасып жатыр еді. 500 кітапты да өзенге лақтырдық.  Ертеңінде бұрынғы райкомда істеген, кейіннен әкімшілікке ауысқан  шенеуніктер бізге қарсы шығып: «Ол – кітап қой. Мұнысы несі?!» – деп арызданды.

1994 жыл. Христиан дінін үгіттеушілер көбейіп кетті. Ешкім қарсы шара қолданып жатқан жоқ. Үйге Жоғарғы Қайрақты руднигінен Тілеутай келді. «Міне,  үшінші жыл… Поптар екі-үш шатыр  тігіп алып, алажаздай елді үгіттейді», – дейді ол. «Кет» дегенді тыңдамайды екен. «Ауылда тентек балалар бар ма? Соларды түнде атқа мінгізіп, қолдарына от тұтанған таяқ беріп,  поптардың палаткаларына лақтырт», – дедім. Әйтеуір кісі шығыны болған жоқ. Поптар да қайтып  бұл маңға келмеді.

1995 жылдың желтоқсаны… «Облыс басшысы Нағыманов сізді оппазицияның басшысы дейді», – дегенді айтты бәр кісі. «Бұл қай сөзі? Ел босып барады. Бір үзім нанға зар отбасылар бар. Осыны айтқанымыз қате болып па?» – дедім аң-таң болып.

 1997 жыл. Ақадырды бізге қосқан. Екі сымы бір-біріне жанаса кетсе, біреудің сөзін екінші адам ести беретін телефон арқылы  әкімшілікке жаңадан  орналасқан К.Тілеубергеновтың Ақадырдағы біреумен (атын атамай қояйын) сөйлесіп жатқаны естіліп қалды…. «Заман» газетінің журналистерін сілейте жамандап жатыр. «Анау – ішкіштеу, анау – сүмелек, ана бір шал – сондай… Сау адам жоқ. Редакторы – К.Жүністегі қожа. Әуелі соны құрту керек», – дейді.

Келесі бөлмеде отырған менің журналистерім де жүгіре кірді. Олар да тыңдап отырыпты. «Не сұмдық?» – дейді Зәбира. Рымтай, Болат, Серғазылар да – ашулы. Бр сөзінде Тілеубергенов: «Фин.отделге айтып, редакцияға қаржы бергізбеу керек», – дегенді де  айтты (Осы Тілеубергенов кейін аудан әкімі болды-ау).

1997 жыл. Қарашаның 2-сінде әкімшілікте жиналыс өтіпті. Ішкі саясаттағылар: «Аудандық газет көне мұраны жиі зерттеп жазады. Мұны тоқтату керек», – деп бұрқыраған екен.

1998 жылы газеттің орысша бөлімін жауып тастадым. Қып-қызыл айқасқа түстік. Мені жұмыстан қумақ болып жанталасқандар да бар.

2000 жылы газетте ономастикалық мәселелерді көтеріп, орысша қойылған ауыл, совхоз атауларын өзгертуді ұсындық. Ішкі саясат: «Бізбен келіспей осындай мәселелерді көтереді, бізді тіпті танығысы келмейді», – деп аудан әкіміне арыз түсіріпті.

2010 жыл. 1993 жылы Шортанбай жыраудың 175 жылдығы алғаш рет республика көлемінде аталып, Шетте тойы өтті. Музейге Шортанбай есімі берілген еді. Енді, міне, сол тұстағы әкім – Тілеубергеновтің (1996 жылы жастарды жамандап, жиналыс өткізіп, өзімізді қырып кете жаздап еді) ықпалымен  музейден әулие Шортекеңнің есімі алынып тасталды.

2011 жыл. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы. Үлкен жиналыс…  Арнаулы медаль үлестіріліп жатыр. Біз құр қалдық. Тілеубергеновтің ісі. «Әй, Кәмел мен Зейнолланың аты аталып, ескерілмеуі не сұмдық?» – деп, тарихшы  Жібек Құрманова айқай         салды соенда…

2018 жыл. Шортанбай жыраудың туғанына 200 жыл толды. «Мерейтойын өткізбейміз», – деп жазып жатыр жоғарыдағылар. «Оны көтерген К.Жүністегіні соттау керек», – деседі бәз біреулер. Бірінші арыз мамыр айында, екіншісі тамызда жазылған. Тәуелсіздік күрескері Шортанбайды алып тастасақ, сол сияқты ұлт тлғасы  Махамбетті, Дулат, Мұратты да «құрту» керек қой… Әрідегі Бұқар жырау да соның кебін кешеді. Қызылдардың заманының идеясы, теріс оқу сіңіп кеткендер осыны көксейді.   Отызыншы жылдардың елесі емей немене?

2020 жыл. Музейге Шортанбай жырау есімін қайтару  туралы мәселе көтердік. 72 адам қол қойды. Жазушылар одағы қолдап отыр. Шортанбайды «сарт» деген,  мені де жамандаған арыз түсті.

Ал, ендеше… Қай заманда өмір сүріп жатырмыз?!

Шортанбай – сарт, Махамбет – қызылбас, Едіге батыр – ноғай-маңғыт, Мұхтар Әуезов – қожа, Ғ.Мүсірепов – түркімен, М.Сералин – қожа болды. Ы.Алтынсариннің  түбі белгісіз деп, Бұқарға да ауыз салған. Абайға жармасты, қазақпын деп әлемді тамсандырған Димашымызға тиісті. Осыны тиятын билік қайда? Пасық рушылдық неге өршіп тұр? Бұл – мемлекеттің  іргесін шайқалтар қауіпті дерт.

        Өткен заманның заңы мен түсінігі бойынша ойлайтындар мені кешіре қояр ма екен?

 8 сыныпта  әдебиет сабағында «Бұқар, Шортанбай, Асан қайғы деген ақындарды  неге оқытпайды?» –  деп шу шығарғаным бар.

9 сыныпта «Дарвинизмді»  оқыдық. «Дарвинизм – дәлелденбеген жалған ғылым. Тарих сабағында орыстың «керемет» патшалары, батырлары оқытылады. Қазақтың оларды он орайтын  хан, батырлары жайлы оқу, оқыту бағдарламасы неге дұрыс жүйеленбеген? Көсемдері жоқ халық құрып кетуге тиіс. Ал қазақ өз тарихымен келе жатыр», – дегенді айттық.        Әдебиет сабағы тыныш өтпеді.

10 сыныпты бітірдік. Мектеп директоры Ш.Амантурлин аттестатыма тарих сабағынан 4 деген баға қойып берді. Мен дауласа кеттім. «Сіз сонау 5 сыныптан  бастап бүкіл журналды алдырыңыз. Мен еш уақытта 4 деген баға алған емеспін. Барлық бағам – 5. Кешегі емтиханды да  5-ке тапсырдым. Сіз неге маған 4 қойып отырсыз?» – дедім. «Мен сен үшін болашақта жауап бере алмаймын», – деді директор Амантурлин. Сөйтіп, ол менің болашақта саяси қылмыскер болатынымды болжағандай екен. Содан қорқыпты…

  17 жасымда  Едіге батырды іздеп, зерттей бастағанымын (Ұзақ жылдан соң «Едіге» романым шықты).

   20 жастан аса бере  «ЕСЕП» партиясын құрып, даланың да, қаланың да қазағының жүрегіне ұшқын тастап, дүрліктірдік.        

   Сотталып елге оралған соң:   Шортанбай  өмірінің назардан тыс қалған  беймәлім  тұстарын зерттегенімді;         

    Қыздарбек күйші мен оның атылып кеткен шәкірттері  – Әбди, Сембек, Мақаш, Ақмолда т.б. күйшілердің  бар туындыларын тауып, домбыраларына дейін жинағанымды, олардың күйлерін жасырын таратқанымды,  10 жыл бойы іздеп, Итаяқ күйшінің Шошақтың шөліндегі мазарын тапқанымды; 

  Мағжанның,   Ахметтің,  Міржақыптың өлеңдерін  жасырын жинап, елге таныстырғанымды,  Мағжанның «Батыр Баян»  дастанының озық үлгісін Сәкен Жүнісов, М.Мағауин, Сырбай,  Фариза, Ақселеу, Қалихан, С.Асқар, Т.Кәкішев,  т.б. тұлғалардың  тыңдауын ұйымдастырғанымды;

  Кенесары қамалын  зерттеп,  «Кенесарының құдығын  қалпына келтірейік», – деп жар  салғанымды;

   Ашаршылықты зерттеп, бір ғана Шет ауданының 48311 қазағынан 5021 адам тірі  қалғанын дәлелдегенімді;

  Жаппай   кісі  ату туралы  деректі  фильм   жасатқанымды, «Апат»  деген роман жазғанымды; 

Аспан әлемінің қазақы танымын зерттеп,  жұлдыздардың қазақы атауын  қазаққа қайтып бергенімді қалай айтпайын.    

Менің бар өмірім мен  істерімнен хабардар болып жүрген М.Мағауин:

– Сен совет үкіметіне рақмет айт, –  деген еді бірде.

– Неге?  – дедім мен.

– Біріншіден, көшеде келе жатқаныңда төбеңнен тас түсіріп, миыңды талқан етпегеніне; Екіншіден, қызылда тұрған машина сен өтіп бара жатқанда жүйткіп келіп, мылжалап кетпегеніне; Үшіншіден, көшеде сені бір алақұстың пышақ салып, ішек-қарныңды ақтарып кетпегеніне, – деп еді ол кісі сөзін жалғастырып.

Ащы болса да, бұл – шындық.

Аштықпен репрессияға ұшырағандарды зерттеуді тағдыр менің маңдайыма жазыпты.

 1915 жылы Қосдоңғал, Күйген сай деген жерде атылған 27 адамға (оның ішінде  1 жасар бала бар)  аталас туысқандарын жинап, көк тас қойғыздым. Аудан әкімшілігі, музей қызметкерлері бұл іске араласқысы келмеді.

 2018 жылы Совет заманында атын атауға тыйым салынып, қалың қарағанның ішінде жатқан ұлы Шортанбай жыраудың басын қарайттым (уақытша болса да). Облыстан еш көмек болмады.

 2020 жылы – 1937 жылы 3 қарашада  атылған, көмілген жерлерін менен басқа ешкім білмейтін азаматтардың жатқан жерін қоршаттым.

 2021 жылы – 1932 жылы аштан қырылып, бір шұңқырға көмілген 425 адамның жатқан жерін қоршаттым.

 Әлі де атқарылуға тиіс жұмыстар жетерлік. Мен өмір сүріп отырған Ақсу-Аюлыдан 170 км. қашықтықтағы  Құрманбай сайында атылған 10 адамның мүрдесі әлі ескерусіз.

 Ауданның басында атылған 32 адамның атылған жеріне де, көмілген жеріне де әлі көк тас қойылған жоқ. Олардың жатқан жерін мен ғана білемін.

 Аштық пен нақақтан-нақақ «ату жазасына» ұшыраған азаматтар туралы 1988-1990 жылдары біз жасырын түсірген «Сұрапыл жылдар зардабы» деген деректі фильм әлі көрсетілген жоқ.

  Ішінде аштықтан 100-ден аса бала қырылған балалар үйі 2016 жылға дейін аман тұрған еді. Сол үйдің іргесі әлі де бүтін тұр. Шатырын, т.б тұстарын құлатуға пәрмен берген  әкімдер аман-есен. Сол үйді түзетіп, бір көк тас қойса болар еді.

Әлі де жасалмай, жасауға қолым жетпей (аздаған зейнетақым қайсысына жетсін) жатқан талай жұмыстар бар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында түрменің азабын көрген, не өмір бойы КГБ-ның бақылауында болған азаматтардың аталмай қалуын түсіне алмадық. 

Әрине, мұның бәрін Мемлекет басшысының қабылдауында болып, жеке айтқан  дұрыс болар еді. Бірақ ондай мүмкіндіктен ада пендеміз ғой.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

Қарағанды обл, Шет ауданы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір