Жанар Жанапиянова. Сорға айналған бақ
09.03.2022
3769
0

Жанар ЖАНАПИЯНОВА

Мен ол кезде алты жаста едім. Бірақ сол күннің оқиғасы әлі күнге көз алдымда. Апам бөлмеге сөйлей кіріп: – «Неғып жатырсың, Еркін ағаң әскерден келді ғой», – деді де шифонерден бір затты алып, шығып кетті.
Осы мен неге бар қызықтан қалып қоя­тынымды білмеймін. Өткен жылы Мұқан ағамның тойы басталмай жатып ұйықтап қалыппын. Міне, елдің бәрі сөз қылатын Еркін ағам әскерден келген кезде тағы да ұйықтап жатқанымды қарасаңшы… Кешеден бері біздің үйдегілер Толқынай жеңешеме көмектесіп жүр. Құрбым Айгүлдің айтуынша, әскерден келген кезде «встреча» жасайды екен, яғни той сияқты дайындалып жатыр. Ал мен ұйықтап қалыппын. Жылайын десем, үйде ешкім жоқ, сондықтан елдің бәріне өкпелеп жүріп киіне бастадым. Еркін ағаны тек суреттен ғана көргем. Оның қалай әскерге кеткені есімде жоқ. Әжемнің айтуынша, мен ол кезде әлі есімді білмейді екенмін. Бірақ менен үлкен қыздардың Еркін аға туралы айтқанда, естері кететін. Өйткені менің суреттен көрген ағам өте көрікті болатын. Айгүл айтпақшы, оның сұлу әпкесі Еркін ағаның болашақ келіншегі. Әрине Алтын әпке сұлу, бірақ менің ойымша, ағам одан да сұлу. Суретін көрдім ғой.
Киіне сала Толқынай жеңешемнің үйі­не тура тарттым. Ол кісілермен біз көрші тұрамыз. Алысқа барудың қажеті жоқ. Күнде кіріп-шығып жүрген үйге кіргеніммен, абыр-сабыр қонақтарды көріп және маған қарап жатқан адамның жоғын байқап, есіктің алдында тұрып қалдым. Қонақ бөлмеде үлкен кісілерге ет тартып жатыр екен. Толқынай жеңешем баласының аман-есен әскери борышын өтеп келгеніне үлкен кісілерді жинап, «садақа» таратуда.
Қабырғаны жағалай қонақ бөлменің есігіне келдім. Төр жақта отырған әжем мені байқап: «Ойбай, менің қызым келіпті ғой, маған өткізіп жіберіңдер», – деп отырған кісілердің назарын маған аударт­ты. Ұйықтап қалғаным бар, өзім киініп келгенім бар, әжемнің мені оятпай тастап кеткені және бар, әжемнің дауысын ести сала бөлмені басыма көтеріп, жылап тұрып алдым. «Әжесінің қызы ренжіп қалыпты, кім ренжітті?!» деп отырғандардың бәрі асты-үстіме түсіп жатса да, әжем өзі келіп көтеріп алса да, өксігім басылмай әжемнің алдында ықылық атып біраз отырдым. Әжем еркелетіп алдарқатып, қолыма қойдың бір құлағын ұстатқан соң ғана тынышталғанымды білемін.
Енді жан-жағыма қарап, Еркін ағамды іздей бастадым. Ол әскер киімін әлі шешпепті. Мен оны бірден таныдым, суреттегіден де сұлу кісі екен. Қыздардың бәрі ғашық болатындай екен деген ойда отырдым. Ол Айгүлдің емес, менің ағам болғанына ішімнен қуанып та отырмын. Өйткені «қап-қара Айгүлдің ағасы болса түрі жаман болар еді ғой», – деп те ойлап қоямын. Мен осы уақытқа дейін бірде-бір ер-азаматқа адам баласының «сұлу» деп айтқанын естімеппін. Ал Еркін ағам туралы елдің бәрі «сұлу» дегенді қосып айтатын.
Сыртқа шықтым. Айгүл көшеде жүр екен. «Еркін ағаңды көрдің бе?» – деді ол мені көрген жерден. «Әрине, көрдім, ол менің ағам ғой», – деп өзімше болып тұр едім. Айгүл: «Мен оны түнде келген кезде көрдім, машинадан түсіп жатқан кезде Алтын әпкем екеуміз терезеден қарап тұрдық» – деді.
«Осы мен неге маубаспын» деген ой тағы да қылаң етті, бірақ Айгүл кешке «встреча» болатынын, оған осы жақын жердегі үлкен қыздардың бәрі келетінін айтып тұрғандықтан көп қайғыра қоймадым. Оған Алтын әпкесі айтыпты. Ал Алтын әпке айтса, онда бәрі келеді. Мен Айгүлден «барлық үлкен қыздар келе ме?» деп қайта сұрадым. Өйткені Толқынай жеңешемнің бар арманы – Еркін ағамыз әскерден келген соң үйлендіріп, келін түсіру еді. Ал менің сұлу ағам, ең сұлу келіншек әкелетініне сенімді едім.
Айгүл екеуміз жеңешемнің сиыр қорасының артына барып, осы уақытқа дейін Еркін аға сияқты сұлу жігітті көрмегенімізді, егер біздің үлкен болып өскенімізше күтетін болса, екеуміз оған күйеуге шығатынымызды айтып, содан ол менің ағам болғандықтан мен өзім тұрмысқа шығатын болып, екеуміз сол үшін ренжісіп тарастық.
Айгүлмен ұрысып қалғасын қайта үйге келдім. Сыртта Еркін ағам шылым шегіп тұр екен. Мені көре сала бас салып құшақтап, аспанға көтеріп, бетімнен қайта-қайта сүйіп, жыныма тиді. Мен оған кішкентай қыз емеспін ғой. Мектепке барғаныма тура бір ай болды.
Еркін ағам туралы көп естігем. Әсіресе, үлкен әпкелерімнің әңгімелерін өтірік ұйықтап жатып талай тыңдағанмын. Еркіннің сұлулығына қызықпайтын қыз жоқ екен. Оның үйіне талай қыз келіп, оған ғашық екендерін өздері айтқан көрінеді. Еркін аға әскерге кеткенше талай қызбен жүріпті. Мен олардың айтып отырған қыздарының көбісін танитынмын. Біздің ауыл үлкен емес, бірақ сол қыздардың көбісінің күйеулері бар. Қазір олардың біразы көрші ауылдың жігіттеріне күйеуге шығып кеткен.
Кешкі «встречаға» жастар жинала бастады. Әсіресе, қыздар көп келді. Мен әжемнің «жүр» дегенін тыңдамай, жеңешемнің үйінде қалып қойдым. Әжем кешке жиналатын жастардың ортасында үлкендер мен кішкентайлардың болмауы керек деп қанша жалынса да, мен оған өзімнің «үлкен болып бойжеткенімді» дәлелдеп жатқанымда, Еркін ағам естіп қойып әжемнен «ұйықтап қалса» өзі апарып тастайтынын айтып, алып қалды. Осы менің ұйықтап қалатынымды елдің бәрі біліп алған ба? Білсе біле берсін, менің бұл жолы мүлдем ұйықтағым келіп отырған жоқ. Айгүл де Алтын әпкесінен қалмай келіп алды. Енді, тіпті ұйықтамаймыз. Жастар дастархан басына жиналғанша, Айгүл екеуміз диванда күтіп отырғанбыз, әжемнің «тұра ғой» деген дауысынан ояндым. Қалай ұйықтап қалдым, үйге қалай келдім, тағы да есімде жоқ. Сөйтіп Еркін ағамның «встречасын» көре алмай қалдым.
Елдің арасында Еркін кімді алады, кімнің қызымен жүріп жүр, қайда жұмысқа шықты деген әңгіме өте көп. Бірақ мен Еркін кімді алса да, ең сұлу, ең керемет қызды алып келетініне сенімді едім. Жаңа жылда апам мен әжем жеңешемнің үйіне баруды көбейтті. Өйткені Еркін ағам апама осы жаңа жылда келін әкелетінін айтыпты. Әжем мен апамның сыбырлап, «балалар естіп қоймасын» деп айтып отырған әңгімелерінен түсінгенім – Еркін ағам бір қызды екіқабат етіп қойыпты. Сондықтан сол қызды алатын болыпты. Айгүл менімен сөйлеспейді, қайтіп сөйлессін, Еркін ағам оның әпкесі Алтынды алмайтын болды. Әрине, Алтын өте жақсы, сұлу қыз, бірақ ол біздің көрші ғой, оны қалай алатынын мен түсінбей-ақ қойдым.

* * *
Арада біраз уақыт өтті. Жаңа жыл күні ағам келіншек әкелді. Апамның сөзімен айтқанда «екі метр бойы бар Мырзажігіт кіп-кішкентай, бойы бір қарыс, көзі сығырайған қызды қайдан тауып алған». Тіпті, қара дәу Мұқан ағамның әкелген келіншегі одан гөрі әдемі, шашы белінен келетін аппақ қыз болатын. Сол есіме түскен мен жас жеңешемді көріп, әдемі қыз емес екен деп ойладым. Еркін ағамның келіншегі қазақ болса да қазақша білмейді екен. Әжем «ойбай, онымен қалай сөйлесеміз енді» деп қайғырып жүр. Дүрілдеп беташар өтті, жаз шыға той да өтті.
Тойдан соң Еркін ағам апасы мен келіншегін алып қалаға көшіп кетті. Себебі, Айгүлдің Алтын әпкесі де оң босағада отырып көтеріп қойыпты. Ол өзінің екі қабат екенін білген кезде Еркін ағам келіншек түсіріп қойған көрінеді. Содан Алтын әпке шарананы алдырам деп ауруханаға барады да, бір нәрсе дұрыс болмай көп уақыт ауырған көрінеді. Айгүлдің айтуынша, өлім аузынан қайтқан. Сондықтан олар да көшіп кетті. Толқынай жеңешемдердің бұл оқиғадан кейін ауылда тұруға беттері қалмады. Әжем мен апам олар жүктерін тиеп біткенше көмектесіп жүрді де, олар машинаға міне берген кезде жылап-сықтап әрең қоштасты. Әсіресе, жеңешем әбден жылады.
Ес білгелі кіріп-шығып жүрген жеңешемнің үйінде енді басқа біреулер тұрып жатыр. Уақыт зырылдап өте берді. Біздің үйдегі әңгіме үстінде кез келген уақыт «жеңешемдер көшпей тұрып, көшіп кеткен соң» деп бөлінетін болды. Жеңешем басында ауылға жиі келіп-кетіп жүрді де, кейіннен немерелері болған соң келуін азайта бастады.
Тәуелсіздік алып, қиын-қыстау заман келіп әркім өз басымен әлек болып, ауылда нан тауып жеу оңай болмай тұрған кезде, Еркін ағам керісінше саудамен айналысқан соң жағдайы өте жақсы болды. Ол кісі ауылға немістің «Мерседес» машинасымен келетін болды. Ауылда ең бірінші шетелдік машина мінген де ағам болды. Әкем мен шешем «Құдайға шүкір, адам болды, жастық кезіндегі серілігін қойып, ақыл кірді» деп ағам келіп-кеткен сайын шүкіршілік жасап отыратын. Бірақ бұл жағдай ұзаққа созылған жоқ. «Еркін екі баласы мен әйелін тастап, басқа жас қызды алыпты» деген өсек гуілдеп кетті. Елдің айтуынша, жеңгемізді Еркін «менсінбей» тастап кетіпті. Жағдайы жақсарған соң бір досы 18 жасар қарындасын­ беріпті. Дүрілдетіп той жасапты. Әрине, біздің үйдегілердің ешқайсысы барған жоқ. Өйткені жеңешем бірінші келіні мен немерелерінің қасында қалыпты.

* * *
Осылай жылдар зымырап өтіп жатты. Мектепті бітіріп, институтқа түсу үшін әкем мені ертіп қалаға, жеңешемнің үйіне келдік. Біз келді деген соң амандасуға Еркін ағам жас әйелімен келді. Отызға жаңа толған ағам кемеліне нағыз келген екен. Ауылда жүрген кезде-ақ «Еркін «тіпті сұлу» болып кетіпті дегенді естіп жүргенбіз. Бірақ жас әйел алғалы көрмеген ағамды тіпті танымай қалдым. Өйткені тура шетелдік журналдардан көріп жүрген әртіс модельдерден аумай қалыпты. Әкем інісінің сәлемін салқын алып, дұрыс сөйлеспеді. Жеңешем мүлдем баласымен сөйлеспейді екен. Өйткені баласы осы он жылда талай қызбен жүріп, талай қыздың көз жасына қалған, бірінші келіншегіне көрсетпегенді көрсеткен көрінеді. «Міне, енді 18 жасар қыз алып отыр, онымен қанша уақыт тұратынын кім білсін? Талай қыз осы үйге ішін шермейтіп жылап келді, ана көршінің қызы Алтынды айтсаңшы, өмірін осы ініңнің серілігінің арқасында бұзып, баласыз жүр. Бұл інің адам болмайды» деп әкеме жылап алған жеңешем, «өлсем осы бірінші келіннің қолынан шығамын, осы келін маған адалынан кездесті» деп отырды. Ағам аз уақыт бізбен отырды да, кетіп қалды. Жеңешем «ана жас қатыны тіпті балаларынан қызғанады, етегінен ұстап жүреді» деп артынан сөйлеп қалды. Ағам ештеңе айтпай шығып кетті.
Мен оқуға түстім, жатақханаға орналасып, студенттік өмірім басталды. Содан Еркін ағамды 5 жылдай көрмедім-ау деймін. Ал кәрі жеңешем мен оның қолында қалған жас жеңешемнің үйіне анда-санда барып тұратынмын. Оқу бітірер жылы жеңешем қайтыс болды да, ағамды с-ол кезде жаназада көрдім. Ол тағы басқа жап-жас қызбен келді. Әйелі екен, менен де жас қыз.

* * *
Уақыт шіркін тоқтай ма?! Оқу бітіріп, өз отбасымды құрып, келін болып, ана болып, өз тірлігімді күйттеп жүріп, тағы да бес жылдай уақыт өтті. Анда-санда апамнан Еркін ағам туралы әңгімесін естіп қоятынмын. Соңғы рет апам «сенің Еркін ағаң маскүнем болып, қаңғып кетіпті» дегенін естігенде таң қалып, ондай сұлу да бай жігіттің қалай маскүнем болып, көше қаңғып, бомж болып кеткеніне сене алмағанмын. Бірақ ағамызды еш жиын-тойдан көрмейтін болдық.
Жұмыстан ертерек шығып, «Көк базарға» төтелей өте салайын деп 28-Панфиловшылар саябағаның ортасымен өтіп бара жатып, таныс дауысты естіп қалдым. Жан-жағыма қарасам, қырқылған талдың арғы жағында 3-4 бомж отыр. Алдарында бір бөтелке арақ, нан бар. Түрлері іше-іше көгеріп, ісініп, адам танымастай болып кеткен. Ал сөйлеп отырған – Еркін ағам. Мен оны тек дауысынан, еңгезердей бойы­нан таныдым. Оның қазіргі түрін керек десеңіз, мен емес, туған анасы танымас еді. Өз көзіме өзім сенбей, аяғымнан тура біреу байлап қойғандай, сол жердегі жол жиегіне отыра кеттім. Әлі де сене алар емеспін. Қанша отыратынымды және қандай қадамға баратынымды бір Құдай білер еді, егер мына жақтан бір бомж әйелдің: «Еркін, кеттік», – деген даусын естімегенде. Еркін ағам аузына келген былапыт сөздерді бұрқыратып алды да, «мені құртқан осы қатындар» деп, ана әйелдің соңынан қалт-құлт етіп, саябақтың арғы бетіне кетіп қалды. Мен отырмын көзімнен сорам ағып. Құдай жалғыз ұлының мына түрін көрмесін деп жеңешемді, «жалғыз бауырым» деп үстінен құс ұшырмайтын әкемді ерте алып кеткен екен ғой, – деп көз жасымды тоқтата алмадым. Саябақта жүрген адамдардың бәрі маған «не болды екен» дегендей қарап кетіп жатыр. Ал мен өзімді әлемдегі ең бейшара адам сезіндім…
Қас қарайғанша отырып есімді жиып, енді не істеу керектігін ойладым. Осы Еркіннің бірінші әйелін келе сала «жас жеңеше» деп атап кеткенбіз. Жақында ғана бір жиында жас жеңешеміз: «Еркінді іздеу керек, әйтпесе, бір жерде қаңғып жүріп өліп қалар» деген. «Туған-туыс ол алқашты қайдан табамыз деп қоя салған болатын». Жан-жақтан, таныстардан қанша сұрасақ та көрдім, естідім деген адам шықпаған. Енді міне, шаңқай түсте дәл алдымнан шығып тұр. Өзім оның үш әйелін көрдім, ал мен көрмеген қанша әйелі барын бір құдай білер. Соңғы кезде жолы болмай, ішіп жүргенде жас жеңешемнің үйіне мас болып келіпті. «Бәріне сен кінәлісің, сен екіқабат болмағанда, мен өзімнің сүйгеніме қосылып, әр қатынның қойнында жүрмейтін едім» деп жылап, жас жеңешемді боқтаған соң балалары үйден қуып жіберген көрінеді. Содан із-түссіз кеткен ағам ғой бұл менің.
Ертеңіне қасыма өзімнен кейінгі бауырымды ертіп алып, саябаққа ағамды іздеуге бардық. Саябақтың барлық түкпірін іздеп, таба алмадық. Алматының бомждарының бәрінен сұрап шықтық десек те болады.
Олардың айтуынша, ол туған жеріне кеткен. Бірақ, ол ауылға келген жоқ. Анам «әкелерің түсіме жиі кіріп жүр, қайтыс болған күніне орай құдайы тамақ берейік» деп бала-шағасын шақырған. Садақаны таратып біткен соң бәріміз әкеміздің зиратына бардық. Жас жеңешем де балаларын ертіп келген болатын. Молда марқұмдарға Құран бағыштап болған соң, әкемнің қасында жатқан жеңешеме де топырақ салайық деп, жеңешемнің күмбезінің есігін ашсақ, жеңешемнің моласын құшақтап. бір адам жатыр. Бәріміз шошып кеттік. Молда «біссімәлла» деп өліп жатқан адамды аударып еді, бәріміз Еркін ағамызды бірден таныдық. Ол анасының моласын құшақтаған күйі бақилыққа аттанып кетіпті…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір