Әмірхан Меңдеке. Ұлт жазушысы
21.01.2022
1865
0

Қабдеш  Жұмаділовтің «Қылкөпір» атты романы бар. Бұл ро­манның басты кейіпкері – Айжарық деген жазушы. Осы Айжа­рықтың өмірлік позициясы жөнінде автор былай дей­ді:

«Айжарық үшін бір ғана таразы, бір ғана өлшем бар. Адастырмас Темір­қазық жұлдызым деп соны ғана мөл­шер тұтты. Ол – қазақ ұлтының мүд­десі. Империя кезінде қазақты азат етуден, азаттықтан кейін тәуел­сіздікті бекемдеуден артық міндет жоқ деп білді. Бұл жағынан Айжарық­тың есебі өте қарапайым: қазаққа қызмет істей­тін, қазаққа пайдалы нәрсенің бәрі жақсы, оны қолдау керек. Ал қазаққа зиянды нәрсеге, мейлі ол кімнің ісі болса да, жол беруге болмайды. Бұл жағынан Брита­ния туралы серт ұста­ған Черчилльмен пікірлес. Шығарма­ларының алтын арқауы да осы болды. Ешқашан бүкіл­әлемдік ұран шақырып көрген емес. Олай ету Айжарықтың міндетіне жатпайды. Бүкіләлемдік проблемамен «адамзат­тың жазушы­лары-ақ» айналыса бер­сін. Дәл қазір ағылшын да, неміс те, француз да, орыс та, қытай да Айжа­рықтың ақы­лына зәру болып отырған жоқ. Бұл үшін өз ұлтының уайымы да жетіп жатыр…».

Дәл осы жерде Қабдеш Жұмаділов өзінің кейіпкері туралы емес, өзі туралы айтып отыр десек те әбден болады. Бұған көрнекті жазушымыздың өмірі мен шығармашылығы толық куә.

Енді жазушының: «Айжарықтың есебі өте қарапайым: қазаққа қызмет істейтін, қазаққа пайдалы нәрсенің бәрі жақсы, оны қолдау керек. Ал қа­заққа зиянды нәрсеге, мейлі ол кімнің ісі болса да, жол беруге болмайды»,  – дегеніне тағы да назар ауда­рыңызшы. Бұл – шын мәнінде қарапа­йым ғана есеп емес, ұлы есеп. Ұлы идея. Ұлы міндет. Ұлы парыз. Қазақ зиялысы үшін бұдан өткен ұлы парыздың болмағы да екіталай.

Қабдеш Жұмаділов – осы ұлы па­рызға мейлінше адал жазушы. Осы ретте еріксіз салыстыруға тура келе­ді. Орыстың орманнан да қалың оқыр­мандары В.Белов пен В.Рас­путинді әулие тұтады. Не үшін? Олардың шығармаларындағы ұлттық рух үшін. Ұлттық рух дегеніміз – ха­лықтың ғасырлар сүзгісінен өтіп, жалпыұлттық дәрежеде мойындалған ұстанымдары. Яғни, әр ұлттың өз құндылықтарын құрмет тұтуы және оларды қорғауға әзірлігін білдіретін ерік-жігері, биік сезімі, нақты іс-әрекеттері. В.Белов пен В.Распу­тиннің шығармаларын бір кісідей-ақ оқыған оқырман ретінде және сол оқығанды ептеп болса да ой елегінен өткізе алуға жарайтын әде­биетші ретінде айта кетейін, В.Белов пен В.Распутиннің шығармала­рындағы ұлттық рух Қабдеш Жұмаді­ловтің шы­ғармаларындағы ұлттық рухтың жанында жіп есе алмайды. Ауқымды­лығы жағынан да. Тереңдігі жөнінен де. Бұл тұрғыдан келгенде, Қабдеш Жұмаділовтің қадіріне біз әлі жете қойған жоқпыз. Жете бағалай алмай жүрміз.

***

Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» дилогиясын жазу арқылы талай-талай «ақтаңдақтарды» ашып берді. Әрине, «Дарабоз» – айшықты тарихи роман. Сонымен бірге бұл романды қазақтың тарихын бірден-бір дұрыс қорытқан ірі зерттеу еңбек десек те болғандай. «Дарабоз» құндылығы, бағалылығы, зәрулігі, қажеттігі, бір сөзбен айтқан­да, пайдалы әсер коэффициенті жөні­нен Алексей Толстойдың әйгілі «Бірін­ші Петрінен» артық болмаса, еш кем емес.

Қабдеш Жұмаділовтің осы ро­манындағы Әбілқайыр хан туралы тұ­жырымы – түптің түбінде ақиқатқа айналып, келешек тарихшылар мен бо­лашақ жазушылар риясыз мойын­дауға тиісті аса бағалы тұжырым. Мың жерден «маневр» жасасын, айналып келгенде Әбілқайыр ханның өзі мен айна­ласының ұстанған саяси бағыты – атың өшкір бодандық қой! Мұны еш­уақытта жақтауға да, ақтауға да болмайды.

Орысқа еліктегеннің бәрін – жақ­сыға, орысқа ергеннің бәрін – да­ныш­панға балап үйренген әдеттен біз әлі арылған жоқпыз. Неге болса да, қандай құбылысқа болса да әлі күнге дейін орыстың көзімен қараймыз. Орыс кімді, нені жек көрсе, біз де соны жек көреміз. Орыс кімді, нені жақ­сы көрсе, біз де соны жақсы көреміз. Осы дерт әбден бойына да, қанына да сіңген ірі жазушымыздың бірі өз туындысында Әбілқайыр хан мен Шақшақ Жәнібекті (тархан Жәнібекті) қалай көкке көтереді десеңізші. Әбілхайыр ханды ойшыл, данышпан, кемеңгер етіп бейнелейді. Не үшін? Орысқа бодан болғаны үшін. Шақшақ Жәнібекті де алысты болжайтын көреген етіп суреттейді. Не үшін? Әбілхайыр ханның соңына бұйдалы тайлақтай ере бергені үшін.

Мәуірті келгенде неге айтпасқа, аузымен құс тістеген әлгі жазушымыз­дың қыза-қыза келе «орыспен тек тағдырлас қана емес, туыстас болып кетуді және мәңгілікке туыстас болып қалуды» да іштей шешіп-пішіп қояты­нына не дерсіз?! Әрине, бұл пікірді ол Әбілхайыр ханның ішкі ойы ретінде береді. Бәлкім, әлгі жазушыға мұндай ой Мәскеу тарапынан сый-сияпат алу үшін кезінде керек болған да шығар, бірақ мұндай жасанды пікірдің өмірі де келте, өрісі де шолақ екенін өмір­дің өзі-ақ дәлелдеп берді. Орыспен туыс­тасудың, онда да мәңгілікке туыстасу­дың қазақ үшін жалғыз-ақ (!) жолы бар. Ол – жұтылып кету! Ұлт ретінде жойылып кету!

Жарайды, Әбілқайыр хан қазақтың ертеңін, қазақтың келешегін ойла­сын-ақ делік. Қазақтың ішкі алауыз­дығын жойып, оны шоқтай етіп бірік­тіріп ұста­ғысы келсін-ақ делік. Бірақ сол үшін қазақ неге бөтен елге, жат жұртқа бодан болуы керек? Өзің өзгеге бағынышты болып жүріп, сен кімді бағындырасың, кімді жарылқай­сың? Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында Әбілқайыр хан мен Шақшақ Жәнібектің осы әрекетін тас-талқан етіп айыптайды. Хан Кеңесіне келіп, «қолындағы бықсыған темекісін кере­генің көгіне қағып қойып», селқос қана отырған Шақшақ Жәнібекке шамыр­қана қарап, әйгілі Төле би былай дейді:

«– …Мал-мүлік те ештеңе емес-ау, ең қиыны адамдардың құлдыққа еті өліп кете ме деп қорқамын. Маңдайыңа құлдық таңбасы бір басылса, ол оңайшылықпен өшпейді. Қалмақтан қағажу көргеніміз аздай, енді отбасың мен Отаныңды орысқа билетпексіңдер ме? «Бодан, бодан» дейсіңдер, боданнан – құл туады, құлдан жетесіз, жасық ұл туады. Сонда болашақ ұрпағымыз­дың жайы не болмақ? …Ал Жәнібек, сенің қаптаған қалың қолың, қару-жарағың қашан сай болады? Әлде Алланың өзі аспаннан тастайды деп күтіп отырмыз ба? Бәлкім Әбілқайыр екеуің ете­гінің астына барып тығылған қатын патшаның рақымы түсіп, жеріңді жаудан тазартып беретін шығар? Орыс өнерлі жұрт қой. Бірақ аузыңды ошақ, мұрныңды моржа етіп, түтін жұтқаннан өзге үйренген өнерің бар ма сол елден? Айтпақшы, ақ патшадан тархан шенін алған екенсің-ау. Бірақ сол тархандығың ел қорғайтын қалқан болмай, мойныңа салған арқан болып жүрмесін!».

Қабдеш Жұмаділовтің өз тұстас-тұрғыластарынан бір артықшылығы, неге болса да, қандай құбылысқа болса да қазақтың көзімен қарайды. Онда да, тәуелсіз қазақтың!

***

Жақында біз Қабдеш Жұмаділовтің 12 томдық жинағын тағы бір рет сүзіп шықтық («Сүзіп шықтық» деп жатқа­нымыз, бұларды бұрын да талай рет жата-жастана оқығанбыз ғой…).

Бір көзім жеткен нәрсе, Қабдеш Жұмаділов өз тұстас-тұрғылас әріп­тес­теріне қарағанда ақиқат пен шын­дықты әлдеқайда мол айтыпты. Мол қамтыпты. Ақиқат пен шындықты кім көбірек қамтиды? Еркін ойлы суреткер ғана.

«Соңғы көш» романын ғана алы­ңызшы. Бұл роман 1973 жылы жарық көріпті. Ал осы романның ішінде қо­ғамның бүкіл шындығы тұнып тұр: қуғын-сүргін, аштық, саяси асыра сіл­теу, үлкен халықтардың кіші халық­тарға көрсеткен зорлығы мен қор­лығы, бұратана халықтардың   тағ­ды­ры… Жазушы ұл+ықытайлық шо­­­­­­ви­­­­­­­низм­ді келістіре, әдібін келтіре көрсеткен кезде, сіздің көз алдыңызға еріксіз ұлыорыстық шовинизм елестейді: қалай ұқсас! қалай үндес!

Автор осы романда қазақ хал­қының тағдырын ғажайып терең ашып көрсеткен. Өз басым «Соңғы көш» – қазақ диаспорасы жайындағы тұңғыш роман» дегенді әр-әр жерден оқып та жүрмін. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бұл – шығармаға қиянат. Ав­тор­ға қиянат. Шын суреткер бөлшекті суреттеу арқылы бүтінді көрсете алады. Қабдеш Жұмаділов те Шығыс Түр­кістандағы қазақтардың жағдайын суреттей отырып, қазақтың ХХ ға­сырдағы тауқыметі мен тағдырын, азабы мен қасіретін тұтас көрсете алған.

Өзге жазушыларымыз түрлі дең­гей-дәрежедегі бодандық пиғыл мен жалтаңкөз кіріптарлықтан арыла алмай отырғанда, Қабдеш Жұмаділовтің 70-жылдары «Соңғы көш» секілді азат, бостан, еркін ойлы шығарманы туды­руының басты себебі неде? Әрине, мұны тудырған – автордың азат мінезі мен бостан рухы. Тектілігі.

***

«Жалпы «ұлтшыл» деген сөзден үрку керек пе? «Халықшыл», «отаншыл» деген сөздер жақсы болғанда «ұлтшыл» неге жаман болуға тиіс? Мұны құбыжық етіп көрсеткен – империялық саясат. Осыдан қорқып келген біз ұлтшыл деуге аузымыз бармай ұлтжанды деп жүрміз… Мен білгенде бұл формада айтылатын қазақта екі-үш қана сөз бар: байжанды, қатынжанды, итжанды. Үшеуі де ұнамсыз сөздер. Ұлт деген қасиетті ұғымды өйтіп қорлауға болмайды. Мен шар тартқан шағымда «бірдеңе­жанды» атанғанша, жасымда көп бейнетпен алған «ұлтшыл» деген ата­ғымды сақтап қалғым келеді».

Қабдеш Жұмаділов осылай дейді. Көргені де көп, түйгені де мол жазу­шының байқағыштығына, аңғарым­паздығына еріксіз тәнті боласыз. Ұлтшылдық – табиғи қасиет, табиғи сезім. ХХ ғасырдың басында Алаш зия­лылары ұлтын жан-тәнімен, беріле сүйген тұлғаларды «ұлтшыл», «ұлтшыл тұлға» деп атаған және бұл сөз жақсы мағынада қолданылған (бүгінгі «елжанды», «ұлтжанды» деген мағынада). Ал империялық саясатқа, отар­шылдарға керегі кімдер? Айт­қанына көніп, айдауына жүретіндер: яғни, ұлтсыздар, тамырсыздар, тек­сіздер, мәңгүрттер… Сондықтан да олар «ұлтшыл» деген сөзге жағымсыз ма­ғынаны арқалатты да жіберді. Ұлтын сүйетіндер «ұлтым» деуге тап бір ұрлық жасағандай қорынып жүруі үшін. Әлдебіреулер «ұлтшыл» деп айтып қала ма деп қорғалақтап, бүге­жектеп күн кешуі үшін.

«Толеранттылық» (толерантность) деген терминнің шығу себебі мен түп төркінін зерттеген ғалымдар жуықта ғана мынандай «қызық» жайды анықтады. Бұл терминді ойлап тапқан да және оны айналымға енгіз­ген де –  ғалымдар емес, Батыстың саяси манипуляторлары екен. Өз пікірін, өз сөзін, өз ойын өзгелерге өткізу үшін. Тағы бір қызығы, бұлар бұл терминді әр елдің өз тіліне аударуына да қарсы. Аударса не болады? Арты ашылып қалады. Мысалы, «толерантность» орыс тіліне – «терпимость», қазақ тіліне –«көнбістік», не болмаса «көнімпаздық» деп аударылуға тиіс. Саяси манипуляторларға орыстың мұны – «толерантность», қазақтың – «толеранттылық» деп қабылдағаны керек. Сонан кейін жүрсін сол сандалып, «толеранттылықты» (көнбістікті! көнімпаздықты!) мәдениеттіліктің бір белгісі, саяси мәдениеттің биік бір өлшемі екен деп адасып.

Осындай қитұрқы, не болмаса қылдай нәзік, жіңішке мәселелер Қабдеш Жұмаділовтің көркем туындыларында да, публицистикалық мақа­лаларында да, сұхбаттарында да жиі айтылады. Жазушының сондағы ойы – «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?». Тіпті өзгені былай қойғанда, жазушы мына іргедегі қырғыздардың қазаққа талай тісін батырғаны, «жау жағадан алғанда бөрі етектен ала­дының» керін келтіріп талай рет аяқтан қырқа шал­ғаны, тіпті бірде қазақтың жайсаңы мен жақсыларын қырып салып, олар­дың бастарынан «кәлла-мұнара» тұр­ғызғаны жөнінде де ашық жазады. Қ.Жұмаділовтің сондағы айтайын дегені не? Рас, «қазақ-қырғыз – бір туған». Әйтсе де, қырғыз – жеке ұлт, жеке ел. Ал жеке елдің өз мүддесі болады. Жә­не олар өз мүддесі жолында ештеңе­ден аянбайды да, тартынбайды да.

Бір сөзбен жинақтай айтсақ, Қабдеш Жұмаділов – ұлт жазушысы. Ақын үшін, жазушы үшін «ұлт ақыны», «ұлт жазушысы» атанудан асқан мәртебе де, абырой да, атақ та, даңқ та болмақ емес. «Кімде-кім өз ұлтын сүйсе, қияметте де Алла Тағала оны сол ұлттың сапында тірілтеді» дейді қасиетті Хадис. Ұлтқа, өз ұлтына қыз­мет еткеннің әманда жүзі жарық, жұл­дызы жоғары. Қабекеңнің де жұлдызы жоғары.

Әмірхан МЕҢДЕКЕ, сыншы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір