Әлихан Бөкейхан аударған Мопассанның әңгімелері
01.01.2022
4660
2

1922-37 жылдар аралығында шетел әдебиетінің көрнекті шығармалары төл тілімізге аударылып, сол кездегі латын әліпбиімен кітап болып басылып шықты. Осылайша қазақ сахарасы тұңғыш рет әлем жауһармаларымен танысуға мүмкіндік алды. Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері жасаған аударма еңбектері – бір сөзге сияр дүние емес. Бұл турасындағы әңгімеге келесі санымызда кеңінен тоқталатын боламыз. Бүгін назарларыңызға Бөкейхановтың әйгілі жазушы Мопассоннан аударған әңгімелерді ұсынуды жөн көрдік.


ЖАРАСЫН АЛДЫРҒАН АНА

Мен Пірленде болмағалы он бес жылдай өткен еді. Достым Сербел немістер талқандаған сарайын жаңғыртып, түзеп алыпты. Мен мұнда аң аулай келдім.

Бұл – менің өлгендей сүйген жерім. Мәжнүннің Ләйлісіндей көңілді арбап өзіне тартатын жер. Пенде, шіркін, асық жарымен қауышқан жерін қалай ұмытпайтын болса, мен де шаттыққа кенелген мына жерде, бұлақты тауды, сарқыраған өзенді, бұйраланған орманды ұмытпаймын.

Шомылсақ, қоңыр салқын бұлағы бар, масатыдай жайнаған құрағы бар. Балығы тайдай тулайтын, бақасы қойдай шулайтын, шырмауығы шөккен түйені таптырмайтын, балығы көлге жылқы жаптырмайтын жанға сақтау болған жер еді.

Мен алдымда жортып келе жатқан екі тазыма қарап, елгезек баладай ұшып келем. Өз денем өзіме қауырсын қаламдай көрінбейді. Сербел достым жүз метрде жоңышқаны кесе жүріп келеді. Мен Содыр орманын айнала бердім де, қарсы алдымдағы бір қораның ойранын көрдім. 1869 жылы бұл жерде әдемі үй болған еді.

Көзіме сол елестей кетті. Ол кезде бұл үйдің айналасы толған өріктің ағашы, қора толған қыбырлаған тауық еді.

Қазіргі күйі: тозған бейіттей елеусіз қалған қора, бұзылған үй, сорайған бағана. «Бұған не болған?!» – деп ойладым.

Мен бір күні шаршап шалдыққанда, осы үйдің бәйбішесі маған айран беріп, сусындатқан еді. Сонда Сербел достым бұл үй иелерінің кім екенін баяндап берген еді.

Әкесі тоқымs кеппес, түнде жатпас барымташы болыпты.

Жандармның қолынан өлген. Баласы тазыдай аш бел, кепкен қайыңдай мықты, қырандай ер, елде жоқ мерген аңшы. Есімі – Бектір еді.

Осылардың бәрі ойыма түсті.

Мен Сербелді шақырдым. Ол бұтаның сирағындай ұзын аяғымен құлаштап жаныма келді.

– Мына үйдің иелеріне не болды? – деп сұрадым.

Сонда Сербел сөйледі, сөйлегенде бүй деді:

                                                         ІІ

 Соғыс басталғанда Бектірдің жасы отыз үште еді. Өзі тіленіп ұрысқа кетті. Кәрі шешесі жападан-жалғыз үйде қалды. Кемпірдің күн көрерлігі бар деп, оны есіркеген көрші болмайды. Кемпір ауылдан жырақ, орман шетінде жападан-жалғыз қалғанмен, қорқуды білмейді.

Өзі сырықтай ұзын. Денесінде кесіп алар еті жоқ, арық. Шашын адамға көрсетпейін деп қара орамалмен қымтап алады. Күлкіні білмейді. Кемпірдің жүзін көргенде, езу жиып күлдірейін деп те ойламайсың.

Қайғы мен сары уайымға оранып жүреді.

Бектірдің шешесі қар басқан жаман үйінде бұрынғыдай тұра берді. Ешқайда шықпайды. Ет пен нан алу үшін таңғы жетіде базарға ғана барып келеді. Кісіге шабатын қасқыр бар деп ел іші шулап жатады. Ондайда кемпір баласының темірі тот басып күрең тартқан ескі мылтығын еңкіш иығына асып алатын. Алыстан қарасаң, арық аруанадай маң-маң басып соқпақта аяңдап бара жататын. Қарап тұрсаң – бір қызық.

Бір күні ауылға немістер келді. Олар елді жаулаған соң, ауыл ішінде маң-маң басқан түйедей еркін жүрді.

Басшысы өз әскерін байға байша, кедейге кедейше таратып, үйлерге орналастырды. Кемпірді бай деп төрт кісі енші берді.

Алма бет, үкі бас, көк көзді төрт жігіт. Соғыстың азабын бит шаққандай көрмеген сайдың тасындай төрт еркек – кемпірдің қонағы болды. Көп жылқының құр атындай, жеңген жауды зорлап-қинау да ойларында жоқ, қырмызы мінезді екен.

Төртеуі құрдай жорғалап, қызмет қылып кемпірдің жұмысын да, шығынын да азайтты. Таңертең ерте тұрады. Аязда кеудесін жалаңаштап, қардай аппақ етін бұлақтың мұздай суына жуады. Бұлар жуынып жатқанда, кемпір ерсілі-қарсылы сабылып тамақ пісіріп жүреді. Төртеуі онан соң ас үйдегі аяқ-табақты жуып, тазалайды. Үйді сыпырады, терезені сүртеді. Құдды бір шешесіне қолғабыс етіп жүрген балалары сияқты.

Кемпірдің күндіз де, түнде де ойлағаны – тазыдай аш бел, найзадай тік, қой көз, қошқар тұмсық, қара бұйра мұртты – жалғыз ұлы.

Кемпір күнде қонақтарынан:

– Франсуздардың 23-қосыны қайда екен? Білесіңдер ме? Менің жалғызым сонда еді, – деп сұрайтын.

Қонақтар:

– Білмедік, апа, – дейтін.

Жігіттер кемпірдің ішін өртеген оттың, мазасын алған уайымның не екенін білген соң, оны айнала жүгіріп, алдына түсіп, айтқанын тапжылтпай, ойлағанын айтқызбай тауып әлпештеді. Кемпір де өзінің төрт қонағын жау демеді, жақсы көреді.

Әсілі, қара бұқара кекті білмейді. Соғыста көп өлетін, соғыстың бар шығынын төлейтін, ызғарын арқасына артып алатын қара бұқараның саясатпен ісі жоқ.

Ауылдағылар кемпірінің қонағын сөз қылғанда:

– Иә, бұ төртеуі ұясын тапты, – деп тамсанатын.

Бір күні таңертең кемпір үйде жалғыз қалды. Тура үйіне бет алып келе жатқан бір адамды көзі шалды.

Әрбірден соң таныды: бұл ауыл арасына хат тасушы екен. Ол бір хатты суырып кемпірге берді. Кемпір тігін тіккенде киетін көзілдірігін қабынан суырып алып хатты оқыды:

«Құрметті Бектірдің шешесі! Бұ хат сізге қайғылы хабарды жеткізеді. Балаң Бектір кеше өлді. Зеңбірек оғы екі бөліп тастады. Соғыста екеуміз егіз қозыдай бірге жүріп едік. Мен өлгенде де қасында болдым. «Өлсем, со күні шешеме білдір» деп менен өтінген еді.

Мен қалтасынан сағатын алдым, соғыс біткен соң сізге тапсырам.

Достық жүзінде сәлем бердім, 23-қосының ІІ дәре-жедегі әскері – Сезер Рибо».

Хат жазылғалы үш жеті өтіпті.

Кемпір жылай алмады. Басқа ұрған балықтай мөлиіп отырып қалды. Жанының күйгенін, ішінің өртенгенін де сезбеді. Бектірім өлдіден басқа түк ойламады. Сол-ақ екен, екі көзі мөлдіреп жасқа толды. Қайғы ішке толып аузынан шығып лықсып төгілді.

Бір ойдан бір ой құбыжық демекші, бірін-бірі қуалап, кемпірдің көңіліне түрлі ойды сүйреп әкеліп жатты.

«Мұнан былай тұңғышын бауырына басып сүймейді!

Жандарлар байымды, немістер ұлымды өлтірді! Оқ баламды екі бөлді». Кемпірдің алдында адам көрмеген көрініс елестеді. Басы айналып құлап қала жаздады.

– Баламның тәнін не қылды екен? Ең болмаса құлынымның өлі денесін де құша алмадым-ау! – деп зарлады.

Кемпір кенет тыстан дауыс есітті. Әлгі төрт неміс жігіті үйіне қарай келе жатыр екен. Кірпік қаққанша кемпір көзін сүртіп, хатты қалтаға тығып, сабырлы күйіне түсе қалды. Төрт жігітті қарсы алды.

Жігіттер ду күліп келеді. Алып келгендері дәу де болса ұрлаған көкше қоян. Желкесінен жұдырықпен ұрып өлтіріпті. «Тәтті жем табылды», – деп, кемпірге ымдайды.

Кемпір тамақ қылуға кірісті. Қоянды союға келгенде ерліктен айырылды ма,  қалт тұрып қалды. Ой ойлады. Әлсіз қыбырлаған осы қояндай, оқ екі бөлген баласы көзінің алдында елестеді. Қоянның жылы қаны, безгек болғандай кемпірді төбе шашын тік тұрғызып қалтылдатты.

Кемпір төрт қонағымен тамаққа отырса да, түк татпады, дәм жеуге мұршасы келмеді. Жігіттер жаңа қоныстың шалғынын орған түйедей, тамақты соғып жатыр. Кемпірде инедей ісі жоқ. Кемпір де қаннен кәперсіз үн-түн жоқ, қыдыра қарайды да, бірдеңе ойлайды. Жігіттер мұны сезбейді де.

Кемпір бір уақытта:

– Біз бірге тұрғалы айдан асты. Мен сендердің аттарыңды да білмеймін, – деді.

Жігіттер кемпірдің сұрағын әзер түсініп, аттарын айтып берісті. Кемпір бұған қанағаттанбады. Қағазға жазғызды. Өлген кезде, үйлеріне не мазмұнда хат баратынын жаздырды. Көзілдірікті киді, танымайтын қаріппен жазылған қағазды қарап, ұлынан келген қарақағазға қосып, қалтасына тықты.

Тамақ жеп болған соң кемпір:

– Мен сендерге төсек салайын, – деді.

Кемпір жігіттер жатқан шатырға шөп тасыды. Жігіттер кемпірдің мұнысына таңырқады.

– Жылы жатсын деп жаным ашыды, – деді кемпір.

Оған қосылып жігіттер де шөп тасыды. Шатырды сабанмен толтырды. Шатырдың іші төрт қабырғасы шөппен қаланған жып-жылы бөлмеге айналды.

Тамақта отырғанда бір жігіт:

– Дәм татпадың, бұ қалай? – деп сұрады: Кемпір:

– Ішім ауырып отыр, – деп сылтау айтты.

Сонан соң, кемпір «жылынам», – деп от жақты.

Немістер күндегісін қылып басқышпен шатырға шықты. Шатырдың есігі немістердің артынан жалп етіп жабылғанда, кемпір лып етіп басқышты ала қойды. Тышқан аулаған мысықтай басып, сыбдырлатпай, далаға шықты.

Сонан соң жігіттердің қорылдаған үніне құлақ түрді.

Қалың ұйқыға кетті-ау дегенде, бір құшақ шөпті алды да, оттыққа тастай берді. Шөп жанғанда, есікті қымтап, далаға шығып қарап тұрды.

Жап-жарық сәуле бірнеше секөнтте бөлменің ішін жарық қылды. Бөлме дәу пештей болып қайнады. Жарық сәуле тар терезеден бұлқына шығып, айналаны ағартты.

Әрбірден соң шатыр астынан адам айтқысыз дауыс шықты. Жылаған, зар илеген үн құлақты шошытты.

Бөлме ішіндегі шатырға баратын есік құлады. От құйын болып шырмалып, айнала соғып шатыр астына кірді де, сабан шатырды бұзып жарып сыртқа шықты. Лапылдап жанып аспанға құлаш ұрды.

От сытырлап жанды. Құлаған арқалық пен қабырғаның үні күртілдеп естілді. Шатыр ортасына түсті. Оттың түтінінен бұлт шығып, түйдек-түйдегімен шабысып, будақ-будақ ұшқынға айналды.

Аппақ дала оттың сәулесінен ұшқындап, жарқырап қан құйған күміс дастарқандай құбылды.

Алыста шіркеу үні қоңыраулатып жатыр.

Кемпірдің қолында баласының оқтаулы мылтығы.

Жігіттердің біреуі аман кетпесін деп күзетіп, өрт ойрандаған үйінің алдында тұр.

Немістер де, ауылдың адамдары да жүгіріп келісті.

Кемпір өз ісіне көңілі тойған адамдай, бір түбірге мініп отырды. Неміс командір кемпірден:

– Сенің қонақтарың қайда? – деп сұрады.

Кемпір шоқ болған үйдің ойранына қолын сілтеп, қаннен қаперсіз дауыспен:

– Мұнда! – деді.

Елдің бәрі кемпірді қамап қоршаған. Командір:

– Үй неден өртенді? – деді. Кемпір:

– Мен өртедім, – деп жауап берді.

Жұрт мұндай жауап күтпеп еді. «Ақылынан адасты» деп кемпірге нанбады. Сонда кемпір «балаңды оқ қақ бөлді» деген хаттан бастап, үйімен бірге өртеніп кеткен жігіттердің соңғы ойбайына шейін бәрін айтып берді.

Істеген ісін бір зере қалдырмай баяндады.

Сосын қалтасынан екі жапырақ қағазды суырып:

– Мынау Бектір өлді деген хат, – деді. Екінші қағазды көрсетіп:

– Мынау ана жігіттердің есімі мен үйлеріне жазған хаты, – деді.

Сарбаздардың басшысына қағазды ұсынып:

– Сіз не болғанын жазыңыз, әке-шешесі білсін, – деді.

Басшы өз тілінде жарлық берді. Өзге сарбаздар бас салып кемпірді сүтке тиген мысықтай желкеден алып, өртеніп жатқан үйдің қабырғасына қарай лақтырды.

Кемпірден жиырма қадамдай алыстап, он екі сарбаз қаздай тізіліп тұра қалды. Кемпірде қимыл жоқ: өзі бәрін сезді де, ажалды күтті.

«Ат!», – деген жарлық естілгенде, мылтық дауысы шұбалды. Кемпір гүрс етіп жерге құлады. Қолында қызыл қанға боялған баласы Бектірдің хат тұрды.

ІІІ

Достым Сербел сонда тұрып:

– Немістер кек алумен менің де сарайымды ойрандады, – деді.

Менің жүрегім қан жылап кетті. Үймен бірге өртенген төрт жігіттің аналарын ойладым. Олар енді кімнен кек алады?! Кекшіл ананың да хәлін ойладым. «Оқ қадалса денеңнен суырарсың, кек қадалса жүрекке не қыларсың?!» деген. Жалғызынан айрылып, үміті сөнген соң, ол қайтіп күн кешпек?! Бірақ қанды кектің берген қайырын көрмедім… Қан боп қатса, жаманмен бірге жақсыны да жайратады. «Қанды кектің салмағы төрт үйді түгел жалмайды» деген осы.

Аударған Қыр баласы

 

АҚСАҚ КЕМПІР

Жастағы бір көргенің жұртқа қайтқан қозыдай ойыңа келеді де тұрады. Асық аруды алғашқы құшқан жердей ойыңды еркелетіп сипайды.

Талай жасқа келдім. Екі жасымнан біздің үйде жүрген ақсақ кемпір есімнен кетпейді. Тұрсам да, жалғыз қалсам да, ойымды жайлайды да тұрады.

Ақсақ кемпір көрші ауылдан күнде таңертең біздікіне келеді. Үйді жинайды, ыдысты жуады, арқан-жіп еседі.

Үйде жүрген бойдақ жігіттердің киімін жамайды, кірін жуады. Қыс болсын, жаз келсін, күнде қылатын әдеті осы. Аузы, басы, беті бәрін қаптаған жүн. Жүзіне қарасаң: қарсы қараған көк ешкі сияқты. Селдір де селдір, түбіршік көк шаш шықпаған жүзінде оймақтай жер жоқ. Мұрын да, танау да, иек те, бет те, бәрін көк сақал басқан. Күзеген көк байталдың кертпе қылы екі қасында адасып барып, төске шығып қалған мұрт сықылды. Ақсақ кемпірдің жүргені өзге ақсақтың тербелгеніне жатпайды. Ылдида сүрінген адамдай сау аяғына құлайды да сүңгиді. Жүрісі дауылда тербеліп, бұлқынған ілулі кір секілді. Жаулығы жүргенде шапқан ердің туындай терістік барып түстікке, шығыс барып батысқа қайтады.

Күнде кемпір келіп ісіне кіріскенде, мен де жүгіріп қасына келемін. Қыс болса қымтап мені жанына алады да, шешемдей-ақ еркелетеді. Мен де оны анамнан артық көрмедім. Саусақтарымен түлкіні қарбалаған қырандай суылдап жабу жамайды, тері тігеді, шылбыр еседі.

Аузын маған беріп, талайды ертегі етіп сөйлейді.

Сонда шешем не айтады?

Таңертең көршінің пұшық інгені ұйықтап жатқан Майлыаяқтың құйрығын басып кетті. Майлыаяқ қаңқ етіп інгенді қауып қалды дейді.

Маған осы бір оқиға үлкен ертегі болып сезіледі.

Аузым ашылып тыңдайтын едім.

Қойшы іннен жұмыртқа тауып алыпты. Оны інге қандай құс туып кетіпті, апыр-ай? Қойшы жұмыртқаны олжа еткен соң, байғұс құс зар қағып балапанын іздеп жүр-ау дейтін.

Сол кезде менің көзіме баласын іздеп жүрген құс елестеп, әр нәрсені қиялдап кететінмін. Баласы жоғалған құс, сәбиі жоғалған анадай көкірегі қарс айрылып, өкіріп жылап жатқан шығар деп ойлайтынмын.

Жоғалып кеткен Жолдыаяқ өзі келді дейтін.

Жолдыаяқ түнде ауылды қайдан тауыпты деп мен таңданатынмын.

Ақсақ шешем аяңшыл аттың тымақты алшысынан тастаған аяңындай сусылдатып ісін істеп, осындай әңгімені ісіне қосарлап, желдіріп айта береді. Шешем нені сөйлесе де, маған таудай көрінеді.

Бір күні балалармен сырғанақ тебе кетіп, үйге қайтып келсем, ақсақ шешем сұлап жатыр. Сол кезде көргенім әліге дейін көз алдымда.

Үйде етбетінен жығылған, аяғын созып жіберген. Бір қолында жамап отырған менің ішкі көйлегім. Қадалған инесі сол күйінде тұр. Ұзын, сау аяғы жүкаяқтың астына кіріп кетіпті. Кір жаулығы сыпырылып қасында жатыр.

Қыбырау басқан қияқтай қылаң шашы үрпиіп тұр.

Ойбай салып шырылдап, үйден шыға жөнелдім.

Үлкендер жиылып келді. Ақсақ шешем өліп қалғанын солардың сөзінен білдім.

Сондағы қысылғаным қаламмен жазып, тілмен айтып бөтенге жеткізуге көнбейді. Жүрегіме шөгір кіргендей болдым. Жүгіріп тысқа шығып, қораның қараңғы түкпіріне барып, ымыртқа дейін жыладым. Әкем мені іздеп тауып, үйге әкелді. Үйде әке-шешеммен сөйлесіп оташы отыр. Ол ақсақ шешемнің неден өлгенін сөйлейді.

Мен түгін де ұқпадым. Оташы дәмге қарап біздікінде қалды.

Оташының сондағы отырып сөйлегені тасқа басқан таңбадай ойымда қалыпты:

– Бейшара кемпір сорлының ішіндегі ең сорлысы еді.

Мен осы жерге көшіп келген күні аяғын сындырып ақсақ болды.

Сонда жасы он жетіде еді. Осы күні ақсақ кемпірді со қызбен кім теңейді? Аяғы қалай сынғанын мен ғана білуші едім. Бірақ жан баласына ләм деп айтпадым.

Марқұм өлді, енді сырын айта берсе де болатын шығар.

«Ауылда қарт бай молда бар еді. Әнеш қыз молданың үйінде киім тігіп, үйінің ішін жиысып қызмет қылды.

Молданың туысқаны болып келетін бір жас жігіт те осы үйде тұрып жатты. Жігіт есімі Боздақ еді. Өзі сымбатты.

Ауылдағы әйелдер қанша телмірсе де, жігіт бір де бірін көзіне ілмеді. Әнешті таңдап алып ғашық болады. Қолы жетпеске қолы жетіп Әнеш те жігітті сүйеді. Бір күні ымыртта екі асық бір шатырда қосылады.

Сол-ақ екен, молда-екем шатырға баратын басқыштың есігіне келіп:

Боздақ бала, сен мұнда не қылып жүрсің? – деп сұрады.

Есінен адасқан Боздақ:

– Дем алайын деп едім, – деді.

Шатыр үлкен, іші қараңғы. Боздақ іргедегі түкпірге қызды итермелеп:

– Бар да жасырын, әйтпесе мен өлдім, – деді.

Молда сыбырды естіп:

– Сен жалғыз емессің ғой?! – деп сұрады.

– Жоқ, молда-еке, мен жападан-жалғызбын, – деді жігіт.

– Әй қайдам, біреумен сөйлескендей болдың ғой, – деді молда күдіктеніп.

– Ант етейін жалғызбын, – деді Боздақтың даусы дірілдеп.

– Бойдақтың ақылы жоқ деген. Саған сенбеймін.

Қазір үйден шам әкеліп, өзім тексерейін, – деп молда үйіне қарай аяңдады.

Мұны естігенде Боздақтың жаны қалмады. Қоянша қалтырап қызға:

– Екеумізді ұстаса, мен өлдім! Мені құтара гөр. Тезірек мына жерден қалай да қашып жасырын, – деп жылады.

Молда-екең де жылдам екен. Шамды ұстап тез қайтып келді. Есікті сықырлатып аша бастады. Әнеш жүгіріп шатырдың тысқа қараған есігінен шығып, қораның төбесіне мінді. Боздаққа қарап сыбырлап:

– Молда кеткен соң мені тыстан саты қойып түсіріп ал! – деді. Сөйтті де есікті жауып, қарасын батырды.

Молда түк те таппай, қайран қалып үйіне қайтады.

Сүт пісірім уақыттан соң Боздақ келіп, не болғанын маған айтты. Екеуміз шатырдан қызды түсіріп алайық деп қораға жетсек, қыз қимылсыз жерде жатыр. Шатырға мінген сәтте аяғы тайып, жерге жығылыпты. Қырсық шалғанда сол түні жаңбыр құйып тұрған еді. Байғұстың жаны сірі екен. Аяғы үш жерден сынса да, «молда естіп қояды, жігітке обал болады» деп, үнін шығармай шыдап жатыпты. Ол сорлыны көтеріп мен үйіме алып келдім.

Боздақ қалтырап қорыққан күйі жанына жоламады. Ілесіп те бірге келмеді. Өзі бозкемік біреу екен. Сынықтың сүйегі теріні тесіп, тікендей шығып тұр.

Қыз тас болып бекіп алған. Тырс етіп дыбыс шығарып үндемейді де, ауырғанын да білдірмейді. «Мені мықтады, мықтады» деп қана қояды.

Әнештің әке-шешесін шақыртып, «Арбаны алып қашқан ат сындырып кетті», – деп оларға өтірікті соқтым. «Бұл менің есігімнің алдында ғана болды, өз көзіммен көрдім», – деп алдадым.

Маған нанысты. Арба мен атты көпке дейін іздесті.

Әнештің әңгімесі осы. Бұл Ақжүніс, Баян сұлу секілді әйелдің тобынан шыққан сұлу еді ғой. Әнеш Боздақтан басқа жігітке асық болған жоқ. Байғұс қыздың жігіт атаулыдан көңілі қалды ма, білмедім. Одан соң жігітке қарамады. Пәктігі бойында өліп кетті. Мұнан сорлы кім болады?!

Әнеш қартайған соң «ақсақ кемпір» деген ат алды. Кім екенін білетін маған жылқы да бедеу, құс та қыран, әйел де қол жетпейтін ару еді. Әнештің тірісінде бұл сырды кісі баласына айтуға тілім байланды».

Оташы осыны айтып тоқтады. Әкем бір-екі ауыз сөз сөйледі де, шешем жылады. Жүгініп отырып мен де жылай бердім. Есіктен ауыр нәрсе көтерген кісілердің дүбірі естіледі. Қарасам жұрт ақсақ шешемді мазарға алып барады екен.

Аударған Қыр баласы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 20.08.2023 | 01:01

Ерекше аударма екен. Сөздері сондай ұғынықты.

Аноним 20.08.2023 | 01:04

Әлихан атамыздың аударма жасағанын білмеппін. Оқып шығып, қазақтың жалпақ тілінің бірсыпыра бояуларымен таныстым. Рахмет Сіздерге!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір