Кім не жазып жатыр?
28.01.1955
3735
3

12Көптен бері бір повесть жазуды ойға алып, материал жыйнап жүрмін. Онда жаңа адамның өсу жолын, ерлігі мен еңбегін, сүйініші мен күйінішін көрсеткім келеді. Сонымен қатар әртүрлі тақырыптарға үзбестен өлеңдер жаза бермекпін. Осы кезде «Қазақ совет әдебиетінің кейбір мәселелері» деген тақырыпқа көлемді мақала жазып жатырмын. Бұл мақалада әдебиеттегі көп жылдық бақылауларым мен ойларымды ортаға салмақпын.

Жұмағали Саин.

***

Үстіміздегі жылы тың және тыңайған жерлерді игеруші еңбек адамдары туралы және Ланчжоу – Үрімші – Алматы темір жолы жөнінде өлеңдер циклін, очерктер жазамын. Сонымен қатар қазақтың халық композиторы Құрманғазы туралы поэма жазуға кірісемін. Быйылғы жылы М.Лермонтовтың «Боярин Орша» поэмасын аударуды аяқтаймын.

Хамит Ерғалиев.

***

Келген жылдың келер айларында пәлен жасай қоямын деуге белді бекем байлап айту дәл мен үшін қыйын шаруа.

Быйыл аудармалармен шұғылданамын. Орыс ертегісі «Канек горбунекті» қазақ оқушысына ана тілінде жеткізу – белді жұмысым. Орыс ақындарының балладалары мені жалықтыра қоятын емес тәрізді. Өз тарапымнан қысқа, әңгіме очерк жазамын. Сюжетті өлеңдер мен «Жидебайдың түндері мен күндері» дейтін поэманы аяқтамақпын. Әдебиетіміздің жеке мәселелері мен кейбір шығармалары жайында мақалалар жазу да жадымнан шықпақ емес.

Қайнекей Жармағамбетов.

***

Ақынның айналдыратыны – өлең, соның үлкенді-кішілі жанры ғой. Демек, менің жазып жүргенім де, жазатыным да сол – өлең. Егер тақырыбына келсек, ол – тұжырып айтқанда – біздің советтік өмір. Осыдан тууға тиісті нәрсенің бірі – «Дала сұлу» атты поэма болмақ. Оның не туралы екенін осылай аталуының өзі де аңғартады ғой деймін. Поэманы жазып бітіру мерзімін әзірге кесіп айтқым келмейді. Дегенмен, мүмкіндігіне қарай, быйылғы жылдың жемісі етуге күш саламын.

Қала берсе, он-он бес жылдық творчестволық жұмысымды қорытып, келесі жылға таңдамалы шығармаларымның жыйнағын ұсынсам деген ой бар. Бұл, әрине, быйыл жаңа шығармалар берумен қатар, бұрынғы жазғандарымның бірсыпырасын қайта қарауды, өңдеуді, жанып-жонуды қажет ететіні белгілі.

Жұбан Молдағалиев.

***

1954 жылдың күзінде Павлодар облысының тың жерлерді игеріп жатқан аудандарында болдым. Жаңадан құрылған совхоздарды араладым, быйылғы жылы сол тың жерлерді игеруші еңбек адамдары жөнінде очерк, әңгімелер жазбақпын.

Мұқан Иманжанов.

***

Менің творчестволық жоспарымда бір ғана мәселе – өлең жаза беру мәселесі тұр. Мен быйыл «Менің жастық шағымның қаласы» деген өзімнің екінші өлеңдер жыйнағымды жазып болып қалдым.

Леонид Криовощеков.

***

Жамбыл және оның ақындық ортасы жайындағы мәселелерді мен соңғы он жылдан бері зерттеп келе жатырмын. Жамбыл, Нұрпейіс, Иса, Төлеу, тағы басқа көрнекті халық ақындары туралы жеке мақалаларымды былай қойғанда, Жамбыл және қазақ совет фольклорының кейбір келелі мәселелері туралы монографиялық еңбегімді жақын арада редакциялық жөндеу, түзетулерімен бітіріп баспаға ұсынбақпын. Бүгінгі поэзия мен прозаның мәселелері жайынан, қазақ әдебиеті тарихының мәселерінен бірнеше сын-мақалалар жазбақпын. Жазылып жатқан, жазылатын еңбектердің салмағы сол мақалалардың өзінен көрінер.

Есмағамбет Исмаилов.

№ 3, 1955 жыл.

ПІКІРЛЕР3
Тəкен 16.10.2016 | 22:41

Уақыт пен адам жəне кəзіргі ұрпақ …өресінің бейнесі… Тасқа басылған замана суреті… Рахмет!!!

Ержан Арзықұлов 16.12.2016 | 15:35

Өткен күндерден қалған сәулелі сәттер!!! Тарихты, өткеніңді қмытпау да жауапкершілік. Рахмет «Қазақ әдебиеті»!..

Маржан Əшірапбай 21.11.2017 | 18:40

Мынаны көріп, оқып көп Мағұлмат алдым. Рахмет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір