3 роман: жаңа ғасырдың жазушылары не жазды?
28.12.2021
3369
2

«Үш жас жазушы роман жазыпты» деген ақпаратты әлеуметтік желіден көріп қалдық. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» демекші, роман жазуды мақсат тұтпайтын қаламгер некен-саяқ. Бірақ, алып мұхит секілді күрделі жанрды игеру, сөздің мәйегін ұсыну, ойдың жүйесін қалыптастыру, сюжет құрылымын анықтау мен жинақтау оңай емес. «Роман» деген белгісі бар кітаптар, жазбалар көп, дегенмен оның бәрі роман болуы неғайбыл екені тағы шын. Біз есімдері енді таныла бастаған Әлішер Рахат («Параллель»), Темірлан Қылышбек («Ай қызы»), Нұрбек Нұржанұлына («Тәнсіз гүлдер») хабарласып, өздерінің романдары жайында, қалай жазылды, қандай жағдайда жазылды, қандай тақырыпты көтерді деген сұрақтар төңірегінде ойларын білген едік. Жас қаламгерлердің ізденісі мен талпынысы сүйсінтті. Қазақ әдебиетінің жаңа толқын өкілдеріне сәттілік тілейміз.

Редакциядан.

 

Әлішер РАХАТ

  «Параллель»: ЕҢ МАҢЫЗДЫ ҮШ СҰРАҚҚА ЖАУАП

Алғашқы кітабым жарық көргеніне бір жыл толғанда, екінші романды жазуды ойға алдым. Бастапқыда жазғым келген тақырып та, идея да тым басқа еді. Эпикалық роман болатын. Бірақ алғашқы үш-төрт бетін жазғанда-ақ оған дайын емес екенімді, идея жатырқап тұрғанын сездім. Сол бір кезеңде Артур Шопенгауэрдің «Мир как воля» атты кітабы қолыма түсті. Кітапқа үңіліп отырып, өзіме таныс, әрі жақын бір ойды көкейіме қондырып алдым. Адам өміріндегі ең маңызды «Кіммін? Қайдан келдім? Қайда барамын?» деген үш сұраққа берген жауабы жаныма жақын болды. Соны түп негізі қылып ала отырып, «Параллельді» бастаған жайым бар. Астарын қалыңдату үшін мифті пайдаландым. Оқырман кейіпкермен «бірегейлену» үшін қоғам мен жеке тұлғаның қақтығысын, өздеріне таныс проблемаларды көрсетуге тырыстым.

Бұл романды 12 мәрте бастап, он шақты бет жазып, артынша өшірген екенмін. Қазіргі дайын нұсқасы он үшінші рет жазылғаннан қалғаны. Есептеп көрсем, бір романның көлеміндегі жазбамды өшіріп тастаппын. Қайта-қайта көңілімнен шықпай қалуының негізгі себебі тақырыптың ауқымын игере алмай біраз жүргенімнен деп ойлаймын. Шамам келмейтін секілді, түпкі идеяға жете алмай қалатын сияқтанамын, ауытқып кететіндей көріндім. Бірақ, әйтеуір, бірте-бірте, аз-аздан жазып жүріп, шамам келгенше, ойымдағыны жеткіздім деп есептеймін. Бағасын оқырман бере жатар.

Сосын тағы бір кедергі – романның бірінші жақтан жазылуы. Осыған дейін көбіне үшінші жақпен жазып үйреніп қалғандықтан ба, әлде әлі де қалыптаспағаннан ба, өзіме қиынға соқты. «Мен» деген сайын, әңгіме өзіңе ойысып кететіндей, кейіпкерді ысырып тастайтындай көрінеді. Оның үстіне, «ол» дегенде автор кейіпкер көрмейтін, сезбейтін нәрселерді суреттей алады ғой, ал бірінші жақпен жазғанда, басты кейіпкердің көзімен ғана көресің, сол арқылы ғана оның күйін жеткізесің. Одан тысқары шыға алмайсың. Киноның тілімен айтсақ, «общий планды» суреттемейсің, өйтсең, кейіпкер авторға айналып кете береді. Көркем тілді асыра пайдалансаң, кейіпкердің дауысына ұқсамай қалады. Одан қашсаң, шығарманың көркемдігі төмендеп, қарабайырлық басып кетеді. Заман мен замандастың бейнесін жасау үшін қолымнан келгенін жасадым, қалғанын кітап жарыққа шыққан соң көре жатармыз.

Мен үшін ең жақсы көркем шығарма жоғарыда аталған ең маңызды үш сұраққа жауап беруге талпынады. Өйткені адам өмірінің мәні тікелей соған байланысты. «Параллельде» соны қамтуға тырыстым. Психологизм бағытында, қазіргі қазақ қоғамындағы отбасы институтының қандай күйде екенін ашқым келді. Жан-дүниесі басқа мамандықты қалайтын, грант үшін немесе әке-шешесінің айтқанымен мүлдем бөлек салада оқыған, кейіннен қолынан іс келмейтін маманға айналатын адамдар жайлы. Оның сыртында, қазақтың адамның көңіліне қарайтыны. Ата-анасының, туған-туысының, құрбы-құрдасының… Бәріне деген құрметі, махаббаты – оның ішіндегі шынайы ойларын, қалауларын ығыстыратыны жайлы. Адамның ешқашан бір ғана сезімнің шырмауында болмайтыны, мысалы, сүйіп тұрып жек көруі, достық ниетпен қастық істеуі, жақсы көргеннен оны билеуге тырысуы секілді параллельді сезімдерді суреттедім.

«Махаббатым – constant»-тың негізгі аудиториясы 25 жасқа дейінгі оқырмандар болды. Параллельдікі кем дегенде 35-ке дейінгі аудиторияны қамтыса деген ниетім бар. Бірақ бұл кітап шыққан соң белгілі болмақ.


Темірлан ҚЫЛЫШБЕК

 «Ай қызы»: КЕЙІПКЕРЛЕР ЕРКІМНЕН ТЫС ӨМІР СҮРДІ

 Роман жазу бұған дейін ойымда болмаған. Олай болған күннің өзінде кең тынысты шығармаға отыздан асып, қырыққа таяғанда ғана қалам тербермін деп жүргенмін…

Әңгіме жазумен шектеліп жүрген кезім. Арасында бір повесть жазғаным бар, бірақ өзіме ұнамаған соң ешкімге оқытпадым. Кейіннен қайта әңгімеге оралдым. Шамамен үш айда бір әңгіме жазып жүрдім. Көктемнің, жаздың әңгімесі деген сияқты. Бірде «Ай қызы» деген әңгіменің нүктесін қойдым. Қаңтардың ортасы, қыстың әңгімесі болуы керек. Роман сияқты емес, о баста басқа формада жазылды. Тілі де өзгеше болды. Өзгермеген бір ғана нәрсе – сезім. «Ай қызын» ақын Қайрат Сейтқазинге оқыттым. Ол кезде екеуміз жақсы араласамыз. Көкшетауға ауыспай, Астанада «өлеңмен ауырып» жүрген кезі. Лезде қарап шықты. Бас-аяғын қосқанда бар болғаны жеті парақ еді. Сосын шығарма туралы ойын айтты. Негізінде романның жазылуына себепкер болған – Қайрат. Әңгімені талдап, оң және теріс тұстарын айта келе, осы әңгімені роман ретінде жазып шықсам екінші қайтара оқып шығатынын, оқылым үстіндегі сезімін қайта бастан өткергісі келетінін жеткізді. Роман жазамын деп уәде бердім. Роман жазуыма түрткі болған бар себеп – осы.

Роман жазу мен ойлағандай оңай дүние емес болып шықты. Оған білім, сөздік қор, бап, көңіл-күй, деталь, стиль, форма керек. Аталғандардың барлығы менде болған жоқ. Тіпті басы мен аяғын ойда құрудың өзі қиынға соқты. Сол себепті роман басынан бастап жазылмады. Әр бөлімін әр кезеңде қағазға түсті. Бірде ортасындағы бөлімін жазуға отырсам, енді бірде басы жазылды. Бірақ соңғы бөліміне асықпадым, өйткені, нүктесін қоярдағы әсерден айырылып қалғым келмеді. 

Тағы бір айта кететін жайт, роман 2019 жылдың қаңтарыннан бастап жазылды. Негізгі мақсатым сол жылдың күзіне дейін аяқтап, бір жағынан  өз-өзіме есеп бергім келсе, енді бір жағынан тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастар арасында қала романын жазған алғашқы жазушы болсам деген де ой болды. Сөз бен істің арасының алыс болатынындай, ой мен істің арасы да алшақтай берді. Барымды салып күзге қарай бітірдім, алайда өзіме ұнамады. Ойымдағы дүниелердің жартысын да бере алмағанымды түсіндім. Сосын өзімді міндеттейтін ойлардан, жалған пафостан арылуға тура келді. Романның менің қалауымнан, еркімнен тыс жазылуына мүмкіндік бергім келді. Сол себепті де жазу процессі екі жыл сегіз айға созылды. Осы уақыт аралығында көптеген қиындықпен бетпе-бет келдім. Мыңдаған сөздердің, сөйлемдердің, тыныс белгілердің арасында өзімді жоғалтып алдым. Тіпті айналамдағы жақын адамдарға тиісті деңгейде көңіл бөле алмадым. Өз ойыммен, өз қиялыммен, өзіммен өзім қалдым.   Қазір романым қолымда. Редакутра, корректура деп аталатын кезеңдерден өтті, бірақ жаңа жыл қарсаңында типографиялардың жұмыс кестесінің тығыз болуына байланысты кітап шығару бірашама уақытқа шегерілді. Бұл бір жағынан авторды романнан кейін қажыта түссе, екінші жағынан бірнеше қайтара оқып, кем-кетігін түзеуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, мен үшін роман ойлағанымнан жақсы шықты. Бастапқыда жоспарланған стиль мен формаға түспей, өзіндік жол тапты, кейіпкерлер еркімнен тыс өмір сүрді. Әдеттегі жоспарлап жазылатын әңгімелер сыйлайтын ләззаттан өзге бір ләззатқа жолықтым. Әдебиет туралы ойым өзгерді. Қазір романның жазушыға сыйлайтын ләззатын қайта аңсап жүрмін. Роман жазу үшін жазу үстеліне қайта отырғым келіп жүр, бірақ сарқылу деген бар. Толықтай сарқылу емес, осынша уақыт өзіңмен бірге санаңда өмір сүріп келген кейіпкерлерден арылғандағы сарқылу.  Келесі романға отырмас бұрын өзімді біраз уақыт толысу процессіне арнасам ба деймін. Жазып жүргенде ойдан, стильден, формадан айырылып қалмас үшін кітап оқуды шектеген едім. Осы уақытқа дейін кітап оқуға, ізденіске кеткен есемнің орынын толтырсам деген ойда жүрмін және ол процесс басталып кетті.

Роман идеясы ерекше, ауқымды мәнге ие деп айта алмаймын. «Ай қызы» елу сегіз қысқа бөлімнен тұрады. Идеялар сол бөлімдерде ықшамдалып берілген. Олардың басын құрап, үлген бір идея тудыру да немесе сол күйінде қабылдау да оқырманның еншісінде. Роман жазғандағы басты мақсатым – бір идеяны алып шығу емес, сезім сыйлау болды. Ол мақсатымның орындалған, орындалмағанын алдағы уақытта білеміз.


Нұрбек Нұржанұлы

«ТӘНСІЗ ГҮЛДЕРДІҢ» ЖҰПАРЫ

Әдебиетке деген махаббатым көптеген қаламгерлер іспетті поэзиядан басталған-ды. Алайда поэзия жеткізе алатын сезім-күйді проза, дәл солай проза жеткізе алатын ойды поэзия жеткізе алмасын ұғындым. Сол секілді әңгімеге, хикаятқа, романға арқау боларлық тақырып та сан алуан.

Ішіңе жиналып, көкейіңде кестеленіп, жүрегіңде туған илһамлы ой-орамдар – қуат пен энергия. Жазбасаң, я көпшілікке жеткізбесең немесе қалайда өмірдің, не өнердің пайдасына жаратпасаң, олар тасқын болып, әйтеуір бір күні авторды құрдымға жіберері анық. Жан мен тәнге сіңген әрбір нәр сыртқа шығуды, өсіп-өнуді талап етеді. Жұтқан ауа, сезінген күй, қорытқан ой, іштегі өксік т.б. әуеге жайылуға, еркіндігімен қауышуға мұқтаж болатыны секілді, ішіңде бұғып жатқан қанатты қаріптер өз кеңістігіне ұшу үшін жаныңның торында шыр-пыр болып, өз тәуелсіздігін күтіп жүреді.

«Тәнсіз гүлдер» романы 2-3 ай ішінде жазылған-ды. Алайда оны көкіректе қайнатып, мида пісіру ұзақ уақытты қажет етті. Бұған себепші болған азды-көпті көріп-білгенім мен сезініп-түйгенім және жиырманың төртеуіне келген жасым еді. «Аяқ киімнің бауынан да жақын қалған өлімді түгі жоқ, кезбе күйімде қалай қарсы алмақпын» деген ойда жүрдім. Оның үстіне Лермеонтов, Торайғыров, Есенин, Пушкиндердің де ғұмыр жасы қатты әсер еткені бар. Соларға қарап, құдай берген таланттың ақысын уақытылы бере алмаудан қорықтым. Мектептегі, студенттік шақтағы алтын уақытты еш кетірген ақымақ басым әр сәттің қадіріне жете алмағаныма нала болдым. Сондай олқылықтарды толтыру ниетімен «Тәнсіз гүлдер» романы өмірге келді.

Романдағы уақиға Түркия мемлекеті, А. қаласында өтеді. Қаланың атауын жұмбақтап қойғанымның да өз себебі бар. Әлемдегі түрлі алпауыт мемлекеттер мен алып шаһарлардан тыс, тасада қалған қарапайым тұрғындардың тыныс тіршілігі күйбеңге толы һәм әбігері мол кішкене шәр. Қазақ топырағынан арман қуып, қанаттанып барған студенттің бәрі өзі ойлағандай болмаған кезде алаулаған көңілі су сепкендей басылады. «Тәнсіз гүлдерде» сондағы ішкі күйзелісі, жалғыздығы сипатталады. Өз жерінде өскен ортасына сыя алмаған жастың, өзге елде де қоғамнан орын таба алмай әбігерленгені, тіпті кеудесіне сыйған жүректің дүниеге сыймай, жаны байыз таппауы шығармаға арқау болады. «Моласындай бақсының жалғыз қалған» (Абай) кейіпкердің ар азабы, жан күйзелісі, өзді-өзімен сырласуы да жоқ емес. Сонымен қатар, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіндегі бір қалыптылық, сол қалаға, табиғатына ұқсаған кейіпкерлердің ішкі-сыртқы шарпысулары саяси көзқарастары, өкініштері, өмірге деген тұжырым-пікірлері де романды ары қарай оқуға қызықтыра түседі деп ойлаймын. Бас кейіпкер Мүсілімн Анесса есімді бикешті құлай сүйеді, бірақ араларындағы кіршіксіз сезім нәпсіқұмарлыққа айналып, олар ар-ұждандарын құтқару үшін өзді-өздерімен күресіп, бір-бірінен алыстайды.

Романда бір маусым, яғни күз мезгіліндегі оқиға ғана баяндалғанымен, әр тарау басында жарты жыл бұрынғы, бір жыл алдынғы уақиғалар тақырыпты аша түсу үшін, кейіпкерлерді оқырман жете тану үшін, шегініс жасап, суреттеліп отырады. Емраһ есімді жалғызлікті кейіпкердің айкезбе тіршілігі, жалынды жастығын, келелі келешегін, сенімі мен үмітін кішкене қалашықтағы тар бөлмеге қамап қоюы, бүткіл дүние-тіршіліктен қашып, осында тығылуының мәнін ұғынуға тырысасыз. Таки есімді әзербайжандық босқынның да өмір үшін, отаны, отбасы үшін күресі қанатын дауылда қаққан көбелектей оқырманға ой салар деп ойлаймын. Ахмет, Джемал, Әділбек, Дженгиз атты кейіпкерлер де өз болмыстарымен, мінез-құлықтарымен оқиғаны әрлендіре түседі.

Адасқан тағдырлардың тоғысқан нүктесі сол – А. қаласы. Оның тау-тасына, ауасына, көше шамдарына, өзеніне, ғимараттарына ұқсас тұрғындардың сезім реңктері роман бейнесін оқырман көңілінде өздігінше бояп, соны түс сыйламақ.  Өмір мәнін ұғынуға ұмтылған кейіпкерлердің ізденіс жолдары осылайша шым-шытырық жәйттермен өрнекетеледі. «Қиял сұлуы» мен «Жаңбыр адамы» да романға мистикалық образ беріп, кейіпкердің жүрек бұлқынысын суреттеуде өзіндік рөл атқарады. Сонымен қатар жоғалған кітаптар мен «қашқын» пальто да уақиғаның күрделенген тұсында орын табады. Қара талдың қарғалары мен кейіпкердің «қашқын» қара тымағы және қара пальтосы символикалық мән арқалап, кейіпкердің көлеңкелі тұстарын ашуға жәрдемдеседі.

Аталған романды жазуда түрлі кедергілерге тап болғаным рас. Бірақ жазу барысында есепсіз ішілген шәй мен жағымсыз әдеттерді санамасақ, іштегі «шығармашыл меніңнің» эстетикалық ләззатқа бөленетіні айтпаса да түсінікті. Оның дәмін татқан әрбір жазарман мұны ешбір марапат пен мақтауға айырбастамасы анық.

Романды жазуыма түрткі болған, ең әуелі, оқыған түрлі жанрдағы кітаптарым мен толғанысым. Соның ішінде түрік жазушысы Сабахаттин Алидың «Тон жамылған Мадоннасы» мен «Ішіміздегі сайтан» романдары еді. Төл әдебиетіміздегі Т.Нұрмағанбетов, М.Мағауин, Т.Әбдік т.б. жазушылардың кітаптары осы бір қадамға қорықпай баруыма сенім ұялатты. Және Дж.Лондонның «Мартин Идені» мен Л.Толстойдың «Анна Каренинасын» роман жазу барысында біраз парақтадым, осындай кең тынысты классикалық шығармалар ерекше қарқынмен жазуыма бөлекше күш берді. «Тәнсіз гүлдерді» жазып бастағаннан бірнеше айдан соң тоқтауым керегін сезгендей болдым – тоқтадым. Бірақ ішімдегі бос кеңістік пайда болды. Қаламгерлерге таныс күй деп ойлаймын – жаза алмасаң, жан дүниесінен бір бостықты сезіп, жазуға отырғанда ғана Ай секілді толыса түсесің. Іштегі бостықты енді жаңа Айдың туғанындай жаңа дүниемен толтыру керек шығар. Оқырмандарды «Тәнсіз гүлдерді» иіскеп-теруге, қаріптердің гүлзар-бағын аралауға шақырамын. Әрі әрбір оқырман көңілінде «Тәнсіз гүлдердің» жұпары аңқып жатса, өзімнің шын бақытты боларыма күмән келтірмес едім.                


Оймақтай ой

ҚАЗАҚ КЕЙІПКЕР КЕРЕК

Әр автордың ой көкжиегі, қиял шегі әр түрлі болады ғой. Әркім өз бағытын қайта-қайта жазып шыңдайды да, қаламы төселгесін белгілі бір жанрдың өкіліне айналады. Мықтылар жанр таңдамайтын да шығар. Алайда комерциялық әдебиетке бет бұрған қаламгер өз жанрының маманы болуы керек.

Осы талапты өзіме ұстанып фэнтези, фантастика немесе магиялық реализм жанрында қалам тартам деп шешкенім бар еді. Себебі бұл жанр комерциялық әдебиетте дүниежүзі бойынша өз оқырмандарын әлдеқашан тапқан еді. Толкин, Роулинг, Кинг, Мартин секілді жазушылардың әр қайсысы өз әлемін ұсынды. Оны қабылдаған қауым өсті. Сол секілді, Жапония, Корея, Қытай, Үндістан секілді ірі мемлекеттердің бәрінде бұл жанрда жазатын танымал әрі сұранысқа ие авторлар бар. Және бұл авторлар әдебиетті комерцияландырып жіберген саудагерлер деген көзқарас үлкен әдебиетші өкілдердің арасында айталылады. Дегенмен, коммерциялық әдебиеттің қоғамдағы маңызын жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені ол жанрдың кейіпкерлері немесе сондағы әлем – кез келген адам санасында жататын қиял ғажайып қобдишасынан табыла алатын образдар. Осылай ойлай келе мұндай жанрдағы романдар бізге де керегін түсінгендеймін. Көрші Ресейдің кітап нарығында мынандай қызық құбылыс қалыптасыпты. Жекелеген танымал емес фэнтези, фантастика жанрында жазатын романистер тым көп екен. Алайда олардың көбі кейбір орталықтар немесе мамандар жасайтын статистикаға рейтингке мүлдем ілінбейді. Мұндай авторлардың көбеюіне бірден бір себеп – оқырман тарапынан туындайтын сұраныстың болуы. Біздің оқырмандарға да бұл жанрда өз тілінде сөйлейтін, қиял ғажайып әлемінде өмір сүретін ұлты қазақ кейіпкерлер керек деп ойлаймын.

Берікбол БАТАН,

жазушы

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.11.2023 | 23:34

Мәә

Аноним 25.11.2023 | 23:34

👍👍👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір