Ілияс Жансүгіров. Қолбала (поэма)
28.12.2021
4413
1

 Құрметті оқырман! Сіздердің назарларыңызға Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің қорынан алынған  ақынның «Қолбала» поэмасын ұсынып отырмыз.

Поэма Ақсу ауданы Қызыл таң совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазылып, қағазға түскен (Ш.Қыяхметова).

«Қолбала» поэмасы туралы Ғали Орманов: «Қолбала» дастаны Ілиястың тырнақалды шығармаларының бірі. Бұрын біздің орталық баспаларда жарияланбаған еңбек. Алғашқы шығармаларының бірі болса да, ақынның өзіндік өрісін айқын танытады. Журналда жариялау өте орынды деп білемін», – деп жазады.

 

Қолбала  

(Бұрын жарияланбаған поэма)

Үш қайнар Ақсу, Діңгек жүрді қыстап,

Шығады жайлауға да жаз жылыстап.

Баласы Солтанайдың үшеу екен,

Туыпты Қангелдісі қан уыстап.

Қанекең өсіп-өнді бара-бара,

Ұрлық пен жаманшылық болған мұра.

Жайлауы күзеу-қыстау – Мойынқұмда

Құлжабай, Көкен, Күміс деген мола.

Қайырсыз, қаны суық ылғи ұры,

Үй басы арамдықтан емес құры.

Қылғаны ұрлық, біткені қара лашық,

Жайнақтың, әсіресе, жаман сұры.

Шықпаған қой дейтұғын ақылды да,

Күндіз-түн кептірмеген тақымды да.

Жанши басып жарлыны, жауша шауып,

Жылатқан жапсар елді, жақынды да.

Ақылсыз азаматы аусар ала,

Сәлсіз (?) пысық даңғойлау келер жаңа.

Осылардың ішінде бірге өсіпті

Қаракөз аққұбаша жетім бала.

Аты екен ол баланың – ер Қолбала,

Өскен сайын түрленді гүл-гүл жаңа.

Ерлік пен шешендікті қабат ұстап,

Көзге көркем көрінді нұрлы бала.

Қолбала өсіп жетті болды түрлі,

Қып-қызыл қырғи қабақ, қыр мұрынды.

Қол-аяғы балғадай жігіт екен

Дөңгелек орта бойлы, жауырынды.

Ақ жүрек әділдікпен болған абыз,

Салалы салмағы бар іші сағыз.

Өзі әнші, өзі өлеңші жігіт екен,

Әніне таңғалғандай тыңдасаңыз.

Өлеңді айтатұғын орны келсе,

Іркіліп тоқталмаушы еді айтшы десе.

Кейде ащы, кейде баяу даусын толғап

Құбылтар ән аяғын әлденеше.

Майда тіл таңдайдағы болды шешен,

Кең ойлы, кішіпейіл мінезі әсем.

Қайнарда қатар шыққан жақсылары

Шынәсіл, Әбдібай мен Тұрсын, Тәшен.

Қажымас қарсы жауға біткен жігер,

Татуға табылмайтын бір аяулы ер.

Жасынан көңіліне жазған екен

Бой тартып арамдықтан жиіркенер.

Деуші еді: «Қангелдіге ұрлық қылма,

Қорлық қой ұрлық түбі, құрбы мырза.

Қазақтың қастық қылып малын жесем

Тұрғанда сіңіртпеймін мен осында».

Сондықтан, жек көреді біткен ұры,

Жақсының жауласпай ма ағайыны.

Белгілі білгендерге ісі емес пе

Туғанға туралықпен  жақпайтыны.

Қашып, үсіп, суыққа қолын үрлеп,

Бір қара алып келсе аты терлеп.

Әрі айғақ, әрі би боп әпереді

Үстіне тағы қосып айып бер деп.

Қолбала жалғыз болды – өзгесі көп,

Көп біріксе көзіне саламай ма шөп.

Күнде кеңес қылады тісін қайрап,

Күн көрмедік осыны қайтеміз деп.

Қолбала жалғыз бір күн келе жатып,

Қалыпты ат үстінде қабақ қатып.

Қара ит ерткен қатындар қастық қылып,

Талатты әлгі  итке қамалатып.

Қалмады үрей ұшып терге батып,

Ыстық жасы көзінен кетті атып.

Еті суып дірілдеп, қаны қашып,

Атының басын бұрып алды тартып.

Көріпкел үш Қайнарда Бәйкен екен,

Көріп ұстап тұрғандай айтады екен.

Асып-сасып алқынып соған келді,

Деді де бұл түсіме не айтады екен.

«Байтеке, бір түс көріп, келдім сізге.

Кісіге бұрылғам жоқ сізден өзге.

Бар еді әулиеден шарапатың

Сөйлесіп хабарын бер кісіңізге».

Бәйтекең тамырына қолын салды,

Жақындап құлағымен тыңдай қалды.

Төңкеріліп, қобалжып селкілдеді,

Ысқырып бір қуарып, бір қызарды.

Шашып-жайып байқайды құмалақты,

Қысылған соң маңдайдан тер де ақты.

Өңі сұр, үңірек көз жауым бар деп,

Жайнақ пен Тасубайлар түсін тапты.

«Шырағым, нәзіріңді айт, құдайы бер.

Бұл күнде екі көзің сенсе егер,

Көзіңе құдыретің көрсетіпті,

Сақ болып, салақ болмай сақтана көр».

Естіп қорқып асығып үйге қайтты,

«А, құдай, сақтай көр!» деп малын айтты.

Белтоған мен Бұрғанға егін салып,

Азығын сол жылы ел бір молайтты.

Онан кейін бірталай заман өтті,

Күз күземнің уағы келіп жетті.

Тағдыр жазса, талайың ұзара ма,

Ісімен дүниенің ұмытып кетті.

Шошыған естен кетті көрген түсі,

Дүниенің айналдырып аз күнгі ісі.

Шақырды той болады, ат шабады деп

Қылибай Бәртедегі деген кісі.

Ішіне ұрылардың қатқан қаны,

Кеңесті жоғалтуға Қолбаланы.

Тойға жүр деп ап шығып өлтірейік.

Десіп сөзді байлады қудың бәрі.

Той деген дүйсенбіге бар бір хабар,

Етін жеп ертеңіне атын шабар.

Ертең ерте жиылып бәрі келіп,

Жүр десіп шуласады сұмзадалар.

Ол тойды біраз өнер қылған ауыл,

Отырмын оттасын деп атым жауыр.

Той түгіл томалақтың керегі жоқ,

Өзімнің тартып отыр денем ауыр.

Біреуі ат ерттеді алып келіп,

Қолбалада қауып жоқ анық сеніп.

Біреуі бөркін белбеуімен даярлап ап

Қамшысын ұстатады алып беріп.

Бәрінен тәңір жазған тағдыр күшті,

Атына мініп алып қайта түсті.

Іші-бауыры елжіреп, әлі құрып,

Қолынан әйелінің сусын ішті.

Біреуі қолтығынан аттандырды,

Жабыла бәрі бірдей атқа мінді.

Бұрғанменен Ақсудың арасында

Арал дейтін бір аулақ құмға кірді.

Ішінде Тасубай мен Жайнақ та бар,

Қандыбалақ Әшекей салмақтанар.

Қисық ауыз Демболсын мылжыңменен

Сәл соғатын сабаздай бойдақ та бар.

Бір елсізде дуылдап құмға кірді,

Өлтіруге ымдасып келеді енді.

Біреуі қыл шылбырды тұзақ қылып

Сыртынан білдірместен тастай берді.

Ілінді мойнына тұзақ түсіп,

Бұрады қыл шылбырды қатты қысып.

Екі көзі аларып төңкеріліп,

Аттан ауып сылқ етіп қалды түсіп.

Жабыла бәрі келіп тепкі салды,

Аузы-мұрнын құм құйып істеп алды.

Әрі-бері дірілдеп ісіп кеуіп,

Жаны шығып қорқырап өліп қалды.

Терең қазып тепкілеп жерге тықты,

Ертоқымды киімімен бірге тықты.

Аттың көзін алысқа жоғалтпаққа

Әшекей жетелеп ап жылдам зытты.

Қарбаң-құрбаң көме сап жүріп кетті,

Сол бетімен саулатып тойға жетті.

Той қылғандар әкеліп табақ тартты,

Жәйбарақат отырып, етін жесті.

Ат шапты, той тарқады етін жесті,

«Қолбала соған кетті»  деп айталық –

Осылайша бір сөзбен уағда етті.

Енді үйіне жалғыз-жалғыз келіп түсті,

Қолбаланың қатыны сөз сөйлесті.

Біздің мырза қалайша келмеді деп

Қатынының қапа болып іші пысты.

Тойға барды, ат шапты етін жесті,

Біреуде бар еді алмақ бесті.

Тойда соның жолы ғып адамына,

Сақайға Шұраттағы кетті десті.

Қара жерді кешікпей қар да басты,

Қайыры жоқ қарындас қанын шашты.

Хабарда жоқ қарасар ағайында,

Қатыны ағызады көзден жасты.

Қор қылды құмға тығып есіл жасты,

Сүйтсе де ел жыбырлап өсек басты.

Қар кетіп, жаздың желі соққанында,

Шапанның шала жапқан бетін ашты.

Болмады ұрыларға енді сенім,

Сандалды ұрылар да таппай жөнін.

Осылардан болды-ақ қой деп жүретін

Жұрт білді де кеңесті, өлтіргенін.

Ұштасып үш Қайнарға хабар барды,

Тәшен мен Тұрсын естіп ашуланды.

Қолбалаға құн алмай қоймаймыз деп,

Хабар беріп Қайнарды жиып алды.

Ұрылар да қорықты, әкеп малын төкті,

Не салса да көтеріп артқан жүкті.

Қарын тойса қазақтың  жұмысы не,

Жеп алып бір-бір қара тыныш жатты.

Қайран ер отыз екі келген жасқа,

Туысқан жоқ өзінен туған басқа.

«Ұрлық қылма» деймін деп өліп кетті.

Одан басқа не қылды қарындасқа.

Сол Қангелді мұрасы  әлі де ұры,

Тоқтататын кісі жоқ қой деп мұны.

Есіл ақын, ақылды ер Қолбала

Қор боп құмға тығылды, бітті құны.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.03.2024 | 00:07

Тамаша

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір