Сәт ТОҚПАҚБАЕВ: ҚАРУЛЫ КҮШТЕРДІҢ ӘЛЕУЕТІНЕ СЕНЕМІН
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Қазақ әдебиеті» газетімен бірлескен «Асыл сөз» сұхбат жобасында қазақ елінің қалыптасу кезеңінде түрлі сала бойынша елеулі еңбек сіңірген тұлғалар қонақта болды. Кезекті кейіпкеріміз – ҚР Қорғаныс министрі, ҚР ҰҚК төрағасы, ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы, ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы, ҚР Президентінің кеңесшісі сияқты лауазымды қызметтерді атқарған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев ұлт қауіпсіздігі жайлы толғамды ойларымен бөлісіп, кешегі, бүгінгі саяси ахуал хақында сөз қозғады.
Ол: «Қазақстанға қарсы жұмыс істемейміз», – деп зар еңіреді
– Сәт Бесімбайұлы, қадірлі аға, ортамызға қош келдіңіз! Біздің жобаға сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамыз! Сіздің балалық шағыңыз туралы білгіміз келеді. Сонау балдәурен – бала күніңізге бірге саяхат жасап қайтсақ…
– Ең алдымен, менімен кездесуге ұсыныс жасап, осындай ауқымды іс-шара ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Мен 1939 жылы Алматының Іле ауданына қарасты Боралдай ауылының КазЦИК деген елді-мекенінде дүниеге келдім. Бұл ауыл әлі күнге дейін бар. Әке-шешем – ұжымшарда қызмет істеген кісілер. Мен – олардың жалғыз ұрпағымын.
Алдымен, сол КазЦИК-те төрт сыныпты қазақ тілінде бітірдім. Ол уақытта мектеп те, мұғалім де қат еді. Бастауышты бітірген соң біздің ауылдың арғы жағында Комсомол деген ауылда әкемнің танысының үйінде жатып, 7 сыныпты бітірдім. Әрі қарай ауыл маңында мектеп болмағандықтан, Алматыға келіп №22 мектепте 10 сыныптық білімімді түгендедім.
Бала күнімде детективтік шығармаларға қатты қызықтым. Қолыма түскен кітаптарды талғамай-таңдамай оқушы едім. Содан кейін барлаушы болып, елге қастық қылмақ ниеттегі қылмыскерлерді ұстасам деген арман болды. Сол арманның жетегінде жүрген күйі Қазақ Мемлекеттік университетінің Заң факультетіне құжат тапсырдым. Бірінші жылы оқуға қабылданбадым. Екі жыл бойы кірпіш зауытында жұмыс істеп, оқуға қайта тапсырдым. Екі жылдан соң оқуға қабылдандым.
Қазақ Мемлекеттік университетінің Заң факультетін тәмамдап, Алматыдағы Прокуратурада еңбек жолымды бастадым. Көп ұзамай Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне ауыстым. Жұмыс орным мені Минскідегі Барлау мектебіне жіберді. Оны бітірген соң Сыртқы істер министрлігінің шетелде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған қытай-ағылшын тіліндегі Дипломатиялық академиясына түстім. Бұл оқуды тәмамдаған соң біраз уақыт бойы Қытайда жұмыс істедім. Бүгінгі күні қарап отырсам, 28 жасыма дейінгі уақытымның басым көпшілігін оқумен өткізіппін.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ лауазымды қызметтерде отырып, аттан түспей еңбек еткен азаматтардың бірі – өзіңіз. Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс саласында есіміңіз тарихта қалды. Осынау қуанышты шақта ел тағдырына әсер етерліктей шешімдер қабылданған сәттер өткен болар. Оны былайғы жұрт біле бермейді. Сол туралы айта отырсаңыз…
– Тәуелсіздік алған жылдары, яғни тоқсаныншы жылдардың басында Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстым. Мені және сол замандағы әскери салада тәжірибесі мол азаматтарды шақырып, бәрімізге айтқан алғашқы сөзі: «Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті алдық, енді айырылып қалмайық». Бәрімізден жеке-жеке не істеу керектігін сұрады. Менен де сұрады.
Мен өз кезегімде ішкі ойымды айттым. Мемлекеттік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын мектеп болу қажеттігін, оның дәрежесінің жоғары болуы міндетті екенін алға тарттым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы таныстық осылай басталған-ды.
Нұрсұлтан Әбішұлымен танысқан күннен бастап, ол кісі менің қалған өмірімнің өзгеруіне, елге қызмет етуіме көп ықпал етті. Тағы бір жолыққанда Н.Назарбаев менен:
– Қауіпсіздік саласын құруды кімнен үйренеміз? – деп сұрады.
– Мен – Ресей мектебінен білім алған адаммын, – деп жауап бердім.
– Енді не істемек керек?
– Американы көрген жөн болар.
– Онда Америкаға барасың! – деді.
Сөйтіп, жаныма үш кісіні қосып, АҚШ-қа аттандырды. Орталық Барлау басқармасының директорының қабылдауында болып, барлық мәселелерді талқыладық.
– Сіздер Қазақстанда барлау жұмыстарын жүргізесіздер. Сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдету мақсатында шағын дәріс жүргізейін деп келдім, – дедім әңгімені қалжыңға бұрып.
Ол: «Қазақстанға қарсы жұмыс істемейміз», – деп зар еңіреді. Мен қалжың екенін түсіндіріп, біздің ел туралы 10-15 минут сөйледім. Сөйтіп, қарым-қатынасымыз біршама дұрысталды. Жаңа танысып отырғаннан кейін сөз табу қиынның қиыны болатын.
АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы доктор Вулсиймен тіл табысқан соң, Нұрсұлтан Әбішұлына қоңырау шалдым. Америкалық тарапты қонаққа шақыруға рұқсат сұрадым. Ол: «Шақыр», – деді. Сол аралықта Орталық барлау басқармасы құрылымдарының басшыларымен, негізгі жұмыс тәртібімен танысып, біраз тәжірибе алдық, жұмыс барысын бақылай жүріп бірқатар детальдарды көңілге түйдік.
Доктор Вулсий шақыртуымызды қабыл алып, Қазақстанға келді. Үш Boeing ұшағымен келіпті. Біреуінде – өздері, екіншісінде – қызметкерлер, үшіншісінде – техникалары. Техникалары барлық ақпараттарды жазып, мұхиттың арғы жағымен тікелей байланыс орнатады. Енді ол уақытта бұл сапар туралы ашық айта алмайтынбыз. «АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы Қазақстанға келіпті» дегенді естісе, көрші елдер қалай қабылдар еді?
«Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін не істейміз?» деген сұрақ Назарбаевтың көкейінде үнемі тұратын әрі бұл сауалды айналасындағыларға жиі қоятын. Сол аралықта мен Президентке ҚР Президенті Күзет қызметін құру жайлы ұсыныс жасадым. Ойлап қарасаңыздар, кез келген елдің басшысы – толық институт. Оған қастандық жасалмас үшін, мемлекеттік билік басындағы тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуші арнаулы қызметтің болуы – шартты нәрсе. Осы ҚР Президенті Күзет қызметін құру туралы ұсыныс мақұлданған соң, оны құрып, басшылық ету өзіме жүктелді.
ҚР Президенті Күзет қызметін құру туралы ой АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметімен танысқаннан кейін келген. Ол жақта Президенттің қауіпсіздігін теңіз-құрлық әскері мен Президенттің Күзет қызметі қамтамасыз етеді екен. Сондықтан бізде ҚР Президентінің Күзет қызметі мен ҚР Республикалық гвардиясы құрылды. Бұл қызметтер Мемлекет басшысының үйінде, жұмыс орнында, шетелде, ішкі аймақтардағы сапарларында үздіксіз жұмыс істейді.
Ол уақытта Қазақстанның Қарулы күштері бар. Дегенмен бір түймені басқанда жаныңда болатын жеке күзет қызметінің орыны бөлек. Бұл – Батыс елдерінде, әсіресе АҚШ-та әбден орныққан, тиімділігін уақытпен дәлелдеген тәжірибе еді.
Көпшілікті қызықтыратын, маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі – қастандық әрекеттерінің жасалуы. Бұрын айтпаушы ем, мына бір эпизодты әңгімелеп берейін. Бір күні жүргізушім жұмыстан соң үйге алып келген кезде: «Бізге оқ атыпты», – деп көліктің алдыңғы бөлігіндегі оқ іздерін көрсетті. Жағдайды Нұрсұлтан Әбішұлына баяндадым. Ол кісі бірден: «Жеке күзет берейін», – деді. Бас тарттым. Қалған уақытта мен басқарып отырған мекеме барлық билік құрылымындағы басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Мұндай жағдай Тәуелсіз Қазақстан тарихында қайталанбады.
…Бұрынғыдай Мәскеуден рұқсат сұрамайтын болдық
– Ақпарат құралдарынан: «Қазақстандағы Президенттің Күзет қызметі әлемдік деңгейдегі көшбасшылар қатарында», – деген мағлұматтарды оқыдық. Бұл қаншалықты рас?
– Уағында ҚР Президенті Күзет қызметін құрғанда АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының тәжірибесін қолданғанымыз туралы айттым. Отыз жылдық тарихымызда осы қызметтің қателігінен өкінетін, бармақ тістейтін жағдай орын алған жоқ. Бұл – жүйелі жұмыс пен білікті басшылардың қызметінің нәтижесі.
– Академик Манаш Қозыбаев «Азалы кітап» деген еңбегінде: «1937-1950 жылдардағы сталиндік репрессияға ұшыраған азаматтардың құжаттарын зерттеп, оларды ақтап алуда ҰҚК-нің архивін ғалымдарға бірінші рет ашып берген Сәт Тоқпақбаев», – деп сізді атап өтеді. Осы жайтқа кеңірек тоқталсаңыз.
– Ол кезде бәрі жабық, құпия еді. ҰҚК төрағасы қызметін атқарып жүргенімде академик Манаш Қозыбаев алдыма келді. Ол кісіні сырттай танығаным болмаса, жақыннан араластығымыз жоқ болатын. «Әділет» қоғамын құрып жұмыс істеді. Бір жиынға мені шақырып, сонда сөз сөйледім. ҰҚК төрағасы сөйлеген соң, «Бұл қалай болғаны?» дегендей бәрі шулап кетті. «Тоқтаңыздар, бұл жерге өз еркіммен келіп отырмын. 1937 жылы тіпті өмірде болмағам», – деп едім, олар кішкене кідіріп қалды да, араларынан бір кісі: «Шынында да, бұл кісінің 1937 жылғы оқиғаларға не қатысы бар?» – деп, бәрін сабырға шақырды. Ол уақытта рұқсат етілмеген архивке ғалымдарды жіберу үлкен тәуекелге бел буумен бірдей болатын. Дегенмен тәуелсіз ел болғандықтан өз билігіміз өзімізде. Бұрынғыдай Мәскеуден рұқсат сұрамайтын болдық. Архивке кіруге он күнге рұқсат бердім. Құпия құжаттар сақталған архивке кіргізуге менің де құқым жоқ, мен оларды жалпы тарихқа қатысты бөліміне кіргіздім. Егер жоғары жақ қысатын болса, осындай уәж айтам деп алдын ала дайындалдым. Абырой болғанда, менің бұл әрекетімді қатты тергеп, тексермеді. Рас, репрессия кезінде қазақтың қаншама сүттің бетіне шыққан қаймақтары атылып, асылып, айдалып қуғынға ұшырады. Көбі мерт болды. Олардың ақталуы артында қалған жан жарлары мен ұрпағына үлкен демеу. Себебі «Халық жауының» жақындары да қоғамнан шеттетіліп, көп азап көрген еді. Оларға жаңа мүмкіндік ашылды.
Полигоннан зардап шеккен Хиросима мен Нагасаки бүгінде ең дамыған қалаларға айналған
– Сәт аға, сіз біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете жүріп, аса құпия деректермен, әрекеттермен жұмыс жасағаныңызды білеміз, сеземіз. Қазір жаныңыздағы қазақтың белгілі жазушысы Сәуле апайымызбен шығармашылық қарым-қатынасыңыз қалай?
– Совет дәуірінде мемлекеттік құпияны 50 жыл айтпау туралы Заң болған. Қазіргі күні де мемлекеттік құпия туралы жауапкершілік жүктейтін құжатқа қол қойған соң, тәртіпті сақтауға міндеттіміз.
Ал Сәуле апаларыңа келсек, бұл кісіге де мемлекеттік маңызы бар құпия ақпараттарды бермеймін (күліп). Себебі қолхат жазып бергендіктен, аса маңызды ақпараттарды айта алмаймыз.
Сәуле апаларың Семейдегі полигон туралы жазып жүргенін білесіздер. Ол туралы деректер – құпия емес. Бұл кісіге полигон орнын көрсеттім, өйткені мен онда жұмыс істегенмін. Семей халқы социалистік жүйенің кереғар әрекетінен қаншама зардап тартты. Бұл – үлкен қасірет.
Семейдегі ақсақалдармен сөйлесе жүріп, біраз дерек жинадық. Дүниеде қай елде, қай ғасырда өз елін бомба астында ұстап еді? Америка үш бомба ойлап тапты да, бірін ғана өз жерінде сынады. Қалған екеуін Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастап, бейбіт халықтың тіршілігін тас-талқан етті.
Артынша АҚШ өзі бомбалаған Жапонияның қос қаласына көмектесуге барша әлем жұртшылығын шақырды. Біз Жапонияның бомба тасталған қалаларында арнайы делегациямен болып, зерттедік.
Жапонияның ең таза, тұрмыс-тіршілігі ең жоғары деңгейдегі қос қаласы деп бүгінде осы Хиросима және Нагасаки қалаларын атайды. Бұл қалай? Өйткені АҚШ осы қалаларға өз күшін және әлем елдерінің күшін біріктіре отырып, орасан зор материалдық көмек көрсеткен. Міне, сондықтан кезіндегі атышулы оқиға тез шешім тауып, бүгінде бұл қалалардың тіршілігі қалыпты жүйеге түскен.
– Бізде де Арыс қаласында, Байзақ ауданында әскери қару-жарақтар жарылып, адамдардың өліміне, тұрғындардың мазасының қашуына, әлеуметтік нысандардың бүлінуіне әкеп соқты. Бұрынғы Қорғаныс министрі ретінде бұл оқиғаларға қалай баға берер едіңіз?
– Жарылыс бекер болмайды. Әр жарылыстың нақты себептері бар. Мен аталмыш оқиғалардың материалдарымен таныс емеспін. Бірақ бұл – жақсы нәрсе емес. Өзім танитын кісілермен, Қорғаныс министрімен сөйлестім. Ол кісілердің айтуынша, барлығы жоғары деңгейде жұмыс істеп, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін еңбек еткен. Бұл оқиғаларды «төтенше жағдай» деп бағалап отыр.
Қорғаныс министрі болып қызмет істегенімде еліміздің қару-жарақ қоймаларында 1940-41 жылдардан бері сақталып келе жатқан жарылғыш заттар болған. Сол кезде осы ескі дүниелерді тазарту мақсатында жұмыстар жасап, біраз шаруа атқарғанбыз. Бірақ соңына дейін жеткізе алмадым, себебі мені басқа қызметке ауыстырып жіберді. Одан бергі уақытта осындай жарылыстар орын алып отыр. Ол жұмысты менен кейінгі басшылар соңына дейін жеткізді ме, әлде жоқ па, ол жағынан хабарсызбын.
Қолымыздағы қару-жарақты заман талабына лайықтап отырған жөн
– Бүгінгі күні Орталық Азиядағы, жалпы әлемдегі ахуал, мемлекетаралық қарым-қатынас жағдайлары шиеленісіп тұр. Біздің Қарулы күштеріміздің әлеуеті қандай?
– Оныңыз рас. Ауғанстандағы, Украинадағы, таулы Қарабақтағы жағдайларды меңзеп отырсыз ғой. Мұндай жағдайлар дәуір сайын қайталанып отыратыны – шартты әрі заңды нәрсе.
Мен елімнің патриот азаматы ретінде Қарулы күштердің әлеуетіне сенемін. Өйткені осы отыз жыл ішінде әскери қорғаныс саласына мемлекет тарапынан баса назар аударылып, мол көлемде қаражат жұмсалып келді.
Өзім қызмет атқарған орындардың дамығанына, әлеуетінің артқанына сенім білдіремін. Бүгінгі күні де қорғаныс саласын басқарып отырған азаматтар – патриот, жоғары деңгейдегі азаматтар. Олардың күшіне сенім артайық.
Біздің Қарулы күштеріміздің жағдайы жоғары деңгейде. Қару-жарақтарымыздың да халі сондай. Қазіргі уақытта ғылым мен техника күн сайын жаңарып отырады. Осы лекке еріп, қолымыздағы қару-жарақты, ұстанымдарды, қағидаларды өзгертіп, заман тынысына лайықтап отыру керек. Бұл біреумен соғысуға дайындық дегенді білдірмейді. Өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін жағдайымыз әрдайым бақылауда болғаны жөн.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, мен Қорғаныс министрі болып тұрған тұста Нұрсұлтан Әбішұлына «түрлі жетіспеушіліктер туралы» айтып, көп жүгіндік. Әскердің наны болмаған күндер де болды. Содан Президент: «ЖІӨ-нің 1 пайызын Қорғаныс саласына бөліп отырайық», – деп шешім қабылдады. Жақында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сайтында: «Қазақстан Қорғаныс саласына ЖІӨ-нің 1,2 пайызын бөліп отырады», – деген ақпарат жарияланды. Қару алу үшін, жауынгерлерді ұстау үшін әрдайым жоғары мөлшерде қаражат керек. Бұл – әлем елдерінде баламасы жоқ қаражат тарту тәжірибесі деуге болатын дүние.
– Қытай және ағылшын тілдерін меңгергеніңіз туралы айттыңыз. Үйренген тілдерді қазіргі уақытта пайдаланып жүрсіз бе?
– Ағылшын және қытай тілдерін оқуым жұмыс барысындағы қажеттілік еді. Кез келген ел барлау ісімен айналысар кезде жекелеген адамдарды сол елдің салт-дәстүріне, мәдениетіне, тіліне икемдейді. Қажет тұсы болса, арнайы оқытады.
Біздің кезімізде қытай тіліне деген сұраныс сирек кездесетін. Қазіргі уақыттағы саяси жағдайға байланысты қытай тілін меңгеру негізгі алғышарттар қатарына еніп кетті.
Бізді жоғары Дипломатиялық академияда оқытты. Ол жердің түлектері дипломат ретінде де қызмет атқаратын. Мен Қытайда қызмет еттім. Ол уақытта Кеңес үкіметі мен Қытайдың қарым-қатынасы қиын болатын. Басты жау – Қытай болса, біраз уақыттан кейін нысана АҚШ-қа қарсы бағытталатын. Саяси ахуалдың сипаты осындай еді.
Академияда қытай тілі мен дипломатиялық дағдыларды үйрендік. Үш жыл бойы оқып, тілдерді және басқа да дүниелерді меңгердік. Қазіргі жағдай да солай болса керек.
Қазақстанда бүгінде оқуға жағдай жасалған, барлық мүмкіншілік бар. Барлаушы болған соң тілді білмек керек. Онсыз мүмкін емес. Бір-ақ күнде қуып шығады ғой (күліп).
– Сәтті жүзеге асырылған «Сапфир» операциясы туралы айтып берсеңіз…
– Бұл – Семей облысында Метте әкім болып тұрған кез. 1994 жыл. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бізде ядролық қару жоқ», – деп мәлімдеме жасады. Ал іс жүзінде дәл сол уақытта 592,5 кг қару сақталып тұр еді.
Осылайша ҚР Президенті АҚШ-қа арнайы ресми сапармен барып, резервте тұрған байытылған уран мәселесін түбегейлі шешіп қайтқан. Вашингтондағы кездесуде «Сапфир» атауын алған операция өте құпия түрде әрі өте сәтті өтті.
Бұл қару бұдан бұрын Ресейге ұсынылған. АҚШ-тың Вербе деген атташесі болған, әлі де бар, СІМ қызметкерлері бар, Қазақстанға келді. Барлығы біріге отырып жұмыс істеп, ядролық қаруды қалай пайдалану қажет екенін талқылады.
Мұндағы басты мақсат – халық зардап шекпес үшін аса қауіпті қарудың көзін жою. Ядролық қару бойынша ғалымдар және мамандар келді. Сатпақ болған едік, ешкім алғысы келмеді. Соңғы шешім қарудың көзін жою болды.
Халық ортақ мақсат жолында бірігу керек
– Қазіргі заманда ұлттың қауіпсіздігін қалай сақтауға болады деп ойлайсыз? Сіздіңше, қазақ армиясына не жетпей тұр?
– Жуырда Мемлекет басшысы кезекті жолдауын жария етті. Онда елдігімізді, тұтастығымызды сақтап, дамудың, өркениетке жетудің барлық бағыты белгіленіп, басымдығы айқындалды. Енді тек соларды алаңдамай, жан-жаққа қарамай жүзеге асыру керек. Оған толық мүмкіндік бар. Бұрын «анау жетпеді, мынау жетпеді» дейтінбіз. Қазір халықтың жұдырықтай жұмылып, өз тағдырына өзі қожа болып, өмірінің сапасын арттыруына барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, ауыл тұрғындары өз әкімін өздері сайлай алады. Халықтың өзін-өзі басқаруына, ұлт тағдыры үшін шешім қабылдауына беріліп отырған зор мүмкіндік қой. Ең бастысы, немқұрайдылық танытпай, белсенді бол. Ауылыңа келетін әкімнің іскер, білікті басшы болуына атсалыс, оған көмектес, қаржының мақсатқа сай жұмсалуын бақыла. Жалғыз Президент емес, барлық халық ортақ мақсат жолында бірігу керек. Бұрынғы кемшіліктерді қазіргі күнге теліп, ренжи берудің қажеті жоқ. Енді тек сол қателіктерден сабақ алып, оларды қайталамауға тырысуымыз керек. Ол үшін ауызбіршілік, мықты ынтымақ қажет. «Ырыс алды – ынтымақ». Расында бірлігіміз берік болса, біз алмайтын қамал жоқ.
– Аға, біраз әңгімелестік. Сіздің ортамызға келгеніңіз – айтарлықтай қуаныш. Біздің жобаның дәстүрі бойынша қонақтан асыл сөзін – ақ батасын сұраушы едік. Осы жолы да сол дәстүрден жаңылмай, өзіңізден бата-тілегіңізді сұраймыз.
– Білімнің қайнар көзі – кітап. Сіздер сол кітапты тарату, халыққа, оқырманға жеткізу, архив қорын жинаумен айналысып, аса маңызды, жауапкершілігі жоғары қызмет атқарып отырсыздар. Шақырғандарыңызға ризашылық білдіремін, орталарыңызда болып, кездескеніме қуаныштымын! Еңбектеріңіз жансын, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Бас аман, ел тыныш болсын! Ұрпақтарыңыз, өздеріңіз өсіп-өніп, көбейе беріңіздер! Білім өссе, мемлекет деңгейі де артпақ. Аман-сау, бай-қуатты болайық!
– Рақмет!
Әңгімелескен Әділ ҚОЙТАНОВ