«Әлемдегі ең әдемі ту – қазақтардікі»
22.12.2021
2330
0

Шетте. Батыста академиядан алыс, қарапайым адамдармен таныссаң, көбінің Қазақстан туралы түсініктері таяз ғой. «Ресейден шықтыңыздар емес пе?» деп сұрауы мүмкін, немесе «Қазақстандықтардың келбеті азиат па сонда?» деп таңғалатындар бар. Бірақ әрине, қазақтың кім екенінен аздап хабары барлар да кездесіп жатады. Алғаш Англияға тіл үйрене барғанда Лондон түбіндегі Рединг қаласында пәтер жалдағанымыз бар. Сонда агенттер ә дегеннен «Қазақтарды білеміз, үйді өте таза ұстайды» деді. Сонда бір шаттанып едік. Жақында бір кісі жайлы естідім. Әлдебір шетелдік оған «Қазақстанның ақшасы өте әдемі екен, суреттерден көрдім, өзіңізде болса маған көрсетіңізші» депті. Әлгі кісінің төбесі көкке жете жаздаған ғой. Есіме бір жағдай түсті, испандық құрбым ағасымен таныстырғанда, әлгі кісі, ә дегеннен, «Қазақстан ба? Әлемдегі ең әдемі ту қазақтардікі» деп, көк пен сарының үйлесімі, тудағы символиканың қарапайым әрі терең екенін айта жөнелді. Ондай адаммен дос болып кетпеу мүмкін емес еді. Шетте жүрсек қазақтар туралы кім, не деп жатыр деп елеңдеп жүреміз. Сол географиялық кеңістікте өзіміздің кім екенімізді (identity) сондай жылт-жылт еткен шағын нәрселерден жинап, құрастыруға тырысатын шығармыз. Осының бәрі қазақтың көп уақыт әлемге Совет одағы арқылы ғана таныстырылып келгенінің нәтижесі. Қазақтың өз даусы шықпай келгендіктен де «Борат» сияқты басынулар болды. Әлемге біздің көпірген мақтауымыз, өзімізді асыра дәріптегеніміз керегі жоқ, ол күлкілі және зиян. Мұның өзіміз үшін де зиян екенін көріп отырмыз. Үнімізді шығарып, травмаларымыз бен тәжірибелеріміз туралы шынайы айтуымыз керек деп ойлаймын.

Елде. Бірде маникюрге бардым. Тырнақ сәндеп күнін көріп отырған қуыршақ қыз жанындағы құрбысымен сөйлесіп отыр: «Клиенттерімнің бәріне сыйлық алдым, крем, шампан, ұсақ-түйек… біраз ақшам кетті. Онсыз тағы да болмайды». Клиенттерінен алатын азын-аулақ ақының біразын сыйлық қып өздеріне қайтару үшін де, келісерсіз, біраз сана керек қой. «Ммм…» деп терезе жаққа қарасам, «Клиент на всю жизнь» деген кітап жатыр. Шамамен сол уақытта қыз жақында Челябинскіге барып курстан өтетінін де айтып жатты. Оған құрметім ұлғая берді, «біз де біртіндеп өзгеріп келе жатыр екенбіз-ау» деп іштей өсіп қалдым. Себебі ол маған кейбір әріптестеріндей: «Мен мұнда уақытша жүрмін» деп тістеніп отырған жоқ, «Маникюр жасаймын, және жақсы жасаймын» деп отыр. Сөйлеген сөзі, әрбір әрекетінен өзіңе, өзіне, өзінің қызметіне деген құрметі байқалып тұр.

Әр адам осы манюкир жасайтын қыз сияқты, өз кәсібіне адал болғанда біз бәріміз жақсы өмір сүре бастаймыз. Өйткені басшы жауаптылау басқаратын болады, дәрігер ықтиярлылау емдейтін болады, еден жуушы мұқияттау жуатын болады, шаштараз ептілеу қиятын болады, журналист позициясына адалдау болады…  Қарап отырсақ, ел болу үшін аз ғана нәрсе керек екен. Әркім өз кәсібімде жақсырақ болсам деп талпынса, жетіп жатыр екен. Өйткені мемлекет деген билік қана емес, мемлекет деген сіз бен біз.

Баяғыда «Халық сөзінде» «Тәуелсіздік сізге не берді? Сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?» деген сауалнама бар еді. Тәуелсіздік бізге бәрін берді ғой. Бізде бардың бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Ал Тәуелсіздікке біз не бере аламыз? Күнделікті адал еңбегімізді ғана. Қайда қарасаңыз шалалық көп қой бізде. (Өзімізді де бұл топтан ажыратып алуға ұяттың жібермей тұрғаны). Әркім профессионал болсыншы. Соған тырыссыншы. «Тәуелсіздікке» бізден одан басқа ештеңенің керегі жоқ. Күнде таңертең Әнұранды айтып ояну міндет емес, тойда тост айтам деп шығып алып «қазақша сөйлеңдер» деп үгіт жүргізу де міндет емес. Жай ғана өз орнымызда, өз қызметімізде кәсіби болуға ұмтылсақ, Тәуелсіздік баянды болмай қайтеді?

Әсия Бағдәулет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір