ЕҢ ӘДЕМІ КЕЛІНШЕК
18.11.2022
135
0

Күні кеше әлеумет­тік желіде көрген адамды елең еткізбей қоймайтын бір жазба тарады. Әйел – таксист машина айдап келеді. Қасындағы орындық жоқ. Оның орнында баланың арбасы тұр. Артқы орындықта – клиент­тері.

Жүргізуші келіншек бір қолымен машина айдайды. Бөпесі қыңқ етсе, екінші қолымен тербетеді. Әлбет­те, мұндайда ауызға «байғұс такси айдап қиналғанша, үйінде отырмай ма?» деген сауалдың оралуы да заңды.
Клиент­терінің бірі келіншекке дәл осы сұрақты қойды да. Сөйтсе, келіншек күйеуінен ажырасқан екен. Бір сәбиі бар. Өзі пәтер жалдап тұрады. Күнкөрісі қиындаған соң, осындай кәсіппен амалсыз айналысатын көрінеді.
Жас нәрестесі бар әйелдің такси айдағаны болмаса, бұл да – әлеумет­тік-тұрмыстық тұрғыда үйреншікті жайт. Бірінші тұтынатын зат­тар 21 пайызға қымбат­таған қазіргі қымбатшылық заманда жұмыс істемейтін, бір жасқа дейінгі баласы бар әйелге берілетін 18.316 теңгеге күн көру шынында мүмкін емес.
Жас келіншектің неліктен мұндай тәуекелге барғаны осы жерден-ақ белгілі болады.
2021 жылғы есеп бойынша Қазақстанда бір жасқа дейінгі баланың жәрдемақысын 385 мың әйел алады екен. Оның дені – жалғызбасты аналар. Проблема айтпаса да белгілі. Жырғап отырған ешқайсысы жоқ. Бірақ солардың бәрі бірдей осы батыр келіншектің тәуекеліне бара алмайды. Көлік айдай алмауы да мүмкін…
Келіншектің бұл әрекетінің елдегі әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайдан хабар беріп тұрғаны сөзсіз. Тұрмысы ауыр әйелдің немесе бойжеткеннің бәрі бірдей мұндай ерлікке бара алмайды дедік. Ал сонда үй-күйі, жұмысы, соған сәйкес кірісі жоқ әйел қайтып күн көруі керек?
Елдің басқа аймақтарын айтпағанда, күн көруге біршама қолайлы саналатын Алматыда бұл проблема алғаш рет ішінде, он мың әйел жұмыс істейтін АХБК сияқты біраз кәсіпорын жұмысын тоқтатқан тоқсаныншы жылдардың басында көрініс берген. Жұмысымен қоса, жұмысшы жатақханасынан да айырылған біраз ару амалсыз сол кез­де атағы Алматыны айтпағанда айдай әлемге жайылған Саин көшесіне шығуға мәжбүр болған…
Әлбет­те, ол қазақ этносы үшін ұлт­тық деңгейдегі проблема еді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе!..» деген ұранның «атқа мінген» тұсы да сол. Бірақ бір бұзылған қылықтың түзеле қоюы екіталай. «Батпандап кірген кесел мысқалдап шығады». Оның салқыны қоғамда әлі күнге дейін байқалады…
Ол кезде қазіргі «Қазақстанның бар байлығын уысында ұстап отырған», әрқайсысында төрт-бес тоқал бар 162 магнат­ты айтпағанда, «қазақ байыса, қатын аладының» мәртебесін асқақтатып отырған қалталы байлардың да қалыптаса қоймаған шағы.
Алдымен шетелдік қалталы инвесторлар құтырған. Сол шамада Алматыда әсіресе түрік компаниялары көбейген. Әлдебір керауыздың «паспорты қазақ болғанмен сол кезде туған балалардың неше пайызының түрік байынан туған «шата» екенін білесіңдер ме?..» деген қисық сөзі амалсыз еске түседі. Ол да рас. Ол да болған оқиға.
«Жоқ!» дейді салауат­ты сана. «Көпке топырақ шашуға болмайды! Арын ақшаға сатпайтын абыройлы аруларымыз да бар!». Сол жұмысы, кірісі жоқ тоқсаныншы жылдары «Арасан» моншасының кіреберісінде қазақтың айдай сұлу бір жас келіншегі өткен-кеткеннің аяқ киімін кремдеп отыратын. «Менің жарым осындай болсын!» дейтіндей-ақ нағыз хас сұлу еді. Саин көшесінің сылқымдары ішкені – алдында, ішпегені – артында, қалталылардың құшағында шалқып жүргенде, осындай хас сұлуды қорлықты аяқ киім тазалауға қиғың келмейтіні де рас.
Жеңіл жүрісті бизнес қаладағы негізгі кіріс көзіне айналып тұрған шақта ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу да жас әйелдің күнін аяқ киім тазалаумен көруі – шынында да сол шамадағы тіршілік пен тұрмыс ақиқатына сәйкеспейтін. Аяқ киім тазалататын клиенті де көп. Біреуінің аяқ киімі шынында тазалауды қажет етеді. Енді біреулер жәй ғана хас сұлудың келбетіне қызығатындай ма-ау…
Әлгі келіншекті біз де сөзге тартып көргенбіз. Мұғалім отбасында тәрбиеленіпті. Біреудің аялап өсірген жалғыз қызы екен. Әке-шешесі қайтыс болған. Күйеуінен ажырасқан. Көмектесетін ешкімі жоқ. Амалсыз баласын асырау үшін осындай кәсіпке барған көрінеді.
Әлбет­те, күнкөрісі ауырлаған келіншектің сол кезде Саин көшесінің табыс көзіне айналып тұрғанын білмеуі, естімеуі мүмкін емес. Бірақ ондайға бармаған, бара алмаған. Оған иманды ата-анасынан алған тәрбиесі, ар-ұяты, намысы жібермеген.
Міне, қазіргі заманның «ең әдемі келіншегі» де осылар! Жөргектегі баласымен такси айдап, біреудің аяқ киімін тазалап, арын таптатпай жүрген арулар!
Ал теріс жолмен, жеңіл жолмен ақша тауып жүргендердің сайтани әрекеті алдымен соларды тәрбиелеген ата-анасына сын. Ата-ана тәрбиесімен қоса қоғамның да тәрбиесі бар. Ардың төбесіне ақша шыққан қазіргі алмағайып заманда ештеңеге таңғалмайтын жағдайға тап болып отырған жайымыз бар.
Қазақ – қызын төріне отырғызып, еркін ұстайтын ел. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағидасы тағы бар. Біз «ең әдемі келіншек» деп әспет­теп отырған таксист пен аяқ киім тазалау­шы арулар да – сол имани тәрбиенің жемісі.
Алайда соңғы дәуірдің ақиқат­тарында «кері эволюция» деп қисындау­ға әбден лайықты солақай құбылыстар да аз емес… Оны да ұлт­тық этнотәрбие­нің елеулі бір кемістігі дегеннен басқа лаж жоқ.
Ұлы Отан соғысы қызып тұрған кезде Қазақстанға шешен-ингуштардың депортацияланғанын білеміз. Тау халықтары мұсылмандық ғұрыпқа, шариғат талаптарына екібастан мықты ғой.
Үлкендердің айтуынша, келгендердің арасында Хауа деген бір әйел үнемі қара бетперде тағып жүреді екен. «Бұл әйел неге бетпердесін шешпейді?» десе, таулықтар «оның мұрнын кесіп тастағанбыз, себебі некелі күйеуінің көзіне шөп салған» дейді екен.
Рас, орта ғасырлық қатаң дәстүр. Бірақ… Бірақ кейде амалсыз «осындай дәстүр бізге де керек емес пе, өзі?..» деп те қалғандайсың. Себебі бүгінгі нақты өмір ақиқаты адам шошырлықтай. Әрі оны ешкім де жоққа шығара алмайды.
Қашанда ой – қиялға түрткі. Осындай қатаң, қатаң да болса, бір жағынан әділет­ті әрі тиімді көрінетін дәстүр орнаған біздің қоғамды көзге елестетіп көріңізші, ағайын…
Бүгінгі қоғамда мұрны бар төменетектіден, мұрны жоқтардың басымырақ, көбірек болуы да мүмкін ғой, Құдай ұрғанда…
Қазақ қоғамы өткен ғасырдың соңынан бері үлкен өзгерісті бастан кешті. Гейлер, трансвестит­тер пайда болды. Еркектің – әйелге, әйелдің – еркекке айналатынын да естіп, көріп жүрміз.
Қазақ қызы алдымен шолпы таққан әдемі ұзын бұрымынан айырылды. Ал енді «мұрынынан айырылса…» не болмақ?.. Қазіргі ақиқат­та әлбетте бұрым қымбат. Ал «мұрын» одан да қымбат дер едік. Сондықтан еркегіміз бар, әйеліміз бар, бәріміз бірігіп, бұрыммен қоса «мұрынды» да пұшықтықтан, абыройсыздықтан қорғап қалайық дер едік.
Аяқ киім тазалаушы хас сұлу мен жөргектегі нәрестесін қасына алып, жолаушы тасымалдап жүрген ару амалсыз еске орала береді. Біздің заманның қаһармандары да солар. Бұл арулар – қазіргі қазақ қоғамының сәулет­ті ескерткіш тұрғызып, баршаға тәлімді үлгі етіп көрсетер кейіпкерлер!

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ