ХАЛЫҚТЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫНДА КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ
20.12.2021
1066
0

Тәуелсіздік жарияланғанда ес біліп, өзімізге-өзіміз келіп қалған кез еді. Бала күнді, «Бозторғай» деп әндетіп жүрген сәтті айтпағанда, саналы ғұмырымыз тәуелсіздік жылдарымен тығыз байланысты. Бір сөзбен айтқанда, барлық жақсылықты осы Тәуелсіздіктің нәтижесінде көріп келеміз. Халыққа танылдық, еркеледік, жоғары марапаттарды алдық. «МузАРТ»-ты құрдық, осы отыз жылда тек халықтың алақанында келе жатырмыз. Өнеріміздің арқасында күллі елді, күллі республиканы араладық. Қайда барсақ та ақ көңілдерімен қарсы алып, шын пейілімен құрметтейді.  

Мен кешегі өткен ата-балаларымыздың, алаштықтардың төгілген қанының өтеуі осы тәуелсіздік деп есептеймін. Солар жете алмаған, солар көрмеген еркіндікті біз көрдік. Біздің ең үлкен бақытымыз – осы. Тек, қатарларымыз, кейінгі ұрпақ сол құндылықтың қадірін білсе, бағалай алса деп ойлаймын. Қолымнан келгенінше соны айтып жүруге, түсіндіруге тырысам. Мәселен, дәл осы отыз жылда менде творчестволық даму болды, үйлендім, балалы-шағалы болдым. Сол бала-шағама бабамыздың қанымен келген тәуелсіздіктің қадірін ұғындырсам деп жан салам.

Ең бастысы, мені осы дәрежеге жеткізген елге қызмет етсем, елге бір пайдам тисе деп ойлаймын. Құдай ауызбіршілігімізді ажыратпай, тәуелсіздігіміз баянды болса, көрер күніміз бұдан да жақсы болады!

Ең ұлық мерекелеріңізбен!

Мейрамбек БЕСБАЕВ, әнші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір