АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН ҰСТАЗДАРЫМЫЗ АЛҒАШ БІЗБЕН БІРГЕ ОҚЫДЫ
20.12.2021
1769
0

Тәуелсіздік туралы алғашқы хабар ақ түйенің қарны жарылғандай сүйіншілеп жетті дей алмаймын. «КСРО ыдырапты» дегенді әкеміз теледидардан естіп, біртүрлі құлазып қалғандай көрінді. «Алып державаның бір бөлігіміз» деген даңғаза саяси мақтаныш сезімі қанымызға сіңбесе де, жетпіс жылда соған жетеғабыл болып қалғаны рас. Тілі шыққан бүлдіршіннің тезірек кеудесіне қызыл жұлдыз тағуды күтетін заманы еді ғой. «Енді Қазақстан жеке мемлекет болды» дегенді түйсіну қарапайым қазақ үшін ә дегенде қуаныштан емес, ертеңгі күн туралы бұлыңғыр ойдан басталғанын сол кезде  бала болсақ та, байқаған едік.
Талайға дейін қызыл галстукты мойнымыздан тастамай, тағып жүргеніміз есімде. Шешіп тастасаң, кішігірім қылмыс секілді; мұғалімдердің де «Мұның енді қажет емес» деуге дәті бармайтындай. Даурығысып қалса, қойын қалтасынан партбилетін желпілдетіп алып шығып, өзгеге ырық бермейтін әсіре патриоттар болатын еді. Солар жынынан айырылған бақсыдай тыншып қалды. Жаңа бір заман келе жатты…
Өтпелі кезеңнің әлеуметтік-экономикалық дағдарысы – өз  алдына бөлек әңгіме. Жұмыссыздық жайлады. Мектепте ұстаздық еткен шешеміз жарты жылдап жалақысыз қалған соң, бос уақытында іс тігіп, нан сатуға да мәжбүр болды.
Жалпы сол бір талмауыр шақтың ауыртпалығын сезінбеген отбасы жоқ шығар. Шаруашылығы тұралап қалған ел қиналып жүрсе де, Наурыз мейрамын тойлады, ораза тұтты…
Аулымызда осы жылдары музыка мектебі ашылып, қырық адамдық оркестр құрылды.  Соған арнап ұлттық аспаптың түр-түрі, көздің жауын алатын қазақы киімдер жеткізілді. Ескінің жаңғырған, жоғалғанның қайта табылған жылдары бұл…
Ауылға бұрын естімеген қазақ ақын-жазушыларының кітаптары келе бастады. Алаш арыстарының шығармаларын ұстаздарымыз алғаш бізбен бірге оқыды.  Шәкәрімнің қара мұқабалы тұңғыш жинағы маған ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ойларымен ерекше әсер еткен-ді. Мектеп кітапханасына түскен «Дарабоздың» жалғыз данасы қолдан-қолға өтіп, беттері тоза көп оқылды. Қабырғада ілулі тұратын радиодан қариялар Абайдың қара сөздерін тамсанып тыңдап отырушы еді. Тәуелсіздіктің дәмі бізге осылай тамшылап жетті.

Әлмира ҚАЛИ, әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір