«…БАУЫРЖАН АСТАНАДА ҚҰРЫЛЫСШЫ»
20.12.2021
838
0

Фотосурет 2003 жыл Үкімет үйінде түсірілген.

Менің бірінші мамандығым – мұғалім. Мұғалім болғанда, анау-мынау емес, бастауыш сыныптың мұғалімі. 9 сыныптан кейін, бақандай 4 жыл оқығанмын! Оның өзін Көкшетаудан бастап, Қызылжардан аяқтағанмын… Екі қалада оқуымның себебі, аса тәртіпті, момын болғаныма байланысты дей салайық… Ол туралы айтар болсам, қатарынан 10 күн отырып жырлайтын дастан, толғау.

Қызылжардағы Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжді аяқтап, қолыма әрең тиген әлгі дипломымды, тағы да басқа құжаттармен қоса Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне тапсырып, жазғы екі-үш ай демалыста Астанаға барып, құрылысшы болып ақша таба қоятын болдым. Жоғарғы оқу орнындағы оқуымды күзге қарай қайтып келіп, ары қарай жалғастырмақпын.

Сонымен ауылда аунап-қунап, бір-екі апта аялдағаннан кейін, «Астана, қайдасың?» деп тартып отырдым. Бұл 2003 жылдың жазы. Астана енді салына бастаған кез. Астанада мені қайбір жылы үй, жұмсақ төсек, ыстық тамақ күтіп тұр дейсіз. Жанын жалдап жұмыс істеп жүрген аталас ағайын-туыстардан басқа танитыным жоқ.

Ол кезде Көкшетау мен Астананың арасында қазіргідей кең, тақтайдай теп-тегіс автобан жоқ, екі машина әрең сиятын кедір-бұдыр ескі жол бар еді. Сол жолмен бүйрегіміз түскенше солқылдап отырып, 5 сағат жүріп әрең дегенде Астанаға жеттік. Мақсат деген аталас ағамның үйіне келіп түстім. Үй дегеніміз – қала сыртындағы құрқылтайдың ұясындай кішкентай бір дача. Есік пен төрдің арасы – екі қадам. Ары қарай есептей беріңіз.

2003 жылы Астананың сол жағалауында үш-төрт-ақ құрылыс нысаны бар еді. Үкімет үйі жаңадан салынып жатқан кез. Мақсат ағамыз «Үкімет үйінде» жұмыс істейді екен! Маған: «Саспа, саған жұмыс табамыз», – деді. Ертеңінде жұмыс орнына ертіп барып, маған «қызмет» тауып берді. Ол кісі жұмыс берушілерге «электрик бауырым бар» деп мені электрик қылып жіберді. Өзім тоқтан қорқатын адам едім. Бұл бір қызық болды. Электрик болу үшін емтихан тапсырып, «қағаз» алу керек екенмін. Әлгі емтиханынан өтпей қалсам екен деп тұрып, өтіп кеттім. Екі көзім сықсиып, қып-қызыл электрик болып шыға келдім.

Бұл жұмыс құтты болды. Тыныш. Таза және уақытың көп. Кітап оқисың, өлең жазасың, рахат!

Сол кезде жазылған өлеңім бар еді.

Тағдыры иір-қиыр бұрылысты,

Бауыржан – Астанада құрылысшы…

…Астана, пай-пай, шіркін, арман қала!

Бауыржан, Ерқанаттар салған қала.

Маңдайымның теріндей мөлдір қала,

Толқыған толған Айдай – толған қала…

Қой, қой, болды, көпірме, езу – көңіл,

Біреудің жалғызындай шолжаңдама.

Неге сонша елпілдеп есіресің,

Көреміз не бүгесін, не шігесін.

Қуланып «Бәйтеректей» құбыласың,

Есілдей есің кетіп есілесің.

Қорғанбай – шешілмеген түйіншексің,

Ал, сөйле, сен сөйлесең – шешілесің, – деп кете береді…

Айтсаң көп адам сенбейді ғой, қазір Асқар Мамин отырған Премьер-Министр кабинетінің барлық электр тоғын мен тартқанмын. Үкімет отырысы өтетін залдың да тоғын біз тарттық. Кейін журналист болып жүргенде, басқа да қызметтер істегенде жұмыс бабымен Үкімет үйіне барғанда барлығы көз алдымнан зуылдап өтеді. Қай жерде қандай розетка, қандай тоқ бар екенін, оны қалай орнатқаның, бәрі есіңе түседі. Кейін Жоғарғы Сот ғимаратының да электр тоғын біз тарттық. Жалпы, Астана құрылысында да менің ізім бар. Содан бері 19 жыл өте шығыпты. Астанада жүріп ақын, журналист болдым. Өстік, өндік. Өзім салған ғимараттарда талай адаммен аралас-құралас болдым. Тіпті, Жоғарғы Сот ғимаратында Фариза Оңғарсынова апаммен бірге барып, кілең судиялар алдында кездесу кешін де өткіздік.

Астанада үйлендім, балаларым дүниеге келді. Сол Астана қазір Нұр-Сұлтан болып өзгеріп, мен алғаш көрген үш-төрт-ақ құрылыс нысаны бар сол жағалау небір керемет ғимарттар салынған үлкен қалаға айналды.

Бүгінде астанада халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгресстер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.

Осының бәрі еңбектің, Тәуелсіздіктің ыждағатты жемісі. Егер еркіндік болмағанда, өз қаламызды өзіміз салып, өркендеп-өсе алмас едік.

Өркениетті халықтар қала салады деген тәмсіл бар. Біз өзіміздің, Тәуелсіздіктің қаласын салдық. Миллион халқы бар алып мегаполиске айналдық. Осы қаланың кірпішін қалауға атсалысқанымды мақтан тұтамын.

 

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір