ӘДЕБИЕТКЕ СЕНЕТІН КЕЗ…
21.12.2021
1373
0

Алапаты асқан Маралтай ақынның ағасы айтты дейтін әзіл-шыны аралас бір сөз бар ғой: «Маралтай, сен ішіп жүріп білмей қалдың ғой, 90 жылдары халық қатты қиналды…» деген. Біз де сол алдыңғы ақын ағалар салған «соқпақпен» жүріп біраз қиындықты білмей қалсақ керек. Егер сол «соқпақтың» сорабын қуушылардың тобын «әдеби орта» деп айтар болсақ, бізге тұрмыстық қиныншылықты ауыртпалық ретінде сезіндірмей, білдірмей кеткен сол орта.  Ол ортаны қалыптастырған, әрине, әдебиетке деген ессіз махаббат…

20 жасқа дейін Қазақстанды көрмеген жігіттің қиялы мүлде аспанда еді. «Қазақстан» деген сөздің өзі қасиетті. Оның мәнін тұла бойымен сезінетін. Ал қасиетті сезінген дүниеңде мін болушы ма еді? Ғашық болған қызыңның сойдақ тісі де сүйрік көрінетіндей хәл ғой ол. Ал енді, бәрі қиялдағыдай бола қоя ма? Алғаш келе сала жоқ Мұқағалидың ескеткішіне, бар Тұманбай, Мұхтар, Жәркен, Ұлықбек, Оразалин ағалардың өздерімен бір-бір рәсімге түсіп алған соң ыстық-суығымыз басылып, шынайы өмірдегі өз орнымызды табуға беттедік қой. Сол тұста әлгі әдеби ортаға барып қосылдық…

Сөйтіп, Алматыдағы Ырысбек Дәбей, Ұларбек Дәлей, Ақберен Елгезек, Серік Боқан, Ғабит Көкеев, Өміржан Әбдіхалық, Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Рамазан, Дархан Бейсенбек, Ерғали Бақаш, Төлеген Меллат, Тоқтарәлі Таңжарық, Ахат Әшу секілді өмір өзенінің ұршықтай айналып үйіріліп жатқан иріміндей өзіне еріксіз тартып әкететін терең шүңетіне барып «шұр» ете қалдық. Кейін Азамат Есалы, Ерлан Жүніс келді. Астанаға «Шабытқа» келіп Ықылас Ожайұлы, Бауыржан Қарағызұлы, Ұлағат Ханзада, марқұм Өрнек Құлекеевтермен табыстық. Әр қайсысымен танысып, табысқанымыз, керісіп, тебіскеніміз өз алдына бір-бір хикая…

Мені өмірі көрмеген, қалтасында көк тиын жоқ Өміржанның Шымкентте дайындық курс оқып жатқан мені іздеп келуі, Тоқтарәлі, Ырысбектердің еш себепсіз Таразға тартып кетіп, апталап Азамат, Хамиттарға қонақ болуы, «Ұларбек кафе ашыпты» дегенді естіп Түркістанға Ұлекеңді іздеп баруым, Ақберен екеуіміздің Ырысбекті үйіне іздеп барып, түн ішінде бүкіл көршісін есік алдына шығарып өлең оқуымыз, тағы сол секілді қаншама оқиғалардан бәріміздің арамызды көзге көрінбейтін аса нәзік, ерекше көркем бір зерлі жіп жалғап тұрғанын анық сезінетін едік. Ал бәріміздің Медеуге жиналып басбармақтан қан шығарып анттасуымыз – таңның алаң-елең шағында ма, іңірдің алакеуім кезінде ме, әйтеуір бейуақта кім екені беймәлім бір топ сұлбаның тар қысаңнан шұбап өтіп жатқан сәтіндей өзгеше бір елес береді өзіме…

Жаңылмасам Ықылас Шалғынбай ма екен, әлде Аршын Нұрбақыт па, анық есімде жоқ, әйтеуір Қазақстанға бізден біраз кейін келген бір жігіт кафеде арқырап өлең оқиды ғой, жан-жақтағылар да одырайып қараса керек, ересектеу бір ақын, жас перінің жеңінен тартып, «ақырндау оқы, ақырындау» десе керек, сонда Ырысбек айтты дейді: «үндеме, жаңа келген ғой, әлі-ақ үндемей кететін болады…» деп. Сол айтпақшы, бір жаңа өлең жазсақ, шарқ ұрып Одақты жағалап, оңаша тұрған біреуді былай апарып өлең оқитын сәттер де сол уақыттың еншісінде қалған екен. Ауылдан біреу Алматыға келіп, ебіл-дебіл боп әдебиет жайлы әңгіме айтып, өрекпи өлең оқыса, баяғы өткен күндерін еске алса керек, тағы сол Тоқаш пен Ырекең бір-біріне қарап жымыңдап: «Әдебиетке әлі сенеді екен, ә» дейтін көрінеді.

Иә, ол әдебиетке имандай сенетін кез еді ғой. Әдебиет бізді алдаған жоқ. Шын мәнінде біздерді Қазақияға шақырған да әдебиет еді. Әдебиеттің небір дүлдүлдерінің жүзін бір көруді аңсап едік. Фаризаның «Біздер жаққа қарауға қымсына ма, ай жатыр шалқасынан» деген өлеңіне Мұқағалидың «Аршалы сайын» қабыстыра өзіміз аңыз құрап айтып жүріп, Алматыға жетіп едік. Қиялымыздағы орта басқа болса да, өз ортамызды таптық. Одан кейін айнала өмірге сол ортаның көзімен қарадық. «Е, өмір осылай екен ғой…» дедік. Шындығында ол кезде өмір солай болатын… «Солай болатын» дегенім бейсаналы, табиғи дегенге жақын. Ол кез солардың бәрі де Мұқағали айтқан «жырымен сарай салып, жырымен ін қазуды» білмей-тұғын кез еді дегенім ғой. Әдебиетке, бір-біріне деген махаббат бәрінен биік тұратын.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, ақын

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір