ОЯУСЫҢ, БІРАҚ БАЯУСЫҢ…
Оқитындар мен оқымайтындар… Осылай деп «америка» ашып отырған жоқпыз. Және жетіскеннен емес. Бұл тақырыпты бақиға озардан бірер жыл алдын марқұм Таласбек Әсемқұлов қозғап, шерлі ойын ортаға салған-ды. Жазбасы көлемді болатын. Айтпағы – оқымайтындарға дауа жоғы. Ондайлар соны жетістік санап, ыздия берсін, ал азды-көпті оқитындардың жөні басқа. Біреу бар, әлдене оқыса, соны өзгелер де оқыса деп тұрады, енді біреу бар, тіпті жақын танысының жазғанын оқымайтын, оқыса да үндемейтін, пәлен деуге тарсынатын. Марқұм Таласбектің пайымынша, қауіптісі солар. Көңілді күпті етіп, сартап болған жайларды әр қиырдан шала отырып, дауыс көтерген еді-ау қайран азамат.
Зәкір АСАБАЕВ, «ТҮРКСОЙ», Т.Айбергенов медальдарының иегері
Анығына келсек, біздің де алаңдайтынымыз сол айнала. Күнделікті көріп-біліп, сезінетініміз – бос желпініс, салғырттық. Жасыратыны жоқ, оқымайтындардың заманы туып, құдайлары беріп тұр. Олардың бұл қазақтың Октябрь революциясына дейінгі сан ғасырлар бедерінде кітапты былай қойғанда, бірде-бір не газет, не журналы болмаған елге қайта оралуы мүмкін екені қаперлеріне кіріп-шықпайтынына бәс тігуге болады. Ондайлар «егер кітап шығару үшін мәселе бүгінгідей ақшаға тірелетін болса, ырзық-несібесі бір басына жетіп-артылған ұлы Абай көзі тірісінде неге бір кітап шығара алмай, биттің қабындай өлеңдер жинағы қайтыс болған соң бес жылдан кейін Петерборда басылды?» деп ойлауға дәрменсіз. Ыбырай Алтынсарин бір-екі оқулық шығарудан аспаса, Шоқан Уәлихановтың күллі мұрасы қайтыс болған соң жиырма жылдан кейін Новосибирьде жер аударылған озық ойлы орыс азаматтарының арқасында жарық көрді (бұл деректі белгілі публицист-қаламгер Әбиболла Ахметовтың кезінде «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланған жазбасынан келтіріп отырмыз). Оқымайтындардың айлары «оңынан туғанына» (кітап, газет, журнал секілді) қазіргі басылымдар тиражының құлдырап, болар-болмас, толар-толмасқа жетпей жататыны-ақ дәлел (дейміз). Ал айтшы, тиражы бір мыңнан аспайтын журнал мен екі мыңнан аспайтын (тіпті жиырма мың болсын) газетте қандай болашақ болуы мүмкін? Сен өзің білесің, біздіңше, әй, қайдам-ау, әй, қайдам. Өз басым таяуға дейін әупірімдеп шығып келген «Мәдениет» және «Парасат» журналдарының тағдырына алаңдаймын. Ау, ағайын, «бүгінгі таңда есімі әлемге белгілі классик жазушы Дулат Исабековтің басшылығымен әсем көркемделіп, жоғары дәрежеде шығып тұрған «Мәдениет» журналы мен бір кездегі тиражы 520 мыңға шарықтап, бүкіл қазақтың көзайымы болған «Мәдениет және тұрмыс» журналының атын иеленген «Парасат» журналы бүгінде неге көрінбейді, солар өзі қазір бар ма, жоқ па?» деп ойлайтын кім бар? Ешкім! Жазылатын жанашырлар суалған соң, солай болмай қайтеді? Екі журналға жазылмаған сен де, біз «шұқшия» сөз етіп отырған оқымайтындар да «олай емес» деп айта алмаса керек. Бұл деген – қазақ үшін мін. Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов революцияға дейін «Оян, қазақ!» деп жар салып жүріп шығарған «Қазақ» газеті әзірге шығып тұр. Одан да айырылып қалма, қазақ! Оян! Ояуын ояусың, әрине. Бірақ баяусың. Намысқа шапсайшы! Орыс, грузин, армян, гагауыз құсап.
Оқымайтындарға қатысты сөзді осымен ірке тұрып, оқитындарға келсек, міне, бұл жерде ғайыптан соққан сиқырлы самал, саумал желдің қабарған көңілді жадыратып, жабырқаған жанды желпитін құдіретіне тәнті болғандай күй кешетінімізді несіне жасырайық, неге айтпасқа, ниеті түзу, пиғылы таза ағайынмен неге бөліспеске (дер едік).
Өздерімен кеткір оқымайтындардың бағына бір күн оқымаса ішкен асы бойына сіңбей, өздерін әлемдегі бар жауһардан мақұрым қалғандай сезінетін ағайындар – ат төбеліндей болса да – бар ғой, шүкір. Әзірге қазақ баспасөзі мен басылымдарының шаңырағын шайқалтпай, қалт-құлт ұстап тұрған солар емей кім? Өзі де, зайыбы да өмірбақи халық-ағарту саласында істеп, адалдық, адамдық қасиеттерімен танылып жүретін Хасен дейтін қазақ бар. Зейнеткер. Сыйласпыз. Жолыққанда айтатыны: «Қазақ тілінде шығатын барша газет-журналды жаздырып аламын». Айғақ ретінде, оқыған дүниелерінің тақырыбын атап, мазмұнын баяндайды. Ойын шебер жеткізеді. Мұндайда тілегі бір әріптесі шығаратын газет-журнал тұрмақ, өзі басы-қасында жүретін басылымды өзі оқымайтынын айтып, мұрын шүйіретін байғыз бет, бақа бастар еске түспей тұра ма? Тар пейіл, самбырлақ ешкікөздер мен жамантайский көжектер, қодыққа міндім деп қодиятындардың сұлбасы көлбеңдейді көз алдыңа.
Ал Хасенге келсек…
Ол жалғыз емес. Әйгілі Мамания елінің тумасы Хасеннің жоғары оқу орнында бірге оқыған курстас досы, профессор Әріпбай да қазақша басылымдардың біразын жаздырып алады. «Өз басым ғалым аты барлардың ана тілдегі газет-журналдарды оқымайтынына таңқаламын. Олар былайғы қауымға, шәкірттеріне қандай аталы сөз айтуы мүмкін? – дейді кешегі өткен Әшірбек Сығаевқа туыс боп келетін Әріпбай мырза. – Өздерін ғұлама десе қарсылық білдірмейтін философ, тарихшы, тіпті тілші, әдебиетші ғалымдар арасында ана тілде шығатын басылымдарды бірлі-жарым болмаса, жаздырып алатындар көп емесіне куәмін. Оларға Ахмет Байтұрсыновтай болуға не кедергі? Кедергі біреу: енжарлық, ынтасыздық, намыс жоғы. Надандық демей-ақ қояйын».
«Жарайсың!» – деймін оған. Марқұм әйелі әдебиетші еді.
Жанар Әбілдаевамен төрт-бес жыл бұрын кездейсоқ таныстық. Математик екен. Зейнеткер. Жазатыны бар екен. Алматының сырт жағында тұрады. Қайран қалғаным, қалам қарымы ғаламат. Шығармалары тағлымды, өткір. Әне, сол Жанар айтады: «Көшеден сатып алатындарым өзінше, әр жылы 25 мың теңгеге қазақша газет-журналға жазыламын», – деп.
Мақтану емес, сөз ретіне қарай. Жанардың жазғандарынан ғажап деректер білесіз. Өз басым орыстың реформатор патшасы Петр I-дің неден, қалай өлгенін Жанардың Парижде жүріп жазған деректі әңгімесінен білдім. Бір белгілі театр режиссеры Жанар жазған пьесаның кинофильмге сұранып тұрғанын айтады екен.
Өткен жылғы күз айларының бірінде әлдеқашан марқұм болған, аға буын бас редакторлардың біразының зайыптары қазақ газеттерін жаздырып алатыны хақында бір газетке шағын мақала жазғаным бар. Олар риза боп әрі өздерін ыңғайсыз сезінгендерін де жасырған жоқ. Әйтсе де, іштерінде: «Мақала шыққан газеттің редакторына телефон шалып, рақмет айттық немесе сіз айтыңыз», – дегендері болды. Олар бұл үрдістерін жалғастыра береді. Сол жандардың бірі жөнінде нақтырақ айтсақ…
«Жетісу» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, одан Алматы облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Семей облыстық газетінде бас редактор, Президент аппаратында жауапты қызмет істеген Ермұқан Әбдірахмановтың зайыбы Бикамал өзі жақын араласатын бес отбасыға әр жылы Жаңа жыл қарсаңында бір қазақ газетіне жаздырған квитанция сыйлайтынын айтады.
– Анау-мынау заттан гөрі сол дұрыс емес пе?» – дейді.
– Өзің – зейнеткерсің, қаржыны қайдан аласың? – дедім бір жолы не дер екен деп.
– Қайдан болады, зейнетақыдан, – деді ағынан жарылып. – Осылай істеп келе жатқаныма бес жылдан асты. Бір қызығы, мен газет жаздырып беретін таныстарым да сыйлас адамдарына газет жаздырып беретін болыпты, – деді бірде.
– Сенен үлгі алған екен де.
– Алса – алған шығар.
– Мұны маған бұрын неге айтпадың?
– Сүйінші сұрайын ба, қазір ойға түскен соң айта салғаным ғой.
Ұзақ жыл жақын араласқан белгілі журналист, әнші, аға дос Ермұқанның зайыбы Бикамалдың айтқандарына орай, Шелекте тұратын байырғы педагог, ұзақ жыл әртүрлі басшылық қызмет атқарған (қазір марқұм) Рысқали ақсақалдың бұдан он жыл ілгері менің ұлы әнші Ермек Серкебаев туралы жазған «Маэстро» атты эссе-диалог кітабымның бірнеше данасын сатып алып, таныстарына бергені, сондай-ақ әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің профессоры, жазушы Кәкен Қамзиннің: «Сол кітаптың елу данасын сатып алып студенттерге тараттым, лекцияда сіздің эссе жазу машығыңыздан мысалдар келтіремін», – дегені, сол оқу орнындағы журфак деканы Сағатбек Медеубековтің, профессор Әнуар Тарақовтың қазақша басылымдарының, олардың ішінде «Қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінің таралуына сеп жасап жүретіндері еске түседі. Атақты әнші-ақын Кенен Әзірбаевтың Төрткен бастаған қыздарының, немере-шөберелерінің қазақша басылымдарға жазылатындары жарасымды. Мұндай мысалдар баршылық. Бірақ бұларды жетіскеннен ауызға алып отырған жоқпыз. Егер барша қазақ ана тілде шығатын басылымдарға жазылып, елдік танытып жатса, айтпаса да болар еді. Олай емес қой! Жабылып қалған қазақ басылымдары қаншама?! Енді, тым болмаса, барларын сақтауға атсалыс, ағайын!
Оян, қазақ! Ура!