Дүкен Мәсімханұлы. Қос құлағын қайшылайды құла айғыр…
02.12.2021
1487
0

Дүкен Мәсімханұлы

СЕРТ

Домбыраңда күй болып шертілмесем,

Қажетіңе наның боп кертілмесем,

Қабағыңды бағумен күн өткізіп,

Қамың үшін әр таңда серпілмесем –

 

Қобызыңда күй болып боздамасам,

Арғы-бергі шеріңді қозғамасам.

Жарты жаңқам қалғанша өзің үшін,

Қазаныңның астында қоздамасам  –

 

Қыраның боп көгіңде самғамасам,

Бүгініңді ертеңге жалғамасам.

Қасіретін өткеннің  тарс ұмытып,

Досың менен жауыңды талғамасам  –

 

Күнің болып көгіңде жайнамасам,

Бұлбұлың боп бағыңда сайрамасам.

Жеріме көз алартқан ата жауды,

Алдыма сап құл қылып айдамасам  –

 

Тебінгімді мен теріс қағынбасам,

Түйір тасың тұмар ғып тағынбасам.

Айға да ауыстырмас аруымды,

Жат қолдан қызғанбасам, тарылмасам  –

 

Әр сөзіңнің түбіне бойламасам,

Семсерің боп қолыңда ойнамасам,

Өткеніңнен сыр шертіп ұрпағыма,

Келер күннің керегін ойламасам  –

 

Тау-далама Тәңірдей бас ұрмасам,

Күдік пенен күмәнді қашырмасам.

Айдарыңнан әманда жел естіріп,

Айбыныңды әлемнен асырмасам  –

Несіне ұл боп тудым, Ата Қазақ?

 

ҚҰЛА АЙҒЫРДЫҢ ҮЙІРІ

                                (Шәріп жездемнің әңгімесі)

 

Дос-дұшпанды иісінен айырып,

Тік тұрады «алғы шепте» күн, ай, жыл!

Бір үйірді қабағымен қайырып,

Қос құлағын қайшылайды құла айғыр.

     

Қиқулаған, иесі ме,  ұры ма…

 Қалт жібермей қадағалау міндеті.

Көкжалдар да  қарап алсын сұрына,

 Құла айғырмен ойнамасын кім де кім.

 

«Мал» болғанмен,  қақпан, құрық баспайды,

Арқырап бір,  атты адамға шабады.

Дойырыңнан,  сойылыңнан саспайды,

Тұяқты да, азуды да салады…

     

      Ұлыққа да, ұрыға да жан керек,

      Шыбын жаның олжалайды амалдап.

      Құла айғырды күнә болар  “мал” демек,

      Тірлігі оның малға қалай саналмақ?!

 

Көкжалдарың күндік жерден безеді,

Құла айғырдың көрінгенде қылаңы.

Құлын тұр ғой,  қыл бермесін сезеді,

Сосын басын өзге жаққа бұрады.

       

        Ірілікті ұлылық деп сүйеді ел,

        Күтеді оны көбіне-көп еркектен.

        Құлын мүсін байталдар мен биелер,

        Құла  айғырға адалдыққа серт еткен…

 

Әттең дейсің!

Әттең, қазақ жұртының,

Тамырынан айырылғаны сор екен.

Өзге түгіл, тек бір ғана жылқының,

Ер жігітке  үйретері көп екен…

     

         Бір ауылды қабағымен қайырған,

        Туған елін бермейтұғын дауылға.

        Қара қылды қақ  екіге айырған,

        Құла айғырдай бір жігіт жоқ ауылда…

 

Деп күрсінді Шәріп жездем толғанып,

Ұшатұғын қыран құстай қомданып.

Сосын үнсіз Сүгірменен сырласты,

Жаймен ғана домбырасын қолға алып…

 

ДАРИҒА , ДӘУРЕН!

Аспаннан шуақ  жауып тұрсын  мейлі,

Жабырқау жан-сарайға  нұр сіңбейді.

Қырық мың қиял тонап сенімімді,

Жүдеген жүрек  зорға дүрсілдейді.

 

Іңірдің ішірткісін  сіміріп  ап,

Батамын мұхит-мұңға  тірі  құлап.

Желкеме жетесіздеу желік мініп,

Жығылар намысымның  жүні  бірақ.

 

Жүрегім күнмен, аймен жарысады.

Жарысады, озады,  қалысады…

Озатыны – адамдар қол соғады,

Қалатыны – надандар  алысады.

 

Біржола жатпағасын  жерге  кіріп,

Жанынды тоздырады  пенде-бүлік.

Құлан жал құлагерге мініп шығып,

Жайрайды  жол  ортада мендегі  үміт.

 

Жүйкең солай тозады,  жұқарады,

Толығымен төзімді жұт  алады.

Лайланып көк  көлі  көңілімнің,

Өртенеді сезімнің  құт алаңы.

 

Қолдан келер не шара?!

Күрсінесің…

(мұндай кезде шықпаған құрсын есің.)

Көшкен елдің жұртындай көңіл бүгін,

Жара деген жүректе  тұр сіресіп.

 

Дариға, қайран дәурен, көк бөрі едім,

Сайрандасаң сарыжайлау,  көк бел едім…

Өмірге ғашық жанның бірі мен ем,

Қайтейін ит-тіршілік өкпеледім!

 

КҮЗ

Сары сағым сапырылса түзге келіп,

Буынын бекітпей ме біздегі  ерік?!

Тамыздың тамашасы аяқталып,

Күз де келіп қалыпты-ау,  күз де келіп.

 

Қате емес!

Өз ауылым,  өз мекенім.

Өзгеше! 

(жатырқамас көз де тегін).

Даланың жасыл тоны қайда кеткен,

Мынауың  ақ сабан ба, бөз бе тегі…

 

Тал-терек түймелері тозды білем,

Үзіліп түсіп жатыр өздігінен.

Жаздағы жасыл әлем ғайып болып,

Жалпақ қыр танытады тозғын  рең.

 

Сары  желі  азынап  бір  қарашаның,

Түндікті сабалайды  бара  салып.

Қойларын  жәй  өргізіп  бара  жатыр,

Қарашаның құрдасы  қара  шалың.

 

Сабырлы қалпын сақтап арай  далам,

Бозарып қызусыз күн қарайды оған.

Таулардың қырқа жонын жанай барып,

Боз тұман жөңкіледі жел айдаған.

 

Бәрі боз.

Күз бояуы – бозғыл  рең,

(Кешегі жазды манат тозды  кілем).

Басып тұр  қамыс  басы  бір  әуенге,

Шіркіннің  бір  сезімі қозды білем…

 

Жалаңаш, қаланың да түрі бөтен,

Құстар да кеткен іздеп жылы мекен.

Бір әуен талып жетті құлағыма,

Кім білсін, соңғы аққуың үні ме екен?

 

Күз суреті-ай,

Жаза алсаң,  шіркін,  дастан!

Жөңкіледі бұлт-сезім бір тынбастан.

Кәрі құданың інісі –  күз де келді  –

Сақал-шашын  қырынып, мұртын басқан. 

 

САП-САП КӨҢІЛІМ…

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

Тірлікке тірек өзіңдей,

Баһадүр баба өзіндей,

Көнеден қалған төзімдей,

Түн баласында көз ілмей,

Еліңнің қамын жейсің бе?!

Әулекілен бе, әз-Дүкен,

Бұл қазақ ерсіз дейсің бе?!

 

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

Аңдып бір жүрген жау бардай,

Өзгеге назар аудармай,

Күзетші болып таулардай,

Сарсаңнан санаң сау қалмай,

Далаңның қамын жейсің бе?!

Абыржи көрме, ар-Дүкен,

Бұл дала иесіз дейсің бе?!

 

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

Имансыз ұлды жаусынып,

Дәруіштерден де дәусініп,

Өңірді ішке қаусырып,

Тәпсірді сөйлеп таусылып,

Дініңнің қамын жейсің бе?!

Кейи де көрме, кең Дүкен,

Дін құдайсыз дейсің бе?!

 

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

«Ана тілім» деп жампозым,

Құрбандық болып нар төзім,

Кермек бір татып бал сезім,

Қызғыштай қорап әр сөзін,

Тіліңнің қамын жейсің бе?!

Дүрлікпе бекер, дүр Дүкен,

Тіл киесіз дейсің бе!

 

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

«Патшасына сөздің» бас ұрып,

Абайдың құнын асырып,

Өз құтыңды өзің қашырып,

Өлеңнің қамын жейсің бе?

Өрекпи берме, өр Дүкен,

Жыр Музасыз дейсің бе!?

 

Сап-сап көңілім, сап көңілім,

Өнетін дауға сабылма,

Сөнетін өртке жағылма,

Өлетін дертке шабылма,

Жеңетін жауға табылма-

…Осындай ақыл қабылда,

Қағынба! Дүкен, қағынба!

 

 

ІЛЕ ӨЗЕНІ

Мен осында түлегем,

Қарыздармын ендеше.

Көп жырланды бұл өзен,

Менің жырым өзгеше.

 

Арнасынан тасып көп,

Жөңкіледі  паңданып.

Өмір бойы ғашық боп,

Өткен кеше Таңжарық.

 

 «Суы сорпа» болғанда,

Топырағын  «жас  ет» де.

Ғафариға қонғанда,

Жырлап еді-ау Әсет те!

 

Көп өзенді қосып ап,

Кетіп жатыр артына.

Бір көргенге тосын-ақ,

Табиғаттың салты да.

 

Көре  қалған  өзіңді,

Көңіл  сендей  тулайды.

Қандай адам төзімді,

Ақтарылмай тұрмайды.

 

Дала ашып өзегін,

Жол беріпті тау-тас та.

Туған жердің өзені,

Құйып жатыр Балқашқа,

Сыйып жатыр Балқашқа!

 

ХХI  ҒАСЫР ШАҒАЛАСЫ

 Беу, шағала құс, жарқыным,

Сұлу мүсін, менің аппақ алтыным.

Үнің бөлек, сәнің бөлек құс едің,

Қайда сенің әндей әсем шаңқылың?!

 

Ей, шағала құс, ақ  перім,

Өзің барда думанды өзен, шат көлім.

Нұрға бөлеп, сырға бөлеп жүруші ең,

Құлазытпай көңілімнің қақ төрін.

 

Оу, ақ шағала – аруым,

Бір той еді сенің қанат қағуың.

Ел мен көлдің мерейі еді өзіңнің –

Шаңқылдап бір шалқып әнге салуың.

 

Ей, шағала құс – беренім,

Өзен-көлдің ақ баяны сен едің.

Сен текті бір құсым едің осындай,

Бүгін сені бөтен  жерден көремін.

 

Айдын емес, тапқан жерің қалашық,

Жүрсің жерде  күл-қоқысқа  таласып.

Әндетпейсің, қалқымайсың аспанда,

Аяп кетті, көлдің  саған жаны ашып.

 

Ей, ақ шағалам,

Не күн туды басыңа?

Еретіндей қарғалардың қасына.

Жақсылап сырласайын өзіңмен,

Үрікпей менен, бермен келші қасыма.

 

Беу, ақ шағалам, бері келші,

Бері келмесең, айдыныңда тербелші.

Қарғалармен күл-қоқыста жүргенше,

Аппақ күйде, пәп-пәк күйде жерге енші!

Ей, ақ шағалам, бері  келші.

 

КӨҢІЛДІҢ КІРІ

Мен, мен болғалы, қарағым,

Сары ізімнен қалмай қойды нала мұң.

Пешенеме шуақ төккен дос түгіл,

Қасымның да қабағына қарадым.

 

Анау дейсің, мынау дейсің мені сен,

Ерік өзіңде тағы неге телісең.

Бірақ, көке, мен жер басып жүрмес ем,

Құландайын өз қағымнан жерісем.

 

Мен, мен болғалы, бауырым,

Тағдыр маған арқалатты аманаттың ауырын.

Іздеп таптым Отанымды, бірақ та

Арғы  бетте  қалып  қойды  ауылым!

 

Ауыл деген топырақ па жай ғана,

Олай десең қателестің, әй, бала.

Ауыл деген падишасы рухымның,

Ауыл деген иман тұнған бай дала.

 

Қайран ауылым, қалып қойды артымда,

Қалып қойды дәстүрім  де, салтым  да,

Амалым не,  оның құрттай жай тасын,

Айырбастап бермес  едім  алтынға.

 

Түгенделмей қойды-ау менің жоғым бір,

Бақытыма мінгесіп ап, шыр айналып сорым жүр.

Алақаннан  алтын  буы  өткенмен,

Алынған жоқ арқамдағы  қомым бір.

 

Тартам десең таразыңа тарт,  көкем,

(Маған бата беріп қойған қарт мекен).

Біраз жұртқа  ұнамайтын  шығармын,

Адамдардың бәріне ұнау шарт па екен?!

 

Менің жаным алтын бесік құндақты,

Маған тағдыр күн берген жоқ ырғақты.

Жақсылардың сыйлауымен  таң  атты,

Жамандардың  қинауымен  күн  батты.

 

Еркін білсің, мақта мені, жаманда,

Қылшығымды  қисайта алмас  жалаң да.

Тек, тек қана басымды иіп кетемін,

Ұрпағыма  Һәм  келешек  заманға!

 

ҚАРЛЫҒАШ ІЗДЕП КЕЛЕМІН

Жұп қарлығаш бар еді үйімізде,

«Әңгіме» айтып беретін жиі бізге.

Тосатынан  жоқ болып бір сыңары,

Біреуінің күрт түсті күйі күзде.

 

Ұзынды күн ойлайма құрғақ қайғы,

Сайрамайды ол байғұс, тіл қатпайды.

Ара-тұра  жем іздеп ұшқанда да,

Қалқымайды!

Дәрменсіз бұлғақтайды.

 

Жалғыздық-ай десеңші, жалғыздық-ай!

(Жаратпасын пенде ғып жалғыз құдай!)

«Жығылғанға жұдырық», ол сорлыға,

Сәлем айтып жіберді  сары  күз дұғай!

 

Айтып-айтпай суық та түсті міне,

Кетіп болды жыл құсы түстігіне.

Біздің сыңар қарлығаш кетпей қалды,

Кетпей қалды, күн кетті қысқа іліне.

 

«Кәрі құда» ысқырды, осқырынды,

Біздің сынар қарлығаш тосты кімді?!

Тосын сұрау деместен  дос бұнымды,

Ойлап көрші   махаббат, достығыңды!

 

Менің оны ойлауым зарға  ұласты,

Зарға ұласты, зар мен мұң  салғыласты.

Жылы бағып, жұмсақ беріп жүріп,

Қыстан аман шығардым қарлығашты.

 

Орағанда жасыл тон байтақ елді,

Сағындырған жыл құсы қайта келді,

Бәрі-бәрі жұптасып, махаббаттың –

Айтылмаған бір әнін айта келді.

 

Біздің сыңар қарлығаш елеңдеді,

Елеңдеді, сағыныш тереңдеді.

Қыстай тосқан сыңары тағы келмей,

Қызығына көктемнің кенелмеді.

 

Ол байғұстың қайғысы маған батып,

Ұйқы бермей жүр тіпті алаңдатып.

Оған енді  бір сыңар табылмаса,

Қала ма деп қорқамын арам қатып…

 

Жаз да өтпеген болса да, күз де өтпеген,

Табылар деп, үмітпен іздеп келем.

Сыңары жоқ  қарлығаш өлмесін деп,

Сыңар жүрген  қарлығаш іздеп келем.

Бір сыңарға бір сыңар іздеп келем!!!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір