АЛАШАП АЙҒЫР ҺӘМ БОЛТАЙ
24.04.2025
636
1

Танымал жазушы, Халықаралық «Алаш”» әдеби сыйлығының лауреаты Өмір Кәріпұлы сексен бестің төріне шықса да, қаламын қолдан тастамай, ұлт­тық бояуы қанық шығармаларын үсті-үстіне жазып,екпінін үдете түскендей. Ақсақалға қажыр-қайрат, ұзақ сүргін ғұмыр тілей отырып, сақа жазушының сиясы кеппеген жаңа әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.

Редакциядан

Көктемнің алақызбасы жылдағыдан алабөтен. Үйір соңындағы айғырлар арқырап кісінегенде тау теңселгендей болады. Шаруа қожалығының жетекшісі Болтай жылқыны екі-үш үйірден асырмайды. Бас үйірдің қарамы мол, үйір соңында Алашап жүреді. Тай-байталдарға қытымырлығы жоқ кәрі айғырдың үйірі молығып жатады. Бұл үйірде саяқтар да жүре береді. Алашап сырт көзге айбарлы көрінеді. Үйіріне суық қол сұғынғанда, алапаты асып өрленіп алады. Қуғыншының жолын бөгейді.Қандыауыз қарақұлақтың қоршауында қалғанда, тіптен үдеп салады. Алдындағы жылқыға қасқырдың тісін тигізген емес. Үйірін ауылдан ұзатпайтын естілігіне баға жетпейді. Түбіне кәрілігі жет­ті. Қимағанмен болмады, бауырындағы биелер қысыр қалатын болғасын, оны піштіріп тастаған еді. Сойып тастауға қолы батпаған иесі пішпе айғырды қолына ұстайды.
Болтай «Ақкөл» совхозының бұрынғы жылқышысы еді. Ұры-қарыны жылқыға қия бастырмайтын қасқыр соққыш болатын. Тағы бір қыры шабандоздығы, тақымынан көкпар бермейтін ол тұлға- тұрпатының ірілігімен қоса, той-томалақта әуелете ән салып отырған жерін думанға бөлейтін-ді. Серілігін перілігі жеңгенде қызды ауылдарды жағалап жүріп алатыны бар. Жар қосағы Кәнайды көкпарша іліп әкеткені ел ішінде аңыз болып тараған.
Ғашық боп қосылған Кәнай босағаның құты болған еді. Ұл да тапты, қыз да тапты. Қолын ашық ұстады. Сүйіп қосылған күйеуінің ыңғайымен болып, төрге озған қонақты төредей күт­ті. Болтай шаруа қожалығын құрып жеке қыстақты иеленгенде, ерімен иықтаса жүріп, жылқы қайырып, қой да бақты. Алты қанат ақ үйдің үзік, туырлығы, бау-шуы Кәнайдың өз қолынан шықты.Қымыз баптағаны да бір жосын. Сары қымызды құлаштай сапырғанда, жұп-жұмыр ақ білегі кісінің көзін тұсап тастар еді. Төрге озған қонақ өзіне шара аяқпен қымыз ұсынған ажарлы әйелдің келісті келбетіне ұры көзін жүгіртер еді. Кәнай әйелдің шолпаны болғанда, үй иесі отағасы еркектің көкжалы сияқтанатын.
Ұжымдық шаруашылық ыдырап, жекешелену басталғанда,қатардағы жылқышы Болтайға үлес аз тиді. Жеті-сегіз тай, байталдың соңына салатын айғырға таңдауы түскенде, Алашапты жетекке алған еді. Дөнежіннің бауыры құт­ты болды. Алдына салған тай-байтал төрт-бес жылда молықты. Маңайдағы шаруагерлер жылқысын ұрыға алдырып жер сипап қалғанда, Болтайдың жылқысы дін аман жатады. Бас үйірдің соңында Алашап жүреді. Кіші үйірді Алашаптың бауырынан өрбіген жас айғырлар иеленеді.
Болтайдың жылқысы былайғы көзге ала-құла болып көрінеді. Үйір соңындағы жас айғырларда да мінез бар. Қара жерден із айыратын Болтайдың ұрланған жылқыны түн асырмай тауып әкелетіні малды ауылдарға аңыз болып тараған. Жер жады зеректігінен қорынған бұқпа ұры ала жылқылы фермердің қотанына сұғына қоймайды. Қиян шет­те жатса да сырт жұртпен байланысы мықты. Болтайдың аты ала жылқыларымен әйгілі. Кілең тұрықты омырауы есіктей көрнекі жылқыдан тұқым алушылар жалғыз аяқтап келіп жатады. Қыста қысылып, жазда жазылатын малшылықтың ежелгі тәртібіне қанық Болтай қыстауда омалғанды қош көрмей, жайлау тәртібін сақтайтын еді. Төрт түліктің төресі жылқының мінезіне сүйенетіні, ұрыны қия бастырмайтын қырағылығы, жаздың үш айында көкпардан қалмайтын өлермен өжет­тігі ауыл арасына аңыз боп тараған. Серілігі де бар, сырнайды құлаштай тартып әнге басқанда, қыз-қырқын аузына қарап қалады.
Қос ақ үй тігетін ала жылқылы шаруагердің ауылынан қонақ арылмайды. Кәнайдың қолынан шыққан қымызға құмартатындар шеткері ауылға ат басын бұрады. Ауыл арасында «Кәнай қымыз» да болады екен деген көтерме сөз бар. «Шешесін көр де, қызын ал, ыдысын көр де, асын іш» деген мақал Кәнайдың қымыз баптауына тура келеді. Жылқылы ауылда өскен байыпты әйел қымыздың бабына мейлінше жетік. Шешесінің сөзі құлағында қалып қойған. «Қымыз кінәмшіл келеді, күбіден ұзатпаған жөн», – деп отыратын еді. «Көп жағдай қымыздың басытқысында»,– деп әкесі және қосарлайтын. «Кәнай қымызға» ентелегендер үй иесі әйелге будыратып ақша ұсынғанда: «Қымыз қол сауданы көтермейді», – деп өңін суытып ала қояды, – қанша ішсең де қолыңды қақпаймын. Қымыз қойшының қойыртпағы емес, қанжығаға бөктере салатын», – деп келген қонақтың меселін қайтарып тастайды. «Кәнай қымызға» құмартқандар жылқылы ауылға ілгерілі-кейінді келіп-кетіп жатады. Қона жатып қымызға қанады, ата сусынның басытқысы жылқының сүр етіне кенеледі. Тоғанға қармақ салып балық аулайды. Атқа мініп, сейілдеймін десе өз еріктері. Айғырлардың бір-бірімен шайнасқанын, бұқалардың арпалысын, қошқарлардың сүзіскенін қызықтайды. Соның бәрінен де демалушыларға айғыр төбелес қызықты боп көрінеді.
Бір қос жылқыға жетіп қалған ала жылқылар алыстан көзге түседі. Үйір соңындағы айғырлар шетінен азулы. Шеткері ауылға келіп демалушылар өрістегі айғыр төбелесін қызықтайды. Сырт елдерден келіп жүрген саяхатшыларға бұның бәрі таңсық. Әсіресе олар құтпан айғыр Алашапты төңіректейді. Омырауы есіктей, тұрықты айғырдың көзі отша жанып тұрады. Бас бітімі ауқымды, жалы күдірейіңкі, күдіс бел шомбал тұрқынан ересен қуат байқалады. Осыншалықты уыт­ты кесек бітіміне қарамастан, Алашап қызбалыққа салынып мазасыздана бермейді. Төбелесқор айғырларды тәубесіне келтіргенде, тіке қабағы қара аспанша түнеріп, жалынан от шашырағандай екпінмен бәсекелесін астына басып алып, шайнап тастайды.
Алашап үнді, кісінесі әр қилы. Үйіріне жау тигендегі дігері бір жосын, күнше күркірегенде аспан мен жердің арасы қосылып кеткендей болады. Сонда оның азынаған айбарынан төңіректегі малды ауылдар елеңдеседі. Ит­тер байбаламға басып, төсекте бұйыққан отағасы жаушы-жалам сыртқа жүгіреді.
Алашаптың бұл әдеті иесіне мәлім. Жылқыға қасқыр тигенде адуын айбармен үзіп-үзіп кісінейтіні бар. Үйірге ұры араласқандағы кісінесі тіптен ащы шығады. Әбден кәнігіленіп алған Болтайды айғырдың кісінесі шырт ұйқыдан оятады. Ояна келген ол, көлігіне от беріп, түнгі даланы бетке алады. Өзге шаруагерлер жылқысын ұрыға алдырып әлек-шәлек боп жатқанда, Болтай бейбіт жағдайда болады. Табиғат заңы ғой, Алашапқа уақыт ізі сұғына бастаған еді. Сыртының түгі үрпе-сүрпе болып, бозғылданып кеткен. Уыт­ты тепсір тентек көзінің оты бәсең тартып, буалдырланып тұрады. Үні де бәсеңсіп, бұрынғыдай күңгірлеп шықпайды.
Алашаптың иесінен де өзгеріс байқалады. Малсақтығына қоса, бозбала кезіндегі аумалығын тастай алмай жүр. Бір жақта ас беріледі, той болады десе, есі қалмайды. Сол әдетіне сыралғы Кәнай ерінің сейіл-серуеніне кеңшілік жасап, мал-жанды назарында ұстайтын еді. Үш -төрт баланың анасы, ол бүгінде бәйбіше жасында. Қолы ашық, дайындаған тағамы дәмді келеді. Мейлінше, малсақ ол атқа мініп қой қайырады. Мәшиненің рулін де ұстайды. Жазғы пішендікте трактормен шөп шабатын пысықтығы және бар. Бұлардың қоластындағы мал қайырып, қара жұмысқа иық талдыратын қоңсылар ерлі-зайыптылардың ашық қабақ жайдары мінездеріне тәнті. Әсіресе олар Кәнай бәйбішеге тәк тұрады. Ерінің олайқы-былайқы бөстекі жүрісіне көндігіп алған ол, ауыл үй қонған жоқ-жітікке болысып қолын ашық ұстайтын еді.
Бөстекі жүрістен бір күндері ши шығып, ерлі-зайыптылардың арасы алшақтай түскен-ді. Серілігін перілігі еңсерген Болтай тойда жүріп бір сұлуға шырмалып қалған-ды.
– Қойсаң қайтеді!? – деген Кәнай ажарлы өңіне суық сұс үйіріп, – өткен күндер есіңде шығар. Ауыл жігіт­тері мені сенен қызғанып ортаға алғанда, араша түскенімді ұмытатын жөнің жоқ. Жалғыз ат­тылы екеніңе қарамастан, артыңа мінгесіп кете барғанмын.
–Қолың ұзарады, – деген Болтай, – сен ақ бәйбіше дәрежесіндесің. Ол сенің күтуші есебіңде болады.
–Мақұл онда! – деп Кәнай жинала бастаған-ды, – артымнан келуші болма.
Әуейілікке салынған Болтай жапсарлас ауылға келіп жатқан «сұлуға» өліп-өшіп, оны күніне бір көрмесе, жүре алмайтын кепке ұшыраған еді. Қасы жаңа туған айдың қиығындай болғанда, ақ-қарасы айқын, көзін ұзын кірпіктері көлегейлеп тұрады. Томпақша бүйрек бетіне майға батырған бауырсақтай үйлескен тәмпіш мұрыны сүйкімін арт­тыра түскендей еді. Енді осы тартымдылығын иегін көмкерген толықша еріні үстемелей түскенде, құмарлық жалынына шарпылған еркекте жан қалмай, бабымен жетілген шиедей балбыраған ерінді құныға өбіп, ләззат тұщымына кенелген сәт­ті қалайша ұмытсын. Дүлей құмарлықпен әлгі керімнің ақ тамағына төнгенде, өзгеше тартымды жұпар иіс тұлабойын балқытып, балбыратып бара жатады. Тән тұщытқан ыстық құшаққа көміліп арсы-гүрсі жағдайда жан алып, жан берген төсек ләззатына кенелген сәт­тегі әлгі жұмбақ арудың ләззат тұщымына шыдай алмай ыңырсып, сыңсығаны еркектік шабытын үстемелей қоздырып жібереді. Қылығы бір қилы болғанда, төсектегі қимылының өзі жан шыдатпайды. Мұншалықты тартымды құшақты көрмегені өзіне аян. Бәлкім, мұндай ыстық құштарлық жұмақтағы хор қыздарында болатын шығар.
Көрші ауылға келіп жатқан сұлуға ол түн қараңғылығында кеп ұрынар еді. Әуелгіде тар төсекте ұшырасқаннан басқа артық сөз айтылмай, жаздың қысқа таңын ләззат тұщымына арнаған болатын. Бір-біріне үйренісе келе сыр бөлісуге көшкен-ді.
– Жаным, нағыз еркек екенсің! – дейді қонақ әйел үздіге сыбырлап, – осы күні жөнді жігіт бар ма?! Анаша мен арақтан басқа білері жоқ. Үстіңе шығар -шықпастан құлай салады.
– Есік көріп пе едің?
– Бір ынжықпен төрт-бес жыл тұрдым.
– Ұнамады ма?
– Ұйқыдан бас алмайтын сүңейді желкемнің шұңқыры көрсін.
– Араларыңда бала болды ма?
– Бала қолбайлау емес пе? Қызығыңнан қағады.
– Менің төрт балам бар, ендеше.
– Итше күшіктеген әйел еркектің құмарын қоздыра алмайды.
– Оны білем, – дейді Болтай әйелді ымқырулап, – төсек қатынасына сауаты жоқ менің қатынымның. Астымда иленіп жатқанға мәз.
– Мынадай жойқын тегеурінмен бір қатынға байланып қалғаның-ай! – дейді жұмбақ сұлу.
– Онда өзіңді алайын.
– Анауыңды қайтесің?
– Көнсе екі әйелдің бірі болады. Көнбесе төркініне жіберемін.
– Сонда мені ауылда ұстамақсың ба?!
– Енді қалай?
– Оның болмайды, мықтым! –
қылымсы қатын түп ойын білдірген,– мені алатын болсаң, қалаға жылыстайсың. Ауылдық жерде тұра алмаймын.
Екі дене қайта табысты. Өрт қызумен өліп-өшкен еркек барын салды. Толассыз илекке түскен әйел ләззат иірімінің тұщымына шыдай алмай ыңырсуын үдетіп жіберді.
Арудың тұщымды ернінен емірене өбіп, ақ тамағына ашқарақтана төнген дүлей еркек екі санды иыққа алып толассыз қимылға басқанда, жойқын тегеурінге шыдай алмаған әйел нәзік ышқыныс пен нәзік үздігіске басқан. Төсек ойнағында жеңіске жетіп, дәс алған дүлей еркек: «Қат­тырақ па, жайырақ па?» – деп үстемсігенде, илекке түскен қатын солқ-солқ етіп жылаған сияқтанып шабытын үстемелеп қоздыра түседі.
Болтай әке-шешесі бола тұра нағашы жұртына тән боп өскен-ді. Жиендік еркелікпен нағашыларын жүре тыңдайтын ол еркін өскен еді. Мектеп қабырғасынан кеткен соң, ұзап оқымай ауылда қалып, құрық сүйреткен жылқышы атанды. Ауылдағы еркіндік тұлға-тұрпатына сай келген ол, қасқыр соққыш болатын. Сесті сергек бозбала ас-тойларда сырнайды құлаштай тартып ән бастаса, көкпарда тақымкеш атанды. Қызды ауылдарды жағалайтын серілігі босқа кетпей, елде-күнде жоқ бір сұлуды жар еткен күні кеше ғана-тын. Бөлек ауыл шығып мал өсіргенде де аса қинала қоймаған-ды.Жылқысы бір қосқа жетіп қалды. Ірі қара малы жүзден асып жығылады. Қой-ешкі де бір отарға жақын. Ашық ауыз аңғалдыққа жоқ оның қора-қопысына суық қол сұғына қоймайды. Жора-жолдас , туыс-туғанмен араласып, алыс-беріс жасасып тұрады. Саудаға оң иығын беріп тұрады. Қымыз сапырып, жылқының сүр етін баптайтын, неше түрлі ұлт­тық тағамның дәмін кіргізетін, келген қонаққа ашық қабақ танытып жылы ұшырайтын, мал-жанға диақшы боп өзімен қатарласа шаруа жайына атсалысатын еркек бағалы Кәнайдың орны бөлек. Арыстай-арыстай ұл тапты, сүйріктей сүйкімді қыз тапты.
Қызулы құшақтан зорға деп босанып еркіндікке шыққан Болтай құла жорғаны тайпалтқан бойда өрістегі малға бет алған. Биылғы жаз жаңбырлы боп тұр. Көк ерте жетілген, қырдың селеуі ат­тың дізелігінен келеді. Шабындық көтеріліп келеді. Ат басын сиыр табынына бұрды. Қарағанды өзекте байырқалаған өгізшелер мен тана-торпақтар күмпиіп ет ала бастаған екен.
Жылқы үйірлері бір-бірінен шанжауламай қатар жатыр. Үлкен үйір топталып алыпты. Үйір соңындағы Алабел айғыр жылқы шетінде селтиіп жеке тұр. Қызғаншақ айғырдың сыры иесіне мәлім. Байырғы үйір қожасы Алашаппен дамыл-дамыл ұстасып мазасы кетіп жүр. Ат боп кеткен бұрынғы үйірдің қожасын сауырлап қуып тастаумен-ақ діңкелеп біт­ті. Ұмыт­тырып жібереді де, оқыстан сап етеді. Күні кеше бауырында болған сары қарын биелер байырғы қожасымен шұрқырай табысқанда, Алабел айғыр сұмықтай бүлінеді. Жас күшке төтеп бере алмаған пішпе айғыр құла дүзді бетке алып шапқылап бара жатады.
Болтай көз жетер жерге күн сала қарағанымен, Алашап көзіне түспеді. Қолға ұстайтын еді, кісінеп мазалана берген соң, босатып жіберген-ді. Сойып тастауға қолы бармай және тартынады. Кәрі айғырдың сенделіске түскені өзіне де ауыр тиеді.
Піштірмей сау жібергенде, бүйтіп қуғынға түспес еді. Тай-байталдарды алдына салған еді, біріне де қарамады. Үйірін іздеп арқырағанда,тау теңселгендей болады. Өз үйірінің соңындағы айғырмен тістесіп те көрген. Жас күшке төтеп бере алмай тая соқты.
Болтай өз жағдайының да мәз емес екенін ойлап кетіп еді. Алашап кәріліктің салдарынан сенделіске түссе, бұл қырық пен елудің арасында, шыбығы сыздап тоқал алмақшы. Артық дүниенің де бір сиқыры бар ма деп те қауіптенеді. Кешегі құрық сүйреткен сыбай-салтаң кезіне не жетсін. Кедей қолды күн көрістің де өз қызық-шыжығы болады екен. Барға мардымсымай, жоққа тарылмай, текетойлы тоқшылықты місе тұтқан бейбіт күндерге не жетсін! Дара шаруа да оңдырып тұрған жоқ. Өзіне басы бүтін бұйыршақ аз дәулет­ті қайтсем молықтырсам екен деп түнде ұйқысы бұзылып, күндіз күлкісі сұйылады. Енді сол бейнетпен қоғамдаған мал-жан өзіне бу бітіргенін не деуге болады?!
Болтай басына келген ойдан қуыстанды. Қуыстанатын да жөні бар. Ойда- жоқта ұшырасқан әне бір сұлу мұны магнитше тартып, құшағынан босатпай қойды. Әлгінің бір сиқыры бар тәрізді. Соның ғана дидары көз алдында. Жар қосағы Кәнай бүгіндері әншейін бір қалыс жандай көз алдынан бірте-бірте алыстап барады. Оның бар-жоғы есеп емес. Балаларына өліп-өшетін әкелік мейірі де салқын тартып кеткен. Қатын-баласына әдеткідей жан тартса, онда мына ойда-жоқта кез болған сүйіктісінен көз жазып қалатындай берекесі қашады.
Жұмбақ әйелмен жасырын қатынасы жиілей түскен-ді. Қалыңдығына ұрын келетін күйеудей-ақ түн жамылып баратын бұны сиқырлы сұлу бұрынғыдан әрмен құшағына тарта түседі. Төсек қимылының құпиясына жетік тойым­сыз ару ардың-гүрдің апырақтаған еркекті небір тілмен айтып жеткізбес өліп-өшкен сыңсыма үнімен, биге бергісіз ымқырулы қимылымен, үздіккен өбісумен ләззатқа қарық қылғаны былай тұрыпты, бұған деген тілегін бүкпесіз ашық айтқанда, мақұлдаудан әріге бармаған Болтай қанша қарпыса да қызуы бәз қалпындағы балбыраған денеге жабыса түсер еді.
– Сүйесің бе мені?– дейді сүйіктісі.
– Жаным сол! – дейді бұл.
– Қатыныңды қайтесің?
– Қосалқым болады ғой.
– Ол не сөз!?
– Үлкен әйелім боп қалмай ма.
– Оныңа қеліспеймін! – дейді сәт­те салқынси қалған сүйіктісі, – мен сені басы бүтін иеленемін. Қаншама уақытым зая кет­ті сен үшін. Бизнесім тоқтап қалатын болды.
– Немене, кәсіпкермісің!?
– Одан да зорғысы! – деп үнін қатайта түседі жұмбақ ару, – менің бір түнім мың доллар. Саған қаншама уақытым кет­ті. Уәдеден тайсаң, есеп айырысамын.
Болтайдың үні шықпай қалды. Құшағындағы әйелдің балбыраған жұмсақ денесі қапелімде салқын тартып бара жат­ты. Жұп-жұмсақ сүйріктей саусақтары темір қысқаштан бетер кеудесіне қатқыл тиіп, тұлабойын түршіктіріп жіберді. Ләззат тұщымына шыдай алмай үздіге еміренген оның жұмсақ үні қатаң зіркілге ауысып өңменіне инеше қадалған сияқтанды да, Болтай шыдай алмай төсектен тұрып кет­ті.
Оны бір қысастық буған еді.
– Есеп айырысайық! – деген қылымсы қатын, – бай көрінесің, еңбегіме өтеуің мол болсын. Қиқақтайтын болсаң, заңға жүгінемін! Қараулығыңды жарияға шығарамын.
Болтайды шарасыздық буды. Мал сатудан қалтасына түскен қомақты ақшаны әйелдің алдына будыратып тастай берген. Сол бетінде рауандап атып келе жатқан таң бозын бетке алып шапқылап бара жат­ты. Кейінгі он-он бес күнде өзін магнитше тартқан тұрақ та жат қалыпқа түсіп, өлгендердің қорымы сияқтанып кеткендей еді. Екі жұма бойында құшағына көмілген ай маңдай ару ертегідегі жезтырнақ кейпінде көз алдына алың-бұлың шалынып, есін шығарып жіберді. Аты барлыққанда барып тізгін тарт­ты. Қысас ыза іші-бауырын буып және қинады. Біреуде есесі кеткенде кісіні осындай бір шарасыздық буатыны бар. Бұның нақ осы сәт­тегі өкініш-ызасы басқаша жағдайда. Есі кете берілген әлгі бір жұмбақ ару жан түбінде сақталған арман-аңсарын, қимас сезімін, ары мен ұятын, нәзік иірімге толы махаббатын – бәрі-бәрін шарай көзге тонауға ұшыратып мәнсіздендіріп тынған тәрізді. Болмашы тиын-тебенде тұрған түк те жоқ. Қасақы, сайқал қатын бой қуаты мен ой қуатын өшіріп тынса не болғаны?! Еркектік тегеуріні өз орнына келер-ау. Табиғат аясында, қиян түкпірде еркін жетіліп бұла боп өскені оншадан-бұншада қайдағы бір сайқалдың құшағында қалып кеткеніне не деуге болады!?
Ол өз-өзіне зорға келді. Бір бұлақтың басына келіп ат шалдырып, қоржындағы дәмнен өзек жалғады. Торсықтағы қымыз онша бапты көрінбеді. Көз шырымын алған соң, өрістегі малды түгендеуге кірісті. Сиыр табыны бейбіт жатыр екен. Кіші үйір де аман. Бас үйір көзіне түсе қоймады да, биікке шығып төңіректі шолды. Сонау ойдан жылқы қарасы шалынды көзіне. Таяна келе шамалады, үлкен үйірдегі Алабел айғыр жылқыны шоқтай қып иіріп алыпты. Өзі сілейіп жеке тұр. Дәу де болса Алашаптың әрекеті шығар деп ойлады. «Жарықтығым-ай! – деді ол, – назаңа тап болдым-ау осы?!» – деп теткіді.
Бір қыр асып түскенде, жеке жүрген екі жылқыны көрді. Алашап одыраңдап алдынан шықты. Тұла денесінде саутамтық жоқ, азулы жас айғырдың өткір тістері омырауын ырситып жіберіпті. Сауыры дал-дал, қаны әлі тыйылмапты.Уақыт тоздырған бұлдыраң көзі шатынап кеткен. Іші-тысын буған шарасыздыққа қарсылығы ма, шор тартқан домбал аяқтарымен тарпына қодыраңдап қысылыңқы үнмен ауыр оқыранды.
Баяғы бет­ті күндерден ада бүгіндегі аянышты жағдайын иесіне мәлімдеп тұрғандай еді. Уақыт пәрмені өз дегенін болдырса, оған көнбеске шарасы қайсы?!. Қасақы суық қолдың тәніне сұғынғаны қиын соқты. Тұщымды күндерді бірге өткерген үйірінен шет­тегені қорлықтың үлкені боп тұр. Жас айғырға таланды болғанына көндіге алмай, кәрі көкірегін өксік буады.Үйірдің бір шетінде жүре берсе де болатын еді. Соған ыңғай бергенде, қасақы жас күш айқасқа тіленген жоқ па?! Дегені болып, үстемсіген уыт­ты айғыр өзін алдына салып қуып бергенде, соңдарынан шұрқырап жеткен құла биеге қайырылмасқа шарасы қалмаған еді. Өлермен өжет­тікпен қашанғы ескі көзді бөлектеп алған болатын.
Болтай биеге таяп барды. Емшегі уыс толтыратын сүтшең еді, жарықтық!
Үнемі ұрғашы құлын табатын құла бие үйірді бастайтын көсем болатын-ды. Желі басында Алашаппен қасынысып тұратын. Құла биенің пішпе айғырға ыңғай бергені, Болтайдың жүрегіне ауыр тиді. Құлазыңқы көңілі иесіз үйдей азынап сала берді де, Кәнайды көз алдына әкелді. Оның бет-жүзін көру, өзіне оңай соғатын түрі жоқ.

Өмір КӘРІПҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 30.04.2025 | 02:46

Ерболдар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір