Жаз ыстық болған жыл
немесе Уақыт салған портрет
OLYMPUS DIGITAL CAMERA
Адамды Құдайға жақындатып мына кең дүние мен байлық атаулының жалғандығын ұғындыра түсетін Ұлы нәрсе – Уақыт. «Ұлы» деген сөзді бақырбастыдан қызғансақ та, Уақытқа қиналмастан қия салатынымыз жомарттығымыздан гөрі «Жоғары Сана» алдындағы дәрменсіздігімізден болар-ау. Уақыт пен адам ұқсас ұғымдар. Ол ойлай алады, оның да жаратушысы – Құдай. Оның асау мінезі, ерекше сезімі, соғып тұрған жүрегі, алабұртқан көңілі, бәрін көретін көзі, Біздің сөзімізді еститін құлағы, ауадағы оң өзгерістің иісін сезетін мұрны, ақиқатын кесіп айтатын аузы, парасат-пайымы… ең бастысы – уайымы бар. Біз бен Сізді уайымдап, Кеңістік атты мамық төсекте дөңбекшіп жата алмай, ағарған шашы ағара түсуде. Жатса-тұрса ойлайтыны – Біз – адамдар! Осы жылы қазақ сөз өнері біраз есеңгіреп қалды. Елге еңбегі сіңген қабырғалы қаламгерлер мен талай тарландар фәниден бақиға озды. Аты-жөні аталғандардың астына мөрін басып, қолын қойған да сол – Уәкең еді! Жақында ғана Әбішті соңғы сапарға, Мәңгілік сапарына шығарып салып, ұлттық көркем кеңістігінің тағы бір парасын жаптық. Оның орны ойсырағаны өз алдына, мәдениетіміздің бір жақ қабырғасы қақырап, үңірейген бос жер қалғанын енді ғана сезінгендейміз…
Уақыт дегенде көз алдымызға шашы – аппақ қудай, жүзін әжім торлаған, қолында – асасы, аузында – Алласы, шапаны жер сызған, өзін әркез сергек ұстайтын, жады – ғаламат, ойы – терең, шешен де ділмәр, әділетті, кейде пенделерге миығынан күле қарайтын, күле отыра адами надандықты, дүниеқоңыздықты, қараниеттілерді қарғап-сілейтін, көрсоқырлықты мазақтайтын маңғаз, қарны ашқанда қойнынан күлшесін шығарып бір үзіп, жеп алатын адал қарт елестейді. Ол қырандай қырағы, он сегіз мың ғаламдағы бірде-бір жаңалықты назарынан қалдырмайтын нағыз байқампаз! Оның патшакөңіліне ие болғандар өзгелерден оза шауып, қарақұрым топтан қара үзіп, басына бақ дарып жатады. Ашуланса қабағы қарс айырылып, бұлқан-талқан болатын әлгі қартыңның қырсық та қыңыр мінезіне, қырына іліккендер көштің соңында, көптің ішінен көрінбей қалатыны тағы бар, ұмытпаңыздар. Ішкі драматизмді сан түрлі уақиғалар ушықтырған мына заманда біз Уақытты, оның ақ сақалын, ақ басын, жасын сыйлаудан қалып барамыз. Уәкең саналы ғұмырын санасыздардың бірін-бірі сынаған арызын, кертартпа сындарын оқуға немесе біреуді аяқтан шалып, тобықтан қағуға емес, әркез үлкен бастама, ұлы істің жанынан табылатыны «HOMO SAPYENS»-ке үлгі. Кеңдігі мен кесектігін де содан байқаймыз. Көңілді жүргенінде адамды қуантып, ренжігенде суық хабар жеткізетіні – Алланың пәрменінен. Тасты тескен тамшыдай әлгі Ақсақал таза әрі жақсы нәрсеге ұмтылатынын, өлімнің өзінен өмірді көре алатын нұрлы, сәулелі қасиетін тірі жанға үйретуден талмай келеді. Ұстаздығы ұстамдылығымен астасып, кісімсігенін кішіпейілдігі жеңіп, тіршілік кешіп жатқан жайы бар. Уақыт пен адам бірге өмір сүріп келе жатқандықтан, бірінен-бірі үйреніп те, жиреніп те үлгерді. Бірақ Уақыт бойын пендеауилықтан аулақ ұстап, асқақ сезімге, аспанға қарай қол созуды дағдыланған. Болмыс-бітімі сондай шығар. Бойынан адамгершілік тапсақ та, адами мінезге қаны қарсы. Заманның ызғарлы дені көп көңілді ақпанның аязындай мұздатып үлгерді. Бұл енді Уақыттың кінәсі емес, ол ниеттен-ау… Ал Біздің ниетіміз түзу болғандықтан аңсарымыз сөз өнеріне ауады да тұрады…
Өмір әдемі өрілген қамшы сияқты. Ұлы органика бар. Шығарма өмірге, өмір шығармаға тәуелді десек, Тәуелсіз сана туралы туынды әлі де ішімізде пісіп жатыр. Өзімізді сөйтіп жұбатамыз. Кейде тұрмыс таршылығына кейіп, кейде жолымыздың болмағанын «көз тидіге» жорығышпыз. Ал сонда ниет деген қайда қалды… ниетіміз таза ма екен? Ниет, пейіл, рухани ахуал жаһанды соғыс пен лаңкестік жайлауына жол беріп қойды. Іштегі нәрсе сыртқа шығып, ұлттың жан тұңғиығындағы бұлқыныстар су бетіне қалқып шығып, қоғамның бет-пердесі сыпырылды, елдің моральдық жағдайы күрт өзгерді. Бүгіндері халықты мазалаған басты сұрақ – доллар көтеріле ме, әлде құлдырай ма? Егер көтерілсе, жағдай ушыққан үстіне ушыға түседі, ал егер түссе, біз белгілі бір экономикалық кеңістікке шығамыз. Сөйдейді, ОЛАР. Біздікі – екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өліптінің кері.
«Ұлттық ұстанымнан айырылдық» деген қанша ауыр естілсін, бұл қазаққа қойылған диагноз. Әлемдік қаржы дағдарысы немесе алпауыттар текетіресін фон деп алсақ, бұндай аумалы-төкпелі кезеңде қазақ өзін қалай ұстау керек, қандай жол таңдауы қажет, сүйенері, тіреуі, діңгегі не болмақ? Дүниежүзі тарихын бір парақтап ек, ақша үшін талас һәм Жерге өз билігін орнату ойы сонау Эллада мен Рим империясы кезінде де болған екен. Сонда адам жаралғалы бері өзгермеген бе? Қараған сайын түрленіп, көрген сайын көз тоймайтын, алыстан қол бұлғап арбайтын Дүние деген қу түлкі Ібілістің адамға құрған тұзағы, қазған оры. Біреу сол тұзаққа түсіп тұсалған атша айналшықтаса, енді бірі орға түсіп жатты. Санасын Сайтанның мөрі бар доллар улаған рухани ауруға ұшырағандарға «ең алғашқы медициналық жәрдемді» қашан көрсете аламыз? Ванга дүние саларынан бір күн бұрын қатты шөлдегендігін айтады. Жанында отырған адамның құлағына бір нәрсе деп сыбырлайды.
Әлгің ештеңе ести алмайды. Тағы да сыбырлайды. Сонда ғана барып естиді. Көріпкел: «Болашақта адам Құдайдан алыстайды да алапат рухани аштық, ұлы рухани жұт келеді…», – дегенді жеткізеді де кеседегі суды жартылай ғана ішіп, арғы өмірге аттанып кете береді. Шөлдепті. Сол рухани Сахара бізге де келді. Айналаны көзіңізбен бір шолып шығыңызшы… Белгісіздік әркез үрейлі екенін ескерсек – Әдебиеттің сол «жұтқа» қарсы тұрар дәрмені бар ма екен? Сөз өнерінің адамзат алдындағы парызы, қаншалықты поэтикалық естілсе де айтайық – үмітсіздікпен күресіп, бәрімізді жарқын болашаққа бастау, көкірегімізге ізгілік ұрығын сеуіп, кісілік келбетімізді қалпына келтіру.
Осыдан бес жыл бұрын француздар Ромен Ролланның он томнан тұратын «Жан-Кристоф» роман-эпопеясының радио-нұсқасын жасап, әдебиетке сусаған халық жарты жыл бойы айызы қанғанша тыңдады. Дәл сол бір кезде Францияда саяси тұрақсыздық өзімен бірге қылмыстың өршуін, жұмыссыздықты, депрессияны алып келген-ді. Әдебиет ұлттық санаға қозғау салып, желді күнгі теңіздей толқыған көңілін бір басты. Одан он жыл бұрын Марсельде студенттер көтерілген соң араға апта салып барып Бальзактың он романы радиодан оқылған еді. Билік халықты әскери күшпен, темірдей тәртіппен, үркітіп-қорқытумен ғана емес, эстетикалық әсермен, поэтика күшімен ұстауға болатынын ұғынды. Үлкен дүмпудің алдында тұрған Еуропа әдебиетке ерекше ден қойып, ықыласы қайта оянғандай болды. Римде Данте, Берлинде Гете, Лондонда Диккенс, Афинада Гомер өз елімен қайта қауышты. Неге екені белгісіз, Данте «Құдіретті комедиясының» бір бөлігі – «Тозақты» оқыған жастар егіліп жылаған екен. Құдайдың қаһарынан қорыққан-ау… Өзіне-өзі қол жұмсағысы келгендер райынан қайтыпты, кейбірі өз қолымен қарттар үйіне тапсырған әке-шешесінен кешірім сұрап, үйіне алып кеткен. Ал Отанын сатып, ақшаға тойынып, алыстағы аралға көшіп кеткен біраз байшыкеш туыстарымен жыласып көрісіп, тәубесіне түсіп, еліне оралып жатты… Елін сағынғанда матаға ораған жусанды иіскейтін ғадет бізде де бар ғой. Соның мәнін түсіндік пе екен?!
Ресей 2015 жылды «Әдебиет жылы» деп жариялады. Саясаттың тасасында, дағдарыстың далдасында қалған Әдебиет үшін бұл үлкен олжа болды. Еуро-майданға ұласқан Украина мен Америкаға арқа сүйеген Түркия орыс ұшағын атып құлатуының алдыңғы қатарға шыққаны соншалық, ақпараттық кеңістікте, адам санасында тек СОҒЫС және ҚАҚТЫҒЫС деген сөздерді ғана қалыптастырған-ды. Осы жылы орыстар аудармаға қатты күш салды. Әлем әдебиетінің жаңа есімдерін, жаңа авторларын тәржімалады. Радио-спектакльдер, кино-премьералар, тың қойылымдар, әдеби кештер, түнгі кітапханадағы сұхбаттар, ормандай оқырманмен кездесулер, путиншіл билікке пушкиншілдер батыра айтқан сыни ойлары қанша ащы болса да, орынды көрінді. Мәскеуде өткен Әлем әдебиетінің өзекті проблемаларына арналған конференцияда: «Шевченко – украин, Пушкин – орыс. Бірақ екеуі де бауыр, славяндар. Сондықтан бір-біріңді кешіріңдер, достасыңдар, бейбіт елдің қанын төкпеңдер…», – деген әңгімелер де айтылды. Мәдени, рухани астана Петербор десек, саяси астана Мәскеудің аталмыш шараны өзінде қабылдауын билік қаламгерлердің ой-пікірін байқастап, олардан көмек сұрап, арқа сүйеп, арда тұтқаны деп жорыдық. Қалай болғанда да мемлекет басшысы Путин бұл жиыннан ой түйіп, оң өзгерісті сезіп, жаңа серпін алып шыққаны шындық. Бұл шараны сырттай бақылаған Біздің ішімізді қызғаныш атты қызыл ит тіміскілеп өткендей болды. Осынау үлкен ойлар Қазақстанда неге айтылмайды екен… Қой жылын – 2015 жылды қалай қорытындыладық? Не істедік? Не тындырдық? Не түйдік? Не алдық? Және ең негізгісі – не жоғалттық? Сұрақ көп, иә?! Ал жауап ше? Жазушылар одағының анықтамалығын ақтарып отырып белгісіздеу немесе танымалдылыққа аса ие емес жазушылардың астын қап-қара сиямен сызуға Жағдайдың өзі мәжбүрледі. Кемпірдің тісіндей қатары сиреп бара жатқан жазушылармен бірге айтылмаған ойлар, ашық әңгімелер, жанашырлықпен басыңнан сипап, жазудың қыр-сырын ұғындыратын, көңіліңе сенім ұялататын сөздер, жүзеге толықтай аспаған асқақ идеялар кеткені өкінішті-ақ. Орыстар Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін» аудан-ауданнан, аймақ-аймақтан жетідегі баладан жетпіс жастағы қарияға дейін оқыды. «Әдебиет жылын» осылайша шығарып салуға ұйғарғаны құптарлық іс болды. Бұл – бір. Ал екіншіден, неге Гогольдің шенділер қоғамы, неге Чеховтың орыс тұрмысы, неге Достоевскийдің «Әлемді сұлулық құтқарадысы» емес, таңдау тура «Соғыс пен бейбітшілікке» түсті? Бұл халықты өзін сергек ұстап, етек-жеңін жисын деген оймен жіберілген Кремльдің «құпия хабарламасы» секілді әсерде қалдық. Бейбіт өмірді кім аңсамайды, бірақ Құдай сақтасын соғыс басталса, амал жоқ, көнесің де кетесің… Осы әдеби жоба үлкен қозғау салып, оқырманды ойландырды. Үйрен де жирен. Қазақтың қасқырдай ұлыған рухы сақталған Орхон-Енисей жазбалары, жыраулар поэзиясы, «Зар-заман ақындарымен» қоса, Абайдың «Қара сөздері» мен Әуезовтің «Абай жолын» Біз де оқысақ, Біз де көрсетсек қалай болар еді?! Діни сюжеттерге толы қисса-дастандардағы адамды хақиқат жолын ұстануға шақыратын, адамгершілікті насихаттайтын, жүректегі махаббатты оятатын дүниелерді неге пайдаланбасқа?! «Көксандықты» жынша иектеген сапасыз бағдарламалар, той-думан, ән мен би, мақтау мен мадақтау, қарқ-қарқ күлкі, жүргізушінің сандырағы, өтірік пен өсекке толы эфирді пайдалы дүниелермен неге толтырмаймыз?.. «Трансқа түскен халықты басқару өте оңай» екенін Гитлер де айтқан еді. Әлем шыркөбелек айналып, даму мен жаңаруды бастан өткеріп жатқан тұста Қазақстан бей-жай қалпынан танбай, қажетсіз кезде ұстамды бола қалғанын қалай түсініп, неге жорысақ болады?.. Биылғы жылдың Нобелін қанжығасына байлаған Светлана Алексиевич бір сұхбатында: «Ұйқыдағы ұлтымның ұятын оятуға барымды саламын…», – деген сөзі Бізге қатты әсер етті. Осы жылы жарияланған әдеби бәйгелер әдебиетіміз үшін не берді? Қазақ әдебиетінің қоржыны жаңа шығармалармен, тың туындылармен толықты ма? Ақиқатын айтайықшы, толықты ма? Бұнда ұйымдастырушылардың немесе бәйгеге қомақты қаржы тіккен демеушілерді емес, әдеби ресурстар турасында сөз қозғап отырғанымызды ескергейсіздер. Соңғы кезде сарапқа салынып, Мемлекет сыйлығын алған шығармалардың көркемдік деңгейі, поэтикалық күш-қуаты қаншалықты екенін іштеріңіз сезіп отырған болар. Жә… Бір қуантатыны – «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген Дүниежүзі мен қазақ әдеби-мәдени мұрамыз қолға тигені. «Бабалар сөзінің» 100 томдығының өзі оқып шыққан оқырман үшін үлкен олжа. Бірақ көздері жәудіреп, сөреде сіресіп, бірін-бірі итеріп тұрған бабалардан қалған асыл сөзбен танысуға, оқуға неге құлықсыз екеніміздің сыры тым тереңде жатыр екен. Біз өз бағамызды төмендетіп, өзімізге деген қызығушылық сезімін жоғалтып, өзегімізден алыстап барамыз. Қорқынышты… Құндылықтар пирамида секілді төңкеріліп, бағзыдан қалған байлығымыздың аяғы аспаннан келіп, кесірі-кесапаты өсіп келе жатқан ұрпаққа тиюде. Аза бойымыз қаза болып, аз жылдан соң азғындықтың шегіне жетуге шақ қалатынымызды ойлап отырған басшы бар ма екен?.. Ислам әлеміне «ИГИЛ» деп ат қойып, айдар таққан массондар мұсылман дінін құбыжық етіп көрсетуде. Себебі, мұсылмандардың орталыққа шоғырланып, басы қосылуынан қорқатын Батыс Бізді таухидтен айыру – олардың басты мақсаты. Рухани соғыстан ұтылудың артында ұлы жеңілістің басы қылтиып тұрғанын ұмытпайық.
Мемлекеттік бағдарлама аясында шыққан «Әлем әдебиеті классикасының» 100 томдығына жаңашылдық керек секілді. Шетел тәжірибесін ескерер болсақ, дамыған елдерде авторларды, шығармаларды бес жылда, кейде екі жылда бір ауыстырып отырады. Бір қызығарлығы, жазушы және аудармашымен келісім-шартқа отырған баспалар таңдаулы делінген жүздікті өзінің қалауы мен эстетикалық талғамына сәйкес шығарады. Әр баспа демей-ақ қояйық, бір баспа мойнына сол жүкті алып, кітаптарды жаңалатып отырса, жақсы болар еді ғой. Түрік Памукты, қытай Мо Янды, канадалық Элис Монроны, поляк Вислава Шимборсканы, швед Томас Транстримерлер жаһан әдебиетіне қандай жаңалық алып келгені тар мағынасында алғанда әдеби ортаға, кең мағынасында алғанда ізденімпаз, көзіқарақты оқырман үшін қызық-ақ. Одан бұрын өсер ел саяси-экономикалық модернизациямен, ғылыми стратегиямен ғана өмір сүрмейді, замана көшіне ілесуді көздейтіндер бүгінгі әлем әдебиетінен, өркениетті елдердің мәдениетінен хабардар болғысы келетіні ақиқат. Өсу бәсекелістік жағдайында ғана жүзеге асатынын қаперге алсақ, қазақ та ешбір елден қаражаяу емес. Тұрып қалған су борсиды, ал оны ішсең ауру болатыныңдай, бір орында тұралап қалуды «тұрақтылыққа» балап, балаға ертегі айтқанындай, өзімізді-өзіміз қашанға дейін алдаймыз?.. «Отыз елдің қатарына кіру туралы» бастама еліміз үшін шешімтал кезеңдердің бірі деуге болады. Себебі, биік мақсатқа ұмтылу үшін ұлтымыз да үлкен үдеден, сенімнен шығу керек. Идея өте жақсы. Бірақ «Елуліктен» неге бірден «Отыздыққа» орқоянша секіргеніміз аса түсініксіз. Егер елімізге қойылған талап-тілектерді, Халықаралық стандартизациядан өтсек, соған толықтай дайын болсақ, онда өсудің, теледидардан күнде қақсайтын «дамудың даңғыл жолына» түсіп, томаға-тұйық күйде емес, керісінше, Әлеммен байланысқа шығудың мүмкіндігі сонда ғана туады. Орта Азияның шеңберінде қашанға дейін жүреміз?! Ол «мәңгілік шеңберге» бір кірсең, айналып жүре бересің. Қазақты өзге елге таныстырып, бәсекеге қабілетті екенімізді көрсеткіміз келсе, соған дайын болайық. Бірақ ол үздік отыздыққа немізбен кіреміз? Жүйесіз ғылым-біліммен бе, әлде ақсаған руханиятпен бе, мүмкін «азаматтық қоғам» қалыптаспаған ортамен шығар?.. Отыздыққа саяси элитарлық тобы түзілмеген және берекесі қашқан, жемқорлыққа белшесінен батқан, тек ауада қалқып жүрген жалған цифрлардан ғана тұратын экономикамен күмп берсек те болады. Балабақшадан бастап жоғары оқу орны, академияларға дейінгі білім саласындағы хаоспен дамыған елдер жанына да жуытпайды-ау, осы. Оларда жүйе бар, ал Бізде жоқ. Сондықтан Қазақ елін үлкен өзгеріс, тың серпін, шынайы шынығу күтіп тұр…
Дулаттың «Ескі үйдегі екі кездесуі» Лондон сахнасында қойылуы қатардағы нәрсе ретінде суыққанды қабылданды. Былтыр Қазақстан Жазушылар одағы мен Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 80 жылдығы тойланды. Шалғайдағы қаламгерлерді, өңірдегі ақындардың басын қосып, Алматыға жинады. Бұның бәрі Нұрлан Оразалиннің еңбегі. Біраз жұмыс атқарылды, көзге көрінетін іс тындырылды. Алайда, біз бұдан да үлкен нәрсе күткенімізді жасырмаймыз. Қанағат! ДСҰ-ға мүше болдық. Жалпы тауарлардың бағасы теңеседі. Ол да оң шешім. Ал Қазақстан бұл ұйымға мүше елдерге не ұсына алады? Бір жерге кіруге шеберміз, ал шығатын жолды кім іздейді? Жауап жоқ. «Отыздықтың» қоятын талабы өте көп. Білім саласының мықтылығы, экономиканың бәсекеге қабілеттілігі, саяси тұрақтылық, діни татулық, ғылыми жаңалықтардың жыл сайын жаңарып тұруы, әдебиет пен мәдениет саласында Халықаралық дәрежеде мойындалған ірі дүниелердің тууы, әлеуметтік теңдік, халықтың тұрмысының жақсаруы, «Адам құқықтарын қорғау» конвенциясына сай Заңнама нормативінің бұзылмауы, Заң органдарының әділетті болуы деген секілді толып жатқан аспектілерден көз сүрінеді… Біз соған дайынбыз ба? Шындықты айту дегенде ойға неге бірден саясат келеді екен? Мүмкін санамыз саясиланып бара жатқан шығар, а?.. Кие тұтатын Сөз өнерінен де саяси астар іздейтініміз де соның салқыны емес пе екен? Белді делінген сыйлық алған автордың тегін тектеуге, кімге жағынғанын, кімнің жолын кескенін тексеру күнделікті әдетіміз. Туындысынан гөрі, оның портреті алдында жүреді. Автор мен туындының арасындағы алтын көпірді өртеген де өзіміз – бұзық ойымыз.
2015 жылдың жазы ыстық болды. Ораза кезінде мешітте орын болмай, намазын сыртта оқығандарды көріп, шыны керек, қуанып қалдық. Қазақты кінәлағаннан, жығылғанда жұдырық жұмсаудан үлкен пайда таба алмаймыз-ау. Бірақ ел еңсесін басып бара жатқан, көзге көрінбейтін бір кесел бар. Ол – өз күшімізге сенбеу, сенімнен айырылу. Үміт пен күдік арасында өмір сүрудің өзі тозақ қой. Қол-аяғыңнан дәрмен кетіп, бағдарыңнан адасасың. Көрінген көкатты мен көп аттының теріс ақылы жақұтқа бергісіз ақиқатқа ұқсайтыны – сол сенімсіздіктен. Анадан да үйренгіміз келеді, жаңаға да жабысуға құмармыз, алайда өз жолымызды айқындап, жан-жағымызға жалтақтамау үшін нендей нәрсе істеуіміз керек?.. Бопты… Жаз ыстық болды. Енді қысың қатты болатын сияқты. «Қыс! Бізді қыса көрме…», – деген тілегіміз бар. Күнтізбенің парағы жыртылып, тағы бір жыл жылжып Ғасыр қоржынына асықпай кетіп бара жатыр. Қой жылы шынында да той жылы болды. Би биледік, той тойладық, тілек айттық, бір-бірімізден қалыспадық. Ал руханият тойына ешкім дайын болмай шықты. Мешіннің меншігінде көп нәрсе бар. Соның бірі – ойнақылық. Алайда, Бізге ой ойнақылығы қызық. Әр ұлт, әр ел өз сенімімен, өз жоспарымен, ең бастысы, үмітпен Жаңа жылға аяқ басады. Бізді жаңалығыңмен қуанта гөр, Жаңа жыл.
Уақыт бірінші Аллаға, одан кейін Құранға, пайғамбарларға, періштелерге, одан кейін барып адамға сенеді. Дүниені дүр сілкіндірген уақиғалар пенденің көңіліне үрей ұялатып, сенімінен айырса да, Уақыт ешкімнен күдер үзген емес. Біз де әлемге әйгілі шығармалардың туатынына сенейік!.. Оның жүрек лүпілін, үнін естіген кім бар екен, осы? Портретист, пейзажист, натуралист Уақыттың өз қолымен салып үлгерген «2015 жыл» атты картинасы осындай. Шіркін-ай, мына Әлемге, өмірге, қаламымыздан туған туындыға «қырсық қарттың» көзімен, соның биігінен қарай білсек қой…
Әлібек БАЙБОЛ.