ЫСТЫҚ ЛЕП
17.03.2023
229
0

…Бетіме тақалған ыстық демнен оянып кет­тім. Апам. Арқамнан ақырын қағып, шашымды сипайды.
– Осы алтыным оң-солын танығанша тірі жүрсем болар еді. Мен өлсем осы бұйра басым жетімсіреп қалады-ау. Әкесінен де жас қалып еді…
Даусы қалтырап, ақырын шықты. Жылап жатса керек. Ояу жатқанымды сездіргім келмесе де алай-дүлей болған көңілім ырқыма көнбей, қолымды созып, мойнынан құшақтадым. Өзіме таныс иісі бұрқыраған омырауына басымды тықтым. Тілім жеткенше сыбырлап, өзім білетін бар жақсы сөзді айтқым келді. Бірақ алқымыма тығылған ащы өксік дыбысымды шығармады. Анамның арып-ашып, бір уыс болған белінен құшақтап жатып, өткен жаздағы апамның толықсып, ән салып отырған бейнесі көз алдыма келді.

* * *

 Әкемнің інісі Нәбидің үлкен баласы үйленді. Ол кезде хабар айтылса болды бір үйдің тойы бүкіл ауылға ортақ қуаныш, жұрт ағылып келе береді.
Тойдың ас-суы, жабдығы, әйтеуір, барлық шаруасын бүкіл ауыл көтерісіп, қызмет қылады. Әсіресе осындайда сенікі, менікі жоқ жұмыла кететін жеңгелерімнің ошақ басында сапырылысып, бірі қазан астына от салып, бірі ет­тің көбігін алып, тұзын көріп жатып та әзіл-қалжыңнан ауыздары босамайтын ақжарқын жүздерін қызыға бақылаймын. Өздерінен кейінгі келіндерді зілсіз жекіп жұмсағандары да ерекше жарасып тұрады.
Тағы бір қызығы, бір тойда мінәйі себеппен ренжісіп қалғандар – екінші бір той үстінде бір-біріне үйдей өкпесін кешірісіп, табысып жатады. Әрқайсысы тап бір өз баласы үйленіп, не қызы ұзатылып жатқандай бейілденіп, арқа-жарқа күй кешеді. Маған біздің ауылдың адамдары ғана осылай қуана алатын сияқты көрінеді…
Ауыл жастары біріміз қалада, біріміз далада дегендей, жаз айларында ғана басымыз қосылады. Әсіресе бір класта оқығандар әлі баяғыдай сағынысып, табысып жатамыз. Сол күнгі тойда да біразымыз түгел екенбіз.
– Ей, студент­тер, өздерің кісі танымай қалыпсыңдар ғой, ей, – деп қасымызға ауылда шофер болып істейтін Еркінбек келді.
– Олар қалалықтар, студент­тер солярка сасыған сені қайтсін, қаланың сыптай жігіт­тері тұрғанда, – деп сырбазсып, керіле сөйлейтін Байжұман сәндене басып келеді. Жүрісі қыздардан аумайды. Біздер қалқиған құлағына бола «локатор» атандырып жіберген ауылдың қазіргі білдей киномеханигі Байжұман – осы.
– О-о, локатордың үлкендігіне не жетсін. Дүниежүзінде не боп жатқанын елдің алдымен естіп, әрі біздің кімді қалайтынымызды біліп тұрасың, – деп менің қасымда тұрған Зейнеш өзінің сылқ-сылқ күлкісіне басты.
Өзі менің бүйірімнен түртіп-түртіп мәз боп күледі.
– Байжұман, мына қызды саған тастап кетейін бе? – дейді мені ортаға қарай бір итеріп қойып: – Осы-ақ қаланың сен айтатын сырбаздарына қарамай, ауыл-ауыл деп, әсіресе сені ойлап құса болуға айналды.
Жаңа ғана сайрап тұрған Байжұман қызарып, төмен қарайды. Зейнештікі баяғы күлкі. Сылқ-сылқ күлгенде, өтірігі қайсы, шыны қайсы өзің де білмейсің. Біздің үйге барса апамды әурелейді:
– Апа-ау, – деп дауысын әндете созып бастайды. – Мына қызды биыл Байжұманға беріп, жаныңызға жақындатпасаңыз, бұл сізге қарасын көрсетпей, Қарқаралы асайын деп жүр.
Менің анау-мынауға сыр бермейтін сабырлы анама мына хабар тым тосын естілгендей. Маған қарады. Көз жиегіне жас үйірілген бе, қалай?
– Апа, осы жынды қыздың сөзіне сеніп отырсың ба? Білесің ғой, бұның ойнамаса ішкені ас болмайтынын. Мен сенің тап қасыңа келемін. Кімге бар десең, соған барамын, – деймін Зейнешке қосыла күліп.
Апам өзінің мойнынан құшақтап, еркелеген Зейнештің шашынан сипап:
– Е, ойындарың болса мейлі, – деді.
Зейнеш бұлт етіп, басқа қырына аунап түсті. Тағы бір қитұрқы әңгіме бастайды.
– Апа, мен де бұл қызға талайдан қақсап, айтып келемін. Қой, Қарқаралы, Қарағанды деме, құрысын, ана Байжұман кімнен кем. Сен де айтсайшы, апа. Оның мына қызды көргенде тілі байланып, нарт­тай болып қызартып кететінін айтсаңызшы. Сізге қолайлы, жібектей есілген тамаша күйеу бала болайын деп тұр, – деп құйқылжытқанда апамның өзі де аң-таң болады. Лажсыздан мен де қосыламын Зейнештің күлкісіне. Күліп-күліп, төрдегі көрпеше үстінде буынымыз құрып жатқан екеу­мізге қарап отырып-отырып апамның бір күні:
– Байғұс бала ғашық болып қалған екен-ау – дегені ғой. Жігерлі, онша-мұншаға елп ете қоймайтын сабырлы анам алпыстан асқалы не болса соған сенгіш, көңілшек болып бара ма қалай өзі?…
Зейнешті жақсы көретіні сонша, ол не айтса, соған сенеді.
Мұнда күлмесең, қайда күлерсің. Зейнеш екеуміз далаға атып шығып, ішегіміз түйілгенше күлдік-ау.

* * *

Тойдың қызығымен түн жарымынан ауғанын байқамаппыз. Бәріміз қайтуға жиналып далаға бет­тедік.
Шілде түні мөлдіреп тұр. Ауылдың күнбатысында көлбей жатқан Қаратаудан ескен самал жел еркелеп, мойнымызға оралды. Жанымыз рахат тауып, бір сәт үнсіздік орнады. Тау аңғарынан самал желмен жеткен жусанның, жалбыздың исіне елтіп тұрғанымызда той болып жатқан үйден ән көтерілді.
Мен қайтейін Алатау биігіңді-ай,
Аяғаннан атпадым киігіңді-ай.
Менен алыс кеткенде қимас
қалқам-ай,
Жалғыз қайтіп тартамын
күйігіңді-ай…
Жүрекжарды терең сырдың өзекті өртеген өкініш-арман, сағыныш-мұңын ауырлағандай ән қанатын баяу қағып, көтеріле берді. Ән мұңға, аңсаулы ар- манға толы көңілдің назын жеткізіп беруге ұмтылып, көкке өрлейді. Әннің соңын қайырғандағы иірімге жұтылып кете жаздап, қозғалмай сілтідей тынып тұрмыз.

* * *

Ән әсерінен байқамасам керек, Зейнеш маған сыбырлап: – «мынау біздің апамның дауысы ғой» дегенде селт ете қалдым. Ол менің шешемді «біздің апам» деп өзімсіне сөйлесе, апам «біздің Зейнешжан» деп отыратын.
Тойдың абыр-сабыры басылайын деген соң ас үйде ауыл әйелдері, абысын-ажын өздерінше отырса керек. Бәрінің әнге елтігені сонша, есіктен ентіге кірген бізге мән берген ешкім болмады. Шынымен ән салып отырған менің апам екен. Басына тартқан аппақ орамалының кейін ысырылып кеткенін де байқамайтындай. Көзін жұмыңқырап, бүкіл дүниені ұмытып, беріле шырқайды.
Тұстастары апам туралы: «О, шіркін-ай, дене мен бет біткеннің ажарлысы ғой. Салған әні қандай, шіркін! Көшекең кеткелі ән де айтпайтын болды ғой» десетін. Иә, шынымен сыр шашпайтын анамның мынадай шаршы топ түгілі оңашада ән салғанын естімеппін.
Сөз сөйлейін, ей, қалқа, көрген жайдан,
Күдер үз деп айтпаймын ақсұңқардан.
Еш дауалық көңілде болмаған соң,
Толып жатыр жүректе арыз, арман,–
деп жан жүрегіңді шымырлата сорғалатады. Анамның көрікті екенін бүгін ғана байқағандай одан көз алмай тұрып қалыппын. Бетіне түскен аз-кем әжімінің өзі мына әнмен бірге тарап кеткендей. Ақша бетке жарасқан қыр мұрын, шаралы қоңыр көздер, әсіресе сол жақ бетіндегі меңі әнмен бірге ырғалып, сұлулықтың өшпеген ізі сияқты. Кең маңдайынан қақ жарған қара шаш аппақ жүзін айқындай ашып, шам сәулесімен жылт-жылт етеді.
Көзі ештеңе көрмейтіндей ақырын теңселе түсіп, әлі шырқап отыр. Бірақ анамның осы отырысы маған ерсі көрінді.
– Апа, – дедім, – апа! Неғып отырсың, жүр үйге қайтамыз.
Даусым қат­ты шықса керек, өзін-өзі ұмытып кеткендей болып отырған апам да, өзгелер де есік алдында состиып тұрған бізге жалт қарады.
– Ойбай, Керімбай, бұл қайсы?
Еркекше боқтап сөйлейтін Орынкүл апам қуанса да, қорықса да «Керімбай» деп селк ете қалатын.
–Е, ақысыңа сенің… Әнді бөліп, айқай салғаны несі? Жүдә, сенен қорқып қалыппыз. Ойбай-ау, сенің әніңе жете алмай жүргенде о, несі-ай қызын көріп қоя салғаны – дейді шешеме ашуланып, мына қыздың діңкілдеп жетіп келгенін қарашы.
Ол кісінің сөзін Дариға әжем, Күлпәш, Рысбике, Болған, Балдай апамдар қоштап, ду ете қалды.
– Жоқ, апам айтпайды, қайтамыз.
Қасына барып, қолынан тартып тұрғыздым. Үн-түнсіз жетектесіп шығып кет­тік. Қасымдағы Зейнеште де, апамда да үн жоқ.
–Немене, – дедім мен, – сонша жұрт­тың ортасында аңырап отырсыз? Үйде-ақ айта бермейсіз бе, өлеңіңіз сыймай бара жатса?
Апам тіс жарып, жауап қатпады. Маған ренжіп, «қайтпаймын» деудің орнына, бір сәт босаңсыған әлсіздігін байқатып, алғанына өкінгендей ыңғайсызданып қалғанын сезіндім. Зейнеш: «Апамның ән салғанына нең кет­ті. Қайта мақтанбайсың ба?» деп еді, мен: «Қойшы ақылгөйсімей» деп оны да қайтарып тастадым.
Содан мен жазғы демалысым аяқталып, қайтып кеткенімше апам сүлесоқ, көңілсіз жүрді. Бұрынғыдай мені көп айналып-толғанбайтын да болды.

* * *

Алматыға қайтып келген соң сарыала күздің салтанаты, жазғы ұзақ демалыстан қайтқан студент­тердің у-дуы маған әсер етпегендей, әлсін-әлсін анамды, оның тербеліп ән салып отырған сұлу бейнесі көз алдымнан кетпей, жиі ойлай бердім. Әнге беріле елтіп, жаным толқи тұра бойында бұғып жатқан сонша өнері бар анамды мақтан тұтудың орнына «мені тұштаңдатып қойған қандай жалған намыс десеңші» деп өкініп жүрдім. Қараша айының соңында әпкем Жанардан хат келді.
«Апам биыл көп ауырып жүр. Әдет­тегі езуінен күлкі кетпейтін ашық-жарқын қалпы жоқ. «Не болды?» деп сұрасам, бұрынғыдай шешіліп әңгіме айтпайды. Тек «мазам жоқ, өзім де білмеймін» деп қояды. Ұлының бәрін алып-алып, өңкей қыздарын қалдырған тағдырға не шарамыз бар? Бәлкім, анамыз осыны да ойлап, қажып жүр ме? Бәріміз мәпелеп күткенмен, ол кісіге шаңыраққа ие болар бір ұлға татымасақ, шара не? Лажы болса, қысқы емтихандарыңды ертерек тапсырып, қайт. Бізге сездірмесе де апам сені сағынып жүр. Басқаларымыз бір төбе, өзің бір төбесің ғой ол кісіге. Біз бала-шағамызбен қас-қабағына қарап отырсақ та «кенжем, кішкентай тентегім, ақылдым» деп сені айта береді. «Түсіме жиі кіреді» деп көзіне жас алып қояды. Ал жаным, тезірек келіп апамды қуант» депті.
Осы хат­ты алысымен қысқы сессия­ны деканға айтып жүріп, тез тапсырдым да ауылға қайт­тым. Үлкен қызыл «Икарус» автобусы ыңыранып, үлкен жолдың бойына тоқтағанда күн ұясына еңкейіп қалған еді.
Біздің ауыл үлкен жолдан алыс емес, бір қыр ассаң жетіп барасың. Сосын да үйге «күтіп алыңдар» деп хабар салмай-ақ өзіміз бара береміз. Ауылға асып түсетін қырдың басынан біреу маған қарай бет­тегенде «мынадай суықта кім екен?» деп қайран қалдым. Орамалы ағараңдап, өзіме қарай тез-тез басып келе жатқан адамның анам екенін танығанда «Апа» деп қолымдағы сөмкемді тастай сала құстай ұштым. «Апам» деп күбірлеймін, «алтыным, апам менің…».
Орта жолдан табысып, мауқымызды баса алмай аймаласып тұрмыз. Апамның: «кішкене бұзығым, қызығым, түріңнен, көзіңнен» деген сөздері үзік-үзік естіледі. «Апа, кешірші мені…»
Көптен бері жанымды жегідей жеген жаздағы кінәмнан арылсам дегендей мойнына асылып тұрып, осы сөзді қайталай бердім.
– Құлыным-ау, соны әлі ойлап жүрсің бе…қиналып. Өткенін кім сағынбайды дейсің. Сондай бір сәт қой, жаным. Сендер аман болыңдар.
Батып бара жатқан күннің алқызыл нұры ойнаған бетіне қараймын. Жүдеп кетіпті. Жағы суалып, көзі тұңғиық түбіндегі қара судай жалтырайды. Суықтан ба, әлде ауыра ма, әшейіндегі нұрлы өңі боп-боз. Жүрегім сыздап қоя берді. Көңіліме қорқыныш кіріп, қолын қысып ұстап алдым.
Осы қысқы каникулда қасында болған азғана күнде апам ерекше көңілді жүрді. Онсыз да біздің үйге, апама жиі-жиі соғып тұратын ауылдағы Нәбира, Мейіркүл, Жанкелді, Әштар, Серік, Қорғанбай, Мәлік, Байжұмандар топырлап, тіпті үйден шықпай қойды. Қысқы каникулға Зейнештер де келді. Менің қатарларымды көрсе, қат­ты қуанатын апама бұл ерекше жайлы тигендей.
Кеше кешкісін мен сиыр саудым. Апам бұзауды ұстап тұрды. Екеуміз шүңкілдесіп, кешкі тамақ дайындадық. Демалысым бітуге жақын, ертең қайтуым керек.
Аздан соң апам қасына шақырып:
– Келші, шашыңды тарап, өріп берейін, – деді. – Шашың қалың, кім тарап, кім өріп беріп жүр екен деп те уайымдаймын.
Мен еріксіз күліп жібердім.
– Апа-ау, мені әлі кішкентай көресіз. Өзім өріп, өзім тараймын да. – Сол арада дереу: – Апа, шашымды қырықтырып тастайын, өзі бұйра, өзі қалың, тарап-жуу қиын, – деп бір өтінішімді қыстырып жібердім.
Арқамды жапқан шашымды тарап отырып апам бір сәт үнсіз қалды да:
– Қой ботам, әйел көркі – шаш, арқасында бұлаңдаған бұрымы бар әйелден сұлу не бар?! Шашың өзіме тартқан, жақсы күндерді, жастық күндерді еске алып жүру үшін перзентіңде өзіңе ұқсайтын нәрсенің көп болуы да ана үшін қуаныш, кейін түсінесің, – деді.
Өз үйіңде, анаңның қасында еркелеп отыру деген қандай рахат, жаныңа қандай жайлы.

* * *

Түн жарымында оянсам, апам күйіп-жанып жатыр екен.
– Апа, ауырып қалыпсың ғой. Денең күйіп тұр.
Ауылымыздың бас дәрігері Түзелбек ағайды түн ішінде шақырып алдық.
Апамның ыстығы түсіп, тыныштал­ған соң таңға жуық көз ілгенбіз. Оянып кетсем апам да ояу жатыр екен. Мен құлағына ақырын сыбырлап: «Апа, ертең қайтпай-ақ қояйын, сен ауырып қалдың ғой. Деканға түсіндірермін» дедім.
– Жоқ, көкем, сабағыңнан қалма, сөз естіп не керегі бар, ұят болады. Мені қоя бер, адам қартайған сайын не болса соған бой алдырғыш болады екен. Өзің Алматыңа жеткен соң тез-тез хат жазып тұр. Сосын келеріңде Арзыкүл апаңа маған әкелгеніңдей мәсі ала келші, әлгі өзің айтқан кемпір-шалдың киімі сатылатын мәгәзініңнен. Жалғызілік, қамкөңіл ғой апаң, әкелсең мәз болып қалар еді.
Түсіне ме, түсінбей ме деп ойлама, қолыңнан келсе адамды қуант, айнам. Не көрсең де адамдарға деген көңіліңді суытпа. Түбі сол мейірім жеңеді бәрін де. Қабағыңа кір жуытпай, жарқырап жүр. Досың басыңа, дұшпаның аяғыңа қарайды. Басыңа не түссе де еңсеңді түсірме, күндей күліп жүр. Біреу көмектеседі, мені жетелеп жеткізеді дегенді ұмыт. Білімің, ақылың ғана жетелейді. Мықты адам тіректі өз ішінен – жүрегінен табады.
Дәл сол сәт­те өмірі құрғақ ақыл айтпайтын, бос сөзді ұнатпайтын істің адамы – анамның жоқты шығарып, маған айтып отырған әңгімесі өсиет пе, ақыл ма, онша түсінген жоқпын. Әйтеуір, таңданғаным рас.
Ертеңіне таң алакөбеден қайтуға жиналдым. Ауырып жатқан апама еңкейіп бетінен қайта-қайта сүйдім. Әлсіз қолдарымен басымды өзіне тартып, бетімнен сүйді. Құлағыма сыбырлап:
– Ақшаң жете ме, аналар жетерліктей етіп берді ме? Қарасайшы, сен кетерде мына тұмауы түскірдің сап ете қалғанын. Мынаны да алшы.
Әбден бүктелген ып-ыстық ақшаны алақанымның арасына салып, сыртынан қысып қойды. Қолымды ұстап, көкірегіне басымды қойған мені арқамнан құшақтап, ып-ыстық ернімен ұзақ сүйді.
Алқымыма тығылған өксіктен демім шықпай бетінен, қолынан үнсіз сипай бердім. Көзінен үздіксіз аққан жас шашының арасына ұрлана сіңіп барады.
– Апа, жыламашы. Жыласаң мен қайтпаймын. Ақшам да жетерлік. Жанар да, Айнақыз да, Айнат та, жезделерім де бәрі берді. Соны уайымдап жатырсың ба? Өзің тәуір болып алшы, апа. Тағы бір-екі күн болайын да қасыңда.
–Маған алаңдама. Жолаушының артына қарайламағаны мақұл.
Мен анамның өртеніп жатқан бетінен, қолынан тағы сүйдім. Екеуміздің шүңкілдескен әңгімемізді әпкем Айнақыздың:
– Есен, бол, автобустан қалып қоя­сың. Жездеңнің машинасы күтіп тұр. Бойжеткенше емшегін еміп едің, тағы еміп жатырсың ба, не? – деп қалжыңдаған үні үзді.
Қыстың ұзақ түні енді-енді іргесін көтеріп, таң бозарып келеді. Аяқ астындағы қар шықыр-шықыр етіп, лап еткен таза ауа мен шыңылтыр аяздан бір сәт демімді ала алмай, тұншығып қалдым. Жүрегімді аяздай саусақтарымен біреу шым-шым еткізіп ауырта жұлқитындай. Апамның от­тай ыстық ернінің табы қалған бетімді сипадым.
Содан бір айдан соң маған ауылдан телеграмма келді. Онда «Тез жет, анаң хал үстінде» делініпті. Көңілім жамандыққа қарай ат­тап баспайды. Тезірек жетсін деп жазған шығар дегенге өзімді иландырамын. Апамның мен кеткенде төсекте ауырып жатқан бейнесі, артыма жалтақтап қарай берген маған қолын көтергені, жас толы жанарымен «кет, қарайлама» дегендей ымдағаны көз алдымнан кетпейді.

* * *

Телеграмманы алған бойда апамның аманаты – Арзыкүл апама алған мәсіні сөмкеме салып жолға шықтым. Біреуге біреу жылы сөз айтса деп отыратын мейірімді анамның құрдасына алған сыйлығымды көргенде көзі күлімдеп қуанатыны, мәсіні Арзыкүл апама беретіні, беріп жатып, «мә, мына қызың, – деп мені нұсқап, – саған арнайы түу Алматыдан «Қазақ­стан» деген дүкеннен әкеліпті» дейтіні, Арзыкүл апамның күлімдеген қараторы жүзі елестейді көзіме.
Бірақ алай-түлей боран болып, ауа райына байланысты кешігіп ұшқан самолетпен мен анамның бетіне топырақ салуға ғана үлгердім.

* * *

Анам үзілерінде қоршап отырған Ибнәби көкеме, Айнат, Айнақыз, Жанар, Ұлтай әпкелеріме жағалай қарап, тағат таппапты.
– Апа, не дейсің, кімді іздеп жатырсың? – деген Айнат әпкеме әлсіз үнімен сыбырлап:
– Әлгі тентек келе алмайтын болды-ау. Соны жылатпаңдар, жас еді, жетімдік көретін болды-ау, – депті. «Ары қарай әлдене айтқысы келгенімен сөйлей алмады» деп жылады әпкемдер кейін.
Ал мен сол күннен бастап мына өмірдің қым-қиғаш тауқыметінен, жалғандық пен арсыздықтан, әділетсіздіктен қажығанда жанымды аялайтын, желеп-жебейтін, күш-қайрат беретін, құшағына басып, жұбатып жігерлендіретін құдірет – ыстық леп – ана махаббатынан мәңгіге айрылдым.

* * *

Анамсыз өткізген жылдарда әнге байланысты сол бір кішкене жайт ойыма сан рет оралды. Әлі күнге дейін анамды сағынғанда сол бір ән сазы жүрегімді сыздатып, құлағыма жетіп келгендей болады.
…Еш дауалық көңілде болмаған соң,
Толып жатыр жүректе арыз-арман…
Осы әнде – кезінде мен балалықпен байыбына жетіп түсінбеген анамның ешкімге байқатпай қымтаған қаншама ішкі шері, жарынан отыздан енді асқанда жесір қалып, иесіз қалған көркі мен өнерін жастық өмірдің желкенін көтеріп жылжып бара жатқан кемесіне үнсіз салып берген тағдыр алдындағы дәрменсіздігі, біздерді жеткізем деп жүріп жападан-жалғыз тартқан қаншама бейнет­ті күндерінің азабы жатыр еді десеңізші.
Қандай жетістікке жетсем де, қиналып қайғырсам да, таудай тауқымет арқалаған күндерімде де алдымда Темірқазығым болып сен тұрдың Апа!
Қиналсам, ауырсам шырғалап түсімнен шықпай қоясың. Сол түсіме қарап алдымды барлап Ана біткеннің о дүниеде де перзенті үшін отқа күйіп, суға түсіп, бәрін көріп, сезіп, жаны шырылдап жататынына көзім жет­ті Апа!
Жүрегім жылап, жаным құлазып жүрген шақтарда да өзің айтқандай кірпігіме шаң қонбай, қырым сынбай, сырымды алдырмай күндей күліп, айдай толықсып, жарқырап жүрсем ол сенің арқаң Апа!

Есенкүл КӨШЕРБАЕВА,
Шымкент қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір