«Туған елге тағзым» НЗМ оқушыларының өлкетану-зерттеулік экспедициясының жаңа маусымы бастау алды
Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Туған елге тағзым» өлкетанулық экспедициясының жаңа маусымын бастады. Алғашқы күні экспедиция мүшелері Солтүстік Тянь-Шаньның маржандары деп аталған әйгілі Көлсай көлдеріне жол тартты. Жолда жер жәнаты Жетісудің баға жетпес байлығының бірі Шарын ұлттық паркінде тоқтап, 12 миллион жылдан астам тарихы бар шатқалдарда алғашқы зерттеу жұмыстарын бастады.
Зияткерлер аймақтың географиялық, биологиялық, тарихи ерекшеліктерімен танысуды Көлсай көлдерінде жалғастырды. Көлдердің пайда болған тарихын, ағымында орналасқан Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, Төменгі Көлсайдың өсімдігі мен жан-жануар әлемін, бірегей ландшафтын зерттеп, ғылыми жобаларына құнды ақпарат жинады. Экспедиция ауылды округтың орталығы Сәтті жергілікті мекенде тоқтап, келесі күні Қайынды көліне бет алды.
- 1910 жылы қатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болған Қайыңды көлі маған табиғаттың бір тылсым құбылысы болып көрінеді. Ғажап көрініс, және ағаштар бір ғасырдан артық судың ішінде шірімей өсіп тұрғаны таңқалдырады,- деп бөлісті 12 сынып оқушысы Рахат Сіргебай.
- Мен Алматыда тұрып, осы жерге алғаш рет келіп тұрмын. Осы экспедициядан алған әсерлерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қазақстанымыздың табиғаты әсемдігімен, байлығымен жүрегімізде мақтаныш сезімін тудырады,- деп ағынан жарылды 10-шы сынып оқушысы Шерлан Жангиров.
«Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясымен мектеп оқушылары Есік қаласының жанында орналасқан Ашық аспан астындағы мұражайға барып сак дәуіріне саяхат жасады. Алтын адамның ашылу тарихымен жақын танысты, темір, палеолит, қола кезеңдегі Қазақстан аумағындағы тіршілік туралы мәлімет жинады, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлерді тамашалады. Зияткерлер 6 000 жыл бұрын қазақ даласында жылқыны үй шаруашылығына алғаш икемдегенін дәлелдейтін ақпарат алды. Мұражай қызметкерлері дәстүрлі қазақ қоғамының жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқанының бір көрінісі ретінде «Күрмек түю» шеберлік-сағатын өткізді.
— Жанардың жауын алатын Іле-Алатаудың інжу- маржаны Есік көлінің демалыс орны ХХ ғасырдағы болған қайғылы сель апатына ескерткіш ретінде сақталғандай болып көрінді,- деп 12-ші сынып оқушысы Мұқатай Өмірбек көл жағасында ойымен бөлісті. Зияткер домбырамен Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін Алматының әсем жеріне арнап тарту етті.
«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеулік экспедициясының бір күні қазақ елінің көрнекті тұлғаларына арналды.
Жыр алыбы, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаевтың 175- жылдығына орай ақынның мұражайына барып, өмір жолымен, шығармашылығымен, жүз жасаған ғұмырының айтулы кезеңімен жақынырақ танысты. Әдеби-мемориалдық кешенде сақталған құнды экспонаттарының қатарында – ұлы ақынның киелі домбырасы, Ұлы Отан соғысы кезінде жеңіске жетелеген жырлар жинағы, «М-1» автокөлігі, танымал суретшілердің кескіндемелері, ретротелефон, жұмыс кабинетіндегі жәдігерлер, ақынның айтыстарда киген шапандары. Оқушылар мұражайдан қазақтың Гомері атанған ғасыр адамның жырға толы өміріне шолу жасап, ақын басқан ізбен жүргендей болып шықты.
Жетісудың баурайында, Алатаудың қойнауында Елбасының кіндік қаны тамған жері – Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына жасаған сапарында зияткерлер Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті -Елбасының балалық шағымен, еңбек жолымен, сонымен қатар мемлекетіміздің қалыптасуындағы түрлі кезеңдерінде жазған бірқатар кітабының негізгі мазмұнымен және Тұңғыш Президент жайында өзге авторлар жазған еңбектерімен танысты. Экскурсиядан оқушылар Тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен тегеурінді тұлғаның тағдыры бір тұтас ұғымға айналғанына тағы бір көз жеткізіп, ой түйіп, терең әсермен қайтты.
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында мен Қазақстанның тарихымен танысуымен қатар, ерекше патриоттық рух алғандай болдым. Кіргенде бірден Елбасының орасан зор портреті көзге түседі. Портрет америкалық суретшінің туындысы екен, замануи техникамен дайындалған: Елбасының портреті қазақ хандарының суреттерінен мозаика стилінде жасалған. Бұл фрагменттер көзілдірік линзалары арқылы көрінеді. Кешеннің үшінші залында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетіне арналған экспозиция орналасқан. Біздің Зияткерлік мектебімізді көргенде ерекше мақтаныш сезімде болдым,- деді 12-ші сынып оқушысы Ғайни Қасымжанова.
«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеулік экспедиция оқушылардың бойына патритоттық рухты қалыптастыратын, Отанға, туған жеріне сүйіспеншілігін артатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірегей жобасы. Оқушылар экспедицияда бастаған зерттеулерін ғылыми жоба ретінде дамытып, желілік сайыстарда қорғайтын болады.