Исраил Сапарбай. Қаламым да суалады бір күні…
09.11.2021
1473
1

                                                                          

        Мен ауылға барғанда…

 Жауын қайда кешегі, жауын қайда?

Жауыннан соң жайқалған бауым қайда?

Жай оғынан жасқанған буаз бұлт

Желіні ісіп,

Жер сызып бауырлай ма?..

 

Дауыл қайда кешегі,

Дауыл қайда?

Тарпаң мінез тағы күш тау ырғай ма?!

Салқам басып, сал желген Сәуірімнің

Сауырынан қара тер сауылдай ма?

 

Ауыл қайда кешегі,

Ауыл қайда?

Арқа-жарқа ағайын, бауыр қайда?

Білгім келіп..,

Бірін де таппаған соң

Жүрек сазып, жан сыздап ауырмай ма?

 

Қазым қайда кешегі,

Қазым қайда?

Сәуірімнің бауыры жазылмай ма?

Дарабозды шалғынға қоя беріп

Қаракөзге айтатын назым қайда?

 

Тырнам қайда кешегі,

Тырнам қайда?

Қаракөзге сыйлайтын сырғам қайда?

Жұлдыз сорғып төбеден, Ай ауғанша

Айтылмайтын арада сыр қалмай ма!..

 

Аққу қайда кешегі, айдын қайда?

Қаңғып келген қара бұлт Айды ұрлай ма?

Қаракөзім қалаға кеткеннен соң

Қара басым қан жұтып қайғырмай ма?..

 

«Қорам қайда, – демеймін, –  Қорым қайда?»

Мен жататын Қорымда орын қайда?

Орамалым суланып қайтар жолда,

Сорам ағып көзімнен, сорым, қайна…

 

 Қара қазан. Қараша үй…

              (реквием)

 Қайран да қайран, далам-ай,

Қайраңнан ескен самал-ай…

Арулар таққан алқадай

Ақ үйлер қайда жағалай? 

 

Қара үйлер қайда тізілген,

Қаракөзайым сүзілген?

Көңілдің шерін шаяр ма

Көз жасым үнсіз үзілген?..

 

Жанары – жақұт, жамалы – Ай

Қайран да қайран, анам-ай:

Жалт етіп көзден  ұшқаның

Жанымды кетті-ау жаралай…

 

Қазаның қайда?

Ошағың?

Қорымда қалды-ау қосағың…

Борпылдақ құмда бозалаң

Ботадай боздап босадым.

 

Қазаның қайда?

Ошағың?

Қарадай боздап, босадым.

Қызығым қайда қырмызы?

Ызыңы қайда масаның?

 

Қазаның қайда?

Қақпағың?

Қара бұлт неге қап-қалың?

Озмыштың оқып одасын,

Жазмыштың жырын жаттадым.

 

Таба нан,

Жаппа,

Тандыр нан

Жадымда талай жаңғырған.

Адасып қайда қалды екен

Балапан басым балдырған…

 

Көбелек,

Көкпек,

Балқурай…

Себелеп өткен жаңбыр-ай!..

Жабағы бұлтпен жарысып

Табанын тілген Тағдыр-ай…

 

Айта алмай Аққу, Қазға мұң

Арманда кеткен аз ба күн?..

Өзегімді өрттей жалаған

Өзіме өгей өз халім.

 

Өзіме мәлім өз қайғым:

Ботадай босап боздаймын.

Қабақ пен қасқа қарауыл

Қолатқа қол да созбаймын.

 

Қораның маңы қоңыр жал,

Далада қалған көңіл дал.

Тоз-тоз да болған дүние-ай,

Тобамды бер де тонымды ал!..

 

                   Тағдыр

 Басым мынау:

Ақшулан шашым қырау.

Ләйлі көктем,

Қайдасың, лашын күн-ау?

Тоқсан тарау ішімнен тобамды айтып,

Толқып барып…

Торығып басылдым-ау.

 

Қайтып барам…

Аңсарым-ай,

Күн күліп, Ай құптаған?!

Дерттен аман,

Өзегін өрт жалаған

Өткен күндер оралсын қайтіп маған?..

 

Жылап барам…

Жұмақ та аман –

Жұртымнан жырақтаған.

Бірде олай болғанда, бірде бұлай

Күндерім-ай, Ай өбіп, Күн аптаған!..

 

Өксіп барам…

Өзек өлі,

Көңіл шөл шөп шықпаған.

Көкірегі қам кешіп, қарс айрылып,

Өкінеді екен-ау өстіп те адам?

 

Жұртты қайдам,

Мендегі ой қарабатпан

Күннен-күнге қалыңдап бара жатқан.

Жанарымды қайтейін жасаураған?

Қабағымды қайтейін қала баққан?..

 

Ертегі ме?

Елес пе өндір өңі,

Ол кім еді?

Мен емес, жел біледі.

Талқармауда қинаған тағдырым-ай,

Қылбұрауға салмашы енді мені.

 

…Жылап барам,

Көз жасым ебіл-дебіл.

Көңілде мұң,

Көнтақы көгімде Күн.

Есіркеуді білмейтін ессіз дүние-ай,

Не білгенің бар еді, не білгенің?

 

                         Ажал

Елсізде…

Екі кештің арасында

Егестім мен Онымен, нанасың ба?

 

Құзғындай құз, жартаста құсып өлген

Онсыз да талай-талай түсіме енген…

 

Тақырды пақырменен табыстырған

Тар жерде талай шөлмек қағыстырғам…

 

Қарамай қара суық, қатқан мұзға

Шалжиып саз балшықта жатқанбыз да!

 

Азғырып «алтын» деген жалған аңыз,

Суға да батып кете жаздағанбыз.

 

Қып-қызыл шыққанда да өрттен аман

Денеме у тілінен дерт тараған…

 

Лағып айдалаға атқан оғы,

Сыртымнан қанша сыбап, даттамады?..

 

Амал не,

Асыра алмай сан айласын

Тау-тасқа соққаны бар талай басын.

 

Көрсе де, көрмесе де көзбен атып,

Жүргені ту сыртымнан сөз боратып.

 

Кім білсін, Әзәзілдің әмірі ме:

Қапталдан шыға келді тағы, міне!

 

Жан беріп, жан алысқан Жекпе-жекте

Жаратқан, жауға мені шөккелетпе!!!

 

Сезінді-ау алысқанмен ала алмасын,

Қынапқа қайта сұқты ақ алмасын.

 

Көңілге қош келе ме мұндай Ғаріп?

Лезде ғайып болды түнге айналып…

 

                     Құрсау

                                       Г-ға

Күн ашылса…

Бұлт көші тырағайлап,

Қан тараса тамырда тұлабойлап.

Жылан ирек жылымық жыра бойлап,

Бүлкілдесе бүйірде бұлақ ойнап.

 

Күн ашылса…

Жарытып нұр-сәулені

Кешпес ем-ау басымнан мұнша әурені.

Арық-тұрық дүние қамықтырып,

Жалықтырып жіберді құрсау мені!

 

Күн ашылса…

Абдырап алаң көңіл,

Жұтар ма едім сәуірдің самал лебін.

Пейіліме Періште аян беріп,

Сауық құрып жүреді санамда Өлім…

 

Күн ашылса…

Күлімдеп гүлдің өңі,

Құтылар ма ем құрсаудан, кім біледі?

…Өлгенде де,

Өмірге келгенде де

Қалай қиып кетерсің бұл дүниені?

 

Күн ашылса…

«Інімнен» мен де шығып,

Желбегейді жеңілтек желге ұшырып:

Қара жердің буына буын босап,

Отырғызар едім-ау жерге шыбық…

 

Күн ашылса…

Саған да «әу» дер едім,

Ал әзірге келмей тұр әурелегім.

Қағбамды ашып,

Қанша жыл қаңғып жүріп,

Қайта келген басыма дәурен едің…

 

            Айласыздың амалы

 Мен сені кетсем бе екен тылсымға алып…

Жүрегің не сезді екен дүрсіл қағып?..

Құдайға құтты күні құлдық ұрған

Ақынның айласызын білсін халық!

 

Ел білсін!

Елес білсін!

Сайтан білсін!

Сабалап екі санын Сайқал күлсін!

Жаһанда жанға айтпаған жалғыз сөзім

Жаныңның жәннәт төрін жайландырсын!

 

Ел білсін…

Естімеген тағы кім бар?

Қабықсыз қалыбымнан табылыңдар.

«Алланың бір есімі – Халық» деген,

Халықсыз анықсыздың бәрі мұндар!

 

Әлсіз кім?

Әзәзіл кім?

Әбігер кім?

Ішінде (түсінде емес) бәрі де елдің!

Тағдырын тәмам жұрттың таныр едің,

Қатпарын ашып қалсаң Жәдігердің…

 

Мен сені кетсем бе алып Алла жаққа…

Сыңсыған көзің жетер сан ғажапқа.

Көргенің,

            білгеніңді,

                        сезгеніңді

Алғаусыз айтып берсең әр қазаққа!

 

Ал, қазақ – аңғал халық, бала халық:

Кешпекші дария суын дара қалып.

Сонан соң өзгелерге үргіштейді,

Алдымен өзін-өзі талап алып.

 

Ал, қазақ – сара халық, дана халық:

Қаңғып жүр «қамал алып»,  қала барып.

Сонан соң өзгелерге өкпелейді,

Алдымен өзін-өзі тонап алып.

 

Көнбейді бүлінгір мен бүкір емге.

Білмеймін, жүйкем жүндей түтілер ме…

Өзімнен өзім кейде безіп кетем,

Бетіне қара түннің түкірем де!..

 

***

Төреңіз жоқ,

Төрқұмар төлеңгіттер.

Төменгі итті, кәне, енді өлең ғып көр?

Көсемсиді көбіксөз көнтақылар,

Шешенсиді шегіртке шенеуніктер.

 

Мезі болдым анадан, мынадан да!

Кісілікте кірпияз кінә бар ма?

Тілегімді балқытып тіл ұшына,

Жүрегімді сыйлаймын сұрағанға.

 

Жүрегім-ай,

Жүрегім – жансебілім,

Қанша гүлің солды екен…

Қанша өмірің?..

Қатып қалған қаныма қара күзде

Қазымырлар қоймайды дән себуін.

 

Көше толы құмырсқа,

Көлік – қоңыз

Қара судың қаймағын көбік деңіз.

Өзегіне у толған өлермен де,

Қара түнді қымтанған өлік те біз!

 

Бейіт жаққа жоғалсам бесікті алып,

Елес біткен жүрмей ме есік қағып?

Төлебише төреге төс керсем бе,

Төбедегі «Кеңсайға» көшіп барып!!!

 

              Кеткім келеді…

 Кеткім келеді…«ана жаққа»,

Түңілгенше,

Түскенше жан азапқа.

Дүниенің қызығы қалмайды екен

Дүмді менен дүмшеге шама жоқта.

 

Бірі Қоңыз,

Болғанда бірі Доңыз,

«Қайда, –  дейсің зар қақсап, – Ұлы негіз?»

Өліп болған жоқпыз ба әлі күнге?

Өліп болсақ, несіне тірілеміз?

 

Төзіп болған сияқты ем күллі азапқа..,

Келемежде,

            «Кеще» де,

                         күл,

                            мазақта!

Көз тоймаса қайтейін бұл фәниге,

Сөз қонбаса қайтейін бұл қазаққа?

 

Тойдым, қандым уға да, заһарға да,

Мибатпаққа батты ғой батар бала.

Ауылға да жазбаймын Азанама,

Шаһарға да жазбаймын Зафарнама!

 

Кеткім келеді…«ана жаққа»,

Жақсылық па бұл өзі, жаманат па?

Тек ұйқыңды қашырма «қап, әттең…» деп,

Тек итіңді соңымнан абалатпа,

Ағайын…

                      Тәуба

 Ұмай текті ұрығы ұлы ананың –

Жұттан қалған мен де бір жұғанамын.

Жанарыма мұң қонса, жаным жылап,

Балағыма бит қонса, қуанамын.

 

Ит пен битте қадірсіз қазына бар,

Қадіріне жеткен жан жазып алар…

Жаратқанның «үф» еткен үр жамалы

Жарақаттан жаныңды жазып алар.

 

«Дәрмен кетті – демеймін, – пәрмен жетті…»

Әлі күнге ән-жырым әрленбепті.

Көңіліммен өлшеймін жер мен көкті,

Өміріммен өлшеймін бар мен жоқты.

 

Бауыр – барқыт,

Жүрек – гүл,

Өкпе – жетім.

Көкіректе шаруам жоқ көк керетін.

Ғаламды да көшірем көз аяма,

Адамды да кешірем жек көретін!!!

 

Бауырым ба?

Баракат,

        бүтін,

             аман…

Жүрегімнің түбінде шүкіранам.

Кәміл Иман иесі – Хақ тағала

Не салса да басыма, күтіп алам.

 

               Таң ырзығы

 Ұйқымды қашыратын Өлең ғана…

Мен үшін елеңдеме, алаңдама.

Таңсәрі оянғанда көзіңді ашып,

Алдымен, айналайын, маған қара.

 

Сонан соң…

Таңға қара жәйлап атқан

Көрейін айнамжүзін Айқабақтан!

Сылдыры бұлақтың да жүз құбылар

Еңіске елден бұрын сайрап аққан.

 

Сонан соң…

Күнге қара нұр жалатқан,

Қасы мен қабағына хұрма жаққан.

…Күндердің бірі ғайып,

Бірі Жайық

Жұмғанша көзіңді ашып зырлап аққан.

 

Сонан соң…

Баппен басып айнаға бар,

Айнада – жәми жаһан, қайманалар…

Жаһанның жұмағында жүрген шығар:

Қыз Жібек,

Баян сұлу,

Ләйла,

Қамар…

 

Жамалы үр,

Жамылғысы желең Бала,

Төгілсе көзмоншағың…

Төмен қара.

Біздерді таныстырған Тәңір ием,

Біздерді табыстырған Өлең ғана!..

 

                  Дүниекезек

 Қылмойында қияметтің шылбыры:

Бағың қайда Ділхошымның бұлбұлы?

Дарағым да қуарады-ау бір күні,

Қаламым да суалады-ау бір күні…

 

Сіз не дейсіз,тұнық көлді Тұмаға?

Сіз не дейсіз, Қадыр аға – ғұлама?

Барымды айтам,

Зарымды айтам деп жүріп

Батып кеткен жоқпын ба әсте күнәға?

 

Сіз не дейсіз, Фаризадай әпкешім?

«Фариза қыз» – қатты кәмпит, тәтті есім…

Сіз жүргенде…

Арақ қашып ауыздан,

Ару қыздар көрсетпейтін ақ төсін.

 

Сен не дейсің, кең пішілген Кеңшілік?

Елден келіп,

Емге тіккен өр шыбық!

Кеш өткізіп жүрсің бе екен «Кеніште»

Аздап ұрттап,

Ашаң жүзден тер шығып…

 

Сен не дейсің, жалбыр шашты Жарасқан?

Үйір іздеп,

Үйден айлап «адасқан»…

Қалып кетті-ау «Қаламгер» мен Аралың

Ат оздырам деп жүргенде Алаштан.

 

Сен не дейсің, Жұматайы «Ләйланың»?

Арғы бетін кім көріпті айнаның…

«Қазан түбі – қаспақ» дейді мына жұрт,

Қаннан жеріп,

Бал жалайтын қайда күн?!

 

…Мен өмірді,

Өмір мені мезі етті.

Өткір кездік кескілейді өзекті.

Кемді күнге кетсін есем, кетпесін..,

Енді кімге берсем екен кезекті?

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.11.2021 | 11:34

Исраил Сапарбайдың жақсы ақын екенін екінің бірі біледі, ал Өтеген Оралбаевты кәзіргі қазақтың көбі білмейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір