Оңдасын ОРАЗАЛИН, Ақтөбе облысының әкімі: ӘДЕБИЕТКЕ, ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ БАРЫНША ЖАҒДАЙ ЖАСАУЫМЫЗ КЕРЕК
05.11.2021
4130
6

Кейінгі жылдарда бұрын бауыры суық өңір секілді көрінетін Ақтөбе облысында руханиятқа, соның ішінде әдебиетке көп көңіл бөліне бастады. Жақында Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты дәстүрлі әдеби форум өтті. Біз Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен осы форум, жалпы руханият саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік…

Отыз жылда қыруар шаруа істелді

– Оңдасын Сейілұлы, енді бір айдан соң Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өтеміз. Сіз осы жылдарда аудан әкімі, басқарма басшысы, облыс әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің бөлім басшысы секілді қызмет сатыларынан өткен адамсыз. Екі жылдан астам уақыт бұрын өзіңіз етене білетін облыстың тізгінін ұстадыңыз. Мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде Тәуелсіздік жылдарында қандай жетістіктерге қол жеткіздік деп ойлайсыз?

– Ата-бабамыз сан ғасыр бойы армандаған Тәуелсіздікке осыдан отыз жыл бұрын қол жеткіздік. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын, халқының саны енді ғана 19 миллионға жеткен халық үшін бұл – Алланың берген сыйы. Саны жағынан бізден әлдеқайда көп, жері де бар, бірақ мемлекеті жоқ ұлттарды көргенде осылай демеске амал кем. Бүгінгі Ақтөбе – тоғыз жолдың торабында орналасқан, экономикалық әлеуеті өте жоғары, инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай жасалған, еліміздің өңірлері арасында коммуналдық қызметке деген ең төмен тариф бекітілген облыс. Тәуелсіздік жылдарында облыс экономикасына 7,5 триллион теңге инвестиция тартылғанын, биылдың өзінде құны 100 миллиард теңге болатын 30 инвестициялық жоба іске қосылатынын ескерсек, осы жылдар ішінде өңірімізді түбегейлі өзгерткен қаншама жұмыстың атқарылғанын көруге болады.
Әрине, экономикалық қарым-қатынастар бырт-бырт үзілген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тіпті де оңай болған жоқ. Зейнетақы мен жәрдемақыны айлап бере алмаған, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы тауып бере алмаған, күніне бірнеше сағатқа ғана жарық қосылатын күндерді де бастан кештік. Бірақ Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында тез ес жидық. Әлемдік қауымдастықтан өз орнымызды алдық. Кеңес Одағының құрамында болған елдердің арасында бірінші болып шекарамызды шегендедік. Бұл — аз олжа емес.

Қазір бізде бәрін жоққа шығару тенденциясы байқалады. Кеңес өкіметін аңсайтындар да бар. Сол кезеңде біз де өмір сүрдік. Түгел жаман деуге болмас, бірақ көп нәрсеге қолымыз жетпегені рас қой. Мысалы, Ақтөбе облысының аумағынан «Бұқара – Орал» газ құбыры өтіп жатты, бірақ қарапайым халық оның түк пайдасын көрген жоқ. Ал Тәуелсіздік алғалы бері облыс аумағындағы елді мекендердің газбен қамтылуы 92 пайызға жетіп отыр. Жыл сайын 15-16 ауылға көгілдір отын тартылады. Соның арқасында қазір аудан орталықтарын айтпағанда, ауылдарда да екі қабатты еңселі үйлер салына бастады. Әртүрлі жұмыс орындары ашылып жатыр.

Немесе жолды алайық. Жол — экономиканың күретамыры. Осы отыз жылда адам айтса нанғысыз жетістіктерге жеттік. Ақтөбенің тұрғындары тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында елордаға Ресей арқылы баратын. Бұл, әрине, машақаты көп дүние. Кеденнен өтуің керек, кейде болмашы нәрсеге бола ұзақ тұрып қаласың. Өткізбейтін сәттер де болады. Кейін Қазақстанның орталығы мен батысын байланыстыратын Хромтау-Алтынсарин теміржолы салынды. Орталыққа бір тәулікке жетпейтін уақытта өз жеріміз арқылы жететін болдық. Елордаға тікелей күре жол тартылды. Қазір жеке көлігімен шыққан адам 15-16 сағатта Нұр-Сұлтанға жетеді. Ал облыс экономикасына күрт серпін берген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының орны тіпті бөлек. Осы жолдардың бойында сервистік қызмет көрсететін қаншама адам нәпақасын айырып отыр. Қазір Ақтөбеден Атырауға, Атыраудан Астраханьға дейінгі аралықтағы жол салынып жатыр. Биыл Қандыағаштан Атырауға дейінгі аралықтағы жол іске қосылуы керек. Ал Ақтөбе – Қандыағаш арасындағы жол құрылысы қызу жүріп жатыр. Келесі жылы толық пайдалануға беріледі.

Облыс ішіндегі жолдар да ретке келтіріліп жатыр. Бұрын Ырғызға немесе Ойылға баратын жолаушы 10-12 сағатта жететін. Қазір 3-4 сағатта топ ете қалады. Ал ауыл жолдарының жағдайы тіпті нашар еді. Қазір бұл бағытта көп шаруа жасалып жатыр. Айта кету керек, қазір облыс жұртшылығы 66 пайыз қанағаттанарлық жолмен қамтамасыз етіліп отыр. Ауызсумен қамту 96 пайызға жетті.

Бұрын электр қуатын Ресейден алатын­быз. Ақтөбе секілді әлеуеті жоғары жүздеген қуатты кәсіпорны бар облыс үшін бұл нағыз апаттық жағдай еді. Тәуелсіздік жылдарында салынған «Жітіқара-Өлке» желісі арқылы электр қуатын орталықтан алып отырмыз. Ресейге тәуелділіктен құтылдық. Немесе білім саласын алайық. Кеңес заманында Ақтөбе қаласында жалғыз №6 қазақ орта мектебі болды. Қазір облыс орталығында 48 қазақ мектебі бар. Бұның бәрі Тә­уелсіздіктің арқасы екенін қалай жоққа шығарамыз? Денсаулық саласынан да бір мысал келтіре кетейін. Осы екі мыңыншы жылдардың басында ақтөбеліктер компьютерлік томографияға түсу үшін Орынбор қаласына баратын. Ол үшін бір жарым-екі ай бұрын кезек алатын. Қазір ондай мәселе мүлде жоқ. Ауруханаларымыз ең соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Қандыағаш секілді аудан орталығының өзінде гемодиализ орталығы бар.

Бүгінде облыс халқы 900 мыңнан асты. Тоқсаныншы жылдарда Ақтөбе қаласының 200 мың тұрғыны болатын. Ал бүгінде облыс орталығында 600 мыңдай адам тұрады. Қала іргесі кеңейді. Қаншама құрылыс салынды. Екі жылдан бері жылына 1 миллион шаршы метрден астам баспана беріліп отыр. Көрші облыстардан көшіп келіп жатқандар легі толастар емес. Жағдай нашар болса, келмес еді ғой. Бала туу көрсеткіші де жоғары. Ақтөбе – республикадағы төртінші мегаполис, батыс өңірлердің орталығы іспеттес қала. Біз сол статусқа лайық болу жөнінде еңбек етеміз. Әрине, адам көбейген сайын проблема да ұлғаяды. Бірақ қай нәрсенің де шешімі бар.

«Едіге» жыры түркі халықтарының басын қосуға «қызмет етуге» тиіс

– Жақында Ақтөбеде өткен «Әде­биет. Рух. Қоғам» атты әдеби форумда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы: «Бүгінгі Ақтөбе ұлттық руханияттың орталығы болып отыр…» – деп баға берді. Әдеби ортада бұрын аса жақсы жағынан атала бермейтін өңір үшін өте жоғары баға…

– Ақтөбе жері қай кезде де таланттан кенде болмаған. Бұл – Асан қайғы бастаған ұлы жыраулардың сарқытындай Нұрпейіс Байғаниннің, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен кешегі Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Өтебай Қанахин, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлының, бүгінгі Табыл Құлыяс, Бибігүл Иманғазина, Мәди Айымбетовтердің туған өлкесі. Өмір бойы осы өңірден қоныс аудармай, әдебиетке адал қызмет еткен Мұхтар Құрманалиннің жолын жалғап келе жатқан Төрежан Мәндібайдың, Мейірхан Ақдәулетұлының, Ертай Ашықбаевтың, дүниеден ертерек озған Амантай Өтегеновтің кіндік қаны тамған киелі мекен. Солардың ізін алып өсіп келе жатқан жас буынның да қадамы көңіл қуантады.

Облыс әкімі болып тағайындалғанымда құттықтап келген көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы: «Оңдасын, ақын-жазушылардың біздің өңірге деген көзқарасы аса жақсы емес. Тахаңдардан қалған: «Ақтөбе не принимает» деген сөз бар. Әйтпесе Ақтөбеден қандай мықтылар шықты. Осыны ескерерсің…» – дегені бар-ды. Осы сөз маған қатты әсер етті.

Облысымызға іссапармен келген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, төрағаның орынбасары Мереке Құлкенов, «Жазушы» баспасының директоры, марқұм Есенғали Раушановтар да тілектестігін айта отырып, осындай нәзік тұстарды астарлап жеткізді.
Сол жылы облыста тұратын қаламгерлермен кездестім. Олар ой-пікірлерін ортаға салды. Соның нәтижесінде 23 томы шығып, біраздан бері тоқтап тұрған «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 27 томын бірден шығарып, 50 томға жеткіздік. Он жас қаламгердің кітабын шығардық. Сол кітаптардың тұсауы кесілген «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдеби форумда қаламгерлердің аузымен бірқатар проблемалар айтылды. Біз содан қорытынды шығарып, алда істейтін жұмыстарымызды бір екшеп алдық.

Мысалы, Кеңес Одағының тұсындағы жетпіс жыл, одан бергі отыз жылға жуық уақыт ішінде облыс орталығында хакім Абайдың ескерткіші тұрғызылмаған екен. Ақтөбе секілді әлеуеті зор облыс үшін — ұят нәрсе. Сондықтан біз Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысын құп алып, Абай даңғылының бойында хакімнің еңселі ескерткішін тұрғыздық. 2020 жылы өткізілген әдеби форум кезінде тұсауы кесілді. Қазір бұл ескерткіш қала тұрғындары жиі бас қосатын, әртүрлі шаралар өтетін киелі орынға айналды.

Қазақ тарихында талай алмағайып кезеңдер өтті ғой. «Қалай ел болып қаламыз?» деген сұрақтың төңірегінде үміт пен күдік арбасқан сәттер аз болған жоқ. Әйгілі Сырым батыр сондай шақтардың бірінде Ақтөбедегі Жіңішке өзенінің бойында батыс өңірдегі қазақтың басын қосып, кеңес өткізген. Ел басқарудың жаңа формасы ұсынылып, «Халық кеңесі» құрылыпты. Нағыз демократия дегеніміз осы емес пе?! Бұл жөнінде белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» атты романында жан-жақты баяндалған. Қажы-ағаң сол тарихи орынға белгі қоюымыз керектігі жөнінде ұсыныс айтып жүретін. Біз оны қуана құптап, дереу іске кірістік. Ескерткіш тұрғызылғанымен оның ашылуы әлемді шарпыған пандемияның кесірінен кейінге қалған еді. Сол екі арада ағамыз дүниеден озды. Ескерткіш-белгіні ашуға Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет, қаламгерлер мен марқұмның отбасы қатысты. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте Төлеген Айбергенов пен Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинеттер ашылды.

Сол екінші әдеби форумда Төлеген Айбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Үмбетбай Уайдин атындағы әрқайсысы 1 миллион теңге тұратын 7 арнаулы сыйлық берілді. Биыл Жазушылар одағының ұсынысымен бұған Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлықтар қосылып, жалпы саны онға жетті. Енді Жазушылар одағының облыстық филиалы тарапынан Есенбай Дүйсенбайұлы, Сәбит Баймолдин атындағы сыйлық тағайындау жөніндегі ұсыныс түсіп отыр. Алдағы жылы оны да қарастыратын боламыз. Бұндағы мақсатымыз – Ақтөбе топырағынан жаралған дарын иелерінің атын ұлықтау. Алдағы уақытта «Әде­биетшілер үйін» салуды жоспарлап отырмыз. Онда әрбір қалам иесінің мұрағаты сақталады. Қазір Aqtóbe телеарнасында «Қалам-Құдірет» атты бағдарлама бар. Онда әдебиетіміздің бүгінгі өкілдерінің тыныс-тіршілігі қамтылып жатыр. Жыл сайын облыстағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелеріне бір реттік стипендия беруді дәстүрге айналдырдық.

Біз өте мықты экономика құруымыз мүмкін, бірақ ұрпағымыздың бойына рухани құндылықтарымызды сіңірмесек, бәрі бекер. Руханияттың бір тіні – әдебиет. Қазақ «Ел анасы – сөз» демей ме? Ендеше, әдебиетке, оны тудырушы қаламгерлерге барынша жағдай жасауымыз керек. Сондықтан да алдағы уақытта да Амангелді Айталы ағамыздың берген бағасына лайық болуға тырысамыз.

– Биыл форум аясында «Едіге деген ер еді…» атты республикалық жыршылар байқауы, «Сәйгүлік» атты қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығын насихаттайтын ән байқауы өткізілді. Сіз басшы болып келгелі Алтын орда дәуірінің ұлы тұлғасы Едігені ұлықтауға көп көңіл бөлініп жатқанын байқаймыз.

– Едіге – Алтын Орданың даңқты дәуірін ұзартуға тырысқан, күллі түркі жұртының басын қоспақ болып жанталасқан өте ірі тұлға. Соңғы екі жылда Ақтөбеде Едігенің тарихи болмысын нақтылау үшін халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді, бабамыздың еңселі ескерткіші бой тіктеді, «Едіге» жыр мектебі ашылды. Былтыр еліміздің әр өңірінде тұратын 40-тан астам жыршы-жыраудың орындауында Ер Едіге мен оның ұрпақтары, Ноғайлы дәуірінің белгілі тұлғалары туралы жазылған, жалпы ұзақтығы 60 сағаттық «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық антология шығарылды. Айта кету керек, бұл антология Мәскеуде ТМД-ға мүше елдер арасында өткен он сегізінші «Кітап өнері» халықаралық байқауында «Мәдениеттер үндестігі» номинациясы бойынша I орынға ие болды.

Батыр бабамыз туралы драмалық шығарма жазу жөнінде қазақ әдебиетінің классигі Есенғали Раушановқа өтініш жасап едік. Ол да құлшына кіріскен болатын. Өкінішке қарай, кенеттен дүниеден озды. Сосын белгілі ақын Светқали Нұржанға ұсыныс білдірдік. Ол өте тамаша пьеса жазып шықты, болашақта сахналанатын болады.

Едігенің күллі түркі жұртына ортақ тұлға екенін жоғарыда айттық. «Едіге» жырында айтылатын жер атауларының көбі Ақтөбе аумағында орналасқан. Оның асыл сүйегі де осы топырақта жатыр деген дерек бар. Бірқатар ғалымдар ұлы билеуші Байғанин ауданындағы «Едіге жалы» деп аталатын жерде жерленген деген болжам жасайды. «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы аясында белгілі ғалым Серік Әжіғали жетекшілік ететін экспедиция Атырау облысы аумағында «Алып ана», Байғанин ауданы аумағында «Түкті ата» және «Едіге жалы» атты қорымдар бар екенін нақтылап отыр. Қазір «Едіге жалында» қазба жұмыстары басталды. Әзірше екі ересек, бір баланың сүйегі шығып тұр. Антропологиялық зерттеулер жүргізілетін болады. Айта кете­йік, Серік Әжіғали – Исатай Тайманұлының жерленген жерін нақтылау үшін құрылған топтың да жетекшісі.

Ақтөбе – ұлы жыраулар елі. «Едіге деген ер еді…» байқауы арқылы өңірдегі жыршылық өнердің тамырына су құйсақ деген ойымыз бар. «Едіге» жыры – қазақтың ғана меншігі емес, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, т.б түркі елдерінің ортақ қазынасы. Яғни Едіге бабамыз кезінде бауырлас халықтарды қалай біріктіруге ұмтылса, «Едіге» жыры да сондай «қызмет атқаруға» тиіс. Биыл пандемияның кесірінен еркін қимылдай алмай қалдық, болашақта, Алла жазса, бұны күллі түркі жұртының өнерін насихаттайтын байқауға айналдырмақпыз. Анау Ресейдегі Тыва, Еуропадағы мажар жұртының да өнерін Ақтөбеде тамашалайтын күн туады деп сенеміз.

Құйрықты жұлдыздай жарқ ете қалған Табылды Досымовтың намысты жанитын рухты жырларын да бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Сондықтан «Сәйгүлікті» де жыл сайын өткізуді ұйғарып отырмыз. Болашақта ол дүниенің түкпір-түкпірінде жүрген қазақ бард ақындарының басын қосатын халықаралық фестиваль болады.
Күллі дүниежүзі халықтары Ақтөбені әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің кіндік қаны тамған жер ретінде біледі. Бірнеше ай бұрын Ақтөбе облысы әкімдігі және «Димаш-Әли» орталығының ұйымдастыруымен «Бақытты бала» атты халықаралық байқау өтті. Оған әлемнің 7 мемлекетінен 20 талапкер келіп қатысты. Димаштың өзі келіп, балапандарға сәттілік тіледі. Бұл байқау осымен үшінші рет өтіп отыр. Алдағы уақытта да жалғасады.

Міне, бағзы бабалардың сарыны мен бүгінде өнеріне күллі әлем жұртшылығы тамсанып отырған Димашқа дейінгі аралықтағы осы үш байқау жас ұрпақтың санасында біраз сілкініс жасайды деп ойлаймын.

Алтын Орда дәуірінің төрт қаласының ізі табылып отыр

– 2019 жылы Ақтөбе облысынан Алтын адам табылды. Сол сәтте сіз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтып едіңіз.

– Мемлекетті құру бар да, оны ұстап тұру, әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайту – бөлек әңгіме. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы жолды жалғастырып келеді. 2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Кейін Алтын Орданың 750 жылдығын атап өттік. Мұнда «Біз – Алтын Орданың мұрагеріміз» деген астар жатыр. Қазіргі зерттеулер Алтын Орданың құрамында 150-ге жуық қала болғанын анықтап отыр. Алтын Орданың аржағында да осы сайын далада біздің бабаларымыз өмір сүрді. Ежелгі түркі, ғұн, сармат дәуірінің іздері сайрап жатыр.
Елбасы айтқандай, тарихымызда біз ұялатындай нәрсе жоқ. Керісінше, мақтанатын дүние көп. Тек соны зерттеуіміз, ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Сонда ғана біздің ұл-қыздарымыз осы жердің иесі өзі екенін сезіне алады. Сезінгесін аяғын нық басып, сынық сүйем жер үшін күресетін болады.
2019 жылы әкім болып келген кезімде облыстық мәслихат депутаттарының архео­логиялық зерттеу, мұрағаттардағы зерттеу үшін мол қаржы бөлуіміз керектігі жөнінде мәселе қойдым. Олар бұл ұсынысты қолдады. Жұмыс жүйелі түрде жүргізіле бастады. Әлкей Марғұлан атындағы Архео­логия институтының мамандары Ақтөбе облысы Темір ауданы Тасқопа ауылына жақын жерден Алтын адам – Сармат дәуірі көсемінің сүйегін тапты. Осы жерде айта кетейік, Қазақстан аумағынан табылған алтын адамдардың бәрі ұқсас, бұл Алтай мен Атыраудың арасындағы кеңістікте өмір сүрген халықтың ежелден біртұтастығын көрсетеді. Сонымен қатар зерттеулер Ақтөбе облысының аумағында Алтын Орда дәуіріне тиесілі төрт қаланың ізі бар екендігін анықтап отыр.

– Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біраз шаруа атқарылып жатқаны белгілі. Соларға тоқталып өтсеңіз.

– Елбасы бастамасымен дүниеге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көп кетігіміздің орнын толтыруға мүмкіндік беріп отыр. Облыс аумағында аса ірі тарихи, табиғи ескерткіштер бар. Мысалы, бірнеше жылға созылған зерттеулерден кейін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсында үш жүздің қолын бастап, шешуші шайқаста ұлы жеңіске қол жеткізген даңқты қолбасшы, баһадүр Әбілқайыр ханның асыл сүйегі жатқан «Хан моласы» қорымында бабамызға кесене тұрғызылып, биіктігі 23 метрлік архитектуралық ескерткіш орнатылған болатын. Биыл қорымды түгел қоршау, заманауи үлгідегі қонақүй салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Досжан хазіреттің Шұбарқұдық маңындағы мешіт-медресесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға таяу. Досжан хазірет – ХIХ ғасырда өмір сүрген аса ірі дін өкілі, үш рет Меккеге барған, Құнанбай қажымен бірге сонда тәкие салдырған, Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазып қалдырғандай, қазақтың мұсылман елі екенін дәлелдейтін құжат апарған кісі. Әрине, одан бұрын да Меккеге барғандар болған, бірақ қасиетті мекенге барудың жолын жүйелеген адам осы Досжан хазірет. Орыс патшалығының алдына қазақ еліне жеке муфтият ашу керектігі жөнінде де мәселе көтерген. Доңызтауда, қазіргі Шұбарқұдықтың маңында мешіт-медресе салған. Өзі түбіне жерленген Шұбарқұдықтағы мешіт-медресені Кеңес өкіметі қолдан құртты. Біз қазір соны ғалымдардың қатысуымен қалпына келтіріп жатырмыз.
Даңқты «Абат-Байтақ» қорымындағы ерекше үлгідегі 200-ден астам құлпытастың 50-ге жуығына қазір ғылыми реставрациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл мавзолей мен шырақшы үйін жалғайтын жаяу жол, келген қонақтар мен туристердің экскурсия жасауына бейімделген соқпақ қайта салынды. Шырақшының үйі толық жөндеуден өткізіліп, жарық желісі тартылды.

2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеу­сін Сағындықовтың бастамасымен Қобда ауданы Жиренқопа ауылында қазақтың бас батыры Қобыландының тарихи болмысы анықталып, басына кесене салынған болатын. «Фольклордан» оралған батырды іздеушілер қарасы күннен-күнге көбейіп келеді.
Өңіріміздегі табиғи ескерткіштердің бірі — Ырғыз ауданы аумағындағы әйгілі Жаманшың кратері. Тереңдігі 700 метрге жуықтайтын бұндай қазаншұңқыр әлемде жоқ. 1975-1976 жылдары белгілі орыс ғалымы Петр Флоренцкий Жаманшыңның метеорит құлауынан пайда болған қазаншұңқыр екенін ғылыми түрде дәлелдеп, осы жерден табылған тастарға жаманшит, иргизит деп атау берген болатын.

Қобда ауданындағы Шейітсай аталатын жерде әйгілі батыр Исатай Тайманұлы серіктерімен бірге қаза тапқан. Қазір ол жерге мемориалды кешен орнатылды. Ақтөбеге келген адам міндетті түрде Алға ауданындағы Есет Көкіұлының басына соғады.

Міне, осы киелі жерлерімізге келушілер қатары көп. Бұл өз кезегінде біздің туристік әлеуетімізді арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, әлемнің түкпір-түкпірінен Жаманшыңға қарап елеңдеп отырғандар аз емес. Кратердегі Қырантөбе, Жетім шоқы, Алатөбе, Тақия сәукеле, Жаманшың панорамасы, Иргизит алаңы, Азутіс атты орындарға QR-код орнатылды. Онда осы Жаманшың және Ақтөбе облысындағы барлық киелі орындар жөніндегі мәлімет бар. Қазір әлем халқы бес жұлдызды қонақүй, салтанатты сарайлардан жалықты. Тұмса табиғатты көргісі келеді. Жол салсақ, киіз үй тігіп, атпен серуендеуді ұйымдастырсақ, ұлттық ас мәзірлерін ұсынсақ, жетіп жатыр. Байғанин ауданындағы ғалымдар «Шахмат ханшайымы» деп таңбалаған Ақбота-Сәңкібай жотасы, Ақтолағай борлы таулары, Аққұм және Барқын құмы секілді көрікті жерлерді көргісі келетіндер де аз болмайды. Аспан асты музейі секілді Доңызтаудың табиғаты тіпті керемет. Тек насихаттай білуіміз керек. Сол үшін visitaktobe.kz сайтын ашып, жұмыс істеп жатырмыз.

Алаш әнұраны шырқалады

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын бүгінгі ұрпаққа насихаттау керектігі жөнінде нақты айтылған болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған мақаласы осы бағыттағы ақтаңдақтарды ашуға түрткі болды. Қазақстанның батыс өңірінде де Алаш қозғалысы кең қанат жайғаны мәлім. «Ойыл уәлаяты» атты газет шыққанын бүгінгі ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Ойыл, Ырғыз аудандарында белсенді жұмыстар жүргізілді. ХХ ғасырдың басында қазақты алдыңғы қатарлы ел қыламыз деп ұмтылған ерлерді Тәуелсіздіктің торқалы тойында атап өтпесек, нағыз әділетсіздік болатын еді. Біз мереке қарсаңында қаламыздың Батыс-2 аталатын жаңа ауданында, болашақта төрт жолақты жол болатын Тәуелсіздік даңғылы басталатын жерде «Азаттықтың ақ таңы» атты тарихи кешенді ашатын боламыз. Ашылу салтанатында Жүсіпбек Аймауытовтың сөзіне жазылған Міржақып Дулатовтың «Алаш маршы» атты Алаш қозғалысының әнұранын қосуды жоспарлап отырмыз. 11 тарихи тұлғаның барельефті бейнесі сомдалатын биіктігі 5, ұзындығы 7 метр болатын кешен қаламыздың көркіне көрік қосатыны сөзсіз.

– Сіздің көп оқитыныңызды, әлем әдебиетінен хабарыңыздың мол екенін, жыраулар поэзиясы жауһарларынан үзінділерді жатқа соғатыныңызды білеміз. Қазір не оқып жүрсіз?

– Мен жас кезімнен бірнеше дүниені қатар оқуға дағдыландым, қазір көркем шығарманы қарауға уақыт аз, саяси публицистика мен тарихи дүниеге көбірек үңілемін. Өткенде Николай Гогольдің «Тарас Бульбасын» қайта қарап шықтым. Әдебиет – барша халыққа ортақ дүние. Оның үстіне «Тарас Бульба» туған топырақта кезінде жарты әлемді билеген біздің бабаларымыздың да ізі қалған. Бір кеңістікте өмір сүрген халықтардың салт-дәстүрінде, тұрмысында ұқсастықтар болады ғой. Соның әсері ме екен, «Тарас Бульба» маған біздің «Асау-Барақ» жырымен үндес секілді боп көрінді.

Әңгімелескен Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

ПІКІРЛЕР6
Аноним 05.11.2021 | 20:03

Жоғары деңгейде, үлкен дайындық пен жазылған сұхбат екен. Оқып шықтым. Оқып шығып, Бауыржанға қатты риза болдым. Біраз мəселе қамтылған. Отчет емес,шын ниетпен жазылған. Əдебиетке қатысты талай мəселе айтылған. Шіркін, облыс əкімдері осындай болса ғой. Бəріңе амандық тілеймін
Қуаныш Жиенбай .

Аноним 05.11.2021 | 20:35

Актюбе облысы—Ондасын Сейлулы келгели—өте жақсы жағынан дамып. Келеди.. Қаншама керемет багдарламалар орындалып жатыр! Кудаим, тил козден сактап—алынған шаралар, жоспарлар-бариде орындалуын ! Облыс Акими — аман болып, — — Абырой мен саттилик тле
Ймин!

Аноним 06.11.2021 | 12:00

Керемет, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен әкім

Аноним 06.11.2021 | 17:46

Ассалаумағалейкүм. Ақ жол сізге Оңдасын Сейіл ұлы. Сіз Қандыағаш қаласында жүргенде, кітапхана ашылғанда сіз сонда мықты қуандыңыз, сол сәт есімде. Алла күш қуат берсін сізге.

Аноним 06.11.2021 | 21:34

Сұхбат өте ұнады, рух көтеретін әңгіме, бірлікте қазақ халқының болашағы! Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақ елімізді, барша қазақстандық азаматтарды шың жүректен құттықтаймын! Армандаған арманымызға жеткен де бар, жетпеген де қаншама… Тәуелсіздік бәрінен де қымбат!!!

Аноним 07.11.2021 | 13:23

Өте мазмұнды сүхбат болыпты. Осындай кездесулер жиі болып тұрғаны абзал. Бауыржан Бабажанұлы мырзаға көп алғыс! Отыз жыл ішінде орын алған түбегейлі өзгерістер туралы жан-жақты айтылған. Білім, медицина, мәдениет, құрылыс т. б. салалардың өзекті мәселелері қамтылған.
Оңдасын Сейілұлы, Ақтөбе өңіріне сіңіріп жатқан ерен еңбегіңізге Алла разы болсын! Азаматтар аман болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір