Мінуар Әкімханов. Өзіңді іздеп өзен өтіп, көл кештім
15.10.2021
1462
0

    

             Кездесті екі ғашық
(Баллада)


Сапарың сәтті болып, жүріп берсе,

Қуаныш аз ба, өмірде жиып терсе.

Жігіттің ғашығы отыр көп іздеген,

Пойыздың купесіне кіріп келсе.

 

Ер жеткен бір ауылда, бір кезде өсіп,

Ғашықтар жылдар өтіп тұр кездесіп.
Алдағы тағдырлары қалай болмақ,

Ақынға айту қиын жырмен кесіп.

 

Екеуге кез келгендей бақытты шақ,

Айқасты аңсап жеткен жақұт құшақ.

Бастарын түйістіріп тар купеде,

Тиегін әңгіменің ағытты ұзақ.

 

Бастаған әңгімені әдемі ізгі,

Екеуі түн жарымда әрең үзді.

Арудың сағынышы сарқылмапты,

Ернінен ғашығына бал емізді.

 

Поезбен басып өтіп бел-белесті,

Қос ғашық сыр ақтарып еркелесті.

Жолдағы осынау бір оқиғаның,

Кім кепіл, болмасына ертең ескі?!

Уақыт талай жерге сырғып барды,

Айтылған көп әңгіме пысықталды.

Әйткенмен, түлен әлде түртті ме екен,

Келесі бекеттен қыз түсіп қалды…

 

Арудың мөлдір жасқа тұнып көзі,

Кездейсоқ үзіп кетті үмітті өзі.

Соңынан жүгірмеді ғашығына,

Сезді ме өтпейтінін жігіт сөзі.

 

Өзгерткен әңгіменің тыныс кейпін,

Қақым жоқ, қыз қылығын дұрыс дейтін.

Тірлігі қос ғашықтың ұқсады бір,

Домбыраның шегіне түйіспейтін.

 

                 Келіп тұр

Өзгертпес өзім айтқан шындықты ешкім,

Келіп тұр осы ойымды сырғып шерткім.

Біреудің мықтылығын арқаланбай,

Мақтаусыз майда қоңыр тірлік кештім.

 

Біткем жоқ кірпіш ойды тегіс қалап,

Жүзеге аспайды рас, кейде іс-талап.

Сондай бір сәтсіз сәтте жалған досым,

Қасымнан өте шықты теріс қарап.

 

Мен алғаш аттағанда арманға адым,

Өмірде жалған барын аңғармадым.

Сан мәрте жығылсам да қайта тұрып,

Ертеңге үміт арттым, қарғанбадым.

 

Жарымды медет тұтып қасыма ерген,

Аспадым ойлы-қырлы қайсы белден!?
Өмірдің көп қызығын көрсем-ау деп,
Қайғыдан қаймықпадым қарсы келген.

        Ормандай ойлы шағыңда

Жасырмай елден, сүйемін десем несі бар,

Жансың ғой еркем ақылы да мол, есі бар.

Оңаша қалған сәтіңде, сәулем, жат көрмей,

Есіркеп мені есіңе ал!

 

Тұрғанын білем алдымда менің нелер сын,

Жанашыр болсаң жаныма жақын келерсің.

Сапарға шығып, сансырап барып көз ілсем,

Түсіме күліп енерсің!

 

Жүре алман рас, көшеде сені қолтықтап,

Отыру қайда сырласып бірге ой құптап.

Сондықтан еркем, баяғы балғын қалпыңмен,

Кеудеме келіп қон мықтап.

 

Өтуде өмір тоқтауға әсте жоқ мұрсам,

Айыптай көрме, көңілді саған көп бұрсам.

Өкінбен осы ормандай ойлы шағыңда,

Жүрегіңді қайта соқтырсам.

 

                     *   *   *

Өзіңді іздеп өзен өтіп, көл кештім,

Бағытымнан айырмады сел-көшкін.

Қайда барсам тірелемін тұйыққа,

Сенен дерек бере алмады жөнді ешкім.

 

Тұрағыңа айналды екен қай түкпір?

Дей алмаймын әлдекімге айт, ұқтыр.

Қуанар ем, басыма бақ қонғандай,

Нұр бейнеңді көре қалсам қайтіп бір!

 

                   *   *   *

Ертең енді не боларын білмеймін,

Жан емеспін бәрін бұрын болжаған.

Кей түндерде кірпігімді ілмеймін,

Кез келердей жұмбағы көп жол маған.

 

Жақын тартып, жаныма кеп бір таныс,

Әзіл айтса, кей сөзінен үркемін.

Жүрмек болам жұрттан кейде мүлде алыс,

Жұқарғаны шығар бәлкім жүйкенің.

 

                    *   *   *

Қалғандай бір сапарға жарым ермей,

Жүргені көңілімнің бабы келмей.

Қалайша ойсыз-қамсыз күн кешемін,

Жүк артпақ ертеңгі күн тағы нендей.

 

Кезім аз, той думанға биге барған,

Әр тұсқа жетелейді жүрдек арман.

Сырт көзге сабырлымын, ал шынында,

Адаммын мазасыздық билеп алған.

 

                    *   *   *

Енді қайтіп көрмесіме сенсем де,

Оңашада келбетіңмен кезігем.

Сағынышпен сабырымды жеңсем де,

Сенен қалай безінем?

Өзіңсің ғой өмірдегі жан қайғым,

Нұр бейнеңді ұмытуым мүмкін бе?

Қиялыма сырларыңды жалғаймын,

Қандай хәлде жүр екен деп бұл күнде?

 

Шықтым ба әлде мүмкін сенің есіңнен,

Дей алмаймын, сырыңды айтып сендір сен.

Тағдырыма тас атайын несін мен,

Ризамын қиялымда сен жүрсең.

                       *    *    *

Күзгі жапырақ жауып қалған ескі іздей,

Көкірегімнің түбінде сен жатырсың.

Түсетұғын қайда барсам еске үзбей,

Көксеп жүрген үмітімдей жақынсың.

 

Жұмбақтамай тілегіңді сездіртсең,

Дегенсің бір айтқаныңды құп алам.

Түнде келіп түсіме ылғи сен кірсең,

Ертең есік ашады деп қуанам!

 

Ол сендік сағынышым


Осынау ана деген үш әріптен,

Келемін арман қуып күш алып мен.

Жаныма жасымайтын жігер бердің,

Өзіңсіз биіктерге ұша алып па ем?!

 

Кешірме ақылыңды, ана, алмасам,

Аулақпын арамдықтан, адал басым.

Шығандап шыққанымда алыс шетке,

Ол – сендік сағынышым,  алаңдасам.

 

Кездемін биіктерге аттар қадам,

Тірлікте шеше қарызын ақтар ма адам?

Кешегі менің тентек ізім бе деп,

Қараймын жүзіңдегі қатпарға анам.

 

Демессің өткенді ойға түгел келтір,

Атандың ақ самайлы күрең кемпір.

Әйтсе де жаңылмадың асыл анам,

Тәңірден маған бақыт тілеуден бір.

Бейнетпен иілсе де мүмкін белің,

Сен барда неге азайсын күлкім менің.

Жанымды жаман ойға жаншытпадың,

Жарқырап шуақ төккен бір күн бе едің?!

 

                       *       *       *

Анығында не көрмеді бұл жүрек?!

Соны ойласам қалар көңілім бір жүдеп.

Жастығымды алыстатқан мына күн,

Тұрғандай ма салқын күзге жүрші деп.

 

Неге қорқам, мәуелі ғой салқын күз,

Сездік ерте дүниенің салтын біз.

Жайлы ғұмыр іздемеймін шарқ ұрып,

Қалса болды өзім салған артымда із.

 

Жүрмесем де санатында мықтының,

Қасиетіңді елім ерте ұқты ұлың!

Ойдан туған еңбегімді бағалап,

Сезсе болды өлеңімнің жұрт құнын.

 

Кейбір мықты күліп сөйлеп, мысқылдай,

Кетті мені тақымына қыстырмай.

Оған бола жігерімді құм етпей,

Жасадым мен өлең деген іс тынбай.

 

            Көгіне көңілімнің

  Көрмедім өзен бөгеп, тау қопарып,

Шатпадым шақша басты дауға апарып.

Жазған жыр шала қалса құлазимын,

Кеткендей байлығымды жау қотарып.

 

Қолыма түспеген соң мансап биік,

Соны ойлап жүрген жоқпын шаршап, күйіп.

Мұңайсам атам-әжем түседі еске,

Алатын жақын барсам бас сап сүйіп.

 

Ұрпақтан таптым адал шын тілекті,

Кеудемді жөтел қысса шыр-пыр етті.

Айтатын әшейінде әдемі сөз,

Сыпсыңы жалған достың шымшып өтті.

 

Аяғым алпыс деген қырды асқалы,

Ұмыттым жыр жазудан бір басқаны.

Өмірдің қалың сырын аз сезіппін,

Жасырман жетпей тұрып бұл жасқа әлі.

 

Жол тапқыш болмаған соң тапқыр тегі,

Жалған дос тобығымнан қақтың мені.

Көгіне көңілімнің бұлт үйірген,

Бұл тағдыр осыншалық қатқыл ма еді?!

                             

                             *       *       *

 Қайда барсам көкейімде тұрасың,

Ұмыт болған емессің.

Көркем сурет сияқты көздеріме тұнасың,

Қалғып кетсем елессің.

 

Басқа адамды сүйсең егер шынымен,

Солай жүргін тартынбай.

Қымбатымды іздеп жолға шығып ем,

Кетті дермін таптырмай.

 

Қасиет қонған

Ертеңді ойлап кірпік ілмей ұзақ түн,

Міне, тағы айды таңға ұзаттым.

Кеудемдегі қоян сезім дір етті,

Уысында тұрғандай бір тұзақтың.

 

Көкірегімді мұң басқаны несі бұл?

Айтарын да айта алмайды кесіп ұл.

Менің азып тозғандығым түк емес,

Жер ананың бүгіндері төсі тұл.

 

Бұлақтардың асып, тасып жататын,

Суы құрып болды мұңға бататын.

Тиын сауған саудагерміз біз қазір,

Тастың өзін тайсақтамай сататын.

 

Тау еркесі аман есен жүр ме елік?

Оны ойласам қалады тіл күрмеліп.

Ақша қуып бір күндері япыр-ау,

Жер-Ананың өзін сатып жүрмелік.

 

Бұл сөзімді кейбіреулер жала дер,

Күйіп жанып, болмақ емен шала тер.

Кешіре ме саудаласақ перзентін,

Қасиет қонған қара жер.

 

Тауға тартқан

Дүниеге келдім күзде ызғарлы,

Тау баурайын мекен еттік біз қарлы.

Жалаң аяқ жар жағалай жүгірдім,

Дей алмаймын шық үстінде із қалды.

 

Сол тау есте басы бұлтты, мұнарлы,

Жер еді бір ну орманды құнарлы.

Қозы бақтым «Сүйенішім болды» деп,

Маған көйлек кигізді әжем тұмарлы.

 

Есірмедім, қызық үшін бес күнгі,

Біреу, бәлкім, дейді мұны ескі үлгі.

Тұмар көйлек кигізгенде деді әжем:

«Сен басыңнан аттатпағын ешкімді».

 

Айтқаным ғой, досым, саған жан сыр қып,

Жүйрік күндер алға қарай қашты ырғып.

Болсам да егде, кей мықтыға, жасырман,

Көрген жоқпын, өп-өтірік бас шұлғып.

 

Туған аймақ түске енеді көз ілсем,

Арқау еттім әңгіме айтып көсілсем.

Мінезіме таудан жұққан ызғар ғой,

Кейбір жанға сәл суықтау көрінсем.

 

Бітпеді әлі ойыма алған барлық іс,

Секілдімін пана іздеген жарлы құс.

Жан шуағын сезбеген соң анамның,

Маған жылы көрінеді қарлы қыс.

 

                *       *       *

Жүргенде бір өзіңе сеніп сондай,

Жанымның оты жаншы, сөніп қалмай.

Арман не қиялымнан жыр тудырсам,

Жақсысын, жасығын да ел ұққандай.

 

Деме, дос, дақпырт қуды дүрмекке еріп,

Мақсатым жақсылықты жүрмек көріп.

Алмадым өнер өрін тастасам да,

Артыма талай-талай жылды өткеріп.

 

Жан емен, базары ерте тарап біткен,

Басымда сан сұрақ бар жауап күткен.

Түйінін сан сауалдың шешемін деп,

Жүгірдім, жүре алмадым  қарап тіптен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір