«Құдайдан безген қаламгердің болашағы жоқ»
11.10.2021
1526
6

Ешқандай дін адамзатты жамандыққа бастамайды, керісінше жақсылықтың жалауын көтереді. Бірақ айпара әлемге көз тастасақ, мәңгілікке жалғасуы тиіс мәдени мұраларды бір мұрсатта қиратқан – қандай да бір діннің өкілдері. Әлем елдерінің кейбірі «музыка – харам, сурет салу – ширк, т.б.» деп өнердің тамырына балта шауып отыр. Ең сұмдығы, бұл тақылеттес сөздерді өз бауырларымыздан да еститін болдық. Домбыраны күресінге тастап, қобызды қиратқан, халық әндерін харамға теліген жат діни ағым өкілдерінің сорақы қылмыстары әлеуметтік желіні кезіп жүр. Тиісінше, өнер адамдарынан да діни фобия байқалады. «Дін – шынайы өнерді тұсайды» деген пікір қалыптасып үлгерді. Осы екі топ арасында «тұлғаларға талас» басталғалы да қай заман. Абай мен Шәкәрімді әр діншіл өз сеніміне «икемдеп» әуре. Дін өнердің жауы ма? Өнер діннің аясында өркендей ме? Өнер мен діннің арасында қандай байланыс бар?

Көптің көкейінде жүрген сауалдарды жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Смағұл Елубайға, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлына, драматург Қолғанат Мұратқа қойған едік.

 

ҰЯТСЫЗ БОЛУДЫ «МОДАҒА» АЙНАЛДЫРЫП ЖІБЕРДІ

 Қ.Ә:  – Жетпіс жыл атеизм үстемдік еткен КСРО-дан бөлініп шыққалы Қазақстан халқының Исламға көптеп бет бұру үдерісі байқалды. Турасын айтқанда, еліміздегі түрлі-түрлі салаға Ислам дінінің ықпалы күшті болды. Бұл үрдіс ұлттық болмысымызға, қоғамның таным көкжиегіне қалай әсер етті деп ойлайсыз?

 С. Елубай: – Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі социализм сан рет «сабаса» да біздің санамыздан өшпеді. Тіпті, Исламның бес шартын орындамай жүрген қарапайым адамның өзі «Алла» деген сөзді аузынан тастамайтын. Соның нәтижесінде біздің әдебиетіміз сақталды деп ойлаймын. Егер құдайдан шын безсек, әдебиеттің негізгі күре тамыры әлдеқашан кесілген болар еді. Неге? Алла адамға екі қасиетті берді: адамды аяу, адамды сүю және ұят пен ұждан. Бұл – адамды адам ету үшін Құдай Тағала берген негізгі қасиеттер. Адамзатқа ортақ осы қасиеттердің арқасында жер шарының қай шетінде әдебиет жазылса да түсініп оқимыз. Сол секілді біздің топырақ тудырған әдебиет жер шарының қай нүктесіне барса да, ешкімнің жатырқамасы анық. Өйткені бүкіл әдебиет біз айтқан екі ұлы сезімге құрылды. Мысалы, орыстың классикалық әдебиетінде құдайдан безген қаламгер жоқ. Қазақ әдебиетінде де солай. Тарихқа үңілсек, құдайдан безген жазушылар болған. Соның біреуі – ХҮІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген француз жазушысы Маркиз де Сад. Ол адамға тән емес, хайуани сезімдерді ашық айтып, соны шығармашылығына арқау етті және өмірді де солай сүрді. Әйел адамды қинап, азаптап, зорлау Садтан басталды деген сөз бар. «Садизм» содан қалды. Ол өзге адамды қинаудан ләззат алатын болды, сол үшін талай рет түрмеге түсті. Бірақ алған бетінен танбады. Шынтуайтына келгенде, оның ұстанымы соңында фащистер мен глобалистердің идеологиясына айналды.

Мораль дінсіз болмайды. Егер сенде мораль болса, демек сенің бойыңда дін, діннің тәрбиесі бар деген сөз. Сондай-ақ сен моральдан жұрдай болсаң, онда сен сайтанның жолындасың. Біздің әдебиет сайтан салған соқпақтан айналып өтті. Рас, советтік империя құлағаннан кейін елімізге түрлі діндер лап қойды. Біз кешегі тоқсаныншы жылдары аузымызға кәмпит ұсынса, соған мәз болып, кез келген діннің жетегінде кете беретін хәлге жеттік. Тіпті, мүйізі қарағайдай кейбір жазушыларымыздың өзі өзге дінді ұстанып кеткені көз алдымызда.

Қазір ақпарат құралдарын ашып қалсаңыз, я түймесін басып қалсаңыз адамның аза бойын қаза ететін ақпараттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әкесін өлтірген бала, баласын өлтірген ана, еркекті зорлаған қыз, өз қызын қорларған әке – бәрі-бәрі біздің қоғамның адамдары екен. Бұл Советтік, дінсіз идеологиядан қалған құдайсыз қауымнан туған қасиетсіз балалардың имансыз әрекеттері деп білемін. Мойындамасқа амалымыз жоқ, келмеске кеткір Кеңес дәуірлеп тұрғанда қазақ балаларының, оның ішінде қала балаларының көбі дін тұрмақ, тілінен айырылып қалды емес пе? Бәрінен мақұрым қалды. Содан кейін ойына келгенін істейтін болды. Солардың ұл-қыздары ұятсыз болуды «модаға» айналдырып жіберді. Бұ күндері ұятсыз болу – мода! Тәуелсіз Қазақстанның туы желбіреп тұрған Нұр-Сұлтанда имансыз отбасынан шыққан қазақтың имансыз бір қызы «мен тыр жалаңаш жүремін» деп жариялады. Оған қаншама адам мәз болып қол шапалақтады. Діннен безгендіктен осындай сұмдық жағдайға тап болдық. Қоғам діншілдер және дінсіздер болып екіге бөлінді. Осы ретте ойдан мысал тауып көрелік, бір көшеде дінсіздер, ал екінші көшеде діншілдер тұрады. Сіз мектепке баратын қызыңызды қай көшемен жіберер едіңіз? Өз басым діншілдердің көшесімен жіберген болар едім. Құдайға қараған адам адам баласына қиянат жасамайды.

Мен мешітке барып, дін ұстап жүрген балаларға бас иемін. Олар – иманды көшені, иманды қоғамды жасайтындар. Сорақы қылмысқа баратындар – имансыздар. Ал өзіміздің дәстүрлі дінімізден қорқып-үрку, оны мансұқтау – асқан ақымақтық. Бұл дегеніміз – үлкен қателікке, ұлтты жоюға апаратын дүние. Бізді бір құтқаратын нәрсе болса – дәстүрлі дініміз, ұлттық тіліміз. Екеуінің арасын ажырата алмайсыз. Біздің тілімізге соншалықты көп діни ұғымдар сіңген, ол жерден дінді алып тастасаң тіл қалмайды. Ал тіл қалмаса, ел қалмайды. Әсіре имансыздар көбіне тілді ұмытқандардың арасынан шығады. Тәуелсіздікке дайындықсыз, дінсіз келдік. Сондықтан дінсіздікпен, имансыздықпенен табанды түрде айғайлап күресу керек. Әлеуметтік желіге әуес ұл мен қыздардың аузына келгенін айтуына мүмкіндік беріп қойды. Мемлекеттік саясат әлеуметтік желілерге үлкен қаржы салып, қазақша контенттерді көбейтіп, ұлттық тәрбиенің туын қадау керек.

Д.Байтұрсынұлы: – Тәуелсіздікті алған күннен тартып адамдарда бір түрлі арқаны кеңге салу, еркіндік сезімі пайда болды. Адамның жандүниесінде, жүрек түкпірінде сенім деген болады. Ол көп жылдар көміліп жатқандықтан сол бір елең-алаңда бас көтеріп қорегін іздей бастады. Ең әуелі бұл қажеттілік жастарда пайда болды. Мемлекетіміз қираған социалистік жүйенің орнынан отауын тіккендіктен, шатқаяқтап жатқан сан жұмыстың арасынан діни сенім мен рухани қажеттілікке назар аудара алмады. Сол сәтте барлық «діннің» сипаты белең беріп, исламды көміп кете жаздады. Қазақ халқына ең жақыны Ислам еді. Ол – атаның қаны, ананың сүтімен жалғасып келе жатқан жол. Кез келген қазақ шаһадат калиманы білмесе де, өзін мұсылман ретінде сезінеді.

Ислам діні – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, сүйегімізге сіңген дін. Біздің ежелгі бір тәңірлік жолымызға, ұлттық наным-сенімімізге өте жақын ақиқат болғандықтан өмір салтымыз, тіршілік ережесі болып қалыптасып кеткен еді. Ең кереметі сол, мың жыл бойы халқымыз Исламнан зәбір-жапа тартқан жоқ, зардап шеккен емес.  Дін бізді бөлшектеген жоқ, ұйытты. Ыдыратқан жоқ, біріктірді. Әлсіреткен жоқ, күшейтті. Сондықтан Ислам діні қазақтың туа бітті жолы, жаралғалы бері келе жатқан сенімі секілді болып кеткен. Олай болатыны тарихи кезеңдердегі сынақтардан мүдірмей өтіп, тәжрибеден қорытылды.

Әр салада жүрген адамдардың біршама легі Исламның етегінен берік ұстады. Ол үрдіс адамдардың таным көкжиегін кеңейтіп, көзқарастарын байытты. Өмірді басқаша танып, адам жанына жылу мен инабаттылық алып келді. Адамдардың дені жоғалтқанын тапқандай, өшкені жанғандай қуаныш сезіміне бөленді. Біз бүгін айтып жүрген дәстүрлі ислам дегеніміз сол еді.

Өкінішке қарай, ақ-қараны ажырата алмай тұрған алғашқы өліара шақта нағыз Исламдық дүниетанымға көлденеңінен келіп қосылған ағымдар мен теріс жолдарда шаужайға жабысты. Жұрт исламның шынайы ішкі мәніне емес, сыртқы формасына еліктеді. Ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі жолмен шетелдік сыңаржақты секталардың мидай араласуынан қоғамда исламға сенімсіздік, тіпті исламды жеккөрушілік белең алды. Оны тудырған сыртқы күштер мен жат ниетті арам пиғылды топтар. Олар өз көздеген көмбесіне тез жетуге асықты. Қарап отырсақ, айналдырған отыз жылда діни сенім жағынан ала-құла қоғам, жіктелген топтар пайда болды. Бұл салдардың туындауына кінәлі – Ислам діні емес, саяси топтар мен жат ағымдардың лап қоюы. Бір ғасырлық атеистік тәлім-тәрбиенің жемісі. Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады деген, еліміздің билік жүйесі соны енді анық сезе бастағандай.

Міне, осы тұрғыдан алып қарасақ, дін қоғамға үлкен әсер етті. Адам баласының санасында әйтеуір бір сенім болады. Тіпті құдайсыз «атеизм» дегеннің өзі сенім. Сенімді адамнан, адамды сенімнен ажырата алмаймыз. Тұтас қоғамның сипаты да сол тоғысқан сенімдердің не ымырасы арқылы, не қақтығысы арқылы көрініс табады.

Қ.Мұрат: Ағалардың  жоғарыдағы пікірлеріне жартылай келісемін десем де болады. Әуелі, «Ислам – бізді тек ұйытты» деген пікірге тоқталайық. Бізді ұйытқан – Ислам діні ме, ата дәстүр ме? Ислам дін болып қалыптаспаған заманда да қазақ тірі болды, ірі болды. Тарихқа тура қарасақ, сол дәуірлер түркінің, түркінің қара шаңырағы болған қазақтың айдай әлемге айтқаны жүріп, атқаны тиіп тұрған уақыты еді. Бұл сөзім – Ислам келгесін қазақ әлсіреді дегенді әсте білдірмесе керек. Екінші «ләм», тағы да өткенге көз жүгіртелік. Патшалық Ресей қазақты алғанымен, рухын сындырмаған шақта «патшаға бағыну – уәжіп», «патша – Алланың жердегі көлеңкесі» сынды уағыздарды басқа дін өкілдері ауыздарына алмады. «Құдай» деп қазақтың сағын сындырған – молдалар. Бірақ осы айтқандарым Ислам дініне шек келтіргенімнен емес, тарихи фактілерге сүйенгенімнен.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Исламның ұлттық болмысқа әсері бір жақты болмады. Қоғам рухани тірек тапты, Аллаға сүйеніп, Алланың ертең берер несібесінен үміттеніп тоқырау кезеңдерінен сүрінбей өтті. Алайда топан судай қаптаған дәстүрлі емес діни ағымдар ұлттың кіршіксіз көкірегіне дақ салды. Сенбесеңіз, молаларды қиратқан өрімдей жастардың әрекеттерін есіңізге алыңыз. Өтірік десеңіз, ата-анасынан, елінен безіп, «жұмаққа барамын» деп шет ел асқан көкөрімдердің соңынан аңырап қалған ауылдарға барып көріңіз. Бұл – мәселелер белгілі уақыт ішінде ұмытылып кетер, ал ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлт тілі араб тілі қосылған қойыртпаққа айналып бара жатыр. Бұған кім жауапты? Жаратушыға, тылсымға байланысты сөздердің біразын ұлттық бояудан жұрдай еткен не немесе кім? Қазақы есімдер өте аз қойылады, бұған әсер еткен кім? Сол теріс пиғылды діни ағымдар! Асыл-қазыналарымызды, салт-дәстүрлерімізді мансұқтап, оны «Аллаһқа серік қосу» деп тыймақ болған кімдер? Тағы да солар. «Ата-бабаларымыз қараңғы болды» дегізген де қара күйелі шала ағымдар. Олар өнер атаулығы шүйлігіп, руханиятты мешеулетуге барын салды. Балаларының, жақындарының орынын сыйпап қалған ата-аналар мұны көріп діннен безгені де анық. Қазір соның «жемісін» көріп отырмыз, өзін мұсылман санайтын адамдар қазір өсиеттен гөрі, әдбиет пен мәдениет жауһарларынан гөрі, діни уағызға үйірсек. Олар өскенде қандай маман, қандай адам болады?..

Дәстүрлі дінді ұстанған мұсылмандарға бұл сөздерімнің қатысы жоқ.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ МЕШЕУЛЕП ҚАЛАТЫН КІМДЕР – КЕМТАЛАНТТАР!

Қ.Ә: Дін шынайы өнерді тұсай ма? «Құдай алдындағы қарыз» «өнер алдындағы парызды» өтеуге кедергі келтірмей ме?

С.Елубай: Жо-жоқ, кедергі келтірмейді. Керісінше, өнердің тереңдігін, тазалығын, оның тәрбиелік мәнін арттыра түседі. Сөзсіз солай. Классикалық әдебиетте, қазақ әдебиетінде Құдайға қарсы шыққан бірде-бір жазушы жоқ. Тіпті отызыншы жылдарға дейінгі ұлыларымыздың бәрі мұсылман болған. Түгелдей «Алла» деп өткен ақындар, «Жаратқан» деп кеткен жазушылар. Біз солардан шықтық. Жұрт білместікпен «шоқынып кетті» деп күстәналап жүрген Ыбырай Алтынсариннің өзі «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деп бастайды.

Д.Байтұрсынұлы: Дін деген жалпы атау болып көрінеді. Оның ішіне көптеген сенім мен оқшау ұстанымды қосамыз. Ал, шынында дін біреу ғана. Олай дейтінім, Алла Тағала Исламға дейінгі өзі жіберген үш кітаптың бәрінің күшін жойып, ең озық, ең толық кемелді Исламды Құран арқылы жіберді. Хадис арқылы байытты. Ендеше Алла өзі жоқ еткен алдынғы «діндерді» мен бар еді дей алмаймын. Ислам діні – дұрыс өмір сүру ережесі. Осы кезге дейін Ислам діні ғылымға, өнерге еш уақытта тұсау болған емес. Ислам діні өз дәрежесінде сәулеленіп тұрған шақта астрономия, физика, математика, медицина, музыка, әдебиет қатты дамыды. Мұсылман ғалымдарының жаңалықтары әлемнің оқулығына айналып, тіршілікте қолданысқа енді.

Соңғы кездегі тоқыраулар мен ислам елдерінің кері кетуі екі себептен болды. Бірінші, алдымен ислам ежелгі үш бірлігінен айырылып қалды. Нақтылап айтар болсам, Мешіт (ғибадат), медіресе (білім алу, мектеп), құжыра (софылық) бірі-бірінен бөлініп жеке-жеке кетті. Исламның алтын ғасырында Мешіттегі ғибадат, медіреседегі оқу-білім, құжырадағы берілген тақуалық, темірдей тәртіп ұштасып жатты да, бірін-бірі толықтады. Кейінгі кезеңдердегі оқшаулану мұсылмандарға мешітті ғана қалдырды да, медіресені, яғни мектепті мақұрым етті. Діннің ләззатын сезінетін, рухани кемелділікті тұғыр еткен құжыра діннен қожырап, өзінше бір жолға айналды. Екінші, осындай Ислам құдіретін сезінген дұспандар исламның өзегіндегі ғылым мен ыждаһаттылықты ыдыратып, діннің дәнін алып, қауызын қалдырды деуге болады. Тіпті жаңадан жалған пікірлер тудырып, ғылымды, өнерді шайтан ісі деп тиым салу дәрежесіне дейін барды. Мұндағы мақсат екеу: бірі – Ислам дінін әлсірету, құлату болса, екінші мақсат – асыл дінімізді әлем алдында сүреңсіз, жағымсыз көрсетіп, жиіркендіру. Бұның бәрі қолдан жасалған бүлік, адасқан ағымдар.

Кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында өзі шығып уағыз айтып, құтпа оқитын мінбенің қасынан ақындар өлең оқитын тұғыр жасап берген. Олардың ішінде Сәбит секілді үш ақынның аты біздің заманымызға жетті. Сақабалардың ішінен оқу, тоқуы бар зерделі зеректерін жинап арнаулы «Сыпы сахабалары» (Асхабы суфа) деп ғылыммен айналыстырған. Әбу Хурайра солардың үздік өкілінің бірі. Сол жолдың нәтижесі ретінде ондаған таңдаулы ақын, математик, химик, дәрігерлер шықты. Олардың жазған кітаптары күні бүгінге дейін алтындай жарқырап пайдасын беріп келеді. Жинақтап айтар болсақ, таза Ислам өнерді тұсаудың орнына таланттың жолын ашып, шамшырақ болып нұрын шашқан. Мысал үшін бәріміз білетін Әль-Хинди, Әль-Фараби, Ибн Сина секілді ғалымдарды айтсақ та жеткілікті.

Қ. Мұрат: Дін – шынайы өнерді тұсай алмайды. Шығармашылығы мешеулеп қалатын кімдер – кемталанттар немесе оқу-тоқуы, талғам таразысы кем болған таланттар. Әйтпегенде, шығыс шайырларын жоққа шығаруға тура келер еді. Абай мен Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіпті де текке қаралай алмаймыз. Олар – қазақ әдебиетінің алтын дінгегі. Әйткенмен, дәстүрлі сенімге үш қайнаса сорпасы қосылмас діндер мен ағымдардың өнерді мансұқтайтынын айта кеткен жөн. Мұндай жолға түскен өнер адамы болсын, ғылым адамы болсын – бәрінен құр алақан қалмақ.

ДІНГЕ ТАМЫР САЛМАҒАН АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ КӨБІ АБАЙДЫ ТҮСІНБЕЙДІ

 Қ.Ә: Әр халықтың өзіне ғана тән этикалық ұстанымы болады. Ал туындыгердің ішкі діни цензурасы өнер тудыруда қаншалықты рөл атқарады?

С.Елубай: Жоғарыда айттық, адамды аяуды және сүюді, ар-ұятты Алланың өзі берді. Бұл екі қасиет біздің бойымызда туабітті бар.  Қаламгердің ішкі цензурасы адами құндылықтарды сақтау жолында ғана болу керек. Бұлай болмаса, жазған-сызғаның жаратқан дарытқан ұлы қасиеттерден айырылып, сайтан салған соқпаққа түсесің. Ал оның ешкімге пайдасы да, қажеті де жоқ.

«Дін жолына бет бұрған адам шығармашылығынан айырылады» деген сөзге келіспеймін. Олай айтпас бұрын Бұқар жырау, Шал ақын, Шәкәрім, Абай деп жалғаса беретін дінді насихаттаумен өткен ұлыларды еске алуымыз керек. Сонда олар шығармашылығын жоғалтты ма? Біз Абай деп ту көтереміз. Егер Абай медреседе ислами базалық білім алмаса, дәл қазіргідей Абай болмаған болар еді. Дінге тамыр салмаған ақын-жазушылардың көбі Абайды түсінбейді. Адамның жүрегіне Алла ұйыған жағдайда оның кеңістігі кеңейеді, тереңдейді, өзгеше бір құдірет қолтығынан көтереді. Құдайға арқа сүйемеген адам рухани тіректен айырылады. Ал діннен алыстаған адам шығармашылығын жоғалтады.

«Ислам діні күшейген кезде жырауларымыз сұйылды» деген пікір иесі Кеңес үкіметі идеологиясының сойылын соқты немесе сол асылдарды көрсету үшін «жамандауға» мәжбүр болды деп есептеймін. Ол кезде өкіметтік идеологияның сойылын соқпаған пікір баспасөзде де, кітап болып та шықпайтын. Оны біз өзіміз жеке басымыздан білеміз.

Д.Байтұрсынұлы: Исламды ұстанған, ақиқат дінін тірек еткен адамдар үшін өнер мен көзқарастың келіспеушілігі болмайды. Өнер – кәдімгі өмірді алға сүйрейтін, ізденіспен, құштарлықтан туындайтын жан қалауы.

Бұл жерде басы ашық бір нәрсе бар. Ислам, әдебиет жөнінен айтар болсақ, ардан тайып, нәпсіні насиқаттайтын, бүлікті жақтайтын, қантөгісті қолдайтын, жаулықты тудыратын, қатігездікке жол ашатын шығармалармен айналысуға тиым салады. Қарап отырсаңыз, бұл нәрселерді жазу, тарату тек жындының ғана қолынан келер еді. Ғылымда адамзатқа апат алып келетін, қасірет төндіретін, ауыр зардап тудыратын зерттеулерге жол қоймайды. Цензура бар десек, осы жағында бар, әрине.

Дін заңды дүниеге тыйым салмайды. Бірақ, жеке жыныстық өміріңді жырға айналдырып, жалғанға жария ет деген жоқ. Біздің кейбір ақынның «эротикалық лирика» деп жазып жүргені есті адамның цензурасынан өтпейді.

Қ.Мұрат: Туындігерде діни цензура болмауға тиіс. Себебі, өнердің алғы шарты – еркіндік. Еркін жазуға тұсау салатын кез келген цензура – өнердің қас жауы. Неге? Өйткені өнердің басты сұрағы – «не?» емес, «қалай?». Таза Ислами көзқараспен қарасаңыз, Абайдың да біраз өлеңін жоққа шығаруға мәжбүрміз. «Білектей арқасына өрген бұрым…», «Тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш», т.б. жолдардың авторы – мен емес, сол Абай. Бұл ретте, кешіріңіз, Абай «күнәлі өлең» жазды дейміз бе (әурет жерін жырға қосып, оқып отырған адамның көз алдына әкеледі ғой)? Діни цензура осындай қазыналарымызды жоқ етуімен қоса, келешекте жазылар ғажап шығармалардың көрер жарығын көлбеп бітеді.

ПАЙҒАМБАР МЕН ФИЛОСОФТЫҢ АРАСЫ ӨТЕ ЖАҚЫН

 Қ.Ә: Дінге біржола бет бұрған шығармашылық адамы не ұтады, неден ұтылады?

С.Елубай: Дінге бет бұрған адам барлық жағынан ұтады. Жүрегіне Алла ұялаған жазушының жаны таза болады. Жаны таза адам ғана ақ қағазға адал сөз, қасиетті сөз төге алады, құдай берген талантының жаңа бір көзі ашылады. Ал бұл сезімді бастан өткермеген адам мұны түсінбейді де. Әрине, бұл сөзімнің діни фанатизмге ұрынған өнер иелеріне қатысы жоқ.

Д.Байтұрсынұлы: Егер дінді түсініп тұрып қабылдаған адам болса, ештеңеден ұтылмайды. Тек мақсат етіп кіріскен өз жолында ұтады. Өйткені Ислам діні мен өмір қағидасының еш қайшылығы жоқ. Құдайдың адамзат баласына жіберген діні біреу, ол –  Ислам. Оны ұстанатын, өзіне тұтынатын адам – Мұсылман. Бірақ, Ислам – мұсылман емес. Мұсылман – Ислам емес.

Егер бір адам дінді ұстанып оған құлай берілген болса, ол ғылымнан, өнерден уаз кешіп, әсте оны тәрк етпейді. Қайта барған сайын ашыла түседі, нұрланып жарқырай бастайды. Оның ғылымдағы, өнердегі сәулесі анағұрлым үлкен аумақты шұғыласына бөлейді. Егер ол панаттықпен дақпыртқа берілген болса, соқыр сенімді адамға айналып, формасы діншіл, мәні жиіркенішті болуы мүмкін.

Ислам дінінде оқуға, үйренуге, ізденуге жол ашық. Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылыммен айналысуға дем береді. Бір адам ғылым іздеп сапарға шықса, Алла оны қолдап, қорғап отыратыны туралы анық хадис бар. Адасқан ағымдарда пірі немесе басшысы ілесушілердің кітап оқуына, зерттеумен айналысуына, өз бетімен ізденуіне шектеу қояды, тиым салады. Өйткені олар ілесушілердің нағыз ақиқатты танып қалуынан қорқады. «Ақидасының» өзгеріп кетуінен сақтанады. Біз білетін Исламда мүлде бұлай емес. Имамды тыңдайсың, өз бетіңмен кітап оқисың, көз жеткізіп танып білуге ұмтыла аласың.

Дінде жоқ адамның жалған «философиясы» көп болады. Ол өзін философ етіп, ғұлама етіп көрсетуге құштар. Әл-Фараби бабамыздың сөзі бойынша: нағыз философ – ең ақылды, ең тура жолдағы дана. Пайғамбар мен философтың арасы өте жақын. Пайғамбарлық Алланың беретін мұғжизасы. Соңғы пайғамбарымыз – Мұхамет (с.ғ.с). Ал, Философтық Алланың берген қасиеті, раббының нығметі. Екеуі де тура жолдағы адамдар. Бұл мәселені Әл-Фараби бабамыз «Ислам философиясы» кітабында жан-жақтылы түсіндіріп береді. Бейне бір ағаштың екі ұшы секілді. Ендеше, дінді шын таныған адамда ұтылатын жағдай болмайды. 

Қ.Мұрат: Дін жолына бет бұрған адам ұтылады десек, оның сеніміне селкеу түсірген боламыз. Ал шығармашылық адамына айтылар сөз – сәл басқашалау. Дін өнер иесін шектесе, өз дәрежесінде өнер жарата алмаса – ол ұтылады. Қайткен күнде де туындыгердің жаратушылық сипаты бар екенін ұмытпауға тиіспіз.

«Алқаны» ұйымдастырған Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

 

 

ПІКІРЛЕР6
Аноним 11.10.2021 | 16:43

Дұрыс!

Аноним 11.10.2021 | 18:29

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген, мынау тілсім, ұлы табиған алдында адамның дәрмені неге тұрады, бәрібір сол табиғат қойнына кететінін ескерген адам пендешілікке бой алдырмас болар?
Адам деген істеген жұмысынан ләззаттану керек емеспе?

Аноним 12.10.2021 | 18:18

«Түгелдей «Алла» деп өткен ақындар, «Жаратқан» деп кеткен жазушылар.» Айтуы нағыз қаламгерге тән орам екен! Бұл жазушыға жарасады-ақ! Бірақ, дәл осы шетін мәселе жөнінде кейбір басқалардың да тілдерін безеп сөйлеуі жараспай тұр — нақты орам, дәл уәж жоқ., бұлтартпас факті жоқ! Дін-мұсылман екендігімізді қайталай беру, қайталай беру…..

Аноним 14.10.2021 | 10:40

С.Елубай «Қаламгердің ішкі цензурасы адами құндылықтарды сақтау жолында ғана болу керек. Бұлай болмаса, жазған-сызғаның жаратқан дарытқан ұлы қасиеттерден айырылып, сайтан салған соқпаққа түсесің. Ал оның ешкімге пайдасы да, қажеті де жоқ. Жаны таза адам ғана ақ қағазға адал сөз, қасиетті сөз төге алады, құдай берген талантының жаңа бір көзі ашылады» депті. Шынымен солай ма? Әбдіжәміл Нұрпейісов неге қырық жыл бойы Софы Сматаевтың соңына түсіп алды?

Аноним 16.10.2021 | 13:10

Ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтың неге қырық жыл бойы Софы Сматаевтың соңына түсіп алғанын біледі. Бірақ айтпайды.

Аноним 18.10.2021 | 11:57

Әрине, айтпайды. Білмеген болады. «Арамзадан жазушы шықпайды» дегісі келеді. Бос сөз. Шығады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір