«ӘКӘУ, ОЛ – МҰҚАҒАЛИ ҒОЙ!»
05.10.2021
836
0

Жазушылар одағының Әдеби қорына директор болып тағайындалған соң (1974 жылы тамыз айында) жұмыс әредігінде ондағы құжаттармен таныса бастадым. Біреуі – «Мұқағали Мақатаевты Әдеби қор мүшелігінен шығару туралы қаулы». Бұрынғы директор Әбдірәшит Ахметов қол   қойған. Мұқаңның «КСРО Жазушылары одағының мүшелігінен шығарып тасталғаны» жайындағы сөзді естігенім бар еді, енді мына қаулы қамшылады да, ақын құрдасының «мәселесін» тікелей өзінен білмекке бірінші хатшымыз Әнуар Әлімжановқа барсам, Әнекең оңаша екен.

Сәлемдесіп, қаулыны алдына қойып:

– Мынамен танысыңызшы. Мұқағалиды Жазушылар одағымыздың мүшелігінен шығарғандарыңыз жалпы рас па? Қашан болды? – дедім.

– Хатшылар алқасының бір мәжілісінде Мұқағали қосымша сөз болып: «Одақтан шығарайық!»; «Одаққа мүшелігін бір жылға тоқтатуға шартты жаза қолданайық!»  делінді. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын. Әкәу, ол – Мұқағали ғой! – деді, көзі өткірлене қалып. Әнекеннің «әкәу» дейтін сөзсыралғысы бар-ды.

Әйткенмен, дерекке жүгінгім келіп, Одақтың сол жылғы мұрағатына үңіліп, басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің ақын Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылары одағының мүшелігінен шығару туралы №3 «а» шешімін көрдім.  Мәжілісте  Одақтың шаруашылық мәселесі талқыланып, тиісті қаулы қабылданғаны, одан кейін Мұқағали Мақатаевтың тәртібі қаралып, оның Одақ мүшелігінен шығарылғаны жазылған. Басқарманың хатшысы О.Сүлейменов қол қойыпты.

Бас-аяғы 5-6 сөйлем шешімді алып, Одақ басқармасының 3-хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловқа бардым. Сол күнгі мәжілісте нендей мәселе қаралғанын сұрағанымда ол: «Одақтың ішкі шаруашылық жағдайы  жайында  мен баяндама жасадым, Мұқағали туралы ешқандай сөз болған жоқ», – деді. Одақ басқармасының 1-хатшысы Әнуар Әлімжановтың сол күндері шетелде іссапарда жүргенін, бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны белгілі екенін, егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы – Ілияс Есенберлин, ал ол болмай қалғанда 3-хатшы өткізіп, шешімге сол қол қоюға тиіс екенін айтты. Олай болмаған. Әдеби байланыс жөніндегі хатшы (төртінші) О.Сүлейменов қол қойыпты. Демек, жарты бет хаттама жалған. Кімге, не үшін керек болғаны түсініксіз. Ал жалғандығына бірден-бір дәлел – ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі ғой, мәжіліс хаттамасында ондай дәнеңе жоқ.

Одан бұрынырақта Мұқағали «Жұлдыз» журналы редакциясындағы жұмысынан шығып қалып, 1973 жылы наурызда Әнуарға хат жазып, хал-жағдайының ауырлап кеткенін айтыпты. Ол күндері Біріккен Араб Республикасында іссапарда жүрген Әнуар келісімен хаттіркеуші берген хатты оқиды. Содан екеуі жақсы әңгімелескен болар, ақынды қоластына  қызметке алған да, Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберген. Ол Әнуардың – мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмаған. Сол туралы Әнуарға институттан 1973 жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды: «Стихийная одаренность которого несомненна», – деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович! – деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып: – …Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шетелде едім, ол маған: «Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін», – деп хат қалдырыпты. Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», – деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Алматыда «Зов души» деген атпен шыққан (орыс тіліне аударғандар – мәскеулік Ю.Александрова мен М.Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «…творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия, – деп бастап: – Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом… Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», – деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардың Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл – және бір дәлел.

Әнуардың хатындағы Александр Петровичтің әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге симаған Мұқағали» естелігінен білдім («Айқын» гәзеті, 14 тамыз, 2010 жыл).  Өтеген ақынның Мәскеумен қош айтысқан өлеңінен мынау жолдарды келтіріпті:

…Үйреніп қалған ұямдай,

Мәскеуді барам қия алмай.

Миллиондардың ішінде

Бір басым менің сия алмай.

Еңсемді бір сәт жия  алмай.

Не бетімді айттым, Алматым,

Не деймін саған ұялмай?!.

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, мені аман-сау

Алматыммен жолықтыр!

Мұқаңның Әнекеңмен жүздесе алмаған жолғы хатында: «…ауылыма кетіп барамын», – дегені осы көңіл күйінің жалғасы екен ғой!..   

                                                                                                      Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір