«МЕН ХХІ ҒАСЫРДЫҢ ҚҰРДАСЫМЫН»
05.10.2021
1468
0

 

Поэзия замамен бірге толығып, толысып отырады. Бүгін «хитқа» айналған өлең күні ертең оқылмауы мүмкін. Қазір оқырман іздемейтін ақындарды ертеңгі ұрпақ іздеп жүріп оқыса, таңғалудың қажеті жоқ. Қазақ поэзиясында Мұқағалидың орны бөлек. Одан бері де әдеби майданда талай буын алмасты. Бірақ оқырман қауым Мұқағали поэзиясына ғашық. Әр буынның көңілінен орын тапқан, мұңы мен сырына ортақ болған ақында арман бар ма?!

Газетіміздің «Желғазық» айдарынан Айнұр Ахмет, Ұмтыл Зарыққан, Абзал Сүлеймен, Тілек Ырысбек, Тұрсынбек Башар сынды жастардың Мұқағали әлемі туралы ойларын оқи аласыздар.

 

МҰҚАҒАЛИДЫҢ СОҒЫС ТУРАЛЫ ӨЛЕҢДЕРІН ЗЕРТТЕГЕН ЖӨН

 Биыл қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. Ақынның шығармашылығын кеңірек талқылап, жаңа қырынан танытатын, түсіндіретін уақыттың келгенін ескергеніміз жөн. Ақын күнделігінде «Мен — ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» десе, бір өлеңінде: «Қазынам бар, Біреуге берсем бе екен?! Алам десең, Алдымен зертте мені?» – дейді. Оның шығармаларын өлтірмеудің бірегей жолы – жаңа заман тұрғысынан зерттеу. Мұқағали туралы көп айтылғандықтан, біз оны білетін сияқтымыз, миымызда ол туралы бостық аса байқалмайды. «Әбден айтылды, жазылды, зерттейтін қай тұсы қалды» деп есептейтіндер де табылуы мүмкін.

Қай жағынан зерттейміз деген мәселе туады. Мұқағали мәтіндері — көркем таңбаларға толы. Поэзиясындағы символ мен метафораның қызметін зерттеу керек. Бұл жайында лингвист Айгүл Әмірбекованың монографиясында көркем концептілерді айқындау тұрғысынан қарастырылған. Ақын, өлең, өмір (Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген көк аспанның күркірі), өлім, махаббат деген концептілердің көркемдік құрылымдары Мұқағали мәтіндерінде өмір сүріп жатыр. Басқа да зерттеу жұмыстары көп болғанымен, ғылыми маңызы көңілден шықпайды. Бәлкім, үздік зерттеулерді мен оқымаған шығармын.

Біздің отандық ғылыми жұмыстарда метафора табиғаты кең зерттелмеген. Автордың өлең (көркем шығарма) тудырудағы стилистикалық әдісінің бір түрі деп қарастырылған. Метафораға қатысты бұдан да терең түсініктер бар. Мұқағали шынайы әлемді қалай қабылдап, оның екінші — көркемдік моделін (әлемнің тілдік/концептуалдық бейнесін) қалай жасай алды деген мәселелерді когнитивтік, құрылымдық-семиотикалық ыңғайда зерттей түскен маңызды. Кез келген адам ақпаратты көру, есту, сезу арқылы қабылдайды. Мұқағали өлеңдерінде мұндай поэтикалық қабылдау қалай жүзеге асырылды..? Мұқағали поэзиясының образдылығы басым. Сәттік сезінісі мен көңіл күйін шумаққа айналдырған, мазмұны жеңіл өлеңдері де көп. Мұқағалидың поэзиясы халыққа түсінікті болды. Ойға салмақ салатын, түсінуге ауыр соғатын поэтикалық құрылымдар көп емес. Философиялық ой-пайымдаулар да оқырманға аса ауыр тимейді. Мұқағали, өзі айтқандай, халықтың ой-танымы мен ұлттық құндылықтарын сөзбен таңбалап, «шекпен жауып, өзіне қайтарды».

Мұқағали барлық уақытта өлеңге асқан жауапкершілікпен қараған және өзге ақындардан да осыны талап еткен. Оның ақын ретінде өзіне деген күмән мен сенімсіздік, кейде өзгеден асып түсетініне батыл көзқарас араласып келеді. «Жартастардың беттері сора-сора, Жылапты, қарсыласпас, жасық білем» немесе күнделігінде «Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол қалайда халқыма жағыну, соған ұнау. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім» дейді. Мұқағали бойындағы өз ортасы мен өнерге деген адалдығын, шыншылдығын, псевдошығармашылыққа қарсылығын поэзиясында да көрсетуге тырысты.

Күнделіктері мен кейбір өлеңдері пессимизм сарынында жазылған. Жазбаларында сол кездің өзінде ортасына, заманына өзін дәлелдеуге, танытуға тырысушылық байқалады. Ол неге қажет болды… Жақсы жыр тудыруға деген ұмтылыс пен әлеуметтік мәселелер арасындағы арпалыс Мұқағалиды әртүрлі көңіл күй ауанына салып отырған. 1976 жылы қайтыс болды, 1974 жылы «жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді, … бірақ сенуім қиын» деп жазған. «Ей, таулар, Ығысыңдар, Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, – дейді. Мұқағалидің күнделік жанрындағы жазбалары да ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әдеби ортаның сапасын, әдебиеттің даму үдерісін түсінуге септеседі.

Мұқағалидің «Өмір сүрейік алмасып» өлеңі мен «Чили, шуағым менің!» поэмасы шығармаларының үздігі деп бағалаймын. Қайың да, адам да – биологиялық жаратылыс. Ондағы тіршілік белгілерін (жапырақ пен жүрек) ақындық көзбен, сезініспен, байқампаздықпен өте сәтті поэтикалық интеграция жасаған. Сонымен қатар, Мұқағалидың эпитафиялары мен кейбір арнау-өлеңдерінің де көркемдік мәні терең. Дантенің «Құдіретті комедия» дастанының бір бөлімін ғана аударып кетті. Одан кейін бұл поэманы (толық) аудармашы Кенжебай Ахметов те жақсы тәржімалады.

Сонымен қатар, Мұқағалидың соғыс туралы өлеңдерін де зерттеген жөн. Мысалы, батыс әдебиетінде Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаламгерлердің шығармашылығына қатысты «жоғалған ұрпақ» деген атау қалыптасқан. Ардақ Нұрғазы «Lost generation» тіркесін «мәңгірген бір ұрпақ» деп аударған дұрыс дейді. Осы нұсқаны мен де қолдаймын. Яғни, жас кезінен соғыстың түрлі зұлматтарын көріп, арман-мұратын, мақсатын, болашағын жоғалтқан ұрпақ / жазушылар деген мағынада ұғынылады. Кеңес кезеңіндегі соғыс туралы өлеңдердің халық арасында немесе кез келген дискурста қалай түсіндірілгені белгілі. Сондай өлеңдердің көбі адам өлтіру мен соғыста жеңуде идеологиялық әдістің бірі ретінде қолданылды және солай шығарылды да. Ал Мұқағали өлеңдерінде соғыстың зардабын көрсете алған. Басқа да ақындар жазды, одан кейін прозада да соғыстың шындығы көрсетілді. Бірақ соның барлығын қайта бір саралаған жөн деп ойлаймын. Оның ұрпақтың санасына, психологиясына тигізген зарары көп әрі қазірдің өзінде сәт сайын елдерге қауіп төндіріп тұр.

Айнұр АХМЕТОВА, әдебиеттанушы.

 

 МҰҚАҒАЛИ ПОЭЗИЯСЫ – АЙМАУЫТ ӘЛЕМ

Бұл күнде мұқағалитану – қазақтанумен, өзін-өзі танумен, ұлттық бірлік һәм адамзаттық тұтастықты қоса танумен мәндес ұғым. Сол үшін де Мақатаев туралы көп жазылған, көп айтылған сияқты елес береді. Бәрі дұрыс, бәрі жарасымды. Ендігі лекте Мұқағали пайымын уақыт пен заман үндестігіне сай жаңаша талдау ләзім. Өйткені Мұқағали поэзиясы – аласапыранға толы уақыт сынынан әлдеқашан өткен аймауыт әлем. Ақын жанының тұңғиық, шыңырау түкпірінен төгіліп түскен жыр дестелерінде, бір ғасырға жуық қазақ жанының, ұлт болмысының, ел тарихының көркем шежіресі қабат өрілген. Ұлттық, адамдық, кісілік келбетіміздің қалыптасу жолымен қатар, сол бітік болмысымыздан қалай айнығанымыздың да табиғи көрінісін сезіне аласыз. Ендігі мезетте бізге сол қалтарыста жатқан қазыналардың жұмбағын ашу талабы бұйырып тұр. Себебі енді ешбір қазақ Мұқағалиша сөз саптап, Мұқағалиша дүниені қабылдап, алаш әлемінің тереңіне үңіле алмайды. Осы бір шағын жазбам да мен мына бір дүниенің ғана ұшығын шығарғым келеді. Ол – ақынның шығармашылық жолындағы құрбандық: жеке басының ғана емес, отбасының, айналасының да мүддесін осы жолға сарп ету. Адамда осыншалық қуатқа ие, ерік пен жігерге толы көзсіздік болуы үшін қандай тылсым күш болуы керектігін дөп басып айта алмаймыз, әрине.

Мұқағали туралы көп жазылды дедік, соның бірі және бірегейі Мұхтар Мағауинның естелігі. Аталмыш жазбадан біз шын мәніндегі Мұқағалидың және Лашын анамыздың, Мұқаңның отбасындағы әкелік, қоғамдағы азаматтық бейнесін анық аңғарамыз. Толық сезінеміз. Эссені оқыған көптеген оқырмандар екі Мұқаңның қалай танысып, табысқанын, қалай дастархандас болғанын, қазы-қартаны қалай жегенін жыр қылып айтады. Аталмыш жазбаның соңғы тиянағында Мағауиын біраз дүниені аңдатып өтеді. «1975 жылы баспочта алдында ұшырастық, – деп жазады Мағауин. – Әжептәуір қызу екен. Шашы ұйпа-тұйпа, беті алау-далау. Қол қысып амандастық. «Жағдай қалай, Мұқа?» – деп едім, менің оң қолымды қос қолдай қыса ұстаған қалпы бетіме тік қарады. «Болмайды екен» – деп еді. «Ішпесем болмайды екен!..». Не айтарсың. Ақыл өзінде де бар. Қатты салынбау керегін өзі де біледі. Бірақ болмайды екен». Әңгіменің бас-аяғы осы емес, керекті детальды сыдырып алып отырғандағымыз. Бұл Мұқағалидың өмірінің соңғы кезеңдері. Тіршілік-тынысының тарыла түсіп, ішкі болмысының тым күрделеніп кеткен, жасаған әлемімен, қоғаммен үндестік таба алмай көп қайшылыққа түсіп жүрген кезі. Мұқағалидың бұл жанкешті сәтін, екіұдай күйін біз ешуақытта түсіндіріп бере алмайтын шығармыз. Бұл күй – өзіңе өзің жаназа шығарумен бірдей хәл. Бұл күйді баян етуге бар жиған біліміңіз де, жетілген түйсік-танымыңыз да, сағынышыңыз бен махаббатыңыз да көмектесе алмасы анық. Өзіңді өзің бір жола, алдын ала шейіт етіп қойған, сондай бір ықылымдық ұғымдарға тән ілкім күш. Мен бұл күйді Хан Кененің қырғыздарға шабар алдындағы аумалы-төкпелі, тылсым бейнесіне ғана ұқсата алар едім. Екі алыптың өмірінің соңғы тұсында адам талабы бойлай бермейтін осындай күрделі ұқсастық бар деп ойлаймын. Сөз басындағы ақынның шығармашылық жолдағы құрбандығы деп отырғаным осы еді. Осындай тәуекелшіл ақынның ғана қаламұшынан «Өмірді қалай сыйласаң, Өлімді солай жат көрме», – деген аруақты сөздер туады.   

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН, ақын.

 

«КІШКЕНТАЙ» АДАМНЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

 Поэзия – рухыңды алақанмен сипап өтіп, ішіңде аласұрған сезіміңді жұлып әкететін жел сияқты. Бұл тұрғыда ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы бізге едәуір жақын болады. «Біз» дегеніміз – соғысты да, зұлматты да бастан кешкен, өз ұлтының тұтқасы өзіне тимеген халық. Санасы да, тілі де «сынған», басынан нәубет арылмаған елдің адамы психологиялық дағдарыста болатыны сөзсіз. Өз ұлтының болашағы бұлыңғыр екенін іштей сезіп, бөтен ұлтқа кіріге алмаған халық қалың тұман ішіндегі жоқ іздеуші секілді. Жоқ, тіпті ештеңе іздемей, бос кеңістікті аралаған адасқақ. Империя өзінің Империя екенін көрсетпей қоймайды. Бас көтеру былай тұрсын, ұлттық мүдде туралы әңгіме қозғалмайтын заманда  адам өзінің байланған кіндігін сөгіп жіберуге бар еді. Міне, осы «шағылған» адамның, сол кезеңдегі қараша халықтың бейнесін Мұқағали шығармашылығынан көруге болатын сияқты. Оның феномендік тұлғасының сыры да сол. Мақатаев поэзиясы қарапайым халық бастан кешіретін сезімдерден тұрады. Тұғыры әлі биік. Ақынның жан айқайы, жапа-тармағай жамыраған Кеңес ұрандарының тасасында қалмай, бөлектенуі де содан. Жоқтан бар болмайды. Жаңа дүние ескіні өлтіруші емес. Өткеннен жаңа жасау – ескіні жоқтатпаудың тәсілі, оған керісінше дем беру, өзгеше құлпыртып, «екінші тынысын» ашу. Мұқағали Мақатаев бұл тұрғыда бөлек әлем болды. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бірақ ол өзінше бір әлем жасады және ұтатын жері сол, ол әлемге қарапайым «кішкентай» адамдардың өмірін сидырды.

«…Аяқ пен қолын матамай бос қой мамасы,

Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық».

«Бұлқынып жатыр…» деп басталатын ақынның осы өлеңін «бөтен» бір мағынасы бар деп мысалға келтіргеміз жоқ. Дегенмен Мақатаевтың поэзиясында да «кішкентай» адамдардың қарсылығы көрінетіні шындық. Тіпті, біз өлеңді осы мағынада талдап көргеннің өзінде, бұл шығарманың оқырманмен «сөйлесе» алатынын көрсетеді емес пе? Әркімнің әрқалай талдауы, әртүрлі дүние көруі – шығарманың үлкен «жеңісі». Мақатаевтың өлеңге деген тазалық, адалдығы – басы артық пафосқа ұрынбай, поэзия жазуға итермелегендей. Рухымен бетпе-бет келгенде өз-өзіне өтірік айтпай, бар дүниені қабылдай алу – сол кездері Мұқағалидың қолынан ғана келгендей әсерде қаласың. Оның бұл қасиеті таза өнер туындысын жазуға жол ашты. Ол оны жазды да.

Абзал СҮЛЕЙМЕН, ақын.

 

МҰҚАҒАЛИ ЖӘНЕ ҚАРА ӨЛЕҢ

 Меніңше, Мұқағали поэзиясының әсерін толық сезіну үшін оны тек қазақ тілінде оқу керек. Сезімді орысша тану үшін Есенинді, ағылшынша Уитменді, немісше, бәлкім, Рилкені түпнұсқада оқу керек шығар. Әр ұлттың өз Мұқағалиі бар. Мен Мұқағалидан кейінгі дәстүрлі қара өлеңнің көпшілігін Мұқағали поэзиясының әсерімен жазылды деп есептеймін. Нәтижесінде дәстүрлі қара өлең формасының құрылымдық көшірмелері қазақ поэзиясын белгілі бір деңгейде құлдыратты. Сондай-ақ бұл қазақ поэзиясының түпнұсқасы жоқ көшірме өлеңге айналуына душар етті. Бұған Мұқағали поэзиясының құлдырауы емес, керісінше одан кейінгі дәстүрлі қазақ поэзиясының тұралап қалуы деп баға берер едім. Бәлкім, осы себептен Жұмекен Нәжімеден, Омарғазы Айтан секілді күңгірт өлең жазатын ерекше ақындарға қатысты көлденең көзқарастар пайда болды.

Қазақ поэзиясының дәстүрлі қара өлең формасында жазылуын, яғни өлеңнің барынша түсінікті болуын қалайтын ақындар мен оқырмандар көп. Бұл ойдың ұғынықты, сезімнің түсінікті болуын мақұлдайтын, абстракцияға тереңдей алмайтын тоғышар оқырман қалыптастырады. Әрі ойдың шарықтап, қиялдай алу мүмкіндігінің жетілуіне тұсау салады. Поэзия – тек сезімдерді тасылмалдаушы немесе өндіруші құрал емес, ол, Хайдеггердің тілімен айтқанда, болмыстың ақиқатын ашуға қауқарлы жалғыз бекзат өнер. Поэзия түсінікті болуы үшін Мұқағалиді көшіру немесе оның шығармашылығын жоққа шығарудың қажеті жоқ. Дұрысы, поэзия модернистер мен дәстүршілдердің өнбес дауына айналмауы тиіс. Поэзия не өнер әлемге жаңа әлем тарту ете алғанда ғана мәңгілікке айналады. Ал Мұқағали – бұл мақсатқа жете алаған бірден-бір ақын.

Тілек ЫРЫСБЕК, ақын.

 

 «СЕНІҢ ӨЗІҢ ЦЕЗАРЬ БОЛЫП КӨРДІҢ БЕ?..»

 Мұқағалидың Кеңес өкіметіне іштей қыжылы, қарсылығы бар екенін оның өлеңдерінен байқай аламыз. Ақын мұны айқайлап айтпаса да, шығармаларындағы астарлы ойымен жеткізе білген. Оған дәлел «Автограф» өлеңі.

«Мен Спартак бола алмадым, не шара,

Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?», – дейді ұлтының болашағына алаңдаған ақын. Құлдарды бастап ұлт-азаттық көтеріліске шыққан Спартакты да, Римнің алғашқы императоры болған Цезарьді де тарихтан жақсы білеміз. Осы өлеңінен «мен Спартак сынды елімді ұлт-азаттық күресіне алып шыға алмадым, сен өзің Цезарь сынды басы азат мемлекеттің алғашқы басшысы болуға ұмтылып көрдің бе, соны ойладың ба?» деген ақын ойын аңғарамыз. Өлең соңын Мұқағали:

«Сырым да – осы,

Жырым да – осы,

Алдыңда?

Байқашы бір,

Бықсыдым ба, жандым ба?

– Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» – деп аяқтайды. Яғни өзін отаршылдыққа қарсы күрескен батырдың жалғасымын дегенді меңзейді.

Тау мүсін Мұқағали өлеңдері келешек ұрпақ азық етер мәңгілік мұра! Оның тау бейнесі жылдар жылжыған сайын асқақтана, зорая түспек!

Тұрсынбек БАШАР, ақын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір