Мұқағали Мақатаевтың күнделігі
05.10.2021
4931
1

Ақын  күйінген, сүйінген сәттерінде қандай күйде болды? Оны сезіну үшін поэзия  мұзбалағының қолының табы қалған, жанының  нұры сіңген  күнделікке үңілеміз.  Ақиық ақын ғұмырының елеулі кезеңдері көрініс тапқан күнделік беттері әріден сыр толғайды. Әр датадағы шайыр жазбаларының үзіндісін  қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

(күнделік беттерінен)

Таң. сағ. 6.00

3-4 ноябрь 52-жыл.

…«Қойшының баласына біткен мінездері бар». Қателесесіз, дүниедегі адамның қоры қойшы деп ойлаймысыз?!

Мен мұны ұмытпаймын. Өңімде, өмірде айтпағаныңмен, түсімде айтып үлгердің. Рахмет.

Мүмкін, жуық арада өңімде де естірмін. Әрине, бұлай деуің заңды да.

Баяғы менің тозған үйім. Оның еденінің дымқылдығы сонша: тіпті қарт айтқандай, капуста егуге де болады.

…Анам, Анам! Жеті қат жер астында жатсаң да біліп отырсың-ау! Кешір, ана, өмірде керген жақсылық пен жамандығым ойымнан ұмыт болғанымен, дән теріп тамақтандырған сен ойымнан қалай ұмыт боларсың?

Апатайым, неткен айбынды, зор едің! Алқабынан алтынын ақтарып алып жатқан асқар тау де сенімен теңдесе алмайды! Сен әрқашан биіксің, зорсың! Олай болуға хақың да бар.

…Нақам – ақ көңілім, асылым – Анам. Адамға деген жақындық адалдық сенің осы бір ұсқынсыз тұлғаң мен бейнеңнің қай жерінде екен, ә!

…Тәтем! Тәте-ай, мүмкін, өмір соққысын көбірек көргеннен болар, жасқаншақтық, жағымпаздық неге сенен кетпейді? Неге тура айтпайсың?

…Тоқаным – бауырым. Біздің шыққан арнамыз лайланып тасталған, шамаң келсе, осыдан құтылуға тырыс!

Сол бір үйде оқшау тұрған көшеден,

Жылай-сықтай күнелткемін кеше мен…

 

* * *

Айлар өтті…

Болды, міне, жыл жарым.

Жас сәбидей қуантасың, алдайсың,

Білмейсің бе бір жасырын сыр барын?

***

1972-жыл. Есеп.

5-февральдан 28-ноябрьге дейін №1, №2, №3, №4-дәптерлер жазылды.

«Аққулар ұйықтағанда», «Қырандар, хош болыңдар» 31-сентябрьден 9-октябрьге дейін жазылған екен.

№1-дәптер –5/ІІ-15/ІІ-72-Ж.

№2-дәптер –16/ІІ-4/ІІІ-72-Ж.

№3-дәптер –14/ІХ-7/ХІ-72-Ж.

№4-дәптер –9/ХІ-28/ХІ-72-Ж.

Так держать!

М. Мақатаев.

 

Айналасы бір жетіде «Акқулар ұйықтағанда», «Қыраңдар, хош болыңдар» жазылды.

Газеттердің тапсырмасын былай қойғанда…

1972-жыл 9-ноябрьден 28-ноябрьге дейін цикл өлеңдер жазылды.

1972-жылдың  жазы сауықпен өтті.

 

* * *

27-март 1972-жыл.

 

Шын талантты ақын берерін бергеннен кейін, сыйымен өле білгені де жақсы. Алайда таңдамалыларының толық жинағына өзі редактор болғанның да зияны жоқ..

***

30-март.

«ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ БІР ЖЫЛЫ» (баяндама, ойлар).

«Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиісті»…

Дүниеге жаңа келгендеймін. Ой-санам, жүріс-тұрыс, мінезімде сұмдық өзгеріс бар. Сәл кештеу оянған жоқ па?.. Әлде дер шағы ма екен?!

***

2-апрель 1972-жыл.

«В жизни не знаю, в поэзии не врать!!!» (Өмірде білмеймін, өлеңде өтірік айтпау керек).

Бүгін (дәл қазір, 2-апрель, түнгі он екілерде) тырналар ұшып өтті. Столға отырғаным сол еді, тырнаның даусын естідім. Біздің жаққа қарай ұшып кетті. «Ақ тырналар аспанға сына қағып…» ұшып кетті…

Пушкин мен Абайға айналып соға берем, соға берем. Апырмай, Пушкин-ай, соншаның бәрін қашан жазып үлгерді екен.

***

22-февраль 1973-жыл.

…Адамдардың арасында болған алауыздық мені де шарпымай өткен жоқ. «Жұлдыздың» делосын өткізіп беріп, поэзиямды өзім алып қалдым… Әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай?! Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау соған. Тек соған ғана жасырмай шынымды айтсам деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?.. Айналам тарылып, құрсауланып барады. Жағдай қиын, өте қиын…

Келесі жылы жаңа жинағым жарық көре ме, жоқ па?

– Ей, қалам ұстаған, қаламдас бауыр-қарындастарым, халықты ұмытпаңдар! Халықсыз күндерің қараң! Оны сүйемін деп байбалам салмаңдар. Оған тек ғашық бола біліңдер!

 

***

2-март 1973-жыл.

Белгісіз бір дүлей күш қол-аяғымды матап, тіптен ойыма да құрсау салып тастаған сияқты. Не ойлап, не жазарымды білмеймін. Белгісіз біреудің көңілін тауьш, ойынан шықпақ болам. Ол не, кім? Білмеймін…

Күн көріс қиындап барады. Балаларымның тағдырынан қорқам.

***

 

6-март 1973-жыл.

…Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам өмірінің, адам жанының зерттелмеген, қалам тартылмаған несі қалды? Соны табу, соны зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін кұдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!

***

17-март.

Өткен аптада Мүсіреповте (үйінде) болдым. Бұл адаммен жақын келіп сұхбаттасқаным осы. Үйінде өзі жалғыз екен. Жылы қарсы алды. Екі сағаттай әңгімелестік. Мен Ғабеңді бойындағы дарынның барын беріп болған адам деп айта алмаймын. Ал бойында жасырынып жатқан жанар тауы бар екеніне күмәнім жоқ. Уақыт-ай!.. Әдебиет, жалпы искусство жөнінде болар-болмас шолу жасап, пікірлестік. Қарт әріден ойлайды. Қазіргі қазақ поэзиясы қатты толғандырып жүрген көрінеді. Бірдеме десем бе дейді.

«Аққулар ұйықтағандаға» тебіреніп пікір айтты, сүйсініп қалды, мен ыңғайсыздандым, онымды түйе қойды да, қоя қойды. Өлеңдер оқыдым. Кетерде маған қалам сыйлады (алтын қалам).

Қарт қартайған екен. Бүкіл үйде жалғыз өзі отырғаны қатты әсер етті маған… кабинеті жұпыны, жазу столы тіпті жұпыны, басы артық дүниелер, әлеміш-жәлеміштер жоқ. Ұзынды-қысқалы, бір түстес, үшкір ұшталған қара қарындаштар. Тілдей параққа арапша жазып тастапты, жаңадан жазылған, сірә. Қорапқа салған екі мылтығы тұр. Кіреберісте саятшының сауыт-саймандары… Ретін тауып, өзімен ұзағырақ сөйлесер ме еді, біраз бірге болып, достасар ма еді. Тәңірім-ай, бұлар деген аяғын үзеңгіге салып тұрған адамдар ғой…

(Абай, Жамбыл өмірбаяны…)

 

Енді өзім туралы. Жыр түсінер қауым өлеңдерің жақсы дейді, әр тұстан қолпаштаған хаттар да алып жүрмін, бірақ сенуім қиын. Жаман жыр жазу қиынға түсіп барады. Жақсы жыр басылмаса, жарық көрмесе, қайтем?! Білмеймін… Тәңірім әзірге шешемді тірі қоя тұрса екен. Өстіп, тұралап жүрген кезімде қисая қалса, ел-жұртқа масқара болам ба деп қорқам…

***

20-март.

Құрбы-құрдас, замандастар мен туралы көп-көп қәуесет таратады. Біріне бірі айтады, «өзімсініп» өзіме де айтып қалады. Көбісін бояп, бірінен бірі жаңартып айтады, ал мен олардың кай қырымнан қасығысы келіп тұрғанын түсінбейді ғой дейсің бе?.. Түсінем. Бекер обалдары не керек, бәрінің сыйлайтынын да білем. Білем де қоям, қарсы болмаймын, айта берсін, арамдық ойласа, өздерінің басынан артылмасын. Тек менің жұртқа зиянсыз екендігімді түсіне ме, жоқ па?!

Мен үшін дүниенің ең қорлығы – адамның айыбын бетіне басу, оның нашарлығын дәлелдеу. Бұл – бір. Екінші – болмайды, жарамайды, жоқ деп айта алмайтыным. Қорлықты осыдан тартып жүрмін. Көңілшектік – менің осал жерім. Сірә, сүріне беретінім де осыдан болар.

Уақыт өз рөлімді маған да бөліп берген, соны дұрыстап ойнап шығу жолында мен де тырбанып бағам, әрине. Демек, мінездегі жасандылық (артистік) маған да бөтен емес-ау…

 

***

19-декабрь 1973-жыл.

Әзілдегенсіп, жаны ашып, жақын тартқынсып, ақыл айтқынсып, арына тікенектей кадалатын әріптестерден түңіле де, құтыла да алмай-ақ қайдым. Байқағаным – менің ардың-күрдің, қызынып, қылғытып жүретінімді қалайды екен бұлар. Сау жүрсем, сақтана бастайды. Әсіресе – X… Ой, зұлым-ай! Неғылған іші тар ит еді?! Андып-ақ жүргені, сәл адаса қалсаң, аяйтын түрі жоқ Оңашада сырласқан болады да, екі адамның басы қосылса, көзімді бақырайтып қойып, әзілдегенсіп, білдірмей жамандай бастайды. Бассыз-ай, мен соны түсінбейді деп ойлайды-ау, шамасы. Әй, екі аяқты есек-ай, мен сенің қазаныңа қол сұқпаймын ғой, несіне сонша зұлымданасың?!

 

***

24-декабрь 1973-жыл.

Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да кұлдық Поэзия болмаса қайтер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек, мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе?!

Соңғы сөзді айтып өлу керек қой… Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере көр, түсінік бере гөр!..

* * *

Какой я человек, откровенно говоря, незнаю. Слабо-характерный, это правда. Но, душа моя, слишком добрая, сердце мое очень мягкое, как оно само. Может быть, от того и разделяю, неверно, мнение Толстого: «Несопро-тивление злу, насилию». Верно ли?!

(Ашығын айтқанда, өзімнің қандай адам екенімді де білмеймін. Көңілшек екенім рас. Алайда жаным менің тым мейірбан, жүрегім менің өте жұмсақ. Сірә, сондықтан шығар Толстойдың «жауыздыққа, зорлыққа қарсыласпауын» менің де қолдайтыным? Солай ма?!)

 

* * *

6 октября 1974 г.

Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам?! Осы күнгі әдебиет – нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Санчо-сыншысымақты сүйрелей келеді. Ол «сыншысымақ» белгілі бір уақытқа дейін өз шәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ бұдан ары бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақайшыл серіктестерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай  сайын әдебиетімізде  жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты-жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымыз тағы бір арамшөпті өсіргенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп тамырымен жұльш тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қаналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар! Бірігіңдер! Барлық шатпақайшыларға қарсы майдан ашыңдар! Олардың жебеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.02.2024 | 13:43

Ебайт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір