Олжас Сүлейменов. Мұқағали – жырдың шын жүйрігі
05.10.2021
2632
0

Мұқағали туралы көп айтуға болады. Ақынның даңқы замандардан озып,  жырлары жүзжылдықтармен бірге жасайтынын уақыт дәлелдеп келеді. Оның поэзиясы төрткүл дүниедегі өлең атаулының ең үздік үлгілерімен терезесі тең тұрған, кей-кейде олардың өзінен оқ бойы озып шығатын жырдың шын жүйрігі ғой!
Мұқағалидың Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылуы жайлы әңгімелердің алуан түрлі құбылған нұсқаларына қатысты айтарым:

– Жазушылар одағының мүшелігінен шыққан адам Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға жіберілер ме еді?!
– Одақтың мүшесі болмаған қаламгердің кітаптары жарыққа шығып, қаламақысын алып тұрар ма еді?!
–  Өзі мүше емес ұйымнан қаржылай көмек алатын қаламгерді  көргеніңіз бар ма?!
 Бұл – ақылға сыйымды сансыз көп сұрақтың бір шеті ғана. Осы жайттар жайында Зәмза Қоңырова қарындасым жап-жақсы тарқатып жазған еді. Ақынның тәртібі бойынша Қазақстан Жазушылар одағының бірнеше жиындары болып, кәсіодақ, партия тарапынан шара қолдану қарастырылғаны, сөгіс жарияланғаны да жасырын емес. Алайда Мұқағалидай ірі ақынды Жазушылар одағының қатарынан шығару жайлы әңгіменің еш негізі жоқ.
Біз ең жақын достар болмағанымызбен, ақын ретінде, азамат ретінде бір-бірімізге барынша құрметпен қарадық. Арамызды алшақтатар тұстар болған емес. Екеуіміз екі тілде жазғанымызбен, жырлағанымыз қазақтың жыры, жасағанымыз қазақтың әдебиеті ғой. Ауызымен орақ орғандардың алыпқашпа жел сөзінде шындыққа жанасар, көңіл аударуға тұрарлық түк болмаған соң, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға қадам басқанда ақталып жатуды өзім үшін ар көремін. Бір ауыз сөзбен сүйіндіруге де, күйіндіруге болады. Алдында айтқанымдай, қасиет те, қасірет те – сөзден…
Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойына орайластырып, «ТҮРІКСОЙ»  халықаралық ұйымы мен М.Мақатаев атындағы қоғамдық қордың бірлескен жобасы аясында түбі бір туысымыз Түрік дәулетінен қазақтың ұлы ақынының он томдығының жарық көріп жатқандығы керемет жаңалық болды. Әдебиетті қадірлейтін, поэзияны сүйетін көпшілік үшін де бұл аса сүйінішті сәт деп білемін. Құтты болсын! Қуаныштарда шек болмасын, Қазақ елі!

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір