АЛАШ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДЕ ОҚИДЫ
23.09.2021
598
0

Қызылжардан жағымды жаңалық жетті. Облыс орталығындағы бірнеше мектепке алаш арыстарының аты берілді. Өңірдегі оқушылар енді Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Алаштың жас жолбарысы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы мектептерде оқиды. Сондай-ақ, Қызылжардағы  Ұлттық спорт мектебі Әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімімен аталды.

Елдің ішкі саясатының маңызды бір бөлігі – теріскейді қазақыландыру десек, атқарылған іс сол үдеден шығып қана қоймай, тарихи сананы қалыптастырып, патриоттық сезімді ұлғайтуға зор үлес қоспақ. Осынау маңызды оқиға аталған мектептерде оқитын басқа диаспора өкілдерін де жалқы жүрек, жалғыз тілекке ұйыстырып, болашаққа ынтымағымыз жараса бірге қадам басуға үндемек.

Әрине, мұндай жаңалықтарға тек қуанамыз. Алайда алақанымызды соғып, «алақайлағаннан» гөрі, әр өңірдегі мектептер мен көшелердің «маңдайшаларына» зер сала түссек игі болар еді. Бұған дейін күн тәртібінен түспеуге тиіс болған қиыр-қиырдағы елді-мекендердің байырғы есімдерін қайтару кезең-кезеңімен жүзеге астынына сенім білдіреміз. «Кезең-кезеңіменнің» арты сиырқұмшақтанып кетпеуін тілейміз. Әйтпесе, «халық елде емес, тілде өмір сүретінін» (Эмил Чоран) сіз де, біз де түйсігімізбен сезіп те, ой-көзімен көріп те жүр емеспіз бе!..

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір